373-бап. Жоғалған құжатты жарамсыз деп тану туралы арызды қарау
1. Егер құжатты ұстаушыдан осы Кодекстің 372-бабында көрсетілген арыз келіп түспесе, жоғалған құжатты жарамсыз деп тану туралы істі судья жарияланым шыққан күннен бастап үш ай мерзім өткеннен кейін қарайды.
2. Жоғалған құжатты ұстаушыдан арыздың үш ай мерзім өткен соң, бірақ мәні бойынша іс қаралғанға дейін түсуі осы Кодекстің 372-бабында көзделген салдарларға әкеп соғады.
374-бап. Арыз бойынша сот шешімі
1. Арыз берушінің арызы қанағаттандырылған жағдайда сот жоғалған құжатты жарамсыз деп танитын шешім шығарады. Бұл шешім арыз берушіге жарамсыз деп танылған құжаттың орнына қосымша немесе жаңа құжат беруге негіз болып табылады.
2. Төлемдік белгілерін жоғалтқан құжаттар бойынша құқықты қалпына келтіру туралы арыз қанағаттандырылған жағдайда, сот жаңа құжат беру туралы шешім шығарады.
375-бап. Құжат ұстаушының мүліктің негізсіз сатып алынғандығы туралы талап қою құқығы
Қандай да бір себептермен осы құжатқа өз құқықтары туралы уақытында мәлімдемеген құжат ұстаушы құжатты жарамсыз деп тану туралы соттың шешімі заңды күшіне енгеннен кейін жоғалған құжаттың орнына жаңа құжат алу құқығы берілген адамға мүліктің негізсіз сатып алынғандығы немесе сақталғандығы туралы талап қоя алады.
47-тарау. ҚАЗАҚСТАН РЕСПУБЛИКАСЫНЫҢ ЖӘНЕ (НЕМЕСЕ) БАСҚА МЕМЛЕКЕТТIҢ АУМАҒЫНДА ЭКСТРЕМИЗМДI НЕМЕСЕ ТЕРРОРИСТIК ӘРЕКЕТТI ЖҮЗЕГЕ АСЫРАТЫН ҰЙЫМДЫ ЭКСТРЕМИСТIК НЕМЕСЕ ТЕРРОРИСТІК ҰЙЫМ ДЕП ТАНУ ТУРАЛЫ, ОНЫҢ ІШІНДЕ ОНЫҢ ӨЗ АТАУЫН ӨЗГЕРТКЕНІН АНЫҚТАУ ТУРАЛЫ, СОНДАЙ-АҚ ҚАЗАҚСТАН РЕСПУБЛИКАСЫНЫҢ АУМАҒЫНА ӘКЕЛІНЕТІН, ОНДА БАСЫП ШЫҒАРЫЛАТЫН, ӘЗІРЛЕНЕТІН ЖӘНЕ (НЕМЕСЕ) ТАРАТЫЛАТЫН АҚПАРАТТЫҚ МАТЕРИАЛДАРДЫ ЭКСТРЕМИСТIК НЕМЕСЕ ТЕРРОРИСТІК ДЕП ТАНУ ТУРАЛЫ АРЫЗ БОЙЫНША ІС ЖҮРГІЗУ
376-бап. Арыз беру
Қазақстан Республикасының және (немесе) басқа мемлекеттің аумағында экстремизмді немесе террористік әрекетті жүзеге асыратын ұйымды экстремистік немесе террористік ұйым деп тану туралы, соның ішінде оның өз атауын өзгерткенін анықтау туралы, сондай-ақ Қазақстан Республикасының аумағына әкелінетін, онда басып шығарылатын, әзірленетін және (немесе) таратылатын ақпараттық материалдарды экстремистік немесе террористік деп тану туралы арызды прокурор осындай талаптарды мәлімдеген прокурордың орналасқан жері бойынша немесе осындай материалдар табылған жер бойынша сотқа береді.
377-бап. Арыздың мазмұны
Арызда Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес экстремистік немесе террористік деп танылуы мүмкiн әрекетті ұйымның Қазақстан Республикасының және (немесе) басқа мемлекеттiң аумағында жүзеге асыру фактiсiн не оның өз атауын өзгерту фактісін, сондай-ақ ақпараттық материалдарда экстремизм немесе терроризм белгілерінің және (немесе) оған шақырудың болуы фактісін растайтын мән-жайлар жазылуға тиiс.
Прокурордың ұйымды экстремистiк немесе террористiк деп тану туралы, соның ішінде оның өз атауын өзгерткенін анықтау туралы, сондай-ақ Қазақстан Республикасының аумағына әкелінетін, онда басып шығарылатын, әзірленетін және (немесе) таратылатын ақпараттық материалдарды экстремистік немесе террористік деп тану туралы арызында қамтылған материалдар шет мемлекеттердiң құзыреттi органдарынан алынған нақты деректердi де, оның iшiнде халықаралық соттардың және шет мемлекеттер соттарының сот шешiмдерiн қамтуы мүмкiн.
378-бап. Арыз бойынша сот шешімі
Сот ұйымды экстремистік немесе террористік деп және (немесе) Қазақстан Республикасының аумағына әкелінетін, онда басып шығарылатын, әзірленетін және (немесе) таратылатын ақпараттық материалдарды экстремистік немесе террористік деп тани отырып, ұйымның қызметіне тыйым салу және оны тарату және (немесе) Қазақстан Республикасының аумағына ақпараттық материалдарды әкелуге, шығаруға, дайындауға және (немесе) таратуға тыйым салу туралы, сондай-ақ ұйымның мүлкін тәркілеу және мемлекет кірісіне айналдыру туралы шешім шығарады.
Қазақстан Республикасының және (немесе) басқа мемлекеттiң аумағында экстремизмді немесе террористік әрекетті жүзеге асыратын ұйымды экстремистік немесе террористік ұйым деп тану туралы, соның ішінде оның өз атауын өзгерткенін анықтау туралы, сондай-ақ Қазақстан Республикасының аумағына әкелінетін, онда басып шығарылатын, әзірленетін және (немесе) таратылатын ақпараттық материалдарды экстремистік немесе террористік деп тану туралы соттың шешімі бұл туралы мәлiметтердi өз құзыретi шегiнде құқықтық статистика және арнайы есепке алу саласында статистикалық қызметтi жүзеге асыратын мемлекеттiк органның арнайы есепке алу жүйесiне қосу үшiн негiз болады.
2024.19.06. № 94-VIII ҚР Заңымен 48-тараудың тақырыбы өзгертілді (2024 ж. 20 тамыздан бастап қолданысқа енгізілді) (бұр.ред.қара)
48-ТАРАУ. ИНТЕРНЕТ-КАЗИНОНЫ, ШЕТЕЛДІК МАСС-МЕДИАНЫҢ ҚАЗАҚСТАН РЕСПУБЛИКАСЫНЫҢ АУМАҒЫНДА ТАРАТЫЛАТЫН, ҚАЗАҚСТАН РЕСПУБЛИКАСЫНЫҢ ЗАҢДАРЫНА ҚАЙШЫ КЕЛЕТІН АҚПАРАТТЫ ҚАМТИТЫН ӨНІМІН ЗАҢСЫЗ ДЕП ТАНУ ТУРАЛЫ АРЫЗДАР БОЙЫНША ІС ЖҮРГІЗУ
2024.19.06. № 94-VIII ҚР Заңымен 379-бап өзгертілді (2024 ж. 20 тамыздан бастап қолданысқа енгізілді) (бұр.ред.қара)
379-бап. Арыз беру
Интернет-казиноны, шетелдік масс-медианың Қазақстан Республикасының аумағында таратылатын, Қазақстан Республикасының заңдарына қайшы келетін ақпаратты қамтитын өнiмiн заңсыз деп тану туралы арызды шетелдiк масс-медиа өнімінде заңды мүдделері қозғалған азаматтар мен заңды тұлғалар, прокурор немесе уәкiлеттi орган арыз берушiнiң орналасқан жерi бойынша бередi.
2024.19.06. № 94-VIII ҚР Заңымен 380-бап өзгертілді (2024 ж. 20 тамыздан бастап қолданысқа енгізілді) (бұр.ред.қара)
380-бап. Арыздың мазмұны
Интернет-казиноны, шетелдік масс-медианың Қазақстан Республикасының аумағында таратылатын, Қазақстан Республикасының заңдарына қайшы келетін ақпаратты қамтитын өнімін заңсыз деп тану туралы арызда интернет-казиноның заңсыз қызметі туралы не қандай ақпарат заңсыз деп танылуға жататыны туралы куәландыратын фактілер көрсетілуге және құжаттар қоса берілуге, сондай-ақ ақпараттық өнімнің Қазақстан Республикасының заңнамалық актілеріне сәйкес еместігі туралы куәландыратын дәлелдемелер келтірілуге, арызда жазылған ақпараттың таратылғанын растайтын фактілер жазылуға тиіс.
2024.19.06. № 94-VIII ҚР Заңымен 381-бап өзгертілді (2024 ж. 20 тамыздан бастап қолданысқа енгізілді) (бұр.ред.қара)
381-бап. Арыз бойынша сот шешімі
Сот интернет-казино, шетелдік масс-медианың Қазақстан Республикасының аумағында таратылатын, Қазақстан Республикасының заңдарына қайшы келетін ақпаратты қамтитын өнімі заңсыз болып табылады деп танып, интернет-казиноның қызметін, Қазақстан Республикасының аумағында шетелдік масс-медиа өнімінің таратылуын тоқтата тұру не тоқтату туралы шешім шығарады. Соттың шешімі тиісті мемлекеттік органға жіберіледі.
49-тарау. ШЕТЕЛДІКТІ НЕМЕСЕ АЗАМАТТЫҒЫ ЖОҚ АДАМДЫ ҚАЗАҚСТАН РЕСПУБЛИКАСЫНЫҢ ЗАҢНАМАСЫН БҰЗҒАНЫ ҮШІН ҚАЗАҚСТАН РЕСПУБЛИКАСЫНЫҢ ШЕГІНЕН ТЫС ШЫҒАРЫП ЖІБЕРУ ТУРАЛЫ АРЫЗ БОЙЫНША ІС ЖҮРГІЗУ
382-бап. Арыз беру
Шетелдікті немесе азаматтығы жоқ адамды Қазақстан Республикасының заңнамасын бұзғаны үшін Қазақстан Республикасының шегінен тыс шығарып жіберу туралы арызды ішкі істер органдары шетелдіктің немесе азаматтығы жоқ адамның болған және (немесе) тіркелген жеріндегі сотқа береді.
383-бап. Арыздың мазмұны
1. Шетелдікті немесе азаматтығы жоқ адамды Қазақстан Республикасының шегінен тыс шығарып жіберу туралы арызда Қазақстан Республикасы заңнамасының бұзылғаны туралы куәландыратын мән-жайлар жазылуға тиіс.
2. Шетелдікті немесе азаматтығы жоқ адамды Қазақстан Республикасының шегінен тыс шығарып жіберу туралы арызға шетелдіктің немесе азаматтығы жоқ адамның Қазақстан Республикасының заңнамасын бұзғанын растайтын құжаттар қоса беріледі.
384-бап. Арызды қарау
1. Шетелдікті немесе азаматтығы жоқ адамды Қазақстан Республикасының шегінен тыс шығарып жіберу туралы арызды сот іс қозғалған кезден бастап он күн ішінде қарайды.
2017.11.07. № 91-VI ҚР Заңымен 2-бөлік жаңа редакцияда (бұр.ред.қара)
2. Шетелдікті немесе азаматтығы жоқ адамды Қазақстан Республикасының шегінен тыс шығарып жіберу туралы арыз шетелдіктің немесе азаматтығы жоқ адамның міндетті түрде қатысуымен қаралады.
3. Сот шығыстарын, сондай-ақ шығарып жіберу бойынша шығыстарды шығарып жіберілетін шетелдіктер немесе азаматтығы жоқ адамдар не Қазақстан Республикасына шетелдікті немесе азаматтығы жоқ адамды шақырған ұйымдар немесе жеке тұлғалар көтереді. Аталған адамдардың шығарып жіберу бойынша шығыстарды өтеуге қаражаты болмаған не жеткіліксіз болған жағдайларда, тиісті іс-шараларды қаржыландыру бюджет қаражаты есебінен жүргізіледі.
385-бап. Арыз бойынша сот шешімі
1. Шетелдікті немесе азаматтығы жоқ адамды Қазақстан Республикасының шегінен тыс шығарып жіберу туралы сот шешімі оны қабылдаған күннен бастап заңды күшіне енеді және шетелдікті немесе азаматтығы жоқ адамды Қазақстан Республикасының шегінен тыс шығарып жіберуге негіз болады.
2. Шешімде шетелдік немесе азаматтығы жоқ адам Қазақстан Республикасының аумағынан кетуге тиіс мерзім көрсетіледі.
3. Соттың шешімі орындау үшін ішкі істер органдарына жіберіледі.
386-бап. Шығарып жіберу туралы сот актісін орындауды тоқтата тұру
Шетелдік немесе азаматтығы жоқ адам Қазақстан Республикасының аумағынан кетуге тиіс болатын, сот көрсеткен мерзімге дейін шағым немесе наразылық келіп түскен жағдайда, шетелдікті немесе азаматтығы жоқ адамды Қазақстан Республикасының шегінен тыс шығарып жіберу туралы сот шешімі шағым немесе наразылық қаралғанға дейін тоқтатыла тұрады.
5-КІШІ БӨЛІМ. ЖОҒАЛҒАН СОТ ІСІН ЖҮРГІЗУДІ НЕМЕСЕ АТҚАРУШЫЛЫҚ ІС
ЖҮРГІЗУДІ ҚАЛПЫНА КЕЛТІРУ БОЙЫНША ІС ЖҮРГІЗУ
50-тарау. ЖОҒАЛҒАН СОТ ІСІН ЖҮРГІЗУДІ НЕМЕСЕ АТҚАРУШЫЛЫҚ ІС
ЖҮРГІЗУДІ ҚАЛПЫНА КЕЛТІРУ БОЙЫНША ІС ЖҮРГІЗУ
387-бап. Арыз беру
1. Азаматтық іс бойынша толық не бір бөлігі жоғалған, шешім шығарумен немесе тоқтатумен аяқталған сот ісін жүргізуді немесе атқарушылық іс жүргізуді қалпына келтіруді сот осы тарауда белгіленген тәртіппен жүргізеді.
2. Сот ісін жүргізуді қалпына келтіру туралы арызды даудың мәні бойынша шешім шығарған не іс бойынша іс жүргізуді тоқтату туралы ұйғарым шығарған сотқа іске қатысатын адамдар не прокурор береді.
3. Жоғалған атқарушылық іс жүргізуді қалпына келтіру туралы арызды атқарушылық іс жүргізу тараптары, сот орындаушысы не прокурор орындалатын жері бойынша сотқа береді.
4. Арызда арыз берушінің нақты қандай іс жүргізуді қалпына келтіруді сұрайтыны, соттың мәні бойынша шешім қабылдағаны не іс бойынша іс жүргізудің тоқтатылғаны, онда арыз берушінің қандай процестік жағдайда болғаны, іс бойынша тағы да кімдердің және қандай процестік жағдайда қатысқаны, олардың орналасқан не тұратын жері, арыз берушіге жоғалған іс жүргізудің мән-жайларынан ненің белгілі екені, іс жүргізу құжаттары көшірмелерінің немесе олар туралы мәліметтердің тұрған орны туралы, арыз берушінің нақты қандай құжаттарды қалпына келтіруді қажет деп есептейтіні, оларды қалпына келтіру қандай мақсат үшін қажет екені көрсетілуге тиіс.
5. Арызға сақталып қалған және іске қатысты құжаттар немесе олардың көшірмелері, тіпті егер олар белгіленген тәртіппен куәландырылмаса да қоса беріледі.
6. Жоғалған іс жүргізуді қалпына келтіру туралы арызға мемлекеттік баж төленбейді.
388-бап. Арызды қарау
1. Арызда жоғалған іс жүргізуді қалпына келтіру туралы мәселе бойынша сотқа жүгінудің мақсаттары көрсетілмеген кезде, сондай-ақ егер арыз беруші көрсеткен жүгіну мақсаты оның құқықтары мен заңды мүдделерін қорғауға байланысты болмаса, сот іс жүргізуді қалпына келтіру туралы істі қозғаудан бас тартады не егер ол іс қозғалған болса, оны уәжді ұйғарыммен қараусыз қалдырады.
2. Мәні бойынша қаралғанға дейін жоғалған сот ісін жүргізу осы тарауда белгіленген тәртіппен қалпына келтіруге жатпайды. Мұндай жағдайда талап қоюшы жаңадан талап қоюға құқылы. Сот ісін жүргізудің жоғалуына байланысты жаңа талап қою бойынша іс қозғау туралы сот ұйғарымында осы мән-жай міндетті түрде көрсетілуге тиіс.
3. Істі қарау кезінде сот іс жүргізудің сақталған бөліктерін, іс жүргізу жоғалғанға дейін азаматтар мен заңды тұлғаларға істен алып берілген құжаттарды, осы құжаттардың көшірмелерін, іске қатысы бар басқа да материалдарды пайдаланады.
4. Сот процестік әрекеттер жасау кезінде қатысқан адамдардан, ал қажет болған жағдайларда - іс жүргізуді жоғалған істі қараған соттың құрамына кірген адамдардан, сондай-ақ сот шешімін орындаған адамдардан куәлар ретінде жауап ала алады.
389-бап. Арыз бойынша сот шешімі
1. Іс жүргізуді тоқтату туралы соттың шешімі немесе ұйғарымы, егер ол іс бойынша шығарылса, міндетті түрде қалпына келтірілуге жатады.
2. Іс бойынша іс жүргізуді тоқтату туралы жоғалған сот шешімін немесе ұйғарымын қалпына келтіру туралы сот шешімінде сотқа табыс етілген және жоғалған іс жүргізу бойынша процеске барлық қатысушылардың қатысуымен сот отырысында зерттелген қандай нақты деректердің негізінде сот қалпына келтірілетін сот актісінің мазмұны анықталды деп санайтыны көрсетіледі.
3. Жоғалған іс жүргізуді қалпына келтіру туралы іс бойынша шешімнің уәждеу бөлігінде соттың қандай дәлелдемелерді зерттегені және жоғалған іс жүргізу бойынша қандай процестік әрекеттердің жасалғаны дәлелденгені туралы соттың түйіндері де көрсетіледі.
4. Егер шешімді орындау жүргізілсе, жоғалған атқарушылық іс жүргізу қалпына келтіріледі.
5. Жасалған және сот орындаушысы орындау кезінде актіде көрсеткен әрекеттердің мәні көрсетіле отырып, сот шешімінің орындалуы туралы акт сот шешімімен қалпына келтіріледі.
6. Атқарушылық іс жүргізу шешім орындалғанға дейін жоғалған кезде атқару парағының телнұсқасы берілуі мүмкін жағдайда, сот жоғалған атқарушылық іс жүргізуді қалпына келтіру туралы істі қозғаудан уәжді ұйғарыммен бас тартады.
390-бап. Жоғалған іс жүргізуді қалпына келтіру туралы іс бойынша іс жүргізуді тоқтату
1. Жоғалған іс жүргізу бойынша сот актісін дәлме-дәл қалпына келтіру үшін жиналған материалдар жеткіліксіз болған кезде сот іс жүргізуді қалпына келтіру туралы арызды талқылауды ұйғарыммен тоқтатады және іске қатысатын адамдарға жалпы тәртіппен талап қою құқығын түсіндіреді.
2. Жоғалған іс жүргізу бойынша сот актісін қалпына келтіру туралы арызды қарау оның сақталу мерзімімен шектелмейді. Алайда, жоғалған іс жүргізуді орындау мақсатында оны қалпына келтіру туралы арызбен жүгінген жағдайда, атқару парағын орындау үшін ұсыну мерзімі өтсе және сот оны қалпына келтірмесе, сот арыз бойынша іс жүргізуді де тоқтатады.
391-бап. Жоғалған іс жүргізуді қалпына келтіруге байланысты сот актілерін даулау тәртібі
1. Жоғалған сот ісін жүргізуді қалпына келтіруге байланысты сот актілері осы Кодексте белгіленген тәртіппен дауланады.
2. Көрінеу жалған арыз берілген кезде жоғалған сот ісін жүргізуді қалпына келтіру туралы арыз бойынша іс қозғауға байланысты сот шығыстары арыз берушіден өндіріп алынады.
6-КІШІ БӨЛІМ. ҚАЗАҚСТАН РЕСПУБЛИКАСЫНЫҢ ХАЛЫҚАРАЛЫҚ ШАРТЫ НЕГІЗІНДЕ БАЛАНЫ ҚАЙТАРУ ТУРАЛЫ НЕМЕСЕ БАЛАҒА ҚАТЫСТЫ ҚОЛ ЖЕТКІЗУ ҚҰҚЫҚТАРЫН ЖҮЗЕГЕ АСЫРУ ТУРАЛЫ АРЫЗДАРДЫ ҚАРАУ БОЙЫНША ІС ЖҮРГІЗУ
51-тарау. ҚАЗАҚСТАН РЕСПУБЛИКАСЫНЫҢ ХАЛЫҚАРАЛЫҚ ШАРТЫ НЕГІЗІНДЕ БАЛАНЫ ҚАЙТАРУ ТУРАЛЫ НЕМЕСЕ БАЛАҒА ҚАТЫСТЫ ҚОЛ ЖЕТКІЗУ ҚҰҚЫҚТАРЫН ЖҮЗЕГЕ АСЫРУ ТУРАЛЫ АРЫЗДАРДЫ ҚАРАУ БОЙЫНША ІС ЖҮРГІЗУ
392-бап. Қазақстан Республикасы ратификациялаған халықаралық шарт негізінде баланы қайтару туралы немесе балаға қатысты қол жеткізу құқықтарын жүзеге асыру туралы арыз беру
1. Қазақстан Республикасы ратификациялаған халықаралық шарт негізінде Қазақстан Республикасына заңсыз алып өткен немесе Қазақстан Республикасында күштеп ұсталып отырған баланы қайтару немесе осындай балаға қатысты қол жеткізу құқықтарын жүзеге асыру туралы арызды (бұдан әрі - баланы қайтару немесе қол жеткізу құқықтарын жүзеге асыру туралы арыз) оның қорғаншылық құқықтарын немесе қол жеткізу құқықтарын жауапкер бұзды деп пайымдаған ата-ана немесе өзге де тұлға сотқа береді не прокурор сотқа береді.
2. Баланы қайтару немесе қол жеткізу құқықтарын жүзеге асыру туралы арыз кәмелетке толмағандардың істері жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотқа беріледі.
3. Егер баланың Қазақстан Республикасының аумағында болу орны белгісіз болса, баланы қайтару туралы немесе қол жеткізу құқықтарын жүзеге асыру туралы арыз баланың Қазақстан Республикасындағы соңғы белгілі болған болу орны бойынша немесе жауапкердің Қазақстан Республикасындағы соңғы белгілі болған орны бойынша осы баптың екінші бөлігінде көзделген сотқа беріледі.
4. Баланың болу орны өзгерген жағдайда баланы қайтару немесе қол жеткізу құқықтарын жүзеге асыру туралы арыз осы бапта белгіленген соттылық қағидаларын сақтай отырып, арызды өзінің іс жүргізуіне қабылдаған соттың қарауына жатады.
5. Баланы қайтару немесе қол жеткізу құқықтарын жүзеге асыру туралы арызда тиісті талап Қазақстан Республикасы ратификациялаған халықаралық шарт негізінде қойылатыны көрсетілуге тиіс.
393-бап. Баланы қайтару немесе қол жеткізу құқықтарын жүзеге асыру туралы арыздарды қарау тәртібі
Қазақстан Республикасы ратификациялаған халықаралық шарт негізінде баланы қайтару немесе қол жеткізу құқықтарын жүзеге асыру туралы арыздар бойынша істер (бұдан әрі - баланы қайтару немесе қол жеткізу құқықтарын жүзеге асыру туралы іс) Қазақстан Республикасы ратификациялаған халықаралық шартта және осы тарауда белгіленген ерекшеліктермен, талап қою ісін жүргізудің жалпы қағидалары бойынша қаралады және шешіледі.
394-бап. Талап қоюды қамтамасыз ету
Талап қоюды қамтамасыз ету жөніндегі басқа шаралармен қатар қажет болған жағдайларда осы Кодекстің 15-тарауына сәйкес судья баланы қайтару немесе қол жеткізу құқықтарын жүзеге асыру туралы іс бойынша сот шешімі заңды күшіне енгенге дейін жауапкерге баланың болу орнын өзгертуге және оның Қазақстан Республикасынан кетуін уақытша шектеуге тыйым сала алады.
395-бап. Талап қою талаптарын біріктіруге және қарсы талап қою беруге жол берілмеушілік
Талап қоюшының Қазақстан Республикасы ратификациялаған халықаралық шарт негізінде Қазақстан Республикасына заңсыз алып өткен немесе Қазақстан Республикасында күштеп ұсталып отырған екі немесе одан да көп баланы қайтару туралы немесе екі және одан да көп балаға қатысты қол жеткізу құқықтарын жүзеге асыру туралы талаптарын біріктіру жағдайын қоспағанда, бірнеше талап қою талаптарын біріктіруге және баланы қайтару немесе қол жеткізу құқықтарын жүзеге асыру туралы іс бойынша қарсы талап қоюға жол берілмейді.
396-бап. Баланы қайтару немесе қол жеткізу құқықтарын жүзеге асыру туралы арызды қарау
2017.11.07. № 91-VI ҚР Заңымен 1-бөлік жаңа редакцияда (бұр.ред.қара)
1. Баланы қайтару туралы немесе қол жеткізу құқықтарын жүзеге асыру туралы арыз қорғаншылық немесе қамқоршылық жөніндегі функцияларды жүзеге асыратын органның міндетті түрде қатысуымен қаралады.
2. Баланы қайтару немесе қол жеткізу құқықтарын жүзеге асыру туралы арызды сот, істі сот талқылауына дайындауға және уәжді шешім жасауға арналған мерзімді қоса алғанда, соттың арызды қабылдаған күнінен бастап қырық екі күннен аспайтын мерзімде қарайды.
397-бап. Баланы қайтару немесе қол жеткізу құқықтарын жүзеге асыру туралы іс бойынша сот шешімі
1. Қазақстан Республикасы ратификациялаған халықаралық шарт негізінде Қазақстан Республикасына заңсыз алып өткен немесе Қазақстан Республикасында күштеп ұсталып отырған баланы қайтару туралы іс бойынша соттың шешімі осы Кодекстің 19-тарауында белгіленген талаптарға сәйкес келуге және Қазақстан Республикасы ратификациялаған халықаралық шартқа сәйкес баланы тұрақты тұратын мемлекетіне қайтару қажеттігінің негізділігін, баланы қайтару тәртібін, сот шығыстарын және баланы қайтаруға байланысты шығыстарды бөлуге арналған нұсқауды немесе Қазақстан Республикасы ратификациялаған халықаралық шартқа сәйкес баланы тұрақты тұратын мемлекетіне қайтарудан бас тартудың негізділігін және сот шығыстарын бөлуге арналған нұсқауды қамтуға тиіс.
2. Қазақстан Республикасы ратификациялаған халықаралық шарт негізінде Қазақстан Республикасына заңсыз алып өткен немесе Қазақстан Республикасында күштеп ұсталып отырған балаға қатысты қол жеткізу құқықтарын жүзеге асыру туралы іс бойынша соттың шешімі осы Кодекстің 19-тарауында белгіленген талаптарға сәйкес келуге және талап қоюшының Қазақстан Республикасы ратификациялаған халықаралық шартқа сәйкес қол жеткізу құқықтарын жүзеге асырудың негізділігін, талап қоюшының қол жеткізу құқықтарын жүзеге асыруды қамтамасыз ету жөніндегі шараларын, сот шығыстарын бөлуге арналған нұсқауды немесе Қазақстан Республикасы ратификациялаған халықаралық шартқа сәйкес қол жеткізу құқықтарын жүзеге асырудан бас тартудың негізділігін және сот шығыстарын бөлуге арналған нұсқауды қамтуға тиіс.
2017.11.07. № 91-VI ҚР Заңымен 398-бап жаңа редакцияда (бұр.ред.қара)
398-бап. Баланы қайтару туралы немесе қол жеткізу құқықтарын жүзеге асыру туралы іс бойынша соттың шешіміне апелляциялық шағымды, прокурордың өтінішхатын беру мерзімі және істі апелляциялық сатыдағы сотта қарау мерзімі
1. Баланы қайтару туралы немесе қол жеткізу құқықтарын жүзеге асыру туралы іс бойынша соттың шешіміне апелляциялық шағым, прокурордың өтінішхаты осы Кодекстің 52-тарауында белгіленген қағидаларға сәйкес түпкілікті нысанда соттың шешімі қабылданған күннен бастап он күн ішінде берілуі мүмкін.
2. Апелляциялық шағым, прокурордың өтінішхаты бойынша келіп түскен баланы қайтару туралы немесе қол жеткізу құқықтарын жүзеге асыру туралы іс осы Кодекстің 52-тарауында белгіленген қағидаларға сәйкес апелляциялық сатыдағы сотқа келіп түскен күннен бастап бір айдан аспайтын мерзімде қаралады.
2017.11.07. № 91-VI ҚР Заңымен 399-бап жаңа редакцияда (бұр.ред.қара)
399-бап. Баланы қайтару туралы немесе қол жеткізу құқықтарын жүзеге асыру туралы арыз бойынша соттың ұйғарымына жеке шағымды, прокурордың өтінішхатын беру және қарау мерзімі
1. Баланы қайтару туралы немесе қол жеткізу құқықтарын жүзеге асыру туралы арыз бойынша соттың ұйғарымына осы Кодекстің 52-тарауында белгіленген қағидаларға сәйкес ұйғарым шығарылған күннен бастап он жұмыс күні ішінде жеке шағым берілуі, прокурор өтінішхат келтіруі мүмкін.
2. Осы баптың бірінші бөлігінде көрсетілген жеке шағым, прокурордың өтінішхаты осы Кодекстің 429-бабында көзделген қағидаларға сәйкес іс апелляциялық сатыға берілген күннен бастап он жұмыс күнінен кешіктірілмей қаралады.
400-бап. Сот қаулыларының көшірмелерін жіберу
2017.11.07. № 91-VI ҚР Заңымен 1-бөлік жаңа редакцияда (бұр.ред.қара)
1. Баланы қайтару туралы немесе қол жеткізу құқықтарын жүзеге асыру туралы арызды қабылдаудан бас тарту туралы, қайтару туралы, қараусыз қалдыру туралы, баланы қайтару туралы немесе қол жеткізу құқықтарын жүзеге асыру туралы іс бойынша іс жүргізуді тоқтата тұру, қайта бастау немесе тоқтату туралы сот ұйғарымдарының көшірмелері, бірінші сатыдағы соттың көрсетілген ұйғарымдарына жеке шағым немесе прокурордың өтінішхаты бойынша апелляциялық сатыдағы сот шығарған ұйғарымның көшірмесі тиісті ұйғарым шығарылған күннен кейінгі күннен кешіктірілмей, Қазақстан Республикасының халықаралық шарты бойынша міндеттемелерді орындауды қамтамасыз ету мақсатында Қазақстан Республикасында тағайындалған уәкілетті органға (бұдан әрі осы бапта - орталық орган), сондай-ақ осы бала туралы дауға байланысты іс, егер мұндай іс туралы ұйғарым шығарған сотқа мәлім болса, іс жүргізуінде жатқан сотқа жіберіледі.
2. Баланы қайтару туралы немесе қол жеткізу құқықтарын жүзеге асыру туралы арыз бойынша осы Кодекстің 151-бабының екінші бөлігінде, 152-бабының екінші бөлігінде көзделген сот ұйғарымдарының көшірмелері тиісті ұйғарым шығарылған күннен кейінгі күннен кешіктірмей арыз берушіге табыс етіледі немесе өзіне жіберіледі.
3. Баланы қайтару туралы немесе қол жеткізу құқықтарын жүзеге асыру туралы іс бойынша осы Кодекстің 271-бабында көзделген сот ұйғарымдарының көшірмелері іске қатысатын адамдарға, егер олар сот отырысына келмесе, тиісті ұйғарым шығарылған күннен кейінгі күннен кешіктірмей жіберіледі.
4. Баланы қайтару туралы немесе қол жеткізу құқықтарын жүзеге асыру туралы іс бойынша сот шешімдерінің көшірмелері іске қатысатын, бірақ сот отырысында болмаған тұлғаларға және орталық органға түпкілікті нысанда сот шешімі қабылданған күннен кейінгі күннен кешіктірмей жіберіледі. Егер көрсетілген іс бойынша осы Кодекстің 236-бабына сәйкес қосымша шешім қабылданған болса, оның көшірмесі іске қатысатын адамдарға және орталық органға қосымша шешім қабылданған күннен кейінгі күннен кешіктірмей жіберіледі.