Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қоры немесе ерікті жинақтаушы зейнетақы қоры:
1) қаржы нарығы мен қаржы ұйымдарын реттеу, бақылау және қадағалау жөніндегі уәкілетті орган басшы қызметкер лауазымына тағайындауға (сайлауға) берген келісімін кері қайтарып алған;
2) Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген басшы қызметкер лауазымына кандидатты сайлау (тағайындау) тәртібі бұзылған жағдайларда, басшы қызметкермен еңбек шартын бұзуға не еңбек шарты болмаған жағдайда басшы қызметкердің өкілеттіктерін тоқтату жөнінде шаралар қабылдауға міндетті.
8-тарау. ӘЛЕУМЕТТІК ЖҰМЫСКЕРЛЕР
64-бап. Әлеуметтік жұмыскерлердің мәртебесі және жұмыс ерекшеліктері
1. Адам арнаулы әлеуметтік қызметтер көрсету саласында кәсіптік қызметті жүзеге асырған кезде әлеуметтік жұмыскер мәртебесіне ие болады.
2. Арнаулы әлеуметтік көрсетілетін қызметтерге деген қажеттілікті бағалау және айқындау жөніндегі әлеуметтік жұмыскер арнаулы әлеуметтік көрсетілетін қызметтерге мұқтаж адамдардың жеке ерекшеліктерін ескере отырып, арнаулы әлеуметтік көрсетілетін қызметтерді ұсыну туралы қорытынды дайындайды және адамның денсаулық жағдайы, ауруының диагнозы, тыныс-тіршілігінің шектелу дәрежесі және арнаулы әлеуметтік көрсетілетін қызметтерді алушылардың дербес деректері туралы мәліметтердің құпиялылығын қамтамасыз етеді.
3. Арнаулы әлеуметтік көрсетілетін қызметтерді ұсынатын әлеуметтік жұмыскер арнаулы әлеуметтік көрсетілетін қызметтерге деген қажеттілікті бағалау және айқындау жөніндегі әлеуметтік жұмыскердің қорытындысын ұстанады және арнаулы әлеуметтік қызметтер көрсету стандарттарына сәйкес қызметтер көрсетеді.
4. Әлеуметтік жұмыскер арнаулы әлеуметтік көрсетілетін қызметтерді алушының немесе оның заңды өкілінің хабардар етілген келісімімен оңалту іс-шараларын жүргізу үшін арнаулы әлеуметтік көрсетілетін қызметтерді алушы туралы мәліметтерді ұсынуға құқылы.
5. Әлеуметтік жұмыскерге нормативтік жүктемені халықты әлеуметтік қорғау, білім беру және денсаулық сақтау саласында арнаулы әлеуметтік қызметтер көрсету стандарттарына сәйкес уәкілетті мемлекеттік органдар, сондай-ақ арнаулы әлеуметтік көрсетілетін қызметтерді алушылардың жеке қажеттіліктерін ескере отырып белгілейді.
6. Мемлекеттік ұйымдарда кәсіптік қызметті жүзеге асыратын әлеуметтік жұмыскердің еңбегіне ақы төлеу жүйесі, лауазымдық айлықақылар, қосымша ақылар, үстемеақылар және ынталандыру сипатындағы басқа да төлемдер лауазымдар тізбесіне сәйкес Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген тәртіппен айқындалады.
Мемлекеттік бюджет есебінен ұсталатын әлеуметтік жұмыскерлерге жыл сайынғы негізгі ақы төленетін еңбек демалысы және сауықтыруға арналған жәрдемақы Қазақстан Республикасының еңбек заңнамасына сәйкес беріледі.
Жекеше ұйымдарда кәсіптік қызметті жүзеге асыратын әлеуметтік жұмыскердің еңбегіне ақы төлеуді Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес олардың құрылтайшылары немесе осыған уәкілеттік берілген тұлға айқындайды.
7. Әлеуметтік жұмыскер кәсіптік қызметті жүзеге асыру үшін уәкілетті мемлекеттік органмен келісу бойынша тиісті уәкілетті органдар бекіткен кәсіптік стандарттарда айқындалатын біліктілік талаптарына сәйкес келуге тиіс.
8. Әлеуметтік жұмыскерлер кәсіптік қызметті жүзеге асыру үшін аттестаттаудан өтеді, оның нәтижесі бойынша оларға уәкілетті мемлекеттік орган айқындайтын тәртіппен біліктілік санаттары беріледі (расталады).
9. Әлеуметтік жұмыскерлерді аттестаттау бағдарламасын уәкілетті органдар кәсіптік стандартқа сәйкес әзірлейді.
65-бап. Әлеуметтік жұмыскерлердің кәсіптік қызметті жүзеге асыру кезіндегі құқықтары мен міндеттері
1. Әлеуметтік жұмыскерлердің кәсіптік қызметті жүзеге асыру кезінде:
1) арнаулы әлеуметтік қызметтер көрсету стандарттарын сақтау шартымен арнаулы әлеуметтік көрсетілетін қызметтерді ұсыну саласындағы қызметті ұйымдастыру тәсілдері мен нысандарын еркін таңдауға;
2) лауазымды адамдар мен басқа да адамдар тарапынан заңсыз араласудан және кедергі келтіруден қорғалуға;
3) өзінің кәсібіне арнаулы әлеуметтік көрсетілетін қызметтерді алушылар мен олардың ата-аналары немесе өзге де заңды өкілдері тарапынан құрметпен қаралуына және тиісті мінез-құлыққа;
4) кәсіптік қызметті жүзеге асыру үшін ұйымдастырушылық және материалдық-техникалық қамтамасыз етілуге және қажетті жағдайларының жасалуына;
5) ғылыми, зерттеу, шығармашылық қызметті жүзеге асыруға, әлеуметтік жұмыс практикасына жаңа әдістемелер мен технологияларды ендіру туралы ұсыныстарды әзірлеуге және енгізуге;
6) әлеуметтік көрсетілетін қызметтердің сапасын жетілдіруге бағытталған, оның ішінде әлеуметтік жұмыскердің кәсіптік қызметіне қатысты мәселелерді талқылауға қатысуға;
7) бес жылда кемінде бір рет біліктілігін арттыруға;
8) кәсіби тұрғыдан үздіксіз дамуға;
9) біліктілік санатының мерзімінен бұрын берілуіне;
10) кәсіптік қызметтегі жетістіктері үшін көтермеленуге;
11) Қазақстан Республикасының заңнамасында айқындалған тәртіппен және шарттарда кәсіптік дағдыларын қолдау және арттыру үшін халықаралық стипендиялар мен гранттар бойынша тағылымдамадан өтуге;
12) Қазақстан Республикасының заңнамасында көзделген өзге де құқықтарға құқығы бар.
2. Арнаулы әлеуметтік көрсетілетін қызметтерге деген қажеттілікті бағалауды және айқындауды жүзеге асыратын әлеуметтік жұмыскер осы баптың 1-тармағында белгіленген құқықтардан басқа:
1) мемлекеттік және жергілікті атқарушы органдардан қажетті ақпаратты, оның ішінде ақпараттық жүйелер арқылы сұратуға және алуға;
2) арнаулы әлеуметтік көрсетілетін қызметтерге деген қажеттілікке бағалау жүргізу және оны айқындау үшін қажетті мамандарды тартуға;
3) консультация үшін басқа бейіндегі немесе біліктілігі анағұрлым жоғары қажетті мамандарды тартуға құқылы.
3. Әлеуметтік жұмыскерлер:
1) арнаулы әлеуметтік көрсетілетін қызметтерді алушыларға өз қызметтері үшін сыйақы алудағы жеке мүддесі мақсатында дәрілік заттар мен медициналық бұйымдарды бөлшек саудада өткізудің белгілі бір объектілерін, арнаулы әлеуметтік көрсетілетін қызметтерді немесе оңалту іс-шараларын ұсынатын ұйымдарды ұсынуға;
2) ғылыми-практикалық конференциялар мен мамандандырылған семинарлар өткізуді қоспағанда, өнім берушілердің қатысуымен дәрілік заттар мен медициналық бұйымдарды, арнаулы әлеуметтік көрсетілетін қызметтердің және оңалту іс-шараларының түрлерін ілгерілетуге құқылы емес.
4. Әлеуметтік жұмыскерлер:
1) өзінің біліктілігіне, қызметтік және лауазымдық міндеттеріне сәйкес арнаулы әлеуметтік көрсетілетін қызметтерге мұқтаж болудың профилактикасын жүргізуге;
2) өзінің біліктілігіне, лауазымдық міндеттеріне сәйкес арнаулы әлеуметтік қызметтерді көрсетуге;
3) ұсынылатын арнаулы әлеуметтік көрсетілетін қызметтердің сапасын қамтамасыз етуге;
4) кәсіптік құпияны жария етпеуге;
5) арнаулы әлеуметтік көрсетілетін қызметтерді алушыға қатысты кемсітушілікке жол бермеуге;
6) құқық қорғау органдарына халықты әлеуметтік қорғау ұйымдарында арнаулы әлеуметтік көрсетілетін қызметтерді алушының қылмыстық не әкімшілік құқық бұзушылық белгілері бар әрекеттерді (әрекетсіздікті) жасау фактілері немесе осы әрекеттердің оларға қатысты жасалу фактілері туралы, сондай-ақ кәсіптік қызметіне байланысты өздеріне белгілі болған Қазақстан Республикасының заңнамасын бұзу фактілері туралы дереу хабарлауға;
7) арнаулы әлеуметтік көрсетілетін қызметтерді алушылардың ата-аналарына немесе өзге де заңды өкілдеріне арнаулы әлеуметтік көрсетілетін қызметтерді ұсыну мәселелері бойынша консультация беруге;
8) үш жылда кемінде бір рет аттестаттаудан өтуге;
9) арнаулы әлеуметтік қызметтер көрсету бойынша жеке жоспар жасауға;
10) әлеуметтік жұмыскердің кәсіптік мінез-құлық әдебінің нормаларын сақтауға;
11) Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген тәртіппен міндетті мерзімдік медициналық қарап-тексеруден өтуге;
12) арнаулы әлеуметтік көрсетілетін қызметтерді алушылар мен олардың ата-аналарының немесе өзге де заңды өкілдерінің ар-намысы мен қадір-қасиетін құрметтеуге;
13) осы Кодексте және Қазақстан Республикасының заңнамасында көзделген өзге де міндеттерді орындауға міндетті.
66-бап. Әлеуметтік жұмыскердің кәсіптік құпиясы
1. Арнаулы әлеуметтік көрсетілетін қызметтерді алушылардың жеке ерекшеліктері, денсаулық жағдайы, ауруының диагнозы, тыныс-тіршілігінің шектелу дәрежесі туралы мәліметтер, сондай-ақ дербес деректері әлеуметтік жұмыскердің кәсіптік құпиясын құрайды.
2. Арнаулы әлеуметтік көрсетілетін қызметтерді алушының немесе оның заңды өкілінің хабардар етілген келісімімен оңалту іс-шараларын жүргізу үшін әлеуметтік жұмыскердің кәсіптік құпиясын құрайтын мәліметтерді үшінші тұлғаларға беруге жол беріледі.
3. Әлеуметтік жұмыскердің кәсіптік құпиясын құрайтын мәліметтерді арнаулы әлеуметтік көрсетілетін қызметтерді алушының келісімінсіз ұсынуға мынадай жағдайларда:
1) заңды өкілі болмаған жағдайда, өз еркін білдіруге қабілетсіз адамды зерттеп-қарау және емдеу мақсатында медициналық қызметті жүзеге асыратын субъектілерге ұсынуға;
2) сотқа дейінгі тергеп-тексеру органдарының, прокурордың, адвокаттың және (немесе) соттың тергеп-тексеруді немесе сот талқылауын жүргізуге байланысты сұрау салуы бойынша;
3) кәмелетке толмаған немесе әрекетке қабілетсіз адамға арнаулы әлеуметтік қызметтер көрсету кезінде оның заңды өкіліне хабарлау үшін;
4) прокуратура органдары «Прокуратура туралы» Қазақстан Республикасының Конституциялық заңында белгіленген тәртіппен заңдылықтың сақталуына тексеру жүргізген кезде жол беріледі.
4. Мыналар:
1) электрондық ақпараттық ресурстарда Қазақстан Республикасының мемлекеттік құпиялар туралы заңнамасына сәйкес берілетін барлау, қарсы барлау қызметіне және күзетілетін адамдар мен объектілердің қауіпсіздігін қамтамасыз ету жөніндегі күзет іс-шараларына байланысты ақпарат қамтылған жағдайларды қоспағанда, мұндай электрондық ақпараттық ресурстың резервтік көшірмесін ақпараттық қауіпсіздікті қамтамасыз ету саласындағы уәкілетті орган айқындайтын тәртіпке және мерзімдерге сәйкес электрондық ақпараттық ресурстарды резервтік сақтаудың бірыңғай платформасына сақтауға беру;
2) арнаулы әлеуметтік қызметтер көрсету және құқық қорғау органдарының және арнаулы мемлекеттік органдардың қызметін жүзеге асыру мақсатында ақпараттық-коммуникациялық технологияларды пайдалана отырып ақпарат алмасу әлеуметтік жұмыскердің кәсіптік құпиясын жария ету болып табылмайды.
67-бап. Әлеуметтік жұмыскердің кәсіптік мінез-құлық әдебі
1. Әлеуметтік жұмыскердің кәсіптік мінез-құлық әдебі заңдылық, адалдық, жауапкершілік, жеке адамның ар-намысы мен қадір-қасиетін құрметтеу қағидаттарына негізделеді.
2. Әлеуметтік жұмыскердің кәсіптік мінез-құлық әдебін бұзу Қазақстан Республикасының Еңбек кодексіне сәйкес әлеуметтік жұмыскердің тәртіптік жауаптылығына алып келеді.
3. Әлеуметтік жұмыскердің кәсіптік мінез-құлық әдебін бұзуды Әлеуметтік жұмыскерлердің кәсіптік мінез-құлық әдебі жөніндегі кеңес арнаулы әлеуметтік көрсетілетін қызметтерді ұсынатын ұйым айқындайтын тәртіппен қарайды.
68-бап. Әлеуметтік жұмыскердің кәсіптік қызметін орындауға байланысты шектеулер
Мынадай:
1) соттың заңды күшіне енген үкіміне сәйкес әлеуметтік жұмыскердің кәсіптік қызметін жүзеге асыру құқығынан айырылған адамдар;
2) сот шешімімен әрекетке қабілетсіз немесе әрекет қабілеті шектеулі деп танылған адамдар;
3) медициналық қарсы көрсетілімдері бар, сондай-ақ психикалық, мінез-құлықтық бұзылушылықтары (аурулары) бар, оның ішінде психикаға белсенді әсер ететін заттарды қолдануға байланысты бұзылушылықтары бар, психикалық денсаулық саласында медициналық көмек көрсететін ұйымдарда есепте тұрған адамдар;
4) Қазақстан Республикасының Еңбек кодексінде көзделген өзге де шектеулер негізінде әлеуметтік жұмыскерлердің кәсіптік қызметіне жіберілмейді.
69-бап. Әлеуметтік жұмыскерлердің кәсіптік қызметін қамтамасыз ету
Әлеуметтік жұмыскерлер кәсіптік қызметті жүзеге асырған кезде:
1) Қазақстан Республикасының заңдарында көзделген жағдайларды қоспағанда, оларды кәсіптік міндеттеріне байланысты емес жұмыс түрлеріне тартуға;
2) олардан Қазақстан Республикасының әлеуметтік қорғау саласындағы заңнамасында көзделмеген есептілікті не ақпаратты талап етуге;
3) Қазақстан Республикасының заңдарында көзделмеген тексерулерді жүргізуге жол берілмейді.
70-бап. Әлеуметтік жұмыскерлерге берілетін әлеуметтік кепілдіктер
1. Әлеуметтік жұмыскерлерге:
1) Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес тұрғынжайға, оның ішінде қызметтік тұрғынжайға және (немесе) жатақханаға;
2) Қазақстан Республикасының заңнамасында көзделген тәртіппен жеке тұрғын үй құрылысына арналған жер учаскелеріне кепілдік беріледі. Кәсіптік қызметін ауылдық елді мекендерде жүзеге асыратын әлеуметтік жұмыскерлерге жеке тұрғын үй құрылысы үшін жер учаскелерін беру Қазақстан Республикасының заңнамасында көзделген басым тәртіппен жүзеге асырылады;
3) Қазақстан Республикасының Еңбек кодексіне сәйкес жыл сайынғы ақы төленетін еңбек демалысына;
4) кезекті еңбек демалысын беру кезінде күнтізбелік жылда бір рет кемінде бір лауазымдық айлықақы мөлшерінде сауықтыруға арналған жәрдемақыға;
5) Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес еңбек (қызметтік) міндеттерін орындау кезінде өмірі мен денсаулығына келтірілген зиянды өтеуге;
6) үйде арнаулы әлеуметтік қызметтер көрсететін әлеуметтік жұмыскерлер үшін жол жүруге байланысты көлік шығыстарын жұмыс берушінің өтеуіне кепілдік беріледі.
2. Кәсіптік қызметін ауылдық елді мекенде жүзеге асыратын әлеуметтік жұмыскерге:
1) жергілікті өкілді органдардың шешімі бойынша қалалық жағдайларда кәсіптік қызметін жүзеге асыратын әлеуметтік жұмыскерлердің мөлшерлемелерімен салыстырғанда кемінде жиырма бес пайызға жоғарылатылған айлықақылар мен тарифтік мөлшерлемелер белгіленеді;
2) коммуналдық көрсетілетін қызметтерге ақы төлеу және отын сатып алу бойынша бюджет қаражаты есебінен, жергілікті өкілді органдар бекіткен тәртіппен және мөлшерде әлеуметтік көмек көрсетіледі.
3. Ауылдық елді мекендерге кәсіптік қызметін жүзеге асыру және тұру үшін келген әлеуметтік жұмыскерге жергілікті өкілді органдардың шешімі бойынша көтерме жәрдемақы беріледі және тұрғын үйді сатып алу немесе салу үшін әлеуметтік көмек көрсетіледі.
4. Жергілікті атқарушы органдар әлеуметтік жұмыскерге тұрғынжайды жалдау (жалға алу) және коммуналдық көрсетілетін қызметтер үшін өтемақы төлемдерін, санаторийлік-курорттық емделуге және демалуға жолдамалар сатып алу үшін толық немесе ішінара төлемдерді, сондай-ақ әлеуметтік жұмыскерге әлеуметтік көмек көрсетуге бағытталған өзге де жеңілдіктерді белгілеуге құқылы.
5. Әлеуметтік жұмыскерге адал еңбегі және өзінің кәсіптік міндеттерін үлгілі атқарғаны үшін Қазақстан Республикасының заңнамасында, сондай-ақ арнаулы әлеуметтік көрсетілетін қызметтерді ұсынатын ұйымның ішкі тәртіптеме қағидаларында көзделген көтермелеулер қолданылады.
6. Жергілікті атқарушы органдар біржолғы сыйақы төлей отырып немесе онсыз, жергілікті ерекшелік белгілері мен құрметті атақтарды және өзге де ынталандыру нысандарын тағайындау арқылы, оның ішінде Қазақстан Республикасында белгіленген мереке күндеріне орай әлеуметтік жұмыскерлерді көтермелеудің қосымша шараларын белгілеуге құқылы.
Жергілікті ерекшелік белгілерінің және құрметті атақтардың сипаттамасын, оларды беру тәртібін, оның ішінде біржолғы сыйақы төлемдерінің мөлшерін жергілікті атқарушы орган айқындайды.
ЕРЕКШЕ БӨЛІК
3-БӨЛІМ. ХАЛЫҚТЫ ӘЛЕУМЕТТІК ҚОРҒАУ БАҒЫТТАРЫ ЖӘНЕ ОЛАРДЫ ІСКЕ АСЫРУ ТӘРТІБІ
9-тарау. БАЛАЛЫ АДАМДАРДЫ (ОТБАСЫЛАРДЫ) ӘЛЕУМЕТТІК ҚОРҒАУ
1-параграф. Жалпы ережелер
71-бап. Балалы адамдардың (отбасылардың) әлеуметтік қорғалу құқығы
1. Балалы адамдардың (отбасылардың):
1) жүктілікке және босануға, жаңа туған баланы (балаларды) асырап алуға байланысты кірісінен айырылуы жағдайы бойынша әлеуметтік төлемдер;
2) бала тууына байланысты біржолғы мемлекеттік жәрдемақы (бұдан әрі - бала туғанда берілетін жәрдемақы);
3) бала бір жарым жасқа толғанға дейін оның күтіміне байланысты ай сайынғы мемлекеттік жәрдемақы (бұдан әрі - бала күтіміне байланысты жәрдемақы);
4) бала бір жарым жасқа толғанға дейін оның күтіміне байланысты кірісінен айырылу жағдайы бойынша әлеуметтік төлем (бұдан әрі - бала күтіміне байланысты әлеуметтік төлем);
5) бала бір жарым жасқа толғанға дейін оның күтіміне байланысты кірісінен айырылу жағдайы бойынша әлеуметтік төлемді алушылардың пайдасына қосымша белгіленген міндетті зейнетақы жарналарын бюджет қаражаты есебінен субсидиялау (бұдан әрі - бюджеттік субсидиялар);
6) бірге тұратын төрт және одан көп кәмелетке толмаған баласы, оның ішінде он сегіз жасқа толғаннан кейін білім беру ұйымдарын бітіретін уақытқа дейін (бірақ жиырма үш жасқа толғанға дейін) жалпы орта, техникалық және кәсіптік, орта білімнен кейінгі, жоғары және (немесе) жоғары оқу орнынан кейінгі білім беру ұйымдарында жалпы білім беретін немесе кәсіптік бағдарламалар бойынша күндізгі оқу нысаны бойынша білім алатын балалары бар көпбалалы отбасыларға берілетін ай сайынғы мемлекеттік жәрдемақы (бұдан әрі - көпбалалы отбасыға берілетін жәрдемақы);
7) «Алтын алқа», «Күміс алқа» алқаларымен наградталған немесе бұрын «Батыр ана» атағын алған, І және ІІ дәрежелі «Ана даңқы» ордендерімен наградталған көпбалалы аналарға берілетін ай сайынғы мемлекеттік жәрдемақы (бұдан әрі - наградталған анаға берілетін жәрдемақы) түрінде әлеуметтік қорғалуға құқығы бар.
2. Осы бапта көзделген құқықтар осы Кодексте көзделген тәртіппен және шарттарда іске асырылады.
3. Жұмыс беруші, егер еңбек және (немесе) ұжымдық шарт талаптарында, жұмыс берушінің актісінде көзделсе, орташа жалақыны сақтай отырып, Қазақстан Республикасының Еңбек кодексіне сәйкес жүктілікке және босануға, жаңа туған баланы (балаларды) асырап алуға байланысты кірісінен айырылу жағдайы бойынша әлеуметтік төлемдердің сомасын шегере отырып, жүктілікке және босануға байланысты демалысқа, жаңа туған баланы (балаларды) асырап алған жұмыскерлерге берілетін демалысқа ақы төлейді.
4. Жергілікті атқарушы органдардың шешімімен балалы отбасыларға қосымша әлеуметтік көмек шаралары ұсынылуы мүмкін.
72-бап. Жүктілікке және босануға, жаңа туған баланы (балаларды) асырап алуға байланысты кірісінен айырылу жағдайы бойынша әлеуметтік төлемдерді, бала туғанда берілетін жәрдемақыны, бала күтіміне байланысты әлеуметтік төлемді, бала күтіміне байланысты жәрдемақыны, көпбалалы отбасыларға берілетін жәрдемақыны, наградталған анаға берілетін жәрдемақыны тағайындау және төлеуді жүзеге асыру тәртібі
1. Әлеуметтік төлемдер мен балалы отбасыларға берілетін жәрдемақыларға құқығы бар адамның немесе оның заңды өкілінің өтініші жүктілікке және босануға, жаңа туған баланы (балаларды) асырап алуға байланысты кірісінен айырылу жағдайы бойынша әлеуметтік төлемдерді, бала туғанда берілетін жәрдемақыны, бала күтіміне байланысты әлеуметтік төлемді, бала күтіміне байланысты жәрдемақыны, көпбалалы отбасыларға берілетін жәрдем ақыны, наградталған анаға берілетін жәрдемақыны (бұдан әрі - әлеуметтік төлемдер және балалы отбасыларға берілетін жәрдемақылар) тағайындауға негіз болып табылады.
Әлеуметтік төлемдер мен балалы отбасыларға берілетін жәрдемақылар «Мемлекеттік көрсетілетін қызметтер туралы» Қазақстан Республикасының Заңына сәйкес проактивті көрсетілетін қызмет арқылы тағайындалған кезде оларды тағайындау туралы өтініш беру талап етілмейді.
2. Уәкілетті мемлекеттік орган:
бала туғанда берілетін мемлекеттік жәрдемақыны, бала күтіміне байланысты жәрдемақыны, көпбалалы отбасыларға берілетін жәрдемақыны, наградталған анаға берілетін жәрдемақыны тағайындау және төлеуді жүзеге асыру;
жүктілікке және босануға, жаңа туған баланы (балаларды) асырап алуға байланысты кірісінен айырылу жағдайы бойынша әлеуметтік төлемдерді, бала бір жарым жасқа толғанға дейін оның күтіміне байланысты кірісінен айырылу жағдайы бойынша әлеуметтік төлемнің мөлшерін есептеу (айқындау), тағайындау, жүзеге асыру, тоқтата тұру, қайта есептеу, қайта бастау, тоқтату және оларды тағайындау (тағайындаудан бас тарту) туралы шешімді қайта қарау;
бала бір жарым жасқа толғанға дейін оның күтіміне байланысты кірісінен айырылу жағдайы бойынша әлеуметтік төлемдерді алушыларға міндетті зейнетақы жарналарын субсидиялау тәртібін айқындайды.
73-бап. Әлеуметтік төлемдер мен балалы отбасыларға берілетін жәрдемақыларды тағайындауға арналған өтінішті қабылдаудан және оны тағайындаудан бас тарту
1. Әлеуметтік төлемдер мен балалы отбасыларға берілетін жәрдемақыларды тағайындауға арналған өтінішті қабылдаудан бас тартуға мыналар негіз болып табылады:
1) уәкілетті мемлекеттік органның ақпараттық жүйесінен әлеуметтік төлемдер мен балалы отбасыларға берілетін жәрдемақыларды тағайындау, жүзеге асыру, проактивті көрсетілетін қызмет арқылы оларды тағайындауға өтініш беру немесе келісім беру фактісін растайтын мәліметтерді алу;
2) өтініш берушінің Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес құжаттардың толық емес топтамасын және (немесе) қолданылу мерзімі өткен құжаттарды және (немесе) қолданылу мерзімі әлеуметтік төлемдер мен балалы отбасыларға берілетін жәрдемақыларды тағайындау немесе тағайындаудан бас тарту туралы шешім қабылданған күні аяқталатын құжаттарды ұсыну;
3) жеке басты куәландыратын құжат бойынша мәліметтердің (мемлекеттік ақпараттық жүйелерден алынған мәліметтермен расталатын Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес оны ауыстырудан басқа) оларды тағайын дауға қажетті құжаттарға сәйкес келмеуі;
4) әлеуметтік төлемдер мен балалы отбасыларға берілетін жәрдемақылар тағайындауға құқығының болмауы;
5) өтініш берушінің әлеуметтік төлемдер мен балалы отбасыларға берілетін жәрдемақыларды тағайындау үшін талап етілетін, қолжетімділігі шектеулі дербес деректерге қол жеткізуге келісімінің болмауы.
2. Әлеуметтік төлемдер мен балалы отбасыларға берілетін жәрдемақылар тағайындаудан бас тартуға мыналар негіз болып табылады:
1) әлеуметтік төлемдер мен балалы отбасыларға берілетін жәрдемақыларды тағайындауға қажетті, оның ішінде мемлекеттік ақпараттық жүйелерден алынатын құжаттардың және (немесе) мәліметтердің анық емес екенін анықтау;
2) әлеуметтік төлемдер мен балалы отбасыларға берілетін жәрдемақыларды тағайындауға қажетті құжаттардың және (немесе) мәліметтердің Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген талаптарға сәйкес келмеуі;
3) тексеру кезінде Қор сұратып отырған, жүктілікке және босануға, жаңа туған баланы (балаларды) асырап алуға байланысты кірісінен айырылу жағдайы бойынша әлеуметтік төлемдерді, бала күтіміне байланысты әлеуметтік төлемді тағайындауға қажетті құжатты және (немесе) мәліметтерді ұсынбау.
74-бап. Әлеуметтік төлемдер мен балалы отбасыларға берілетін жәрдемақыларды алушының құқықтары мен міндеттері
1. Әлеуметтік төлемдер мен балалы отбасыларға берілетін жәрдемақыларды алушының:
1) Мемлекеттік корпорация мен Қордан әлеуметтік төлемдер мен балалы отбасыларға берілетін жәрдемақыларды тағайындау және алу тәртібі туралы ақпаратты сұратуға және тегін алуға;
2) мемлекеттік органдардың, Мемлекеттік корпорацияның және Қордың шешімдеріне, әрекеттеріне (әрекетсіздігіне) Қазақстан Республикасының заңдарында белгіленген тәртіппен шағым жасауға құқығы бар.
2. Әлеуметтік төлемдер мен балалы отбасыларға берілетін жәрдемақыларды алушы:
1) Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес әлеуметтік төлемдер мен балалы отбасыларға берілетін жәрдемақыларды тағайындау үшін толық және анық мәліметтер ұсынуға;
2) әлеуметтік төлемдер мен балалы отбасыларға берілетін жәрдемақыларды алу кезеңінде Мемлекеттік корпорацияға бала туғанда берілетін жәрдемақының, бала күтіміне байланысты жәрдемақының, көпбалалы отбасыларға берілетін жәрдемақының, наградталған анаға берілетін жәрдемақының, бала күтіміне байланысты әлеуметтік төлемнің мөлшерін өзгертуге негіз болатын мән-жайлар туралы осындай өзгерістер туындаған күннен бастап он жұмыс күні ішінде хабарлауға міндетті.