3. Тіркелгенге дейін кандидат және оның зайыбы (жұбайы) тұрғылықты жері бойынша мемлекеттік кіріс органдарына салықтардың және бюджетке төленетін басқа да міндетті төлемдердің түсуін қамтамасыз ету саласында басшылықты жүзеге асыратын уәкілетті мемлекеттік орган белгілеген тәртіппен және нысанда ұсыну мерзімі басталған айдың бірінші күніне активтер мен міндеттемелер туралы декларацияны тапсырады.
Кандидат және оның зайыбы (жұбайы) декларациялаған активтер мен міндеттемелер туралы мәліметтердің анықтығын мемлекеттік кіріс органдары кандидат тіркелген күннен бастап бес күн ішінде тексереді.
Бұл ретте кандидаттың және оның зайыбының (жұбайының) активтер мен міндеттемелер туралы мәліметтерді ұсынуы туралы мемлекеттік кіріс органдарының талабын алған ұйымдар сұратылған ақпаратты талап алынған күннен бастап үш күн ішінде ұсынуға міндетті.
4. Аудандық (қалалық) сайлау комиссиясы құжаттар тіркеуге келіп түскен кезден бастап кандидаттың құжаттарын арнаулы тексеру жүргізу үшін Қазақстан Республикасының ұлттық қауіпсіздік органдарына жібереді.
Арнаулы тексерудің нәтижелерін Қазақстан Республикасының ұлттық қауіпсіздік органдары аудандық (қалалық) сайлау комиссиясынан құжаттарды алған кезден бастап отыз күн ішінде аудандық (қалалық) сайлау комиссиясына ұсынады.
Бұл ретте арнаулы тексеру барысында Қазақстан Республикасы ұлттық қауіпсіздік органдарының мәліметтерді ұсыну туралы талабын алған ұйымдар сұратылған ақпаратты талап алынған күннен бастап үш күн ішінде ұсынуға міндетті.
5. Саяси партия ұсынған кандидатты тіркеу мынадай құжаттар болған кезде жүргізіледі:
1) саяси партияны мемлекеттік тіркеу туралы құжаттың көшірмесін қоса бере отырып, осы саяси партияның тиісті филиалының (өкілдігінің) жоғары басшы органы отырысының кандидатты ұсыну жөніндегі хаттамасынан үзінді көшірме;
2) азаматтың аудандық маңызы бар қала, ауыл, кент, ауылдық округ әкіміне кандидат болып дауысқа түсуге келісетіні туралы өтініші;
3) кандидат туралы өмірбаяндық деректер;
4) кандидаттың және оның зайыбының (жұбайының) активтер мен міндеттемелер туралы декларацияларды тапсырғаны туралы мемлекеттік кіріс органының анықтамалары;
5) саяси партияның сайлау жарнасын енгізгенін куәландыратын құжат;
6) адамның саяси партияға мүшелігін растайтын құжат;
7) Қазақстан Республикасының мемлекеттік қызметіне кіретін азаматтарға арнаулы тексеру жүргізуге қажетті құжаттар.
6. Кандидат өзін-өзі ұсынған жағдайда оны тіркеу мынадай құжаттар болған кезде жүргізіледі:
1) азаматтың аудандық маңызы бар қала, ауыл, кент, ауылдық округ әкіміне кандидат болып дауысқа түсу ниеті туралы өтініші;
2) тиісті әкімшілік-аумақтық бірлік сайлаушыларының кандидатты қолдап қойған қолдарын тексеру нәтижелері туралы тиісті аудандық (қалалық) сайлау комиссиясының хаттамасы;
3) кандидат туралы өмірбаяндық деректер;
4) кандидаттың және оның зайыбының (жұбайының) активтер мен міндеттемелер туралы декларацияларды тапсырғаны туралы мемлекеттік кіріс органының анықтамалары;
5) кандидаттың сайлау жарнасын енгізгенін куәландыратын құжат;
6) Қазақстан Республикасының мемлекеттік қызметіне кіретін азаматтарға арнаулы тексеру жүргізуге қажетті құжаттар.
7. Осы Конституциялық заңның 113-3-бабының 6-тармағында көзделген тәртіппен аудан (облыстық маңызы бар қала) әкімі ұсынған кандидатты тіркеу мынадай құжаттар болған кезде жүргізіледі:
1) аудан (облыстық маңызы бар қала) әкімінің ұсынуы;
2) азаматтың аудандық маңызы бар қала, ауыл, кент, ауылдық округ әкіміне кандидат болып дауысқа түсуге келісетіні туралы өтініші;
3) кандидат туралы өмірбаяндық деректер;
4) кандидаттың және оның зайыбының (жұбайының) активтер мен міндеттемелер туралы декларацияларды тапсырғаны туралы мемлекеттік кіріс органының анықтамалары;
5) кандидаттың сайлау жарнасын енгізгенін куәландыратын құжат;
6) Қазақстан Республикасының мемлекеттік қызметіне кіретін азаматтарға арнаулы тексеру жүргізуге қажетті құжаттар.
8. Аудандық (қалалық) сайлау комиссиясы кандидаттарды тіркеу туралы хаттама жасайды.
9. Аудандық (қалалық) сайлау комиссиясы кандидаттарды тіркегеннен кейін бесінші күннен кешіктірмей жергілікті бұқаралық ақпарат құралдарында әрбір кандидаттың тегін, атын, әкесінің атын (егер ол жеке басты куәландыратын құжатта көрсетілген болса), туған жылын, атқаратын лауазымын (жұмысын), жұмыс орны мен тұрғылықты жерінің мекенжайын, ұсынылу тәсілін, сондай-ақ кандидаттың қалауына қарай оның саяси партияға тиесілілігі мен ұлты туралы мәліметтерді көрсете отырып, тіркеу туралы хабарды жариялайды.
10. Аудандық (қалалық) сайлау комиссиясы тіркеу кезінде кандидаттарға тиісті куәлік береді.
11. Аудандық (қалалық) сайлау комиссиясы:
1) кандидат ұсыну қағидаларын бұзған, тіркеуге қажетті құжаттарды ұсынбаған;
2) кандидат өзіне осы Конституциялық заңда, «Қазақстан Республикасындағы жергілікті мемлекеттік басқару және өзін-өзі басқару туралы» Қазақстан Республикасы Заңының 36-бабында және Қазақстан Республикасының мемлекеттік қызмет саласындағы заңнамасында қойылатын талаптарға сәйкес келмеген;
3) кандидат өзінің сайлау алдындағы науқанында лауазымдық немесе қызметтік жағдайын пайдаланған;
4) кандидат, сондай-ақ кандидатты ұсынатын саяси партия сайлау алдындағы үгітті тіркеу мерзімі аяқталғанға дейін, сайлау күні не оның алдындағы күні жүргізген;
5) сот кандидаттың және (немесе) оның сенім білдірген адамдарының басқа кандидаттың ар-намысы мен қадір-қасиетіне нұқсан келтіретін, оның іскерлік беделін түсіретін жалған мәліметтерді тарату фактісін анықтаған;
6) сот кандидаттың және оның сенім білдірген адамдарының сайлаушыларды сатып алу фактілерін анықтаған;
7) Қазақстан Республикасының сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл туралы заңнамасына сәйкес декларацияны беру кезінде кандидат немесе оның зайыбы (жұбайы) декларациялаған активтер мен міндеттемелер туралы мәліметтердің анық еместігі анықталған;
8) арнаулы тексерудің теріс нәтижелері алынған;
9) осы Конституциялық заңда белгіленген өзге де жағдайларда кандидатты тіркеуден бас тартады немесе кандидатты тіркеу туралы шешімнің күшін жояды.
12. Дауыс беру күніне екі күн қалғанда кандидатты тіркеу туралы шешімнің күшін жоюға немесе бұрын тіркеуден шығарылған кандидатты қалпына келтіруге жол берілмейді.
13. Кандидатты тіркеуден бас тартуға немесе оны тіркеу туралы шешімнің күшін жоюға кандидаттарды ұсынған саяси партия, аудан (облыстық маңызы бар қала) әкімі немесе кандидат үш күндік мерзімде тиісті облыстық сайлау комиссиясына немесе сотқа шағым жасай алады. Шағым бойынша шешімді сот немесе жоғары тұрған аумақтық сайлау комиссиясы шағым берілген күннен бастап үш күндік мерзімде шығарады.
14. Егер сайлауды тағайындау кезінде өзгеше белгіленбесе, кандидатты тіркеу барлық қажетті құжаттар алынғаннан кейін басталады және сайлау өткізілетін күнге дейін он күн бұрын жергілікті уақыт бойынша сағат он сегізде аяқталады.
113-6-бап. Аудандық маңызы бар қала, ауыл, кент, ауылдық округ әкіміне кандидатураны алып тастау, кандидат етіп ұсыну туралы шешімнің күшін жою
1. Аудандық маңызы бар қала, ауыл, кент, ауылдық округ әкіміне кандидат өзін-өзі ұсынған жағдайда, тіркелген күннен бастап және дауыс беруге дейін екі күн қалған кезеңде өз кандидатурасын алып тастай алады, бұл туралы аудандық (қалалық) сайлау комиссиясына жазбаша өтінішпен жүгінеді.
Аудандық маңызы бар қала, ауыл, кент, ауылдық округ әкіміне саяси партия немесе аудан (облыстық маңызы бар қала) әкімі ұсынған кандидат тіркелген күннен бастап және дауыс беруге дейін екі күн қалған кезеңде өз кандидатурасын алып тастай алады, бұл туралы аудандық (қалалық) сайлау комиссиясына жазбаша өтінішпен жүгінеді және кандидатты ұсынған саяси партияның тиісті филиалын (өкілдігін) немесе аудан (облыстық маңызы бар қала) әкімін хабардар етеді.
2. Кандидатты ұсынған саяси партияның тиісті филиалының (өкілдігінің) жоғары басшы органы немесе аудан (облыстық маңызы бар қала) әкімі тіркеуге дейін екі күн бұрын кандидатты ұсыну туралы өз шешімінің күшін жоя алады, бұл туралы кандидатқа хабарлайды және кандидатты ұсыну туралы шешімнің күшін жою туралы өтінішті тиісті аудандық (қалалық) сайлау комиссиясына жібереді, ол осының негізінде кандидатты тіркеуді жүргізбейді не кандидатты тіркеу туралы шешімнің күшін жояды.
113-7-бап. Тіркеу мерзімі аяқталғаннан кейін аудандық маңызы бар қала, ауыл, кент, ауылдық округ әкіміне кандидаттар ұсыну
1. Егер кандидаттарды тіркеу мерзімі аяқталған күнге аудандық маңызы бар қала, ауыл, кент, ауылдық округ әкіміне екеуден аз кандидат тіркелген жағдайда, аудандық (қалалық) сайлау комиссиясы өз шешімімен сайлау мерзімін ұзартады, бірақ ол он бес күннен аспайды.
2. Егер тіркеу мерзімі аяқталғаннан кейін кандидаттардың шығып қалуы нәтижесінде тиісті сайлау округі бойынша аудандық маңызы бар қала, ауыл, кент, ауылдық округ әкіміне екеуден аз кандидат қалған жағдайда, аудандық (қалалық) сайлау комиссиясы өз шешімімен сайлау мерзімін ұзартады, бірақ ол он бес күннен аспайды.
3. Бұл жағдайларда кандидаттар ұсыну осы Конституциялық заңға сәйкес жүзеге асырылады.
113-8-бап. Аудандық маңызы бар қала, ауыл, кент, ауылдық округ әкімін сайлау кезінде дауыстарды санау
1. Учаскелік сайлау комиссиясы дауыс беру нәтижелері бойынша дауыс беру хаттамасын жасайды, ол дереу аудандық (қалалық) сайлау комиссиясына жеткізіледі.
2. Дауыстарды санау нәтижесін айқындауға байланысты өзге мәселелер осы Конституциялық заңның Жалпы бөлігінде белгіленген қағидаларға сәйкес шешіледі.
113-9-бап. Аудандық маңызы бар қала, ауыл, кент, ауылдық округ әкімін қайта сайлау
1. Егер сайлау жарамсыз деп танылса, аумақтық сайлау комиссиясы қайта сайлау өткізу туралы шешім қабылдайды.
2. Егер кандидаттар ең көп бірдей дауыс санын жинаса, аумақтық сайлау комиссиясы қайта сайлау өткізу туралы шешім қабылдайды.
3. Қайта сайлау бастапқы сайлаудан кейін бір ай мерзімнен кешіктірілмей өткізіледі. Дауыс беру сол сайлау учаскелерінде және сайлаушылардың бастапқы сайлауды өткізу үшін жасалған сол тізімі бойынша жүргізіледі.
Қайта сайлау кезінде жүзеге асыру көзделген сайлау іс-шаралары осы Конституциялық заңға сәйкес аумақтық сайлау комиссиясы айқындайтын мерзімдерде өткізіледі.
113-10-бап. Аудандық маңызы бар қала, ауыл, кент, ауылдық округ әкімін сайлау қорытындыларын белгілеу және жариялау
1. Сайлау қорытындылары учаскелік сайлау комиссияларының хаттамалары негізінде аудандық (қалалық) сайлау комиссиясының отырысында сайлаудан кейін үш күндік мерзімнен кешіктірілмей белгіленеді.
Сайлау қорытындылары туралы хаттама жасалады, оған аудандық (қалалық) сайлау комиссиясының төрағасы мен мүшелері қол қояды.
2. Басқа кандидаттармен салыстырғанда дауыс беруге қатысқан сайлаушылардың ең көп дауысын жинаған кандидат аудандық маңызы бар қаланың, ауылдың, кенттің, ауылдық округтің әкімі болып сайланды деп есептеледі.
3. Сайлау қорытындыларын белгілеудің және жариялаудың өзге де мәселелері осы Конституциялық заңның Жалпы бөлігінде белгіленген қағидаларға сәйкес шешіледі.
113-11-бап. Аудандық маңызы бар қала, ауыл, кент, ауылдық округ әкімін тіркеу
1. Тиісті аудандық (қалалық) сайлау комиссиясы сайланған аудандық маңызы бар қалалар, ауылдар, кенттер, ауылдық округтер әкімдерін учаскелік сайлау комиссияларының хаттамалары негізінде, сайлау өткізілген күннен бастап жеті күн мерзімде тіркейді.
2. Егер сайлау барысында немесе дауыстарды санау кезінде не сайлау нәтижелерін айқындау кезінде осы Конституциялық заңды бұзушылық орын алса, тиісті аудандық (қалалық) сайлау комиссиясы учаскелік сайлау комиссиясының ұсынуы немесе азаматтардың жолданымдары бойынша аудандық маңызы бар қала, ауыл, кент, ауылдық округ әкімінің сайлауын жарамсыз деп тани алады және аудандық маңызы бар қала, ауыл, кент, ауылдық округ әкімін тіркеуден бас тарта алады. Бұл ретте кандидаттар аудандық (қалалық) сайлау комиссиясының осы шешіміне қабылданған күнінен бастап бес күн ішінде сотқа не жоғары тұрған сайлау комиссиясына шағым жасай алады, олар бес күн мерзімде шешім қабылдайды.».
2-бап. Осы Конституциялық заң алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі.
Қазақстан Республикасының
Президенті
Қ. ТОҚАЕВ
Нұр-Сұлтан, Ақорда, 2021 жылғы 24 мамыр
№ 41-VІІ ҚРЗ