4. Түзеу жұмыстарын тағайындау кезінде сот олардың көлемін қылмыстық құқық бұзушылықтың ауырлығын, сотталған адамның мүліктік және отбасылық жағдайын ескере отырып айқындайды.
5. Еңбекке қабілеттілігін жоғалтқан жағдайда, сотталған адам жазаның қалған бөлігін орындаудан босатылуы мүмкін не орындалмаған бөлік айыппұлмен ауыстырылады. Түзеу жұмыстарын орындауға кедергі келтіретін өзге мән-жайлар туындаған жағдайда, олар:
1) қылмыстық теріс қылық үшін сотталғандарға - өндіріп алынбаған бір айлық есептік көрсеткіш үшін қоғамдық жұмыстардың бір сағаты, өндіріп алынбаған төрт айлық есептік көрсеткіш үшін қамаққа алудың бір тәулігі есебімен қоғамдық жұмыстарға тартуға не қамаққа алуға;
2) онша ауыр емес немесе ауырлығы орташа қылмыс үшін сотталғандарға - өндіріп алынбаған төрт айлық есептік көрсеткіш үшін бас бостандығын шектеудің немесе бас бостандығынан айырудың бір күні есебімен бас бостандығын шектеуге не бас бостандығынан айыруға;
3) ауыр қылмыс үшін сотталғандарға өндіріп алынбаған төрт айлық есептік көрсеткіш үшін бас бостандығынан айырудың бір күні есебімен бас бостандығынан айыруға ауыстырылады.
6. Аталған қылмыстық құқық бұзушылық үшін көзделгеннен неғұрлым жеңіл жаза тағайындау, аяқталмаған қылмыс үшін жаза тағайындау кезінде, сондай-ақ жазаны ауыстыру кезінде түзеу жұмыстарының мөлшері осы бапта белгіленген ең төменгі шектен төмен болуы мүмкін.
7. Түзеу жұмыстары еңбекке қабілетсіз деп танылған не тұрақты жұмысы жоқ немесе оқу орындарында өндірістен қол үзіп оқитын адамдарға тағайындалмайды.
43-бап. Қоғамдық жұмыстарға тарту
1. Қоғамдық жұмыстар сотталған адамның жергілікті атқарушы органдар қоғамдық орындарда ұйымдастыратын, белгілі бір біліктілікті талап етпейтін тегiн қоғамдық пайдалы жұмыстарды орындауынан тұрады.
2018.12.07. № 180-VІ ҚР ҚР Заңымен 2-бөлік жаңа редакцияда (бұр.ред.қара)
2. Қоғамдық жұмыстар қылмыстық теріс қылықтар үшін - жиырмадан екі жүз сағатқа дейінгі мерзімге, онша ауыр емес және ауырлығы орташа қылмыстар үшін екі жүзден бір мың екі жүз сағатқа дейінгі мерзімге белгіленеді. Қоғамдық жұмыстар сотталған адамды оларды өтеу уақыты кезінде негізгі жұмыс орны бойынша еңбек міндеттерін орындаудан босата отырып не оқудан бос уақытында күніне төрт сағаттан асырылмай өтеледі.
2018.12.07. № 180-VІ ҚР ҚР Заңымен 2-1-бөлікпен толықтырылды
2-1. Қоғамдық жұмыстардан жалтарған жағдайда, олар:
1) қылмыстық теріс қылық үшін сотталғандарға - қоғамдық жұмыстардың орындалмаған төрт сағаты үшін қамаққа алудың бір тәулігі есебімен қамаққа алуға;
2) қылмыс үшін сотталғандарға қоғамдық жұмыстардың орындалмаған төрт сағаты үшін бас бостандығын шектеудің немесе бас бостандығынан айырудың бір күні есебімен бас бостандығын шектеуге не бас бостандығынан айыруға ауыстырылады.
2018.12.07. № 180-VІ ҚР ҚР Заңымен 2-2-бөлікпен толықтырылды
2-2. Аталған қылмыстық құқық бұзушылық үшін көзделгеннен неғұрлым жеңіл жаза тағайындау, аяқталмаған қылмыс үшін жаза тағайындау кезінде, сондай-ақ жазаны ауыстыру кезінде қоғамдық жұмыстардың мерзімі осы бапта белгіленген ең төменгі шектен төмен болуы мүмкін.
2022.27.06. № 129-VII ҚР Заңымен 3-бөлік өзгертілді (бұр.ред.қара)
3. Қоғамдық жұмыстарға тарту жүктi әйелдерге, үш жасқа дейiнгi жас балалары бар әйелдерге, үш жасқа дейiнгi жас балаларын жалғыз өзі тәрбиелеп отырған еркектерге, елу сегіз жастағы және ол жастан асқан әйелдерге, алпыс үш жастағы және ол жастан асқан еркектерге, бiрiншi немесе екiншi топтағы мүгедектігі бар адамдарға, әскери қызметшілерге тағайындалмайды.
44-бап. Бас бостандығын шектеу
2018.12.07. № 180-VІ ҚР ҚР Заңымен 1-бөлік жаңа редакцияда (бұр.ред.қара); 2022.27.06. № 129-VII ҚР Заңымен 1-бөлік өзгертілді (бұр.ред.қара)
1. Бас бостандығын шектеу сотталған адамға алты айдан жеті жылға дейінгі мерзімге пробациялық бақылау белгілеуден және оны жазаны өтеудің бүкіл мерзімі ішінде жыл сайын бір жүз сағаттан мәжбүрлі еңбекке тартудан тұрады. Бас бостандығын шектеу сотталған адамның тұрғылықты жері бойынша қоғамнан оқшауланбай өтеледі. Мәжбүрлі еңбекті жергілікті атқарушы органдар қоғамдық орындарда ұйымдастырады және күніне төрт сағаттан асырылмай өтеледі. Тұрақты жұмыс орны бар немесе оқып жүрген сотталғандар, кәмелетке толмағандар, жүкті әйелдер, үш жасқа дейінгі жас балалары бар әйелдер, үш жасқа дейінгі жас балаларын жалғыз өзі тәрбиелеп отырған еркектер, елу сегіз жастағы және ол жастан асқан әйелдер, алпыс үш жастағы және ол жастан асқан еркектер, бірінші немесе екінші топтағы мүгедектігі бар адамдар, сондай-ақ жазасы алты айдан аз мерзімге бас бостандығын шектеуге ауыстырылған сотталғандар мәжбүрлі еңбекке тартылмайды.
2020.07.07. № 361-VI ҚР Заңымен 2-бөлік өзгертілді (бұр.ред.қара)
2. Пробациялық бақылауды уәкілетті мемлекеттік орган жүзеге асырады және сот шешімі бойынша сотталған адамның: сотталған адамның мінез-құлқын бақылауды жүзеге асыратын уәкілетті мемлекеттік органға хабарламай, тұрақты тұрғылықты жерін, жұмысын, оқуын ауыстырмау; белгілі бір орындарға бармау; психикаға белсенді әсер ететін заттарды тұтынуға байланысты психикалық, мінез-құлықтық бұзылушылықтарынан (ауруларынан), жыныс жолдары арқылы берілетін аурулардан емделу курсынан өту; отбасын материалдық қолдауды жүзеге асыру мiндеттерiн; сотталған адамның түзелуіне және оның жаңа қылмыстық құқық бұзушылықтар жасауының алдын алуға ықпал ететін басқа да міндеттерді орындауды қамтиды.
2017.03.07. № 84-VI ҚР Заңымен (бұр.ред.қара); 2018.12.07. № 180-VІ ҚР ҚР Заңымен (бұр.ред.қара) 3-бөлік жаңа редакцияда
3. Бас бостандығын шектеуді өтеуден қаскөйлікпен жалтарған жағдайда, оның өтелмеген мерзімі бас бостандығын шектеудің бір күні үшін бас бостандығынан айырудың бір күні есебімен бас бостандығынан айыруға ауыстырылады.
2018.12.07. № 180-VІ ҚР ҚР Заңымен 4-бөлікпен толықтырылды
4. Аталған қылмыстық құқық бұзушылық үшін көзделгеннен неғұрлым жеңіл жаза тағайындау, аяқталмаған қылмыс үшін жаза тағайындау кезінде, сондай-ақ жазаны ауыстыру кезінде бас бостандығын шектеу мерзімі осы бапта белгіленген ең төменгі шектен төмен болуы мүмкін.
45-бабының ережелері әскери қызметшілерге қатысты және осы Кодекстің 41-бабы алтыншы бөлігінің 1) тармағында, 42-бабы бесінші бөлігінің 1) тармағында және 43-бабы 2-1-бөлігінің 1) тармағында көзделген жағдайлары 2017 ж. 1 қаңтардан бастап, ал қосымша жаза түрі ретінде шетелдікті немесе азаматтығы жоқ адамды Қазақстан Республикасының шегiнен тысқары жерге шығарып жiберу тағайындалған адамдарға қатысты 2019 ж. 1 қаңтардан бастап қолданылады, оның қолданысы 2027 ж. 1 қаңтарға дейін тоқтатылды
45-бап. Қамаққа алу
1. Қамаққа алу сотталған адамды тағайындалған жазаның бүкіл мерзімінде қоғамнан қатаң оқшаулау жағдайларында ұстауды білдіреді.
2018.12.07. № 180-VІ ҚР ҚР Заңымен 2-бөлік жаңа редакцияда (бұр.ред.қара)
2. Қамаққа алу он тәуліктен елу тәулікке дейінгі мерзімге белгіленеді. Ұстап алу мерзімі қамаққа алу мерзіміне қосылады.
2022.27.06. № 129-VII ҚР Заңымен 3-бөлік өзгертілді (бұр.ред.қара)
3. Қамаққа алу кәмелетке толмағандарға, жүкті әйелдерге, жас балалары бар әйелдерге, жас балаларын жалғыз өзі тәрбиелеп отырған еркектерге, елу сегіз жастағы және ол жастан асқан әйелдерге, алпыс үш жастағы және ол жастан асқан еркектерге, бiрiншi немесе екiншi топтағы мүгедектігі бар адамдарға тағайындалмайды.
4. Әскери қызметшілер қамақта болуды гауптвахтада өтейді.
2018.12.07. № 180-VІ ҚР ҚР Заңымен 5-бөлікпен толықтырылды
5. Жазаны ауыстыру кезінде қамаққа алу мерзімі осы бапта белгіленген ең төменгі шектен төмен болуы мүмкін.
2017.18.04. № 58-VI ҚР Заңымен 46-бап жаңа редакцияда (бұр.ред.қара)
46-бап. Бас бостандығынан айыру
1. Бас бостандығынан айыру сотталған адамды қылмыстық-атқару жүйесінің мекемесіне жіберу арқылы оны қоғамнан оқшаулаудан тұрады.
2. Бас бостандығынан айыруға сотталған, үкім шығару кезінде он сегіз жасқа толмаған адамдар кәмелетке толмағандарды ұстауға арналған қылмыстық-атқару жүйесінің орташа қауіпсіз мекемелеріне орналастырылады.
2018.12.07. № 180-VІ ҚР ҚР Заңымен (бұр.ред.қара); 2021.29.12. № 89-VII ҚР Заңымен (бұр.ред.қара) 3-бөлік өзгертілді
3. Осы Кодексте көзделген қылмыстарды жасағаны үшін бас бостандығынан айыру - алты айдан он бес жылға дейінгі, ал аса ауыр қылмыстары үшін жиырма жылға дейінгі мерзімге не өмір бойына белгіленеді. Абайсызда жасалған қылмыстар үшін бас бостандығынан айыру мерзімі он жылдан аспайды. Айыппұл салуды, түзеу жұмыстарын, қоғамдық жұмыстарға тартуды немесе бас бостандығын шектеуді бас бостандығынан айыруға ауыстырған жағдайда ол алты айға жетпейтін мерзімге тағайындалуы мүмкін. Қылмыстардың жиынтығы бойынша жазаларды тағайындаған кезде бас бостандығынан айыру мерзімдерін ішінара немесе толық қосқан жағдайда және осы Кодекстің 71-бабының бесінші бөлігінде және 77-бабының бесінші бөлігінде көзделген жағдайларда бас бостандығынан айырудың ең жоғары мерзімі - жиырма бес жылдан, ал үкімдердің жиынтығы бойынша отыз жылдан аспауға тиіс.
2021.29.12. № 89-VII ҚР Заңымен 4-бөлік өзгертілді (бұр.ред.қара)
4. Өмір бойына бас бостандығынан айыру аса ауыр қылмыстар жасағаны үшін белгіленуі мүмкін. Өмір бойына бас бостандығынан айыру он сегіз жасқа дейін қылмыс жасаған адамдарға, әйелдерге, алпыс үш жастағы және ол жастан асқан еркектерге тағайындалмайды. Өмір бойына бас бостандығынан айыру кешірім жасау тәртібімен белгілі бір мерзімге бас бостандығынан айыруға ауыстырылуы мүмкін.
2023.17.03. № 212-VІІ ҚР Заңымен 5-бөлік жаңа редакцияда (2023 ж. 20 мамырдан бастап қолданысқа енгізілді) (бұр.ред.қара)
5. Бас бостандығынан айыруды:
1) қылмыстық-атқару жүйесінің қауіпсіздігі барынша төмен мекемелерінде:
абайсызда жасаған қылмыстары үшін сотталған адамдарға;
осы Кодекстің 7, 8, 9, 12 және 13-тарауларында көзделген, күш қолданумен байланысты емес қылмыстар үшін сотталған адамдарға;
қылмыспен келтірілген залалды толық өтеген жағдайда, осы Кодекстің 15-тарауында көзделген қылмыстар үшін сотталған адамдарға;
екі жылға дейінгі мерзімге бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалған қасақана қылмыс жасағаны үшін алғаш рет сотталған адамдарға өтеу тағайындалады.
Осы тармақтың ережелері осы Кодекстің 366-бабының 1-1, екінші, үшінші және төртінші бөліктерінде, 367-бабының екінші, үшінші және төртінші бөліктерінде, 368-бабының екінші бөлігінде көзделген қылмыстарды жасағаны үшін бас бостандығынан айыруға сотталған адамдарға қолданылмайды;
2) қылмыстық-атқару жүйесінің орташа қауіпсіз мекемелерінде:
бұрын бас бостандығынан айыруды өтемеген, қасақана қылмыс жасағаны үшін екі жылдан астам мерзімге бас бостандығынан айыруға сотталған адамдарға;
бұрын бас бостандығынан айыруды өтемеген, осы Кодекстің 366-бабының 1-1, екінші және үшінші бөліктерінде, 367-бабының екінші және үшінші бөліктерінде, 368-бабының екінші бөлігінде көзделген қылмыстарды жасағаны үшін бас бостандығынан айыруға сотталған адамдарға;
бұрын бас бостандығынан айыруды өтемеген, айыппұл, түзеу жұмыстары, қоғамдық жұмыстарға тарту, бас бостандығын шектеу бас бостандығынан айыруға ауыстырылған адамдарға;
3) қылмыстық-атқару жүйесінің қауіпсіздігі барынша жоғары мекемелерінде:
бұрын қасақана қылмыс жасағаны үшін бас бостандығынан айыруды өтеген, бас бостандығынан айыруға сотталған адамдарға;
бұрын бас бостандығынан айыруды өтеген, осы Кодекстің 366-бабының 1-1, екінші және үшінші бөліктерінде, 367-бабының екінші және үшінші бөліктерінде, 368-бабының екінші бөлігінде көзделген қылмыстарды жасағаны үшін бас бостандығынан айыруға сотталған адамдарға;
бұрын бас бостандығынан айыруды өтеген, айыппұл, түзеу жұмыстары, қоғамдық жұмыстарға тарту, бас бостандығын шектеу бас бостандығынан айырумен ауыстырылған адамдарға;
4) өмір бойына бас бостандығынан айыруға сотталған адамдарға қылмыстық-атқару жүйесінің төтенше қауіпсіз мекемелерінде өтеу тағайындалады.
Үкімдердің жиынтығы кезінде бас бостандығынан айыруды өтеу үшін осы бөліктің ерекшеліктерін ескере отырып, жиынтыққа кіретін үкімдердің бірінде белгіленген мекеменің неғұрлым қатаң түрі айқындалады.
2023.17.03. № 212-VІІ ҚР Заңымен 6-бөлік жаңа редакцияда (2023 ж. 20 мамырдан бастап қолданысқа енгізілді) (бұр.ред.қара)
6. Өмір бойына бас бостандығынан айыруға сотталған адамдардан басқа, бұрын бас бостандығынан айыруды өтеген, аса ауыр қылмыстар жасағаны үшін бес жылдан астам мерзімге бас бостандығынан айыруға сотталған адамдарға қылмыстардың қауіпті қайталануы кезінде жаза мерзімінің бір бөлігін, бірақ бес жылдан аспайтын мерзімді қылмыстық-атқару жүйесінің толық қауіпсіз мекемелерінде өтеу тағайындалуы мүмкін.
7. Үкіммен тағайындалған мекеменің түрін өзгертуді сот Қазақстан Республикасы Қылмыстық-атқару кодексінің 96-бабына сәйкес жүргізеді.
47-бап. 2021.29.12. № 89-VII ҚР Заңымен алып тасталды (бұр.ред.қара)
48-бап 2016 жылғы 1 қаңтардан бастап қолданысқа енгізілді
48-бап. Мүлiктi тәркiлеу
2015.13.11. № 400-V ҚР Заңымен 1-бөлік өзгертілді (бұр.ред.қара)
1. Мүлікті тәркілеу дегеніміз - сотталған адамның меншігіндегі, қылмыстық жолмен табылған не қылмыстық жолмен табылған қаражатқа сатып алынған мүлікті, сондай-ақ қылмыстық құқық бұзушылық жасау қаруы немесе құралы болып табылатын мүлікті мәжбүрлеп өтеусіз алып қою және мемлекеттің меншігіне айналдыру.
2. Тәркілеуге мынадай:
1) заңды иесіне қайтарылуға жататын мүлікті және одан түскен табыстарды қоспағанда, қылмыстық құқық бұзушылық жасау нәтижесінде алынған ақша мен өзге мүлiк және осы мүліктен алынған кез келген табыс;
2) қылмыстық құқық бұзушылық жасау нәтижесінде алынған мүлiк пен осы мүліктен алынған табыстар ішінара немесе толығымен ауыстырылған немесе айналдырылған;
3) экстремистік немесе террористік әрекетті не қылмыстық топты қаржыландыруға немесе өзге де қамтамасыз етуге пайдаланылатын немесе арналған;
2015.13.11. № 400-V ҚР Заңымен 4) тармақша өзгертілді (бұр.ред.қара)
4) қылмыстық құқық бұзушылық жасау қаруы немесе құралы болып табылатын;
2015.13.11. № 400-V ҚР Заңымен 5) тармақшамен толықтырылды; 2019.21.01. № 217-VІ ҚР Заңымен 5) тармақша жаңа редакцияда (бұр.ред.қара)
5) осы бөліктің 1), 2), 3) және 4) тармақтарында көрсетілген, сотталған адам басқа тұлғалардың меншігіне берген ақша және өзге де мүлік жатады.
3. Егер осы баптың бірінші және екінші бөліктерінде көрсетілген мүлікке кіретін белгілі бір затты тәркілеу осы затты тәркілеу туралы сот шешімі қабылданған кезде оның пайдаланылуы, сатылуы немесе өзге де себептері бойынша мүмкін болмаса, сот шешімі бойынша осы заттың құнына сәйкес келетін ақшалай сома тәркіленуге жатады.
4. Қазақстан Республикасының Қылмыстық-процестік кодексінің 15-бөлімінде көзделген жағдайларда мүлікті тәркілеу соттың шешімі бойынша қылмыстық-құқықтық ықпал ету шарасы ретінде қолданылуы мүмкін.
2015.13.11. № 400-V ҚР Заңымен 5-бөлікпен толықтырылды
5. Мыналар:
1) қылмыстық-атқару заңнамасында көзделген тізбеге сәйкес сотталған адамға немесе оның асырауындағы адамдарға қажетті мүлік;
2) егер олар осы Заңда қылмыстық жауаптылықтан босату көзделген қылмыстық құқық бұзушылық жасау нәтижесінде алынса, «Қазақстан Республикасының азаматтарына, оралмандарға және Қазақстан Республикасында тұруға ықтиярхаты бар адамдарға олардың мүлікті жария етуіне байланысты рақымшылық жасау туралы» Қазақстан Республикасының Заңына сәйкес жария етілген ақша және өзге де мүлік тәркіленуге жатпайды.
Осы баптың бесінші бөлігі екінші тармағының ережелері 2014 жылғы 1 қыркүйектегі жағдай бойынша заңды күшіне енген сот актілеріне қолданылмайды, сондай-ақ жария етуге жатпаған, жария етілген мүлікке және ақшаға қолданылмайды.
49-бап. Арнаулы, әскери немесе құрметтi атақтан, сыныптық шеннен, дипломатиялық дәрежеден, бiлiктiлiк сыныбынан және мемлекеттiк наградалардан айыру
1. Қасақана қылмыстық құқық бұзушылық жасағаны үшiн соттаған кезде сот кінәлі адамның жеке басын ескере отырып, оны арнаулы, әскери, құрметтi немесе өзге де атағынан, сыныптық шенiнен, дипломатиялық дәрежесiнен, бiлiктiлiк сыныбынан айыра алады.
2. Қазақстан Республикасының мемлекеттiк наградалары, сол сияқты Қазақстан Республикасының Президентi берген арнаулы, әскери, құрметтi немесе өзге де атағы, сыныптық шенi, дипломатиялық дәрежесi немесе бiлiктiлiк сыныбы бар адамды қасақана қылмыстық құқық бұзушылық жасағаны үшiн соттаған кезде сот үкiм шығарғанда сотталған адамды осы наградалардан, атақтардан, сыныптық шенiнен, дипломатиялық дәрежесiнен немесе бiлiктiлiк сыныбынан айыру туралы ұсыныс енгізе алады, ал сыбайлас жемқорлық қылмыстар бойынша Қазақстан Республикасының Президентiне ұсыныс енгiзеді.
50-бап. Белгiлi бiр лауазымды атқару немесе белгiлi бiр қызметпен айналысу құқығынан айыру
2015.24.11. № 422-V ҚР Заңымен 1-бөлік өзгертілді (2016 ж. 1 қаңтардан бастап қолданысқа енгiзiлдi) (бұр.ред.қара)
1. Белгiлi бiр лауазымды атқару немесе белгiлi бiр қызметпен айналысу құқығынан айыру мемлекеттiк қызметте, жергiлiктi өзiн-өзi басқару органдарында, қаржы ұйымдарында белгiлi бiр лауазымдарды атқаруға не белгiлi бiр кәсiптiк немесе өзге де қызметпен айналысуға тыйым салудан тұрады.
2015.24.11. № 422-V ҚР Заңымен (2016 ж. 1 қаңтардан бастап қолданысқа енгiзiлдi) (бұр.ред.қара); 2019.01.04. № 240-VІ ҚР Заңымен (бұр.ред.қара); 2019.03.07. № 262-VІ ҚР Заңымен (2020 ж. 1 қаңтардан бастап қолданысқа енгізілді) (бұр.ред.қара); 2019.27.12. № 292-VІ ҚР Заңымен (бұр.ред.қара); 2020.30.12. № 393-VI ҚР Заңымен (бұр.ред.қара) 2-бөлік өзгертілді
2. Белгілі бір лауазымды атқару немесе белгілі бір қызметпен айналысу құқығынан айыру бір жылдан он жылға дейінгі мерзімге белгіленеді.
Осы Кодекстің 238-бабының екінші бөлігінде, 239-бабының екінші бөлігінде, 250-бабының екінші бөлігінде көзделген, қаржы ұйымының, банк және (немесе) сақтандыру холдингінің басшы қызметкері, ірі қатысушы (ірі акционер) - жеке тұлға, қаржы ұйымының ірі қатысушысы (ірі акционері) - заңды тұлғаның басқару органының басшысы, мүшесі, атқарушы органының басшысы, мүшесі, бас бухгалтері, оның ішінде осы Кодекстің 239-бабының екінші бөлігінде көзделген қаржы ұйымының басқару органының немесе атқарушы органының функцияларын уақытша не арнайы өкілеттік бойынша орындайтын тұлғалар жасаған, экономикалық қызмет саласындағы және қаржы ұйымдарындағы қызмет мүдделеріне қарсы қылмыс жасағаны үшін белгілі бір лауазымды атқару құқығынан айыру бес жылдан қаржы ұйымының, банк және (немесе) сақтандыру холдингінің басшы қызметкері лауазымын атқаруға және қаржы ұйымының ірі қатысушысы (ірі акционері) болуға өмір бойына тыйым салу белгіленгенге дейінгі мерзімге белгіленеді.
Кәмелетке толмағандардың жыныстық тиіспеушілігіне қарсы қылмыстарды, сондай-ақ осы Кодекстің 132-бабының екінші, үшінші, төртінші және бесінші бөліктерінде, 133-бабының екінші және үшінші бөліктерінде көзделген қылмыстарды жасағаны үшін белгілі бір лауазымдарды атқару немесе белгілі бір қызметпен айналысу құқығынан айыру міндетті түрде тағайындалады және педагогикалық лауазымдарды және кәмелетке толмағандармен жұмыс істеумен байланысты лауазымдарды атқаруға өмір бойына тыйым салудан тұрады.
Сыбайлас жемқорлық қылмыстарды жасағаны үшін белгілі бір лауазымды атқару немесе белгілі бір қызметпен айналысу құқығынан айыру міндетті түрде тағайындалады және мемлекеттік қызметте, судья қызметін, жергілікті өзін-өзі басқару органдарында, Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкінде және оның ведомстволарында, қаржы нарығы мен қаржы ұйымдарын реттеу, бақылау және қадағалау жөніндегі уәкілетті органда, мемлекеттік ұйымдарда және квазимемлекеттік сектор субъектілерінде лауазымдарды атқаруға өмір бойына тыйым салудан тұрады.
Осы Кодекстің 345-1-бабының төртінші бөлігінде және 346-бабында көзделген көліктік қылмыстарды жасағаны үшін белгілі бір қызметпен айналысу құқығынан айыру көлік құралын басқару құқығына өмір бойына тыйым салудан тұрады.
3. Белгiлi бiр лауазымдарды атқару немесе белгiлi бiр қызметпен айналысу құқығынан айыру, егер сот жасалған іс-әрекеттің сипаты мен қоғамға қауiптiлiк дәрежесiн және кiнәлi адамның жеке басын ескере отырып, оның белгiлi бiр лауазымдарды атқару немесе белгiлi бiр қызметпен айналысу құқығының сақталуы мүмкiн емес деп таныса, ол осы Кодекстiң Ерекше бөлiгiнің тиiстi бабында тиісті қылмыстық құқық бұзушылық үшін қосымша жаза ретінде көзделмеген жағдайларда да тағайындалуы мүмкiн.
2018.12.07. № 180-VІ ҚР ҚР Заңымен 4-бөлік өзгертілді (бұр.ред.қара)
4. Бас бостандығынан айыруға, қамаққа алуға қосымша жаза ретінде осы жазаны тағайындау кезінде, ол негiзгi жазаны өтеудiң барлық уақытына қолданылады, бiрақ бұл ретте оның мерзiмi бас бостандығынан айыру, қамаққа алу өтелген кезден бастап есептеледi. Жазаның басқа негiзгi түрлерiне қосымша жаза түрi ретiнде белгiлi бiр лауазымдарды атқару немесе белгiлi бiр қызметпен айналысу құқығынан айыру тағайындалған жағдайда, сондай-ақ жазаны өтеу кейінге қалдырылған немесе шартты түрде сотталған кезде оның мерзiмi үкiмнің заңды күшiне енген кезінен бастап есептеледi.
2017.11.07. № 91-VI ҚР Заңымен 50-1-баппен толықтырылды
50-1-бап. Қазақстан Республикасының азаматтығынан айыру
1. Қазақстан Республикасының азаматтығынан айыру мемлекеттің сотталған адаммен орнықты саяси-құқықтық байланысты мәжбүрлі тоқтатуынан тұрады, бұл олардың өзара құқықтары мен міндеттерінің жиынтығын білдіреді.
2. Он сегіз жасқа дейін қылмыс жасаған адамдарға Қазақстан Республикасының азаматтығынан айыру тағайындалмайды.
51-бап. Шетелдікті немесе азаматтығы жоқ адамды Қазақстан Республикасының шегінен тысқары жерге шығарып жіберу
2016.22.12. № 28-VI ҚР Заңымен 1-бөлік жаңа редакцияда (бұр.ред.қара)
1. Шетелдікті немесе азаматтығы жоқ адамды Қазақстан Республикасының шегiнен шығарып жіберу осы адамның Қазақстан Республикасының аумағына кіруіне бес жыл мерзімге тыйым салу белгілене отырып, мәжбүрлеу тәртібімен орындалады.
2016.09.04. № 501-V ҚР Заңымен (бұр.ред.қара); 2019.21.01. № 217-VІ ҚР Заңымен (бұр.ред.қара) 2-бөлік жаңа редакцияда
2. Шетелдікті немесе азаматтығы жоқ адамды қылмыс жасағаны үшін Қазақстан Республикасының шегінен тысқары жерге шығарып жіберу - қосымша жаза түрі ретінде, ал қылмыстық теріс қылық жасағаны үшін негізгі де, қосымша да жаза түрі ретінде тағайындалуы мүмкін.
Сот осы жаза түрін қосымша жаза ретінде тағайындаған кезде бұл негізгі жаза түрі өтелгеннен кейін немесе Қазақстан Республикасы Қылмыстық-атқару кодексінің 161-бабы бірінші бөлігінің 3), 5), 6) және 7) тармақшаларында көзделген негіздер бойынша оны одан әрі өтеуден босатылғаннан кейін, ал шартты түрде соттау қолданылған жағдайларда үкім заң күшіне енген кезден бастап орындалады.
4-БӨЛІМ. ЖАЗА ТАҒАЙЫНДАУ
52-бап. Жаза тағайындаудың жалпы негiздерi
1. Қылмыстық құқық бұзушылық жасауға кінәлі деп танылған адамға осы Кодекстiң Ерекше бөлiгiнiң тиiстi бабында белгiленген шектерде және осы Кодекстiң Жалпы бөлiгiнiң ережелерi ескерiле отырып, әдiл жаза тағайындалады.
2. Қылмыстық құқық бұзушылық жасаған адамға оның түзелуi және жаңа қылмыстық құқық бұзушылықтардың алдын алу үшiн қажеттi және жеткiлiктi жаза тағайындалуға тиiс. Егер жасалған қылмыстық құқық бұзушылық үшiн көзделген жазаның онша қатаң емес түрi жазаның мақсатына жетудi қамтамасыз ете алмайтын болса ғана, ол үшiн көзделгендерi арасынан неғұрлым қатаң жаза түрі тағайындалады. Жасалған іс-әрекет үшiн осы Кодекстiң Ерекше бөлiгiнің тиiстi баптарында көзделгеннен неғұрлым қатаң жаза осы Кодекстiң 58 және 60-баптарына сәйкес қылмыстық құқық бұзушылықтардың жиынтығы бойынша немесе үкiмдердiң жиынтығы бойынша тағайындалуы мүмкiн. Жасалған іс-әрекет үшiн осы Кодекстiң Ерекше бөлiгiнің тиiстi баптарында көзделгеннен онша қатаң емес жаза тағайындау үшiн негiздер осы Кодекстiң 55-бабында айқындалады.