858-бап. Мүдделi тұлғаның өз мүддесi үшiн жасалған iс-әрекеттердi мақұлдамауының салдары
1. Іс-әрекеттер жасаған тұлға оларды мүдделi тұлғаның мақұлдамағандығы белгiлi болған соң жасаған бөтен мүдделердегі iс-әрекеттер осы iс-әрекеттер жасаған тұлғаға қатысты да, үшiншi бiр тұлғаға қатысты да соңғысына мiндеттер жүктемейдi.
2. Қатерге ұшыраған адамның өмiрiне төнген қауiптi жою мақсатындағы iс-қимылға осы адамның еркiне қарсы, ал бiреудi асырау жөніндегі мiндеттердi орындауға - осындай мiндетi бар тұлғаның еркiне қарсы жол берiледi.
859-бап. Басқаның мүддесiне iс-әрекет жасаған адамға залалдарын өтеу
1. Осы тарауда көзделген ережелерге сәйкес басқаның мүддесiне іс-әрекет жасаған тұлғаға келтiрiлген қажеттi шығындар мен өзге де нақты зиянды, осы Кодекстiң 858-бабының 1-тармағында көрсетiлген iс-әрекеттерден туындаған шығындарды қоспағанда, мүдделi адам өтеуге тиiс.
Басқаның мүддесiне жасалған iс-әрекеттер болжанған нәтижеге жеткiзбеген жағдайда да қажеттi шығындар мен өзге де нақты зиянды өтеу құқығы сақталады. Алайда басқа тұлғаның мүлкiне залал келтiрудi болдырмау жағдайында өтеу мөлшерi мүлiктiң құнынан аспауы тиiс.
2. Басқаның мүддесiне iс-әрекеттер жасаған тұлғаға мүдделi тұлғаның мақұлдауын алған соң жасаған iс-әрекеттерге байланысты келтiрiлген шығындары мен өзге де залалдар (осы Кодекстiң 857-бабы) тиiстi түрдегi шарт туралы ережелер бойынша өтеледi.
860-бап. Басқаның мүддесiне жасалған iс-әрекеттер үшiн сыйақы
Егер мұндай құқық заң актілерінде, мүдделi тұлғамен жасалған келісімде немесе іскерлік айналым дағдысында көзделсе, басқаның мүддесiне жасалған iс-әрекеттерi мүдделi тұлға үшiн оң нәтижеге жеткiзген тұлға сыйақы алуға құқылы.
861-бап. Басқаның мүддесiне мәмiле жасау салдары
Басқаның мүддесiне жасалған мәмiле бойынша мiндеттер, ол осы мәмiленi мақұлдаған жағдайда және басқа тарап мұндай ауысуға қарсы болмаса не мәміле жасаған кезде мәміле басқаның мүддесіне жасалғандығын бiлген болса немесе бiлуi тиiс болса, мүддесiне мәмiле жасалған адамға ауысады.
Мәмiле бойынша мiндеттер мүддесiне осы мәмiле жасалған адамға ауысқан кезде, соңғысына осы мәмiле бойынша құқықтар да берiлуге тиiс.
862-бап. Басқаның мүддесiне iс-әрекеттер жасаудың салдарынан негiзсiз баю
Егер басқа адамның мүдделерiн қамтамасыз етуге тiкелей бағытталмаған іс-әрекеттер, оның ішінде оны жасаған адам өз мүддесіне іс-әрекет жасағанын қате болжаған жағдайда да, басқа адамның негiзсiз баюына әкеп соқса, осы Кодекстiң 48-тарауында көзделген ережелер қолданылады.
863-бап. Басқаның мүддесiне жасалған iс-әрекеттермен келтiрiлген зиянды өтеу
Басқаның мүддесiне жасалған iс-әрекеттермен келтiрiлген зиянды мүдделi адамға немесе үшiншi бiр адамдарға өтеу жөніндегі қатынастар осы Кодекстiң 47-тарауында көзделген ережелермен реттеледi.
864-бап. Басқаның мүддесiне iс-әрекеттер жасаған адамның есеп беруi
Басқаның мүддесiне iс-әрекеттер жасаған адам мүддесiне iс-әрекеттер жасалған адамға, түскен кiрiстер мен жасалған шығындарды және өзге де залалдарды көрсетiп есеп беруге мiндеттi.
43-тарау. Комиссия
865-бап. Комиссия шарты
1. Комиссия шарты бойынша бiр тарап (комиссионер) екiншi тараптың (комитент) тапсыруы бойынша сыйақы үшiн комитент есебiнен өз атынан бiр немесе бiрнеше мәмiле жасауға мiндеттенедi.
2. Комиссия шарты жазбаша нысанда жасалуы тиiс.
866-бап. Комиссиялық сыйақы
Комитент комиссионерге сыйақы төлеуге, ал осы тараудың 868-бабының 2-тармағында көзделген жағдайда шартта белгiленген мөлшерде қосымша сыйақы төлеуге де мiндеттi. Егер шартта бұл мөлшер көзделмесе және оның талаптарының негiзiнде оны белгiлеу мүмкiн болмаса, сыйақының мөлшерi осы Кодекстiң 385-бабының 3-тармағына сәйкес белгiленедi.
Егер комиссия шарты комитентке байланысты себептермен орындалмаса, комиссионер комиссиялық сыйақы алу, сондай-ақ шыққан шығындарының орнын толтыру құқығын сақтап қалады.
867-бап. Комиссионердiң үшiншi тұлғамен мәмiле жасау жөніндегі құқықтары мен мiндеттерi
2017.27.02. № 49-VI ҚР Заңымен 1-тармақ өзгертілді (бұр.ред.қара)
1. Комитенттiң мәмiледе аты аталса немесе үшiншi тұлғамен мәмiле бойынша тiкелей қатынастарға кiрсе де, комиссионердiң үшiншi тұлғамен жасаған мәмiлесi бойынша комиссионер құқықтар иеленедi және мiндеттi болады.
Комиссионер үшінші тұлғамен мәміле жасасқаны туралы комитентті хабардар етуге міндетті.
2. Комитенттiң талабы бойынша комиссионер мәмiле жасалған үшiншi тұлғаны құқықтарды бергенi туралы ескерте отырып, осындай мәмiле бойынша оған құқықтар беруге мiндеттi. Соңғысының комиссионерге осы мәмiледен туындайтын өз талаптарының негiзiнде комитент талаптарына қарсылық бiлдiруге құқығы жоқ.
868-бап. Комиссиялық тапсырманы орындау
1. Комиссионер үшiншi адаммен жасаған мәмiледен туындайтын барлық мiндеттерiн орындауға және барлық құқықтарды жүзеге асыруға тиiс.
2. Комиссионер өзiне алған тапсырманы комитенттiң нұсқауларына сәйкес орындауға, ал шартта мұндай нұсқаулар болмаған кезде - іскерлік айналымының дағдыларына немесе әдетте комитент үшiн неғұрлым тиiмдi жағдайларда қойылатын өзге де талаптарға сәйкес орындауға мiндеттi. Егер комиссионер мәмiленi комитент көрсеткеннен гөрi тиiмдi жағдайлар бойынша жасаған болса, түскен олжа, шартта өзгеше көзделмесе, тараптарға тең бөлiнедi.
3. Комиссионер комитент есебiнен жасаған мәмiленi үшiншi тұлғаның орындамағаны үшiн, осы тұлғаны таңдауда комиссионер тиісті сақтық көрсетпеген не мәміленің орындалу кепілдігін өз мойнына алған (делькредере) жағдайларды қоспағанда, комитент алдында жауап бермейдi.
4. Комиссионермен жасалған мәмілені үшінші тұлға бұзған жағдайда комиссионер бұл туралы дереу комитентке хабарлауға және қажеттi дәлелдердi жинау мен қамтамасыз етуге мiндеттi.
5. Комиссионермен жасалған мәмiленi үшiншi тұлғаның бұзғандығы туралы хабарландырылған комитенттiң осындай мәмiле бойынша комиссионердiң ол адамға қойған талаптарын өзiне берудi талап етуге құқығы бар.
869-бап. Қосалқы комиссия
1. Комиссионер қосалқы комиссионердiң iс-әрекетi үшiн комитент алдында жауапты бола отырып, егер шартта өзгеше көзделмесе, басқа тұлғамен қосалқы комиссия шартын жасасуға құқылы.
Қосалқы комиссия шарты бойынша комиссионер, осы Кодекстiң 867-бабының 2-тармағында көзделген құқықтарды қоспағанда, қосалқы комиссионерге қатысты комитенттiң құқықтары мен мiндеттерiн иеленедi.
Заң қандай да бiр мәмiлелердi тек уәкiлдiк берiлген адамдармен ғана жасауға жол беретiн жағдайларда қосалқы комиссия шарты тек осындай тұлғамен жасалуы мүмкiн.
2. Комиссия шарты тоқтағанға дейiн, егер комитент комиссионермен жасаған шартта өзгеше көзделмесе, комитенттiң қосалқы комиссионермен тiкелей қатынас жасауға құқығы жоқ.
870-бап. Комитенттiң нұсқауларынан ауытқу
1. Комиссионердiң осы Кодекстiң 847-бабының 2-тармағында көзделген жағдайларда комитенттiң нұсқауларынан ауытқуға құқығы бар.
2. Мүлiктi комитентпен келiскен бағадан төмен сатқан комиссионер, егер ол мүлiктi келісілген бағамен сатуға мүмкiндiгі болмағанын және неғұрлым төмен бағамен сату бұдан да көп залалдан сақтағанын, сондай-ақ оның нұсқауларынан ауытқуға комитенттiң алдын ала келісімiн алуға мүмкiндiгi болмағанын дәлелдей алмаса, комитентке айырманы өтеуге мiндеттi.
3. Егер комиссионер мүлікті комитентпен келісілгеннен жоғары бағамен сатып алса, мұндай затты қабылдағысы келмейтiн комитент үшiншi тұлғамен мәмiле жасалғандығы туралы хабар алған бойда бұл жөнiнде комиссионерге кешiктiрмей мәлiмдеуге мiндеттi. Олай болмаған жағдайда комитент сатып алынған затты қабылдады деп танылады.
Егер комиссионер баға айырмасын өз есебiне алатынын хабарласа, комитенттің өзі үшін жасалған мәміледен бас тартуға құқығы жоқ.
871-бап. Комиссияның нысанасы болып табылатын мүлiкке құқық
1. Комиссионерге комитенттен келiп түскен не комиссионер комитенттiң есебiнен сатып алған мүлiк комитенттiң меншiгi болып табылады.
2. Комиссионер жасасқан мәмiле бойынша комитентке не үшiншi тұлғаға берiлуге тиiс мүлiктi комиссионер комиссия шарты бойынша өзiне тиесiлi сома төленгенге дейiн ұстап қалуға құқылы.
872-бап. Комиссионердiң өзiне тиесiлi соманы ұстап қалуы
Комиссионер комитенттiң есебiнен түскен барлық соманың iшiнен комиссияның шарты бойынша өзiне тиесiлi соманы ұстап қалуға құқылы.
2017.27.02. № 49-VI ҚР Заңымен 873-баптың тақырыбы жаңа редакцияда (бұр.ред.қара)
873-бап. Комиссионердiң жауаптылығы
1. Комиссионер өзіндегі комитент мүлкiнiң жоғалуына, кем шығуына немесе бүлiнуiне ұшыратқан әрбiр қателiгi үшiн комитент алдында жауап бередi.
2. Егер комиссионердiң комитент жiберген мүлікті не комитентке арнап комиссионерге келiп түскен мүлiктi қабылдауы кезiнде бұл мүлiктi сырттай қараған кезде бүлiну немесе өзге де ақаулар байқалған болса, сондай-ақ комиссионердегi комитенттiң мүлкiне бiреулер зиян келтiрген жағдайда, комиссионер комитенттiң құқығын қорғау шараларын қолдануға, қажеттi айғақтар жинауға және осылар туралы комитентке дереу хабарлауға мiндеттi. Аталған шарттар орындалған жағдайда комиссионер комитенттiң шеккен залалдары үшiн жауап бермейдi.
3. Комиссионер өз қарауында тұрған комитенттiң мүлкiн сақтандырмаған болса, бұл үшiн комитент оған мүлiктi сақтандыруды тапсырған немесе мүлiктi сақтандыру заң бойынша мiндеттi болған жағдайларда ғана жауап бередi.
2017.27.02. № 49-VI ҚР Заңымен 4-тармақпен толықтырылды
4. Комиссионер үшінші тұлғамен мәміле бойынша міндеттемелерді орындамағаны үшін Қазақстан Республикасының заңдарында көзделген жауаптылықта болады.
2017.27.02. № 49-VI ҚР Заңымен 5-тармақпен толықтырылды
5. Комиссионердің үшінші тұлғамен мәміле бойынша өз міндеттерін орындамауынан туындаған шығыстар комиссионердің есебінен жабылады.
874-бап. Өзiне мәмiле жасау
1. Егер комитент өзгеше талап қоймаса, комиссия шартын комиссионер оның өзi сатып алуға тиiс тауарды сатушы ретiнде өзi ұсыну немесе өзi сатуға тиiс тауарды сатып алушы ретiнде өзi қабылдау арқылы жүзеге асыруы мүмкiн.
2. Сатушы ретiнде өз бетiнше тауар ұсынған немесе оны сатып алушы ретiнде қабылдаған комиссионердiң жай комиссиялық ақы алуға құқығы бар және комиссиялық мәмiлелерден туындайтын шығындардың орнын толтыру жөнiнде шот ұсына алады.
875-бап. Комитенттiң комиссия шарты бойынша орындалғанды қабылдауы
Комитент:
1) комиссионерден шарт бойынша барлық орындалғанды қабылдауға;
2) өзi үшiн комиссионер сатып алған мүлiктi қарауға және осы мүлiкте байқалған кемшiлiктер туралы оған дереу хабарлауға;
3) комиссионердi комиссиялық тапсырманы орындау жөнiнде үшiншi тұлға алдында қабылдаған мiндеттемелерден босатуға мiндеттi.
876-бап. Комиссиялық тапсырманы орындау жөніндегі шығындардың орнын толтыру
1. Комитент комиссиялық сыйақы, ал тиiстi жағдайларда делькредере үшiн қосымша сыйақы төлеуден басқа, тапсырманы орындау барысында комиссионер жұмсаған сомалардың орнын толтыруға мiндеттi.
2. Егер заң актілерінде немесе шартта өзгеше белгiленбесе, комиссионердiң өзіндегі комитент мүлiктерiн сақтау жөніндегі шығындардың орнын толтыруға құқығы жоқ.
877-бап. Комитенттiң тапсырманың күшiн жоюы
Комитент комиссионерге берген тапсырманың кез келген уақытта күшiн жоюға құқылы. Бұл орайда комиссионердiң тапсырманың күшiн жоюдан шеккен залалдары жалпы негiздерде өтеледi.
Тапсырманың күшi жойылған жағдайда комитент тапсырманың күшi жойылған кезден бастап бiр айдың iшiнде, егер шартта өзге мерзiм белгiленбесе, комиссионердегi мүлiкке билiк етуге мiндеттi. Егер комитент бұл мiндеттi орындамаса, комиссионер не мүлiктi сақтау үшiн өткізуге, не оны комитент үшiн неғұрлым тиiмдi бағамен сатуға құқылы.
878-бап. Комиссионердiң тапсырманы орындаудан бас тартуы
1. Егер шартта өзгеше көзделмесе, комитенттiң өз мiндеттерiн бұзуы тапсырманы комитенттің нұсқауларына сәйкес орындаудың мүмкiн болмауына әкеп соғатын немесе атқарудың мүмкiн болмауы комиссионер жауап бермейтін өзге де жағдайлардың салдарынан туындаған жағдайларды қоспағанда, комиссионердің өзiне алған тапсырманы орындаудан бас тартуға құқығы жоқ.
Комиссионер өзiнiң бас тартуы туралы комитентке жазбаша хабарлауға және өзіндегі комитент мүлкінің сақталуына шаралар қолдануға мiндеттi.
Комиссионердiң тапсырманы орындаудан бас тартқандығы туралы хабардар етiлген комитент, егер шартта өзге мерзiм белгiленбесе, бас тартуды алған күннен бастап бiр айдың iшiнде комиссионердегi мүлiкке билiк етуге мiндеттi. Егер ол бұл мiндеттi орындамаса, комиссионер мүлiктi сақтауға өткізуге не комитент үшiн мүмкiндiгiнше тиiмдi бағамен сатуға құқылы.
2. Комитенттiң өз мiндеттерiн бұзуы салдарынан тапсырманы орындаудан бас тартқан комиссионердiң комиссиялық сыйақыға, сондай-ақ шыққан шығындардың орнын толтыруға құқығы сақталады.
879-бап. Комиссия шартын тоқтату
1. Комитент комиссия шартында көзделген барлық тапсырмалардың күшiн жойған жағдайда, шарт тоқталады.
2. Комиссия шарты жалпы негiздермен қатар:
1) комиссионердiң шартты орындаудан бас тартуының;
2) комиссионердiң қайтыс болуы, оны әрекетке қабiлетсiз, әрекетке қабiлетi шектеулi, хабар-ошарсыз кеткен немесе дәрменсiз (банкрот) деп танудың салдарынан тоқтатылады.
880-бап. Комитенттiң мерзiмi көрсетiлмей жасалған шарттан бас тартуы
Комитенттiң мерзiмi көрсетiлмей жасалған комиссия шартынан, егер шартта хабарлаудың бұдан да ұзақ мерзiмi көзделмесе, бас тарту туралы комиссионерге бiр айдан кешiктiрмей хабарлап, кез келген уақытта бас тартуға құқығы бар.
Бұл жағдайда комитент комиссионерге шарт тоқтатылғанға дейін ол жасаған мәмiлелер үшiн сыйақы төлеуге, сондай-ақ комиссионерге шарт тоқтатылғанға дейін ол шеккен шығындардың орнын толтыруға мiндеттi.
881-бап. Комиссионердiң мерзiмi көрсетiлмей жасалған шарттан бас тартуы
1. Комиссионердiң мерзiмi көрсетiлмей жасалған комиссия шартынан, егер шартта хабарлаудың бұдан да ұзақ мерзiмi көзделмесе, бас тарту туралы комитентке бiр айдан кешiктiрмей хабарлап, кез келген уақытта бас тартуға құқығы бар.
Бұл жағдайда комиссионер өзіндегі комитент мүлкiнiң сақталуына шаралар қолдануға міндетті. Комитент шарт тоқтатылған кезге дейiн комиссионердегi мүлiкке билiк етуге мiндеттi. Егер ол бұл мiндеттi орындамаса, комиссионердiң не мүлiктi сақтауға өткізуге, не комитент үшiн неғұрлым тиiмдi бағамен сатуға құқығы бар.
2. Шарттан бас тартқан комиссионердiң комиссиялық сыйақы алуға және шарт тоқтатылған кезде өзiне тиесiлi шығындардың өтемiн алуға құқығы бар.
882-бап. Комиссия шартындағы құқықтық мирасқорлық
1. Заңды тұлға-комиссионер қайта ұйымдастырылған жағдайда, егер қайта ұйымдастырудың болғаны туралы хабарлама алған күннен бастап бiр айдың iшiнде комитент шартты бұзғаны туралы хабарламаса, оның құқықтары мен мiндеттерi құқықтық мирасқорларына ауысады.
2. Комитент-азамат қайтыс болған, ол әрекетке қабiлетсiз, әрекетке қабiлетi шектеулi, хабар-ошарсыз кеткен деп танылған жағдайда, сондай-ақ заңды тұлға-комитент таратылған жағдайда комиссионер комитенттiң мұрагерлерiнен немесе өкiлдерiнен тиiстi нұсқаулар келiп түскенше өзiне берiлген тапсырманы орындауды жалғастыруға мiндеттi.
44-тарау. Мүлікті сенімгерлікпен басқару
2007.12.01. № 225-III ҚР Заңымен (бұр. ред. қара); 2011.01.03. № 414-ІV ҚР Заңымен (бұр.ред.қара); 2013.04.07. № 131-V ҚР Заңымен (бұр.ред.қара); 2014.07.03. № 177-V ҚР Заңымен (бұр.ред.қара); 2015.31.10. № 380-V ҚР Заңымен (бұр.ред.қара) 883-бап өзгертілді
883-бап. Мүлiктi сенімгерлiкпен басқару ұғымы және оның пайда болу негiздерi
1. Мүлiктi сенімгерлiкпен басқаруды белгiлеу кезiнде сенімгер басқарушы, егер шартта немесе заң актілерінде өзгеше көзделмесе, өзiнiң иеленуiне, пайдалануына және билiк етуiне берiлген мүлiктi пайда алушының мүддесі үшін өз атынан басқаруды жүзеге асыруға мiндеттенедi.
2. Мүлiктi сенімгерлiкпен басқару:
1) мәмiле (атап айтқанда, шарт бойынша, өсиеттi орындаушы (сенімгерлікпен басқарушы) тағайындалған өсиет бойынша);
2) сот актiсi (банкроттық немесе оңалту рәсiмдерiнде банкроттықты немесе оңалтуды басқарушы тағайындалған, әрекетке қабiлетсiз, хабарсыз кеткен немесе қайтыс болды деп жарияланған азаматтың мүлкiне қорғаншылық белгiленген кезде және Қазақстан Республикасының заңнамалық актілерінде көзделген басқа да жағдайларда);
3) әкімшілік акт (кәмелетке толмаған, қайтыс болған адамның мүлкiне қорғаншылық белгiлеген; кәсiпкер мемлекеттік қызметке кiрген кезде және заң актілерінде көзделген басқа жағдайларда) негiзiнде пайда болады (белгiленедi).
2009.12.02. № 133-IV ҚР Заңымен бап 3-тармақпен толықтырылды
3. Банк қызметін жүзеге асыру кезінде мүлікті сенімгерлікпен басқару ерекшеліктері Қазақстан Республикасының банк қызметін реттейтін заңнамалық актілерінде белгіленеді.
4. Мемлекеттiк мүлiктi сенiмгерлiк басқару ерекшелiктерi Қазақстан Республикасының мемлекеттiк мүлiк, мемлекеттік-жекешелік әріптестік, концессиялар туралы заңнамалық актiлерiнде және Қазақстан Республикасының өзге де заңнамалық актiлерiнде белгiленедi.
884-бап. Мүлiктi сенімгерлiкпен басқару субъектiлерi
1. Меншiк иесi, сондай-ақ өзге де заттық құқық субъектiсi немесе мүлiктi сенімгерлiкпен басқаруға беруге уәкiлеттi құзыреттi орган құрылтайшы бола алады.
2. Егер заң актілерінде өзгеше көзделмесе, кез келген адам сенімгер басқарушы бола алады.
Сенімгер басқарушы тек оның келісімiмен тағайындалуы мүмкiн.
3. Сенімгер басқарушы болып табылмайтын кез келген адам, сондай-ақ мемлекет немесе әкiмшiлiк-аумақтық бөлiнiс пайда алушы (мүддесi үшiн мүлiктi басқару жүзеге асырылатын тұлға) бола алады.
4. Егер заң актілерінде немесе мүлiктi сенімгерлiкпен басқару шартында өзгеше көзделмесе, мүлiктi сенімгерлiкпен басқару құрылтайшысы пайда алушы болып табылады.
2014.07.03. № 177-V ҚР Заңымен 885-бап өзгертілді (бұр.ред.қара)
885-бап. Мүлiктi сенімгерлiкпен басқару объектiлерi
1. Егер заң актілерінде өзгеше көзделмесе, ақшаны, бағалы қағаздарды және мүлiктiк құқықтарды қоса алғанда, кез келген мүлiк сенімгерлiкпен басқару объектiсi бола алады.
2. Сенiп тапсырылған мүлiктi сенімгер басқарушы өзiне меншiк (шаруашылық жүргiзу, оралымды басқару) құқығымен тиесiлi мүлiктен бөлек есепке алуға тиiс.
3. Өзiне жүктелген мiндеттердi жүзеге асыру процесiнде сенім бiлдiрiлген басқарушы сатып алған және (немесе) алған мүлiк сенiп берiлген мүлiк құрамына енгiзiледi.
4. Осы Кодекстiң 1081-бабында көзделген, сондай-ақ осы тұлғаның банкроттығы жағдайларын қоспағанда, құрылтайшының сенiмгерлiкпен басқаруға берген мүлкiне оның борыштары бойынша өндiрiп алуға жол берiлмейдi.
5. Кепiлге салынған мүлiктi сенімгерлiкпен басқаруға беру кепiл ұстаушыны осы мүлiктi өндiрiп алу құқығынан айырмайды.
ҚР Заңымен 16.05.03 ж. № 416-II. 886-бап өзгертілді (бұр. ред. қара)
886-бап. Мүлiктi сенімгерлiкпен басқару шарты
1. Мүлiктi сенімгерлiкпен басқару шарты бойынша бiр тарап (сенімгерлiкпен басқару құрылтайшысы) екiншi тарапқа (сенімгер басқарушыға) мүлiктi сенімгерлiкпен басқаруға бередi, ал екiншi тарап құрылтайшы атаған тұлғаның (пайда алушының) мүдделерi үшiн осы мүлiктi басқаруды жүзеге асыруға мiндеттенедi.
Егер Қазақстан Республикасының заң актілерінде немесе көрсетiлген шартта өзгеше белгiленбесе, мүлiктi сенімгерлiкпен басқару шартының қолданылу кезеңiнде сенімгерлiкпен басқару құрылтайшысы сенімгерлiкпен басқарылатын мүлiкке қатысты қандай да болсын iс-әрекеттердi жүзеге асыруға құқылы емес.
2. Сенімгерлiкпен басқару шартында:
1) мүлiктi сенімгерлiкпен басқару шартының нысанасы және мерзiмi;
2) сенімгерлiкпен басқаруға берiлетiн мүлiктiң құрамы;
3) пайда алушы туралы нұсқау;
4) сенімгер басқарушының есеп беру мерзiмдерi мен нысаны;
5) мүлiктi сенімгерлiкпен басқару шарты тоқтатылған жағдайда сенiп тапсырылған мүліктi алатын адамды көрсету көзделуге тиiс.
Шарттардың жекелеген түрлерi үшiн заң актілерінде өзге де елеулi талаптар көзделуi мүмкін.
Шартта басқа талаптар да, оның iшiнде басқарушыға берiлетiн сыйақының мөлшерi мен нысандары көзделуi мүмкiн.
Шартта үшiншi тұлғалардың сенімгерлiкпен басқаруға берiлген мүлiкке құқығы көрсетiлуге тиiс.
3. Егер заң актілерінен немесе пайда болған қатынастар мәнiнен өзгеше туындамаса, мүлiктi сенімгерлiкпен басқару шарты туралы нормалар мүлiктi сенімгерлiкпен басқаруды белгiлеудiң өзге де негiздерi бойынша пайда болатын қатынастарға қолданылады.
2011.25.03. № 421-IV ҚР Заңымен 887-бап өзгертілді (бұр.ред.қара)
887-бап. Мүлiктi сенімгерлiкпен басқару шартының нысаны
1. Мүлiктi сенімгерлiкпен басқару шарты жазбаша нысанда жасалады.
2. Қозғалмайтын мүлiктi сенімгерлiкпен басқару шарты, қозғалмайтын мүлiктi иелiктен айыру туралы шарт үшiн көзделген нысан мен тәртiп бойынша жасалады.
888-бап. Сенімгер басқарушының құқықтары мен мiндеттерi
1. Сенімгер басқарушының мүлiктi дұрыс басқару мақсатында сеніп тапсырылған мүлікпен меншік иесі жасай алатын кез келген iс-әрекеттi жүргiзуге құқығы бар.
Сенiп берілген мүлікке сенімгер басқарушының құқығы заң актілерімен, шартпен немесе мүлiктi сенімгерлiкпен басқару пайда болғанда негiзге алынған өзге де актiмен шектелуi мүмкiн.
Сенімгер басқарушы қозғалмайтын мүлiктi иелiктен айыру мен кепiлге салуды сенімгерлiкпен басқаруды белгiлеу туралы актiде ол тiкелей көрсетiлген жағдайда ғана жасауға құқылы.
2. Сенімгер басқарушының мүлiктi сенімгерлiкпен басқару кезiнде өзi жасаған қажеттi шығындарды құрылтайшының (пайда алушының) есебiнен, не сенiп тапсырылған мүлiктiң есебiнен, не сенiп тапсырылған мүлiктi пайдаланудан түскен кiрiстiң есебiнен өтетiп алуға құқығы бар.
Егер мүліктi сенімгерлiкпен басқаруды белгiлеу туралы актiде көзделсе, сенімгер басқарушының сыйақы алуға құқығы бар.
3. Сенімгер басқарушының басқа бiреудiң заңсыз иеленуiнен өзiне сенiп тапсырылған мүлiктi қайтарып алуға, сондай-ақ оның басқару құқығын бұзушылықты жоюды, бұл құқық бұзушылық иеленудi бұзумен байланысты болмаса да, талап етуге құқығы бар.
4. Сенімгер басқарушы құрылтайшыға және пайда алушыға, мүлiктi сенімгерлiкпен басқару шартында белгiленген мерзiм мен тәртiп бойынша өз қызметi туралы есеп бередi. Құрылтайшының және (немесе) пайда алушының талап етуi бойынша сенімгер басқарушының қызметi туралы есеп өзге жағдайда да дереу берiлуге тиiс.
5. Сенімгер басқарушының өзi үшiн белгiленген шектеулердi бұза отырып жасаған мәмiлесi, егер мұндай мәмiлеге қатысушы үшiншi тұлға ондай шектеулердi бiлмесе және бiлуге тиiс болмаса, жарамды деп танылады. Бұл жағдайда сенімгер басқарушы құрылтайшы алдында шартқа және заң актілеріне сәйкес жауап бередi.
Сенімгер басқарушы өзiне берiлген құқықты асыра пайдаланып немесе өзi үшiн белгiленген шектеулерді бұзып жасаған мәмiле бойынша мiндеттеменi сенімгер басқарушы өз мүлкi есебiнен мойнына алады.
2011.01.03. № 414-ІV ҚР Заңымен 889-бап өзгертілді (бұр.ред.қара)
889-бап. Сенімгер басқарушының бастамасымен сенімнiң ауысуы
1. Сенімгер басқарушы мүлiктi сенімгерлiкпен басқаруды жеке өзi жүзеге асырады.
2. Сенімгер басқарушы өзiне сенiп берiлген мүлiктi басқару үшiн қажеттi iс-әрекет жасауды, егер ол бұған мүлiктi сенімгерлiкпен басқаруды құру туралы актi арқылы уәкiлеттi болса, не бұған пайда алушының мүдделерiн қамтамасыз етуге байланысты мән-жайлар себептi мәжбүр болса және бұл орайда құрылтайшының нұсқауларын сұрауға мүмкiндiгi болмаса, басқа адамға тапсыра алады. Бұл орайда сенімгер басқарушы өзi таңдап алған сенім бiлдiрiлушiнiң iс-әрекеті үшiн өзi жасағандай жауап бередi.
Сенімгер басқарушы сенімнiң ауысуы туралы дереу құрылтайшыға хабарлауға мiндеттi. Егер заң актілерінде өзгеше көзделмесе, бұл жағдайда құрылтайшы сенімгер басқарушыға бұрын жасалған шығындарын өтеп, ал егер сенімгерлiкпен басқару кәсiпкерлiк қызмет болса, шеккен залалдарын да өтеп, мүлiктi сенімгерлiкпен басқаруды тоқтату туралы мәлiмдеуге құқылы.
890-бап. Сенімгер басқарушының жауапкершiлiгi
1. Мүлiктi тиiсiнше басқармаған жағдайда құрылтайшы немесе пайда алушы сотқа сенімгерлiкпен басқаруды тоқтату және залалдарды өтеу туралы талап қоя алады. Бұл орайда мiндеттердi тиiсiнше орындау үшiн өзiне қатысты барлық шараларды қолданғанын дәлелдей алмаса, сенімгер басқарушы мiндеттерiн тиiсiнше орындамағаны үшiн, кiнәлi деп саналады.
2. Сенімгер басқарушы үшiншi тұлғалардың алдында мүлiктi басқаруда тиiсiнше iс-әрекеттер жасамауы салдарынан келтiрiлген залалы үшiн өз мүлкiмен субсидиарлы жауапты болады.
2011.28.12. № 524-ІV ҚР Заңымен (бұр. ред. қара); 2014.07.03. № 177-V ҚР Заңымен (бұр.ред.қара) 891-бап өзгертілді