«Электрондық үкіметтің» сервистік интеграторы жергілікті атқарушы органдар үшін мемлекеттік органның архитекурасын «электрондық әкімдіктiң» үлгілік архитектурасына, мемлекеттік органдардың архитектураларын әзірлеу, іске асыру, іске асырылуын қолдап отыру, мониторингтеу және дамыту қағидаларына және «электрондық үкiметтiң» архитектурасын дамыту жөніндегі талаптарға сәйкес, сондай-ақ мемлекеттік органның мақсаттары мен міндеттері негізінде әзірлейді.
2019.18.03. № 237-VІ ҚР Заңымен 1-1-тармақпен толықтырылды (2019 ж. 30 наурыздан бастап қолданысқа енгізілді)
1-1. Мемлекеттік органдар мемлекеттік органның архитектурасын әзірлеу, іске асырылуын қолдап отыру және дамыту барысында жұмыс тобын құрады және сервистік интегратор үшін қажетті ұйымдастырушылық және техникалық жағдайлар жасайды.
Мемлекеттік орган мемлекеттік органдардың архитектурасын әзірлеу, іске асыру, іске асырылуын қолдап отыру, мониторингтеу және дамыту қағидаларына сәйкес «электрондық үкіметтің» архитектуралық порталында мемлекеттік орган архитектурасын іске асыру жоспары бөлігінде оның жобасын жария талқылауды қамтамасыз етеді.
2019.18.03. № 237-VІ ҚР Заңымен 2-тармақ өзгертілді (2019 ж. 30 наурыздан бастап қолданысқа енгізілді) (бұр.ред.қара)
2. Мемлекеттік органның архитектурасына өзгерістер енгізу мемлекеттік органдардың архитектураларын әзірлеу, іске асыру, іске асырылуын қолдап отыру, мониторингтеу және дамыту қағидаларына сәйкес жүзеге асырылады.
3. Мемлекеттік органдар мынадай талаптарды:
1) мемлекеттік органның мақсаттары мен міндеттерін іске асыруға ақпараттық-коммуникациялық технологиялардың қосқан үлесін;
2) мемлекеттік функцияларды оңтайландыру мен автоматтандыруды және оларды іске асырудан туындайтын мемлекеттік қызметтерді көрсетуді;
3) мемлекеттік органның құзыретіне кіретін мәселелер бойынша басқа да ақпараттандыру субъектілерімен электрондық ақпараттық өзара іс-қимылды жүзеге асыруды;
4) мемлекеттік қызметтердің электрондық нысанда көрсетілу сапасын және көрсетілетін қызметтерді алушылардың оған қанағаттанушылығын ескере отырып, ақпараттық-коммуникациялық технологияларды қолдану тиімділігінің стратегиялық көрсеткіштерін әзірлеу жөніндегі шараларды қолдануға міндетті.
4. Мемлекеттік орган өзінің құзыретіне кіретін міндеттері мен қызметінің тиімділігі көрсеткіштерінің, функциялар мен көрсетілетін қызметтердің, құжаттардың, деректер мен электрондық ақпараттық ресурстардың, ақпараттық жүйелер мен ақпараттық-коммуникациялық инфрақұрылымның «электрондық үкіметтің» архитектуралық порталында есепке алынуын, сипатталуын, сыныпталуын және жаңартылып отырылуын қамтамасыз етеді.
5. Мемлекеттік органдар ведомстволық бағынысты ұйымдардың ақпараттық өзара іс-қимыл жүргізуге және мемлекеттік қызметтерді электрондық нысанда көрсетуге қажетті тиісті автоматтандырылу деңгейін қамтамасыз етеді.
2019.18.03. № 237-VІ ҚР Заңымен 6-тармақ өзгертілді (2019 ж. 30 наурыздан бастап қолданысқа енгізілді) (бұр.ред.қара)
6. Мемлекеттік органдар ақпарат алмасуды орнату мақсатында ақпараттандыру объектісінің меншік иесінен немесе иеленушісінен «электрондық үкіметтің» ақпараттандыру объектілерімен интеграциясын жүргізуге сұрау салуды алған жағдайда, мемлекеттік органдар уәкілетті органмен келіскен мерзімдерде қажетті ұйымдастырушылық және техникалық жағдайларды қамтамасыз етеді.
24-бап. «Электрондық әкімдіктің» үлгілік архитектурасы
2019.18.03. № 237-VІ ҚР Заңымен 1-тармақ өзгертілді (2019 ж. 30 наурыздан бастап қолданысқа енгізілді) (бұр.ред.қара)
1. «Электрондық әкімдіктің» үлгілік архитектурасы «электрондық үкiметтiң» архитектурасын дамыту жөніндегі талаптарға, мемлекеттік органдардың архитектураларын әзірлеу, іске асыру, іске асырылуын қолдап отыру, мониторингтеу және дамыту қағидаларына және ақпараттық-коммуникациялық технологиялар және ақпараттық қауіпсіздікті қамтамасыз ету саласындағы бірыңғай талаптарға сәйкес әзірленеді.
2. Жергілікті атқарушы органдар мемлекеттік органдардың ақпараттық жүйелерін құрады немесе дамытады, «электрондық әкімдіктің» үлгілік архитектурасының талаптарын ескере отырып, бағдарламалық қамтылымды және (немесе) ақпараттық-коммуникациялық инфрақұрылым объектілерін сатып алады.
25-бап. Мемлекеттік функцияларды автоматтандыру және олардан туындайтын мемлекеттік қызметтерді көрсету
2019.18.03. № 237-VІ ҚР Заңымен 1-тармақ жаңа редакцияда (2019 ж. 30 наурыздан бастап қолданысқа енгізілді) (бұр.ред.қара)
1. Мемлекеттік органның қызметін, оның ішінде мемлекеттік функцияларды және олардан туындайтын мемлекеттік қызметтер көрсетуді автоматтандыру «электрондық үкіметтің» ақпараттандыру объектілерін құру және дамыту жолымен не «электрондық үкіметтің» ақпараттандыру объектілерін немесе ақпараттық-коммуникациялық көрсетілетін қызметтерді сатып алу жолымен мемлекеттік органның бекітілген архитектурасына сәйкес, ал ол болмаған жағдайда - уәкілетті органмен келісілген, мемлекеттік органның автоматтандыру қажеттілігі туралы шешімі негізінде жүзеге асырылады.
Мемлекеттік органдар әлеуетті өнім берушілерді тарту, «электрондық үкіметтің» ақпараттандыру объектісінің техникалық-экономикалық, пайдаланушылық және өзге де сипатталымын нақтылау мақсатында қызметті жоспарланатын автоматтандыруды жария талқылауды қамтамасыз етеді.
2019.18.03. № 237-VІ ҚР Заңымен 2-тармақ өзгертілді (2019 ж. 30 наурыздан бастап қолданысқа енгізілді) (бұр.ред.қара)
2. Мемлекеттік функциялар автоматтандырылу дәрежесіне қарай:
1) толығымен автоматтандырылған;
2) ішінара автоматтандырылған болып бөлінеді.
Құрамына кіретін процестердің барлық операциялары «электрондық үкіметтің» ақпараттандыру объектілерінде орындалатын мемлекеттік органның функциясы толығымен автоматтандырылған болып табылады.
Құрамына кіретін процестер операцияларының бір бөлігі «электрондық үкіметтің» ақпараттандыру объектілерінде орындалатын мемлекеттік органның функциясы ішінара автоматтандырылған болып табылады.
26-бап. «Электрондық үкіметтің» ақпараттық-коммуникациялық платформасы
2019.18.03. № 237-VІ ҚР Заңымен 1-тармақ жаңа редакцияда (2019 ж. 30 наурыздан бастап қолданысқа енгізілді) (бұр.ред.қара)
1. Мемлекеттік органның қызметін, оның ішінде мемлекеттік функцияларды және олардан туындайтын мемлекеттік қызметтер көрсетуді автоматтандыру Қазақстан Республикасының аумағындағы «электрондық үкіметтің» ақпараттық-коммуникациялық платформасында «электрондық үкіметтің» архитектурасын дамыту жөніндегі талаптарға сәйкес ақпараттық жүйелер мен сервистік бағдарламалық өнімдерді орналастыру басымдығын қамтамасыз ету ескеріле отырып жүзеге асырылады.
2. «Электрондық үкіметтің» ақпараттық-коммуникациялық платформасын мемлекеттік функцияларды іске асырудан және олардан туындайтын мемлекеттік қызметтерді электрондық нысанда көрсетуден басқа өзге мақсаттарда пайдалануға жол берілмейді.
3. 2019.18.03. № 237-VІ ҚР Заңымен алып тасталды (2019 ж. 30 наурыздан бастап қолданысқа енгізілді) (бұр.ред.қара)
27-бап. «Электрондық үкіметтің» веб-порталы мен шлюзі
2019.18.03. № 237-VІ ҚР Заңымен 1-тармақ өзгертілді (2019 ж. 30 наурыздан бастап қолданысқа енгізілді) (бұр.ред.қара)
1. «Электрондық үкіметтің» веб-порталы, нормативтік құқықтық базаны қоса алғанда, барлық шоғырландырылған үкіметтік ақпаратқа және электрондық нысанда көрсетілетін мемлекеттік және өзге де қызметтерге қол жеткізудің «ортақ терезесін» білдіретін ақпараттық жүйе болып табылады.
«Электрондық үкіметтің» веб-порталын күтіп-ұстауға, жүргізуге және электрондық ақпараттық ресурстармен ақпараттық толықтыруға қойылатын талаптарды уәкілетті орган белгілейді.
«Электрондық үкіметтің» ақпараттандыру объектілерін өзге де ақпараттандыру объектілерімен интеграциялауға арналған ақпараттық жүйе «электрондық үкіметтің» шлюзі болып табылады.
2019.25.11. № 272-VІ ҚР Заңымен 2-тармақ өзгертілді (бұр.ред.қара)
2. Электрондық нысандағы мемлекеттік және өзге де көрсетілетін қызметтер «электрондық үкіметтің» веб-порталы және ұялы байланыс абоненттік құрылғысы арқылы көрсетілуі мүмкін.
2019.25.11. № 272-VІ ҚР Заңымен 3-тармақ өзгертілді (бұр.ред.қара)
3. «Электрондық үкіметтің» веб-порталы және ұялы байланыс абоненттік құрылғысы арқылы электрондық нысанда мемлекеттік және өзге де көрсетілетін қызметтерді алу үшін электрондық нысанда көрсетілетін қызметтерді алушы субъектілер Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес бір реттік парольді немесе биометриялық сәйкестендіруді пайдалана алады.
28-бап. «Электрондық үкіметтің» төлем шлюзі
1. Төлемдерді электрондық нысанда көрсетілетін өтеулі қызметтер көрсету шеңберінде жүргізу туралы ақпарат беру процестерін автоматтандыратын ақпараттық жүйе «электрондық үкіметтің» төлем шлюзі болып табылады.
2. «Электрондық үкіметтің» төлем шлюзі:
1) электрондық нысанда көрсетілетін қызметтерді алушы субъектінің төлемдер жүргізуге арналған сұрау салуларын беруді;
2) электрондық нысанда қызметтер көрсететін субъектіні электрондық нысанда қызметтер көрсеткені үшін төлемдердің жүзеге асырылғаны туралы хабардар етуді қамтамасыз етеді.
3. Екінші деңгейдегі банктер және банк операцияларының жекелеген түрлерін жүзеге асыратын ұйымдар қызметтер көрсету шеңберінде төлемдерді қабылдау және жүргізу процестеріне қатыса отырып, осы процестерге қатыстырылған өздерінің ақпараттық жүйелерінің «электрондық үкіметтің» төлем шлюзімен тікелей не банкаралық ақша аударымдары жүйесі операторының ақпараттық жүйесі арқылы интеграциясын қамтамасыз етеді.
29-бап. Мемлекеттік органдардың бірыңғай көліктік ортасы
1. «Электрондық үкiметтiң» ақпараттық-коммуникациялық инфрақұрылымына кіретін және ақпараттық қауіпсіздіктің талап етілетін деңгейін сақтай отырып, мемлекеттік органдардың, олардың ведомстволық бағынысты ұйымдары мен жергілікті өзін-өзі басқару органдарының, сондай-ақ уәкілетті орган айқындаған өзге де ақпараттандыру субъектілерінің жергілікті (Интернетке қолжетімділігі бар жергілікті желілерді қоспағанда), ведомстволық және корпоративтік телекоммуникациялар желілерінің өзара іс-қимыл жасауын қамтамасыз етуге арналған телекоммуникациялар желісі мемлекеттік органдардың бірыңғай көліктік ортасы болып табылады.
2. Мемлекеттік органдар, олардың ведомстволық бағынысты ұйымдары және жергілікті өзін-өзі басқару органдары, сондай-ақ уәкілетті орган айқындаған өзге де ақпараттандыру субъектілері жергілікті (Интернетке қолжетімділігі бар жергілікті желілерді қоспағанда), ведомстволық және корпоративтік желілердің өзара іс-қимыл жасауы үшін мемлекеттік органдардың бірыңғай көліктік ортасын ғана пайдалануға міндетті.
3. Ақпараттық қауіпсіздікті қамтамасыз ету мақсатында мемлекеттік органдардың бірыңғай көліктік ортасына қосылған жергілікті, ведомстволық және корпоративтік желілерді жалпыға ортақ пайдаланымдағы телекоммуникациялар желілеріне және басқа да телекоммуникациялар желілеріне жалғау ақпараттық-коммуникациялық технологиялар және ақпараттық қауіпсіздікті қамтамасыз ету саласындағы бірыңғай талаптарға сәйкес жүзеге асырылады.
30-бап. Интернетке қол жеткізудің бірыңғай шлюзі және «электрондық үкіметтің» электрондық поштасының бірыңғай шлюзі
1. Мемлекеттік органдардың, жергілікті өзін-өзі басқару органдарының, мемлекеттік заңды тұлғалардың, квазимемлекеттік сектор субъектілерінің, сондай-ақ ақпараттық-коммуникациялық инфрақұрылымның аса маңызды объектілерінің меншік иелері мен иеленушілерінің жергілікті, ведомстволық және корпоративтік телекоммуникациялар желілерін Интернетке қосуды байланыс операторлары Интернетке қол жеткізудің бірыңғай шлюзі арқылы жүзеге асырады.
2017.28.12. 128-VI ҚР Заңымен 1-1-тармақпен толықтырылды
1-1. Байланыс операторларының трафигін Интернетке қол жеткізудің бірыңғай шлюзі арқылы қосу және өткізу шарттық негізде жүзеге асырылады.
2. Мемлекеттік органдардың және жергілікті өзін-өзі басқару органдарының жергілікті, ведомстволық және корпоративтік телекоммуникациялар желілерін Интернетке қосу ақпараттық-коммуникациялық технологиялар және ақпараттық қауіпсіздікті қамтамасыз ету саласындағы бірыңғай талаптарға сәйкес жүзеге асырылады.
2019.03.07. № 262-VІ ҚР Заңымен 3-тармақ өзгертілді (2020 ж. 1 қаңтардан бастап қолданысқа енгізілді) (бұр.ред.қара)
3. Арнаулы мемлекеттік және құқық қорғау органдары - жедел мақсаттарда, Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкі Интернетке қосуды Интернетке қол жеткізудің бірыңғай шлюзін пайдаланбай ұйымдастыруы мүмкін.
Қаржы нарығы мен қаржы ұйымдарын реттеу, бақылау және қадағалау жөніндегі уәкілетті орган ақпараттық қауіпсіздіктің салалық орталығы функцияларының іске асырылуын ескере отырып, Интернетке қосуды Интернетке қол жеткізудің бірыңғай шлюзін пайдаланбай ұйымдастыруы мүмкін.
4. Мемлекеттік органның электрондық поштасының сыртқы электрондық поштамен электрондық өзара іс-қимылы электрондық хабарларды «электрондық үкіметтің» электрондық поштасының бірыңғай шлюзі арқылы қайта жіберу арқылы жүзеге асырылады.
31-бап. «Электрондық үкіметтің» архитектуралық порталы
2019.18.03. № 237-VІ ҚР Заңымен 1-тармақ өзгертілді (2019 ж. 30 наурыздан бастап қолданысқа енгізілді) (бұр.ред.қара)
1. «Электрондық үкіметтің» архитектуралық порталы сыныптауышқа сәйкес «электрондық үкіметтің» ақпараттандыру объектілері туралы мәліметтерді есепке алуды, сақтауды және жүйелендіруді жүзеге асыруға және ақпараттандыру саласында мониторингтеу, талдау және жоспарлау үшін мемлекеттік органдардың одан әрі пайдалануына арналған ақпараттық жүйе болып табылады.
2019.18.03. № 237-VІ ҚР Заңымен 2-тармақ жаңа редакцияда (2019 ж. 30 наурыздан бастап қолданысқа енгізілді) (бұр.ред.қара)
2. Мемлекеттік органдар «электрондық үкіметтің» архитектуралық порталында «электрондық үкіметтің» ақпараттандыру объектілері туралы мәліметтерді және оларға техникалық құжаттаманың көшірмелерін «электрондық үкіметтің» ақпараттандыру объектілері туралы мәліметтерді есепке алу және «электрондық үкіметтің» ақпараттандыру объектілерінің техникалық құжаттамасының электрондық көшірмелерін орналастыру қағидаларына сәйкес орналастырады.
Құрылатын (дамытылатын) және сатып алынған «электрондық үкіметтің» ақпараттандыру объектісі туралы мәліметтерді «электрондық үкіметтің» сервистік интеграторына ұсыну және оларды жаңартып отыру міндетті болып табылады және «электрондық үкіметтің» ақпараттандыру объектісінің өмірлік циклінің әрбір кезеңінде жүзеге асырылады.
2019.18.03. № 237-VІ ҚР Заңымен 3-тармақ өзгертілді (2019 ж. 30 наурыздан бастап қолданысқа енгізілді) (бұр.ред.қара)
3. «Электрондық үкiметтiң» сервистік интеграторы «электрондық үкіметтің» ақпараттандыру объектілерін құру және дамыту кезінде стандартты шешімді пайдалану үшін «электрондық үкіметтің» архитектуралық порталында орналастырылған «электрондық үкіметтің» ақпараттандыру объектілері туралы мәліметтерге талдау жүргізеді.
4. «Электрондық үкіметтің» сервистік интеграторы мемлекеттік техникалық қызметтің «электрондық үкіметтің» архитектуралық порталына қол жеткізуін, оның ішінде ақпараттық қауіпсіздік жөніндегі талаптарды айқындау бөлігінде сыныптауышты қалыптастыруға және жүргізуге қатысу үшін қол жеткізуін қамтамасыз етеді.
5. 2019.18.03. № 237-VІ ҚР Заңымен алып тасталды (2019 ж. 30 наурыздан бастап қолданысқа енгізілді) (бұр.ред.қара)
6. «Электрондық үкiметтiң» сервистік интеграторы «электрондық үкiметтiң» ақпараттандыру объектілері туралы мәліметтерді «электрондық үкіметтің» архитектуралық порталына орналастыру және оларды жаңартып отыру мәселелері бойынша ұйымдастырушылық-техникалық іс-шараларды жүзеге асырады.
5-тарау. ЭЛЕКТРОНДЫҚ АҚПАРАТТЫҚ РЕСУРСТАР
32-бап. Электрондық ақпараттық ресурстардың түрлері
1. Электрондық ақпараттық ресурстар меншiк нысаны бойынша - мемлекеттiк және мемлекеттiк емес, қолжетiмдiлiк дәрежесі бойынша жалпыға бірдей қолжетiмдi және қолжетiмдiлiгi шектеулі болып табылады.
2. Бюджет қаражаты есебiнен құрылатын, сатып алынатын және жинақталатын, сондай-ақ мемлекеттiк органдар Қазақстан Республикасының заңдарында белгiленген өзге де тәсiлдермен алған электрондық ақпараттық ресурстар мемлекеттiк болып табылады.
3. Жеке және заңды тұлғалардың қаражаты есебiнен құрылатын және сатып алынатын, сондай-ақ олар Қазақстан Республикасының заңдарында белгiленген өзге де тәсiлдермен алған электрондық ақпараттық ресурстар мемлекеттiк емес болып табылады.
4. Меншiк иесi немесе иеленушісі қол жеткізу немесе пайдалану шарттарын көрсетпей беретiн немесе тарататын электрондық ақпараттық ресурстар, сондай-ақ еркін қол жеткiзуге болатын және берілу нысаны мен таратылу тәсiлiне байланысты болмайтын мәлiметтер жалпыға бірдей қолжетiмдi болып табылады.
5. Қазақстан Республикасының заңдарында қолжетімділігі шектелген не Қазақстан Республикасының заңнамасында белгiленген жағдайларда олардың меншiк иесi немесе иеленушісі қолжетімділігін шектеген мәлiметтердi қамтитын электрондық ақпараттық ресурстар қолжетiмдiлiгi шектелген электрондық ақпараттық ресурстар болып табылады.
Қолжетiмдiлiгi шектелген электрондық ақпараттық ресурстар мемлекеттiк құпияларды құрайтын мәліметтерді қамтитын және құпия электрондық ақпараттық ресурстар болып бөлiнедi.
6. Электрондық ақпараттық ресурстарды мемлекеттік құпияларды құрайтын мәліметтерді қамтитын электрондық ақпараттық ресурстарға жатқызу Қазақстан Республикасының мемлекеттік құпиялар туралы заңнамасына сәйкес жүзеге асырылады.
Мемлекеттік құпияларды құрайтын мәліметтерді қамтитын электрондық ақпараттық ресурстарды құру, сатып алу, жинақтау, қалыптастыру, тіркеу, сақтау, өңдеу, жою, пайдалану, беру, қорғау, егер Қазақстан Республикасының мемлекеттік құпиялар туралы заңнамасында өзгеше көзделмесе, осы Заңға сәйкес жүзеге асырылады.
7. Мемлекеттік құпияларды құрамайтын мәліметтерді қамтитын, бірақ Қазақстан Республикасының заңдарында қолжетімділігі шектелген не олардың меншік иесі немесе иеленушісі қол жетімділігін шектеген электрондық ақпараттық ресурстар құпия электрондық ақпараттық ресурстар болып табылады.
33-бап. Электрондық ақпараттық ресурстардың құқықтық режимі
1. Электрондық ақпараттық ресурстарға меншiк құқығының және өзге де мүліктік құқықтардың туындауының, өзгеруінің және тоқтатылуының негiздерi Қазақстан Республикасының азаматтық заңнамасында белгіленедi.
2. Заңды тұлғаның меншiгi болып табылатын электрондық ақпараттық ресурстар Қазақстан Республикасының азаматтық заңнамасына сәйкес оның мүлкiнiң құрамына кіреді.
3. Мемлекеттік электрондық ақпараттық ресурстардың меншік иесі мемлекет болып табылады.
Мемлекеттiк органдардың қарауындағы мемлекеттiк электрондық ақпараттық ресурстар олардың құзыретiне сәйкес мемлекеттiк мүлiк құрамында есепке алынуға және қорғалуға жатады.
4. Бағдарламалық қамтылымға, ақпараттық жүйелерге және интернет-ресурстарға меншiк құқығы, егер Қазақстан Республикасының заңнамасында немесе басқа меншiк иелері немесе иеленушілері арасындағы келісімде өзгеше көзделмесе, олардың көмегімен құрылатын және (немесе) оларда орналастырылған, басқа меншiк иелеріне немесе иеленушілеріне тиесiлi электрондық ақпараттық ресурстарға меншiк құқығын туғызбайды.
5. Көрсетілетін қызметтерді ұсыну тәртiбiмен немесе ақпараттық жүйелер мен интернет-ресурстарды бiрлесiп пайдалану кезiнде өңделетiн электрондық ақпараттық ресурстар электрондық ақпараттық ресурстардың меншік иесiне немесе иеленушісіне тиесiлi болады. Бұл жағдайда жасалатын туынды өнiмнiң тиесiлiгi және пайдаланылуы келісіммен реттеледi.
6. Мемлекеттiк құпияларды құрайтын мәліметтерді қамтитын электрондық ақпараттық ресурстардың меншiк иесi оларға Қазақстан Республикасының мемлекеттiк құпиялар туралы заңнамасында айқындалатын тәртiппен билiк етуге құқылы.
7. Жеке және заңды тұлғалардың меншігі болып табылатын электрондық ақпараттық ресурстар мемлекеттiк құпияларды құрайтын мәліметтерді қамтитын электрондық ақпараттық ресурстарға жатқызылған жағдайда, олар Қазақстан Республикасының мемлекеттiк құпиялар туралы заңнамасында белгіленген тәртіппен иеліктен шығарылуға жатады.
34-бап. Электрондық ақпараттық ресурстарды қалыптастыру және пайдалану
1. Мемлекеттiк электрондық ақпараттық ресурстар мемлекеттiк органдардың, жеке және заңды тұлғалардың ақпаратқа қажеттiлiктерiн қамтамасыз ету, мемлекеттік функцияларды жүзеге асыру және электрондық нысанда мемлекеттiк қызметтерді көрсету мақсатында қалыптастырылады.
2. Мемлекеттiк органдардың мемлекеттiк электрондық ақпараттық ресурстарды қалыптастыру жөнiндегi қызметi, Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкінің электрондық ақпараттық ресурстарды қалыптастыруын қоспағанда, бюджет қаражаты есебiнен қаржыландырылады.
3. Электрондық ақпараттық ресурстардың меншiк иесi немесе иеленушісі оларды Қазақстан Республикасының заңдарында белгiленген шектеулердi сақтай отырып, еркiн пайдалануға және таратуға құқылы.
4. Пайдаланушының электрондық ақпараттық ресурстарды пайдалануы мен таратуы электрондық ақпараттық ресурстардың және (немесе) ақпараттық жүйелердің меншік иелері немесе иеленушілері белгілеген тәртіппен жүзеге асырылады.
35-бап. Электрондық ақпараттық ресурстарға қолжетімділік
1. Қолжетiмдiлiгi шектеулі электрондық ақпараттық ресурстарды қоспағанда, Қазақстан Республикасының мемлекеттiк электрондық ақпараттық ресурстары жалпыға бірдей қолжетiмдi болып табылады.
Мемлекеттік органдар жалпыға бірдей қолжетімді мемлекеттік электрондық ақпараттық ресурстардың қазақ және орыс тілдерінде құрылуын қамтамасыз етеді.
2. Қолжетімділігі шектеулі электрондық ақпараттық ресурстарға қол жеткізудің шарттары мен тәртібін Қазақстан Республикасының заңнамасы және осы ресурстардың меншік иесі айқындайды, оның ішінде олар электрондық ақпараттық ресурстардың меншік иелері арасында келісімдер жасасу арқылы айқындайды.
3. Мемлекеттік органның ақпараттық жүйесіндегі мемлекеттік электрондық ақпараттық ресурстардың меншік иесі болып табылмайтын осы жүйенің иеленушісі электрондық ақпараттық ресурстардың меншік иесі мен басқа да мемлекеттік электрондық ақпараттық ресурстардың меншік иелері арасында жасалатын келісім негізінде осы ресурстарға қолжетімділікті ұсынады.
4. Электрондық ақпараттық ресурстарға қолжетімділік мынадай тәсілдердің бірімен:
1) электрондық ақпараттық ресурстарға қол жеткізу жөніндегі сұрау салуды ақпараттық жүйенің меншік иесіне немесе иеленушісіне электрондық поштаны пайдалана отырып және сәйкестендіру нөмірін көрсете отырып немесе электрондық цифрлық қолтаңбамен куәландырылған электрондық құжат нысанында немесе электрондық ақпараттық ресурстардың меншік иесі немесе иеленушісі белгілеген өзге де тәсілдермен беру арқылы;
2) пайдаланушының жалпыға бірдей қолжетімді электрондық ақпараттық ресурстарға, ақпараттық жүйелерге тікелей өтініш жасауы арқылы жүзеге асырылады.
5. Мыналарды:
1) мемлекеттiк құпияларды немесе заңмен қорғалатын өзге де құпияны қамтитындарын қоспағанда, нормативтiк құқықтық актiлерді;
2) төтенше жағдайлар, табиғи және техногендiк апаттар, ауа райы, санитариялық-эпидемиологиялық және азаматтардың, елдi мекендер мен өндiрiстiк объектiлердiң тыныс-тіршілігі мен қауiпсiздiгiн қамтамасыз ету үшiн қажеттi өзге де жағдайлар туралы мәлiметтердi;
3) мемлекеттiк органдардың қызметi туралы ресми мәлiметтердi;
4) мемлекеттiк органдардың, кiтапханалардың, архивтер мен өзге де ұйымдардың ашық ақпараттық жүйелерiнде жинақталатын мәлiметтердi қамтитын мемлекеттiк электрондық ақпараттық ресурстарға қолжетімділіктi шектеуге болмайды.
2019.25.11. № 272-VІ ҚР Заңымен 6-тармақ өзгертілді (бұр.ред.қара)
6. Мемлекеттік органдар, мемлекеттік заңды тұлғалар, жарғылық капиталына мемлекет қатысатын заңды тұлғалар ашық деректерді жеке және заңды тұлғаларға ашық деректердің интернет-порталы арқылы қазақ және орыс тілдерінде ұсынуға міндетті.
Ашық деректердің интернет-порталының қазақ және орыс тілдерінде жұмыс істеуін қамтамасыз етуді оператор жүзеге асырады.
7. Соттың заңды күшіне енген шешімімен немесе Қазақстан Республикасының заңдарымен тыйым салынған, сондай-ақ қолжетімділігі Қазақстан Республикасы Бас Прокурорының немесе оның орынбасарларының уәкілетті органға заңның бұзушылықтарын жою туралы енгізген нұсқамасымен уақытша тоқтатыла тұрған ақпарат телекоммуникациялар желілері арқылы таратылған жағдайда, уәкілетті органдар, интернет-ресурстардың меншік иелері немесе иеленушілері тыйым салынған ақпаратқа қолжетімділікті шектеу жөнінде дереу шаралар қолдануға міндетті.
36-бап. Дербес деректерді қамтитын электрондық ақпараттық ресурстар
1. Дербес деректерді қамтитын электрондық ақпараттық ресурстар жалпыға бірдей қолжетімді дербес деректерді қамтитын электрондық ақпараттық ресурстарға және қолжетімділігі шектелген дербес деректерді қамтитын электрондық ақпараттық ресурстарға бөлінеді.
Жалпыға бірдей қолжетімді дербес деректерді қамтитын электрондық ақпараттық ресурстарға дербес деректер субъектісінің келісуі бойынша өздеріне қол жеткізу еркін болып табылатын немесе өздеріне Қазақстан Республикасының заңдарына сәйкес құпиялылықты сақтау талаптары қолданылмайтын дербес деректерді қамтитын электрондық ақпараттық ресурстар жатады.