1) екі ауысымдық жұмыс режимі кезінде кәсіпорынның өндірістік қуаты жеңіл автомобильдерге қатысты - жылына кемінде жиырма бес мың, ершікті тартқыштарға, арнайы техникаға және жүк автомобильдеріне қатысты - жылына кемінде он мың, автобустарға қатысты - жылына кемінде бір мың екі жүз болатын СЭҚ ТН тиісті коды бойынша жеңіл автомобильдерге қатысты - кәсіпорында көлік құралдарының екі және одан көп маркасын өндіру кезінде көлік құралының әрбір өндірілетін маркасы бойынша кемінде бір модельді және көлік құралының бір ғана маркасын өндіру кезінде кемінде екі модельді, ершікті тартқыштарға, автобустарға, арнайы техникаға және жүк автомобильдеріне қатысты кемінде бір модельді шанақты (кабинаны) дәнекерлеу, бояу (жеңіл автомобильдер бойынша катафорезді қоса алғанда) және құрастыру жөніндегі технологиялық операцияларды кәсіпорында ұйымдастыру;
2) өнеркәсіптік құрастыруды жүзеге асыру кезінде пайдаланылатын лизингтік активтерді қоса алғанда, кәсіпорынның немесе лизингтік компанияның балансында жеңіл автомобильдерге қатысты - тиісті қаржы жылына арналған республикалық бюджет туралы заңда белгіленген айлық есептік көрсеткіштің он сегіз миллион еселенген мөлшерінен кем емес, ершікті тартқыштарға, автобустарға, арнайы техникаға және жүк автомобильдеріне қатысты тиісті қаржы жылына арналған республикалық бюджет туралы заңда белгіленген айлық есептік көрсеткіштің үш миллион бес жүз мың еселенген мөлшерінен кем емес сомаға өндірістік активтердің болуы.
3. Дәнекерлеу және бояу жөніндегі технологиялық операцияларды орындауды қоса алғанда, моторлы көлік құралдарын өнеркәсіптік құрастыру туралы келісімнің (көпжақты келісімнің) бұрын қабылданған шарттары мен міндеттемелерін орындау кезінде осы Заңның 9-бабының 23) тармақшасында көзделген осындай келісімдерді жасасу қағидалары мен шарттарында белгіленген тәртіппен Қазақстан Республикасы заңды тұлғаларының бірімен жасалған келісім шеңберінде, жеңіл автомобильдердің СЭҚ ТН кодтары бойынша көлік құралдарын өнеркәсіптік құрастыру туралы көпжақты келісімнен басқа, көлік құралдарын өнеркәсіптік құрастыру туралы көпжақты келісім жасасуға жол беріледі.
Жасалатын келісімдерге осы Заңның 9-бабының 23) тармақшасында көзделген осындай келісімдерді жасасу қағидалары мен шарттарына сәйкес жергіліктендіруді бағалаудың балдық жүйесінің талаптары қолданылады.
4. Қазақстан Республикасы заңды тұлғасының ершікті тартқыштардың, автобустардың, арнайы техниканың, жеңіл және жүк автомобильдерінің СЭҚ ТН кодтары бойынша көлік құралдарын өнеркәсіптік құрастыру туралы жасалған келісімді орындауы мұндай заңды тұлғаларға Қазақстан Республикасының мемлекеттік сатып алу туралы заңнамасына сәйкес тауарларды мемлекеттік сатып алу туралы ұзақмерзімді шарттар, сондай-ақ осы Заңда көзделген өнеркәсіпті дамытуға бағытталған шарттар жасасуға мүмкіндік береді.
64-бап. Ауыл шаруашылығы техникасын өнеркәсіптік құрастыру туралы келісім
1. Тракторлардың, астық жинау комбайндарының және сүрлем жинау комбайндарының СЭҚ ТН кодтары бойынша ауыл шаруашылығы техникасын өнеркәсіптік құрастыру туралы келісім Қазақстан Республикасының заңды тұлғаларымен осы Заңның 9-бабының 22) тармақшасында көзделген осындай келісімдерді жасасу қағидалары мен шарттарына сәйкес мынадай шарттар орындалған кезде жасалады:
1) дайындамалар пішуді, июді, дәнекерлеуді, құрастыруды және бояуды қоса алғанда, дайындау жөніндегі операцияларды жүзеге асыру;
2) өнеркәсіптік құрастыруды жүзеге асыру кезінде пайдаланылатын лизингтік активтерді қоса алғанда, кәсіпорынның немесе лизингтік компанияның балансында тиісті қаржы жылына арналған республикалық бюджет туралы заңда белгіленген айлық есептік көрсеткіштің бес жүз мың еселенген мөлшерінен кем емес сомаға өндірістік активтердің болуы.
2. Тракторлардың, астық жинау комбайндарының және сүрлем жинау комбайндарының СЭҚ ТН кодтарын қоспағанда, ауыл шаруашылығы техникасын өнеркәсіптік құрастыру туралы келісім Қазақстан Республикасының заңды тұлғаларымен осы Заңның 9-бабының 22) тармақшасында көзделген осындай келісімдерді жасасу қағидалары мен шарттарына сәйкес мынадай шарттар орындалған кезде жасалады:
1) ауыл шаруашылығы техникасының конструкциясында болған кезінде дайындамалар пішуді, июді, дәнекерлеуді, құрастыруды және бояуды қоса алғанда, дайындау жөніндегі операцияларды жүзеге асыру;
2) өнеркәсіптік құрастыруды жүзеге асыру кезінде пайдаланылатын лизингтік активтерді қоса алғанда, кәсіпорынның немесе лизингтік компанияның балансында тиісті қаржы жылына арналған республикалық бюджет туралы заңда белгіленген айлық есептік көрсеткіштің бір жүз мың еселенген мөлшерінен кем емес сомаға өндірістік активтердің болуы.
65-бап. Өнеркәсіптік құрастыру туралы келісімнің шеңберінде ынталандыру шараларын ұсыну
1. Көлік құралдарын, ауыл шаруашылығы техникасын, сондай-ақ олардың құрамдастарын өндірушілерге Қазақстан Республикасының заңды тұлғасында көлік құралдарын және (немесе) олардың құрамдастарын, ауыл шаруашылығы техникасын және (немесе) оның құрамдастарын өнеркәсіптік құрастыру туралы тиісті келісім болған жағдайда ғана Қазақстан Республикасы Кәсіпкерлік кодексінің 286-бабына сәйкес арнайы инвестициялық жоба бойынша инвестициялық преференциялар беруге, Қазақстан Республикасында экологиялық таза автомобиль көлік құралдарын (Еуразиялық экономикалық одақтың техникалық регламентінде белгіленген экологиялық сыныпқа сәйкес келетін; электр қозғалтқыштары бар) және олардың құрамдастарын, сондай-ақ Қазақстан Республикасының экологиялық заңнамасына сәйкес шығарылған әрбір бірлік бойынша көлік құралдарына және (немесе) олардың құрамдастарына, ауыл шаруашылығы техникасына және (немесе) оның құрамдастарына қатысты техникалық регламенттерде айқындалған экологиялық талаптарға сәйкес келетін өздігінен жүретін ауыл шаруашылығы техникасын өндіруді ынталандыруға, Еуразиялық экономикалық одақтың құқығын ескере отырып, Қазақстан Республикасының мемлекеттік сатып алу туралы заңнамасына сәйкес тауарларды мемлекеттік сатып алу туралы ұзақ мерзімді шарттар жасасуға, өндірісті дамытуды ынталандыруға бағытталған басқа да шараларды алуға жол беріледі.
2. Осы Заңның 63-бабына сәйкес көлік құралдарын өнеркәсіптік құрастыру туралы келісімдер жасалған Қазақстан Республикасының заңды тұлғаларына берілетін қолдау шараларының көлемі осы Заңның 9-бабының 23) тармақшасында көзделген көлік құралдарын өнеркәсіптік құрастыру туралы келісімдерді жасасу қағидалары мен шарттарына сәйкес жергіліктендіруді бағалаудың балдық жүйесі негізінде айқындалады.
66-бап. Көміртегі ізін төмендету жөніндегі шаралар
Көміртегі ізі төмен, оның ішінде сутегімен жұмыс істейтін тауарларды танымал ету арқылы көміртегі бейтараптығына қол жеткізу мақсатында өнеркәсіпті мемлекеттік ынталандыру және қоршаған ортаны қорғау саласындағы уәкілетті органдар көміртегі ізін төмендету жөнінде шаралар қолданады, олар мынадай бағыттарды қамтуы мүмкін: осындай тауарлардың өндірісін кеңейту, тауарларды, оның ішінде Қазақстан Республикасының мемлекеттік сатып алу туралы заңнамасына сәйкес сатып алуды ынталандыру, оларды пайдалану тартымдылығын арттыру және Қазақстан Республикасының заңнамасында көзделген өзге де шаралар.
5-тарау. ҚОРЫТЫНДЫ ЖӘНЕ ӨТПЕЛІ ЕРЕЖЕЛЕР
67-бап. Қазақстан Республикасының өнеркәсіптік саясат туралы заңнамасын бұзғаны үшін жауаптылық
Қазақстан Республикасының өнеркәсіптік саясат туралы заңнамасын бұзу Қазақстан Республикасының заңдарында белгіленген жауаптылыққа алып келеді.
68-бап. Өтпелі ережелер
2023 жылғы 29 маусымға дейін:
1) осы Заңның 29-бабы 7) тармақшасының қолданысы тоқтатыла тұрсын, тоқтатыла тұру кезеңінде осы тармақша мынадай редакцияда қолданылады деп белгіленсін:
«7) жер учаскелерін және жер қойнауын пайдалану құқықтарын беру;»;
2) осы Заңның 36-бабының қолданысы тоқтатыла тұрсын, тоқтатыла тұру кезеңінде осы бап мынадай редакцияда қолданылады деп белгіленсін:
«36-бап. Жер учаскелерін және жер қойнауын пайдалану құқықтарын беру
Жер учаскелерін және жер қойнауын пайдалану құқықтарын өнеркәсіптік-инновациялық қызмет субъектілеріне беру мыналар арқылы жүзеге асырылады:
1) Қазақстан Республикасының Жер кодексіне сәйкес уақытша жер пайдалану құқығымен жер учаскелерін бөлу;
2) өндірістік қызметпен (технологиялық циклмен) байланысты, пайдалы қатты қазбаларды барлау немесе өндіру жөніндегі операцияларды жүргізу үшін «Жер қойнауы және жер қойнауын пайдалану туралы» Қазақстан Республикасының Кодексінде айқындалған тәртіппен жер қойнауын пайдалану құқығын беру.».
69-бап. Осы Заңды қолданысқа енгізу тәртібі
Осы Заң:
1) алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік алпыс күн өткен соң қолданысқа енгізілетін 9-баптың 39) тармақшасын;
2) 2022 жылғы 1 шілдеден бастап қолданысқа енгізілетін 18-бапты қоспағанда, алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі.
Қазақстан Республикасының
Президенті
Қ. ТОҚАЕВ
Нұр-Сұлтан, Ақорда, 2021 жылғы 27 желтоқсан
№ 86-VIІ ҚРЗ