2022.27.06. № 129-VII ҚР Заңымен 3) тармақша өзгертілді (бұр.ред.қара)
3) мыналарды:
ауыр және аса ауыр сыбайлас жемқорлық қылмыстарды жүкті әйелдер, жас балалары бар әйелдер, жас балаларын жалғыз өзі тәрбиелеп отырған еркектер, елу сегіз жастағы және ол жастан асқан әйелдер, алпыс үш жастағы және ол жастан асқан еркектер, бірінші немесе екінші топтағы мүгедектігі бар адамдар жасаған жағдайларды;
ынтымақтастық туралы процестік келісімнің барлық талаптарын орындаған сотталғандарды қоспағанда, ауыр және аса ауыр сыбайлас жемқорлық қылмыс үшін сотталған;
2023.17.03. № 212-VІІ ҚР Заңымен 4) тармақша өзгертілді (2023 ж. 20 мамырдан бастап қолданысқа енгізілді) (бұр.ред.қара)
4) кәмелетке толмағандардың жыныстық тиіспеушілігіне қарсы қылмысты кәмелетке толмаған адам он төрттен он сегіз жасқа дейінгі кәмелетке толмаған адамға қатысты жасаған жағдайды қоспағанда, осындай қылмыс үшін сотталған;
2023.17.03. № 212-VІІ ҚР Заңымен 5) тармақпен толықтырылды (2023 ж. 20 мамырдан бастап қолданысқа енгізілді)
5) жүкті әйелдердің, жас балалары бар әйелдердің, жас балаларды жалғыз тәрбиелеп отырған ерлердің, елу сегіз және одан үлкен жастағы әйелдердің, алпыс үш және одан үлкен жастағы ерлердің, бірінші немесе екінші топтағы мүгедектігі бар адамдардың қылмыстық топтың құра мында адамды қасақана өлтіру жағдайларын қоспағанда, осындай қылмыстар үшін сотталған адамдарға қолданылмайды.
73-бап. Жазаның өтелмеген бөлiгiн неғұрлым жеңiл жаза түрiмен ауыстыру не тағайындалған жаза мерзімін қысқарту
1. Онша ауыр емес, ауырлығы орташа немесе ауыр қылмыс үшiн бас бостандығынан айыруды өтеп жатқан адамға, ол қылмыспен келтірілген залалды толық өтеген не жазаны өтеудің белгіленген тәртібін қаскөйлікпен бұзбаған жағдайда, сот жазаның қалған өтелмеген бөлiгiн неғұрлым жеңiл жаза түрiмен ауыстыруы мүмкін. Бұл ретте адам, өмір бойына тағайындалған жазаларды қоспағанда, жазаның қосымша түрін өтеуден толық немесе ішінара босатылуы мүмкін.
2016.09.04. № 501-V ҚР Заңымен (бұр.ред.қара); 2019.27.12. № 292-VІ ҚР Заңымен (бұр.ред.қара) 2-бөлік жаңа редакцияда
2. Сотталған адам онша ауыр емес және ауырлығы орташа қылмыс жасағаны үшiн - жаза мерзiмiнiң кемінде төрттен бірін, ауыр қылмысы үшiн жаза мерзiмiнiң үштен бірін іс жүзінде өтегеннен кейiн жазаның өтелмеген бөлiгi неғұрлым жеңiл жаза түрiмен ауыстырылуы мүмкiн.
Кәмелетке толмағандардың жыныстық тиіспеушілігіне қарсы қылмысты кәмелетке толмаған адамның он төрттен он сегіз жасқа дейінгі кәмелетке толмаған адамға қатысты жасау жағдайын қоспағанда, осындай қылмыс, адамдардың қаза табуына алып келген не аса ауыр қылмыс жасаумен ұштасқан террористік немесе экстремистік қылмыс, сондай-ақ қылмыстық топтың құрамында жасалған қылмыс үшін сотталған адамдарға қатысты жазаның өтелмеген бөлiгiн неғұрлым жеңiл жаза түрiмен ауыстыру қолданылмайды.
Шетелдіктерге және азаматтығы жоқ адамдарға жазаның өтелмеген бөлігі Қазақстан Республикасының шегінен тысқары жерге шығарып жібере отырып немесе онсыз, айыппұлға ғана ауыстырылуы мүмкін.
2019.27.12. № 292-VІ ҚР Заңымен 2-1-бөлікпен толықтырылды
2-1. Бас бостандығынан айыру түріндегі жазаны өтеуден шартты түрде мерзімінен бұрын босатудың күші жойылған жағдайда, осы баптың екінші бөлігінде көрсетілген мерзімдер жазаның қалған өтелмеген бөлігі негізге алынып, ал осы Кодекстің 72-бабы жетінші бөлігінің 2) және 3) тармақтарында көзделген тәртіппен үкімдердің жиынтығы бойынша жаза тағайындалған кезде түпкілікті тағайындалған жаза негізге алынып есептеледі.
3. Жазаның өтелмеген бөлiгiн ауыстыру кезiнде сот бас бостандығынан айырудың төрт күніне бір айлық есептік көрсеткіш есебiмен айыппұлды не бас бостандығынан айырудың бiр күнiне бас бостандығын шектеудің бiр күнi есебiмен бас бостандығын шектеуді таңдауы мүмкiн. Айыппұлға ауыстырудың шарты қылмыспен келтірілген залалды толық өтеу болып табылады.
2020.30.12. № 393-VI ҚР Заңымен 4-бөлік өзгертілді (бұр.ред.қара)
4. Онша ауыр емес, ауырлығы орташа, ауыр қылмыстар немесе аса ауыр қылмыстар үшін бас бостандығынан айыруды өтеп жатқан адамға, егер ол жазаны өтеу кезеңінде қылмыстық топ жасаған қылмыстарды ашуға және тергеп-тексеруге ықпал еткен не процестік келісімнің барлық талаптарын орындаған жағдайда, сот қалған өтелмеген жазасының жартысынан аспайтын бөлігін қысқарта алады. Жазаның өтелмеген бөлігін қысқарту кәмелетке толмағандардың жыныстық тиіспеушілігіне қарсы қылмыс үшін сотталған адамдарға қатысты, мұндай қылмысты кәмелетке толмаған адам он төрттен он сегіз жасқа дейінгі кәмелетке толмаған адамға қатысты жасаған жағдайды қоспағанда, қолданылмайды.
74-бап. Жүктi әйелдердiң және жас балалары бар әйелдердің, жас балаларын жалғыз өзі тәрбиелеп отырған еркектердің жазаны өтеуiн кейiнге қалдыру
1. Сотталған жүкті әйелдердің жазаны өтеуін сот бір жылға дейін кейінге қалдыруы мүмкін. Жас балалары бар сотталған әйелдер мен жас балаларын жалғыз өзі тәрбиелеп отырған еркектердің жазасын орындауды сот бес жылға дейін, бірақ бала он төрт жасқа толғаннан аспайтын мерзімге кейінге қалдыруы мүмкін. Жеке адамға қарсы ауыр немесе аса ауыр қылмыстар, террористік қылмыстар, экстремистік қылмыстар, қылмыстық топ құрамында жасалған қылмыстар, жас балаларға жыныстық тиіспеушілікке қарсы қылмыстар үшін бес жылдан астам мерзімге бас бостандығынан айыруға сотталған жүкті әйелдердің және жас балалары бар әйелдердің, жас балаларын жалғыз өзі тәрбиелеп отырған еркектердің жазаны өтеуі кейінге қалдырылмайды.
2. Егер осы баптың бiрiншi бөлiгiнде көрсетілген сотталған адам баладан бас тартса немесе баланы тәрбиелеуден жалтаруды жалғастырса немесе сотталып, жазасын өтеу кейiнге қалдырылған адамды бақылауды жүзеге асыратын орган екi рет жазбаша түрде ескерту жасағаннан кейiн қоғамдық тәртiптi бұзса, сот сол органның ұсынуы бойынша жазаны өтеуді кейiнге қалдырудың күшін жойып, сотталған адамды сот үкiмiне сәйкес тағайындалған жерге жазасын өтеуге жiбере алады.
3. Жазаны орындаудың кейінге қалдыру мерзімі аяқталғаннан кейін немесе бала шетінеген не жүктiлiгi үзiлген жағдайларда, сот сотталған адамның мінез-құлқына қарай оны жазаны өтеуден босатуы немесе тағайындалған жазаны неғұрлым жеңiл жаза түрімен ауыстыруы не сотталған адамды жазаны өтеу үшiн тиiстi мекемеге жiберу туралы шешiм қабылдауы мүмкiн.
4. Егер сотталған адам жазаны өтеуді кейінге қалдыру кезеңiнде жаңа қылмыс жасаса, сот оған үкімдердің жиынтығымен жаза тағайындау қағидалары бойынша жаза тағайындайды.
2023.17.03. № 212-VІІ ҚР Заңымен 75-баптың тақырыбы жаңа редакцияда (2023 ж. 20 мамырдан бастап қолданысқа енгізілді) (бұр.ред.қара)
75-бап. Ауруына байланысты жазадан босату немесе жазаны өтеуді кейінге қалдыру
1. Қылмыстық құқық бұзушылық жасағаннан кейiн оны өз әрекеттерiнiң (әрекетсiздiгiнiң) iс жүзiндегi сипаты мен қоғамға қауiптiлiгiн ұғыну не оған ие болу мүмкiндiгiнен айыратын психикасының бұзылуы пайда болған адамды сот жазадан босатады, ал жазасын өтеп жатқан адамды сот оны одан әрi өтеуден босатады. Мұндай адамдарға сот осы Кодексте көзделген медициналық сипаттағы мәжбүрлеу шараларын тағайындауы мүмкiн.
2023.17.03. № 212-VІІ ҚР Заңымен 2-бөлік жаңа редакцияда (2023 ж. 20 мамырдан бастап қолданысқа енгізілді) (бұр.ред.қара)
2. Өмір бойына бас бостандығынан айырудан басқа, жазаны өтеуге кедергі жасайтын өзге де ауыр науқастан зардап шегуші адамға сот жазаны өтеуді кейінге қалдыруды қолдануы мүмкін не оны сот жазаны өтеуден босатады немесе науқасының сипаты, жасалған қылмыстық құқық бұзушылықтың ауырлығы, сотталған адамның жеке басы және басқа да мән-жайлар ескеріле отырып, жаза неғұрлым жеңіл жаза түріне ауыстырылуы мүмкін.
3. Осы баптың бiрiншi және екiншi бөлiктерiнде аталған адамдар, олар сауыққан жағдайда, егер қылмыстық жауаптылыққа тартудың немесе айыптау үкімінің ескіру мерзімі өтіп кетпесе, қылмыстық жауаптылыққа және жазалануға жатады.
2023.17.03. № 212-VІІ ҚР Заңымен 4-бөлікпен толықтырылды (2023 ж. 20 мамырдан бастап қолданысқа енгізілді)
4. Кәмелетке толмағандардың жыныстық тиіспеушілігіне қарсы қылмысты кәмелетке толмаған адамның он төрттен он сегіз жасқа дейінгі кәмелетке толмаған адамға қатысты жасау жағдайын қоспағанда, осындай қылмыс, адамдардың қаза табуына алып келген не аса ауыр қылмыс жасауға ұштасқан террористік немесе экстремистік қылмыс, сондай-ақ қылмыстық топтың құрамында жасалған қылмыс үшін сотталған адамдарға қатысты жазаны өтеуді кейінге қалдыру қолданылмайды.
76-бап. Ауыр мән-жайлардың тоғысуы салдарынан жазадан босату және жазаны өтеудi кейiнге қалдыру
1. Қылмыстық теріс қылық немесе онша ауыр емес және ауырлығы орташа қылмыс үшiн сотталған адамды, егер өрт немесе дүлей зілзала, отбасының еңбекке қабілетті жалғыз мүшесiнiң ауыр науқастануы немесе қайтыс болуы немесе басқа да төтенше мән-жайлардың салдарынан оның отбасы үшiн аса ауыр зардапқа әкеп соққан мән-жайлар туындаса, сот жазадан босатуы мүмкiн.
2016.09.04. № 501-V ҚР Заңымен 2-бөлік жаңа редакцияда (бұр.ред.қара)
2. Террористік немесе экстремистік қылмыс не қылмыстық топ құрамында жасалған немесе кәмелетке толмағандарға жыныстық тиіспеушілікке қарсы қылмыс үшін сотталған адамдарды қоспағанда, ауыр немесе аса ауыр қылмыс үшiн бас бостандығынан айыруға сотталған адамның жазасын өтеуiн сот осы баптың бiрiншi бөлiгiнде көрсетілген негiздер болған кезде, үш айға дейiнгі мерзiмге кейiнге қалдыра алады.
Жазаны өтеуді кейінге қалдыруды шектеу он төрттен он сегіз жасқа дейінгі кәмелетке толмағанға қатысты қылмыс жасалған жағдайда кәмелетке толмағандарға қолданылмайды.
77-бап. Айыптау үкiмiнің ескіру мерзімінің өтуiне байланысты жазаны өтеуден босату
1. Қылмыстық құқық бұзушылық үшiн сотталған адам, егер айыптау үкiмi оның заңды күшiне енген күнiнен бастап есептегенде:
1) қылмыстық теріс қылық үшiн сотталғанда - бір жыл;
2018.12.07. № 180-VІ ҚР Заңымен 2) тармақша өзгертілді (бұр.ред.қара)
2) онша ауыр емес қылмыс үшiн сотталғанда - екі жыл;
2018.12.07. № 180-VІ ҚР Заңымен 3) тармақша өзгертілді (бұр.ред.қара)
3) ауырлығы орташа қылмыс үшiн сотталғанда - бес жыл;
4) ауыр қылмыс үшiн сотталғанда - он жыл;
5) аса ауыр қылмыс үшiн сотталғанда он бес жыл мерзiмде орындалмаған болса, жазаны өтеуден босатылады.
2. Қылмыстық теріс қылықтар бойынша ескіру мерзімінің өтуі, жаңа қылмыстық құқық бұзушылықтың жасалуына қарамастан, тоқтатыла тұрмайды және үзілмейді.
2018.12.07. № 180-VІ ҚР Заңымен 3-бөлік өзгертілді (бұр.ред.қара)
3. Егер сотталған адам жазаны өтеуден жалтарса, қылмыстар бойынша ескіру мерзімінің өтуi тоқтатыла тұрады. Бұл жағдайда ескіру мерзімінің өтуi адам ұсталған немесе айыбын мойындап келген кезден басталады. Сотталған адамның жазаны өтеуден жалтаруы кезiне қарай өтіп кеткен ескіру мерзімі есепке алынуға жатады. Бұл ретте айыптау үкiмi, егер оның шығарылған уақытынан бастап жиырма жыл өткен болса және ескіру мерзімі жаңа қылмыс жасау арқылы үзілмеген болса, орындала алмайды. Жазаны өтеу кейінге қалдырылған жағдайда, ескіру мерзімінің өтуі кейінге қалдыру мерзімі аяқталғанға дейін тоқтатыла тұрады.
4. Егер адам осы баптың бiрiншi бөлiгiнде көрсетілген мерзiмдер өткенге дейiн жаңадан қасақана қылмыс жасаса, қылмыстар бойынша ескіру мерзімінің өтуі үзіледі. Мұндай жағдайларда ескiру мерзiмiн есептеу жаңа қылмыс жасалған күннен бастап қайта басталады.
2016.09.04. № 501-V ҚР Заңымен 5-бөлік жаңа редакцияда (бұр.ред.қара); 2021.29.12. № 89-VII ҚР Заңымен 5-бөлік өзгертілді (бұр.ред.қара)
5. Өмiр бойына бас бостандығынан айыруға сотталған адамға ескіру мерзімін қолдану туралы мәселенi сот шешедi. Егер сот ескіру мерзімін қолдану мүмкiн болады деп таппаса, өмiр бойына бас бостандығынан айыру жиырма бес жыл мерзiмге бас бостандығынан айыруға ауыстырылады. Кәмелетке толмағанның он төрттен он сегіз жасқа дейінгі кәмелетке толмағанға қатысты осындай қылмыс жасаған жағдайды қоспағанда, кәмелетке толмағандарға жыныстық тиіспеушілікке, бейбiтшiлiк пен адамзат қауiпсiздiгiне қарсы қылмыстар, сыбайлас жемқорлық қылмыстар, террористік қылмыстар, экстремистік қылмыстар, азаптаулар, сондай-ақ жеке адамға, мемлекеттің конституциялық құрылысы негіздеріне және қауіпсіздігіне қарсы, экономикалық қызмет саласында аса ауыр қылмыстар жасағаны үшін сотталған адамдарға ескіру мерзімдері қолданылмайды.
78-бап. Рақымшылық немесе кешiрiм жасау актiсi негiзiнде қылмыстық жауаптылықтан және жазадан босату
1. Рақымшылық жасау туралы актiнi Қазақстан Республикасының Парламентi жеке-дара айқындалмаған адамдар тобына қатысты шығарады.
2016.09.04. № 501-V ҚР Заңымен 2-бөлік өзгертілді (бұр.ред.қара)
2. Қылмыстық теріс қылық немесе онша ауыр емес немесе ауырлығы орташа қылмыс жасаған адамдар рақымшылық жасау туралы актiнің негiзiнде қылмыстық жауаптылықтан босатылуы мүмкiн. Қылмыстық теріс қылық немесе онша ауыр емес немесе ауырлығы орташа қылмыс жасағаны үшiн сотталған адамдар жазадан босатылуы мүмкiн не оларға тағайындалған жаза қысқартылуы немесе жазаның неғұрлым жеңiл түрiмен ауыстырылуы мүмкiн не мұндай адамдар жазаның қосымша түрiнен босатылуы мүмкiн. Ауыр немесе аса ауыр қылмыс жасағаны үшін сотталған адамдарға тағайындалған жазаның мерзімі қысқартылуы мүмкін. Жазасын өтеген немесе оны одан әрi өтеуден босатылған адамдардан рақымшылық жасау туралы актiмен сотталғандығы алып тасталуы мүмкiн.
Кәмелетке толмағанның он төрттен он сегіз жасқа дейінгі кәмелетке толмағанға қатысты осындай қылмыс жасаған жағдайды қоспағанда, кәмелетке толмағандарға жыныстық тиіспеушілікке қарсы қылмыстар, террористік қылмыстар, экстремистік қылмыстар, азаптаулар, сондай-ақ қылмыстардың қайталануы немесе қылмыстардың қауiптi қайталануы кезінде жаза тағайындалған адамдарға рақымшылық жасау туралы акт қолданылмайды.
3. Өзіне қатысты айыптау үкiмi заңды күшiне енген белгiлi бiр жеке-дара айқындалған адамға, сол сияқты шет мемлекет сотының үкімі бойынша тағайындалған жазаны Қазақстан Республикасының аумағында өтеп жатқан не өтеген адамға кешiрiм жасау туралы актiнi Қазақстан Республикасының Президентi шығарады.
4. Қылмысы үшiн сотталған адам кешiрiм жасау кезiнде жазаны одан әрi өтеуден босатылуы мүмкiн не оған тағайындалған жаза қысқартылуы немесе жазаның неғұрлым жеңiл түрiмен ауыстырылуы мүмкiн не мұндай адам жазаның қосымша түрінен босатылуы мүмкiн. Жазасын өтеген немесе оны одан әрі өтеуден босатылған адамдардан кешiрiм жасау актiсiмен сотталғандығы алып тасталуы мүмкiн.
79-бап. Сотталғандық
1. Қылмыс жасағаны үшiн сотталған адам соттың айыптау үкiмi заңды күшiне енген күннен бастап сотталғандығы өтелген немесе алып тасталған кезге дейiн сотталған болып есептеледi. Сотталғандық осы Кодекске сәйкес қылмыстардың қайталануы, қылмыстардың қауіпті қайталануы айқындалған кезде және жаза тағайындау кезiнде ескерiледi.
2. Жазадан босатылған, сондай-ақ қылмыстық теріс қылық жасағаны үшін сотталған адам сотталғандығы жоқ деп танылады.
3. Сотталғандық:
1) шартты түрде сотталған адамдарға қатысты - пробациялық бақылау мерзiмi өткен соң;
2) бас бостандығынан айыруға қарағанда жазаның неғұрлым жеңiл түрлерiне сотталған адамдарға қатысты - жазаны іс жүзінде өтеген соң;
3) онша ауыр емес немесе ауырлығы орташа қылмыстар үшін бас бостандығынан айыруға сотталған адамдарға қатысты - жазаны өтегеннен кейiн үш жыл өткен соң;
4) ауыр қылмыстар үшiн бас бостандығынан айыруға сотталған адамдарға қатысты - жазаны өтегеннен кейiн алты жыл өткен соң;
5) аса ауыр қылмыстар үшiн бас бостандығынан айыруға сотталған адамдарға қатысты жазаны өтегеннен кейiн сегiз жыл өткен соң жойылады.
4. Егер сотталған адам Қазақстан Республикасының заңында белгiленген тәртiппен жазасын өтеуден мерзiмiнен бұрын босатылса немесе жазаның өтелмеген бөлiгi жазаның неғұрлым жеңiл түрімен ауыстырылса, онда сотталғандықты жою мерзiмi жазаның іс жүзінде өтелген мерзiмi негiзге алына отырып, негiзгi және қосымша жаза түрлерiн өтеуден босатылған кезден бастап есептеледi.
5. Егер соттың үкімі бойынша адамға негізгі жазамен қатар қосымша жаза тағайындалса, онда сотталғандықты жою мерзімі негізгі және қосымша жаза түрлерін өтеу кезінен бастап есептеледі.
Белгілі бір лауазымды атқару немесе белгілі бір қызметпен айналысу құқығынан өмір бойына айыру түрінде қосымша жаза тағайындалған жағдайларда, онда сотталғандықты жою мерзімі жазаның негізгі түрін өтеу кезінен бастап есептеледі.
6. Адам әртүрлі ауырлық дәрежесіне жататын қылмыстар үшін қылмыстық құқық бұзушылықтардың жиынтығы бойынша немесе үкімдердің жиынтығы бойынша сотталған кезде, сотталғандық әрбір қылмыс үшін жеке жойылады, бұл ретте жою мерзімдері қылмыстық құқық бұзушылықтардың жиынтығы немесе үкімдердің жиынтығы бойынша жазаны өтеу кезінен бастап есептеледі.
7. Егер сотталған адам жазаны өтегеннен кейiн өзiн мiнсiз ұстаса, онда сот оның өтiнiшхаты бойынша сотталғандықты жою мерзiмi өткенге дейiн одан сотталғандықты алып тастай алады.
Бұл норма ауыр немесе аса ауыр қылмыстар үшiн бас бостандығынан айыруға сотталған, сондай-ақ қылмыстардың қайталануы немесе қылмыстардың қауіпті қайталануы кезінде жаза тағайындалған адамдарға қолданылмайды.
8. Егер сотталған адам сотталғандықты жою мерзiмi өткенге дейiн қайтадан қылмыс жасаса, сотталғандықты жою мерзiмiнің өтуі үзіледі.
Бiрiншi қылмыс бойынша сотталғандықты жою мерзiмi соңғы қылмыс үшiн негiзгi және қосымша жаза түрлерін іс жүзінде өтегеннен кейiн қайтадан есептеледi. Бұл жағдайларда адам екi қылмыстың анағұрлым ауыры үшiн сотталғандықты жою мерзiмi өткенге дейiн олар үшiн сотталған деп есептеледi.
2019.27.12. № 292-VІ ҚР Заңымен 9-бөлік жаңа редакцияда (бұр.ред.қара); 2023.17.03. № 212-VІІ ҚР Заңымен 9-бөлік өзгертілді (2023 ж. 20 мамырдан бастап қолданысқа енгізілді) (бұр.ред.қара)
9. Сотталғандықты жою немесе алып тастау өмір бойына тағайындалған қосымша жаза түрімен белгіленген шектеулерді және осы баптың оныншы бөлігінде көзделген жағдайды қоспағанда, осы Кодексте көзделген барлық қылмыстық-құқықтық салдарлардың күшiн жояды.
2023.17.03. № 212-VІІ ҚР Заңымен 10-бөлікпен толықтырылды (2023 ж. 20 мамырдан бастап қолданысқа енгізілді)
10. Сот қылмыстық-атқару жүйесі мекемесінің түрін айқындаған кезде сотталғандықты жою немесе алып тастау ескерілмейді.
6-БӨЛІМ. КӘМЕЛЕТКЕ ТОЛМАҒАНДАРДЫҢ ҚЫЛМЫСТЫҚ ЖАУАПТЫЛЫҒЫ
80-бап. Кәмелетке толмағандардың қылмыстық жауаптылығы
1. Осы бөлімнің күшi қолданылатын кәмелетке толмағандар деп қылмыстық құқық бұзушылық жасаған уақытқа қарай жасы он төртке толған, бiрақ он сегiзге толмаған адамдар танылады.
2. Қылмыстық құқық бұзушылық жасаған кәмелетке толмағандарға жаза тағайындалуы мүмкiн не оларға тәрбиелiк ықпалы бар мәжбүрлеу шаралары қолданылуы мүмкiн.
81-бап. Кәмелетке толмағандарға тағайындалатын жаза түрлерi
1. Кәмелетке толмағандарға тағайындалатын жаза түрлерi:
1) белгiлi бiр қызметпен айналысу құқығынан айыру;
2) айыппұл;
3) түзеу жұмыстары;
4) қоғамдық жұмыстарға тарту;
5) бас бостандығын шектеу;
6) бас бостандығынан айыру болып табылады.
2. Кәмелетке толмағандарға белгiлi бiр қызметпен айналысу құқығынан айыру бiр жылдан екi жылға дейiнгi мерзiмге тағайындалады.
2018.12.07. № 180-VІ ҚР Заңымен 3-бөлік өзгертілді (бұр.ред.қара)
3. Айыппұл кәмелетке толмаған сотталған адамның дербес табысы немесе өндiрiп алуға жарайтын мүлкi болған жағдайда ғана тағайындалады. Айыппұл айлық есептiк көрсеткiштің бестен бір жүзге дейінгі мөлшерінде тағайындалады.
2018.12.07. № 180-VІ ҚР Заңымен 4-бөлік өзгертілді (бұр.ред.қара)
4. Түзеу жұмыстары дербес табысы немесе өзге тұрақты кірісі бар кәмелетке толмағандарға айлық есептік көрсеткіштің бестен бір жүзге дейінгі мөлшерінде тағайындалады.
2018.12.07. № 180-VІ ҚР Заңымен 5-бөлік өзгертілді (бұр.ред.қара)
5. Қоғамдық жұмыстарға тарту он сағаттан жетпіс бес сағатқа дейінгі мерзiмге тағайындалады, ол кәмелетке толмаған адамның қолынан келетiн жұмыстарды орындауы болып табылады және ол оны оқудан немесе негiзгi жұмысынан бос уақытында орындайды. Он алты жасқа дейінгі адамдардың бұл жаза түрiн орындау ұзақтығы - күнiне екi сағаттан, ал он алтыдан он сегiз жасқа дейiнгi адамдар үшiн күнiне үш сағаттан аспауы керек.
6. Кәмелетке толмағандарға бас бостандығын шектеу - екi жылға дейiнгi мерзiмге, ал бас бостандығынан айыру түріндегі жазаның өтелмеген бөлігін бас бостандығын шектеуге ауыстыру жағдайында жазаның қалған өтелмеген бөлігінің бүкіл мерзіміне тағайындалады.
7. Кәмелетке толмағандарға бас бостандығынан айыру - он жылдан аспайтын, ал ауырлататын мән-жайлар кезінде адам өлтiргенi немесе терроризм актісі үшiн не қылмыстық құқық бұзушылықтардың бiреуi ауырлататын мән-жайлар кезінде адам өлтiру немесе терроризм болып табылатын олардың жиынтығы бойынша он екi жылдан аспайтын мерзiмге тағайындалуы мүмкiн. Онша ауыр емес қылмыс немесе қазаға ұшыратумен байланысты емес ауырлығы орташа қылмыс жасаған кәмелетке толмағандарға бас бостандығынан айыру тағайындалмайды.
2017.18.04. № 58-VI ҚР Заңымен 8-бөлік жаңа редакцияда (бұр.ред.қара)
8. Кәмелетке толмаған сотталғандар бас бостандығынан айыруды кәмелетке толмағандарды ұстауға арналған қылмыстық-атқару жүйесінің орташа қауіпсіз мекемелерінде өтейді.
9. 2017.18.04. № 58-VI ҚР Заңымен алып тасталды (бұр.ред.қара)
10. Сот жазаны орындаушы органға кәмелетке толмаған сотталған адаммен қарым-қатынас кезiнде оның жеке басының белгiлi бiр ерекшелiктерiн ескеру туралы нұсқау беруi мүмкiн.
82-бап. Кәмелетке толмаған адамға жаза тағайындау
1. Кәмелетке толмаған адамға жаза тағайындау кезiнде, осы Кодекстiң 52-бабында көзделген мән-жайлардан басқа, оның өмiрi мен тәрбиесiнiң жағдайлары, психикалық даму деңгейi, жеке басының өзге де ерекшелiктерi, сондай-ақ оған жасы жағынан үлкен адамдардың ықпалы ескерiледi.
2. Кәмелетке толмаған жас жеңiлдететiн мән-жай ретiнде басқа да жеңiлдететiн және ауырлататын мән-жайлармен жиынтықта ескерiледi.
83-бап. Кәмелетке толмағандарды қылмыстық жауаптылықтан және жазадан босату
1. Қылмыстық теріс қылық немесе онша ауыр емес қылмыс жасаған не ауырлығы орташа қылмысты алғаш рет жасаған кәмелетке толмаған адамды, егер оны қылмыстық жауаптылыққа тартпай-ақ түзеуге болады деп белгiленсе, сот қылмыстық жауаптылықтан босатуы мүмкiн. Бұл ретте оған тәрбиелiк әсерi бар мәжбүрлеу шаралары қолданылуы мүмкiн.
2. Қылмыстық теріс қылық немесе онша ауыр емес немесе ауырлығы орташа қылмыс жасағаны үшiн бiрiншi рет сотталған кәмелетке толмаған адамды, егер оны түзеуге тәрбиелiк әсерi бар мәжбүрлеу шараларын қолдану арқылы қол жеткiзуге болады деп танылса, сот жазадан босатуы мүмкiн.
2016.09.04. № 501-V ҚР Заңымен 3-бөлік жаңа редакцияда (бұр.ред.қара)
3. Қазаға ұшыратумен немесе адамның денсаулығына ауыр зиян келтірумен байланысты емес ауыр қылмысты алғаш рет жасаған кәмелетке толмаған адамды осы Кодекстің 68-бабының екінші бөлігінде көзделген жағдайларда, сот қылмыстық жауаптылықтан босатуы мүмкін.
84-бап. Тәрбиелiк ықпалы бар мәжбүрлеу шаралары
1. Сот кәмелетке толмаған адамға тәрбиелiк ықпалы бар мынадай мәжбүрлеу шараларын тағайындауы мүмкiн:
1) ескерту;
2) ата-аналарының немесе оларды алмастыратын адамдардың не мамандандырылған мемлекеттiк органның қадағалауына беру;
3) келтiрiлген зиянды қалпына келтiру мiндетiн жүктеу;
4) бос уақытын шектеу және кәмелетке толмаған адамның мінез-құлқына ерекше талаптар белгiлеу;
5) ерекше режимде ұстайтын білім беру ұйымына орналастыру;
6) жәбірленушіден кешірім сұрау міндеттемесін жүктеу;
7) пробациялық бақылау белгілеу.
2. Кәмелетке толмаған адамға тәрбиелiк ықпалы бар бiрнеше мәжбүрлеу шарасы бiр мезгiлде тағайындалуы мүмкiн.
85-бап. Тәрбиелік ықпалы бар мәжбүрлеу шараларының мазмұны және оларды қолдану мерзімдері
1. Ескерту кәмелетке толмаған адамға оның іс-әрекетiмен келтiрiлген зиянды және осы Кодексте көзделген құқық бұзушылықтарды қайталап жасаудың зардаптарын түсiндiруден тұрады.
2. Қадағалауға беру ата-аналарына немесе оларды алмастыратын адамдарға не мамандандырылған мемлекеттiк органға кәмелетке толмаған адамға тәрбиелiк ықпал ету және оның мінез-құлқын бақылау жөнiнде мiндеттер жүктеуден тұрады.