15) Қазақстан Республикасының заңнамасында көзделген өзге де міндеттерді орындауға міндетті.
Егер борышкердiң оңалту рәсiмi қолданылғаннан кейiн туындаған ақшалай мiндеттемелерінiң жалпы сомасы оңалту рәсiмi енгізілген кездегi кредиторлық берешектiң жалпы сомасының жиырма пайызынан асып түссе, борышкердiң жаңа ақшалай мiндеттемелерiн туғызатын мәмiлелердi оңалтуды басқарушы кредиторлар комитетiнiң келiсуiмен ғана жасайды.
72-бап. Кредиторлар талаптарының тізілімін қалыптастыру
1. Уақытша әкімші өзі тағайындалған күннен бастап екі жұмыс күні ішінде оңалту рәсiмiн қолдану және кредиторлардың талаптарды мәлімдеу тәртібі туралы қазақ және орыс тілдеріндегі хабарландыруды уәкілетті органның интернет-ресурсында орналастыру үшін уәкілетті органға жібереді.
Уәкілетті орган хабарландыруды алған күннен бастап екі жұмыс күні ішінде оны өзінің интернет-ресурсында орналастыруға міндетті.
Борышкерде интернет-ресурс бар болған кезде, аталған интернет-ресурста борышкерге оңалту рәсiмiн қолдану және кредиторлардың талаптарды мәлімдеу тәртібі туралы хабарламаны жариялау міндетті болып табылады.
2. Кредиторлар борышкерге қоятын талаптарын кредиторлар талаптарын мәлімдеу тәртібі туралы хабарлама жарияланған кезден бастап бір ай мерзімінен кешіктірмей мәлімдеуге тиіс.
Кредиторлардың талаптарында, салыстыру үшін құжаттардың түпнұсқалары бір мезгілде ұсыныла отырып, талаптың сомасы туралы (талаптың негізділігі мен сомасын растайтын құжаттардың (күшіне енген сот шешімдері, шарттардың көшірмелері, борышкердің борышын тануы) көшірмелерін қоса бере отырып, негізгі борыштың, сыйақының (мүддесінің), тұрақсыздық айыбының және өзге де айыппұл санкцияларының, залалдарының сомасы туралы жеке-жеке) мәліметтер қамтылуға тиіс.
Кредиторлар талаптың негізділігі мен сомасын растайтын өзге құжаттарды да ұсынуға құқылы.
Кредиторлардың шетел валютасында көрсетілген талаптары сот оңалту рәсімін енгізу туралы туралы шешім қабылдаған кезде Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкі белгілеген бағам бойынша теңгемен есептеледі.
3. Кредитордың осы баптың 2-тармағында көрсетілген мерзімнен кешіктіріліп мәлімделген талабы кредиторлар талаптарының тізіліміне енгізіледі, бірақ мұндай кредитор бір ай мерзімінде мәлімделген кредиторлар талаптары толық қанағаттандырылғанға дейін кредиторлар жиналысында дауыс беру құқығынан айырылады.
4. Кредиторлардың мерзімінде мәлімделген, осы баптың 2-тармағында көзделген талаптарын уақытша әкімші оларды алған кезден бастап он жұмыс күні ішінде қарауға тиіс және танылған талаптар тізілімге енгізіледі.
Кредиторлардың бұрын сотқа мәлiмдеген талаптары, егер олар осы баптың 2-тармағының екінші бөлігінде көрсетілген талаптарға сай келсе, кредитордың өтініші болған кезде тiзiлiмге енгiзiлуi мүмкiн.
Кредиторлар талаптарының тізіліміне осы Заңның 90-бабының 6-тармағында көзделген талаптар енгізілмейді.
5. Кредиторлар борышкерге берешек сомасын және осы сомаға тиесілі сыйақыны (мүддені), борышкер тарапынан міндеттемелердің орындалмауынан немесе тиісінше орындалмауынан келтірілген залалдарды, тұрақсыздық айыбын (айыппұлдарды, өсімпұлдарды) қамтитын талаптарды қоюға құқылы.
Сыйақының (мүдденің), залалдардың, тұрақсыздық айыбының (айыппұлдардың, өсімпұлдардың) сомасы сот оңалту рәсімін енгізу туралы шешім қабылдаған кезге айқындалады.
Кредиторлардың банкроттық рәсiміне қатысуға байланысты шығыстарының орны толтыруға жатпайды.
6. Кредиторлардың талаптарын қарау нәтижелері туралы (танымау себептерін көрсете отырып, талаптарды толық көлемде немесе бір бөлігінде тану немесе танымау туралы) уақытша әкімші шешім қабылданған күннен кейінгі күні әрбір кредиторға жазбаша хабарлауға міндетті.
Кредитордың талабын (толық көлемде немесе бір бөлігінде) тану туралы хабарламада уақытша әкімші кредиторлардың алғашқы жиналысының өткізілу күнін, уақытын, орнын және күн тәртібін көрсетуге міндетті.
Уақытша әкімшінің шешімімен келіспеген жағдайда кредитор, құрылтайшы (қатысушы), борышкер оңалту туралы істі қарайтын сотта он жұмыс күні ішінде оған шағым жасауға құқылы.
7. Уақытша әкімші соттың оңалту рәсімін қолдану туралы шешімі күшіне енген күннен бастап екі айдан кешіктірілмейтін мерзімде Қазақстан Республикасының Үкіметі белгілеген тәртіппен, мерзімде және нысан бойынша кредиторлар талаптарының тізілімін, сондай-ақ талаптары танылмаған кредиторлардың тізбесін қалыптастыруға және уәкілетті органның интернет-ресурсында орналастыру үшін уәкілетті органға жіберуге міндетті.
Уәкілетті орган кредиторлар талаптарының тізілімін алған күннен бастап екі жұмыс күні ішінде оны өзінің интернет-ресурсында орналастыруға міндетті.
73-бап. Оңалту жоспары және оны бекіту тәртібі
1. Оңалту жоспарында борышкердің төлем қабілеттілігін қалпына келтіру жөнінде нақты іс-шаралар (оңалту шаралары) және осы Заңның 77-бабының 2-тармағында көрсетілген кредиторлар алдындағы берешекті өтеу кестесі қамтылуға тиіс.
Табиғи монополиялар субъектілері немесе тауар нарығында үстем (монополиялық) жағдайға ие нарық субъектілері болып табылатын не республика экономикасы үшін маңызды стратегиялық мәні бар, азаматтардың өміріне, денсаулығына, ұлттық қауіпсіздікке немесе қоршаған ортаға әсер ете алатын ұйымдардың оңалту жоспарына өзгерістер мен толықтырулар тиісті орталық атқарушы органмен, Қазақстан Республикасы Ұлттық қауіпсіздік комитетінің тиісті аумақтық органымен, ал қала құраушы заңды тұлғалар бойынша - тиісті облыстың, республикалық маңызы бар қаланың және астананың жергілікті атқарушы органымен келісілуге тиіс.
Оңалту жоспарына өзгерістер мен толықтырулар кредиторлар жиналысының келісуімен енгізіледі және оны сот бекітеді.
2. Оңалту жоспарын борышкер оңалту рәсімін қолдану туралы шешім заңды күшіне енген күннен бастап үш ай ішінде кредиторлармен бірлесіп әзірлеуге тиіс.
3. Оңалту жоспарын іске асыру мерзімі бес жылдан аспауға тиіс.
4. Оңалту шаралары санацияны, электрондық аукцион өткізу арқылы мүлікті (активтерді) сатуды, борышкердің талап ету құқықтарын басқаға беруді, борыштың бір бөлігін кешіруді, өсімпұлдар мен айыппұлдарды есептен шығаруды, борыштарды акцияларға алмастыруды, бітімгершілік келісімін жасасуды және басқаларды қоса алғанда, борышкердің төлем қабілеттілігін қалпына келтіруге бағытталған кез келген ұйымдастырушылық-шаруашылық, техникалық, қаржы-экономикалық, құқықтық және Қазақстан Республикасының заңнамасына қайшы келмейтiн өзге де іс-шараларды қамтуы мүмкін.
5. Егер оңалту жоспарында ақшалай қаражат көзі ретінде кредиттер (микрокредиттер) алу қамтылса, оңалту жоспарына кредит (микрокредит) алуға шарт қоса беріледі.
6. Оңалту жоспары кредиторлар талаптарының тізілімі бекітілгеннен кейін кредиторлар жиналысына келісу үшін ұсынылуға тиіс.
7. Борышкер уақытша әкімшіге әзірленген оңалту жоспарын кредиторлар жиналысында ол қаралғаннан кейінгі күннен кешіктірмей ұсынуға міндетті.
Уақытша әкімші сотқа оңалту жоспарының тиімділігі (тиімсіздігі) туралы қорытынды ұсынуға міндетті.
8. Табиғи монополиялар субъектiлерi немесе тауар нарығында үстем (монополиялық) жағдайға ие нарық субъектiлерi болып табылатын не республика экономикасы үшiн маңызды стратегиялық мәнi бар, азаматтардың өмiрiне, денсаулығына, ұлттық қауiпсiздiкке немесе қоршаған ортаға әсер ете алатын ұйымдардың оңалту жоспары тиісті орталық атқарушы органмен, Қазақстан Республикасы Ұлттық қауiпсiздiк комитетiнiң тиiстi аумақтық органымен, ал қала құраушы заңды тұлғалар бойынша - тиiстi облыстың, республикалық маңызы бар қаланың және астананың жергілікті атқарушы органымен келiсiлуге тиiс.
Ұсынылған оңалту жоспары он жұмыс күні ішінде қаралады.
9. Борышкер оңалту жоспарын кредиторлар жиналысы мақұлдағаннан кейін осы Заңның 59-бабы 2-тармағының 2) тармақшасында белгіленген мерзімнен кешіктірмей сотқа ұсынуға міндетті.
10. Кредиторлар жиналысымен келісілген оңалту жоспары ұсынылған күнінен бастап жеті жұмыс күні ішінде сот ұйғарымымен бекітіледі.
11. Сот осы Заңда белгіленген талаптарды бұзушылықтар анықталған жағдайларда, сондай-ақ уақытша әкімшінің оңалту жоспарының тиімсіздігі туралы қорытынды ұсынуына байланысты оңалту жоспарын бекітуден бас тартуға құқылы.
12. Оңалту жоспарын бекіту туралы сот ұйғарымында:
1) оңалту жоспарын бекіту туралы;
2) оңалту рәсімін аяқтау және қорытынды есеп ұсыну мерзімдері туралы;
3) уақытша әкімшіні шеттету туралы;
4) уәкілетті органның оңалтуды басқарушыны тағайындауы туралы немесе басқару құқығының борышкер мүлкінің меншік иесінде (ол уәкілеттік берген органда), құрылтайшыларда (қатысушыларда) сақталуы туралы нұсқаулар қамтылуға тиіс.
74-бап. Борышкердің талап ету құқықтарын басқаға беруі
Оңалту жоспарында борышкердің талап ету құқықтарын Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес өткізілетін электрондық аукционда сату арқылы осы талаптарды басқаға беруі көзделуі мүмкін.
75-бап. Кредиторлар жиналысының оңалту рәсіміндегі ерекшеліктері
1. Оңалту рәсімі кезінде борышкер оңалту рәсімін қолдану туралы соттың шешімі заңды күшіне енген күннен бастап үш айдан кешіктірілмейтін мерзімде кредиторлардың алғашқы жиналысын өткізеді.
2. Кредиторлар жиналысының құзыретіне:
1) оңалту жоспары бекітілген кезден бастап борышкердің мүлкі мен істерін басқару құқығын борышкер мүлкінің меншік иесінде (ол уәкілеттік берген органда), құрылтайшыларда (қатысушыларда) сақтау немесе оның күшін жою туралы шешім қабылдау;
2) кредиторлар комитетін құру туралы шешім қабылдау;
3) кредиторлар комитеті құрамының санын айқындау және құрамын бекіту;
4) кредиторлар комитетінің құрамына өзгерістер енгізу;
5) оңалту жоспарын келісу;
6) оңалту жоспарына өзгерістер мен толықтыруларды келісу;
7) оңалту рәсімінің мерзімін ұзартуға келісім беру;
8) кредиторлар комитеті мүшелерінің оңалту рәсімінің жүзеге асырылу барысы туралы ақпаратты кредиторлардың назарына жеткізудің тәртібі мен мерзімдерін айқындау;
9) өзге де мәмілелерді кәдімгі коммерциялық операциялар шеңберінен тыс жасалатын мәмілелер санатына жатқызу;
10) оңалту жоспарында көзделмеген, кәдімгі коммерциялық операциялар шеңберінен тыс мәмілелерді келісу;
11) борышкердің өндiрiп алынуы мүмкiн емес дебиторлық берешегiнiң сомасын бекiту;
12) уәкілетті органда тіркелген тұлғалар арасынан оңалтуды басқарушының кандидатурасын таңдау;
13) уақытша әкімшіге және оңалтуды басқарушыға негізгі сыйақы төлемінің мөлшерін айқындау;
14) оңалтуды басқарушыға қосымша сыйақы мөлшерін айқындау;
15) борышкердің мүлкі мен істерін басқару құқығы борышкер мүлкінің меншік иесінде (ол уәкілеттік берген органда), құрылтайшыларда (қатысушыларда) сақталған жағдайларда борышкердің басқару органдары мүшелерінің ақшалай сыйақысының сомасын айқындау;
16) оңалтуды басқарушының (борышкердің) қорытынды есебін келісу;
17) осы Заңда көзделген өзге де өкілеттіктер жатады.
76-бап. Кредиторлар комитетінің оңалту рәсіміндегі ерекшеліктері
Кредиторлар комитетi мынадай өкілеттіктерді жүзеге асырады:
1) оңалтуды басқарушының iс-әрекеттерiн бақылауды жүзеге асыру үшiн кредиторлар комитетiнің мүшелерi арасынан кредиторлар өкiлiн сайлайды;
2) оңалтуды басқарушыдан борышкердің қаржылық жағдайы және оңалту рәсімінің жүзеге асырылу барысы туралы ақпарат беруді талап етеді;
3) уәкілетті органға және (немесе) сотқа оңалтуды басқарушының әрекеттеріне (әрекетсіздігіне) шағымданады;
4) кредиторлардың талаптарын есепке жатқызу туралы шешім қабылдайды;
5) аудиторлық тексерудің және түгендеудің нәтижелерін назарға алады;
6) борышкердің мемлекеттік қолдау шараларына өтініш білдіруіне және оңалту рәсімін тоқтата тұруға келісім береді;
7) оңалту жоспарында көзделгендерді қоса алғанда, борышкердің мүлкін (активтерін) кәдімгі коммерциялық операциялар шеңберінен тыс сату тәртібін айқындайды;
8) оңалту рәсімін жүргізу үшін әкімшілік шығыстардың сметасын және тартылатын қызметкерлердің санын бекітеді;
9) оңалтуды басқарушымен шарт жасасады және оны бұзады;
10) санацияға қатысушының оңалтуды басқарушымен келісімін бекітеді;
11) осы Заңда көзделген өзге де өкілеттіктерді жүзеге асырады.
77-бап. Кредиторлармен есеп айырысу
1. Оңалту рәсімін қолданған кезден бастап:
1) моральдық зиянның орнын толтыру туралы талаптарды қоспағанда, жалақыдан және (немесе) өзге де табыстан ұсталған алименттердi төлеу жөнiндегi талаптар, сондай-ақ өмiрiне немесе денсаулығына келтiрiлген зиян үшiн борышкер жауапты болатын азаматтардың талаптары қанағаттандырылады;
2) төлеу мерзiмi оңалту рәсiмi қолданылғаннан кейiн басталған, еңбек шарты бойынша жұмыс iстеп жүрген адамдармен өтемақыларды және еңбекақы төлеу бойынша, Мемлекеттiк әлеуметтiк сақтандыру қорына әлеуметтiк аударымдарды, міндетті зейнетақы жарналарын және міндетті кәсіптік зейнетақы жарналарын төлеу бойынша, авторлық шарттар бойынша сыйақыларды төлеу бойынша есеп айырысулар жүргізіледі;
3) міндеттемелерден, оның iшiнде оңалтуды басқарушы (борышкер) жасасқан мәмiлелерден туындаған, орындалу мерзiмi оңалту рәсiмiн жүзеге асыру кезеңiнде басталған кредиторлардың талаптары қанағаттандырылады.
2014.07.11. № 248-V ҚР Заңымен 2-тармақ өзгертілді (бұр.ред.қара)
2. Осы Заңның 104-бабында белгіленген кепілді кредиторлардың талаптарын өтеу тәртібін қоспағанда, өндіріп алу атқару парақтары бойынша немесе даусыз (акцептісіз) тәртiппен жүргiзiлетiн берешектерді қоса алғанда, борышкердiң кредиторлар алдындағы берешектерi бойынша барлық есеп айырысулар осы Заңның 100 және 101-баптарында белгiленген кезектiлiк пен есеп айырысу қағидалары сақтала отырып, оңалту жоспарына сәйкес кредиторлар талаптарының тiзiлiмi жарияланғаннан кейiн жүзеге асырылады.
Өткен салықтық кезеңдер және оңалту рәсімі қолданылған салықтық кезең үшін салықтық есептілікке сәйкес салық төлеуші есептеген, салықтық тексерулер нәтижелері бойынша мемлекеттік кіріс органы есепке жазған салықтарды және бюджетке төленетін басқа да міндетті төлемдерді төлеу бойынша міндеттемелер туындаған кезде, кредиторлар талаптарының тізіліміне, сондай-ақ оңалту жоспарына тиісті өзгерістер мен толықтырулар енгізіледі.
3. Осы баптың 1-тармағының 1) тармақшасында көзделген жағдайларды қоспағанда, кредиторлардың оңалту рәсiмi енгізілгенге дейiн туындаған талаптарын қанағаттандыру, кредиторлар талаптарының тiзiлiмi жарияланғаннан кейiн жүргiзiледi.
4. Кепілді кредитор:
1) өзінің заңды мүдделеріне қатер төндіретін, осы Заңды бұзушылықтар анықталған;
2) өзінің алдындағы берешекті өтеу кестесі бұзылған;
3) кепіл нысанасы болып табылатын мүлік құны өз мүдделеріне нұқсан келтіруге әкеп соғатындай төмендеген;
4) егер өзінің алдындағы міндеттемелердің орындалуын қамтамасыз ету нысанасы болып табылатын мүлік борышкер - заңды тұлғаның қызметін жалғастыру үшін немесе оңалту жоспарын іске асыру үшін талап етілмеген жағдайларда өзінің алдындағы міндеттемелердің орындалуын қамтамасыз ету нысанасы болып табылатын борышкер мүлкіне өндіріп алуды қолдану туралы сотқа жүгінуге құқылы.
78-бап. Санация
1. Егер дәрменсiз борышкердi оңалту жоспарында оңалту шарасы ретiнде оның санациясы қамтылса, оңалту жоспарына сәйкес санацияға қатысушының борышкерге және (немесе) кредиторларға ақша аудару туралы жазбаша мiндеттемесi, сомасы мен мерзiмдері көрсетіле отырып, жоспарға қоса берiлуге тиiс.
2. Санацияға қатысушы барлық кредиторлардың талаптарын олармен келiсiлген мерзiмде қанағаттандыруды қамтамасыз ету мiндеттемесiн өзіне қабылдай алады. Бұл жағдайда, борышкерді басқаруды санацияға қатысушы немесе ол тағайындаған тұлға оңалтуды басқарушы үшін көзделген өкілеттіктер шегінде жүзеге асырады. Осы Заңның 12-бабының 2-тармағында белгіленген талаптар санацияға қатысушыға қолданылмайды.
3. Сот, сондай-ақ уәкілетті орган санацияға қатысушыдан оның осы баптың 1 және 2-тармақтарында көзделген мiндеттемелердi орындауы мүмкiндiгiн растайтын құжаттарды талап етуге құқылы.
79-бап. Санацияға қатысушылардың келiсiмi
Егер санацияға кредиторлардың талаптарын қанағаттандыруды қамтамасыз ету мiндеттемесiн өзіне қабылдаған екi және одан да көп тұлға қатысса, олар кредиторлар алдындағы жауапкершiлiктi өздерiнiң арасында бөлу, санацияға қатысудан ол басталғаннан кейiн санацияға қатысушылардың бiреуi немесе бiрнешеуi бас тартқан жағдайдағы жауаптылық, борышкер мүлкiн басқаруға қатысу тәртiбi көзделетiн келiсiм жасасуға тиiс.
80-бап. Санацияға қатысушылардың жауаптылығы
1. Осы Заңның 78-бабының 2-тармағында көзделген мiндеттеменi өзіне қабылдаған санацияға қатысушы борышкер таратылғаннан кейiн, егер еңсерілмейтін күштiң немесе кредиторлардың не борышкердiң (борышкер мүлкiнің меншік иесiнiң) iс-әрекеттерi нәтижесінде санация мақсаттарына қол жеткiзiлмегенiн дәлелдемесе, оның өтелмеген мiндеттемелерi бойынша субсидиарлық жауаптылықта болады.
Егер келiсiмде өзгеше көзделмесе, санацияға екi немесе одан да көп тұлға қатысқан кезде, олар ортақ жауаптылықта болады.
2. Дәрменсiз борышкердiң кредиторлар талаптарын қанағаттандыруды қамтамасыз ету мiндеттемесін өзіне қабылдамаған санацияға қатысушының жауаптылығы кредиторлар комитетi бекiткен, қатысушының оңалтуды басқарушымен келiсiмімен айқындалады.
81-бап. Санацияға қатысушының құқықтары
1. Санация мақсатына қол жеткізілуіне байланысты оңалту туралы іс бойынша іс жүргізу тоқтатылған кезде осы Заңның 78-бабының 2-тармағында көзделген міндеттемені өзіне қабылдаған және борышкер мүлкінің меншік иесі болып табылмайтын қатысушы санация басталғанға дейін шаруашылық серіктестігіне қатысушылардың, акционерлік қоғам акционерлерінің жалпы жиналысы қабылдаған шешімнің негізінде өзі инвестициялаған қаражат сомасында шаруашылық серіктестігіне қатысушы, акционерлік қоғамның акционері құқығына ие болады, ал егер борышкер мемлекеттік кәсіпорын болып табылса, мүліктің меншік иесі уәкілеттік берген мемлекеттік орган шешімінің негізінде борышкер шаруашылық серіктестігі, акционерлік қоғам болып алдын ала қайта ұйымдастырылғаннан кейін санацияға қатысушы шаруашылық серіктестігіне қатысушы, акционерлік қоғамның акционері құқығына ие болады. Егер борышкер өндірістік кооператив болып табылса, кооператив мүшелерінің жалпы жиналысы шешімінің негізінде борышкер шаруашылық серіктестігі болып алдын ала қайта ұйымдастырылғаннан кейін санацияға қатысушы шаруашылық серіктестігіне қатысушы құқығына ие болады.
Көрсетілген шешiм сотқа оңалту жоспарымен бiр мезгілде ұсынылуға тиiс.
Мұндай жағдайда құрылған шаруашылық серiктестiгiнің жарғылық капиталының мөлшерi жарғылық капитал екi жыл ішінде белгiленген мөлшерлерге дейiн толықтырылатын жағдайда, Қазақстан Республикасының заңнамасында көзделген ең төменгi мөлшерден кем болуы мүмкiн.
2. Санацияға екi немесе одан да көп тұлға қатысқан жағдайда борышкер мүлкiндегi үлес мөлшерi олардың әрқайсысы санация мақсаты үшiн пайдаланған қаражаттың сомасына пропорционалды түрде айқындалады.
82-бап. Оңалту рәсiмiн тоқтату
1. Оңалтуды басқарушы, егер:
1) борышкерге қатысты оңалту рәсiмiнiң мақсатына қол жеткізілген;
2) ол бұл мақсатқа қол жеткізу мүмкін еместігіне көз жеткізген жағдайларда, кредиторлар жиналысының шешімі бойынша борышкерге қатысты оңалту рәсiмiн тоқтату туралы өтiнiшпен сотқа жүгiнедi.
Оңалтуды басқарушының өтiнiшiне оңалтуды басқарушының қорытынды есебi қоса беріледi.
Мемлекеттік қолдау шаралары шеңберінде бекітілген оңалту жоспары орындалған жағдайда, мемлекеттік қолдау шараларына қатысушы оңалту рәсімін тоқтату туралы өтініш білдіреді.
2. Борышкердi оңалту жоспарын iске асыру не оңалтуды басқарушының әрекеттерi (әрекетсiздiгi) өз мүдделерiне нұқсан келтiредi деп есептейтiн борышкер мүлкiнiң меншік иесi (ол уәкiлеттік берген орган) оңалту рәсiмiн тоқтату туралы сотқа жүгіне алады.
3. Кредиторлар жиналысының өткізілетіні туралы тиісінше хабардар етілмеген жағдайда, талап қою сомасы кредиторлар талаптарының тізіліміне енгізілген талаптардың жалпы сомасының кемінде он пайызын құрайтын кредитордың оңалту рәсімін тоқтату туралы сотқа жүгінуге құқығы бар.
4. Кредитор (кредиторлар):
1) борышкердің оңалту жоспарын құру жөніндегі әрекеттерi (әрекетсiздiгi) өзінің мүліктік мүдделеріне нұқсан келтіретінін растайтын негіздер болған;
2) кредиторлық берешекті өтеу кестесі үш айдан астам орындалмаған;
3) оңалту рәсімін қолдану туралы өтінішке қоса берілген құжаттарда анық емес мәліметтердің ұсынылу фактілері анықталған;
4) борышкердi оңалту жоспарын iске асыру не оңалтуды басқарушының әрекеттерi (әрекетсiздiгi) өзінің мүліктік мүдделерiне нұқсан келтiретінін растайтын негіздер болған кезде оңалту рәсімін тоқтату туралы өтінішпен сотқа жүгіне алады.
5. Осы баптың 1-тармағының бірінші бөлігінің 2) тармақшасында, 2, 3 және 4-тармақтарында көзделген негіздер бойынша оңалту рәсімін тоқтату туралы сотқа өтініш берілген кезде өтініш беруші тұлға борышкерді банкрот деп тану туралы талапты өтініште көрсетуге міндетті.
Осы тармақтың талаптары орындалмаған жағдайда сот оңалту рәсімін тоқтату туралы өтінішті қараусыз қалдырады.
6. Кредиторлар жиналысы оңалту рәсімін келісуден бас тартқан не борышкер осы Заңның 59-бабы 2-тармағының 2) тармақшасында белгіленген мерзімде оңалту жоспарын ұсынбаған жағдайларда, сот уақытша әкімшінің өтініші бойынша оңалту рәсімін тоқтатады.
83-бап. Оңалту рәсiмiн тоқтатудың салдарлары
Осы Заңның 82-бабының 1-тармағының 2) тармақшасында, 2, 3, 4 және 6-тармақтарында көзделген негіздер бойынша оңалту рәсімі тоқтатылған және банкроттық туралы іс қозғалған (қайта басталған) жағдайларда:
1) осы Заңның 68-бабында көзделген салдарлар сақталады;
2) борышкерді банкрот деп тану туралы шешім шығарылғанға және банкроттықты басқарушы тағайындалғанға дейін борышкердің мүлкі мен істерін басқару құқығы оңалту рәсімінде басқаруды жүзеге асырған тұлғада сақталады.
6-тарау. БАНКРОТТЫҚ РӘСІМІ
84-бап. Банкроттық рәсімін жүргізу мерзімі
1. Банкроттық рәсімін жүргізу мерзімі сот шешімімен айқындалады және ол тоғыз айдан аспауға тиіс. Бұл мерзімді кредиторлар жиналысының келісуімен банкроттықты басқарушының өтінішхаты бойынша сот үш айдан аспайтын мерзімге ұзарта алады.
Банкроттық рәсімін жүргізу мерзімі борышкерді банкрот деп тану туралы сот шешімі заңды күшіне енген күннен бастап есептеледі.
2. Мыналар:
1) соттың іс жүргізуінде борышкер мен оның кредиторларының мүліктік мүдделерін қозғайтын істің болуы;
2) өткізілмеген мүліктің болуы;
3) банкроттықты басқарушының борышкер мен оның кредиторларының мүдделеріне қарсы әдейі немесе жалған банкроттық белгілері, өзге де құқық бұзушылықтар немесе қылмыстар бойынша қылмыстық қудалау органдарына жүгінуі;
4) қорытынды есепті бекітуден бас тарту туралы сот ұйғарымында көрсетілген, Қазақстан Республикасының заңнамасын бұзушылықтарды жою қажеттілігі;
5) уәкілетті орган анықтаған, Қазақстан Республикасының заңнамасын бұзушылықтарды жою қажеттілігі банкроттық рәсімін жүргізу мерзімін ұзарту үшін негіз болып табылады.
85-бап. Банкроттық рәсіміне қатысушылар
Мыналар:
1) банкроттық туралы істі қарайтын сот;
2) уәкілетті орган;
3) банкрот;
4) банкрот мүлкiнің меншiк иесі, қатысушылар (құрылтайшылар);
5) кредитор;
6) уақытша және банкроттықты басқарушылар;
7) басқа да мүдделі адамдар банкроттық рәсіміне қатысушылар болып табылады.
86-бап. Соттың банкроттық рәсіміндегі өкiлеттiктерi
Банкроттық рәсімінде соттың мынадай өкiлеттiктерi болады:
1) банкроттық рәсімін қозғайды, ұзартады және тоқтатады;
2014.29.09. № 239-V ҚР Заңымен 2) тармақша өзгертілді (бұр.ред.қара)
2) заңды тұлғаларды мемлекеттік тiркеудi жүзеге асыратын органға, уәкілетті органға, жеке сот орындаушыларының палатасына және борышкердің орналасқан жері бойынша аумақтық әділет органына заңды тұлғаны банкрот деп тану туралы шешiм шығарылғанын хабарлайды;
3) банкрот жауапкер ретiнде әрекет ететін мүлiктiк сипаттағы даулар бойынша iстердi өзiнiң іс жүргiзуiне қабылдайды;
4) уақытша басқарушыны тағайындайды және шеттетеді;
5) банкроттық рәсіміне қатысушылар арасындағы дауларды шешеді.
87-бап. Банкроттық рәсімін қозғау салдарлары
1. Сот борышкердi банкрот деп тану және банкроттық рәсімін қозғау туралы шешiм шығарған күннен бастап:
1) борышкер мүлкінің меншік иесіне (ол уәкілеттік берген органға), құрылтайшыларға (қатысушыларға), заңды тұлғаның барлық органдарына мүлікті кәдімгі коммерциялық операциялар шеңберінен тыс пайдалану мен өткізуге және міндеттемелерді өтеуге тыйым салынады;
2) банкроттың барлық борыштық мiндеттемелерiнiң мерзiмдерi өтті деп есептеледі;
3) банкрот берешегiнiң барлық түрлерi бойынша тұрақсыздық айыбын және сыйақыларды (мүдделерді) есепке жазу тоқтатылады;
4) сотта банкроттың қатысуымен қаралатын мүлiктiк сипаттағы даулар, егер олар бойынша қабылданған шешiмдер заңды күшiне енбесе, тоқтатылады;