5. Құқық бұзушылық туралы хаттама осы баптың төртінші бөлігінде көзделген жағдайларда қажетті материалдармен бірге Қазақстан Республикасының Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінде белгіленген соттылыққа сәйкес қарау үшін сотқа жіберіледі.
6. Егер сот отырысында тәртіп бұзушының әрекеттерінде қылмыстық құқық бұзушылық белгілері болса, сот бұл туралы қаулы шығарады, ол өзіне қатысты қаулы шығарылған адамға үш жұмыс күні ішінде тапсырылады және (немесе) жіберіледі және растайтын материалдармен бірге прокурорға сотқа дейінгі іс жүргізуді ұйымдастыру үшін жолданады.
10-тарау. ПРОЦЕСТІК МЕРЗІМДЕР
121-бап. Процестік әрекеттер жасау мерзімдері
1. Процестік әрекеттер осы Кодексте белгіленген процестік мерзімдерде жасалады.
2. Егер процестік әрекеттер жасауға арналған мерзім осы Кодексте белгіленбеген жағдайда, оны сот тағайындайды. Сот тағайындайтын процестік мерзім процестік әрекеттер жасау үшін ақылға қонымды және жеткілікті болуға тиіс.
122-бап. Процестік мерзімдерді есептеу
1. Процестік әрекеттер жасауға арналған мерзімдер сөзсіз болуға тиісті оқиға көрсетіле отырып, дәл күнтізбелік күнмен айқындалады немесе жылдармен, айлармен немесе күндермен есептелетін уақыт кезеңімен айқындалады. Соңғы жағдайда әрекет бүкіл кезең ішінде жасалуы мүмкін.
2. Кезеңмен айқындалатын процестік мерзімнің ағымы оның басталуы айқындалған күнтізбелік күннен немесе оқиға болған күннен кейінгі күні басталады.
123-бап. Процестік мерзімдердің аяқталуы
1. Жылдармен есептелетін мерзім сол мерзімнің соңғы жылының тиісті айында және күнінде бітеді.
2. Айлармен есептелетін мерзім сол мерзімнің соңғы тиісті айында бітеді. Егер айлармен есептелетін мерзімнің соңы тиісті күні жоқ айға сәйкес келсе, онда мерзім осы айдың соңғы күнінде бітеді.
3. Күндермен есептелетін мерзім белгіленген кезеңнің соңғы күні бітеді.
4. Мерзімнің соңғы күні жұмыс істемейтін күнге сәйкес келген жағдайда жылдармен, айлармен және күндермен есептелетін мерзімнің аяқталатын күні одан кейінгі жұмыс күні болып есептеледі.
5. Жасалуына мерзім белгіленген процестік әрекет мерзімнің соңғы күніне жиырма төрт сағат қалғанға дейін орындалуы мүмкін. Егер шағым, құжаттар не ақша сомалары мерзімнің соңғы күніне жиырма төрт сағат қалғанға дейін поштаға, телеграфқа тапсырылса немесе өзге де байланыс құралдары арқылы берілсе, онда мерзім өткізіп алған болып есептелмейді.
6. Егер процестік әрекет тікелей сотта жасалуға тиіс болса, онда мерзім сотта белгіленген ішкі тәртіптеме қағидалары бойынша жұмыс аяқталатын сағатта бітеді.
7. Осы бапта көзделген процестік мерзімдерді есептеу тәртібі сотқа берілетін электрондық құжаттарға да қолданылады.
124-бап. Процестік мерзімді өткізіп алудың салдарлары
1. Процестік әрекеттерді жасау құқығы осы Кодексте белгіленген немесе сот тағайындаған процестік мерзімнің аяқталуымен жойылады.
2. Процестік мерзімдер аяқталғаннан кейін берілген шағымдар мен құжаттарды, егер өткізіп алған процестік мерзімді қалпына келтіру туралы мәлімделмесе, сот оларды берген адамға қараусыз кері қайтарады.
3. Процестік мерзімнің өтуі іске қатысатын адамды процестік міндеттерін орындаудан босатпайды.
125-бап. Процестік мерзімдерді тоқтата тұру
1. Іс бойынша іс жүргізу тоқтатыла тұрумен бірге барлық өтпеген процестік мерзімдердің жүруі тоқтатыла тұрады. Мерзімдерді тоқтата тұру сот іс бойынша іс жүргізуді осы Кодексте көзделген негіздер бойынша тоқтата тұру туралы ұйғарым шығарған күннен басталады.
2. Сот іс бойынша іс жүргізуді қайта бастау туралы ұйғарым шығарған күннен бастап процестік мерзімдердің жүруі жалғасады.
126-бап. Процестік мерзімдерді ұзарту және қалпына келтіру
1. Сот тағайындаған мерзімдерді сот ұзарта алады.
2. Егер осы Кодексте белгіленген мерзімдерді өткізіп алу себептерін сот дәлелді деп таныса, сот оларды қалпына келтіруі мүмкін.
2017.11.07. № 91-VI ҚР Заңымен 3-бөлік жаңа редакцияда (бұр.ред.қара)
3. Сот заңды бұзған жағдайда сот актілеріне шағым жасау, прокурордың өтінішхат немесе наразылық келтіруі не процеске қатысушының өз құқықтары мен заңды мүдделерін қорғауға мүмкіндігін шектейтін (іске қатысатын адамға сот актісінің көшірмелерін уақтылы жібермеу; егер сот актісі осы тұлға білетін тілге аударылмаса, сот ісін жүргізу тілін білмеу; құқық мирасқорлығын дұрыс ресімдемеу) сот актілеріне шағым жасау үшін, сондай-ақ уақтылы шағым беруге, прокурордың өтінішхат немесе наразылық келтіруіне кедергі болған өзге де мән-жайлар болған кезде сот осы баптың екінші бөлігінде көрсетілген өткізіп алған мерзімді қалпына келтіруге міндетті.
4. Өткізіп алған процестік мерзімді қалпына келтіру туралы арыз арыз иесіне өзінің құқықтарының немесе заңды мүдделерінің бұзылғандығы туралы белгілі болған күннен бастап бір айдан кешіктірмей процестік әрекеттер жасалуға тиісті сотқа беріледі. Арыздың қаралатын уақыты мен орны туралы іске қатысатын адамдар хабарландырылады, алайда олардың кез келгенінің келмеуі арыздың қаралуына кедергі келтірмейді.
5. Мерзімді қалпына келтіру туралы арыз берумен бір мезгілде құқықтарды қорғау туралы талап берілуге, мерзімді өткізіп алу себептерінің дәлелділігін растайтын құжат ұсынылуға тиіс.
2017.11.07. № 91-VI ҚР Заңымен 6-бөлік жаңа редакцияда (бұр.ред.қара)
6. Өткізіп алған процестік мерзімді ұзартудан немесе қалпына келтіруден бас тарту туралы соттың ұйғарымына жеке шағым берілуі, прокурордың өтінішхаты, наразылығы келтірілуі мүмкін.
2017.11.07. № 91-VI ҚР Заңымен 7-бөлік жаңа редакцияда (бұр.ред.қара)
7. Процестік мерзімді ұзарту немесе қалпына келтіру туралы соттың ұйғарымы шағым жасауға, прокурордың өтінішхаты бойынша қайта қарауға жатпайды.
11-тарау. СОТТЫҢ ХАБАРЛАУЛАРЫ МЕН ШАҚЫРУЛАРЫ
127-бап. Соттың хабарлаулары мен шақырулары
1. Іске қатысатын адамдар, олардың өкілдері, сондай-ақ куәлар, сарапшылар, мамандар мен аудармашылар сот отырысының немесе жекелеген процестік әрекеттерді жасаудың уақыты мен орны туралы хабарландырылады және соттың шақыру қағаздарымен сотқа шақырылады.
2018.24.05. № 156-VI ҚР Заңымен 2-бөлік жаңа редакцияда (бұр.ред.қара)
2. Іске қатысатын адамдар, сондай-ақ куәлар, сарапшылар, мамандар мен аудармашылар электрондық пошта мекенжайы немесе ұялы байланыстың абоненттік нөмірі бойынша хабарлама жіберу арқылы, сондай-ақ хабарлаудың немесе шақырудың тіркелуін қамтамасыз ететін өзге де байланыс құралдарын пайдалана отырып хабарлануы немесе шақырылуы мүмкін.
Электрондық пошта мекенжайы немесе ұялы байланыстың абоненттік нөмірі немесе хабарлаудың немесе шақырудың тіркелуін қамтамасыз ететін өзге де байланыс құралдары туралы мәліметтер болмаған жағдайда, хабарлама телефонограммамен немесе гибридті жөнелту арқылы не табыс етілгендігі туралы хабарламасы бар тапсырысты хатпен белгілі болған соңғы тұрғылықты жері немесе тұрған жері бойынша жіберіледі.
Егер сотқа хабарланған мекенжай бойынша адам іс жүзінде тұрмайтын болса, хабарлау немесе шақыру оның жұмыс орны бойынша жіберілуі мүмкін.
Іске қатысатын адамдар хабарланатын және шақырылатын адамдар сотқа келмеген істер бойынша сот талқылауының уақыты, күні мен орны туралы хабарды бұқаралық ақпарат құралдарында жариялауға құқылы.
Осы баптың төртінші бөлігінің 1) және 2) тармақшаларында көрсетілген электрондық байланыс құралдары туралы мәліметтер болған кезде хабарламалар тараптардың өкілдеріне жіберіледі.
3. Хабарлаулар мен шақырулар хабарланатын немесе шақырылатын адамның сотқа уақтылы келуіне және іске дайындалуына жеткілікті мерзімі болатындай есеппен істі сот талқылауына дайындау туралы ұйғарым шығарылған күннен не сот талқылауы тағайындалған күннен кейінгі келесі күннен кешіктірілмей жіберілуге тиіс.
2018.24.05. № 156-VI ҚР Заңымен 4-бөлік жаңа редакцияда (бұр.ред.қара)
4. Тарапқа:
1) іске қатысатын тарап көрсеткен электрондық пошта мекенжайына;
2) Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының электрондық сервистерінде көрсетілген электрондық пошта мекенжайына;
3) бір жыл ішінде тараптар арасында жасалған және даудың нысанасы болып табылатын шартта көрсетілген электрондық пошта мекенжайына;
4) жеткізілгенін растайтын есепті алған кезде жеке өзі сотқа ұсынған ұялы байланыстың абоненттік нөмірі бойынша;
5) егер мұндай хабарламаның келіп түспегені не кешірек түскені дәлелденбесе, хабарлаудың немесе шақырудың тіркелуін қамтамасыз ететін байланыстың өзге де құралдары пайдаланыла отырып;
6) гибридті жөнелту арқылы не табыс етілгені туралы хабарламасы бар тапсырысты хатпен белгілі болған соңғы тұрғылықты жері немесе тұрған жері бойынша жіберілген хабарлама тараптың тиісінше хабарландырылуы болып табылады.
Осы бөліктің 1), 2) және 3) тармақшаларында көрсетілген электрондық байланыс құралдары арқылы жіберілген бірінші хабарлама бойынша тарап келмеген жағдайда, қайта хабарлау соттың хабарлауының немесе шақыруының тіркелуін қамтамасыз ететін байланыстың және жеткізудің өзге де құралдары пайдаланыла отырып жіберіледі.»;
5. 2018.24.05. № 156-VI ҚР Заңымен алып тасталды (бұр.ред.қара)
6. Осы бапта көзделген сот хабарлауларының нысандары, егер Қазақстан Республикасы ратификациялаған халықаралық шартта өзгеше тәртіп белгіленбесе, осы Кодекстің 23-бабының бесінші бөлігінде көрсетілген субъектілерге қатысты да қолданылады.
128-бап. Соттың шақыру қағазының немесе өзге де хабарлаудың, шақырудың мазмұны
1. Соттың шақыру қағазында немесе өзге де хабарлауда, шақыруда:
1) хабарланатын немесе сотқа шақырылатын адамды (тегін, атын, әкесінің атын (егер ол жеке басты куәландырылатын құжатта көрсетілсе) және адамның тұрғылықты жерін не заңды тұлғаның атауы мен оның орналасқан жерін) көрсету;
2) соттың атауы мен мекенжайы;
3) сотқа келетін жері мен уақытын көрсету;
4) адресат хабарланатын немесе шақыртылатын істің атауы;
5) адресаттың кім ретінде хабарландырылып немесе шақырылып отырғандығын көрсету;
6) іске қатысатын адамдарға дәлелдемелерді осы Кодекстің талаптарына сәйкес ұсынбаудың салдарын көрсетіп, іс бойынша оларда бар барлық дәлелдемелерді табыс етуді ұсыну;
7) осы Кодекстің 46-бабында көзделген құқықтар мен міндеттерді көрсету;
8) адресаттың болмауына байланысты шақыру қағазын немесе өзге де хабарлауды, шақыруды қабылдаған адамның оны алғашқы мүмкіндік болған кезде адресатқа тапсыруға міндеттілігін көрсету;
9) хабарландырылатын немесе шақырылатын адамның сотқа келмей қалу салдарын және келмеу себебін сотқа хабарлауға оның міндетті екендігін көрсету;
10) шақыру қағазын немесе өзге де хабарламаны, шақыруды жіберген адамның қойған қолы қамтылуға тиіс.
Хабарлау немесе шақыру туралы телефонограмма жіберген адам оны өзінің қолын қойып және оны кімге және қашан бергендігін көрсетіп куәландыруға тиіс.
2. Ұялы байланыстың абоненттік нөмірі немесе электрондық мекенжай бойынша жіберілетін хабарда:
1) хабарландырылатын немесе сотқа шақырылатын адамды (хабарлау жіберілетін адамның тегін, атын, әкесінің атын (егер ол жеке басты куәландыратын құжатта көрсетілсе) не заңды тұлғаның атауын) көрсету;
2) соттың атауы мен мекенжайы;
3) келетін жері мен уақытын көрсету;
4) адресат хабарландырылып немесе шақыртылып отырған істің қысқаша атауы;
5) адресаттың кім ретінде хабарландырылып немесе шақыртылып отырғандығын көрсету;
6) хабар жіберген адамның тегі мен аты қамтылуға тиіс.
Хабардың жіберілгендігін растайтын құжат іс материалдарына қоса тіркеледі.
3. Хабарламаны алған тараптар, жабық сот отырысында қарауға жататын істерді қоспағанда, талап қоюмен және оған қоса берілетін материалдармен соттың ресми интернет-ресурсы арқылы танысуға құқылы.
129-бап. Соттың шақыру қағазын немесе өзге де хабарлауды жеткізу
2018.24.05. № 156-VI ҚР Заңымен 1-бөлік жаңа редакцияда (бұр.ред.қара)
1. Соттың шақыру қағазы немесе өзге де хабарлама электрондық пошта мекенжайы бойынша немесе ұялы байланыстың абоненттік нөміріне не пошта арқылы жеткізіледі немесе судья оларды жеткізуді тапсыратын адам жеткізеді.
Адресатқа электрондық пошта мекенжайы немесе ұялы байланыстың абоненттік нөмірі бойынша оларды жөнелту уақыты растайтын есеппен тіркеледі, ал қолма-қол жеткізілген жағдайда, сотқа қайтарылуға жататын шақыру қағазының түбіртегінде немесе өзге де хабарламаның көшірмесінде белгіленеді.
2. Судья хабарландырылатын немесе іс бойынша шақырылатын басқа адамға тапсыру үшін шақыру қағазын немесе соттың өзге де хабарлауын іске қатысатын адамның келісімімен оған беруі мүмкін.
3. Соттың шақыру қағазын немесе өзге де хабарлауды жеткізу тапсырылған адам оның тапсырылған күні көрсетілген және адресаттың оларды алғандығы жөнінде қолы қойылған шақыру қағазының түбіртегін немесе өзге де хабарлаудың көшірмелерін сотқа қайтаруға міндетті.
4. Осы тараудың талаптары сақталған кезде және керісінше жағдай дәлелденбесе, соттың шақыру қағазы немесе өзге де хабарлау жеткізілген болып есептеледі.
130-бап. Соттың шақыру қағаздарын немесе өзге де хабарлауды тапсыру
2018.24.05. № 156-VI ҚР Заңымен 1-бөлік жаңа редакцияда (бұр.ред.қара)
1. Азаматқа жіберілген соттың шақыру қағазы немесе өзге де хабарлама, сотқа қайтарылуға жататын шақыру қағазының түбіртегіне немесе өзге де хабарламаның көшірмесіне қолын қойғызып жеке өзіне табыс етіледі.
Заңды тұлғаға жіберілген соттың шақыру қағазы немесе өзге де хабарлама оның өкіліне немесе басқарушылық функцияларды орындайтын тиісті адамға, күзет қызметінің қызметкеріне не шақырылатын, хабарланатын тұлғаның басқа жұмыскеріне табыс етіледі, олар өздерінің лауазымын, тегін және аты-жөнін көрсете отырып, шақыру қағазының түбіртегіне немесе өзге де хабарламаның көшірмесіне алғандығы туралы қол қояды.
Соттың шақыру қағазы немесе өзге де хабарлама, тіпті егер заңды тұлға көрсетілген мекенжайда болмаса да, заңды тұлғаның орналасқан жері бойынша оған жеткізілген болып есептеледі.
2. Егер шақыру қағазын жеткізген адам іс бойынша хабарландырылатын немесе шақырылатын адамды тұрғылықты жерінен немесе жұмысынан таба алмаса, онда шақыру қағазы онымен бірге тұратын отбасының кәмелеттік жасқа толған мүшелерінің біріне не олардың келісімімен басқа адамға, ал олар болмаған кезде - үй-жайлардың (пәтерлердің) меншік иелері кооперативінің, тұрғын үй-пайдалану және коммуналдық қызметтер көрсету қызметінің уәкілетті тұлғасына не тұрғын үй басқарушысына, жергілікті өзін-өзі басқару органының немесе адресаттың тұрғылықты жері бойынша тиісті атқарушы органның не оның жұмыс орны бойынша әкімшіліктің уәкілетті тұлғасына тапсырылады. Бұл жағдайларда шақыру қағазын қабылдап алған адам шақыру қағазының түбіртегіне өзінің тегін, атын, әкесінің атын (егер ол жеке басты куәландыратын құжатта көрсетілген болса), сондай-ақ адресатқа қатыстылығын немесе атқаратын лауазымын көрсетуге міндетті. Шақыру қағазын қабылдап алған адам оны кешеуілдемей адресатқа тапсыруға міндетті.
Көрсетілген жағдайларда соттың шақыру қағазы тиісті түрде тапсырылған болып есептеледі.
3. Адресат уақытша болмаған жағдайда шақыру қағазын жеткізетін адам шақыру қағазының түбіртегіне немесе өзге де хабарлауға адресаттың қайда кеткенін және оның қашан қайтып келуі мүмкін екенін белгілейді. Осы мәліметтерді онымен бірге тұратын кәмелетке толған отбасы мүшелерінің және басқа адамдардың ішінен біреуі растауы не үй-жайлардың (пәтерлердің) меншік иелері кооперативінің, тұрғын үй-пайдалану және коммуналдық қызметтерді көрсету қызметінің уәкілетті тұлғасы не тұрғын үй басқарушысы, жергілікті өзін-өзі басқару органының немесе адресаттың тұрғылықты жері бойынша тиісті атқарушы органның немесе оның жұмыс орны бойынша әкімшіліктің уәкілетті тұлғасы, сондай-ақ соттың шақыру қағазын немесе хабарлауды жеткізген адам куәландыруға тиіс.
131-бап. Соттың шақыру қағазын немесе өзге де хабарлауды қабылдап алудан адресаттың бас тартуының салдары
2018.24.05. № 156-VI ҚР Заңымен 1-бөлік жаңа редакцияда (бұр.ред.қара)
1. Адресат соттың шақыру қағазын немесе өзге де хабарламаны қабылдап алудан бас тартқан кезде, оларды табыс етуші адам сотқа қайтарылатын шақыру қағазына немесе өзге де хабарламаға тиісті белгі қояды, сондай-ақ бұл туралы акт жасауға құқылы. Адресаттың соттың шақыру қағазын немесе өзге де хабарламаны алудан бас тартуы туралы белгіні үй-жайлардың (пәтерлердің) меншік иелері кооперативінің, тұрғын үй-пайдалану және коммуналдық қызметтер көрсету қызметінің уәкілетті адамы не тұрғын үй басқарушысы, жергілікті өзін-өзі басқару органының немесе адресаттың тұрғылықты жеріндегі тиісті атқарушы органның немесе оның жұмыс орны бойынша әкімшіліктің уәкілетті адамы куәландырады.
2. Адресаттың соттың шақыру қағазын немесе өзге де хабарлауды қабылдап алудан бас тартуы істі қарауға немесе жекелеген процестік әрекеттерді жасауға кедергі болмайды және адам тиісті түрде хабарландырылған болып есептеледі.
132-бап. Іс бойынша іс жүргізу кезінде тегін, атын, әкесінің атын (егер ол жеке басты куәландыратын құжатта көрсетілсе) ауыстыру, мекенжайды, ұялы байланыстың абоненттік нөмірін және электрондық мекенжайды өзгерту
Іске қатысатын адамдар мен олардың өкілдері іс бойынша іс жүргізу кезінде тегі, аты, әкесінің аты (егер ол жеке басты куәландыратын құжатта көрсетілсе) ауысқан, мекенжайы, ұялы байланысының абоненттік нөмірі, электрондық мекенжайы өзгерген жағдайда бұл туралы сотқа хабарлауға міндетті. Мұндай хабар болмаған кезде шақыру қағазы немесе өзге де хабарлау, шақыру сотқа белгілі соңғы деректер бойынша жіберіледі және адресат бұл мекенжай бойынша енді тұрмаса да немесе болмаса да, ұялы байланыстың осы абоненттік нөмірін немесе электрондық мекенжайды пайдаланбаса да жеткізілген болып есептеледі. Мұндай хабарлау тиісінше хабарлау болып табылады.
133-бап. Жауапкердің және (немесе) баланың болған жерінің белгісіздігі және оларды іздестіру
1. Жауапкердің нақтылы тұрған жері белгісіз болған кезде үй-жайлардың (пәтерлердің) меншік иелері кооперативінің, тұрғын үй-пайдалану және коммуналдық қызметтер көрсету қызметінің уәкілетті тұлғасы не тұрғын үй басқарушысы, жергілікті өзін-өзі басқару органының немесе адресаттың соңғы белгілі тұрғылықты жері бойынша тиісті атқарушы органның немесе оның соңғы белгілі жұмыс орны бойынша әкімшіліктің уәкілетті тұлғасының соттың шақыру қағазын немесе өзге де хабарлауды, шақыруды алғанын куәландыратын жазба сотқа келіп түскеннен кейін сот істі қарауға кіріседі. Мұндай хабарлау тиісінше хабарлау болып табылады.
Жауапкердің және (немесе) баланың болған жері белгісіз болған кезде Қазақстан Республикасына заңсыз алып өткен немесе Қазақстан Республикасында ұсталып отырған баланы кері қайтару туралы немесе Қазақстан Республикасы ратификациялаған халықаралық шарттың негізінде осындай балаға қатысты қол жеткізу құқықтарын жүзеге асыру туралы талап бойынша судья жауапкерді және (немесе) баланы іздестіруді жариялау туралы ұйғарым шығаруға міндетті.
2. Мемлекет мүддесіне орай, сондай-ақ алименттерді өндіріп алу, асыраушысының денсаулығының зақым алуынан немесе қайтыс болуынан келген зиянды өтеу туралы талап қоюлар бойынша жауапкердің тұрған жері белгісіз болған кезде сот уәкілетті органдар арқылы жауапкерді іздестіруді жариялауға міндетті. Соттың жауапкерге іздеу жариялауы істі қарауға кедергі болмайды.
3. Жауапкер өзіне сот шешімінің көшірмелері тапсырылғаннан кейін осы Кодекстің 126-бабында белгіленген тәртіппен апелляциялық шағым беру үшін өткізіп алынған процестік мерзімді қалпына келтіру туралы өтінішхат беруге және соттың шешіміне шағым жасауға құқылы.
4. Жауапкерді және (немесе) баланы іздестіру жөніндегі шығыстарды өндіріп алу уәкілетті органның арызы бойынша сот бұйрығын беру арқылы жүргізіледі.
2-БӨЛІМ. БІРІНШІ САТЫДАҒЫ СОТТА ІС ЖҮРГІЗУ
1-КІШІ БӨЛІМ. ОҢАЙЛАТЫЛҒАН ІС ЖҮРГІЗУ
12-тарау. БҰЙРЫҚ АРҚЫЛЫ ІС ЖҮРГІЗУ
134-бап. Соттың бұйрығы негізінде берешекті өндіріп алу
2019.21.01. № 217-VІ ҚР Заңымен 1-бөлік өзгертілді (бұр.ред.қара)
1. Сот бұйрығы сот актісі болып табылады, оны судья борышкерді және өндіріп алушыны олардың түсіндірмелерін тыңдау үшін шақырмай-ақ және сот талқылауынсыз, даусыз талаптар бойынша борышкерден ақшаны өндіріп алу немесе жылжымалы мүлікті талап ету туралы өндіріп алушының арызы бойынша, сондай-ақ заңда белгіленген немесе шартта көзделген жағдайларда дауды сотқа дейін реттеу тәртібімен жасалған келісімдерді орындау туралы өндіріп алушының арызы бойынша шығарады.
2. Сот бұйрығының атқарушылық құжат күші болады. Сот бұйрығы бойынша өндіріп алу сот шешімдерін орындау үшін белгіленген тәртіппен жүргізіледі.
135-бап. Сот бұйрығы шығарылатын талаптар
Сот бұйрығы:
2019.21.01. № 217-VІ ҚР Заңымен 1) тармақша жаңа редакцияда (бұр.ред.қара)
1) жеке тұлғалардан кедендік төлемдер, салықтар, арнайы, демпингке қарсы, өтемақы баждары бойынша берешекті, өсімпұлдарды, пайыздарды өндіріп алу туралы;
2019.21.01. № 217-VІ ҚР Заңымен 2) тармақша жаңа редакцияда (бұр.ред.қара)
2) Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорына міндетті зейнетақы аударымдарын аудару туралы;
2019.21.01. № 217-VІ ҚР Заңымен 3) тармақша жаңа редакцияда (бұр.ред.қара)
3) заңда белгіленген немесе шартта көзделген жағдайларда сотқа дейін реттеу тәртібімен жасалған дауларды (жанжалдарды) медиация тәртібімен реттеу туралы келісімдерді орындау туралы;
4) әке (ана) болудың анықталуына немесе үшінші тұлғаларды тарту қажеттігіне байланысты емес кәмелетке толмаған балаларды бағып-күтуге арналған алименттерді өндіріп алу туралы;
2019.21.01. № 217-VІ ҚР Заңымен 5) тармақша жаңа редакцияда (бұр.ред.қара)
5) «Нотариат туралы» Қазақстан Республикасының Заңында белгіленген немесе шартта көзделген жағдайларда сотқа дейін реттеу тәртібімен нотариус куәландырған дауды реттеу туралы келісімдерді орындау туралы;
2019.21.01. № 217-VІ ҚР Заңымен 6) тармақша жаңа редакцияда (бұр.ред.қара)
6) «Адвокаттық қызмет және заң көмегі туралы» Қазақстан Республикасының Заңына сәйкес тараптардың тапсырма шарты бойынша адвокаттың немесе партисипативтік рәсім тәртібімен адвокаттар мен тараптардың қатысуымен жасалған дауларды реттеу туралы келісімдерді орындау туралы;
7) уәкілетті органдар мәлімдеген борышкерді, жауапкерді және (немесе) баланы іздестіру жөніндегі шығыстарды өтеу туралы;
2019.21.01. № 217-VІ ҚР Заңымен 8) тармақша жаңа редакцияда (бұр.ред.қара)
8) заңда белгіленген немесе шартта көзделген жағдайларда сотқа дейін реттеу тәртібімен жасалған кәсіпкерлік, инвестициялық қызметке байланысты даулар бойынша келісімдерді орындау туралы;
2019.21.01. № 217-VІ ҚР Заңымен 9) тармақша жаңа редакцияда (бұр.ред.қара)
9) заңда белгіленген немесе шартта көзделген жағдайларда сотқа дейін реттеу тәртібімен жасалған сақтандыру даулары және банктік қарыз шарттарынан туындайтын даулар бойынша келісімдерді орындау туралы;
2019.21.01. № 217-VІ ҚР Заңымен 10) тармақша жаңа редакцияда (бұр.ред.қара)
10) заңда белгіленген немесе шартта көзделген жағдайларда сотқа дейін реттеу тәртібімен жасалған тұтынушылардың құқықтарын қорғау саласындағы даулар бойынша келісімдерді орындау туралы;
2019.21.01. № 217-VІ ҚР Заңымен 11) тармақша жаңа редакцияда (бұр.ред.қара)
11) заңда белгіленген немесе шартта көзделген жағдайларда сотқа дейін реттеу тәртібімен жасалған зияткерлік меншік құқықтарын қорғау саласындағы даулар бойынша келісімдерді орындау туралы;
12) келісімшарт әскери қызметшінің бастамасы бойынша мерзімінен бұрын бұзылған жағдайда, әскери қызметті өткеру туралы келісімшартта көзделген біржолғы ақшалай сыйақыны өндіріп алу туралы;
13) оқуды не қызметті өткеруді өз қалауы бойынша тоқтатқан, сондай-ақ Қазақстан Республикасының заңнамасында көзделген негіздер бойынша шартта көзделген мерзім өткенге дейін жұмыстан босатылған немесе оқудан шығарылған оқу орындарының курсанттарын оқытуға жұмсалған сомаларды өндіріп алу туралы;
14) оқуын тоқтатқан не шет мемлекетте оқу орнын аяқтағаннан кейін Қазақстан Республикасына қайтып оралмаған немесе грантты қайтару жөніндегі шартта көзделген міндеттемені бұзған адамдардан мемлекеттік гранттарды өндіріп алу туралы;
15) ауылдық жерге жіберілген жас мамандар шарттар бойынша міндеттемелерді орындамаған немесе тиісті түрде орындамаған жағдайда олардан мемлекеттік гранттарды, көтерме жәрдемақыларды, жәрдемақыларды өндіріп алу туралы;
16) бала асырап алудың күші жойылған жағдайда, жетім баланы және (немесе) ата-аналарының қамқорлығынсыз қалған баланы асырап алуға байланысты төленген біржолғы ақшалай төлемді бюджетке қайтару туралы;
2019.21.01. № 217-VІ ҚР Заңымен 17) тармақша жаңа редакцияда (бұр.ред.қара)
17) жалдау төлемдерінің жалдау шартында белгіленген, мемлекеттік орган мәлімдеген мерзімдерде төленбеуіне байланысты оларды өндіріп алу туралы;
2019.21.01. № 217-VІ ҚР Заңымен 18) тармақша өзгертілді (бұр.ред.қара)
18) қылмыстық қудалау органы қысқартқан қылмыстық істер бойынша процестік шығындарды өндіріп алу туралы;
2019.21.01. № 217-VІ ҚР Заңымен 19) тармақшамен толықтырылды
19) заңда белгіленген немесе шартта көзделген жағдайларда сотқа дейін реттеу тәртібімен жасалған неке-отбасылық қатынастар саласындағы даулар бойынша келісімдерді орындау туралы;