5) халықаралық пошта жөнелтiлімдерiн қабылдау, өңдеу және табыс ету тәртiбi;
6) пошта жөнелтiлімдерiн алу, өңдеу және тексеру тәртiбi, сондай-ақ пошта жөнелтiлімдерiн сақтау мерзiмдерi;
7) пошта жөнелтiлімдерiн қосымша жiберу және қайтару;
8) операциялық күндi өткiзу;
9) пошта жөнелтiлімдерiн кiдiрту, қарап-тексеру және алу тәртiбi, сондай-ақ пошта желiлерi бойынша жiберуге тыйым салынған және шектеу қойылған заттар мен нәрселердің тiзбесi;
10) пошта операторының көрсетілетін қызметтерін пайдаланушылардың өтiнiштерi мен шағымдарын қарау тәртiбi;
11) пошта байланысының көрсетілетін қызметтерін ұсынуға байланысты, осы Заңда көзделген өзге де ережелер қамтылуға тиiс.
25-бап. Пошта байланысының көрсетілетін қызметтерін ұсыну кезiндегi шектеулер және салынатын тыйымдар
1. Пошта жөнелтiлімдерiнде анықталған, жiберуге шектеу қойылған және тыйым салынған нәрселер мен заттар анықталған жерде осы Заңмен және Қазақстан Республикасының Қылмыстық-процестік кодексінде белгiленген тәртiппен кідіртіледі және алып қойылады.
2. Пошта жөнелтiлімдерiн қарап-тексеруге және оларды алуға Қазақстан Республикасының заңдарында белгiленген жағдайларда жол берiледi.
26-бап. Пошта операторларының қызметінде тілдерді қолдану
1. Қазақстан Республикасының аумағында пошта операторларының қызметтік іс жүргізуі қазақ және (немесе) орыс тілдерінде жүзеге асырылады. Тағайындалған оператор Дүниежүзілік пошта одағына мүше елдердің тағайындалған операторларымен және Дүниежүзілік пошта одағымен хат алмасуды Дүниежүзілік пошта одағының актілерінде айқындалған тілде жүргізеді.
2. Қазақстан Республикасының шегінде жіберілетін пошта жөнелтілімдерін жөнелтуші мен алушының мекенжайы жөнелтушінің қалауы бойынша қазақ немесе орыс тілдерінде, ал Қазақстан Республикасынан тыс жерлерде межеленген елдің тілінде немесе Дүниежүзілік пошта одағының актілерінде белгіленген тілде ресімделуге тиіс.
3. Пошта операторларының қызметіне қатысты ақпараттық, анықтамалық және басқа да мәліметтер, сондай-ақ құжаттардың үлгілері қазақ және орыс тілдерінде пошта операторының көрсетілетін қызметтерін пайдаланушыларға қолжетімді орындарда орналастырылады.
27-бап. Пошта байланысы саласында жергілікті уақытты қолдану
1. Пошта саласында қызметті жүзеге асыру кезінде пошта операторларының пошта жөнелтілімдерін жіберудің технологиялық процестерінде олардың Қазақстан Республикасының аумағында орналасу жеріне қарай жергілікті уақыт қолданылады.
2. Пошта операторының көрсетілетін қызметтерін пайдаланушыларды көрсетілетін қызметтерді ұсыну уақыты туралы хабардар ету жергілікті уақыт бойынша жүргізіледі.
4-тарау. ПОШТА ЖЕЛІСІ ЖӘНЕ ПОШТА БАЙЛАНЫСЫНЫҢ ҚҰРАЛДАРЫ
28-бап. Қазақстан Республикасындағы пошта желілері
1. Қазақстан Республикасының аумағында Ұлттық пошта операторы құратын ұлттық пошта желісі және пошта операторлары қалыптастыратын пошта желілері әрекет етеді.
2. Ұлттық пошта желісі Қазақстан Республикасының стратегиялық объектісі болып табылады.
3. Пошта операторлары, осы Заңда тікелей белгіленген жағдайларды қоспағанда, пошта желілерін өзі дербес қалыптастырады.
29-бап. Пошта операторларының пошта желілерін жоспарлау және дамыту
1. Пошта операторлары пошта желілерін дамытуды өзі дербес жоспарлайды және жүзеге асырады.
Пошта операторының көрсетілетін қызметтерін пайдаланушыларға пошта байланысының әмбебап көрсетілетін қызметтерін ұсынуды қамтамасыз ететін пошта желілерін дамыту уәкілетті орган бекітетін пошта байланысының әмбебап көрсетілетін қызметтерінің сапа көрсеткіштеріне сәйкес жүзеге асырылады.
2. Тұрғын үйлерді салу кезінде құрылысқа тапсырыс беруші абоненттік пошта жәшіктерін жобалау және орнату бойынша міндеттемені меншікті қаражаты есебінен көтереді.
30-бап. Пошта байланысының бөлімшелері
1. Пошта байланысының бөлімшелері пошта операторының көрсетілетін қызметтерін пайдаланушыларға пошта саласындағы қызметтер көрсетілетін өндірістік объектілер болып табылады.
Пошта байланысының бөлімшелерін ашу және күтіп-ұстау қажеттілігін пошта байланысының әмбебап көрсетілетін қызметтерінің сапа көрсеткіштері негізінде пошта операторы белгілейді.
2. Ұлттық пошта операторы пошта байланысы бөлімшелерінің:
1) орналастырылуы уәкілетті орган бекіткен пошта байланысының әмбебап көрсетілетін қызметтерінің сапа көрсеткіштеріне сәйкес жүзеге асыралатын, пошта операторының көрсетілетін қызметтерін пайдаланушыларға қызметтер көрсетуге арналған стационарлық пошта байланысы бөлімшесі;
2) пошта саласында қызметтер көрсету үшін көлік құралдарының базасында, оның ішінде жеке және заңды тұлғалармен жасалған шарттар бойынша құрылатын жылжымалы пошта байланысы бөлімшесі түрлерінің жұмыс істеуін қамтамасыз етеді.
3. Пошта операторының көрсетілетін қызметтерін пайдаланушыларға жылжымалы пошта байланысының бөлімшелері арқылы қызмет көрсету елді мекеннің орталық бөлігінде жүзеге асырылады. Жылжымалы пошта байланысы бөлімшелерінің көмегімен көрсетілетін қызметтермен пошта операторының көрсетілетін қызметтерін пайдаланушыларды қамтамасыз ету нормативтерін пошта операторы белгілейді.
4. Пошта операторлары өзінің қызметінде пошта байланысы бөлімшелерінің қажетті түрлерін өзі дербес айқындайды және пайдаланады.
31-бап. Пошта маршруттары
1. Пошта операторларының пошта бағыттары пошта желісінің құрамдас бөлігі болып табылады және көлік құралдарын және (немесе) пошташыларды, курьерлерді пайдалана отырып пошта жөнелтілімдерін тасымалдау және жеткізу схемасын білдіреді.
2. Пошта маршруттарын пошта операторы облыс аралығындағы қалааралық, ауданаралық (облыс ішіндегі қалааралық), ауданішілік, қала маңы бойынша, қалалық (ауылдық) қазіргі бар маршруттарды, сондай-ақ елді мекендерді аудан немесе облыс орталықтарымен, республикалық маңызы бар қалалармен, астанамен байланыстыратын маршруттарды негізге алып, жоспарлайды.
3. Пошта маршрутын және көлік қозғалысының кестесін жасауды пошта операторлары пошта байланысының әмбебап көрсетілетін қызметтерінің қолданыстағы сапа көрсеткіштеріне, пошта жөнелтілімдерін өңдеудің, тасымалдаудың және жеткізудің ішкі нормативтері мен мерзімдеріне сәйкес жүргізеді.
4. Пошта бағыттары туралы мәліметтер құпия ақпарат болып табылады. Мұндай ақпарат үшінші тұлғаларға Қазақстан Республикасының Кәсіпкерлік кодексі талаптары сақтала отырып ашылады.
32-бап. Пошта жәшіктері
1. Пошта жәшіктерін пошта операторлары уәкілетті орган бекітетін пошта байланысының әмбебап көрсетілетін қызметтерінің сапа көрсеткіштерін сақтай отырып, пошта операторының көрсетілетін қызметтерін пайдаланушылар үшін қолжетімді орындарда орналастырады.
2. Пошта операторының қалауы бойынша және тұрғынжайлардың меншік иелерімен келісу бойынша пошта жәшіктері жылжымайтын мүлік объектісінің өзінде, сондай-ақ олардың аумағында жеке тұрған жәшіктер ретінде орналастырылады.
3. Пошта жәшіктерінен пошта жөнелтілімдерін алуды пошта операторлары пошта байланысының әмбебап көрсетілетін қызметтерінің сапа көрсеткіштерін сақтай отырып қамтамасыз етеді.
4. Пошта операторының пошта жәшіктерін басқа пошта операторының пошта жәшіктерінен ерекшелеу мақсатында оларда логотип болуға тиіс.
33-бап. Абоненттік пошта жәшіктері
1. Абоненттік пошта жәшіктері пошта операторының көрсетілетін қызметтерін пайдаланушылар және пошта операторларының пошташылары үшін қолжетімді жерлерде тұрғын және тұрғын емес ғимараттарда, жеке тұрғын үйлерде орнатылады және солардың меншік иелеріне тиесілі болады, олар уәкілетті орган белгілеген талаптарға сәйкес абоненттік пошта жәшіктерінің орналастырылуын және олардың тиісті жай-күйде күтіп-ұсталуын қамтамасыз етеді.
2. Тұрғын және тұрғын емес ғимараттардың, жеке тұрғын үйлердің меншік иелері пошташылардың, курьерлердің абоненттік пошта жәшіктеріне кедергісіз қол жеткізуін қамтамасыз етуге міндетті. Абоненттік пошта жәшіктері болмаған немесе ол ақаулы болған жағдайда, пошта операторы пошта жөнелтілімін өндірістік объектіден беруді жүзеге асырады.
3. Тұрғын және тұрғын емес ғимараттардың, жеке тұрғын үйлердің меншік иелерінің шешімі бойынша абоненттік пошта жәшіктерінің орнатылуын, күтіп-ұсталуын және сақталуын қамтамасыз ету жөніндегі міндеттемелер шарт бойынша кондоминиум объектісін басқару органына берілуі мүмкін.
4. Пошта операторлары гибридтік жөнелтілімдерді жеткізу кезінде электрондық абоненттік пошта жәшіктерін пайдалануға құқылы. Электрондық абоненттік пошта жәшіктерін құруды және пайдалануды пошта операторлары өзі дербес жүзеге асырады.
Электрондық абоненттік пошта жәшіктері пошта операторымен жасалған абоненттік шарт негізінде пошта операторының көрсетілетін қызметтерін пайдаланушыларға беріледі.
5. Ұлттық пошта операторы кез келген пошта операторының көрсетілетін қызметтерін пайдаланушы өзі өтініш жасаған кезде өтеусіз негізде жеке электрондық абоненттік пошта жәшігін ашады және оның тиісінше жұмыс істеуін, сондай-ақ пошта операторының көрсетілетін қызметтерін пайдаланушының жеке хат алмасу құпиясының сақталуын қамтамасыз етеді.
6. Электрондық абоненттік пошта жәшіктерінің бірыңғай жүйесі пошта жөнелтілімдерінің электрондық нысанда жіберілуін, оның ішінде Қазақстан Республикасының барлық аумағында электрондық құжат айналымы шеңберінде қамтамасыз ететін Ұлттық пошта операторының жалпыға қолжетімді ақпараттық жүйесі болып табылады.
Қазақстан Республикасының бүкіл аумағында электрондық абоненттік пошта жәшіктерінің бірыңғай жүйесін құруды, оның жұмыс істеуін және дамуын Ұлттық пошта операторы электрондық абоненттік пошта жәшіктерінің бірыңғай жүйесінің жұмыс істеуі және электрондық абоненттік пошта жәшіктерінің бірыңғай жүйесінде пошта операторының көрсетілетін қызметтерін пайдаланушыларды авторландыру қағидаларына сәйкес қамтамасыз етеді.
34-бап. Пошта операторларының атаулы құрылғылары
1. Пошта операторлары өндірістік объектілерді пошта жөнелтілімдерін жіберу процесінде қолданылатын атаулы құрылғылармен қамтамасыз етеді.
2. Пошта операторларының атаулы құрылғылары осы пошта операторының атауын көрсету арқылы Ұлттық пошта операторының өндірістік объектілері үшін белгіленген атаулы құрылғылардан ерекшеленуге тиіс.
3. Пошта операторларының атаулы құрылғыларды пайдалану тәртібі уәкілетті орган бекітетін пошта операторларының атаулы құрылғыларды қолдану қағидаларында айқындалады.
35-бап. Көлік құралдарын пайдалану
1. Пошта операторларына пошта операторы жұмыскерлерінің ілесіп жүруімен теміржол, теңіз, ішкі су, әуе және автомобиль көлігінің барлық маршруттары мен желілері бойынша пошта жөнелтілімдерін шарттық жағдайларда тасымалдау, сондай-ақ Қазақстан Республикасының азаматтық заңнамасына сәйкес тасымалдау үшін пошта жөнелтілімдерін беру құқығы беріледі.
2. Пошта байланысының әмбебап көрсетілетін қызметтерін және басқа да көрсетілетін қызметтерді ұсынатын пошта операторының автомобиль көлiгiнiң және басқа да механикалық көлік құралдарының автомобиль жолдары, автомобиль, темiржол, су станциялары мен вокзалдарының, әуежайлардың аумақтарында орналасқан жүк және багаж кешендерiне, пошта жәшіктеріне, сондай-ақ теміржол станциялары мен вокзалдарының перрондары мен платформаларында пошта вагондарымен пошта жөнелтiлімдерiнің барлық түрлерін алмасу үшiн жүріп өтуi бiрiншi кезекте және төлемсіз жүзеге асырылады.
Уақтылы пошта алмасу үшін теміржол станцияларына (темір жолдарға) теміржол составтарын беру кезінде пошта операторының автомобиль көлігі мен басқа да механикалық көлік құралдарының пошта вагонына еркін жүріп өтуі қамтамасыз етілуге тиіс.
3. Ұлттық пошта операторына тиесілі көлік құралдарының арнайы нышаны болады және оның келісімінсіз пошта саласындағы қызметке жатпайтын көрсетілетін қызметтерді ұсыну және жұмыстарды орындау үшін пайдаланылмайды.
5-тарау. ПОШТА ОПЕРАТОРЛАРЫНЫҢ КӨРСЕТІЛЕТІН ҚЫЗМЕТТЕРІН ПАЙДАЛАНУШЫЛАР
36-бап. Пошта операторларының көрсетілетін қызметтерінің сапасы
1. Пошта операторлары пошта операторының көрсетілетін қызметтерін пайдаланушыларға осы Заңда және пошта байланысының көрсетілетін қызметтерін ұсыну қағидаларында белгіленген сапа мен нормаларға, сондай-ақ көрсетілетін қызметтерді ұсынуға жасалған шарт талаптарына сәйкес келетін көрсетілетін қызметтерді ұсынуға міндетті.
2. Пошта операторлары пошта байланысының көрсетілетін қызметтерін Қазақстан Республикасының Кәсіпкерлік кодексіне және осы Заңға сәйкес барлық пошта операторының көрсетілетін қызметтерін пайдаланушыларға тең жағдайларда көрсетеді.
37-бап. Пошта операторларының көрсетілетін қызметтерін пайдаланушыларға қызмет көрсету ерекшеліктері
1. Пошта операторларының көрсетілетін қызметтерін пайдаланушылар Қазақстан Республикасы заңнамасының пошта жөнелтілімдерінде, пошталық ақша аударымында мекенжайды ресімдеу қағидаларын белгілейтін, сондай-ақ олардың ішіндегісіне қойылатын талаптарын сақтай отырып, пошта жөнелтілімдерін тапсыруды және алуды жүзеге асырады.
2. Пошта операторынан пошта төлемінің белгілерін сатып алған жағдайда, пошта операторларының көрсетілетін қызметтерін пайдаланушы пошта жөнелтілімін пошта төлемінің көрсетілген белгілері сатып алынған операторға өзіне тиесілі пошта жәшігі немесе операциялық терезе арқылы пошта жөнелтілімін тапсыруға міндетті.
Пошта жәшігінен басқа пошта операторының пошта төлемінің белгілері түсірілген пошта жөнелтілімі алынған кезде, пошта жөнелтілімін алуды жүзеге асырған пошта операторы пошта жөнелтіліміндегі мекенжай бойынша пошта операторларының көрсетілетін қызметтерін пайдаланушыға пошта жөнелтілімін кері қайтаратын болады.
38-бап. Пошта операторының көрсетілетін қызметтерін пайдаланушылардың құқықтарын қорғау
1. Пошта операторлары пошта операторының көрсетілетін қызметтерін пайдаланушыларға тиісті сападағы көрсетілетін қызметтерді ұсынуына, қызметтер көрсету туралы ақпаратты алуына арналған олардың құқықтарын қорғау, сондай-ақ осындай құқықтарды іске асыру тетігі «Тұтынушылардың құқықтарын қорғау туралы» Қазақстан Республикасының Заңымен реттеледі.
2. Пошта операторы пошта байланысының қызметтерін көрсеткен кезде уәкілетті орган бекітетін пошта операторының қызметтерді көрсетуіне қажетті және жеткілікті пошта операторының көрсетілетін қызметтерін пайдаланушылардың дербес деректерінің бірыңғай тізбесіне сәйкес пошта операторының көрсетілетін қызметтерін пайдаланушының дербес деректерін жинауды, жинақтауды, пайдалануды және сақтауды жүзеге асырады.
Пошта операторы пошта байланысының әмбебап қызметтерін көрсеткен кезде дербес деректерді жинауды, жинақтауды, пайдалануды және сақтауды пошта операторының көрсетілетін қызметтерін пайдаланушының немесе оның заңды өкілінің келісімінсіз жүргізеді.
3. Пошта операторының көрсетілетін қызметтерін пайдаланушы тіркелетін пошта жөнелтілімдерін пошта операторының пошта жөнелтілімдерін қабылдау пунктінде өзі немесе оның өкілі жеке басты куәландыратын құжатты көрсету арқылы не пошта операторының пошташысы немесе курьері арқылы жөнелтуді жүргізеді. Жөнелтуші дербес деректерді жинауға, жинақтауға, пайдалануға және сақтауға келісім беруден бас тартқан жағдайда, пошта операторы пошта операторының көрсетілетін қызметтерін пайдаланушыдан пошта жөнелтілімін қабылдаудан бас тартуға міндетті.
4. Тіркелетін пошта жөнелтілімін қабылдау кезінде пошта операторы алушының дербес деректерін оның келісімінсіз жинауды, жинақтауды, пайдалануды және сақтауды жүзеге асырады. Пошта операторы пошта операторының көрсетілетін қызметтерін пайдаланушыға тіркелетін пошта жөнелтілімін табыс еткен кезде, алушы жеке басын куәландыратын құжатты көрсетеді және пошта операторына дербес деректерді жинауға, жинақтауға, пайдалануға және сақтауға келісімін береді. Алушы дербес деректерді жинауға, жинақтауға, пайдалануға және сақтауға келісім беруден бас тартқан жағдайда, пошта операторы алушыға пошта жөнелтілімін табыс етпейді және жөнелтушіге пошта жөнелтілімін кері жіберуге міндетті.
5. Пошта операторлары және дербес деректерге рұқсат алатын жедел-іздестіру қызметін жүзеге асыратын органдар субъектінің немесе оның заңды өкілінің келісімінсіз не өзге заңды негізсіз олардың таралуына жол бермеу талаптарын сақтау арқылы құпиялылықты қамтамасыз етеді.
6-тарау. ПОШТА БАЙЛАНЫСЫ САЛАСЫНДАҒЫ ҚАУІПСІЗДІКТІ ҚАМТАМАСЫЗ ЕТУ
39-бап. Қауіпсіздікті қамтамасыз ету жөніндегі шаралары
1. Пошта операторлары пошта байланысының қызметтерін көрсету кезінде өз құзыреті шегінде пошта операторының көрсетілетін қызметтерін пайдаланушылар мен жұмыскерлер денсаулығының және өмірінің қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін шаралар қолданады.
39-баптың 2-тармағы 2019 ж. 1 қаңтардан бастап қолданысқа енгізіледі
2. Пошта операторлары жеке тұлғалардың тіркелетін пошта жөнелтілімдерін жіберуге ашық күйінде қабылдайды. Пошта операторлары пошта жөнелтілімдеріндегі заттардың, нәрселердің және тауарлардың сәйкестендірілуін қамтамасыз етуге мүмкіндік беретін техникалық құралдарды қолданады.
Тіркелетін пошта жөнелтілімдерін қабылдау кезінде пошта операторы белгіленген тәртіппен жөнелтушіні сәйкестендіруге және оның деректерін тіркеуге міндетті. Поштаматтармен жабдықталған объектілерде пошта жөнелтілімдерін қабылдау және табыс ету жөнелтуші мен адресатты сәйкестендіруді қамтамасыз етуге, сондай-ақ рұқсатсыз кіруді болдырмауға мүмкіндік беретін техникалық құралдар қолданылып жүзеге асырылады.
39-баптың 3-тармағы 2019 ж. 1 қаңтардан бастап қолданысқа енгізіледі
3. Пошта операторлары пошта жөнелтілімдерін жіберу процесінде оларда тыйым салынған заттар мен нәрселерді анықтауға бағытталған шараларды қолданады. Пошта операторлары пошта жөнелтілімдерінде тыйым салынған заттар мен нәрселерді анықтау мақсатында пошта жөнелтілімдерінде тыйым салынған заттар мен нәрселерді ашпай анықтауға мүмкіндік беретін техникалық құралдарды, жабдықты және бейнетіркеу жүйелерін пайдаланады.
Пошта жөнелтілімдерін жіберу кезінде пошта байланысының көрсетілетін қызметтерін ұсыну қағидаларына сәйкес тыйым салынған заттар мен нәрселер анықталған жағдайда, пошта операторлары құқық қорғау органдарына және арнаулы мемлекеттік органдарға хабарлауға міндетті. Пошта жөнелтілімдерін ашу олар анықталған жерде уәкілетті органдар өкілдерінің және пошта операторы жұмыскерлерінің қатысуымен жүзеге асырылады.
4. Пошта жөнелтілімін жөнелтуші пошта жөнелтіліміндегі заттар мен нәрселер үшін белгіленген тыйым салуды бұзғаны үшін Қазақстан Республикасының заңдарына сәйкес жауаптылықта болады.
40-бап. Ұлттық пошта операторының пошта қауіпсіздігі жүйесі
1. Ұлттық пошта операторының пошта қауіпсіздігі жүйесі пошта, банк құпиясын, қызметтік және коммерциялық құпияны, пошта жөнелтілімдерін рұқсат етілмеген қолжетімділіктен қорғауды, пошта жөнелтілімдері мен ақшаның жоғалу және ұрлану жағдайларын болдырмау шараларын, пошта жөнелтілімдеріндегі заттар мен нәрселерді жіберу бойынша шектеулерді сақтауды, сондай-ақ пайдаланылатын ақпараттық жүйелердің қауіпсіздігін қамтамасыз етуге бағытталған.
2. Қауіпсіздік режимін шарт негізінде тартылатын жеке күзет ұйымы немесе «Күзет қызметі туралы» Қазақстан Республикасының Заңына сәйкес Ұлттық пошта операторы құрған күзет ұйымы сақтайды.
Жеке күзет ұйымдары немесе Ұлттық пошта операторы құрған күзет ұйымы пошта байланысы инфрақұрылымы объектілерінің, пошта көлігінің, қызметтер көрсету кезінде жұмыскерлер мен пошта операторының көрсетілетін қызметтерін пайдаланушылардың қауіпсіздігін және қорғалуын, пошта жөнелтілімдерін рұқсат етілмеген қолжетімділіктен қорғауды қамтамасыз етеді, сондай-ақ пошта жөнелтілімдері мен ақшаны бөтен адамдардың ұрлауын болдырмайды.
7-тарау. ПОШТА БАЙЛАНЫСЫ САЛАСЫНДАҒЫ ХАЛЫҚАРАЛЫҚ ҚЫЗМЕТ
41-бап. Халықаралық ынтымақтастық
Пошта байланысы саласындағы халықаралық ынтымақтастық халықаралық шарттар, Дүниежүзілік пошта одағының актілері және осы Заң негізінде жүзеге асырылады.
42-бап. Тағайындалған оператор
1. Уәкілетті орган операторды тағайындау және тағайындалған оператордың өкілеттіктерін кері қайтарып алу қағидаларына сәйкес пошта қызметтерін пайдалануды және Дүниежүзілік пошта одағының актілерінен туындайтын, өзіне қатысты міндеттемелердің Қазақстан Республикасының бүкіл аумағында орындалуын қамтамасыз ету мақсатында пошта операторын тағайындалған оператор етіп тағайындауды жүзеге асырады.
2. Тағайындалған оператор:
1) Қазақстан Республикасының аумағындағы бүкіл елді мекендерде пошта операторының көрсетілетін қызметтерін пайдаланушылардың барлығы үшін пошта байланысының көрсетілетін қызметтерін тұрақты негізде көрсетуді;
2) жазбаша хат-хабарды қабылдауды, өңдеуді, тасымалдауды және жеткізуді;
3) салмағы жиырма килограмға дейінгі жіберілімдерді қабылдауды, өңдеуді, тасымалдауды және жеткізуді;
4) жауап қайтарылатын халықаралық коммерциялық хат-хабарды қайтаруды;
5) төлемге халықаралық қайтарым купонын қабылдауды;
6) Дүниежүзілік пошта одағына мүше басқа да елдердің тағайындалған операторларының халықаралық пошта жөнелтілімдерінің Қазақстан Республикасының аумағы арқылы транзитін қамтамасыз етуге міндетті.
3. Тағайындалған оператор Дүниежүзілік пошта одағының актілеріне және осы Заңға сәйкес пошта байланысының көрсетілетін қызметтерін жүзеге асырады.
4. Тағайындалған оператор Дүниежүзілік пошта одағының актілерінен және осы баптың 1-тармағынан туындайтын міндеттемелерді орындамаған кезде, уәкілетті орган пошта операторынан тағайындалған оператордың өкілеттігін Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген тәртіппен кері қайтарып алады.
5. Тағайындалған оператор Қазақстан Республикасының аумағынан тыс жерде халықаралық пошта жөнелтілімдерін алмасу және өңдеу орындарын құруға құқылы және Дүниежүзілік пошта одағы актілерінде және халықаралық пошта жөнелтілімдерін алмасу және өңдеу орындары құрылатын шет мемлекеттің заңнамасында көзделген жағдайларда осындай қызметті жүзеге асырады.
43-бап. Халықаралық пошта алмасу және халықаралық пошта транзиті
1. Халықаралық пошта алмасу және халықаралық пошта транзиті Дүниежүзілік пошта одағы актілеріне, Еуразиялық экономикалық одақтың құқығын құрайтын халықаралық шарттарға және актілерге, Қазақстан Республикасының кеден заңнамасына және осы Заңға сәйкес жүзеге асырылады.
2. Тағайындалған оператор Дүниежүзілік пошта одағының актілеріне сәйкес Дүниежүзілік пошта одағы органдарында халықаралық пошта алмасу орындарын ресми тіркеуді жүзеге асыруға міндетті.
3. Қазақстан Республикасы тарапынан халықаралық пошта алмасуды және халықаралық пошта транзитін тағайындалған оператор Дүниежүзілік пошта одағының актілеріне, Еуразиялық экономикалық одақтың құқығын құрайтын халықаралық шарттарға және актілерге, Қазақстан Республикасының кеден заңнамасына және осы Заңға сәйкес жүзеге асырады.
4. Халықаралық пошта алмасу мен транзит тағайындалған оператор меншікті қаражаты есебінен құратын халықаралық пошта алмасу орындарында жүзеге асырылады.
5. Дүниежүзілік пошта одағының мүшелері болып табылатын шет мемлекеттердің басқа тағайындалған операторлары халықаралық пошта жөнелтілімдерімен алмасу және өңдеу орындарын Қазақстан Республикасының аумағында құруы уәкілетті органның рұқсатымен жүзеге асырылады.
8-тарау. ҚОРЫТЫНДЫ ЕРЕЖЕЛЕР
44-бап. Пошта байланысының көрсетілетін қызметтерiн ұсыну кезiнде мiндеттемелердi бұзғаны үшiн жауаптылық
1. Пошта операторы пошта жөнелтiлімiнің жөнелтушіден қабылдап алған кезден бастап алушыға берген кезге дейiн сақталуын қамтамасыз етуге мiндеттi.
2. Пошта операторы:
1) тiркелетiн пошта жөнелтiлімi жоғалған, зақымданған (бүлiнген) немесе тiркелетiн пошта жөнелтiлімiнің ішіндегі нәрселер, заттар немесе тауар жетiспеген;
2) пошта жөнелтiлімiн жiберудiң мерзiмдерi бұзылған жағдайларда жауапты болады.
3. Тiркелетiн пошта жөнелтiлімi жоғалғаны, зақымданғаны (бүлiнгені) немесе тiркелетiн пошта жөнелтiлімiнің ішіндегі нәрселер, заттар немесе тауар жетiспегені үшiн пошта операторы мынадай мөлшерде:
1) құндылығы жарияланған пошта жөнелтілімінің жоғалғаны немесе толық зақымданғаны (бүлінгені) үшін - жарияланған құндылығы сомасының және жiберу үшiн төленген тариф мөлшерiнде;
2) тiркелетiн пошта жөнелтiлімiнің ішіндегі нәрселер, заттар немесе тауар тізімдеме бойынша жіберілген кезде, тiркелетiн пошта жөнелтiлімiнің ішіндегі нәрселердің, заттардың немесе тауардың жетіспегені, жоғалғаны немесе құндылығы жарияланған тiркелетiн пошта жөнелтiлімiнің ішіндегі нәрселердің, заттардың немесе тауардың бір бөлігінің зақымданғаны (бүлiнгенi) үшiн - жөнелтуші тізімдемеде көрсеткен, жетіспеген, жоғалған немесе зақымданған (бүлінген) нәрселердің, заттардың немесе тауардың жарияланған құндылығы бір бөлігі мөлшерінде;
3) тiркелетiн пошта жөнелтiлімiнің ішіндегі нәрселердің, заттардың немесе тауардың жетiспегенi, тiркелетiн пошта жөнелтiлімiнің ішіндегі нәрселер, заттар немесе тауар тiзiмдемесіз жiберiлген кезде, құндылығы жарияланған тiркелетiн пошта жөнелтiлімiнің ішіндегі нәрселердің, заттардың немесе тауардың бiр бөлiгiнiң жоғалғаны немесе зақымданғаны (бүлiнгенi) үшiн - жетіспеген, жоғалған немесе зақымданған (бүлінген) нәрселердің, заттардың немесе тауардың бір бөлігінің массасы оның нақты құнына қарай жіберілетін тiркелетiн пошта жөнелтiлімiнің (пошта жөнелтілімі тысының массасынсыз) массасына қатынасы пропорционалды айқындалатын тіркелетін пошта жөнелтілімінің жарияланған құндылығы бір бөлігі мөлшерінде;