Егер бастапқы келісімшарт бойынша бірнеше жер қойнауы учаскелері (кен орындары) болса, олардың бір бөлігі осы Кодекстің 36-бабының 1-2-тармағында көзделген күрделі жобаның (жобалардың) өлшемшартына сәйкес келмесе, осы тармаққа сәйкес күрделі жобалар бойынша үлгілік келісімшарттың талаптарына өту осы Кодекстің 36-бабының 1-2-тармағында көзделген күрделі жобаның өлшемшартына сәйкес келетін жер қойнауы учаскесіне (кен орнына) қатысты ғана жер қойнауының тиісті учаскесін (жер қойнауы учаскелерін) және (немесе) кен орнын (кен орындарын) күрделі жоба бойынша үлгілік келісімшарт талаптарында жеке келісімшартқа бөліп шығару арқылы жүзеге асырылады.
Өтініш құзыретті органға келіп түскен күнінен бастап жиырма жұмыс күні ішінде қаралуға жатады.
Егер келісімшартқа толықтыру жобасы бойынша өтінішті қарау нәтижелері бойынша ескертулер болса, құзыретті орган бұл туралы өтініш иесін хабардар етеді. Құзыретті органның ескертулерімен келіскен жағдайда өтініш иесі оларды жоюға және құзыретті органға келісімшартқа толықтырудың пысықталған жобасын жіберуге құқылы. Ескертулерді жою кезеңінде өтінішті қарау мерзімі тоқтатыла тұрады. Өтініш иесі құзыретті органның ескертулерімен келіспеген жағдайда, өтініш иесі оларға Қазақстан Республикасының заңдарында белгіленген тәртіппен дау айтуға құқылы.
Құзыретті орган өтінішті қарау нәтижелері бойынша келісімшартқа толықтыруға қол қояды және оны өтініш иесіне жібереді не күрделі жоба бойынша көмірсутектерді барлауға және өндіруге немесе өндіруге арналған үлгілік келісімшарттың талаптарына өтуден мынадай:
өтініш және (немесе) оған қоса берілетін құжаттар осы тармақтың талаптарына сәйкес келмеген;
өтініш иесі құзыретті органның осы тармақтың оныншы бөлігіне сәйкес жіберілген ескертулерін жоймаған немесе өтініш иесі жоюдан бас тартқан жағдайларда, бас тартады.
Осы баптың 12, 13, 32, 33, 34 және 35-тармақтарының ережелері осы тармаққа сәйкес күрделі жоба бойынша көмірсутектерді барлауға және өндіруге немесе өндіруге арналған үлгілік келісімшарттың талаптарына өтуге қолданылмайды.
2025.26.12. № 243-VIIІ ҚР Заңымен 41-тармақпен толықтырылды (2026 ж. 1 қаңтардан бастап қолданысқа енгізілді)
41. Өндіру учаскесінде көмірсутектер бойынша жер қойнауын пайдалану жөніндегі операцияларды жүзеге асыратын жер қойнауын пайдаланушы дайындық кезеңі ішінде бір мезгілде мынадай талаптар сақталған кезде:
1) күрделі жоба бойынша көмірсутектерді өндіруге арналған үлгілік келісімшарттың талаптарына өту туралы өтініш 2026 жылғы 1 наурызға дейін берілсе;
2) өтініш беру кезінде жер қойнауын пайдаланушыда бастапқы келісімшарт бойынша міндеттемелердің құзыретті органның хабарламасында көрсетілген жойылмаған бұзушылықтары болмаса;
3) өндіру учаскесі (кен орны) мынадай талаптардың біріне сәйкес келсе:
осы Кодекстің 36-бабы 1-2-тармағының 2) тармақшасында көрсетілген параметрлердің кем дегенде біреуі болатын құрлықтағы жобаларға жатқызылса;
жиынтығында мынадай көрсеткіштері бар көмірсутектер кен орны қорларын қамтыса:
қатталған жағдайларда мұнайдың тығыздығы кемінде 880 кг/м3 құраса;
мұнай кенжатынының жоғарғы шекарасы (шатыры) бір мың метрден астам тереңдікте болса, күрделі жоба бойынша көмірсутектерді өндіруге арналған үлгілік келісімшарттың талаптарына өтуге құқылы.
Осы тармаққа сәйкес күрделі жоба бойынша көмірсутектерді өндіруге арналған үлгілік келісімшарттың талаптарына өту туралы өтініш осы баптың 40-тармағының алтыншы - он екінші бөліктеріне сәйкес қаралады.
Бұл ретте осы баптың 40-тармағының бесінші бөлігінде көрсетілген құжаттардан басқа, өтінішке жер қойнауын пайдаланушы бекіткен және жер қойнауы мемлекеттік сараптамасының оң қорытындысын алған, өндіру учаскесінің (кен орнының) осы тармақтың бірінші бөлігі 3) тармақшасының талаптарына сәйкестігін растайтын геологиялық қорларды есептеу жөніндегі есеп қоса беріледі.
Осы тармаққа сәйкес күрделі жоба бойынша көмірсутектерді өндіруге арналған үлгілік келісімшарттың талаптарына өту кезінде келісімшартта осындай келісімшарт бойынша өндірудің нақты мерзімі шегеріле отырып, осы Кодекстің 119-бабының 1-1-тармағында көзделген өндіру кезеңінің мерзімі белгіленеді.
2025.26.12. № 243-VIIІ ҚР Заңымен 42-тармақпен толықтырылды (2026 ж. 26 ақпаннан бастап қолданысқа енгізілді)
42. Мемлекеттік жер қойнауы қорын басқару бағдарламасына сәйкес жер қойнауы учаскелерінің шекаралары аз зерттелген аумақтар шегінде орналасқан жер қойнауы учаскелерінің аумағында толығымен болатын, 2025 жылғы 1 қаңтарға дейін берілген, осы тармақта көрсетілген өтінішті беру күніне қолданылып жүрген жер қойнауын геологиялық зерттеуге арналған лицензиялар бойынша жер қойнауын пайдалану құқығын иеленушілер тиісті жер қойнауы учаскесі бойынша жер қойнауын геологиялық зерттеуге арналған лицензияның қолданылу мерзімі аяқталғанға дейін құзыретті органға өтініш беру арқылы осы Кодекстің 36-бабы 1-1-тармағының 3-1) тармақшасында көзделген көмірсутектерді барлауға және өндіруге арналған үлгілік келісімшарт жасасуға құқылы.
Осы тармаққа сәйкес аз зерттелген аумақтар шегінде орналасқан жер қойнауы учаскесінде көмірсутектерді барлауға және өндіруге арналған келісімшарт жасалған жағдайда, жер қойнауын геологиялық зерттеуге бұрын берілген лицензия келісімшарт жасалған күннен бастап өз қолданысын тоқтатады.
Осы тармақтың мақсаттары үшін барлау кезеңі аз зерттелген аумақтар шегінде орналасқан жер қойнауының учаскелері үшін жер қойнауын пайдаланудың келісімшарттық режиміне көшу туралы өтініш берілген күнге қолданылып жүрген жер қойнауын геологиялық зерттеуге арналған лицензияның нақты мерзіміне азайтылған алты жыл мерзімге бекітіледі.
Осы Кодекстің 117-бабы 1-тармағы үшінші бөлігінің ережелерін қоспағанда, аз зерттелген аумақтар шегінде орналасқан жер қойнауы учаскесінде көмірсутектерді барлауға және өндіруге арналған келісімшарт бойынша барлау кезеңін кейіннен ұзартуға осы Кодекстің 117-бабында көзделген тәртіппен және шарттарда жол беріледі.
Барлау кезеңінің жұмыстар бағдарламасы осы Кодекстің 95-бабы 3-1-тармағының 1) және 2) тармақшаларында көрсетілген жұмыстардың түрлері мен көлемі бойынша ең төменгі талаптарды қамтуға тиіс. Жер қойнауын пайдалануға арналған келісімшартты жасасу кезінде құзыретті орган жұмыстардың көлемі мен түрлері бойынша неғұрлым жоғары болатын ең төменгі талаптарды белгілеуге құқылы.
Жер қойнауын пайдаланушының осы тармаққа сәйкес жер қойнауын пайдаланудың келісімшарттық режиміне көшуді жүзеге асыруына негіз болған жер қойнауын геологиялық зерттеуге арналған қолданыстағы лицензия бойынша аз зерттелген аумақтар шегінде орналасқан жер қойнауы учаскесінде іс жүзінде орындалған жұмыстар жер қойнауын пайдалануға арналған келісімшарт бойынша барлау кезеңінің жұмыстар бағдарламасында көзделген осы жер қойнауы учаскесінде тиісті жұмыс түрлерін орын- дау есебіне ескерілуі мүмкін.
Аз зерттелген аумақтар шегінде орналасқан жер қойнауы учаскесінде көмірсутектерді барлауға және өндіруге арналған келісімшарт жасасу кезінде барлау учаскесі осы Кодекстің 110-бабының талаптарына сәйкес айқындалады.
Егер осы тармақтың бірінші бөлігінде аталған тұлға учаскелерінің шекаралары аз зерттелген аумақтарда орналасқан жер қойнауы учаскелерінің шегінде толығымен орналасқан жер қойнауын геологиялық зерттеуге арналған екі және одан көп лицензияға ие болса, мұндай тұлға осы Кодекстің 110-бабының талаптарына сәйкес жер қойнауын геологиялық зерттеуге арналған тиісті лицензияның негізінде аз зерттелген аумақтар шегінде орналасқан жер қойнауы учаскесінде көмірсутектерді барлауға және өндіруге бір немесе бірнеше жекелеген үлгілік келісімшарттар жасасуға құқылы.
Осы тармаққа сәйкес жасалған жер қойнауын пайдалануға арналған келісімшарттар бойынша осы тармақтың үшінші бөлігіне сәйкес айқындалған барлау кезеңі ішінде жер қойнауын пайдалану құқығының және (немесе) жер қойнауын пайдалану құқығымен байланысты объектілердің ауысуына тыйым салынады.
Жер қойнауын пайдаланушы аз зерттелген аумақтар шегінде орналасқан жер қойнауы учаскесінде көмірсутектерді барлауға және өндіруге арналған келісімшарт жасасу кезінде Қазақстан Республикасының салық заңнамасына сәйкес айқындалатын қол қою бонусының бастапқы мөлшеріне тең сомада қол қою бонусын төлейді.
Аз зерттелген аумақтар шегінде орналасқан жер қойнауы учаскесі көмірсутектер бойынша жер қойнауын пайдаланудан бос болуға тиіс.
Аз зерттелген аумақтар шегінде орналасқан жер қойнауы учаскесінде көмірсутектерді барлауға және өндіруге келісімшарт жасасуға арналған өтініште мыналар қамтылуға тиіс:
1) осы Кодекстің 96-бабы 2-тармағының 1), 2) және 2-1) тармақшаларына сәйкес жер қойнауын геологиялық зерттеуге арналған лицензияны иеленуші туралы мәліметтер;
2) жер қойнауын геологиялық зерттеуге арналған лицензияның берілген күні мен нөмірі, жер қойнауын геологиялық зерттеуге арналған лицензия бойынша жер қойнауы учаскесі шекараларының координаттары;
3) аз зерттелген аумақтар шегінде орналасқан жер қойнауы учаскесінде көмірсутектерді барлауға және өндіруге арналған келісімшарт жасасу үшін сұралатын жер қойнауы учаскесі шекараларының координаттары.
Өтінішке қосымша түрде мыналар:
1) қол қою бонусына ақы төлеу растамасы және аз зерттелген аумақтар шегінде орналасқан жер қойнауы учаскесінде көмірсутектерді барлауға және өндіруге арналған үлгілік келісімшарттың талаптарына сәйкес келетін, аз зерттелген аумақтар шегінде орналасқан жер қойнауы учаскесінде көмірсутектерді барлауға және өндіруге арналған, өтініш беруші қол қойған келісімшарт;
2) жер қойнауын геологиялық зерттеуге арналған лицензияның түпнұсқасы немесе нотариат куәландырған көшірмесі;
3) осы Кодекстің 96-бабы 3-тармағының 4-1) тармақшасында көзделген құжаттар;
4) барлау кезеңінің жұмыстар бағдарламасы;
5) өтініш беруші жер қойнауын геологиялық зерттеуге арналған тиісті лицензия бойынша жер қойнауы учаскесінде жүргізген сейсмикалық барлау жұмыстары туралы мәліметтер қоса беріледі.
Өтініш құзыретті органға келіп түскен күнінен бастап жиырма жұмыс күні ішінде қаралуға тиіс.
Өтінішті қарау нәтижелері бойынша құзыретті орган аз зерттелген аумақтар шегінде орналасқан жер қойнауы учаскесінде көмірсутектерді барлауға және өндіруге арналған келісімшарт жасасу туралы шешім қабылдайды немесе келісімшарт жасасудан бас тартады.
Өтініш осы тармақта белгіленген талаптарға сәйкес келмеген жағдайда немесе егер сұралатын жер қойнауы учаскесі көмірсутектер бойынша жер қойнауын пайдалануға арналған келісімшарт бойынша өзге тұлғаның пайдалануында болса, құзыретті орган аз зерттелген аумақтар шегінде орналасқан жер қойнауы учаскесінде көмірсутектерді барлауға және өндіруге арналған келісімшартты жасасудан бас тартады.
Құзыретті органның бас тартуы жер қойнауын пайдаланушыны құзыретті органның бас тартуында көрсетілген бұзушылықтар жойылғаннан кейін қайта өтініш беру құқығынан айырмайды.
Аз зерттелген аумақтар шегінде орналасқан жер қойнауы учаскесінде көмірсутектерді барлауға және өндіруге арналған келісімшарт жасасу туралы шешім қабылданған жағдайда, құзыретті орган жиырма жұмыс күні ішінде осындай келісімшарт жасасады және оның қол қойылған данасын өтініш берушіге жібереді.
Шекаралары ішінара немесе толығымен сәйкес келетін жер қойнауы учаскелерінде жер қойнауын геологиялық зерттеуге арналған лицензияның әртүрлі иеленушілері берген, аз зерттелген аумақтар шегінде орналасқан жер қойнауы учаскесінде көмірсутектерді барлауға және өндіруге келісімшарт жасасуға арналған өтініштер олардың түсу кезектілігі тәртібімен қаралады.
Егер шекаралары ішінара немесе толығымен сәйкес келетін жер қойнауы учаскелерінде жер қойнауын геологиялық зерттеуге арналған лицензияның әртүрлі иеленушілері аз зерттелген аумақтар шегінде орналасқан жер қойнауы учаскесінде көмірсутектерді барлауға және өндіруге арналған келісімшарт жасасуға бір күнде екі және одан көп өтініш берген болса, өтініштерді қарау кезектілігі (басымдығы) жер қойнауын геологиялық зерттеуге бұрын берілген лицензия бойынша айқындалады.
Қазақстан Республикасының
Президенті
Н. НАЗАРБАЕВ
Астана, Ақорда, 2017 жылғы желтоқсанның 27-і.
№ 125-VI