4. Активтер мен міндеттемелерді бір мезгілде беру туралы шартты (тапсыру актісі қоса беріле отырып) сатып алушы банк берілетін активтер бойынша міндеттемелердің орындалуын қамтамасыз ететін құқықтар өткен, бір мезгілде кепіл ұстаушы болып табылатын жаңа кредитор туралы мәліметтерді құқықтық кадастрға, сондай-ақ жылжымалы мүлік кепілінің тізіліміне, бағалы қағаздарды ұстаушылар тізілімдерінің жүйесіне енгізу мақсатында уәкілетті тіркеуші органға (ұйымға) береді.
Осы бапта айқындалған негіздер бойынша және тәртіппен құқықтарды (талаптарды) басқаға беру бір мезгілде кепіл ұстаушы болып табылатын жаңа кредиторға үшінші тұлғалардың немесе мемлекеттік органдардың тарапынан тіркелген ауыртпалықтар, тыйым салулар, мүлікке иелік етуге қатысты өзге де шектеулер бар мүлікке құқықтардың өтуі үшін де негіз болып табылады.
5. Сатып алушы банк активтер мен міндеттемелерді бір мезгілде беру туралы шарт жасалған күннен бастап осы Заңның 30-бабында көзделген банк операциялары мен өзге де операциялар және қызмет түрлері бойынша кредитор (қарыз беруші) деп танылады және онда құқықтары (талаптары) берілген банктің барлық құқықтары мен міндеттері болады.
6. Акциялар немесе заңды тұлғалардың, филиалдар мен өкілдіктердің жарғылық капиталына қатысу үлестері түрінде еншілес банктің активтерін бас банкке беру, осы баптың 1-тармағында көрсетілген келісімнен басқа, осы Заңда және Қазақстан Республикасының өзге де заңдарында көзделген, уәкілетті органнның қосымша рұқсаттарын, келісімдерін немесе хабарламаларын бас банктің алуын талап етпейді.
7. Осы баптың 1-тармағында көрсетілген операция жүзеге асырылғаннан кейін банк операциялары мен өзге де операцияларды және бағалы қағаздар нарығындағы қызметті жүргізуге берілген лицензия еншілес банктің уәкілетті органға лицензияның қолданылуын тоқтату туралы ерікті түрдегі өтінішіне байланысты өз қолданысын тоқтатады.
2017.27.02. № 49-VI ҚР Заңымен 8-тармақ өзгертілді (бұр. ред. қара)
8. Банк операциялары мен өзге де операцияларды және бағалы қағаздар нарығындағы қызметті жүргізуге берілген лицензияның қолданысы тоқтатылғаннан кейін бұрын еншілес банк болып табылған заңды тұлға:
өз атауында «банк» деген сөзді сақтап қалуға құқылы;
осы бапта көрсетілген операцияны жүргізу кезінде құқықтары (талаптары) мен міндеттемелері берілген, бас банк клиенттерінің дербес деректерін жинауды және өңдеуді дербес деректер субъектілерінің немесе олардың заңды өкілдерінің келісуінсіз жүзеге асыруға құқылы;
өзіне берілген құқықтар (талаптар) бойынша кредитор (қарыз беруші) деп танылады және банктік қарыз шарттарында белгіленген, өзінде қалған құқықтар (талаптар) бойынша кредитордың (банктің, қарыз берушінің) құқықтары мен міндеттерін сақтап қалады;
жекелеген банк операцияларын жүзеге асыратын ұйым болып табылмайды және осы баптың 9-тармағында көзделген тәртіппен банк операцияларын жүзеге асыруға құқылы.
9. Лицензияның қолданысы тоқтатылғаннан кейінгі өтпелі кезеңде бұрын еншілес банк болып табылған заңды тұлға уәкілетті органның лицензиясынсыз банк операцияларының мынадай түрлерін жүзеге асыруға құқылы:
1) бас банктің төлемдер мен ақша аударымдарын жүзеге асыруына, оның ішінде депозиторлардың бас банкке берілген банк шоттары бойынша еншілес банктің корреспонденттік шотын пайдалана отырып жүзеге асыруына байланысты аударым операциялары;
2) бас банктің корреспонденттік шотын ашу және жүргізу;
2017.27.02. № 49-VI ҚР Заңымен 3) тармақша өзгертілді (бұр. ред. қара)
3) депозиттерді қабылдау, ұлттық басқарушы холдингтің, екінші деңгейдегі банктердің кредиттік портфельдерінің сапасын жақсартуға маманданған ұйымның банк шоттарын ашу және жүргізу;
4) осы баптың 8-тармағына сәйкес банктік қарыз шарттарында белгіленген, өзіне берілген және өзінде қалған құқықтар (талаптар) бойынша қарыз операциялары.
2017.27.02. № 49-VI ҚР Заңымен 10-тармақпен толықтырылды
10. Осы баптың 1, 3, 4, 5 және 6-тармақтарының ережелері осы бапта көзделген операцияны бұрын жүзеге асырған еншілес банктен активтерді және міндеттемелерді бір мезгілде бас банкке беру жөніндегі операцияларға қолданылады.
2015.24.11. № 422-V ҚР Заңымен 61-5-баппен толықтырылды (2016 ж. 1 қаңтардан бастап қолданысқа енгiзiлдi)
61-5-бап. Банктік көрсетілетін қызметтерді ұсынудың үздіксіздігін қамтамасыз ету
1. Банк немесе банк операцияларының жекелеген түрлерін жүзеге асыратын ұйым ақпараттық жүйенің қызметін қалпына келтіру үшін банктің немесе банк операцияларының жекелеген түрлерін жүзеге асыратын ұйымның ақпараттық жүйесінің резервтік орталығының, резервтік байланыс арналарының жұмысын қамтамасыз етеді.
2. Банк немесе банк операцияларының жекелеген түрлерін жүзеге асыратын ұйым ақпараттық жүйенің жұмысын қамтамасыз ететін техникалық, бағдарламалық және басқа да құралдарға енгізілетін және банктік көрсетілетін қызметтердің клиентке қолжетімділігіне әсер ететін, қолданысқа енгізілуі жоспарланып отырған өзгерістер (жаңартулар) туралы банктің немесе банк операцияларының жекелеген түрлерін жүзеге асыратын ұйымның ішкі қағидаларында немесе шартта белгіленген тәртіппен және мерзімде клиенттерді хабардар етеді.
3. Банк немесе банк операцияларының жекелеген түрлерін жүзеге асыратын ұйым клиенттерге көрсетілетін қызметтерді ұсынудың кепілді үздіксіз деңгейін қамтамасыз етеді, ол банктің немесе банк операцияларының жекелеген түрлерін жүзеге асыратын ұйымның ішкі қағидаларында белгіленеді және банктің немесе банк операцияларының жекелеген түрлерін жүзеге асыратын ұйымның интернет-ресурсында міндетті түрде орналастырылуға жатады.
4. Банктердің және банк операцияларының жекелеген түрлерін жүзеге асыратын ұйымдардың ақпараттық жүйелері жұмысының қауіпсіздігі мен үздіксіздігіне қойылатын талаптарды уәкілетті орган белгілейді.
2017.28.12. 128-VI ҚР Заңымен 5-тармақпен толықтырылды
5. Банк немесе банк операцияларының жекелеген түрлерін жүзеге асыратын ұйым ақпараттық қауіпсіздік қатерлеріне қарсы іс-қимыл жасау, алдын алу шараларын іске асыру және ақпараттық қауіпсіздік қатерлерінің профилактикасы мақсаттарында ақпараттық қауіпсіздікті басқару жүйесінің болуын қамтамасыз етеді, онда мыналар:
1) ақпараттық қауіпсіздікті қамтамасыз ету жөніндегі қызметті және қатерлерді анықтау мен талдау, шабуылдарға қарсы іс-қимыл жасау және ақпараттық қауіпсіздіктің оқыс оқиғаларын тергеп-тексеру жөніндегі іс-шараларды мониторингілеу;
2) ақпараттық жүйелердегі бұзушылықтар, іркілістер туралы мәліметтерді қоса алғанда, ақпараттық қауіпсіздіктің оқыс оқиғалары туралы ақпаратты жинау, шоғырландыру және сақтау;
3) ақпараттық жүйелердегі бұзушылықтар, іркілістер туралы мәліметтерді қоса алғанда, ақпараттық қауіпсіздіктің оқыс оқиғалары туралы ақпаратты талдау;
4) уәкілетті органның нормативтік құқықтық актісінде белгіленген, ақпараттық қауіпсіздікті қамтамасыз етуге қойылатын өзге де талаптар көзделеді.
2017.28.12. 128-VI ҚР Заңымен 6-тармақпен толықтырылды
6. Банктер ақпараттық қауіпсіздікті басқару жүйелерінің бар-жоғы туралы, сондай-ақ ақпараттық қауіпсіздікті қамтамасыз етуге қойылатын талаптардың сақталуы туралы мәліметтерді ақпараттық қауіпсіздік саласындағы уәкілетті органмен келісу бойынша уәкілетті органның нормативтік құқықтық актісінде айқындалған тәртіппен және мерзімдерде Ақпараттық қауіпсіздікті ұлттық үйлестіру орталығына ұсынады.
2017.28.12. 128-VI ҚР Заңымен 7-тармақпен толықтырылды
7. Банктер және банк операцияларының жекелеген түрлерін жүзеге асыратын ұйымдар ақпараттық қауіпсіздікті қамтамасыз етеді және ақпараттық жүйелердегі бұзушылықтар, іркілістер туралы мәліметтерді қоса алғанда, ақпараттық қауіпсіздіктің оқыс оқиғалары туралы ақпаратты уәкілетті органға береді.
Банктердің және банк операцияларының жекелеген түрлерін жүзеге асыратын ұйымдардың ақпараттық қауіпсіздігін қамтамасыз етуге қойылатын талаптар, ақпараттық жүйелердегі бұзушылықтар, іркілістер туралы мәліметтерді қоса алғанда, ақпараттық қауіпсіздіктің оқыс оқиғалары туралы ақпаратты беру тәртібі мен мерзімдері уәкілетті органның нормативтік құқықтық актісінде айқындалады.
2017.28.12. 128-VI ҚР Заңымен 8-тармақпен толықтырылды
8. Қазақстан Республикасының қаржылық және (немесе) төлем жүйесінің тұрақтылығына қатер төнген кезде, ақпараттық жүйелердегі бұзушылықтар, іркілістер туралы мәліметтерді қоса алғанда, ақпараттық қауіпсіздіктің оқыс оқиғасының елеулі екендігі туралы шешім қабылдаған жағдайда уәкілетті орган Ақпараттық қауіпсіздікті ұлттық үйлестіру орталығына ақпарат, оның ішінде банктік құпияны құрайтын ақпаратты жіберуге құқылы.
2018.02.07. № 168-VІ ҚР Заңымен 7-2-тараумен толықтырылды (2019 ж. 1 қаңтардан бастап қолданысқа енгізілді)
7-2-тарау. Қаржылық тұрақтылықты қамтамасыз ету және төлемге қабілетсіз банктерді реттеу жөніндегі шаралар
61-6-бап. Банкті өз депозиторларының және кредиторларының мүдделеріне қатер төндіретін және (немесе) қаржы жүйесінің тұрақтылығына қатер төндіретін қаржылық жағдайы орнықсыз банктер санатына жатқызу
2021.02.01. № 399-VI ҚР Заңымен 1-тармақ өзгертiлдi (2020 ж. 16 желтоқсаннан бастап қолданысқа енгізілді) (бұр.ред.қара)
1. Уәкілетті орган мынадай белгілердің кез келгені болған кезде банкті өз депозиторларының және кредиторларының мүдделеріне қатер төндіретін және (немесе) қаржы жүйесінің тұрақтылығына қатер төндіретін қаржылық жағдайы орнықсыз банктер санатына (бұдан әрі - қаржылық жағдайы орнықсыз банк) жатқызады:
1) меншікті капиталдың жеткіліктілігі коэффициенттері мәндерінің және оның мөлшерінің уәкілетті орган белгілеген ең төмен мәндерден төмен деңгейге дейін төмендеуі;
2) банкте ақшаның болмауына немесе жеткіліксіздігіне байланысты банктің кредиторлардың ақшалай міндеттемелерін және міндеттемелер бойынша ақшалай сипаттағы өзге де талаптарын орындамауы;
3) банктің қаржылық және өзге де есептілігінде анық көрсетілуі банктің меншікті капиталының жеткіліктілігі коэффициенттерін бұзуына және (немесе) кредиторлардың ақшалай міндеттемелерін және ақшалай сипаттағы өзге де талаптарын орындамауына алып келетін фактілерді (мәмілелерді) уәкілетті органның анықтауы;
4) уәкілетті органның бақылау және қадағалау жөніндегі функцияларды жүзеге асыру шеңберінде банк қызметінде банктің тұрақты жұмыс істеуіне және (немесе) оның депозиторларының және (немесе) кредиторларының мүдделеріне және (немесе) қаржы жүйесінің тұрақтылығына қатер төндіретін жағдайдың жасалуына алып келуі мүмкін кемшіліктерді және (немесе) тәуекелдерді анықтауы.
Қазақстан Республикасы бейрезидент-банктерінің филиалдарына осы тармақтың бірінші бөлігінің 1) және 3) тармақшаларын қолдану мақсаттары үшін меншікті капиталдың жеткіліктілік коэффициенті деп резерв ретінде қабылданатын активтердің жеткіліктілік коэффициенті түсініледі, Қазақстан Республикасы бейрезидент-банкі филиалының қаржылық есептілігі деп Қазақстан Республикасы бейрезидент-банкі филиалының бухгалтерлік есепке алу деректері бойынша есептілік түсініледі.
2019.03.07. № 262-VІ ҚР Заңымен 2-тармақ өзгертiлдi (2020 ж. 1 қаңтардан бастап қолданысқа енгізілді) (бұр. ред. қара)
2. Уәкілетті органның банкті қаржылық жағдайы орнықсыз банктер санатына жатқызу туралы шешімі қабылданған күнінен бастап бес жұмыс күні ішінде банктің, Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкінің және депозиттерге міндетті кепілдік беруді жүзеге асыратын ұйымның назарына жеткізіледі және аталған тұлғалардың таратуына жатпайды.
2022.12.07. № 138-VІІ ҚР Заңымен 3-тармақ өзгертiлдi (2022 ж. 12 қыркүйектен бастап қолданысқа енгізілді) (бұр. ред. қара)
3. Уәкілетті орган банкті қаржылық жағдайы орнықсыз банктер санатына жатқызған жағдайда, осы Заңның 45-1-бабында көзделген қадағалап ден қою шараларына қосымша банкке бару арқылы, оның ішінде бағалаушыларды, аудиторлық және басқа ұйымдарды тарта отырып, оның қаржылық және мүліктік жағдайына бағалау (талдау) жүргізуге құқылы.
Уәкілетті органның банкті қаржылық жағдайы орнықсыз банктер санатына жатқызу туралы шешімінде көрсетілген күннен бастап:
1) банк пайданы бөлу, дивидендтерді төлеу, ірі қатысушылар және (немесе) банк холдингтері алдында кез келген қаржылық міндеттемелерді орындау, сондай-ақ жалақы төлеу мен Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген жағдайларды қоспағанда, банктің басшы қызметкерлеріне сыйақылар төлеу туралы шешімдер қабылдауға, сондай-ақ бұрын қабылданған шешімдерді орындауға құқылы емес;
2) осы Заңға сәйкес алынған ірі қатысушы және (немесе) банк холдингі мәртебесі жоқ акционерлер банк акционерлерінің жалпы жиналысында дауыс беруге қатысуға құқылы емес. Қаржылық жағдайы орнықсыз банктер санатына жатқызылған банк акционерлерінің жалпы жиналысын өткізу үшін акционерлердің жалпы жиналысына банктің ірі қатысушысы немесе банк холдингі мәртебесі бар барлық акционерлер (акционерлердің өкілдері) қатысқан жағдайда кворум сақталған болып табылады.
2021.02.01. № 399-VI ҚР Заңымен 4-тармақ өзгертiлдi (2020 ж. 16 желтоқсаннан бастап қолданысқа енгізілді) (бұр.ред.қара)
4. Қаржылық жағдайы орнықсыз банктер санатына жатқызылған банк және оның ірі қатысушылары, банк холдингі оның қызметін Қазақстан Республикасы заңнамасына және уәкілетті органның талаптарына сәйкес келтіру арқылы банктің қаржылық жағдайын жақсарту, тәуекелдерді барынша азайту бойынша шаралар қабылдауға міндетті. Филиалы қаржылық жағдайы орнықсыз Қазақстан Республикасы бейрезидент-банктері филиалдарының санатына жатқызылған Қазақстан Республикасының бейрезидент-банкі Қазақстан Республикасы бейрезидент-банкі филиалының қаржылық жағдайын жақсарту жөнінде, оның ішінде осы Заңның 42-бабы 6-тармағының екінші бөлігінде көзделген, резерв ретінде қабылданатын активтердің мөлшерін ұлғайту, оның қызметін Қазақстан Республикасының заңнамасына және уәкілетті органның талаптарына сәйкес келтіру арқылы тәуекелдерді барынша азайту жөнінде шаралар қабылдауға міндетті.
Осы тармақтың бірінші бөлігінде көрсетілген, Қазақстан Республикасының бейрезидент-банкі қабылдайтын шаралар жеткіліксіз болған кезде Қазақстан Республикасының бейрезидент-банкі бұрын уәкілетті органға осы Заңның 13-1-бабы 2-тармағының 12) тармақшасына сәйкес ұсынылған жазбаша міндеттемеге сәйкес Қазақстан Республикасы бейрезидент-банкі филиалының орындалмаған және (немесе) тиісінше орындалмаған міндеттемелерін уәкілетті орган белгілеген мерзімдерде орындайды.
Осы тармақтың бірінші бөлігінде көрсетілген шаралар және оларды әрбір тармақ бойынша іске асыру мерзімдері, сондай-ақ жауапты лауазымды адамдар банк әзірлеген және уәкілетті органға мақұлдау үшін ұсынған қаржылық жағдайды жақсарту жөніндегі іс-шаралар жоспарында айқындалады. Қаржылық жағдайды жақсарту жөніндегі іс-шаралар жоспары банктің ірі қатысушысымен, банк холдингімен, Қазақстан Республикасының бейрезидент-банкімен келісілуге тиіс.
Осы тармақтың бірінші бөлігінде көрсетілген шараларды іске асыру және банктің қаржылық жағдайы орнықсыз банктер санатында болу мерзімдері он екі айдан аспауға тиіс және банкті қаржылық жағдайы орнықсыз банктердің санатына жатқызғаннан кейін оның қаржылық жағдайының жақсару фактілері болған жағдайда, уәкілетті орган оны бір рет он екі айдан аспайтын мерзімге ұзартуы мүмкін.
Уәкілетті орган қаржылық жағдайды жақсарту жөніндегі іс-шаралар жоспарын мақұлдаған кезде, осы тармақтың бірінші бөлігінде аталған тұлғалар уәкілетті органды жоспарда белгіленген мерзімдерде оны орындау нәтижелері туралы хабардар ете отырып, оны іске асыруға кіріседі.
Қаржылық жағдайды жақсарту жөніндегі іс-шаралар жоспары белгіленген мерзімде ұсынылмаған, уәкілетті орган оны мақұлдамаған немесе ол орындалмаған кезде, уәкілетті орган қаржылық жағдайы орнықсыз банкке, оның ірі қатысушыларына, банк холдингіне осы Заңның 45-1-бабында көзделген бір немесе бірнеше қадағалап ден қою шарасын қолданады.
Қаржылық жағдайды жақсарту жөніндегі іс-шаралар жоспарын ұсыну және уәкілетті органның оны мақұлдау тәртібі мен мерзімдері, сондай-ақ оның мазмұнына қойылатын талаптар уәкілетті органның нормативтік құқықтық актісінде белгіленеді.
5. Осы баптың 1-тармағында көрсетілген белгілер жойылған жағдайда, уәкілетті орган осы баптың 4-тармағында белгіленген мерзім ішінде банкті қаржылық жағдайы орнықсыз банктердің санатынан алып тастайды.
61-7-бап. Банкті төлемге қабілетсіз банктер санатына жатқызу
1. Банк осы Заңның 61-6-бабының 4-тармағында көрсетілген мерзім өткен соң банктің қаржылық жағдайының орнықсыздығы белгілерін жоймаған жағдайда, уәкілетті орган банкті төлемге қабілетсіз банктер санатына жатқызуға міндетті.
2. Уәкілетті орган мынадай негіздер бойынша банкті осы Заңның 61-6-бабының 4-тармағында белгіленген мерзімнен бұрын төлемге қабілетсіз банктер санатына жатқызу туралы шешім қабылдауға құқылы:
1) банк өзін қаржылық жағдайы орнықсыз банктер санатына жатқызғаннан кейін банктің қаржылық жағдайының одан әрі нашарлауына алып келетін операциялар (мәмілелер) жасауы, оның ішінде:
банктің өз нәтижесінде банк активтері сапасының едәуір нашарлауы орын алатын мәмілелер жасасуы, оның ішінде активтерді, кепіл нысаналарын банк үшін нашар жаққа қарай сату, алмастыру және егер алмастырудың салдарлары банктің залалдарына алып келсе (алып келетін болса);
банктің тізбесі уәкілетті органның нормативтік құқықтық актісінде белгіленген, өздерінің нәтижесінде банк залал шегетін нарықтық емес шарттарда мәмілелер жасасуы, сондай-ақ осы Заңның 40-бабының талаптарын және (немесе) уәкілетті орган қадағалап ден қою шараларын қолдану арқылы белгілеген шектеулерді бұза отырып, банкпен ерекше қатынастар арқылы байланысты тұлғалармен мәмілелер жасасуы;
банктің басқа депозиторлар және (немесе) өзге кредиторлар алдындағы ақшалай міндеттемелерді толық немесе ішінара орындауын мүмкін етпеуге алып келетін міндеттемелерді банктің қабылдауы;
мүлікті өтеусіз не салыстырымды экономикалық жағдайлар кезінде ұқсас мүлік бағасына қарағанда банк үшін нашар жаққа қарай едәуір айырмашылығы болатын бағамен не негіздері болмаса да, кредиторлардың мүдделеріне нұқсан келтіре отырып беру (оның ішінде уақытша пайдалануға беру);
2) банктің меншікті капиталының жеткіліктілігі коэффициенттерін уәкілетті органның нормативтік құқықтық актісінде белгіленген нормативтік мәндердің үштен бірінен төмен деңгейге дейін төмендету түрінде оларды бұзу;
3) ақшаның болмауына немесе жеткіліксіздігіне байланысты банктің он жұмыс күні ішінде депозиторлар мен кредиторлар алдындағы ақшалай міндеттемелерді және ақшалай сипаттағы өзге де талаптарды орындамауы;
4) төлем және аударым операциялары бойынша шарттық міндеттемелерді жүйелі түрде (қатарынын күнтізбелік он екі ай ішінде үш және одан көп рет) тиісінше орындамау;
5) банктің осы Заңның 46-бабында көзделген қаржылық жағдайды жақсарту және (немесе) тәуекелдерді барынша азайту жөніндегі шараларды орындамауы.
3. Егер осы Заңның 61-8-бабында көзделген реттеу жөнінде қабылданған шаралардың нәтижелері бойынша банк өзін осы баптың 2-тармағында көрсетілген, төлемге қабілетсіз банктер санатына жатқызу негіздерін жойса және меншікті капиталдың жеткіліктілігі коэффициенттерін сақтаса, уәкілетті орган банкті төлемге қабілетсіз банктердің санатынан алып тастайды.
2021.02.01. № 399-VI ҚР Заңымен 4-тармақпен толықтырылды (2020 ж. 16 желтоқсаннан бастап қолданысқа енгізілді)
4. Қазақстан Республикасы бейрезидент-банктерінің филиалдарына осы баптың 2-тармағының 2) тармақшасын және 3-тармағын қолдану мақсаттары үшін меншікті капиталдың жеткіліктілік коэффициенті деп резерв ретінде қабылданатын активтердің жеткіліктілік коэффициенті түсініледі.
61-8-бап. Төлемге қабілетсіз банкті реттеу жөніндегі шаралар
1. Төлемге қабілетсіз банкті реттеу деп осы бапта көзделген және банктің қаржылық жағдайын сауықтыруға және (немесе) қызметін тоқтатуға бағытталған шараларды қабылдау түсініледі.
Уәкілетті орган төлемге қабілетсіз банкті реттеу бойынша осы бапта көзделген бір немесе бірнеше шараны қолданады.
2. Осы баптың 4-тармағында көзделген, төлемге қабілетсіз банкті реттеу жөніндегі шаралар:
1) банк операцияларын жүзеге асырудың үздіксіздігін қамтамасыз ету;
2) қаржы жүйесінің жүйелік тәуекелдерінің туындауын және таралуын болғызбау;
3) мемлекеттік бюджеттің төлемге қабілетсіз банкті реттеуге арналған шығыстарын барынша азайту;
4) депозиторлар мен кредиторлардың құқықтарын және мүдделерін қорғауды қамтамасыз ету мақсатында қолданылады.
3. Төлемге қабілетсіз банкті реттеу жөніндегі шараларды қолдану мынадай қағидаттарға негізделеді:
1) талаптарды қанағаттандырудың осы Заңның 74-2-бабында көзделген кезектілігіне сәйкес төлемге қабілетсіз банктің депозиторлары мен кредиторларының құқықтарын және мүдделерін сақтау;
2) талаптарды қанағаттандырудың осы Заңның 74-2-бабында көзделген бір кезегінде тұрған депозиторлар мен кредиторлардың құқықтарын және мүдделерін тең сақтау;
3) төлемге қабілетсіз банкті мәжбүрлеп тарату кезіндегі жағдайлармен салыстырғанда оған төлемге қабілетсіз банкті реттеу жөніндегі шараларды қолдануға байланысты төлемге қабілетсіз банктің депозиторлары мен кредиторлары жағдайының нашарлауына жол бермеу;
4) осы баптың 4-тармағында көзделген, төлемге қабілетсіз банкті реттеу жөніндегі шығыны ең аз шараны таңдау.
2021.02.01. № 399-VI ҚР Заңымен 4-тармақ өзгертiлдi (2020 ж. 16 желтоқсаннан бастап қолданысқа енгізілді) (бұр.ред.қара)
4. Уәкілетті орган банкті төлемге қабілетсіз банктер санатына жатқызған жағдайда, төлемге қабілетсіз банкке мынадай шаралардың біреуін немесе бірнешеуін қолданады:
1) төлемге қабілетсіз банктің міндеттемелерін мәжбүрлеп қайта құрылымдау;
2) төлемге қабілетсіз банк активтерінің барлығын немесе бір бөлігін басқа банкке (басқа банктерге) беру;
3) тұрақтандыру банкін құру және төлемге қабілетсіз банк активтері мен міндеттемелерінің барлығын немесе бір бөлігін осы тұрақтандыру банкіне беру;
4) төлемге қабілетсіз банкті кейіннен мәжбүрлеп тарата отырып, барлық банк операциялары мен өзге де операцияларды жүргізуге берілген лицензиядан айыру.
Қазақстан Республикасы бейрезидент-банкінің филиалы төлемге қабілетсіз Қазақстан Республикасы бейрезидент-банктері филиалдарының санатына жатқызылған жағдайда уәкілетті орган кейіннен төлемге қабілетсіз Қазақстан Республикасы бейрезидент-банкі филиалының қызметін мәжбүрлеп тоқтата отырып, оны барлық банк операцияларын және өзге операцияларды жүргізуге арналған лицензиядан айырады.
5. Төлемге қабілетсіз банкті реттеу кезінде мемлекеттің қатысуы:
1) мәжбүрлеп таратылуы қаржы жүйесі үшін жүйелік тәуекелдер әкелетін банк төлемге қабілетсіз банк болып табылған;
2) төлемге қабілетсіз банкке мемлекеттік қолдау ұсыну осы баптың 4-тармағының 1), 2) және 3) тармақшаларында көзделген, төлемге қабілетсіз банкті реттеу жөніндегі шараларды тиімді қолдануға мүмкіндік берген жағдайда жүзеге асырылады.
6. Төлемге қабілетсіз банкті реттеу кезінде мемлекеттің қатысуы:
1) төлемге қабілетсіз банктің меншікті капиталы;
2) төлемге қабілетсіз банктің міндеттемелерін мәжбүрлеп қайта құрылымдау арқылы төлемге қабілетсіз банктің төлемге қабілетсіз банкпен ерекше қатынастар арқылы байланысты тұлғалар болып табылатын кредиторлар алдындағы міндеттемелері есебінен залалдар жабылғаннан кейін жүзеге асырылады.
2019.03.07. № 262-VІ ҚР Заңымен 6-1-тармақпен толықтырылды (2020 ж. 1 қаңтардан бастап қолданысқа енгізілді)
6-1. Мәжбүрлеп таратылуы қаржы жүйесінің жүйелік тәуекелдеріне әкелетін төлемге қабілетсіз банкті реттеу бойынша шаралар қабылдау туралы, сондай-ақ осындай банкті реттеу кезінде мемлекеттің қатысуы туралы мәселелерді уәкілетті орган Қазақстан Республикасының Президенті құратын Қазақстан Республикасының қаржылық тұрақтылығы жөніндегі кеңестің қарауына алдын ала шығарады.
7. Төлемге қабілетсіз банкті реттеу жөніндегі шараларды қолданудың алдында банкке бару арқылы, оның ішінде бағалаушыларды, аудиторлық және басқа да ұйымдарды тарта отырып, оның қаржылық және мүліктік жағдайы бағалануға (талдануға) тиіс.
8. Уәкілетті орган төлемге қабілетсіз банк акционерлерінің, депозиторлары мен кредиторларының, борышкерлерінің және өзге де мүдделі тұлғалардың келісімін алмастан, төлемге қабілетсіз банкті реттеу жөніндегі шараларды қабылдайды.
Төлемге қабілетсіз банктің депозиторлары мен кредиторларын, борышкерлерін, сондай-ақ өзге де мүдделі тұлғаларды хабардар ету мақсатында төлемге қабілетсіз банкті реттеу жөніндегі шараларды қолдану туралы хабарландыру қазақ және орыс тілдерінде Қазақстан Республикасының бүкіл аумағында таратылатын мерзімді баспа басылымдарында жарияланады, сондай-ақ оны уәкілетті орган және төлемге қабілетсіз банк өздерінің интернет-ресурстарында жариялайды.