2. Азаматтың алқабиге кандидаттардың тізіміне енгізу және қылмыстық сот ісін жүргізуге алқаби ретінде қатысу құқығы бұзылғаны туралы куәландыратын дәлелдемелер арызға қоса тіркелуге тиіс.
3. Арызды Қазақстан Республикасының алқабилер туралы заңнамасына сәйкес алқабилерге кандидаттардың алдын ала тізімдерімен азаматтарды таныстыру мерзімі аяқталған кезден бастап жеті жұмыс күні ішінде сотқа беруге болады.
290-бап. Арызды қарау
1. Осы Кодекстің 289-бабында белгiленген мерзiмде келіп түскен арыз - екi жұмыс күні ішінде, ал осы мерзім аяқталатын күні келіп түскен арыз дереу қаралуға тиіс.
2. Сот арызды арыз берушінің, тиісті жергілікті атқарушы орган өкілінің қатысуымен қарайды. Сот отырысының уақыты мен орны туралы тиiсті түрде хабарландырылған көрсетілген адамдардың сотқа келмей қалуы iстi қарау және шешу үшін кедергi болмайды.
291-бап. Арыз бойынша сот шешiмi және оны орындау
1. Азаматтың қылмыстық сот iсiн жүргiзуге алқаби ретiнде қатысу үшiн iрiктеу рәсiмiне қатысу құқығының бұзылуын анықтаған сот шешiмi алқабиге кандидаттардың алдын ала жасалған тiзiмдерiне түзетулер енгiзу үшiн негiз болып табылады.
2. Сот шешiмi тиiстi жергiлiктi атқарушы органға жiберiледi. Сот шешiмiнiң орындалмауына кiнәлi лауазымды адамдар заңда белгiленген жауаптылықта болады.
29-тарау. МЕМЛЕКЕТТІК БИЛІКТІҢ, ЖЕРГІЛІКТІ ӨЗІН-ӨЗІ БАСҚАРУ ОРГАНДАРЫНЫҢ, ҚОҒАМДЫҚ БІРЛЕСТІКТЕРДІҢ, ҰЙЫМДАРДЫҢ, ЛАУАЗЫМДЫ АДАМДАР МЕН МЕМЛЕКЕТТІК ҚЫЗМЕТШІЛЕРДІҢ ШЕШІМДЕРІ МЕН ӘРЕКЕТТЕРІНЕ (ӘРЕКЕТСІЗДІГІНЕ) ДАУ АЙТУ ТУРАЛЫ ІСТЕР БОЙЫНША ІС ЖҮРГІЗУ
292-бап. Арыз беру
1. Азамат және заңды тұлға мемлекеттік органның, жергілікті өзін-өзі басқару органының, қоғамдық бірлестіктің, ұйымның, лауазымды адамның, мемлекеттік қызметшінің шешіміне, әрекетіне (әрекетсіздігіне) сотта дау айтуға құқылы. Жоғары тұрған органның, ұйымның, лауазымды адамның, комиссиялардың немесе омбудсменнің өтінішті қарауы заңда белгіленген жағдайларда азаматтың және заңды тұлғаның арызы сотқа жүгінудің осындай тәртібі сақталғаннан кейін беріледі.
Жеке қолданыстағы құқықтық актінің заңға сәйкессіздігіне, сондай-ақ, мемлекеттік органның немесе лауазымды адамның әрекеттеріне наразылықты заңсыз актіні шығарған немесе заңсыз әрекеттерді жасаған орган немесе лауазымды адам не жоғары тұрған орган немесе лауазымды адам қабылдамай тастаған жағдайда прокурор актіні, іс-әрекетті заңсыз деп тану туралы арызбен сотқа жүгінеді.
2. Осы тараудың қағидалары бойынша әкімшілік құқық бұзушылық туралы іс бойынша іс жүргізуді жүзеге асыратын органның (лауазымды адамның) әрекеттеріне (әрекетсіздігіне) шағым жасау туралы істер бойынша арыздар сотта қарауға жатпайды.
3. Арыз сотқа осы Кодекстің 3-тарауында белгіленген соттылық қағидалары бойынша беріледі. Аудандық соттардың соттылығына жатқызылған арыздар азаматтың тұрғылықты жері бойынша сотқа не әрекеттеріне дау айтылып отырған мемлекеттік органның, жергілікті өзін-өзі басқару органының, қоғамдық бірлестіктің, ұйымның, лауазымды адамның, мемлекеттік қызметшінің орналасқан жері бойынша сотқа берілуі мүмкін.
4. Арыз берушінің мемлекеттік құпияны құрайтын мәліметтер туралы хабардар болу негізі бойынша Қазақстан Республикасынан шетелге кетуіне рұқсат беруден бас тартуға кету туралы өтінішті қанағаттандырусыз қалдыру жөнінде шешім қабылдаған органның орналасқан жері бойынша тиісті аудандық және оған теңестірілген сотта дау айтылады.
5. Прокурордың сотқа жүгінуі наразылық білдірілген жеке қолданыстағы құқықтық актінің қолданылуын сот қарағанға дейін тоқтата тұрады.
293-бап. Мемлекеттік органдардың, жергілікті өзін-өзі басқару органдарының, қоғамдық бірлестіктердің, ұйымдардың, лауазымды адамдардың, мемлекеттік қызметшілердің сот арқылы дау айтуға жататын шешімдері, әрекеттері (әрекетсіздігі)
1. Мемлекеттік органдардың, жергілікті өзін-өзі басқару органдарының, қоғамдық бірлестіктердің, ұйымдардың, лауазымды адамдардың, мемлекеттік қызметшілердің сотта дау айтуға жататын шешімдеріне, әрекеттеріне (әрекетсіздігіне) нәтижесінде:
1) азаматтың құқықтары мен бостандықтары және заңды тұлғаның заңды мүдделерi бұзылған;
2) азаматтың құқықтары мен бостандықтарын, сондай-ақ заңды тұлғаның заңды мүдделерiн жүзеге асыруына кедергі жасалған;
3) азаматқа немесе заңды тұлғаға қандай да бiр мiндет заңсыз жүктелген немесе олар заңсыз жауапқа тартылған алқалық және жеке-дара шешiмдері мен әрекеттері (әрекетсiздiгі) жатады.
2. Осы тарауға сәйкес:
1) Қазақстан Республикасы Конституциясының нормаларына сәйкестігіне тексерілуі Қазақстан Республикасы Конституциялық Кеңесінің айрықша құзыретіне жатқызылған заңдар мен өзге де нормативтік құқықтық актілерге;
2) басқа заңдармен сотқа шағым жасаудың өзгеше тәртібі көзделген жеке-дара қолданылатын құқықтық актiлерге;
3) халықаралық шарттарға;
4) Қазақстан Республикасының заңнамалық актілеріне сәйкестігін тексеру осы Кодекстің 30-тарауында көрсетілген тәртіппен жүргізілетін нормативтiк құқықтық актiлерге;
5) жарғылық капиталында мемлекеттің үлесі бар заңды тұлғалардың сот арқылы шағым жасауға жататын, талап қою ісін жүргізу тәртібімен дау айтылатын (корпоративтік даулар) мемлекеттік органдардың, жергілікті өзін-өзі басқару органдарының, қоғамдық бірлестіктердің, ұйымдардың, лауазымды адамдардың, мемлекеттік қызметшілердің, шешімдеріне, әрекеттеріне (әрекетсіздігіне);
6) мемлекеттік органдардың, жергілікті өзін-өзі басқару органдарының, қоғамдық бірлестіктердің, ұйымдардың, лауазымды адамдардың, мемлекеттік қызметшілердің Қазақстан Республикасының Қылмыстық-процестік кодексінде және Қазақстан Республикасының Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінде айқындалған тәртіппен соттың қарауына жататын шешімдеріне, әрекеттеріне (әрекетсіздігіне) сотта дау айтуға болмайды.
3. Арыз сотқа осы баптың бірінші бөлігінде көзделген кез келген негіз бойынша берілуі мүмкін.
Арыз берушінің өтінішхаты бойынша арызды соттың іс жүргізуіне қабылдау туралы ұйғарымның көшірмесі шешімдеріне, әрекеттеріне (әрекетсіздігіне) дау айтылып отырған органға немесе лауазымды адамға ұсыну үшін арыз берушіге берілуі мүмкін.
294-бап. Сотқа арызбен жүгінуге арналған мерзім
1. Азамат және заңды тұлға құқықтарының, бостандықтары мен заңды мүдделерiнiң бұзылғаны туралы өздерiне мәлiм болған күннен бастап үш ай iшiнде сотқа арызбен жүгiнуге құқылы.
Прокурор наразылықты қараудың нәтижелері туралы хабарламаны алған кезден бастап он күн мерзімде немесе оны қарау үшін заңда белгіленген мерзім өткеннен кейін сотқа жүгінуге құқылы.
2. Сотқа арызбен жүгінуге арналған үш айлық мерзімді өткізіп алу соттың арызды қабылдаудан бас тартуына негіз болып табылмайды.
Көрсетілген мерзімді қалпына келтіру туралы не осы мерзімді қолдану туралы өтінішхат алдын ала сот отырысында немесе сот отырысында қаралады. Егер мерзім қалпына келтірілмесе, сот арызды қанағаттандырудан бас тарту туралы шешім шығарады.
2017.11.07. № 91-VI ҚР Заңымен 295-бап өзгертілді (бұр.ред.қара)
295-бап. Істі сот талқылауына дайындау
Судья соттың іс жүргізуіне арыз қабылданған күннен бастап он жұмыс күні ішінде осы Кодекстің 165-бабында көзделген тәртіппен істі сот талқылауына дайындауды жүргізеді. Осы Кодексте көзделген жағдайларды қоспағанда, бұл мерзімді ұзартуға жол берілмейді.
296-бап. Арызды қарау
2017.11.07. № 91-VI ҚР Заңымен 1-бөлік өзгертілді (бұр.ред.қара)
1. Істі сот талқылауына дайындау аяқталған күннен бастап бiр ай мерзiмде сот арызды азаматтың, заңды тұлға өкілінің, шешімдері мен әрекеттеріне (әрекетсіздігіне) дау айтылып отырған мемлекеттік орган, жергілікті өзін-өзі басқару органы, қоғамдық бірлестік, ұйым басшысының, лауазымды адамның немесе мемлекеттік қызметшінің немесе олардың өкілдерінің қатысуымен қарайды.
Осы Кодекстің 54-бабының екінші бөлігінде көзделген жағдайларда прокурордың қатысуы міндетті.
Шешімдерге, әрекеттерге (әрекетсіздікке) осы Кодекстің 27-бабының төртінші бөлігінде және 28-бабының 2) тармақшасында көзделген тәртіппен берілетін дау айту туралы арыз осы Кодекстің 183-бабының екінші бөлігінде белгіленген мерзімде қаралады.
Сот прокурордың арызын істі сот талқылауына дайындау аяқталған күннен бастап он күн мерзімде прокурордың қатысуымен және наразылықты қабылдамау туралы шешім қабылдаған органның, лауазымды адамның немесе оның өкілінің қатысуымен қарайды.
2. Сот отырысының орны мен уақыты туралы тиісті түрде хабарландырылған санамаланған тұлғалардың қайсыбірінің сот отырысына келмеуі арыздың қаралуына кедергі болмайды. Алайда, сот іс бойынша талқылауды кейінге қалдырып және тұлғаларды қайтадан шақыра отырып, көрсетілген тұлғалардың сот отырысына келуін міндетті деп тануы мүмкін.
3. Сот осы баптың бірінші бөлігінде санамаланған тұлғалардан солардың негізінде дау айтылып отырған шешімдер, әрекеттер (әрекетсіздік) қабылданған барлық құжаттар мен материалдарды өз бастамасы бойынша талап етіп алдыруға құқылы.
Талап етілген материалдарды сотқа дәлелді себептерсіз ұсынбау осы Кодекстің 73-бабының тоғызыншы бөлігінде көзделген құқықтық салдарға әкеп соғады.
297-бап. Соттың шешімі және оны орындау
1. Соттың шешімі осы Кодекстің 227-бабының талаптарына сәйкес шығарылады.
2. Соттың шешімі жол берілген заң бұзушылықтарды жою үшін мемлекеттік органның, жергілікті өзін-өзі басқару органының, қоғамдық бірлестіктің, ұйымның басшысына, лауазымды адамға, мемлекеттік қызметшіге не бағыныстылығы тәртібімен жоғары тұрған органға сот шешімі заңды күшіне енгеннен кейін үш жұмыс күні ішінде жіберіледі. Сот шешімінің көшірмесі жоғары тұрған мемлекеттік органға және прокурорға жіберіледі.
3. Шешімнің орындалғаны туралы сотқа, азаматқа немесе заңды тұлғаға сот шешімі алынған күннен бастап бір ай мерзімнен кешіктірілмей хабарлануға тиіс. Сот шешімін орындамағаны үшін кінәлі лауазымды адамдар заңда көзделген жауаптылықта болады.
4. Мемлекеттік органның, жергілікті өзін өзі басқару органының, қоғамдық бірлестіктің, ұйымның, лауазымды адамның немесе мемлекеттік қызметшінің қабылдаған заңсыз шешімінің, жасаған заңсыз әрекеттерінің (әрекетсіздігінің) нәтижесінде азаматқа немесе заңды тұлғаға келтірілген зиянды өтеу талап қою ісін жүргізу тәртібімен жүзеге асырылады.
30-тарау. НОРМАТИВТІК ҚҰҚЫҚТЫҚ АКТІНІҢ ЗАҢДЫЛЫҒЫН ДАУЛАУ ТУРАЛЫ ІСТЕР БОЙЫНША ІС ЖҮРГІЗУ
298-бап. Арыз беру
1. Өздерiне нормативтiк құқықтық актiнiң күшi қолданылатын, заңда көзделген тәртіппен қабылданған және жарияланған нормативтік құқықтық актімен олардың Қазақстан Республикасының Конституциясымен және заңдарымен кепiлдiк берiлген құқықтары мен заңды мүдделерi бұзылып отыр деп санайтын азамат немесе заңды тұлға осы нормативтік құқықтық актiнi заңға толық немесе жекелеген бөлiгiнде қайшы келедi деп тану туралы арызбен сотқа жүгiнуге құқылы.
Заңға сәйкес келмейтін нормативтік құқықтық актіге наразылықты заңсыз нормативтік құқықтық актіні шығарған орган немесе лауазымды адам не жоғары тұрған орган немесе лауазымды адам қабылдамай тастаған жағдайда прокурор нормативтік құқықтық актіні заңсыз деп тану туралы арызбен сотқа жүгінеді.
2. Арыз осы Кодекстің 148-бабында көзделген талаптарға сәйкес келуге және онда дауланып отырған заңға тәуелді нормативтік құқықтық актіні қабылдаған мемлекеттік органның, жергілікті өзін-өзі басқару органының атауы, лауазымды адамның атауы, оның қабылданған күні туралы деректер, осы нормативтік құқықтық актімен немесе оның жекелеген ережелерімен азаматтың немесе заңды тұлғаның қандай құқықтары, бостандықтары және заңмен қорғалатын мүдделерi бұзылып отырғаны, дауланып отырған нормативтік құқықтық актінің Қазақстан Республикасы Конституциясының қандай баптарына, Қазақстан Республикасы заңдарының қандай баптарына немесе ережелеріне қайшы келетіндігі қосымша қамтылуға тиіс.
3. Арызға дауланып отырған нормативтік құқықтық актінің немесе оның бір бөлігінің көшірмесі нормативтік құқықтық актіні қандай бұқаралық ақпарат құралының органы және оны қашан ресми жариялағаны көрсетіле отырып, қоса тіркеледі.
4. Прокурордың сот қарағанға дейін наразылық келтірілген нормативтік құқықтық актіні заңсыз деп тану туралы сотқа жүгінген жағдайларын қоспағанда, сотқа арыз беру нормативтік құқықтық актінің қолданылуын тоқтата тұрмайды.
299-бап. Істі сот талқылауына дайындау
Осы Кодекстің 165-бабында көзделген тәртіппен арыз соттың іс жүргізуіне қабылданған күннен бастап он жұмыс күні ішінде судья істі сот талқылауына дайындауды жүргізеді. Бұл мерзімді ұзартуға жол берілмейді.
300-бап. Арызды қарау
1. Сотқа арызбен жүгiнген азамат немесе заңды тұлға, прокурор, сондай-ақ нормативтік құқықтық актіні қабылдаған мемлекеттік орган (лауазымды адам) сот отырысының өткізілетін уақыты мен орны туралы хабардар етіледі.
2. Іс азаматтың немесе заңды тұлға өкілінің, прокурордың, нормативтік құқықтық актіні қабылдаған мемлекеттік орган немесе лауазымды адам өкілінің міндетті түрде қатысуымен істі сот талқылауына дайындау аяқталған күннен бастап бір ай мерзімде қаралады.
Сот прокурордың арызын істі сот талқылауына дайындау аяқталған күннен бастап он күн мерзімде прокурордың қатысуымен және наразылықты қабылдамау туралы шешім қабылдаған органның, лауазымды адамның немесе оның өкілінің қатысуымен қарайды.
Көрсетілген тұлғалардың келмеуі істі қарауға кедергі болмайды.
3. Сот отырысында сот нормативтік құқықтық актіні қабылдаған мемлекеттік органның немесе жергілікті өзін-өзі басқару органының құзыретін не лауазымды адамның өкілеттігін, бүкіл нормативтік құқықтық актінің немесе оның жекелеген бөлігінің Қазақстан Республикасының Конституциясына, Қазақстан Республикасының заңдарына сәйкестігін тексереді.
4. Нормативтік құқықтық актіні заңға қайшы деп тану туралы арызды қарау кезінде көрсетілген нормативтік құқықтық актіні қабылдауға негіз болған мән-жайларды дәлелдеу міндеті нормативтік құқықтық актiні қабылдаған мемлекеттік органға немесе жергілікті өзін-өзі басқару органына не лауазымды адамға жүктеледі.
5. Сотқа жүгінген тұлғаның өзінің талабынан бас тартуы іс бойынша іс жүргізуді тоқтатуға әкеп соқпайды. Нормативтік құқықтық актіні шығарған мемлекеттік органның, жергілікті өзін-өзі басқару органының, лауазымды адамның қойылған талапты мойындауы сот үшін міндетті емес.
301-бап. Соттың шешімі және оны орындау
1. Соттың шешімі осы Кодекстің 228-бабының талаптарына сәйкес шығарылады.
2. Нормативтік құқықтық актіні толығымен немесе оның жекелеген бөлігін заңға сәйкес емес және жарамсыз деп таныған сот шешімі осы нормативтік құқықтық актiні қабылдаған мемлекеттік орган немесе лауазымды адам үшін міндетті. Шешім дауланып отырған заңға тәуелді нормативтік құқықтық актінің күші құқықтары мен бостандықтарына, заңды мүдделеріне қолданылған белгісіз тұлғалар тобы үшін міндетті.
3. Нормативтік құқықтық актінің заңдарға сәйкестігі немесе сәйкес еместігі туралы сот шешімінің преюдициялық күші бар. Заңға тәуелді нормативтік құқықтық актінің заңдылығын басқа азаматтар немесе заңды тұлғалар оның сот тәртібімен бұрын тексерілмеген бөлігінде ғана қайта даулай алады.
4-КІШІ БӨЛІМ. ЕРЕКШЕ ІС ЖҮРГІЗУ
31-тарау. ЖАЛПЫ ЕРЕЖЕЛЕР
302-бап. Сот ерекше іс жүргізу тәртібімен қарайтын істер
1. Сот ерекше іс жүргізу тәртібімен қарайтын істерге:
1) заңдық маңызы бар фактілерді анықтау туралы;
2) бала асырап алу туралы арыздар бойынша;
3) азаматты хабарсыз кетті деп тану туралы және азаматты қайтыс болды деп жариялау туралы;
4) азаматтың әрекет қабілетін шектеу туралы, азаматты әрекетке қабілетсіз деп тану туралы, он төрттен он сегіз жасқа дейінгі кәмелетке толмағанды өз табысына өз бетінше билік ету құқығын шектеу туралы немесе одан айыру туралы;
5) кәмелетке толмағанды әрекетке толық қабілетті деп жариялау (эмансипация) туралы;
6) кәмелетке толмағандарды девиантты мiнез-құлықты балаларға арналған арнаулы білім беру ұйымдарына немесе ерекше режимде ұстайтын ұйымдарға жіберу туралы;
7) азаматты заңда көзделген негіздер бойынша психиатриялық стационарға мәжбүрлеп жатқызу туралы;
8) азаматты туберкулезден, алкоголизмнен, нашақорлықтан, уытқұмарлықтан мәжбүрлеп емдеуге жіберу туралы;
9) қаржы ұйымдарын, және банк конгломератына бас ұйым ретінде кiретiн және қаржы ұйымдары болып табылмайтын ұйымдарды қайта құрылымдау туралы;
10) астық қабылдау кәсіпорнын немесе мақта өңдеу ұйымын уақытша басқаруды енгізу, мерзімінен бұрын аяқтау және оның мерзімін ұзарту туралы;
11) оңалту және банкроттық туралы;
12) жылжымалы затты иесіз деп тану және жылжымайтын мүлікке коммуналдық меншік құқығын тану туралы;
13) азаматтық хал актілері жазбаларының дұрыс еместігін анықтау туралы;
14) нотариаттық әрекеттерге немесе оларды жасаудан бас тартуға берілген шағымдар бойынша;
15) бағалы қағаздарды көрсетуші тұлғаның жоғалған бағалы қағаздар және ордерлік бағалы қағаздар (шақырту ісін жүргізу) бойынша құқықтарын қалпына келтіру туралы;
16) Қазақстан Республикасының және (немесе) басқа мемлекеттің аумағында экстремизмді немесе террористік әрекетті жүзеге асыратын ұйымды экстремистік немесе террористік деп тану туралы, оның ішінде оның өз атауын өзгерткенін анықтау туралы, сондай-ақ Қазақстан Республикасының аумағына әкелінетін, онда басып шығарылатын, әзірленетін және (немесе) таратылатын ақпараттық материалдарды экстремистік немесе террористік деп тану туралы;
17) интернет-казиноны, Қазақстан Республикасының аумағында таратылатын, Қазақстан Республикасының заңдарына қайшы келетін ақпаратты қамтитын шетелдік бұқаралық ақпарат құралының өнімін заңсыз деп тану туралы;
18) шетелдікті немесе азаматтығы жоқ адамды Қазақстан Республикасының заңнамасын бұзғаны үшін Қазақстан Республикасының шегінен тыс шығарып жіберу туралы арыздар бойынша істер жатады.
2. Заңда ерекше іс жүргізу тәртібімен басқа да істерді қарау көзделуі мүмкін.
303-бап. Істі соттың талқылауына дайындау
Судья осы Кодекстің 165-бабында көзделген тәртіппен осы Кодекстің 31-тарауында белгіленген ерекшеліктерімен қоса сот арызды іс жүргізуіне қабылдап алған күннен бастап он жұмыс күні ішінде істі соттың талқылауына дайындауды жүргізеді. Бұл мерзімді ұзартуға жол берілмейді.
304-бап. Ерекше жүргізілетін істерді қарау тәртібі
1. Ерекше жүргізілетін істерді осы Кодекстің 31 - 49-тарауларында белгіленген ерекшеліктерімен қоса талап қою ісін жүргізу қағидалары бойынша соттар қарайды. Ерекше жүргізілетін істерді сот арыз берушінің және мүдделі тұлғалардың қатысуымен қарайды.
2. Егер арыз берген немесе істі ерекше іс жүргізіп қарау кезінде соттың ведомстволығына құқығы туралы даудың бар екендігі туралы белгілі болса, сот арызды қараусыз қалдыру туралы ұйғарым шығарады, онымен тараптар мен мүдделі тұлғаларға олардың талап қою ісін жүргізу тәртібімен сотқа жүгіну құқығы түсіндіріледі.
32-тарау. ЗАҢДЫҚ МАҢЫЗЫ БАР ФАКТІЛЕРДІ АНЫҚТАУ
305-бап. Заңдық маңызы бар фактілерді анықтау туралы істер
1. Сот азаматтардың немесе заңды тұлғалардың жеке не мүліктік құқықтарының туындауына, өзгеруіне немесе тоқтатылуына байланысты болатын фактілерді анықтайды.
2. Сот мынадай фактілерді:
1) адамдардың туыстық қатынастарын;
2) адамның біреудің асырауында болуын;
3) тууды, бала асырап алуды, некеге тұруды, ажырасуды және қайтыс болуды тіркеуді;
4) әке болуды тануды;
5) құқық белгілейтін құжаттардың (әскери құжаттарды, паспортты, жеке куәлікті және азаматтық хал актілерін жазу органдары беретін куәліктерді қоспағанда) құжатта көрсетілген аты, әкесінің аты немесе тегі осы адамның паспорты немесе жеке куәлігі немесе туу туралы куәлігі бойынша атына, әкесінің атына немесе тегіне сәйкес келмейтін адамға тиесілі екендігін;
6) егер арыз берушіде мүліктің тиесілігі туралы құқық белгілейтін құжат бар болып, бірақ ол жоғалған болса және көрсетілген факт соттан тыс тәртіппен анықтала алмайтын болса, жылжымайтын мүлік объектілерін иеленуді, пайдалануды және (немесе) оларға билік етуді растайтын құжаттардың болуын;
7) егер жазатайым жағдайды өзгеше тәртіппен растау мүмкін болмаса, жазатайым жағдайды;
8) азаматтық хал актілерін жазу органдары қайтыс болуды тіркеуден бас тартқан жағдайда, адамның белгілі бір уақытта белгілі бір мән-жайларда қайтыс болуын;
9) егер нотариаттық әрекет жасайтын тұлға мұрагерлік мүлікті иелену үшін күшіне ену фактісін растауға қажетті тиісті құжаттардың болмауына немесе жеткіліксіздігіне байланысты мұраға құқық туралы куәлікті арыз берушіге бере алмаса, мұрагерлікті қабылдау және мұрагерліктің ашылу орнын анықтау туралы істерді қарайды.
3. Егер Қазақстан Республикасының заңнамасында басқа заңдық маңызы бар фактілерді анықтаудың өзгеше тәртібі көзделмесе, оларды сот анықтайды.
306-бап. Заңдық маңызы бар фактілерді анықтауға қажетті шарттар
Сот арыз берушінің заңдық маңызы бар фактілерді куәландыратын тиісті құжаттарды өзге тәртіппен алуы мүмкін болмаған кезде не жоғалған құжаттарды қалпына келтіруі мүмкін болмаған кезде ғана осы фактілерді анықтайды.
307-бап. Арыз беру
Жылжымайтын мүліктің орналасқан жері бойынша сотқа берілетін заңдық маңызы бар фактіні анықтау туралы істер бойынша арыз жылжымайтын мүлік объектілерін иеленуді, пайдалануды және (немесе) оларға билік етуді растайтын құжаттардың болу фактісін қоспағанда, арыз берушінің тұрғылықты жері бойынша сотқа беріледі.
308-бап. Арыздың мазмұны
Арызда арыз берушінің осы фактіні қандай мақсатпен анықтауы қажет екендігі көрсетілуге тиіс, сондай-ақ арыз берушінің тиісті құжаттарды алуы мүмкін еместігін не жоғалған құжаттарды қалпына келтіруі мүмкін еместігін растайтын дәлелдемелер келтірілуге тиіс.
309-бап. Соттың арыз бойынша шешімі
Заңдық маңызы бар фактіні анықтау туралы соттың шешімі, егер мұндай құқық осы органдар беретін құжаттарды ауыстырмай, тіркелуге жататын болса, тиісті құқықты мемлекеттік тіркеуге және тиісті құжаттарды беруге негіз болып табылады.
33-тарау. БАЛА АСЫРАП АЛУ ТУРАЛЫ АРЫЗДАР БОЙЫНША ІС ЖҮРГІЗУ
310-бап. Арыз беру
Кәмелетке толмаған баланы асырап алу (бұдан әрi - асырап алу) туралы арызды бала асырап алуға тілек білдірген азаматтар баланың тұрғылықты жерi (тұратын жері) бойынша сотқа осы Кодекстің 3-тарауында белгіленген соттылық қағидалары бойынша бередi.
311-бап. Арыздың мазмұны
Бала асырап алу туралы арызда:
1) бала асырап алушылардың (асырап алушының) тегі, аты, әкесінің аты (егер ол жеке басты куәландыратын құжатта көрсетілген болса), олардың тұрғылықты жері;
2) асырап алынатын баланың тегі, аты, әкесінің аты (егер ол жеке басты куәландыратын құжатта көрсетілген болса) және туған күні, оның тұрғылықты жері (орналасқан жерi), асырап алынатын баланың ата-аналары, аға-інілері мен апа-қарындастарының бар-жоғы туралы мәліметтер;
3) бала асырап алушылардың (асырап алушының) бала асырап алу туралы өтінішін негіздейтін мән-жайлар және осы мән-жайларды растайтын дәлелдемелер;
4) бала асырап алушылар (асырап алушы) баланың туу туралы акт жазбасына тиісті өзгерістер енгізуге тілек білдірген кезде, асырап алынатын баланың тегін, атын, әкесінің атын (егер ол жеке басты куәландыратын құжатта көрсетілген болса), оның туған күнін, асырап алынатын баланың туған жерін өзгерту туралы, баланың туу туралы акт жазбасына бала асырап алушыларды (асырап алушыны) ата-аналар (ата-ана) ретінде жазу туралы өтініш көрсетілуге тиіс.
312-бап. Бала асырап алу туралы арызға қоса берілетін құжаттар
Асырап алу туралы арызға:
1) некеде тұрған адамдардың (адамның) баланы асырап алуы кезінде - бала асырап алушылардың (асырап алушының) неке туралы куәлігінің көшірмесі;
2) баланы ерлі-зайыптылардың біреуі асырап алған кезде - екінші жұбайының келісімі немесе ерлі-зайыптылардың отбасылық қарым-қатынастарын тоқтатқанын растайтын құжат қоса берілуге тиіс. Арызға тиісті құжатты қоса беру мүмкін болмаған кезде арызда осы фактілерді растайтын дәлелдемелер көрсетілуге тиіс;
3) бала асырап алушылардың (асырап алушының) денсаулық жағдайы туралы медициналық қорытынды;
4) атқаратын лауазымы және жалақысы туралы жұмыс орнынан анықтама не табысы туралы өзге құжат;
5) тұрғын үй-жайды пайдалану құқығын немесе тұрғын үй-жайға меншік құқығын растайтын құжат;