4. Бесiншi кезекте қалған талаптардың бәрi қанағаттандырылады.
12-тарау. АТҚАРУШЫЛЫҚ ӘРЕКЕТТЕР ЖАСАУ ЖӨНІНДЕГІ ШЫҒЫСТАР ЖӘНЕ ОЛАРДЫ ӨТЕУ ТӘРТІБІ
1-параграф. Жалпы ережелер
113-бап. Атқарушылық әрекеттер жасау жөніндегі шығыстар
1. Атқарушылық әрекеттердi ұйымдастыру мен оларды жүргізуге жұмсалған бюджет қаражаттары, атқарушылық iс жүргiзуге тараптардың, сот орындаушысы орындау процесіне тартқан өзге де адамдар мен ұйымдардың қаражаттары атқарушылық әрекеттер жасау жөніндегі шығыстар болып табылады.
2. Атқарушылық әрекеттер жасау жөніндегі шығыстарға:
1) борышкердiң мүлкiн анықтауға, қарауға, бағалауға;
2) борышкер мүлкiне тізімдеме жасауды және тыйым салуды ұйымдастыру мен өткiзуге, мұндай мүлiктi тасымалдау мен сақтауға;
3) тыйым салынған мүлiктi өткізуді ұйымдастыруға;
4) белгiленген тәртiппен атқарушылық әрекеттер жасауға тартылған аудармашыларға, мамандарға және басқа да адамдарға ақы төлеуге;
5) өндiрiп алынған сомаларды өндiрiп алушыға почта арқылы аударуға (жiберуге);
6) өндiрiп алынған соманы қолма-қол ақшаны бақылау шотынан және ағымдағы шоттан беруге байланысты банк шығыстарына;
7) борышкерге iздеу салуға;
8) өндiрiп алушының аванстық жарнасына;
9) атқарушылық әрекеттердi жасау кезiнде сот орындаушысының қалалық, қала маңындағы және жергiлiктi қатынастағы (таксиден басқа) қоғамдық көлiктiң барлық түрлерiнде жол жүруіне, оның ішінде жеке сот орындаушысының іссапар шығыстарын төлеуге;
10) атқарушылық құжатты орындау процесiндегi басқа да қажеттi әрекеттерге;
11) сот орындаушысы орындау процесіне тартқан адамдардың өзге де сыйақыларына жұмсалған қаражаттар жатады.
114-бап. Атқарушылық әрекеттер жасау жөніндегі шығыстарды өтеу тәртібі
1. Атқарушылық әрекеттер жасау жөніндегі шығыстар борышкерден осы шығын шеккен адамдардың немесе ұйымдардың пайдасына өндіріп алынады.
2014.15.01. № 164-V ҚР Заңымен 2-тармақ өзгертілді (бұр.ред.қара)
2. Оның негізінде атқарушылық құжат берілген актінің күшін жоюға байланысты атқарушылық іс жүргізу тоқтатылған жағдайда атқарушылық әрекеттер жасау жөніндегі шығыстар республикалық бюджет қаражаты есебінен өтеледі.
3. Өндіріп алушыға борышкерден алынған заттарды беру туралы атқарушылық құжатты орындау кезінде өндіріп алушының оларды алудан негізсіз бас тартуына байланысты атқару ісін тоқтатқан кезде, егер ол өзінің әрекетімен немесе әрекетсіздігімен орындауға кедергі жасаса, атқарушылық құжатты өндіріп алушыға қайтару кезінде атқарушылық әрекеттер жасау жөніндегі шығыстар өндіріп алушыдан өндіріп алынады.
2014.15.01. № 164-V ҚР Заңымен 4-тармақ өзгертілді (бұр.ред.қара)
4. Атқарушылық әрекеттер жасау кезінде шығыстарды өндіріп алу және оларды шығын шеккен органға немесе адамға өтеу аумақтық бөлімнің басшысы - аға сот орындаушысы бекіткен мемлекеттік сот орындаушысының қаулысы немесе жеке сот орындаушысының қаулысы және шыққан шығындарды растайтын құжаттардың негізінде жүргізіледі.
5. Борышкер атқарушылық әрекеттер жасау жөніндегі шығыстарды өндіріп алу туралы сот орындаушысының қаулысына дау келтіру туралы арызбен, оны өндіріп алудың мерзімін кейінге қалдыру немесе мерзімін ұзарту туралы, оның көлемін азайту немесе өндіріп алудан босату туралы талап-арызбен сотқа жүгінуге құқылы.
2014.15.01. № 164-V ҚР Заңымен 6-тармақпен толықтырылды
6. Атқарушылық іс жүргізу бойынша шығыстарды есептеу әдістемесін уәкілетті орган бекітеді.
115-бап. Өндiрiп алушының шығыстарға аванс беруi
Атқарушылық құжаттардың орындалуын қамтамасыз ету мақсатында өндiрiп алушы атқарушылық әрекеттер жасау жөніндегі шығыстарға жатқызылатын аванс жарнасын тиiстi шығыстарды жасау үшiн жеткiлiктi мөлшерде аумақтық органның қолма-қол ақшаны бақылау шотына немесе жеке сот орындаушысының ағымдағы шотына төлеуге құқылы.
2-параграф. Жеке сот орындаушылары үшін шығыстарды айқындау және өтеу тәртібі
2014.29.12. № 269-V ҚР Заңымен 116-бап өзгертілді (бұр.ред.қара)
116-бап. Жеке сот орындаушысының атқарушылық құжаттарды орындау жөніндегі қызметін қаржыландыру
1. Жеке сот орындаушысы өз қызметін дербес қаржыландырады.
2. Жеке сот орындаушысы өз қызметі үшін төлем ретінде алған ақшадан кеңсені сатып алу (жалдау), оны күтіп-ұстау, жабдықтау, жөндеу және күзету бойынша, жұмыс орындарын ашу және қызметкерлерге жалақы төлеу, кеңсе жұмысы үшін қажетті жабдықтар сатып алу, азаматтық-құқықтық жауапкершілікті міндетті сақтандыру, салықтарды және бюджетке төленетін басқа да міндетті төлемдерді төлеу, кеңсе мұрағатының сақталуын қамтамасыз ету жөніндегі шығыстарды,жеке сот орындаушыларының өңірлік палатасына жарналардытөлеу жөніндегі, жеке атқарушылық қызметті дамытудың нысаналы бағдарламаларына арналған міндетті төлемдерді төлейді, сондай-ақ өз қызметін ұйымдық-шаруашылық жағынан, көлікпен және техникалық қамтамасыз етуге байланысты басқа да шығыстарды өтейді. Қалған қаражат жеке сот орындаушысының иелігінде қалады және оның қалауы бойынша жұмсалады.
3. Жеке сот орындаушысының қызметіне ақы төлеуде оның қызметін өзін-өзі қаржыландыру қажеттігі ескерілуі тиіс.
117-бап. 2014.15.01. № 164-V ҚР Заңымен алып тасталды (бұр.ред.қара)
2015.29.10. № 376-V ҚР Заңымен 117-1-баппен толықтырылды (2016 ж. 1 қаңтардан бастап қолданысқа енгізілді)
117-1-бап. Алименттерді және жалақыны өндіріп алу туралы атқарушылық құжаттар бойынша мәжбүрлеу шараларын қолдану шеңберінде жүзеге асырылатын жеке сот орындаушысының қызметіне ақы төлеу
1. Жеке сот орындаушысының қызметіне бюджеттен ақы төлеу:
1) мыналар:
борышкерді іздестіруге байланысты үш және одан көп ай берешек болған;
борышкердің тұрақты кірісінің, жұмыс орнының және өндіріп алуды қолдануға болатын мүлкі болмаған кезде алименттерді өндіріп алу туралы;
2) өндіріп алуды қолдануға болатын ақша және мүлкі болмаған кезде жалақыны өндіріп алу туралы істердің әлеуметтік маңызы бар санаттары бойынша жүзеге асырылады.
2. Жеке сот орындаушысының осы баптың 1-тармағында көзделген атқарушылық құжаттар бойынша мәжбүрлеу шараларын қолдануға байланысты қызметіне ақы төлеу мөлшерін Қазақстан Республикасының Үкіметі белгілейді.
3. Аумақтық органға ұсынылған атқарушылық әрекеттерді жасағаны және өндіріп алынған төлемдер туралы есеп жеке сот орындаушысының қызметіне ақы төлеу үшін негіз болып табылады.
4. Жеке сот орындаушысының осы баптың 1-тармағында көзделген атқарушылық құжаттар бойынша мәжбүрлеу шараларын қолдануға байланысты қызметіне ақы төлеу тәртібін уәкілетті орган белгілейді.
2014.15.01. № 164-V ҚР Заңымен 118-бап жаңа редакцияда (бұр.ред.қара); 2014.29.12. № 269-V ҚР Заңымен 118-бап өзгертілді (бұр.ред.қара)
118-бап. Жеке сот орындаушысының қызметіне ақы төлеу мөлшерін айқындау қағидалары
2015.29.10. № 376-V ҚР Заңымен 1-тармақ өзгертілді (2016 ж. 1 қаңтардан бастап қолданысқа енгізілді) (бұр.ред.қара)
1. Жеке сот орындаушысының қызметіне ақы төлеу борышкерден өндіріп алынған қаражат есебінен жүргізіледі және он мың айлық есептік көрсеткіштен аспайтын шекті мөлшерін белгілей отырып, істердің санаты мен өндіріп алу сомасына қарай үштен жиырма бес пайызға дейінгі мөлшерде белгіленеді. Мүліктік емес сипаттағы атқарушылық құжаттар бойынша жеке сот орындаушысының қызметіне ақы төлеу айлық есептік көрсеткішпен белгіленеді.
2. Жеке сот орындаушысының қызметіне ақы төлеу атқарушылық құжат толық немесе ішінара орындалған жағдайда ғана жүргізіледі. Егер мүліктік сипаттағы атқарушылық құжат ішінара орындалса, онда жеке сот орындаушысына оның қызмет ақысының өндіріп алынған сомаға немесе мүлік құнына пропорционалды бір бөлігі ғана төленеді.
2015.29.10. № 376-V ҚР Заңымен 3-тармақ өзгертілді (2016 ж. 1 қаңтардан бастап қолданысқа енгізілді) (бұр.ред.қара)
3. Жеке сот орындаушысы өзінің көрсеткен қызметтерінің ақысы үшін соманы осы Заңда көзделген және Қазақстан Республикасының Үкіметі белгілейтін мөлшерде ғана өндіріп алуға құқылы. Жеке сот орындаушысына өзінің қызмет ақысы сомасының белгіленген мөлшерін өзгертуге тыйым салынады.
4. Жеке сот орындаушысының қызметіне ақы төлеу мөлшерін уәкілетті органның ұсынуы бойынша Қазақстан Республикасының Үкіметі бекітеді.
5. Өндіріп алушы жеке және заңды тұлғалар үшін Қазақстан Республикасының заңнамасында көзделген жеңілдіктер осы тұлғаларға атқарушылық іс-әрекеттер жасалған кезде қолданылады.
119-бап. Жеке сот орындаушысының шығыстарына аванс беру
2014.15.01. № 164-V ҚР Заңымен 1-тармақ өзгертілді (бұр.ред.қара)
1. Атқарушылық іс жүргізу қозғалғанға дейін өндіріп алушы жеке сот орындаушысының нұсқауы бойынша ағымдағы шотқа атқарушылық әрекеттерді жүзеге асыру үшін қажетті соманы енгізуге міндетті. Атқарушылық іс жүргізу қозғалған кезде жеке сот орындаушысы өндіріп алушы үшін осы соманы енгізудің кешірек мерзімін тағайындай алады.
Егер жеке сот орындаушысы атқарушылық іс жүргізуді қозғаған болса және атқарушылық әрекеттерді жүзеге асыру үшін қажетті соманы алдын ала енгізу үшін кешірек мерзімді белгілесе, онда оны белгіленген мерзімде енгізбеген жағдайда ол атқарушылық іс жүргізуді тоқтата тұруына болады.
Егер атқарушылық іс жүргізу барысында ағымдағы шотқа енгізілген қаражат атқарушылық әрекеттерді одан әрі жүргізу үшін жеткіліксіз болып шықса, онда өндіріп алушы жеке сот орындаушысының нұсқауы бойынша ағымдағы шотқа қосымша соманы енгізуге міндетті.
2. Атқарушылық әрекеттерді жүзеге асыру үшін қажетті аванстық соманы енгізуден мына өндіріп алушылар:
1) іс бойынша адамға заң көмегі тегін берілген немесе ол «Салық және бюджетке төленетін басқа да міндетті төлемдер туралы» Қазақстан Республикасының кодексіне (Салық кодексі) сәйкес мемлекеттік баж төлеуден босатылған, сот шешімі негізінде берілген атқарушылық құжатты орындауға өкілдік берілген жеке адамдар;
2014.03.07. № 227-V ҚР Заңымен 2) тармақша жаңа редакцияда (2015 ж. 1 қаңтардан бастап қолданысқа енгізілді) (бұр.ред.қара)
2) қылмыстық құқық бұзушылықпен келтірілген зиянды өтеу туралы талап қанағаттандырылған, қылмыстық сот ісін жүргізуде шығарылған шешім бойынша берілген атқарушылық құжатын орындау үшін ұсынған жеке тұлғалар;
2014.15.01. № 164-V ҚР Заңымен 2-1) тармақшамен толықтырылды
2-1) мемлекет пайдасына өндіріп алу бойынша мемлекеттік органдар;
3) алименттерді өндіріп алу туралы сот актілері негізінде берілген атқарушылық құжаттар бойынша босатылады.
3. Жеке сот орындаушысы атқарушылық әрекеттерді жүзеге асыру үшін алдын ала енгізілген соманы, егер ол борышкерден өндіріп алынған болса, өндіріп алушыға қайтарады.
2014.15.01. № 164-V ҚР Заңымен 4-тармақпен толықтырылды; 2018.24.05. № 156-VI ҚР Заңымен 4-тармақ өзгертілді (бұр.ред.қара)
4. Осы бапта көзделген аванс беру шарттары осы Заңның 37-бабының 4-тармағына сәйкес жеке сот орындаушысы мен өндіріп алушы арасында жасалатын келісім (шарт) негізінде реттеледі.
Аванстық жарнаның мөлшері он бес айлық есептік көрсеткіштен аспауға тиіс.
120-бап. Жеке сот орындаушысының қызметіне ақы төлеу сомасын борышкерден өндіріп алу тәртібі
2014.15.01. № 164-V ҚР Заңымен 1-тармақ жаңа редакцияда (бұр.ред.қара)
1. Егер орындау барысында жеке сот орындаушысының қызметіне ақы төлеу жүргізілмесе, орындау жөніндегі шығыстар, өндіріп алушы енгізген аванстық жарналар өтелмесе, жеке сот орындаушысы осы Заңның 9-бабы 1-тармағының 9) және 10) тармақшаларында көрсетілген қаулыларды шығарып, оны борышкерге жібереді.
2014.15.01. № 164-V ҚР Заңымен 2-тармақ жаңа редакцияда (бұр.ред.қара)
2. Егер атқарушылық құжат ол мәжбүрлеп орындатуға ұсынылғаннан кейін орындалса, оны орындау борышкерді орындау жөніндегі нақты келтірілген шығыстарды төлеуден және жеке сот орындаушысының қызметіне ақы төлеуден босатпайды.
2014.15.01. № 164-V ҚР Заңымен 3-тармақ өзгертілді (бұр.ред.қара)
3. Борышкердің атқарушылық құжатты жеке сот орындаушысының қатысынсыз орындауы оны орындау жөніндегі нақты келтірілген шығыстарды төлеуден және жеке сот орындаушысының қызметіне ақы төлеуден босатпайды.
121-бап. Жеке сот орындаушысының қызметіне ақы төлеу сомасын қайтару
Жеке сот орындаушысының өндіріп алу немесе қызметіне ақы төлеу мөлшерін айқындау кезіндегі әрекеттерін сот заңсыз деп таныған жағдайда жеке сот орындаушысы сот актісі заңды күшіне енген күннен бастап он күн ішінде негізсіз алынған соманы өндіріп алынған немесе төлеген адамға қайтарады.
3-параграф. Аумақтық органның қолма-қол ақшаны бақылау шоты және жеке сот орындаушысының ағымдағы шоты
2014.15.01. № 164-V ҚР Заңымен (бұр.ред.қара); 2014.29.12. № 269-V ҚР Заңымен (бұр.ред.қара) 122-бап өзгертілді
122-бап. Аумақтық органның қолма-қол ақшаны бақылау шоты және жеке сот орындаушысының ағымдағы шоты
1. Борышкерлерден өндіріп алынған соманы және мүдделі адамдарға арналған басқа да сомаларды, оның ішінде орындау бойынша шығыстарды өтеу жөніндегі аванстық сомаларды уақытша сақтау үшін:
1) аумақтық орган бюджеттің атқарылуы жөніндегі орталық уәкілетті органда ұлттық және шетелдік валютада қолма-қол ақшаны уақытша орналастыратын бақылау шоттарын ашады;
2) жеке сот орындаушысының ұлттық және қажет болған кезде шетелдік валютадағы ағымдағы шоты болуы тиіс.
2015.29.10. № 376-V ҚР Заңымен 2-тармақ жаңа редакцияда (2016 ж. 1 қаңтардан бастап қолданысқа енгізілді) (бұр.ред.қара)
2. Банктер жеке сот орындаушысының рұқсатынсыз жеке сот орындаушысының ағымдағы шоттарындағы қаражатпен қандай да бір операцияларды жүргізуге құқылы емес.
3. Қолма-қол ақшаны бақылау шоттарындағы және ағымдағы шоттардағы ақша аумақтық органның қаражаттары және жеке сот орындаушысының табысы болып табылмайды. Жеке сот орындаушысы қайтыс болған жағдайда ағымдағы шоттағы ақша мұралық массаға енгізілмейді.
4. Жеке сот орындаушысы кеңсені ұстау, кеңсе қызметкерлеріне жалақы төлеу және ағымдағы шотта қамтылмаған басқа да операциялар бойынша есептерді жүргізу үшін банктерде және банк операцияларының жекелеген түрлерін жүзеге асыратын ұйымдарда өз атына шот ашуға тиіс.
123-бап. Қолма-қол ақшаны уақытша орналастыратын бақылау шоттарында және ағымдағы шотта сомаларды есепке алу
1. Аумақтық орган қолма-қол ақшаны уақытша орналастыратын бақылау шоттарындағы ұлттық және шетелдік валютадағы сомаларды есепке алуды Қазақстан Республикасының бюджет заңнамасына сәйкес жүзеге асырады.
2. Жеке сот орындаушысы ағымдағы шоттағы сомаларды есепке алу кітабын (бұдан әрі - депозиттік кітап) жүргізеді.
Депозиттік кітапты жүргізу тәртібін уәкілетті орган белгілейді.
2014.15.01. № 164-V ҚР Заңымен 3-тармақпен толықтырылды
3. Борышкерлерден өндіріп алынған, аумақтық органның қолма-қол ақшаның бақылау шотында, жеке сот орындаушысының ағымдағы шоттарында сақталатын талап етілмеген ақшалай қаражат және мүдделі тұлғаларға арналған басқа да сома, оның ішінде шығыстарды өтеу бойынша аванстық сома қолма-қол ақшаның бақылау шотына немесе жеке сот орындаушысының ағымдағы шоттарына аударылған кезден бастап бес жыл өткеннен кейін аумақтық органның ұсынуы бойынша сот актісі негізінде республикалық бюджетке аударылады.
2014.15.01. № 164-V ҚР Заңымен 13-тараудың тақырыбы жаңа редакцияда (бұр.ред.қара)
13-тарау. Атқарушылық санкциясы. Қазақстан Республикасының атқарушылық іс жүргізу және сот орындаушыларының мәртебесі туралы заңнамасын бүзғаны үшін жауаптылық
124-бап. Атқарушылық санкциясы
1. Мемлекеттік сот орындаушысы атқарушылық құжат толық орындалғаннан кейiн борышкерге өндіріп алынған соманың немесе мүлiк құнының он пайызы мөлшерiнде немесе мүлiктiк емес сипаттағы атқарушылық құжаттар бойынша жеке адамдардан он айлық есептiк көрсеткiш мөлшерiнде және заңды тұлғалардан жиырма айлық есептiк көрсеткiш мөлшерiнде мемлекет кірісіне атқарушылық санкциясын ерікті түрде төлеуді ұсынады.
Борышкер бас тартқан жағдайда мемлекеттік сот орындаушысы борышкерден атқарушылық санкциясын өндіріп алу туралы шығарылған қаулы негізінде атқарушылық санкциясын өндіріп алады.
Атқарушылық санкциясы, егер:
2014.15.01. № 164-V ҚР Заңымен 1) тармақша жаңа редакцияда (бұр.ред.қара)
1) борышкер атқарушылық құжат мәжбүрлеп орындатуға ұсынылғанға дейін толық көлемде атқарушылық құжатты орындаса;
2) атқарушылық құжат бойынша өндірілген сомадан он пайызы мөлшерінде өндірілуге тиісті атқарушылық санкциясы бір айлық есептік көрсеткіштен аз болса;
3) борышкер мемлекет болып табылса, өндірілмейді.
2. Атқарушылық санкциясы республикалық бюджетке аударылады.
3. Борышкер атқарушылық санкциясын өндіріп алу туралы сот орындаушысының қаулысын дауға салу туралы арызбен, оны өндіріп алудың мерзімін кейінге қалдыру немесе мерзімін ұзарту туралы, оның мөлшерін азайту немесе атқарушылық санкциясын өндіріп алудан босату туралы талап-арызбен сотқа жүгінуге құқылы.
2014.15.01. № 164-V ҚР Заңымен 125-бап өзгертілді (бұр.ред.қара)
125-бап. Борышкердің атқарушылық құжаттарды орындамағаны үшін жауаптылығы және оның салдары
1. Борышкер атқарушылық құжатты орындамағаны үшiн әкiмшiлiк не қылмыстық жауапқа тартылуы мүмкiн.
2. Жауапқа тартылу борышкердi атқарушылық құжатта көзделген әрекеттердi орындау мiндетiнен босатпайды.
3. 2015.29.10. № 376-V ҚР Заңымен алып тасталды (2016 ж. 1 қаңтардан бастап қолданысқа енгізілді) (бұр.ред.қара)
3-БӨЛІМ. СОТ ОРЫНДАУШЫЛАРЫНЫҢ ҚҰҚЫҚТЫҚ ЖАҒДАЙЫ
14-тарау. ҚАЗАҚСТАН РЕСПУБЛИКАСЫНДАҒЫ СОТ ОРЫНДАУШЫЛАРЫНЫҢ ҚҰҚЫҚТЫҚ МӘРТЕБЕСІНІҢ НЕГІЗДЕРІ
2014.29.12. № 269-V ҚР Заңымен 125-1-баппен толықтырылды
125-1-бап. Атқарушылық құжаттарды орындау жүйесі
Атқарушылық құжаттарды орындау жүйесін мыналар құрайды:
1) уәкілетті орган;
2) уәкілетті органның аумақтық органдары мен олардың бөлімдері;
3) Республикалық палата;
4) жеке сот орындаушылары.
126-бап. Сот орындаушысының атқарушылық әрекеттер жасау кезiндегi құқықтары мен мiндеттерi
1. Сот орындаушысы заңда белгiленген тәртiппен:
1) орындауға қатысты мәселелер бойынша қаулылар шығаруға;
2) әкiмшiлiк құқық бұзушылық туралы хаттамалар толтыруға (жеке сот орындаушысын қоспағанда);
3) Қазақстан Республикасының заңнамалық актілерінде белгiленген коммерциялық, банктiк және заңмен қорғалатын өзге де құпияны құрайтын мәлiметтердi жария етуге қойылатын талаптарды сақтай отырып, атқарушылық әрекеттер жасау кезiнде туындаған мәселелер бойынша қажеттi ақпаратты, түсiнiктемелер мен анықтамаларды өтеусіз алуға құқылы. Бұл ретте жеке және заңды тұлғалар оларды дереу, ал арнайы құжаттарды өңдеудi, дайындауды талап ететiн жағдайларда үш күннен кешіктірмей сот орындаушысына беруге мiндеттi;
2014.15.01. № 164-V ҚР Заңымен 3-1) тармақшамен толықтырылды
3-1) басқа сот орындаушыларында атқарушылық іс жүргізудің бар-жоғын анықтауға;
4) атқарушылық әрекеттер жасағанда негiзге алынатын атқарушылық құжаттар түсiнiксiз болған жағдайда түсiнiк алу үшiн сотқа немесе атқарушылық құжатты берген басқа да органдарға жүгiнуге;
2014.15.01. № 164-V ҚР Заңымен 5) тармақша жаңа редакцияда (бұр.ред.қара)
5) атқарушылық іс-әрекеттер жасау кезінде туындаған мәселелер бойынша, оның ішінде орындау тәсілі мен тәртібін өзгерту, сондай-ақ атқарушылық құжаттар бойынша борышкерге іздеу салу тұрғысынан сотқа ұсыныстар енгізуге;
6) iс жүргiзiлiп жатқан атқарушылық құжаттар бойынша азаматтар мен лауазымды адамдарды шақыртуға;
2014.15.01. № 164-V ҚР Заңымен 7) тармақша өзгертілді (бұр.ред.қара)
7) ұйымдарда атқарушылық құжаттардың орындалуын және олар бойынша құжаттаманың жүргiзiлуiн тексеруге;
2014.15.01. № 164-V ҚР Заңымен 8) тармақша өзгертілді (бұр.ред.қара)
8) нақты атқарушылық әрекеттер жасау мәселелерi бойынша атқарушылық іс жүргізудің қатысушыларына және өзге де адамдарға тапсырмалар беруге;
9) борышкерлер, сондай-ақ оларда борышкерге тиесiлi мүлiктiң тұрғанын растайтын деректер болған жағдайда басқа адамдар орналасқан немесе соларға тиесiлi үй-жайлар мен қоймаларға кiруге құқылы. Қажет болған жағдайда борышкердің қатысуынсыз үй-жайлар мен қоймаларды мәжбүрлеп ашуға, куәгерлердің қатысуымен тексерулер жүргiзуге;
10) атқарушылық құжаттарды орындауға байланысты мәселелер бойынша мемлекеттік органдар, ұйымдар басшыларының және басқа да лауазымды адамдарының қабылдауына дереу кiруге;
11) борышкерлердiң банктердегi ақшалары мен бағалы қағаздарына осы Заңда көзделген тәртiппен тыйым салуға;
12) мүлiктің кiмге тиесiлi екенiн анықтағанға дейiн осы Заңның 63-бабының 1-тармағында көзделген қағидаларды сақтай отырып оған уақытша тыйым салуға;
13) тыйым салынған мүлiктi алып қоюға, сақтау үшiн беруге және өткізуге;
14) алынған мүлiктi сақтау үшiн ұйымдардың үй-жайын, сол мүлiктi тасу үшiн өндiрiп алушы мен борышкердiң көлiгiн Қазақстан Республикасының заңнамасында белгiленген тәртiппен пайдалануға;
15) қажет болған жағдайларда атқарушылық құжаттардың орындалуын қамтамасыз ету үшiн iшкi iстер органдарының қызметкерлерiн немесе бөлiмшелерiн тартуға;
16) қылмыстық қудалау органына сот актілерін орындаудан қасақана жалтарған адамдарды қылмыстық жауапқа тарту туралы ұсыныс енгiзуге;
2014.15.01. № 164-V ҚР Заңымен 17) тармақша жаңа редакцияда (бұр.ред.қара)
17) егер атқарушылық құжатты орындау процесінде осындай қажеттілік туындаса, басқа аумақтық органның және (немесе) бөлімнің мемлекеттік сот орындаушыларына (жеке сот орындаушысын қоспағанда) жекелеген атқарушылық іс-әрекеттер жасауды тапсыруға;
2014.15.01. № 164-V ҚР Заңымен 18) тармақша өзгертілді (бұр.ред.қара)
18) Қазақстан Республикасының атқарушылық iс жүргiзу және сот орындаушыларының мәртебесі туралы заңнамасында көзделген өзге де әрекеттерді жасауға құқылы.
2. Сот орындаушысы:
2015.29.10. № 376-V ҚР Заңымен 1) тармақша өзгертілді (2016 ж. 1 қаңтардан бастап қолданысқа енгізілді) (бұр.ред.қара)
1) сот актілерін, оның ішінде талап-арызды қамтамасыз ету және бітімгершілік келісімін бекіту жөніндегі сот ұйғарымдарын, сондай-ақ Қазақстан Республикасының заңнамалық актілерінде көзделген жағдайларда өзге де органдардың актілерін мәжбүрлеп орындатуға бағытталған шаралар қолдануға;
2) тараптарға немесе олардың өкiлдерiне атқарушылық iс жүргiзу материалдарымен танысуға, олардан үзiндiлер жасауға, көшiрмелер түсiруге мүмкiндiк беруге;
3) атқарушылық iс жүргiзу мәселесі жөніндегі арыздар мен тараптардың өтiнiштерiн қарауға және олар бойынша қаулылар шығаруға, оларға шағым және наразылық білдіру мерзiмдерi мен тәртібін түсiндiруге, егер оның өзi атқарушылық iс жүргiзудiң нәтижесіне тiкелей немесе жанама түрде мүдделi болса немесе оның әдiлдiгiне күмән туғызатын өзге де мән-жайлар бар болса, iстi қараудан бас тартуға;
2014.15.01. № 164-V ҚР Заңымен 4) тармақша өзгертілді (бұр.ред.қара)
4) Қазақстан Республикасының атқарушылық iс жүргiзу және сот орындаушыларының мәртебесі туралы заңнамасында көзделген өзге де әрекеттер жасауға мiндеттi.
3. Сот орындаушысы өз қызметінде жеке және заңды тұлғалардың құқықтары мен заңды мүдделерінің қысым жасалуына жол бермеуге міндетті.
127-бап. Сот орындаушысының шешіміне және әрекетiне (әрекетсiздiгiне) шағым жасау
Өндiрiп алушы немесе борышкер сот орындаушысының атқарушылық құжатты орындау жөніндегі шешіміне және әрекетiне (әрекетсiздiгiне) немесе осындай әрекеттер жасаудан бас тартуына сотқа шағым жасауы мүмкiн. Шағым Қазақстан Республикасының азаматтық iс жүргiзу заңнамасында көзделген тәртiппен және мерзiмде сотқа берiледi.
2014.15.01. № 164-V ҚР Заңымен 128-бап жаңа редакцияда (бұр.ред.қара)
128-бап. Сот орындаушысының заңды талаптарын орындамағаны үшін жауаптылық
1. Сот орындаушысының заңды талаптары барлық мемлекеттік органдар, жергілікті өзін өзі басқару органдары, азаматтар мен ұйымдар үшін міндетті және Қазақстан Республикасының бүкіл аумағында мүлтіксіз орындалуға тиіс.
2. Сот орындаушысының заңды талаптарын орындамау, сондай-ақ сот орындаушысының атқарушылық құжаттарды орындау жөніндегі функцияларды жүзеге асыруына кедергі келтіру Қазақстан Республикасының заңдарында көзделген жауаптылыққа әкеп соғады.
15-тарау. МЕМЛЕКЕТТІК СОТ ОРЫНДАУШЫЛАРЫНЫҢ ҚҰҚЫҚТЫҚ ЖАҒДАЙЫ