8. Жазбаша сұрау салулар жеке немесе заңды тұлғаның өкілдері арқылы енгізілуі мүмкін. Өкілдікті ресімдеу Қазақстан Республикасының азаматтық заңнамасында белгіленген тәртіппен жүргізіледі.
9. Көпшілікке қолжетімді ақпараттық жүйелер арқылы келіп түскен және Қазақстан Республикасының электрондық құжат және электрондық цифрлық қолтаңба туралы заңнамасының талаптарына сәйкес келетін сұрау салулар осы Заңда белгіленген тәртіппен қаралуға жатады.
10. Жазбаша сұрау салуға жауап ақпарат иеленушіге сұрау салу келіп түскен күннен бастап күнтізбелік он бес күн ішінде беріледі.
Сұратылатын ақпарат бірнеше ақпарат иеленушінің құзыретіне кіретін және жазбаша сұрау салуға жауап беру кезінде өзге де ақпарат иеленушілерден ақпарат алу талап етілетін жағдайларда, ақпарат иеленушінің басшысы қарау мерзімін күнтізбелік он бес күннен аспайтын мерзімге бір рет ұзартуы мүмкін, бұл туралы қарау мерзімі ұзартылған сәттен бастап үш жұмыс күні ішінде ақпарат пайдаланушыға хабар беріледі.
11. Құзыретіне сұратылатын ақпарат беру кірмейтін ақпарат иеленушіге келіп түскен жазбаша сұрау салу ол келіп түскен күннен бастап үш жұмыс күнінен кешіктірілмейтін мерзімде тиісті ақпарат иеленушіге жіберіледі, бір мезгілде бұл туралы сұрау салуды жіберген ақпарат пайдаланушы хабардар етіледі.
12. Жазбаша сұрау салуға жауап өтініш жасалған тілде ақпарат пайдаланушының таңдауы бойынша қағаз және (немесе) электрондық нысандарда беріледі.
Ауызша сұрау салуға жауап өтініш жасалған тілде ауызша нысанда беріледі.
2020.30.12. № 394-VI ҚР Заңымен 13-тармақ өзгертілді (бұр.ред.қара)
13. Егер жазбаша сұрау салуға жауап көшірме жасауды немесе басып шығаруды көздейтін болса, онда ақпарат пайдаланушы ақпарат иеленушінің көшірме жасауға немесе басып шығаруға жұмсаған нақты шығындарын өтеуге міндетті.
Көшірме жасауға немесе басып шығаруға жұмсалатын нақты шығындардың мөлшерлері және оларды төлеу тәртібі Қазақстан Республикасының бүкіл аумағына таратылатын мерзімді баспасөз басылымдарында міндетті түрде жариялануға және ақпарат иеленушілердің интернет-ресурстарында орналастырылуға жатады.
Халықтың әлеуметтік осал топтары көшірме жасауға немесе басып шығаруға жұмсалатын нақты шығындарды төлеуден босатылады.
14. Жазбаша сұрау салуға жауапта ақпарат иеленушінің атауы, пошта мекенжайы, жауапқа қол қойған адамның лауазымы, сұрау салудың тіркелген күні және нөмірі көрсетіледі.
15. Егер сұратылатын ақпарат осы Заңда белгіленген тәртіппен орналастырылса, онда ақпарат иеленуші ақпарат пайдаланушыға сұратылатын ақпаратқа қол жеткізу тәсілдері мен орны туралы мәліметтерді бір мезгілде жібере отырып, бұл туралы үш жұмыс күнінен кешіктірмей хабарлайды.
Қайталап өтініш жасалған кезде, ақпарат иеленуші сұратылатын ақпаратты осы бапта көзделген тәртіппен береді.
16. Ақпаратқа қол жеткізуден:
1) егер сұрау салу мазмұны сұратылатын ақпаратты анықтауға мүмкіндік бермесе;
2) егер сұрау салу осы Заңның талаптарына сәйкес келмесе;
3) егер сұратылатын ақпарат қол жеткізу шектелген ақпаратқа жатқызылса;
4) егер сұрау салуда ақпарат иеленуші қабылдаған актілерді құқықтық бағалау, ақпарат иеленушінің не оған ведомстволық бағынысты органдар мен ұйымдардың қызметіне талдау жүргізу немесе өзге де талдамалық жұмысты жүргізу аяқталғанға дейін ол туралы мәселе қойылса;
5) мемлекеттік бақылау және қадағалау шеңберінде жүргізілетін тексерулер нәтижелері бойынша шешімдер қабылданғанға дейін;
6) ведомствоаралық және ведомствоішілік хат-хабар алмасу негізінде немесе мемлекеттік органдардағы кеңестер негізінде тұжырымдалатын түпкілікті шешімдер қабылданғанға дейін;
7) шет мемлекеттерден немесе халықаралық ұйымдардан келіп түскен құжаттарды ашу шарттары туралы өзара келісім қабылданғанға дейін бас тартылады.
17. Жазбаша сұрау салу бойынша ақпарат беруден бас тарту туралы уәжді жауап сұрау салу тіркелген күннен бастап бес жұмыс күні ішінде ақпарат пайдаланушының назарына жеткізіледі.
18. Сұрау салулармен жұмысты ұйымдастыруға, оларды қабылдаудың, тіркеудің, есепке алудың және қараудың жай-күйі үшін ақпарат иеленушілердің басшылары жеке жауапты болады.
12-бап. Ақпарат иеленушілер орналасқан үй-жайларда ақпаратты орналастыру
2020.30.12. № 394-VI ҚР Заңымен 1-тармақ жаңа редакцияда (бұр.ред.қара)
1. Ақпарат иеленушілер өздері орналасқан үй-жайларда өз қызметі туралы ақпараты бар ақпараттық стендтерді және (немесе) ұқсас мақсаттағы басқа да техникалық құралдарды орналастырады және мүгедектердің оларға еркін қол жеткізуіне жағдайлар жасайды.
Қызметі қоғамдық тәртіпті сақтаумен және қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз етумен байланысты ақпарат иеленушілер өз қызметі туралы ақпараты бар ақпараттық стендтерге және (немесе) ұқсас мақсаттағы басқа да техникалық құралдарға тәулік бойы еркін қол жеткізуді қамтамасыз етуге міндетті.
2. Осы баптың 1-тармағында көрсетілген ақпарат:
1) жеке тұлғаларды және заңды тұлғалардың өкілдерін қабылдау тәртібін қоса алғанда, ақпарат иеленушінің жұмыс тәртібін;
2) ақпарат алу шарттары мен тәртібін;
3) өзге де мәліметтерді қамтиды.
13-бап. Мемлекеттік органдардың алқалы органдары отырыстарына қол жеткізуді қамтамасыз ету
1. Қазақстан Республикасы Парламенті Палаталарының, Қазақстан Республикасы Үкіметінің және орталық атқарушы органдардың және облыстың, республикалық маңызы бар қаланың, астананың, ауданның (облыстық маңызы бар қаланың) жергілікті өкілді және атқарушы органдары алқалы органдарының отырыстары, жабық отырыстарды қоспағанда, ашық болып табылады.
Ақпарат пайдаланушылардың ашық отырыстарға қол жеткізуі Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес қамтамасыз етіледі.
2. Қазақстан Республикасы Парламентінің Палаталары, облыстың, республикалық маңызы бар қаланың, астананың жергілікті өкілді органдары ашық отырыстарды, ал мемлекеттік органдар - жыл қорытындылары бойынша өткізілетін алқаларды интернет-ресурстарда онлайн режимде трансляциялауды қамтамасыз етеді.
2016.06.04. № 484-V ҚР Заңымен 14-бап жаңа редакцияда (бұр.ред.қара); 2020.30.12. № 394-VI ҚР Заңымен 14-бап өзгертілді (бұр.ред.қара)
14-бап. Орталық атқарушы органдар басшыларының, әкімдердің және ұлттық жоғары оқу орындары басшыларының есептері
Орталық атқарушы органдардың (Қазақстан Республикасының қорғаныс, сыртқы істер министрліктерін қоспағанда) басшылары, әкімдер және ұлттық жоғары оқу орындарының басшылары жылына бір реттен сиретпей атқарылған жұмыс туралы халық алдында есеп береді.
Есепті кездесулерді өткізу тәртібі Қазақстан Республикасының заңнамасында айқындалады.
15-бап. Бұқаралық ақпарат құралдарында ақпарат орналастыру
Бұқаралық ақпарат құралдарында ақпарат орналастыру Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес жүзеге асырылады.
16-бап. Интернет-ресурстарда ақпарат орналастыру
1. Ақпарат иеленушілер интернет-ресурстар құрады.
2. Осы Заңның 8-бабының 1) тармақшасында көрсетілген ақпарат иеленушілер интернет-ресурстарды мемлекеттік органдар интернет-ресурстарының бірыңғай платформасында орналастырады.
2020.30.12. № 394-VI ҚР Заңымен 3-тармақ жаңа редакцияда (бұр.ред.қара)
3. Осы Заңның 8-бабының 1) тармақшасында көрсетілген ақпарат иеленушілер өз құзыреті шегінде интернет-ресурстарда:
1) қызметі туралы жалпы ақпаратты:
ұйымдық құрылымын, басшылары мен олардың орынбасарлары туралы мәліметтерді;
анықтама қызметтерінің, құрылымдық бөлімшелердің, аумақтық органдардың және ведомстволық бағынысты ұйымдардың байланыс деректерін (пошталық мекенжайын, электрондық поштасының мекенжайын, телефон нөмірлерін);
құрылымдық бөлімшелер мен ведомстволық бағынысты ұйымдардың тізбесін, олардың міндеттері мен функцияларын, сондай-ақ басшылары мен олардың орынбасарлары туралы мәліметтерді;
аумақтық органдардың тізбесін, олардың міндеттері мен функцияларын, сондай-ақ басшылары мен олардың орынбасарлары туралы мәліметтерді;
құзыретін, өкілеттіктерін, міндеттері мен функцияларын регламенттейтін нормативтік құқықтық актілерді;
ресми жаңалықтарды, баспасөз релиздерін;
жаңалықтар легін;
қызметіндегі алдағы ресми оқиғалардың күнтізбелерін;
басшылары мен олардың орынбасарларының ресми сөйлейтін сөздерінің және ресми мәлімдемелерінің мәтіндерін;
құрылған бұқаралық ақпарат құралдары туралы (болған кезде) мәліметтерді;
2) нормашығармашылық қызмет туралы ақпаратты:
қабылданған нормативтік құқықтық актілер тізбесін;
әзірленетін нормативтік құқықтық актілер жобаларының оларға түсіндірме жазбаларымен (олар болған кезде) және салыстырма кестелерімен (нормативтік құқықтық актілерге өзгерістер және (немесе) толықтырулар енгізілген жағдайларда) бірге мәтіндерін, ғылыми сараптамалардың қорытындылары мен жеке кәсіпкерлік субъектілерінің сараптама қорытындыларын (олар болған кезде), оларды жария талқылаудың аяқталғаны туралы есептерді;
халықты нормативтік құқықтық актілердің жобаларына жария талқылаулар өткізу мерзімдері туралы хабардар етуге бағытталған ақпараттық хабарларды, баспасөз релиздерін;
3) бюджет қаражаты туралы ақпаратты:
республикалық және жергілікті бюджеттердің жобаларын;
бекітілген республикалық және жергілікті бюджеттерді;
мемлекеттік органның жұмыс істеуіне бөлінген бюджет қаражатының жалпы сомасы туралы ақпаратты;
республикалық және жергілікті бюджеттер, Қазақстан Республикасының Ұлттық қоры қаражатының пайдаланылуы туралы ақпаратты;
бюджеттік есептілікті;
шоғырландырылған қаржылық есептілікті;
мемлекеттік аудит пен қаржылық бақылау нәтижелерін;
азаматтық бюджетті;
халықты бюджеттік бағдарламалардың жобаларына және бюджеттік бағдарламалардың іске асырылуы туралы есептерге жария талқылаулар өткізу мерзімдері туралы хабардар етуге бағытталған ақпараттық хабарларды, баспасөз релиздерін;
4) ағымдағы қызметі туралы ақпаратты:
мемлекеттік органның стратегиялық жоспарын және оның іске асырылуы туралы есепті;
аумақтарды дамыту бағдарламаларын және олардың іске асырылуы туралы есептерді;
мемлекеттік және салалық бағдарламаларды, тұжырымдамаларды, доктриналарды, стратегияларды, тиісті саланы дамыту жоспарларын, сондай-ақ олардың іске асырылуы туралы есептерді;
саланың (аяның) жай-күйін және даму серпінін сипаттайтын статистикалық ақпарат пен көрсеткіштерді;
жалпыға бірдей қолжетімді электрондық ақпараттық ресурстардың, сондай-ақ өздерінің жүргізуіндегі ведомстволық дерекқорлардың (деректер банктерінің), тізілімдердің, тіркелімдердің, кадастрлардың тізбесін;
қызметі туралы талдамалық баяндамалар мен шолуларды, сондай-ақ атқарылған жұмыс туралы есептер мен баяндамаларды;
алқалы органдардың ашық отырыстарының стенограммаларын және (немесе) хаттамаларын;
мемлекеттік орган жұмыс органы болып табылатын консультативтік-кеңесші органдардың (кеңестердің, комиссиялардың) қызметі туралы ақпаратты;
мемлекеттік органдар қызметінің тиімділігін бағалау қорытындыларын;
5) кадрлармен қамтамасыз ету мәселелері жөніндегі ақпаратты:
Қазақстан Республикасы азаматтарының мемлекеттік қызметке кіру тәртібін реттейтін нормативтік құқықтық актілерді;
«Б» корпусының мемлекеттік әкімшілік лауазымына орналасуға жарияланған конкурс туралы мәліметтерді;
«Б» корпусының мемлекеттік әкімшілік лауазымдарына қойылатын біліктілік талаптарын;
персоналды басқару қызметінің (кадр қызметінің) бос лауазымдарға орналасу мәселелері бойынша консультация беруге уәкілеттік берілген жұмыскерлерінің байланыс деректерін (тегі, аты, әкесінің аты (егер ол жеке басты куәландыратын құжатта көрсетілсе), телефон нөмірі және электрондық пошта мекенжайы);
6) мемлекеттік көрсетілетін қызметтер саласындағы ақпаратты:
мемлекеттік көрсетілетін қызметтердің стандарттарын, мемлекеттік қызметтер көрсету тәртібін айқындайтын заңға тәуелді нормативтік құқықтық актілерді;
мемлекеттік органның мемлекеттік қызметтер көрсету мәселелері жөніндегі қызметі туралы жыл сайынғы есепті;
мемлекеттік қызметтер көрсету тәртібін айқындайтын, әзірленетін заңға тәуелді нормативтік құқықтық актілердің жобаларын, сондай-ақ оларды жария талқылаудың аяқталғаны туралы есептерді;
мемлекеттік қызметтер көрсету сапасын қоғамдық мониторингтеу нәтижелерін;
мемлекеттік қызметтер көрсету нәтижесіне шағым жасау тәртібі туралы ақпаратты;
7) сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл бойынша қабылданып жатқан шаралар туралы ақпаратты;
8) халықаралық ынтымақтастық саласындағы ақпаратты:
қызметіне мемлекеттік орган қатысатын халықаралық ұйымдардың тізбесін;
жасалған (қол қойылған) халықаралық шарттар мен келісімдердің тізбелерін және мәтіндерін;
шет мемлекет, халықаралық немесе шетелдік ұйым және (немесе) қор берген, алынған және пайдаланылған гранттар туралы мәліметтерді;
мемлекеттік органның халықаралық шарттар мен халықаралық ынтымақтастық бағдарламаларын іске асыруға қатысуы туралы мәліметтерді;
мемлекеттік орган қызметінің мәселелері бойынша халықаралық ұйымдардың қорытындыларын, сараптамалық бағалауларын, ұсынымдарын және басқа да талдамалық материалдарын;
халықаралық ынтымақтастық саласындағы өзге де мәліметтерді;
9) мемлекеттік сатып алу саласындағы ақпаратты:
Қазақстан Республикасының мемлекеттік сатып алуды жүзеге асыру тәртібін реттейтін нормативтік құқықтық актілерін;
мемлекеттік сатып алудың жылдық жоспарын;
өткізу шарттарын, оларға әлеуетті өнім берушілердің қатысу тәртібін қоса алғанда, мемлекеттік орган ашық конкурс, аукцион, баға ұсыныстарын сұрату, бір көзден сатып алу тәсілдерімен, сондай-ақ тауар биржалары арқылы жүзеге асыратын мемлекеттік сатып алу туралы ақпаратты, мемлекеттік сатып алу қорытындылары туралы хаттамаларды, тапсырыс берушінің, мемлекеттік сатып алуды ұйымдастырушының, мемлекеттік сатып алуды бірыңғай ұйымдастырушының, комиссиялардың, сарапшының, мемлекеттік сатып алу саласындағы бірыңғай оператордың әрекеттеріне (әрекетсіздігіне), шешімдеріне шағым жасау тәртібін;
10) рұқсат беру әрекеттерін (лицензиялау, аккредиттеу, тіркеу және басқалар) жүзеге асыру тәртібін;
11) Қазақстан Республикасының заңдарында белгіленген шектеулер ескеріле отырып, мемлекеттік орган мен оның аумақтық органдары жүргізген тексерулердің нәтижелері туралы, сондай-ақ мемлекеттік орган мен оның аумақтық органдарында жүргізілген тексерулердің нәтижелері туралы ақпаратты;
12) жеке кәсіпкерлікті мемлекеттік қолдау шаралары туралы ақпаратты;
13) жүргізілген әлеуметтанушылық, талдамалық және өзге де зерттеулердің, сондай-ақ халыққа жүргізілген сауалнамалардың нәтижелері туралы деректерді;
14) халықпен жұмыс жөніндегі ақпаратты:
жеке тұлғаларды және заңды тұлғалардың өкілдерін жеке қабылдау графигін;
өтініштер мен сұрау салуларды қарау нәтижелері бойынша шешімдерге және (немесе) әрекеттерге (әрекетсіздікке) шағым жасау тәртібін қоса алғанда, жеке тұлғаларды және заңды тұлғалардың өкілдерін жеке қабылдау, сондай-ақ өтініштер мен сұрау салуларды қарау мәселелері бойынша ақпарат алуға мүмкіндік беретін уәкілетті адамдардың байланыс деректерін (тегі, аты, әкесінің аты (егер ол жеке басты куәландыратын құжатта көрсетілсе), телефон нөмірі және электрондық пошта мекенжайы);
Қазақстан Республикасының заңдарына және өзге де нормативтік құқықтық актілеріне сәйкес мемлекеттік орган қарауға қабылдайтын өтініштер мен сұрау салулардың үлгілерін;
15) келіп түскен сұрау салуларды жинақтап қорыту және талдау нәтижелері бойынша ақпарат пайдаланушылар бірнеше рет сұрататын ақпаратты;
16) орналастыру міндеті Қазақстан Республикасының заңдарында белгіленген өзге де ақпаратты немесе орналастыруды мемлекеттік орган қажет деп санайтын ақпаратты орналастыруға міндетті.
2020.30.12. № 394-VI ҚР Заңымен 4-тармақ жаңа редакцияда (бұр.ред.қара)
4. Осы баптың 3-тармағында көрсетілген мәліметтермен қатар архив ісі және басқаруды құжаттамалық қамтамасыз ету саласында басшылықты жүзеге асыратын орталық атқарушы орган өзінің интернет-ресурсында Ұлттық архив қорының құжаттары және оны жинақтау көздері туралы мәліметтерді қамтитын Мемлекеттік қор каталогын орналастырады.
2020.30.12. № 394-VI ҚР Заңымен 5-тармақ жаңа редакцияда (бұр.ред.қара)
5. Осы баптың 3-тармағында көрсетілген мәліметтермен қатар Қазақстан Республикасы соттарының интернет-ресурстарында сондай-ақ:
1) ашық қол жеткізуде орналастыруға жатпайтындарды қоспағанда, сот актілері;
2) Қазақстан Республикасының заңдарында белгіленген шектеулер ескеріле отырып, сот істерін қарау графиктері орналастырылуға тиіс.
2020.30.12. № 394-VI ҚР Заңымен 6-тармақ жаңа редакцияда (бұр.ред.қара)
6. Осы баптың 3-тармағында көрсетілген мәліметтермен қатар жергілікті өзін-өзі басқару органдарының интернет-ресурстарында сондай-ақ:
1) аудандық маңызы бар қала, ауыл, кент, ауылдық округ бюджетінің атқарылуына жүргізілген мониторинг нәтижелері туралы есеп;
2) жергілікті қоғамдастық жиынын, жиналысын шақыру уақыты, орны және талқыланатын мәселелер;
3) жергілікті қоғамдастық жиынының немесе жиналысының хаттамалары, сондай-ақ оларда қабылданған шешімдер орналастырылуға тиіс.
2020.30.12. № 394-VI ҚР Заңымен 7-тармақ жаңа редакцияда (бұр.ред.қара)
7. Мемлекеттік органдар болып табылмайтын мемлекеттік мекемелердің интернет-ресурстарында:
1) қызметі туралы жалпы ақпарат:
тарихы;
ұйымдық құрылымы;
басшылығы туралы мәліметтер;
қызметі туралы мәліметтер;
консультативтік-кеңесші органдардың (болған кезде) қызметі туралы ақпарат;
байланыс деректері (анықтама қызметтерінің, құрылымдық бөлімшелердің, аумақтық өкілдіктердің (болған кезде) пошталық мекенжайы, электрондық пошта мекенжайы, телефон нөмірлері);
2) бос лауазымдар жөніндегі ақпарат:
жарияланған бос лауазымдар;
бос лауазымдарға орналасу үшін кандидаттарға қойылатын біліктілік талаптары;
бос лауазымдар туралы ақпарат алу үшін телефон нөмірлері;
3) ресми жаңалықтар, баспасөз релиздері, алдағы оқиғалардың күнтізбелері;
4) қаржылық есептілік, республикалық және жергілікті бюджеттерден бөлінген қаражаттың жұмсалуы туралы ақпарат, азаматтық бюджет;
5) өздерінің қызметін реттейтін нормативтік құқықтық актілер;
6) Қазақстан Республикасының мемлекеттік сатып алу туралы заңнамасында көзделген тәртіппен жүргізілетін мемлекеттік сатып алу туралы мәліметтер;
7) халықаралық ынтымақтастық саласындағы ақпарат;
8) келіп түскен сұрау салуларды жинақтап қорыту және талдау нәтижелері бойынша ақпарат пайдаланушылар бірнеше рет сұрататын ақпарат;
9) жүргізілген әлеуметтанушылық, талдамалық және өзге де зерттеулердің, сондай-ақ халыққа жүргізілген сауалнамалардың нәтижелері туралы деректер;
10) өздерінің жүргізуіндегі дерекқорлардың (деректер банктерінің), тізілімдердің, тіркелімдердің, кадастрлардың тізбесі;
11) «Сұрақ-жауап» сервисі;
12) жеке тұлғаларды және заңды тұлғалардың өкілдерін жеке қабылдау графигі;
13) өтініштер мен сұрау салуларды қарау нәтижелері бойынша шешімдерге және (немесе) әрекеттерге (әрекетсіздікке) шағым жасау тәртібін қоса алғанда, жеке тұлғаларды және заңды тұлғалардың өкілдерін жеке қабылдау, сондай-ақ өтініштер мен сұрау салуларды қарау мәселелері бойынша ақпарат алуға мүмкіндік беретін уәкілетті адамдардың байланыс деректері (тегі, аты, әкесінің аты (егер ол жеке басты куәландыратын құжатта көрсетілсе), телефон нөмірі және электрондық пошта мекенжайы);
14) Қазақстан Республикасының заңдарына және өзге де нормативтік құқықтық актілеріне сәйкес қарауға қабылданатын өтініштер мен сұрау салулардың үлгілері;
15) орналастыру міндеті Қазақстан Республикасының заңдарында белгіленген өзге де ақпарат немесе орналастыруды мемлекеттік орган болып табылмайтын мемлекеттік мекеме қажет деп санайтын ақпарат орналастырылуға тиіс.
2020.30.12. № 394-VI ҚР Заңымен 8-тармақ жаңа редакцияда (бұр.ред.қара)
8. Квазимемлекеттік сектор субъектілерінің интернет-ресурстарында:
1) қызметі туралы жалпы ақпарат:
тарихы;
ұйымдық құрылымы;
басшылығы туралы мәліметтер;
қызмет түрлері;
даму стратегиясы;
консультативтік-кеңесші органдардың (болған кезде) қызметі туралы ақпарат;
анықтама қызметтерінің, құрылымдық бөлімшелердің, аумақтық өкілдіктердің және еншілес, тәуелді және Қазақстан Республикасының заңнамалық актілеріне сәйкес олармен үлестес болып табылатын өзге де заңды тұлғалардың байланыс деректері (пошталық мекенжайы, электрондық пошта мекенжайы, телефон нөмірлері);
2) бос лауазымдар жөніндегі ақпарат:
жарияланған бос лауазымдар;
бос лауазымдарға орналасу үшін кандидаттарға қойылатын біліктілік талаптары;
бос лауазымдар туралы ақпарат алу үшін телефон нөмірлері;
3) ресми жаңалықтар, баспасөз релиздері, алдағы оқиғалардың күнтізбелері;
4) қаржылық есептілік, сондай-ақ республикалық және жергілікті бюджеттерден бөлінген қаражаттың жұмсалуы туралы ақпарат;
5) еншілес, тәуелді және Қазақстан Республикасының заңнамалық актілеріне сәйкес олармен үлестес болып табылатын өзге де заңды тұлғалардың қызметі туралы ақпарат;
6) қызметін регламенттейтін нормативтік құжаттар;
7) тауарларды (жұмыстарды, көрсетілетін қызметтерді) сатып алу туралы ақпарат;
8) халықаралық ынтымақтастық саласындағы ақпарат;
9) статистикалық көрсеткіштер және қызметінің нәтижелері;
10) атқарылған жұмыс туралы талдамалық есептер мен баяндамалар;
11) жүргізілген әлеуметтанушылық, талдамалық және өзге де зерттеулердің, сондай-ақ халыққа жүргізілген сауалнамалардың нәтижелері туралы деректер;
12) келіп түскен сұрау салуларды жинақтап қорыту және талдау нәтижелері бойынша ақпарат пайдаланушылар бірнеше рет сұрататын ақпарат;
13) өздерінің жүргізуіндегі дерекқорлардың (деректер банктерінің), тізілімдердің, тіркелімдердің, кадастрлардың тізбесі;
14) «Сұрақ-жауап» сервисі;
15) жеке тұлғаларды және заңды тұлғалардың өкілдерін жеке қабылдау графигі;
16) өтініштер мен сұрау салуларды қарау нәтижелері бойынша шешімдерге және (немесе) әрекеттерге (әрекетсіздікке) шағым жасау тәртібін қоса алғанда, жеке тұлғаларды және заңды тұлғалардың өкілдерін жеке қабылдау, сондай-ақ өтініштер мен сұрау салуларды қарау мәселелері бойынша ақпарат алуға мүмкіндік беретін уәкілетті адамдардың байланыс деректері (тегі, аты, әкесінің аты (егер ол жеке басты куәландыратын құжатта көрсетілсе), телефон нөмірі және электрондық пошта мекенжайы);
17) Қазақстан Республикасының заңдарына және өзге де нормативтік құқықтық актілеріне сәйкес қарауға қабылданатын өтініштер мен сұрау салулардың үлгілері;
18) орналастыру міндеті Қазақстан Республикасының заңдарында белгіленген өзге де ақпарат немесе орналастыруды квазимемлекеттік сектор субъектісі қажет деп санайтын ақпарат орналастырылуға тиіс.
2020.30.12. № 394-VI ҚР Заңымен 9-тармақ жаңа редакцияда (бұр.ред.қара)
9. Бюджет қаражатын алушылардың интернет-ресурстарында республикалық және жергілікті бюджеттерден бөлінген бюджет қаражатын пайдалануға қатысты және қол жеткізу шектелген ақпаратқа жатқызылмаған ақпарат орналастырылады.
2020.30.12. № 394-VI ҚР Заңымен 10-тармақ жаңа редакцияда (бұр.ред.қара)
10. Монополиялық жағдайға ие нарық субъектілерінің интернет-ресурстарында монополиялық жағдайға ие нарық субъектілері өндіретін және өткізетін тауарларға (жұмыстарға, көрсетілетін қызметтерге) баға белгілеу мәселелерін регламенттейтін Қазақстан Республикасының нормативтік құқықтық актілері, сондай-ақ олар өндіретін (өткізетін) тауарларға (жұмыстарға, көрсетілетін қызметтерге) бағалар орналастырылады.
2016.28.12. № 34-VI ҚР Заңымен (2017 ж. 1 қаңтардан бастап қолданысқа енгізілді) (бұр.ред.қара); 2020.30.12. № 394-VI ҚР Заңымен (бұр.ред.қара) 11-тармақ жаңа редакцияда
11. Орталық және (немесе) жергілікті атқарушы органдардың функцияларын орындаушылардың интернет-ресурстарында мемлекеттік басқарудың тиісті саласында (аясында) орталық және (немесе) жергілікті атқарушы органдардың функцияларын жүзеге асыруға қатысты ақпарат орналастырылады.
12. Өзінің интернет-ресурсында ақпарат орналастыруға техникалық мүмкіндігі жоқ ақпарат иеленуші оны жергілікті атқарушы органның интернет-ресурсында орналастырады.
13. Ақпарат иеленушінің интернет-ресурсында жаңалықтар легін жаңарту күн сайын жүзеге асырылуға тиіс, өзге бөлімдерді жаңарту ақпарат алынған немесе құрылған күннен бастап үш жұмыс күнінен кешіктірілмей жүзеге асырылады.
14. Интернет-ресурстағы ақпарат қазақ және орыс тілдерінде берілуге тиіс. Ақпарат иеленушінің интернет-ресурсының басқа тілдердегі нұсқалары да болуы мүмкін.
15. Ақпарат иеленушінің интернет-ресурсында қол жеткізу шектелген ақпарат орналастырылуға жатпайды.
16. Интернет арқылы нормативтік құқықтық актілерге тегін қол жеткізу Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес «электрондық үкіметтің» веб-порталы арқылы да қамтамасыз етіледі.
17-бап. «Электрондық үкіметтің» веб-порталында ақпарат орналастыру
2020.30.12. № 394-VI ҚР Заңымен 1-тармақ жаңа редакцияда (бұр.ред.қара)
1. Ақпарат пайдаланушылар осы Заңға сәйкес «электрондық үкімет» веб-порталының құрамдастарында орналастырылатын ақпаратты ала алады және пайдалана алады, сондай-ақ «электрондық үкімет» веб-порталында тіркелген не «электрондық үкімет» веб-порталының құрамдастарында авторландырылған жағдайда оны талқылауға қатыса алады.