2. Мерзімді қызмет әскери қызметшісі:
1) осы Заңның 35-бабының 9-тармағына сәйкес әскерге шақыруды кейiнге қалдырудан бас тарту туралы өтінiш берген адамдарды қоспағанда, отбасы жағдайының өзгеруi салдарынан әскерге шақыруды кейінге қалдыру немесе әскерге шақырудан босату құқығы туындаған;
2) Қазақстан Республикасының заңдарына сәйкес шет елге шығуға құқық берілетінін растайтын құжаттары болған кезде отбасы құрамында немесе Қазақстан Республикасының шегiнен тыс жерде тұрақты тұратын отбасына қосылу үшiн шетелде тұрақты тұруға кеткен жағдайларда мерзімінен бұрын шығарылуға құқылы.
3. Офицерлер құрамының әскерге шақыру бойынша әскери қызметшісі 35-баптың 2-тармағының 1) және 2) тармақшаларында көзделген жағдайлар болған кезде әскери қызметтен мерзiмiнен бұрын шығарылуға құқылы.
4. Қайтыс болған (қаза тапқан) әскери қызметшi қайтыс болған (қаза тапқан) күні құжатпен расталған күннен кейiнгі күннен бастап, ал сот хабар-ошарсыз кетті деп таныған немесе қайтыс болған деп жарияланған әскери қызметші сот шешімі заңды күшіне енген күннен бастап әскери бөлім жеке құрамының тiзiмдерінен шығарылады.
5. Белгіленген мерзiмдi өткерген адамдарды әскери қызметтен босату төтенше немесе соғыс жағдайы енгiзілген жағдайда ол қолданылған кезеңге уақытша тоқтатылады.
ҚР Қорғаныс министрінің 2012 жылғы 4 қаңтардағы № 179665 (e.gov.kz) Жауабын қараңыз
2014.23.04. № 200-V ҚР Заңымен (бұр.ред.қара); 2017.13.06. № 69-VІ ҚР Заңымен (бұр.ред.қара) 6-тармақ өзгертілді
6. Əскери қызмет мерзімі 2013 жылдың 1 қаңтарында он жылдан аз болған немесе көрсетілген күннен кейін əскери қызметке алғаш кірген əскери қызметшілерге əскери қызметте болудың шекті жасына толуына, денсаулық жағдайына немесе штаттардың қысқартылуына байланысты əскери қызметтен шығарылған кезде жұмыстан шығу жəрдемақысы:
1) келісімшарт бойынша əскери қызметшілерге: əскери қызмет мерзімі күнтізбелік 10 жылдан аз болғандарға - үш айлық ақшалай қамтылым мөлшерінде;
əскери қызмет мерзімі күнтізбелік 10 жылдан 20 жылға дейін болғандарға - бес айлық ақшалай қамтылым мөлшерінде;
əскери қызмет мерзімі күнтізбелік 20 жылдан 30 жылға дейін болғандарға - жиырма айлық ақшалай қамтылым мөлшерінде;
əскери қызмет мерзімі күнтізбелік 30 жылдан астам болғандарға - отыз айлық ақшалай қамтылым мөлшерінде төленеді;
келісімшарт бойынша əскери қызметке қайта кірген кезде жұмыстан шығу жəрдемақысының мөлшері, осы жұмыстан шығу жəрдемақысы бұрын қызметтен шығарылған кезде төленбеген жағдайларды қоспағанда, бұрын төленген жұмыстан шығу жəрдемақысы ескеріле отырып айқындалады;
2) мерзімді қызмет әскери қызметшілеріне бір айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде, ал жетім балалар және ата-аналарының қамқорлығынсыз қалған балалар қатарынан көрсетілген адамдарға бес айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде төленеді.
Жауынгерлік іс-қимылдарға, террорға қарсы және бітімгершілік операцияларына қатысқаны үшін орденмен (ордендермен) наградталған әскери қызметшілерге жұмыстан шығу жәрдемақысы ақшалай қаражаттың екі жалақысына арттырылады.
Әскери қызметте болудың шекті жасына толғаннан кейін, денсаулық жағдайы бойынша немесе штаттарды қысқартуға байланысты еңбек сіңірген жылдары үшін зейнетақы төлемін алу құқығынсыз қызметтен шығарылған офицерлік құрамның әскери қызметшілеріне қызметтен шығу жәрдемақысымен қатар әскери атақ бойынша айлықақылар төлеу қызметтен шығарылған күннен бастап бір жыл бойына сақталады.
Бұл ретте, егер көрсетілген мерзім ішінде қызмет атқарып жүрген әскери қызметшілердің әскери атақ бойынша айлықақылары өсетін болса, тиісінше офицерлік құрамның әскери қызметшілеріне қызметтен шығарылғаннан кейін бір жыл өткенше төленетін осы айлықақылар мөлшері де ұлғаяды. Әскерге шақыру бойынша әскери қызметте тұратын офицерлік құрамның қызметтен шығарылған әскери қызметшілерінің әскери атақ бойынша айлықақылары қызметтен шығарылған күннен бастап бір жыл бойы төлеуге жатпайды.
2017.13.06. № 69-VІ ҚР Заңымен 7-тармақ жаңа редакцияда (бұр.ред.қара)
7. Бір жылдан аз қызмет өткерген немесе оқыған жəне келісімшарт бойынша əскери қызметтен шығарылған немесе əскери оқу орындарынан шығарып жіберілген, осы Заңның 37-бабының 6-тармағына сəйкес келісімшарт бойынша əскери қызметке кірген сарбаздар (матростар), сержанттар (старшиналар) құрамының əскери қызметшілері, мерзімді қызметтің белгіленген мерзімін өткермеген, жиырма алты жасқа толмаған, бірақ он сегіз жастан кіші емес əскери оқу орындарының курсанттары мен кадеттері мерзімді қызметтің қалған мерзімін өткеру үшін белгіленген тəртіппен əскери бөлімдерге жіберіледі.
Бұрын мерзімді қызмет өткермеген, он сегіз жасқа толмаған, бір жылдан аз оқыған жəне шығарып жіберілген əскери оқу орындарының курсанттары мен кадеттері мерзімді қызметтің қалған мерзімін өткеру үшін белгіленген тəртіппен əскери қызметке шақыруға əскерге шақырылушыларды əскери есепке қою үшін тұрғылықты жері бойынша жергілікті əскери басқару органдарына жіберіледі.
Əскери оқу орнынан шығарып жіберілген курсанттар мен кадеттер үшін əскери қызметшілер мəртебесінде əскери оқу орындарында оқу уақыты мерзімді қызмет мерзіміне есептеледі.
Үлгерімсіздігі, тəртіпсіздігі үшін, өз бастамасы бойынша, теріс себептермен əскери қызметтен босату салдарынан əскери оқу орнынан шығарып жіберілген, сондай-ақ əскери қызмет өткеру туралы келісімшарт жасасудан бас тартқан əскери қызметші əскери оқу орнында əскери қызметші мəртебесінде өзін оқытуға жұмсалған бюджет қаражатын мемлекетке өтеуге міндетті.
Əскери оқу орнына қайта қабылдау Қазақстан Республикасының атқарушылық іс жүргізу туралы заңнамасына сəйкес, оқуға жұмсалған бюджет қаражатын өндіріп алуды тоқтата тұру үшін негіз болып табылады.
Əскери оқу орнын бітірген əскери қызметші теріс себептермен əскери қызметтен шығарылған жағдайда, келісімшарт мерзімі аяқталғанға дейін қызмет өткерілмеген əрбір толық айға пропорционалды түрде өзін оқытуға жұмсалған бюджет қаражатын мемлекетке өтеуге міндетті.
Əскери оқу орындарында əскери қызметшілерді оқытуға жұмсалған бюджет қаражатын мемлекетке өтеу тəртібін уəкілетті органның бірінші басшысы айқындайды.
2017.13.06. № 69-VІ ҚР Заңымен 8-тармақпен толықтырылды
8. Əскери қызметтен шығарылған адамдар қызметтен шығару туралы шешімге тиісті бұйрықтан үзінді көшірмемен танысқан күннен бастап үш айдан кешіктірмей, Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген тəртіппен жоғары тұрған қолбасшылыққа не сотқа шағым жасауға құқылы.
5-тарау. ӘСКЕРГЕ ШАҚЫРУ БОЙЫНША ӘСКЕРИ ҚЫЗМЕТ
27-бап. Азаматтарды әскери қызметке шақыру
2017.13.06. № 69-VІ ҚР Заңымен 1-тармақ өзгертілді (бұр.ред.қара)
1. Азаматтарды әскери қызметке шақыру - бұл әскери міндеттілік негізінде Қарулы Күштерді, басқа да əскерлер мен əскери құралымдарды жеке құраммен жасақтауға бағытталған мемлекеттік органдар жүргізетін iс-шаралар кешенi.
2. Азаматтарды әскери қызметке шақыру:
1) азаматтарды мерзiмдi әскери қызметке шақыруды;
2) запастағы офицерлердi әскери қызметке шақыруды;
3) әскери жиындарға шақыруды;
4) жұмылдыру бойынша, соғыс жағдайы кезінде және соғыс уақытында әскерге шақыруды қамтиды.
3. Азаматтарды әскери қызметке шақыруды жергіліктi атқарушы органдар ұйымдастырады және қамтамасыз етеді.
Жергілікті атқарушы органдар әскери басқару органдарын жабдықталған әскерге шақыру (жиын) пункттерімен, оларды күтіп-ұстауды, дәрі-дәрмектермен, керек-жарақтармен, өртке қарсы, медициналық және шаруашылық мүлкімен, автомобиль көлігімен, сондай-ақ байланыс және күзет құралдарымен қамтамасыз етеді.
Азаматтарды әскери қызметке шақыру үшін осы Заңда белгіленген тәртіппен әскерге шақыру комиссиялары құрылады.
Азаматтарды әскери қызметке шақыруды ұйымдастыру мен жүргiзу тәртібін Қазақстан Республикасының Үкіметi айқындайды.
4. Ұйымдардың басшылары әскерге шақырылуға жататын азаматтарды iссапарлардан шақыртып алуға, оларды хабардар етуді және азаматтарды, олар әскери қызметке шақырылған кезде медициналық куәландырудан өткізу үшін әскерге шақыру пунктіне уақтылы келуiн ұйымдастыруға міндетті.
5. Уақытша шетелде тұрып жатқан Қазақстан Республикасының азаматтарын әскери қызметке шақыру олар Қазақстан Республикасына тұрақты тұрғылықты жеріне қайтып келгеннен кейін әскерге шақыруды кейінге қалдыру немесе одан босату құқығы болмаса, осы Заңда белгіленген тәртіппен жүзеге асырылады.
6. Азамат облыстың (республикалық маңызы бар қаланың немесе астананың) жергiлiктi әскери басқару органы бастығының оны әскери қызметке шақыру туралы бұйрығы шыққан сәттен бастап әскери қызметке шақырылды деп есептеледi.
2017.13.06. № 69-VІ ҚР Заңымен 7-тармақпен толықтырылды
7. Мерзімді əскери қызметке шақырылуға жататын азаматтардың медициналық комиссиядан өту кезеңінде жергілікті əскери басқару органдарына шақырту туралы шақыру қағазы болған кезде - жұмыс орны (лауазымы), жұмыс орны бойынша жалақысы, ал мерзімді əскери қызмет өткеру кезеңінде жұмыс орны (лауазымы) сақталады.
28-бап. Әскерге шақыру комиссиялары
2013.16.01. № 71-V ҚР Заңымен (2013 ж. 1 қаңтардан бастап қолданысқа енгізілді) (бұр.ред.қара); 2017.13.06. № 69-VІ ҚР Заңымен (бұр.ред.қара) 1-тармақ жаңа редакцияда
1. Аудандардың, облыстық маңызы бар қалалардың, облыстардың, республикалық маңызы бар қалалардың, астананың əскерге шақыру комиссиялары жергіліктi атқарушы органдардың шешiмi бойынша əскерге шақыруды жүргізу кезеңiнде мынадай құрамда құрылады:
1) комиссия төрағасы - ауданның, облыстық маңызы бар қаланың, облыстың, республикалық маңызы бар қаланың, астананың, жергілікті атқарушы органы басшысының (əкімінің) орынбасары;
2) комиссия мүшелері:
ауданның, облыстық маңызы бар қаланың, облыстың, республикалық маңызы бар қаланың, астананың жергілікті əскери басқару органының бастығы;
ішкі істер органдарының тиісті аумақтық бөлімшесінің өкілі;
ауданның, облыстық маңызы бар қаланың, облыстың, республикалық маңызы бар қаланың, астананың денсаулық сақтау басқармасының тиісті жергілікті органы бастығының (бас дəрігердің) орынбасары - медициналық комиссия төрағасы;
хатшы.
Əскерге шақыру комиссияларының құрамына мемлекеттiк органдар мен қоғамдық бірлестіктердің өзге де өкiлдерi кiруi мүмкiн. Əскерге шақыру комиссиясының сандық құрамы тақ болуға тиiс.
Облыстың, республикалық маңызы бар қаланың, астананың əскерге шақыру комиссиясының құрамына Қазақстан Республикасы Ұлттық қауіпсіздік комитетінің аумақтық органы басшысының орынбасары кіреді.
Азаматтарды əскери қызметке шақыруды жүргізу графигін жергiлiктi атқарушы орган бекiтедi.
Əскерге шақыру комиссиясының мүшелері азаматтарды мерзімді əскери қызметке заңсыз шақырғаны үшін Қазақстан Республикасының заңдарына сəйкес жауапты болады.
2. Облыстық (республикалық маңызы бар қаланың немесе астананың) әскерге шақыру комиссиясы:
1) аудандық (облыстық маңызы бар қалалар) әскерге шақыру комиссияларының қызметiне басшылық жасау мен бақылауды жүзеге асырады;
2) азаматтарды әскери қызметке шақыруды кейiнге қалдыру және одан босату дұрыстығын тексереді;
3) 2017.13.06. № 69-VІ ҚР Заңымен алып тасталды (бұр.ред.қара)
4) 2017.13.06. № 69-VІ ҚР Заңымен алып тасталды (бұр.ред.қара)
5) аудандық (облыстық маңызы бар қалалар) әскерге шақыру комиссияларының шешiмдерiне азаматтар берген шағымдар мен өтiнiштердi қарайды;
6) аудандық (облыстық маңызы бар қалалар) әскерге шақыру комиссиялары шешiмдерiнің күшiн жояды.
2017.13.06. № 69-VІ ҚР Заңымен 3-тармақ өзгертілді (бұр.ред.қара)
3. Медициналық куәландыру нәтижелерi бойынша аудандық (облыстық маңызы бар қалалардың) әскерге шақыру комиссиясы әскерге шақырылушыға қатысты:
1) әскери қызметке шақырылуға жатқызылады;
2) әскери қызметке шақыру кейінге қалдырылсын;
3) әскери қызметке шақырылудан босатылсын;
4) әскери міндеттiлiкті атқарудан босатылсын деген шешімдердің бірін қабылдайды.
Әскерге шақыру комиссиясының шешiмi бір күн ішінде әскери қызметке шақырылуға жатқызылатын азаматқа хабарланады, шешім көшiрмесi оның қалауы бойынша қолына берiледi.
Азамат әскерге шақыру комиссиясының шешiмiне сот тәртiбiмен немесе облыстық (республикалық маңызы бар қаланың немесе астананың) әскерге шақыру комиссиясына шағымдана алады. Облыстық (республикалық маңызы бар қаланың немесе астананың) әскерге шақыру комиссиясына алдын ала жүгіну сотқа жүгiну үшін мiндеттi шарт болып табылмайды.
Арыздар облыстық (республикалық маңызы бар қаланың немесе астананың) әскерге шақыру комиссиясында және сотта бiр уақытта қаралған кезде облыстық (республикалық маңызы бар қаланың немесе астананың) әскерге шақыру комиссиясы арызды қарауды соттың шешiмi заңды күшiне енгенге дейiн тоқтата тұрады.
Заңды күшіне енген соттың шешімін тиiстi әскерге шақыру комиссияларының орындауы міндеттi.
4. Уәкілетті органдардың басшылары денсаулық жағдайы бойынша әскери қызметке жарамсыз адамдарға қатысты әскерге шақыру туралы әскерге шақыру комиссиясы шешімінің күшін жояды және олар әскери ант қабылдағанға дейін оның орнын басқа адаммен ауыстыра отырып, әскерге шақыру комиссиясына қайтарады.
29-бап. Медициналық комиссиялар
2017.13.06. № 69-VІ ҚР Заңымен 1-тармақ жаңа редакцияда (бұр.ред.қара)
1. Азаматтардың əскери қызметке жарамдылық дəрежесін айқындау үшін облыстарда, республикалық маңызы бар қалаларда, астанада, қалалармен аудандарда жергілікті атқарушы органдардың шешімімен тұрақты негізде медициналық комиссиялар құрылады, олар:
1) əскерге шақыру жасына дейінгілерді;
2) əскерге шақырылушыларды;
3) əскери жиындарға шақырылатын əскери міндеттілерді;
4) əскери оқу орындарына, əскери кафедраларға, Қорғаныс министрлігінің мамандандырылған ұйымдарына келісімшарт бойынша əскери қызметке кіретін азаматтарды медициналық куəландырудан өткiзеді.
2. 2017.13.06. № 69-VІ ҚР Заңымен алып тасталды (бұр.ред.қара)
3. Медициналық куәландыру тәртiбi және медициналық комиссиялардың құрамы Әскери-дәрiгерлiк сараптама жүргізу қағидасында айқындалады.
30-бап. Әскери қызметке шақырылуға жататын азаматтардың мiндеттері
Әскери қызметке шақырылуға жататын азаматтар жергiлiктi әскери басқару органының шақыру қағазы бойынша әскерге шақыру комиссиясына келуге міндетті. Шақыру қағазын азаматтың жеке өзіне жергілiкті әскери басқару органдарының лауазымды адамдары немесе жұмыс (оқу) орны бойынша ұйымның басшысы қол қойғызып тапсырады.
Шақыру қағазын азаматтың жеке өзiне тапсыру мүмкін болмаған жағдайда, оның келуін қамтамасыз ету тиiстi iшкi iстер органына жүктеледі.
2017.13.06. № 69-VІ ҚР Заңымен 31-бап өзгертілді (бұр.ред.қара)
31-бап. Азаматтарды мерзiмдi әскери қызметке шақыру
Азаматтарды мерзiмдi әскери қызметке шақыру Қазақстан Республикасы Президентінің Жарлығы және Қазақстан Республикасы Үкiметiнiң қаулысы негiзiнде жылына екi рет жүргiзіледi.
Он сегіз жастан жиырма жеті жасқа дейінгі, әскерге шақыруды кейінге қалдыруға немесе әскерге шақырылудан босатылуға құқығы жоқ азаматтар Қарулы Күштердi, басқа да əскерлер мен əскери құралымдарды жасақтау үшін қажетті санында мерзiмдi әскери қызметке шақырылуға жатады.
32-бап. Запастағы офицерлерді әскери қызметке шақыру
Жиырма тоғыз жасқа дейінгi, әскери қызметке жарамды запастағы офицерлер уәкілеттi органдардың өтiнiмдерi бойынша Қазақстан Республикасы Үкiметінің қаулысы негiзінде бейбiт уақытта офицерлер құрамының лауазымдарында әскери қызмет өткеру үшін әскерге шақырылады.
2014.29.09. № 239-V ҚР Заңымен (бұр.ред.қара); 2017.13.06. № 69-VІ ҚР Заңымен (бұр.ред.қара) 33-бап жаңа редакцияда
33-бап. Əскери мiндеттілердi əскери жиындарға шақыру
Əскери мiндеттiлер:
1) орталық атқарушы органдар жүргізетін жұмылдыру дайындығы жөніндегі республикалық іс-шаралар шеңберінде - Қазақстан Республикасы Қорғаныс министрінің бұйрығы негізiнде;
2) облыстардың, республикалық маңызы бар қалалардың, астананың жергілікті атқарушы органдары жүргізетін жұмылдыру дайындығы, аумақтық қорғаныс дайындығы жөніндегі іс-шаралар шеңберінде - Қазақстан Республикасы Қарулы Күштерінің Бас штабымен келісу бойынша облыс, республикалық маңызы бар қала, астана əкімдігінің қаулысы негізінде əскери жиындарға шақырылады.
34-бап. Азаматтарды жұмылдыру бойынша, соғыс жағдайы кезінде және соғыс уақытында әскерге шақыру
1. Азаматтарды жұмылдыру бойынша, соғыс жағдайы кезінде және соғыс уақытында әскери қызметке шақыру Қазақстан Республикасы Президентiнің Жарлығы негiзiнде және осы Заңда белгiленген тәртіппен жүргiзiледi.
2. Жұмылдыру бойынша, соғыс жағдайы кезінде және соғыс уақытында әскери қызметке шақырылған әскери міндеттiлер мен әскерге шақырылушыларға жұмыс (қызмет) орны бойынша толық есеп айырысу жүргізiледі, нақты жұмыс iстеген уақыты үшін жалақы, жұмыстан шығу жәрдемақысы және пайдаланылмаған демалысы үшін өтемақы төлемдері төленеді. Жұмылдыру бойынша, соғыс жағдайы кезінде және соғыс уақытында шақырылған азаматтардың өздерi тұрған тұрғын алаңы сақталады. Жұмылдыру бойынша, соғыс жағдайы кезінде және соғыс уақытында әскери қызметке шақырылған азаматтардың отбасыларын мемлекеттік қамсыздандыру (жәрдемақылар, зейнетақылар) Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес жүргiзiледi.
3. Жергіліктi атқарушы органдар, ұйымдар жұмылдыруды жүргiзу кезiнде, соғыс жағдайы енгізілген және соғыс уақыты кезінде әскери міндеттілер мен әскерге шақырылушыларды уақтылы хабардар етуді және оларды шақыру пункттеріне немесе әскери бөлiмдерге жеткiзуді қамтамасыз етуге міндеттi.
2013.04.07. № 132-V ҚР Заңымен 35-бап өзгертілді (бұр.ред.қара)
35-бап. Әскери қызметке шақыруды кейiнге қалдыру
1. Азаматтарды әскери қызметке шақыруды кейінге қалдыру аудандық (облыстық маңызы бар қаланың) әскерге шақыру комиссиясының шешiмi бойынша беріледі.
Кейінге қалдыру мынадай негіздер бойынша:
1) отбасы жағдайлары бойынша;
2) білім алуды жалғастыру үшін;
3) денсаулық жағдайы бойынша;
4) басқа да себептер бойынша беріледі.
2. Отбасы жағдайлары бойынша әскери қызметке шақыруды кейінге қалдыру:
2015.03.12. № 433-V ҚР Заңымен 1) тармақша өзгертілді (2016 ж. 1 қаңтардан бастап қолданысқа енгiзiлдi) (бұр.ред.қара)
1) басқа адамның көмегiне мұқтаж және толық мемлекеттiк қамсыздандыруға алынбаған отбасы мүшелерiн күтумен айналысатын, Қазақстан Республикасының аумағында онымен бiрге немесе бөлек тұратын жақын туыстары немесе басқа да адамдар болмаған кезде заң бойынша аталған отбасы мүшелерін асырауға мiндетті азаматтарға беріледі.
Басқа адамның көмегiне және күтіміне мұқтаж отбасы мүшелерi:
әкесi, анасы, әйелi, сондай-ақ әскерге шақырылушының ата-анасы болмаған жағдайда, зейнеткер жасына толған немесе бiрiншi немесе екiншi топтағы мүгедектер болып табылатын атасы мен әжесi, егер олар оның асырауында болса;
ата-анасы болмаған жағдайда, бiрiншi немесе екiншi топтағы мүгедектер болып табылатын немесе он сегіз жасқа толмаған аға-інілерi, апа-сіңлілері;
әскерге шақырылушыдан басқа бiріншi немесе екiншi топтағы мүгедектер болып табылатын немесе он сегiз жасқа толмаған бiр және одан да көп балалары бар және оларды күйеусiз (әйелсiз) тәрбиелеп отырған анасы (әкесi);
өзінің асырауында жасы бойынша еңбекке қабiлетсiз немесе бiрiншi немесе екiншi топтағы мүгедектер болып табылатын бiр және одан да көп жалғызiлiктi туыстары (әкесi, анасы, аға-інілерi, апа-қарындастары) бар және оларды күйеусiз (әйелсiз) асырап отырған анасы (әкесi);
бiріншi немесе екiншi топтағы мүгедек болып табылатын, екіншiсiн өзi асырайтын және әскерге шақырылушыдан басқа он сегiз жасқа дейінгі бiр және одан да көп бала тәрбиелеп отырған ата-анасының бiрi;
отбасы мүшелерінің бірінің мүгедектігі бар және әскерге шақырылушы отбасында жалғыз ер бала болып табылады;
2) өзiнiң асырауында:
анасыз тәрбиелеп отырған баласы (балалары);
ата-анасының қайтыс болуына немесе олардың ата-ана құқығынан айырылуына немесе сот бас бостандығынан айыруға соттауына байланысты кемiнде екi жыл тәрбиесiнде және асырауында болған адамдар бар азаматтарға;
3) некеде тұрған және бiр және одан да көп баласы бар азаматтарға беріледі.
3. Білім алуды жалғастыру үшін әскери қызметке шақыруды кейінге қалдыру:
1) білім беру ұйымдарында жалпы орта білiм алып жүрген азаматтарға - оқу кезеңіне;
2) тиiстi білім беру ұйымдарында күндiзгі оқу нысаны бойынша техникалық және кәсіптік, орта білімнен кейінгі немесе жоғары білім, діни білім беру ұйымдарында, сондай-ақ басқа мемлекеттердің жоғары оқу орындарында күндізгі білім алып жүрген азаматтарға оқитыны туралы растайтын құжаттарды ұсынған ретте - бiр жоғары оқу орнын аяқтағанға дейiн;
3) жоғары оқу орнынан кейiнгі кәсiби білім алып жүрген азаматтарға - оқу кезеңіне беріледі.
4. Денсаулық жағдайы бойынша әскери қызметке шақыруды кейінге қалдыру азаматтарға әскерге шақыру комиссиясының шешiмiмен бiр жылға дейінгi мерзiмге беріледi.
5. Басқа себептер бойынша әскери қызметке шақыруды кейінге қалдыру:
1) ауылдық жерде орналасқан білiм беру ұйымдарының орта білімнен кейінгі немесе жоғары педагогтік білiмi бар және мамандығы бойынша жұмыс iстейтiн оқытушыларына - жұмыс iстеп жүрген барлық кезеңiне;
2) тиiстi бiлiмi бар, мамандығы бойынша ауылдық жерлерде тұрақты жұмыс iстейтiн дәрiгерлерге - денсаулық сақтау ұйымдарында жұмыс iстеп жүрген барлық кезеңiне;
3) Қазақстан Республикасы Парламентiнiң немесе жергiлiктi өкiлдi органдардың депутаттарына - олардың депутаттық өкілеттігi мерзiміне;
4) өздеріне қатысты анықтау, алдын ала тергеу жүргiзiліп жатқан немесе соттар қылмыстық iстерiн қарап жатқан адамдарға - тиiсiнше анықтау, тергеу аяқталғанға немесе сот үкiмi күшіне енгенге дейiн;
2015.27.10. № 363-V ҚР Заңымен 4-1) тармақшамен толықтырылды
4-1) азаматтық әуе кемелерінің ұшу экипажының мүшелеріне, тиісті білімі бар азаматтық авиация инженерлеріне, механиктеріне және техниктеріне азаматтық авиация ұйымдарында жұмыс істеген бүкіл кезеңге;
5) кемелер экипаждарының тиісті білімі бар мүшелеріне су көлігі ұйымдарында жұмыс істеген бүкіл кезеңге беріледі.
6. Офицерлер құрамының әскери атағын бере отырып, запасқа қойылған азаматтарға отбасы жағдайлары бойынша, денсаулық жағдайы бойынша, жоғары оқу орнынан кейінгі кәсіптік білім алуды жалғастыру үшін және басқа да себептер бойынша әскери қызметке шақыру кейiнге қалдырылады.
7. Әскери жиындарға шақыру кейінге қалдырылмайды.
8. Денсаулық жағдайы бойынша әскерге шақыруды кейінге қалдыруды қоспағанда, жұмылдыру бойынша, соғыс жағдайы кезінде және соғыс уақытында әскери қызметке шақыру кезiнде азаматтарды әскерге шақыруды кейінге қалдыру тоқтатыла тұрады.
9. Денсаулық жағдайы бойынша әскерге шақыруды кейінге қалдыруды қоспағанда, жеке өтiнішін және мүдделi адамдар мен халықты әлеуметтiк қорғау органдарынан нотариат куәландырған тиiстi құжатты ұсынған кезде азаматтар әскерге шақыруды кейiнге қалдырудан бас тартуға құқылы және әскери қызметке шақырылуы мүмкін.
10. Осы бапта көзделген әскерге шақыруды кейiнге қалдыру үшін негiздерінің күші жойылған азаматтар осы Заңда белгіленген тәртiппен әскерге шақырылуға жатады.
36-бап. Әскери қызметке және әскери жиындарға шақырудан босату
1. Бейбiт уақытта әскери қызметке шақырудан:
1) денсаулық жағдайы бойынша әскери қызметке жарамсыз деп танылған;
2) жиырма жеті жасқа толған, заңды негiздер бойынша мерзiмдi әскери қызметке шақырылмаған;
3) туыстарының бiрi (әкесi, анасы, аға-інілерi немесе апа-сіңлілері) әскери қызмет өткеру кезеңiнде қызметтік мiндеттерiн атқару кезiнде қаза тапқан, қайтыс болған немесе бiрiншi немесе екінші топтағы мүгедек болып қалған;
4) басқа мемлекетте әскери (баламалы) қызмет өткерген;
2017.13.06. № 69-VІ ҚР Заңымен 4-1) тармақшамен толықтырылды
4-1) «Қазақстан Республикасының арнаулы мемлекеттік органдары туралы» Қазақстан Республикасы Заңының 51-бабының 9-тармағында көзделген жағдайларды қоспағанда, Қазақстан Республикасының арнаулы мемлекеттік органдарында қызмет өткергендер;
5) ғылыми дәрежесi бар азаматтар;
6) тіркелген діни бірлестіктердің дін қызметкерлері босатылады.
2. Әскери жиындарға шақырудан:
1) Қазақстан Республикасының мемлекеттiк органдарында қорғанысты, қауiпсiздiк пен құқықтық тәртiпті қамтамасыз етуге байланысты лауазымдарда жұмыс iстейтiн адамдар;