3. Тауарлардың, жұмыстардың, көрсетілетін қызметтер мен оларды берушілердің дерекқоры тауарлардың, жұмыстардың, көрсетілетін қызметтер мен оларды берушілердің дерекқорын қалыптастыру және жүргізу қағидаларына сәйкес қалыптастырылады.
4. Тауарлардың, жұмыстардың, көрсетілетін қызметтер мен оларды берушілердің дерекқорын жүргізу мыналарды көздейді:
1) дара кәсіпкер ретінде тіркелген жеке тұлғаларды және заңды тұлғаларды тауарлардың, жұмыстардың, көрсетілетін қызметтер мен оларды берушілердің дерекқорында өтеусіз тіркеу;
2) елішілік құндылықты дамыту саласындағы ұлттық даму институтының интернет-ресурсында отандық тауар өндірушілер және жұмыстар мен көрсетілетін қызметтерді отандық берушілер туралы ақпарат орналастыру.
52-бап. Импортты реттеу
Импортты реттеу Қазақстан Республикасы заңнамасының талаптарына сәйкес тауарлардың қауіпсіздігі мен сапасын қамтамасыз ету жөніндегі талаптар ескеріле отырып, Қазақстан Республикасының заңнамасына және Қазақстан Республикасы ратификациялаған халықаралық шарттарға сәйкес жүзеге асырылады.
Қазақстан Республикасының экономикалық мүдделерін қорғау мақсатында Қазақстан Республикасының аумағында өндірілетін импортталатын тауарлардың бағаларына тұрақты мониторинг жүзеге асырылады.
53-бап. Өнеркәсіптік өнімді өндірушілер мен ішкі сауда субъектілерінің өзара іс-қимылы
Жергілікті атқарушы органдар тиісті әкімшілік-аумақтық бірліктерде, оның ішінде өнеркәсіптік өнімді өндірушілермен және ішкі сауда субъектілерімен тиісті келісімдер жасасу арқылы сауда қызметіне қолайлы жағдайлар жасау жөніндегі шараларды әзірлейді.
Сауда қызметін реттеу «Сауда қызметін реттеу туралы» Қазақстан Республикасының Заңына сәйкес жүзеге асырылады.
4-тарау. ӨНЕРКӘСІПТІҢ ТИІМДІЛІГІ МЕН БӘСЕКЕГЕ ҚАБІЛЕТТІЛІГІН АРТТЫРУ
1-параграф. Өнеркәсіпті дамытудың жүйелі шаралары
54-бап. Еңбек өнімділігін арттыру
Еңбек өнімділігін арттыру мыналар арқылы жүзеге асырылады:
осы Заңның 29-бабында көзделген өнеркәсіпті мемлекеттік ынталандыру шараларын көрсету;
оқыту және кадр әлеуетін арттыру;
өңдеу өнеркәсібін технологиялық дамыту;
осы Заңға сәйкес өнеркәсіптік саясат жөніндегі ведомствоаралық комиссияның ұсынымдары мен ұсыныстары негізінде Қазақстан Республикасының Үкіметі айқындайтын өзге де шаралар.
55-бап. Оқыту және кадр әлеуетін арттыру
1. Өнеркәсіптік-инновациялық қызмет субъектілерін білікті кадр ресурстарымен қамтамасыз ету экономиканың басым секторлары үшін мамандар даярлауға мемлекеттік білім беру тапсырысын орналастыру арқылы жүзеге асырылады.
Өнеркәсіпті мемлекеттік ынталандыру және инновациялық қызметті мемлекеттік қолдау саласындағы уәкілетті органдар өнеркәсіптік-инновациялық қызмет субъектілері ұсынатын мамандарға деген қажеттілік туралы мәліметтер негізінде экономиканың басым секторлары үшін мамандар даярлау талап етілетін мамандықтар тізбесін айқындау бойынша ұсыныстарды қалыптастырады және халықты жұмыспен қамту мәселелері жөніндегі уәкілетті органға жібереді.
Білім беру саласындағы уәкілетті орган халықты жұмыспен қамту мәселелері жөніндегі уәкілетті орган ұсынатын өнеркәсіптік-инновациялық қызмет бойынша мамандарға деген қажеттілік негізінде экономиканың басым секторлары үшін мамандар даярлауға мемлекеттік білім беру тапсырысын қалыптастырады.
Өнеркәсіптің кадр әлеуетін нығайту және өндірістік талаптарға сәйкестікті қамтамасыз ету мақсатында жоғары және (немесе) жоғары оқу орнынан кейінгі білім беру ұйымдары білім беру бағдарламаларын жаңартып отыруды жүзеге асырады.
2. Өнеркәсіпті мемлекеттік ынталандыру саласындағы уәкілетті орган өңдеу өнеркәсібінің кәсіпорындарын дуальды оқытуды ұйымдастыру процесіне тартуға жәрдем көрсетеді, оның ішінде дуальды оқыту туралы үшжақты шарттар жасасуға жәрдемдеседі.
56-бап. Өңдеу өнеркәсібін технологиялық дамыту
1. Өңдеу өнеркәсібінің кәсіпорындары мен оның жоғары технологиялық салаларының технологиялық даму деңгейін арттыру мақсатында Қазақстан Республикасы Кәсіпкерлік кодексінің 23-1-тарауына сәйкес технологиялық тұғырнамалар мен технологиялық құзыреттердің салалық орталықтары құрылады.
2. Технологиялық тұғырнама өңдеу өнеркәсібін технологиялық дамыту мақсатында өзара байланысты және өзара толықтырылатын білім беру, ғылыми және өнеркәсіптік-инновациялық инфрақұрылымның элементтерінен, технологияларды генерациялау мен жетілдірудің, кадрлар даярлаудың, инновациялық жобаларды іске асырудың үздіксіз процесін қамтамасыз ету үшін қажетті ғылыми, ғылыми-техникалық, инновациялық және өнеркәсіптік қызмет субъектілерінен және (немесе) жеке кәсіпкерлік субъектілерінің, ғылыми ұйымдардың, білім беру ұйымдарының, мемлекеттік органдардың, квазимемлекеттік сектор ұйымдарының коммуникация жасауына және оларды нарыққа бағдарланған үйлестіруге арналған құралдардан тұратын кешенді білдіреді.
3. Технологиялық құзыреттердің салалық орталықтары өңдеу өнеркәсібін кешенді технологиялық дамыту пайымын тұжырымдау үшін өзіне тиісті білімді, шеберліктерді, дағдылар мен тәжірибені шоғырландыруға, сондай-ақ салалық және салааралық сипаттағы тиісті құзыреттері бар сарапшыларды тарту арқылы оны іске асырудың институционалдық жадын қамтамасыз етуге тиіс.
4. Технологиялық құзыреттердің салалық орталықтарын айқындау Қазақстан Республикасы Кәсіпкерлік кодексінің 23-1-тарауына сәйкес Технологиялық саясат жөніндегі кеңестің отырысында мақұлданады.
5. Өңдеу өнеркәсібін технологиялық дамыту мақсаттары үшін осы бапта көзделгеннен бөлек, өнеркәсіптің цифрлық трансформациясын ынталандыру, Индустрия 4.0 мен цифрлық технологияларды ендіру жүзеге асырылады.
57-бап. Өнеркәсіптегі ғылыми және (немесе) ғылыми-техникалық қызмет нәтижелерін коммерцияландыру
Өнеркәсіптегі ғылыми және (немесе) ғылыми-техникалық қызмет нәтижелерін коммерцияландыру мақсатында, сондай-ақ өнеркәсіп саласындағы қызмет субъектілерін технологиялық жаңғыртуды қамтамасыз ету үшін өнеркәсіпті мемлекеттік ынталандыру саласындағы уәкілетті орган өнеркәсіп саласындағы қызмет субъектілерінің ғылыми зерттеулер мен әзірлемелерге деген қажеттіліктері туралы ақпарат жинауды жүзеге асырады. Өнеркәсіпті мемлекеттік ынталандыру саласындағы уәкілетті орган көрсетілген ақпаратты ғылыми зерттеулер мен әзірлемелерді жүзеге асыру үшін ғылыми ұйымдарды тарту мақсатында ғылым саласындағы уәкілетті органның интернет-ресурсында және мерзімді баспасөз басылымдарында орналастыру үшін жібереді.
58-бап. Өңдеу өнеркәсібінің өнімін техникалық реттеу және стандарттау
1. Техникалық реттеу және стандарттау жүйесі өнеркәсіптік өнімнің қауіпсіздігі мен сапасын қамтамасыз ету, саудадағы техникалық кедергілерді жою және отандық өнімнің бәсекеге қабілеттілігін арттыру құралы болып табылады.
2. Өнеркәсіптік саясаттың техникалық реттеу және стандарттау саласындағы басымдықтары мыналар болып табылады:
1) өнеркәсіптік-инновациялық қызмет субъектілерінің ғылыми-техникалық әлеуетін пайдалануды жақсарту;
2) өндірілетін тауарлардың бәсекеге қабілеттілігін арттыру;
3) саудадағы бар кедергілерді алып тастау;
4) халықаралық сауданы жүзеге асыру кезінде шығындарды төмендету;
5) өндірілетін тауарлардың, жұмыстар мен көрсетілетін қызметтердің жаңа нарықтарға шығуы және игерілген нарықтардағы жағдайды нығайту.
59-бап. Өнеркәсіпке инвестицияларды тарту
Өнеркәсіпке инвестицияларды тарту шеңберінде мемлекеттік органдар мен ұйымдар өз құзыреті шегінде мыналарды жүзеге асырады:
1) әлеуетті инвесторларды, оның ішінде шетелдік инвесторларды өнеркәсіптік-инновациялық жобаларды іске асыруға қатысуға тарту мақсатында оларды іздестіру және олармен келіссөздер жүргізу;
2) өнеркәсіптік-инновациялық қызмет субъектілерін инвестициялық тақырып бойынша бизнес-форумдарға, конференциялар мен семинарларға қатысуға тарту;
3) бұқаралық ақпарат құралдарында, оның ішінде шетелдегі мекемелер арқылы, сондай-ақ Қазақстан Республикасының аумағындағы шетелдік дипломатиялық және оларға теңестірілген өкілдіктер мен консулдық мекемелер арқылы шетелдік бұқаралық ақпарат құралдарында өнеркәсіптік-инновациялық жобалар туралы ақпарат тарату;
4) жұмыс істеп жүрген инвесторларды қайта инвестициялауды жүзеге асыруға ынталандыру;
5) бірлескен өндірістерді құру үшін инвесторларды, оның ішінде шетелдік инвесторларды тарту;
6) қосылған құнның жаһандық тізбектеріне кіру үшін трансұлттық корпорацияларды тарту.
60-бап. Өңдеу өнеркәсібінің кәсіпорындарын отандық шикізатпен қамтамасыз ету
1. Отандық шикізатпен қамтамасыз етуге бағытталған шаралар өңдеу өнеркәсібінің кәсіпорындарын отандық шикізатпен қамтамасыз ету жөніндегі қағидаларға сәйкес басым тауарлар тізбесіне енгізілген өнім өндіруге бағдарланған өнеркәсіптік-инновациялық қызмет субъектілеріне ұсынылады.
2. Отандық шикізатпен қамтамасыз етуге бағытталған шараларды қолдану шикізатты өндірушілер мен қайта өңдеушілер мүдделерінің теңгерімін қамтамасыз ету, өнім өндіру көлемін ұлғайту, өндірілетін өнімнің номенклатурасын кеңейту, өңдеу өнеркәсібінің кәсіпорындарын отандық шикізатпен қамтамасыз ету жөніндегі келісім шеңберінде өткізілген отандық шикізатты үшінші тұлғаларға одан әрі қайта сатуға жол бермеу қағидаттары негізінде жүзеге асырылады.
3. Өңдеу өнеркәсібінің кәсіпорындарын отандық шикізатпен қамтамасыз ету жөніндегі қағидаларда өнеркәсіпті мемлекеттік ынталандыру саласындағы уәкілетті органның қатысуы кезінде отандық шикізатты өндірушілер мен өнеркәсіптік-инновациялық қызмет субъектілері арасында үлгілік келісім негізінде өңдеу өнеркәсібінің кәсіпорындарын отандық шикізатпен қамтамасыз ету жөніндегі келісімдерді жасасу көзделеді.
Үлгілік келісімнің нысаны өңдеу өнеркәсібінің кәсіпорындарын отандық шикізатпен қамтамасыз ету жөніндегі қағидаларда бекітіледі.
Өңдеу өнеркәсібінің кәсіпорындарын отандық шикізатпен қамтамасыз ету жөніндегі келісімдер ерекше бәсекеге қабілетті баға белгілеу шарттарымен жасалады.
4. Өңдеу өнеркәсібінің кәсіпорындарын отандық шикізатпен қамтамасыз ету жөніндегі келісімге қатысатын кәсіпорындар өздеріне өңдеу өнеркәсібінің кәсіпорындарын отандық шикізатпен қамтамасыз ету жөніндегі қағидаларда көзделген міндеттемелерді қабылдайды.
5. Өңдеу өнеркәсібінің кәсіпорындарын отандық шикізатпен қамтамасыз ету жөніндегі келісімдердің орындалуына мониторингті өнеркәсіпті мемлекеттік ынталандыру саласындағы уәкілетті орган жүргізеді.
61-бап. Өңдеу өнеркәсібінің кәсіпорындарын шикізатпен қамтамасыз етудің өзге де тәсілдері
1. Қазақстан Республикасының Үкіметі Қазақстан Республикасы мен шет мемлекеттердің шаруашылық жүргізуші субъектілерінің өзара тиімді шарттармен өнімді қарсы беру мәселелері бойынша шет мемлекеттердің үкіметтерімен келіссөздер жүргізеді.
2. Қазақстан Республикасының Үкіметі Еуразиялық экономикалық одаққа мүше мемлекеттердің үкіметтерімен мемлекеттік тапсырысты не мемлекеттік қорғаныстық тапсырысты іске асыратын өңдеу өнеркәсібінің отандық кәсіпорындарын мүше мемлекеттердің ішкі бағасы бойынша шикізатпен қамтамасыз ету мүмкіндігі туралы келіссөздер жүргізеді.
2-параграф. Өнеркәсіп салаларын дамыту
62-бап. Өнеркәсіптік құрастыру туралы келісім
1. Көлік құралдары және (немесе) олардың құрамдастары, ауыл шаруашылығы техникасы және (немесе) оның құрамдастары өндірісінің дамуын ынталандыру мақсатында өнеркәсіпті мемлекеттік ынталандыру саласындағы уәкілетті орган Қазақстан Республикасының заңды тұлғаларымен үлгілік нысандарға сәйкес көлік құралдарын өнеркәсіптік құрастыру туралы келісім, ауыл шаруашылығы техникасын өнеркәсіптік құрастыру туралы келісім, көлік құралдарына және (немесе) ауыл шаруашылығы техникасына құрамдастарды өнеркәсіптік құрастыру туралы келісім жасасады.
Өнеркәсіптік құрастыру туралы жасалған келісімнің болуы Қазақстан Республикасының Кәсіпкерлік кодексіне сәйкес арнайы инвестициялық келісімшарт жасасқан көлік құралдарын және (немесе) олардың құрамдастарын, сондай-ақ ауыл шаруашылығы техникасын және (немесе) оның құрамдастарын өндірушілерге инвестициялық преференциялар беру үшін негіз болып табылады. Өнеркәсіптік құрастыру туралы жасалған келісім шеңберінде көлік құралдарын, ауыл шаруашылығы техникасын, сондай-ақ олардың құрамдастарын өндірушілер үшін осы Заңның 27-бабына сәйкес қарсы міндеттемелер көзделеді.
2. Осы баптың 1-тармағының бірінші бөлігінде көзделген келісімдердің бірін жасасу Қазақстан Республикасы заңды тұлғасының көлік құралдарын және (немесе) олардың құрамдастарын, ауыл шаруашылығы техникасын және (немесе) оның құрамдастарын өндіру саласында өнеркәсіп саласындағы қызмет субъектісі болып табылатынын растау болып табылады.
3. Осы баптың 1-тармағының бірінші бөлігінде көзделген келісімдерді жасасу үшін белгіленген шарттардың және келісімдерде айқындалған талаптардың сақталуын бақылау мақсатында өнеркәсіпті мемлекеттік ынталандыру саласындағы уәкілетті орган Қазақстан Республикасы заңды тұлғасының келісімдерді жасасу шарттарына сәйкестігін және осындай келісімдер шеңберінде ол қабылдаған міндеттемелердің орындалуын тексеруді жүзеге асырады.
4. Қазақстан Республикасы заңды тұлғасының осы баптың 1-тармағының бірінші бөлігінде санамаланған келісімдердің бірінің талаптарын орындамауы немесе тиісінше орындамауы бөлігінде бұзушылықтар анықталған жағдайда, өнеркәсіпті мемлекеттік ынталандыру саласындағы уәкілетті орган анықталған бұзушылықтар хабарлама жіберілген кезден бастап үш ай мерзімде жойылмаған кезде Қазақстан Республикасының азаматтық заңнамасына сәйкес келісімді біржақты тәртіппен бұзады.
5. Өнеркәсіптік құрастыру туралы келісім жасасқан және көлік құралдарын өндірушілер немесе өндірушілердің уәкілетті өкілдері болып табылатын өнеркәсіп саласындағы қызмет субъектілері өндірушінің бастамасы бойынша және Қазақстан Республикасының аумағында көлік құралдарына сервистік қызмет көрсету сапасын жақсарту мақсатында техникалық жағынан күрделі тауарды (бұйымды) кері қайтарып алуды жүзеге асыруға құқылы.
Осы тармақты қолдану мақсаттары үшін техникалық жағынан күрделі тауарды (бұйымды) кері қайтарып алу деп техникалық жағынан күрделі тауарлар (бұйымдар) шығарылғаннан кейін олардың белгілі бір топтамасынан табылған кемшілікті немесе зауыттық ақауды жою үшін не техникалық жағынан күрделі тауарлардың (бұйымдардың) сипаттамаларын жақсарту мақсатында Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес өндірушінің немесе оның уәкілетті өкілінің бастамасы бойынша және есебінен жүргізілетін, сатып алушыларды құлақтандыруды және өзіне берілген техникалық жағынан күрделі тауарларды (бұйымдарды) жөндеуді қамтитын кері қайтарып алу науқаны түсініледі.
6. Осы баптың 1-тармағының бірінші бөлігінде көзделген келісімдер Қазақстан Республикасы заңды тұлғасының келісім талаптарын орындамауына немесе тиісінше орындамауына байланысты келісім бұзылған кезде Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес Еуразиялық экономикалық одақтың Сыртқы экономикалық қызметі бірыңғай тауар номенклатурасының (бұдан әрі - СЭҚ ТН) тиісті коды бойынша келісім жасалған күннен бастап берілген жеңілдіктерді өтеу бойынша осы заңды тұлғаның міндеттемелерін қамтиды.
Ескертпелер. Осы параграфтың мақсаттары үшін:
көлік құралы деп, ауыл шаруашылығы техникасын қоспағанда, адамдарды, жүктерді немесе оған орнатылған жабдықты тасымалдауға арналған құрылғы, оның ішінде техникалық жағынан күрделі тауар (бұйым) түсініледі;
ауыл шаруашылығы техникасы деп жекелеген операцияларды немесе технологиялық процестерді механикаландыру және автоматтандыру арқылы ауыл шаруашылығындағы еңбек өнімділігін арттыруға арналған техникалық құрал, оның ішінде техникалық жағынан күрделі тауар (бұйым) түсініледі;
көлік құралына құрауыш деп көлік құралы конструкциясының құрамдас бөлігі, бөлшек, торап, жиынтықтаушы бұйым, материал, химиялық, лак-бояу өнімі және көлік құралын өндіру үшін қажетті өзге де жиынтықтауыштар түсініледі;
ауыл шаруашылығы техникасына құрауыш деп ауыл шаруашылығы техникасы конструкциясының құрамдас бөлігі, бөлшек, торап, жиынтықтаушы бұйым, материал, химиялық, лак-бояу өнімі және ауыл шаруашылығы техникасын өндіру үшін қажетті өзге де жиынтықтауыштар түсініледі.
63-бап. Көлік құралдарын өнеркәсіптік құрастыру туралы келісім
1. Ершікті тартқыштардың, автобустардың, арнайы техниканың, жеңіл және жүк автомобильдерінің СЭҚ ТН кодтарын қоспағанда, көлік құралдарын өнеркәсіптік құрастыру туралы келісім Қазақстан Республикасының заңды тұлғаларымен осы Заңның 9-бабының 23) тармақшасында көзделген осындай келісімдерді жасасу қағидалары мен шарттарына сәйкес СЭҚ ТН кодтары бойынша жасалады.
2. Ершікті тартқыштардың, автобустардың, арнайы техниканың, жеңіл және жүк автомобильдерінің СЭҚ ТН кодтары бойынша көлік құралдарын өнеркәсіптік құрастыру туралы келісім Қазақстан Республикасының заңды тұлғаларымен осы Заңның 9-бабының 23) тармақшасында көзделген осындай келісімдерді жасасу қағидалары мен шарттарына сәйкес, жергіліктендіруді бағалаудың балдық жүйесінің бастапқы талаптарын орындағаннан кейін жасалады, олар технологиялық жабдықты пайдалануды және мынадай шарттардың орындалуын қамтиды:
1) екі ауысымдық жұмыс режимі кезінде кәсіпорынның өндірістік қуаты жеңіл автомобильдерге қатысты - жылына кемінде жиырма бес мың, ершікті тартқыштарға, арнайы техникаға және жүк автомобильдеріне қатысты - жылына кемінде он мың, автобустарға қатысты - жылына кемінде бір мың екі жүз болатын СЭҚ ТН тиісті коды бойынша жеңіл автомобильдерге қатысты - кәсіпорында көлік құралдарының екі және одан көп маркасын өндіру кезінде көлік құралының әрбір өндірілетін маркасы бойынша кемінде бір модельді және көлік құралының бір ғана маркасын өндіру кезінде кемінде екі модельді, ершікті тартқыштарға, автобустарға, арнайы техникаға және жүк автомобильдеріне қатысты кемінде бір модельді шанақты (кабинаны) дәнекерлеу, бояу (жеңіл автомобильдер бойынша катафорезді қоса алғанда) және құрастыру жөніндегі технологиялық операцияларды кәсіпорында ұйымдастыру;
2) өнеркәсіптік құрастыруды жүзеге асыру кезінде пайдаланылатын лизингтік активтерді қоса алғанда, кәсіпорынның немесе лизингтік компанияның балансында жеңіл автомобильдерге қатысты - тиісті қаржы жылына арналған республикалық бюджет туралы заңда белгіленген айлық есептік көрсеткіштің он сегіз миллион еселенген мөлшерінен кем емес, ершікті тартқыштарға, автобустарға, арнайы техникаға және жүк автомобильдеріне қатысты тиісті қаржы жылына арналған республикалық бюджет туралы заңда белгіленген айлық есептік көрсеткіштің үш миллион бес жүз мың еселенген мөлшерінен кем емес сомаға өндірістік активтердің болуы.
3. Дәнекерлеу және бояу жөніндегі технологиялық операцияларды орындауды қоса алғанда, моторлы көлік құралдарын өнеркәсіптік құрастыру туралы келісімнің (көпжақты келісімнің) бұрын қабылданған шарттары мен міндеттемелерін орындау кезінде осы Заңның 9-бабының 23) тармақшасында көзделген осындай келісімдерді жасасу қағидалары мен шарттарында белгіленген тәртіппен Қазақстан Республикасы заңды тұлғаларының бірімен жасалған келісім шеңберінде, жеңіл автомобильдердің СЭҚ ТН кодтары бойынша көлік құралдарын өнеркәсіптік құрастыру туралы көпжақты келісімнен басқа, көлік құралдарын өнеркәсіптік құрастыру туралы көпжақты келісім жасасуға жол беріледі.
Жасалатын келісімдерге осы Заңның 9-бабының 23) тармақшасында көзделген осындай келісімдерді жасасу қағидалары мен шарттарына сәйкес жергіліктендіруді бағалаудың балдық жүйесінің талаптары қолданылады.
4. Қазақстан Республикасы заңды тұлғасының ершікті тартқыштардың, автобустардың, арнайы техниканың, жеңіл және жүк автомобильдерінің СЭҚ ТН кодтары бойынша көлік құралдарын өнеркәсіптік құрастыру туралы жасалған келісімді орындауы мұндай заңды тұлғаларға Қазақстан Республикасының мемлекеттік сатып алу туралы заңнамасына сәйкес тауарларды мемлекеттік сатып алу туралы ұзақмерзімді шарттар, сондай-ақ осы Заңда көзделген өнеркәсіпті дамытуға бағытталған шарттар жасасуға мүмкіндік береді.
64-бап. Ауыл шаруашылығы техникасын өнеркәсіптік құрастыру туралы келісім
1. Тракторлардың, астық жинау комбайндарының және сүрлем жинау комбайндарының СЭҚ ТН кодтары бойынша ауыл шаруашылығы техникасын өнеркәсіптік құрастыру туралы келісім Қазақстан Республикасының заңды тұлғаларымен осы Заңның 9-бабының 22) тармақшасында көзделген осындай келісімдерді жасасу қағидалары мен шарттарына сәйкес мынадай шарттар орындалған кезде жасалады:
1) дайындамалар пішуді, июді, дәнекерлеуді, құрастыруды және бояуды қоса алғанда, дайындау жөніндегі операцияларды жүзеге асыру;
2) өнеркәсіптік құрастыруды жүзеге асыру кезінде пайдаланылатын лизингтік активтерді қоса алғанда, кәсіпорынның немесе лизингтік компанияның балансында тиісті қаржы жылына арналған республикалық бюджет туралы заңда белгіленген айлық есептік көрсеткіштің бес жүз мың еселенген мөлшерінен кем емес сомаға өндірістік активтердің болуы.
2. Тракторлардың, астық жинау комбайндарының және сүрлем жинау комбайндарының СЭҚ ТН кодтарын қоспағанда, ауыл шаруашылығы техникасын өнеркәсіптік құрастыру туралы келісім Қазақстан Республикасының заңды тұлғаларымен осы Заңның 9-бабының 22) тармақшасында көзделген осындай келісімдерді жасасу қағидалары мен шарттарына сәйкес мынадай шарттар орындалған кезде жасалады:
1) ауыл шаруашылығы техникасының конструкциясында болған кезінде дайындамалар пішуді, июді, дәнекерлеуді, құрастыруды және бояуды қоса алғанда, дайындау жөніндегі операцияларды жүзеге асыру;
2) өнеркәсіптік құрастыруды жүзеге асыру кезінде пайдаланылатын лизингтік активтерді қоса алғанда, кәсіпорынның немесе лизингтік компанияның балансында тиісті қаржы жылына арналған республикалық бюджет туралы заңда белгіленген айлық есептік көрсеткіштің бір жүз мың еселенген мөлшерінен кем емес сомаға өндірістік активтердің болуы.
65-бап. Өнеркәсіптік құрастыру туралы келісімнің шеңберінде ынталандыру шараларын ұсыну
1. Көлік құралдарын, ауыл шаруашылығы техникасын, сондай-ақ олардың құрамдастарын өндірушілерге Қазақстан Республикасының заңды тұлғасында көлік құралдарын және (немесе) олардың құрамдастарын, ауыл шаруашылығы техникасын және (немесе) оның құрамдастарын өнеркәсіптік құрастыру туралы тиісті келісім болған жағдайда ғана Қазақстан Республикасы Кәсіпкерлік кодексінің 286-бабына сәйкес арнайы инвестициялық жоба бойынша инвестициялық преференциялар беруге, Қазақстан Республикасында экологиялық таза автомобиль көлік құралдарын (Еуразиялық экономикалық одақтың техникалық регламентінде белгіленген экологиялық сыныпқа сәйкес келетін; электр қозғалтқыштары бар) және олардың құрамдастарын, сондай-ақ Қазақстан Республикасының экологиялық заңнамасына сәйкес шығарылған әрбір бірлік бойынша көлік құралдарына және (немесе) олардың құрамдастарына, ауыл шаруашылығы техникасына және (немесе) оның құрамдастарына қатысты техникалық регламенттерде айқындалған экологиялық талаптарға сәйкес келетін өздігінен жүретін ауыл шаруашылығы техникасын өндіруді ынталандыруға, Еуразиялық экономикалық одақтың құқығын ескере отырып, Қазақстан Республикасының мемлекеттік сатып алу туралы заңнамасына сәйкес тауарларды мемлекеттік сатып алу туралы ұзақ мерзімді шарттар жасасуға, өндірісті дамытуды ынталандыруға бағытталған басқа да шараларды алуға жол беріледі.
2. Осы Заңның 63-бабына сәйкес көлік құралдарын өнеркәсіптік құрастыру туралы келісімдер жасалған Қазақстан Республикасының заңды тұлғаларына берілетін қолдау шараларының көлемі осы Заңның 9-бабының 23) тармақшасында көзделген көлік құралдарын өнеркәсіптік құрастыру туралы келісімдерді жасасу қағидалары мен шарттарына сәйкес жергіліктендіруді бағалаудың балдық жүйесі негізінде айқындалады.
66-бап. Көміртегі ізін төмендету жөніндегі шаралар
Көміртегі ізі төмен, оның ішінде сутегімен жұмыс істейтін тауарларды танымал ету арқылы көміртегі бейтараптығына қол жеткізу мақсатында өнеркәсіпті мемлекеттік ынталандыру және қоршаған ортаны қорғау саласындағы уәкілетті органдар көміртегі ізін төмендету жөнінде шаралар қолданады, олар мынадай бағыттарды қамтуы мүмкін: осындай тауарлардың өндірісін кеңейту, тауарларды, оның ішінде Қазақстан Республикасының мемлекеттік сатып алу туралы заңнамасына сәйкес сатып алуды ынталандыру, оларды пайдалану тартымдылығын арттыру және Қазақстан Республикасының заңнамасында көзделген өзге де шаралар.