Осы жеке және заңды тұлғалардың стартап-компаниялардың жарғылық капиталына салымы олардың қатысу үлесінің кемінде елу пайыз ақшалай қаражатымен не зияткерлік меншікке айрықша құқықпен, материалдармен, жабдықтармен немесе ғылыми және (немесе) ғылыми-техникалық қызмет нәтижелерін коммерцияландыру үшін қажетті өзге де мүлікпен төленуі мүмкін.
5. Жоғары оқу орындары, ғылыми ұйымдар өздерінің ұйымдық-құқықтық нысанына қарамастан, уәкілетті мемлекеттік органның - өздерінің мүлкінің меншік иесінің келісімінсіз ғылыми және (немесе) ғылыми-техникалық қызмет нәтижелерін коммерцияландыру нәтижесінде алынған табыстарға дербес иелік етуге құқылы.
6. Стартап-компанияның жарғылық капиталына салым ретінде енгізілетін зияткерлік меншік құқықтарын бағалау Қазақстан Республикасының бағалау қызметі туралы заңнамасына сәйкес жүзеге асырылады.
7. Мемлекеттік жоғары оқу орындары, мемлекеттік ғылыми ұйымдар өздерінің мүлкінің меншік иесінің келісімінсіз стартап-компаниялардың жарғылық капиталдарындағы өздерінің қатысу үлестеріне дербес иелік етуге құқылы.
8. Құрылтайшылары (қатысушылары) мемлекеттік жоғары оқу орындары, мемлекеттік ғылыми ұйымдар болып табылатын стартап-компаниялардың жарғылық капиталдарындағы қатысу үлестеріне иелік етуден алынған табыстар, сондай-ақ осы мемлекеттік жоғары оқу орындары, мемлекеттік ғылыми ұйымдар алған стартап-компаниялар табысының бір бөлігі олардың дербес иелік етуіне түседі.
Стартап-компанияның қызметінен алынған табыстар зияткерлік меншіктің құқықтық қорғалуына, автор мен ғылыми және (немесе) ғылыми-техникалық қызмет нәтижелерін коммерцияландыруға жәрдем көрсеткен адамдарға сыйақы төлеуге және стартап-компанияның жарғыда көзделген басқа да шығыстарына жұмсалады.
9. Егер жоғары оқу орындары мен ғылыми ұйымдардың ішкі құжаттарында өзгеше көзделмесе, авторлардың үлесі жоғары оқу орындары, ғылыми ұйымдар алған стартап-компания табысы үлесінің отыз пайызынан кем болмауға тиіс.
10. Стартап-компания таратылған кезде мемлекеттік жоғары оқу орындары, мемлекеттік ғылыми ұйымдар жарғылық капиталға салым ретінде енгізген ғылыми және (немесе) ғылыми-техникалық қызмет нәтижелеріне айрықша құқықтар осы ұйымдарға беріледі. Егер жарғылық капиталға салым ретінде зияткерлік қызмет нәтижелерін пайдалану құқығы енгізілген болса, онда тиісті лицензиялық шарт стартап-компания таратылған күннен бастап өз қолданысын тоқтатады.
15-бап. Ғылыми және (немесе) ғылыми-техникалық қызмет нәтижелерін коммерцияландыру орталықтары (офистері)
1. Ғылыми және (немесе) ғылыми-техникалық қызмет нәтижелерін коммерцияландыру орталықтарының (офистерінің) қызметі, оның ішінде коммерцияландыру үшін технологиялар іздеуді және бағалауды, маркетингтік зерттеулерді, зияткерлік меншік құқықтарын сақтау және қорғау саласында консультациялық қызметтер көрсетуді, ғылыми және (немесе) ғылыми-техникалық қызмет нәтижелерін коммерцияландыру стратегиясын әзірлеуді, ғылыми және (немесе) ғылыми-техникалық қызмет субъектілері мен жеке кәсіпкерлік субъектілерінің шарттар жасасуы мақсатында олардың өзара іс-қимылын ұйымдастыруды қоса алғанда, ғылыми және (немесе) ғылыми-техникалық қызмет нәтижелерін коммерцияландыру жөнінде қызметтер кешенін көрсетуге бағытталған.
2. Ғылыми және (немесе) ғылыми-техникалық қызмет нәтижелерін коммерцияландыру орталықтарының (офистерінің) жұмыс істеуі жоғары оқу орындарының, ғылыми ұйымдардың қаражаты есебінен ғылыми-зерттеу және тәжірибелік-конструкторлық жұмыстарды орындауға бөлінген гранттық қаржыландыру көлемінің кемінде екі пайызы мөлшерінде қамтамасыз етіледі.
3. Ғылыми және (немесе) ғылыми-техникалық қызмет нәтижелерін коммерцияландыру орталықтары (офистері) қызметінің тиімділігін қамтамасыз ету мақсатында жоғары оқу орындары, ғылыми ұйымдар оларға жоғары оқу орындары мен ғылыми ұйымдар жасаған лицензиялық шарттар және зияткерлік меншік құқықтарын басқаға беру шарттары сомасының кемінде он пайыз қаражатын жібереді.
16-бап. Ғылыми және (немесе) ғылыми-техникалық қызмет нәтижелеріне айрықша құқықтар
1. Ғылыми және (немесе) ғылыми-техникалық қызмет субъектілері жеке кәсіпкерлік, квазимемлекеттік сектор субъектілерімен бірлесіп ғылыми-зерттеу және тәжірибелік-конструкторлық жұмыстарды орындау шеңберінде жасаған ғылыми және (немесе) ғылыми-техникалық қызмет нәтижелеріне айрықша құқықтар, егер олардың арасындағы шартта өзгеше айтылмаса, оларға ортақ тиесілі.
2. Егер шартта ғылыми және (немесе) ғылыми-техникалық қызмет нәтижелеріне айрықша құқықтар ғылыми және (немесе) ғылыми-техникалық қызмет субъектісіне тиесілі екені көзделген жағдайда, онда жеке кәсіпкерлік, квазимемлекеттік сектор субъектісінің бұл нәтижелерді өз өндірісінде пайдалануға өтеусіз айрықша емес лицензияға құқығы сақталады.
17-бап. Ғылыми және (немесе) ғылыми-техникалық қызмет нәтижелерін коммерцияландыру мониторингі
Уәкілетті орган, салалық уәкілетті органдар, облыстардың, республикалық маңызы бар қалалардың, астананың жергілікті атқарушы органдары:
1) ғылыми және (немесе) ғылыми-техникалық қызмет нәтижелерін коммерцияландыруға жәрдемдесу бағдарламаларын іске асыруға жұмсалған шығындардың тиімділігін бағалау;
2) ғылыми және (немесе) ғылыми-техникалық қызмет нәтижелерін коммерцияландыруға жәрдемдесу бағдарламаларын іске асырудың нысаналы көрсеткіштері мен индикаторларына қол жеткізуді бағалау;
3) ғылыми және (немесе) ғылыми-техникалық қызмет нәтижелерін коммерцияландыруға жәрдемдесу бағдарламаларын іске асырудың әлеуметтік-экономикалық әсерлерін бағалау;
4) ғылыми және (немесе) ғылыми-техникалық қызмет нәтижелерін коммерцияландыруға жәрдемдесу бағдарламаларын дамыту және жетілдіру міндеттерін айқындау мақсатында ғылыми және (немесе) ғылыми-техникалық қызмет нәтижелерін коммерцияландыруға жәрдемдесу бағдарламаларының іске асырылуына мониторинг жүргізеді.
3-тарау. ҚОРЫТЫНДЫ ЖӘНЕ ӨТПЕЛІ ЕРЕЖЕЛЕР
18-бап. Қазақстан Республикасының ғылыми және (немесе) ғылыми-техникалық қызмет нәтижелерін коммерцияландыру саласындағы заңнамасын бұзғаны үшін жауаптылық
Қазақстан Республикасының ғылыми және (немесе) ғылыми-техникалық қызмет нәтижелерін коммерцияландыру саласындағы заңнамасын бұзу Қазақстан Республикасының заңдарында белгіленген жауаптылыққа әкеп соғады.
19-бап. Осы Заңды қолданысқа енгізу тәртібі
Осы Заң алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі.
Қазақстан Республикасының
Президенті
Н. НАЗАРБАЕВ
Астана, Ақорда, 2015 жылғы қазанның 31-і.
№ 381-V