9. Осы баптың 1-тармағының 8) тармақшасында көрсетілген мүлік жарғылық капиталға салым ретінде беру кезінде мыналар құн өсімінен түсетін кіріс болып табылады:
1) сатып алу бағасы (құны) болған жағдайда - заңды тұлғаның құрылтай құжаттарында көрсетілген салым құны негізге алына отырып айқындалған мүлік бағасы (құны) мен сатып алу құны арасындағы оң айырма. Бұл ретте жеке тұлға опцион бойынша сатып алған бағалы қағаздар жарғылық капиталға салым ретінде берілген кезде сатып алу құны опционды орындау бағасы мен опционның сыйлықақысы мөлшерінде айқындалады;
2) мүлікті сатып алу бағасы (құны) болмаған жағдайда - заңды тұлғаның құрылтай құжаттарында көрсетілген салым құнының мөлшерінде айқындалған мүлік бағасы (құны).
10. Сенім білдірілген өкіл иеліктен шығару құқығымен механикалық көлік құралын және (немесе) тіркемені басқаруға арналған сенімхат негізінде алынған механикалық көлік құралын және (немесе) тіркемені өткізген, жарғылық капиталға салым ретінде берген жағдайда, жеке табыс салығы бойынша декларацияны тапсыру үшін белгіленген мерзімге дейін мүліктік кірісті айқындау үшін көлік құралының (тіркеменің) меншік иесіне көлік құралының (тіркеменің) өткізілген, жарғылық капиталға салым ретінде берілген құнын және олардың өткізілген, жарғылық капиталға салым ретінде берілген күнін хабарлайды немесе көлік құралы (тіркеме) меншік иесінің атынан жеке табыс салығы бойынша декларацияны тапсыру және жеке табыс салығын төлеу жөніндегі салықтық міндеттемені орындайды, бұл көлік құралы (тіркеме) меншік иесінің салық міндеттемесін орындау болып табылады.
334-бап. Шағын бизнес субъектілері үшін не шаруа немесе фермер қожалықтары үшін арнаулы салық режимін қолданатын дара кәсіпкердің өзге активтерді өткізуі кезінде құн өсімінен түсетін кіріс
1. Осы баптың мақсатында өзге активтерге тауар-материалдық қорлар және талаптар болып табылмайтын мынадай активтер:
1) кәсіпкерлік қызметте пайдаланылатын негізгі құралдар;
2) аяқталмаған құрылыс объектілері;
3) орнатылмаған жабдық;
4) материалдық емес активтер;
5) биологиялық активтер;
6) 2000 жылғы 1 қаңтарға дейін қолданыста болған Қазақстан Республикасының салық заңнамасына сәйкес құны толығымен шегерімге жатқызылған негізгі құралдар, егер осындай негізгі құралдар дара кәсіпкер бюджетпен есеп айырысуды жалпыға бірдей белгіленген тәртіппен жүзеге асырған салықтық кезеңдерде тіркелген активтер болып табылса және актив тіркелген актив болып табылса;
7) Қазақстан Республикасының инвестициялар туралы заңнамасына сәйкес 2009 жылғы 1 қаңтарға дейін жасалған келісімшарттар бойынша инвестициялық жоба шеңберінде пайдалануға берілген, құны толығымен шегерімге жатқызылған активтер, егер дара кәсіпкер бұрын бюджетпен есеп айырысуды жалпыға бірдей белгіленген тәртіппен жүзеге асырса және актив тіркелген актив болып табылса, жатады.
2. Шағын бизнес субъектілері үшін не шаруа немесе фермер қожалықтары үшін арнаулы салық режимін қолданатын дара кәсіпкер өзге активтерді өткізген кезде өсім әрбір актив бойынша өткізу бағасы (құны) мен бастапқы құн арасындағы оң айырма ретінде айқындалады.
3. Егер осы бапта өзгеше белгіленбесе, осы баптың мақсатында, осы Кодекстің 264-бабының 1) - 6) және 8) тармақшаларында көрсетілген шығындардан (шығыстардан) басқа, сатып алуға, өндіруге, салуға, монтаждауға, орнатуға, реконструкциялауға және жаңғыртуға арналған шығындар жиынтығы өзге активтердің бастапқы құны болып табылады.
Бұл ретте реконструкциялауды, жаңғыртуды тану осы Кодекстің 269-бабының 1-тармағына сәйкес жүзеге асырылады.
4. Егер өзге актив өтеусіз алынған болса, осы баптың мақсатында осы Кодекстің 681-бабының 2-тармағына сәйкес өтеусіз алынған мүлік түрінде салық салу объектісіне енгізілген, осы активтің құны бастапқы құн болып табылады.
5. Осы баптың 4-тармағында көзделген жағдайды қоспағанда, мұра, қайырымдылық көмек түрінде алынған өзге актив өткізілген кезде шағын бизнес субъектілері үшін не шаруа немесе фермер қожалықтары үшін арнаулы салық режимін қолданатын дара кәсіпкердің осы активке меншік құқығы туындаған күнге мұндай активтің Қазақстан Республикасының бағалау қызметі туралы заңнамасына сәйкес бағалаушы мен дара кәсіпкер арасындағы шарт бойынша жүргізілген бағалау туралы есепте айқындалған нарықтық құны бастапқы құн болып табылады.
Бұл ретте өзге активтің нарықтық құны осындай активтер өткізілген салықтық кезең үшін жеке табыс салығы бойынша декларацияны тапсыруға белгіленген мерзімнен кешіктірілмей айқындалуға тиіс.
6. Өзге активтің бастапқы құны мынадай жағдайларда:
1) өзге активтің меншік құқығы туындаған күнге айқындалатын нарықтық құны болмаған кезде;
2) нарықтық құнды айқындаудың осы баптың 5-тармағында белгіленген мерзімі сақталмаған кезде;
3) осы баптың 4 және 5-тармақтарында көрсетілген жағдайларды қоспағанда, осы баптың 3-тармағында көзделген шығындарды растайтын бастапқы құжаттар болмаған жағдайларда;
4) осы баптың 1-тармағының 6) және 7) тармақшаларында көрсетілген активтер бойынша нөлге тең болады.
335-бап. Талап ету құқығын, оның ішінде тұрғын үй құрылысына үлестік қатысу туралы шарт бойынша тұрғын ғимараттағы үлесті талап ету құқығын басқаға беруден түсетін кіріс
1. Талап ету құқығын басқаға беру құны мен жеке тұлға осындай құқықты сатып алған құн арасындағы оң айырма талап ету құқығын басқаға беруден түсетін кіріс болып табылады.
2. Талап ету құқығын басқаға беру құны мен тұрғын үй құрылысына үлестік қатысу туралы шарт бағасы арасындағы оң айырма тұрғын үй құрылысына үлестік қатысу туралы шарт бойынша тұрғын ғимараттағы үлесті талап ету құқығын басқаға беруден түсетін кіріс болып табылады.
3. Талап ету құқығын басқаға беру құны мен жеке тұлға бұрын осындай құқықты сатып алған құн арасындағы оң айырма тұрғын үй құрылысына үлестік қатысу туралы шарт бойынша талап ету құқығын басқаға беру жолымен бұрын сатып алынған, тұрғын үй құрылысына үлестік қатысу туралы шарт бойынша тұрғын ғимараттағы үлесті талап ету құқығын басқаға беруден түсетін кіріс болып табылады.
336-бап. Жеке практикамен айналысатын адамның кірісі
Жеке практикамен айналысатын адамның кірісіне мыналар жатады:
1) жекеше нотариустың кірісі;
2) жеке сот орындаушысының кірісі;
3) адвокаттың кірісі;
4) кәсіпқой медиатордың кірісі.
Заңгерлік көмек көрсеткені, нотариаттық әрекеттерді жасағаны үшін тиісінше ақы төлеуді қоса алғанда, атқарушылық құжаттарды орындау жөніндегі қызметті, нотариаттық, адвокаттық қызметті, кәсіпқой медиатор қызметін жүзеге асырудан алған кірістердің барлық түрі, сондай-ақ қорғау мен өкілдік етуге байланысты шығыстарды өтеуден алынған сомалар жеке практикамен айналысатын адамдардың кірісі болып табылады.
337-бап. Дара кәсіпкердің кірісі
1. Жалпыға бірдей белгіленген режимді қолданатын дара кәсіпкердің кірісі осы Кодекстің 366-бабына сәйкес айқындалады.
2. Егер осы Кодекстің 61-тарауында өзгеше тәртіп белгіленбесе, шағын бизнес субъектілері үшін арнаулы салық режимін қолданатын дара кәсіпкердің кірісі осы бапқа сәйкес айқындалады.
338-бап. Қазақстан Республикасының шегінен тыс жердегі көздерден түсетін басқа да кірістер
Осы Кодекстің 321-бабының 1) - 16) тармақшаларында көрсетілмеген, салық төлеуші салық агенті болып табылмайтын тұлғадан есепті салықтық кезең ішінде алған (алуға жататын) және төленген жеріне қарамастан, Қазақстан Республикасындағы көздерден түсетін кірістер болып табылмайтын кірістердің барлық түрі Қазақстан Республикасының шегінен тыс жердегі көздерден түсетін басқа да кірістер деп танылады.
339-бап. Бақыланатын шетелдік компания бойынша жалпы ережелер
Бақыланатын шетелдік компанияның қаржылық пайдасына немесе бақыланатын шетелдік компания тұрақты мекемесінің қаржылық пайдасына екі рет салық салынбауға тиіс.
Қосарланған салық салу мынадай тәртіппен жойылады:
1) бақыланатын шетелдік компанияның қаржылық пайдасынан немесе бақыланатын шетелдік компания тұрақты мекемесінің қаржылық пайдасынан пайда салығы шет мемлекетте:
10 пайыздан аз тиімді мөлшерлеме бойынша төленген жағдайда - мұндай пайда салығы осы Кодекстің 359-бабында айқындалған тәртіппен Қазақстан Республикасындағы жеке табыс салығын төлеу есебіне есепке жатқызылуға тиіс;
10 және одан көп пайыз тиімді мөлшерлеме бойынша төленген жағдайда - осы Кодекстің 340-бабының 2-тармағына сәйкес салық салудан босату қолданылады;
2) дивидендтер төлейтін бақыланатын шетелдік компанияның Қазақстан Республикасында салық салынған қаржылық пайдасынан резиденттің бір бақыланатын шетелдік компаниясы екінші осындай компанияға дивидендтер төлеген жағдайда - мұндай дивидендтер осы Кодекстің 340-бабы 3-тармағы бірінші бөлігінің 6) тармақшасына сәйкес дивидендтер алатын бақыланатын шетелдік компанияның қаржылық пайдасынан шегеріледі;
3) егер бақыланатын шетелдік компанияның қаржылық пайдасында Қазақстан Республикасындағы көздерден алынған, Қазақстан Республикасындағы корпоративтік табыс салығы:
10 және одан көп пайыз мөлшерлеме бойынша салынған кірістер, сондай-ақ дивидендтер түріндегі кірістер ескерілген болса, мұндай кірістер осы Кодекстің 340-бабының 3-тармағына сәйкес бақыланатын шетелдік компанияның қаржылық пайдасынан шегеріледі;
10 пайыздан аз мөлшерлеме бойынша салынған кірістер ескерілген болса, мұндай салық осы Кодекстің 358-бабының 6-тармағына сәйкес резиденттің жеке табыс салығынан шегеруге жатады.
Ескертпе.
Осы бапта пайдаланылатын ұғымдар осы Кодекстің 294-бабында айқындалады.
340-бап. Бақыланатын шетелдік компанияның пайдасына салық салу
1. Бақыланатын шетелдік компаниялардың немесе бақыланатын шетелдік компаниялар тұрақты мекемелерінің осы баптың және осы Кодекстің 297-бабының ережелері ескеріле отырып есептелген жиынтық пайдасы резидент-жеке тұлғаның жылдық кірісіне кіреді және оған Қазақстан Республикасындағы жеке табыс салығы салынады.
Бақыланатын шетелдік компаниялардың немесе бақыланатын шетелдік компаниялар тұрақты мекемелерінің мұндай жиынтық пайдасы жеке табыс салығы бойынша декларацияға енгізуге жатады.
2. Бақыланатын шетелдік компанияның қаржылық пайдасы немесе бақыланатын шетелдік компания тұрақты мекемесінің қаржылық пайдасы мынадай шарттардың бірі орындалған кезде:
1) басқа резидент арқылы жүзеге асырылатын бақыланатын шетелдік компанияға резидент жанама қатысқан немесе жанама бақылау жасаған кезде;
2) бақыланатын тұлға болып табылмайтын тұлға арқылы жүзеге асырылатын бақыланатын шетелдік компанияға резидент жанама қатысқан немесе жанама бақылау жасаған кезде;
3) егер бақыланатын шетелдік компания тұрақты мекемесінің қаржылық пайдасына тұрақты мекемені құрған бақыланатын шетелдік компания тіркелген мемлекетте пайда салығы 10 және одан көп пайызды құрайтын тиімді мөлшерлеме бойынша салынса;
4) егер бақыланатын шетелдік компанияның қаржылық пайдасына немесе бақыланатын шетелдік компания тұрақты мекемесінің қаржылық пайдасына сол арқылы резидент бақыланатын шетелдік компанияға қатысу үлестерін жанама иеленетін немесе жанама бақылау жасайтын бақыланатын тұлға тіркелген мемлекетте салық 10 және одан көп пайызды құрайтын тиімді мөлшерлеме бойынша салынса;
5) егер жеңілдікті салық салынатын мемлекетте тіркелген бақыланатын шетелдік компанияның қаржылық пайдасына немесе бақыланатын шетелдік компания тұрақты мекемесінің қаржылық пайдасына пайда салығы 10 және одан көп пайызды құрайтын тиімді мөлшерлеме бойынша салынса, Қазақстан Республикасында салық салудан босатылады.
Осы тармақты қолдану мақсаттары үшін резидент-жеке тұлғаның осы Кодекстің 296-бабының 2-тармағында көрсетілген растайтын құжаттары болуға тиіс.
3. Резидент-жеке тұлғаның бақыланатын шетелдік компанияның салық салынғанға дейінгі қаржылық пайдасын немесе бақыланатын шетелдік компания тұрақты мекемесінің салық салынғанға дейінгі қаржылық пайдасын мынадай сомаларға азайтуға құқығы бар:
1) бақыланатын шетелдік компанияның салық салынғанға дейінгі шоғырландырылған қаржылық пайдасында мұндай сомалар ескерілген жағдайда, еншілес ұйымдардың салық салынғанға дейінгі қаржылық пайдасының (залалының) топшілік операциялардан пайда (залалдар) сомасына, бақыланатын шетелдік компанияның шоғырландырылған қаржылық есептілігінде танылған қауымдастырылған (бірлескен) ұйымдардың кірістеріндегі үлеске азайтылған сомалары. Егер бақыланатын шетелдік компания тіркелген мемлекеттің заңнамалық актілерінде жеке шоғырландырылмаған қаржылық есептілікті жасамай, еншілес (қауымдастырылған, бірлескен) ұйымдардың деректері көрсетіле отырып, шоғырландырылған қаржылық есептілікті жасау жөніндегі міндеттеме белгіленсе, осы тармақшаның ережесі қолданылады;
2) бақыланатын шетелдік компанияның салық салынғанға дейінгі қаржылық пайдасында осы тармақшада көрсетілген салық салынатын кіріс ескерілген жағдайда, 10 және одан көп пайызды құрайтын мөлшерлеме бойынша Қазақстан Республикасында корпоративтік табыс салығы салынған, бақыланатын шетелдік компанияның филиал, өкілдік, тұрақты мекеме арқылы Қазақстан Республикасындағы кәсіпкерлік қызметінен түсетін салық салынатын кірісі;
3) бақыланатын шетелдік компанияның салық салынғанға дейінгі қаржылық пайдасы осы тармақшада көрсетілген кірісті қамтыған жағдайда, бақыланатын шетелдік компания Қазақстан Республикасындағы көздерден алған, бұрын Қазақстан Республикасында 10 және одан көп пайызды құрайтын мөлшерлеме бойынша төлем көзінен корпоративтік табыс салығы салынған, шығыстар сомасына азайтылған, тұрақты мекеме құрмай Қазақстан Республикасында қызметтер көрсетуден (жұмыстар орындаудан) түсетін кіріс.
Осы тармақшаның мақсаттары үшін шығыстар сомасы үлес пен бақыланатын шетелдік компанияның қаржылық есептілік бойынша тікелей шығыстарының жалпы сомасының көбейтіндісі ретінде пропорционалды әдіспен айқындалады. Үлес осы тармақшада көрсетілген кіріс сомасының бақыланатын шетелдік компанияның қаржылық есептілік бойынша кірістерінің жиынтық сомасына қатынасы ретінде айқындалады;
4) бақыланатын шетелдік компанияның салық салынғанға дейінгі қаржылық пайдасы осындай дивидендтерді қамтыған жағдайда, бақыланатын шетелдік компания Қазақстан Республикасындағы көздерден алған дивидендтер;
5) бақыланатын шетелдік компанияның салық салынғанға дейінгі қаржылық пайдасы осы тармақшада көрсетілген кірісті қамтыған жағдайда, бақыланатын шетелдік компания Қазақстан Республикасындағы көздерден алған, бұрын Қазақстан Республикасында 10 және одан көп пайызды құрайтын мөлшерлеме бойынша төлем көзінен корпоративтік табыс салығы салынған, осы тармақтың бірінші бөлігінің 2), 3) және 4) тармақшаларында көзделгеннен өзге кіріс;
6) мынадай формула бойынша айқындалатын шама:
дивидендтер сомасы осындай бақыланатын шетелдік компанияның бұрын есепті немесе алдыңғы салықтық кезеңде Қазақстан Республикасында жеке табыс салығы салынған қаржылық пайдасынан төленген жағдайда, басқа бақыланатын шетелдік компаниядан алынған дивидендтердің дивидендтер төлейтін бақыланатын шетелдік компанияға резиденттің жанама қатысу немесе жанама бақылау коэффициентіне көбейтілген сомасы.
Егер мұндай қаржылық пайда осы тармақтың бірінші бөлігі 6) тармақшасының екінші абзацында көрсетілген дивидендтер сомасын қамтыса, осы тармақтың бірінші бөлігінің 6) тармақшасында белгіленген азайту салық салынғанға дейінгі дивидендтерді алушы бақыланатын шетелдік компанияның қаржылық пайдасына қолданылады.
Осы тармақты қолдану мақсатында резидент-жеке тұлғаның осы Кодекстің 297-бабының 10-тармағында көрсетілген растайтын құжаттары болуға тиіс.
4. Резидент-жеке тұлға осы Кодекстің 298-бабында айқындалған тәртіппен бақыланатын шетелдік компанияға қатысу (бақылау жасау) туралы өтініш ұсынуға міндетті.
Ескертпе.
Осы бапта пайдаланылатын ұғымдар осы Кодекстің 294-бабында айқындалады.
3-параграф. Кірісті түзету
341-бап. Кірісті түзету
1. Жеке тұлғаның салық салуға жататын кірістерінен мынадай кіріс түрлерi алып тасталады (бұдан әрі - кірісті түзету):
1) балаларға және асырауындағы адамдарға алынған алименттер;
2) жеке тұлғаларға Қазақстан Республикасының аумағында тіркелген банктердегі және қаржы нарығы мен қаржы ұйымдарын реттеу, бақылау және қадағалау жөніндегі уәкілетті мемлекеттік органның лицензиясы негізінде банк операцияларының жекелеген түрлерiн жүзеге асыратын ұйымдардағы өздерінің салымдары (депозиттері) бойынша төленетiн сыйақылар;
3) борыштық бағалы қағаздар бойынша сыйақылар;
4) мемлекеттiк эмиссиялық бағалы қағаздар, агенттiк облигациялар бойынша сыйақылар;
5) мемлекеттiк эмиссиялық бағалы қағаздарды өткiзу кезінде құн өсiмiнен түсетін кірістер;
6) агенттiк облигацияларды өткiзу кезінде құн өсiмiнен түсетін кірістер;
7) бағалы қағаздар бойынша дивидендтер мен сыйақылар есепке жазу күніне Қазақстан Республикасының аумағында жұмыс істейтін қор биржасының ресми тізімінде болған осындай дивидендтер мен сыйақылар;
8) бiр мезгiлде мынадай шарттар орындалған кездегі дивидендтер:
дивидендтерді есепке жазу күніне салық төлеуші дивидендтер төленетін акцияларды немесе қатысу үлестерiн үш жылдан астам иеленеді;
дивидендтер төлейтін резидент-заңды тұлға дивидендтер төленетін кезең ішінде жер қойнауын пайдаланушы болып табылмайды;
жер қойнауын пайдаланушылар (жер қойнауын пайдаланушы) болып табылатын тұлғалардың (тұлғаның) мүлкi дивидендтер төлейтін резидент-заңды тұлға активтерінің құнында дивидендтерді төлеу күніне 50 пайыздан аз болады.
Осы тармақшаның ережелерi резидент-заңды тұлғадан:
акциялар бойынша, оның iшiнде депозитарлық қолхаттардың базалық активтерi болып табылатын акциялар бойынша төлуге жататын таза кіріс немесе оның бір бөлігі;
резидент-заңды тұлға құрылтайшылары, қатысушылары арасында бөлетiн таза кіріс немесе оның бір бөлігі;
резидент-заңды тұлға таратылған кезде немесе жарғылық капитал азайтылған кезде, сондай-ақ заңды тұлға құрылтайшыдан, қатысушыдан осы резидент-заңды тұлғаға қатысу үлесiн немесе оның бір бөлігін сатып алған кезде және осындай эмитент-заңды тұлға акционерден осы эмитент шығарған акцияларды сатып алған кезде мүлiктi бөлуден түсетiн кіріс түрiнде алынған дивидендтерге қолданылады.
Бұл ретте жер қойнауын пайдаланушылар (жер қойнауын пайдаланушы) болып табылатын тұлғалар (тұлға) мүлкінің дивидендтер төлейтін резидент-заңды тұлға активтерінің құнындағы үлесі осы Кодекстің 650-бабына сәйкес айқындалады.
Осы тармақшаның мақсатында жерасты суларын және (немесе) кең таралған пайдалы қазбаларды өз мұқтажы үшін өндіру құқығына ие болғандықтан ғана жер қойнауын пайдаланушы болып табылатын осындай пайдаланушы жер қойнауын пайдаланушы деп танылмайды.
Егер дивидендтер төлейтін резидент-заңды тұлға есептелген корпоративтік табыс салығын қызмет бойынша, оның ішінде осындай азайту көзделген инвестициялық келісімшарт шеңберінде жүзеге асырылатын қызмет бойынша 100 пайызға азайтуды жүргізсе, онда осы тармақшаның ережелері мынадай тәртіппен қолданылады:
егер тұтастай алғанда дивидендтер төлейтін резидент-заңды тұлға бойынша есептелген корпоративтік табыс салығының жалпы сомасында 100 пайызға азайтылған корпоративтік табыс салығының үлесі 50 және одан көп пайызды құраса, онда осы тармақшада көзделген, осындай заңды тұлға төлейтін дивидендтерді босату қолданылмайды;
егер тұтастай алғанда дивидендтер төлейтін резидент-заңды тұлға бойынша есептелген корпоративтік табыс салығының жалпы сомасында 100 пайызға азайтылған корпоративтік табыс салығының үлесі 50 пайыздан аз болса, онда осы тармақшада көзделген, осындай заңды тұлға төлейтін дивидендтерді босату дивидендтердің бүкіл сомасына қолданылады;
9) әскери қызмет міндеттерін орындауына байланысты әскери қызметшінің, қызметтік міндеттерін орындауына байланысты арнаулы мемлекеттік органдар қызметкерінің, құқық қорғау органдары қызметкерінің (кеден органдарының қызметкерін қоспағанда), мемлекеттік фельдъегерлік қызмет қызметкерінің кірістері;
10) әскери, арнаулы атақтарға, сыныптық шендерге ие болу және нысанды киімді киіп жүру құқықтары 2012 жылғы 1 қаңтардан бастап жойылған адамдар басқа да әскерлер мен әскери құралымдарда, құқық қорғау органдарында (кеден органдарын қоспағанда), мемлекеттік фельдъегерлік қызметте қызметтік міндеттерін орындауына байланысты алатын төлемдердің барлық түрі;
11) республикалық бюджет туралы заңда тиісті қаржы жылына белгіленген және мұндай ұтыстарды есепке жазу күніне қолданыста болатын ең төмен жалақы мөлшерінің 50 пайызы шегiнде бір лотерея бойынша ұтыс;
12) республикалық бюджет туралы заңда тиiстi қаржы жылына белгiленген және мұндай төлем күніне қолданыста болатын ең төмен жалақы мөлшерiнде бюджет және (немесе) гранттар қаражаты есебiнен жүзеге асырылатын, қоғамдық жұмыстарды орындауға және кәсiптік оқытуға байланысты төлемдер;
13) «Арал өңіріндегі экологиялық қасірет салдарынан зардап шеккен азаматтарды әлеуметтік қорғау туралы» және «Семей ядролық сынақ полигонындағы ядролық сынақтардың салдарынан зардап шеккен азаматтарды әлеуметтік қорғау туралы» Қазақстан Республикасының заңдарына сәйкес төлемдер.
Осы тармақшаның ережелері жеке тұлға мыналарды ұсынған кезде қолданылады:
«Арал өңіріндегі экологиялық қасірет салдарынан зардап шеккен азаматтарды әлеуметтік қорғау туралы» және «Семей ядролық сынақ полигонындағы ядролық сынақтардың салдарынан зардап шеккен азаматтарды әлеуметтік қорғау туралы» Қазақстан Республикасының заңдарында белгіленген шекте кірісті түзету мөлшері көрсетілген өтініш;
растайтын құжаттардың көшірмелері;
14) жеке қосалқы шаруашылықпен айналысатын әрбір тұлғаның жеке қосалқы шаруашылығынан түсетін - республикалық бюджет туралы заңда белгіленген және тиісті қаржы жылының 1 қаңтарына қолданыста болатын ең төмен жалақының 24 еселенген мөлшері шегіндегі бір жылғы кірісі.
Бұл ретте жеке қосалқы шаруашылықпен айналысатын тұлға агроөнеркәсіптік кешен саласындағы дайындаушы ұйымға, ауыл шаруашылығы кооперативіне және (немесе) ауыл шаруашылығы шикізатын қайта өңдеуді жүзеге асыратын заңды тұлғаға жеке қосалқы шаруашылықтан алған мынадай ауыл шаруашылығы өнімін өткізуден түсетін кіріс жеке қосалқы шаруашылықтан түсетін кіріс деп танылады:
тірі сауынды табын ірі қара мал;
тірі ірі қара мал;
тірі жылқы және өзге жылқы тұқымдас жануарлар;
тірі түйе және түйе тектілер;
тірі қой мен ешкі;
тірі шошқа;
тірі үй құстары;
тауықтың шағылмаған жаңа жұмыртқасы;
ірі қара малдың, шошқаның, қойдың, ешкінің, жылқының және жылқы тұқымдас жануарлардың жас немесе тоңазытылған еті;
сауынды табын ірі қара малдың шикі сүті;
үй құстарының жас немесе тоңазытылған еті;
картоп;
сәбіз;
қырыққабат;
баялды;
қызанақ;
қияр;
сарымсақ;
пияз;
қант қызылшасы;
алма;
алмұрт;
айва;
өрік;
шие;
шабдалы;
қара өрік;
ірі қара малдың, жылқы тұқымдас жануарлардың, қойдың, ешкінің түтілген жүні, терілері, иленбеген былғарысы.
Осы тармақшаны қолдану мақсатында өнім түрлерін айқындау техникалық реттеу саласындағы мемлекеттік реттеуді жүзеге асыратын уәкілетті мемлекеттік орган бекіткен Экономикалық қызмет түрлері бойынша өнім сыныптауышына сәйкес жүзеге асырылады.
Осы тармақшаның ережелерін бір ғана салық агенті - агроөнеркәсіптік кешен саласындағы дайындаушы ұйым, ауыл шаруашылығы кооперативі және (немесе) ауыл шаруашылығы шикізатын қайта өңдеуді жүзеге асыратын заңды тұлға агроөнеркәсіптік кешен саласындағы дайындаушы ұйымға, ауыл шаруашылығы кооперативіне және (немесе) ауыл шаруашылығы шикізатын қайта өңдеуді жүзеге асыратын заңды тұлғаға мынадай құжаттарды:
Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес жеке қосалқы шаруашылығының бар екендігі туралы анықтаманы;
жергілікті атқарушы органның жеке қосалқы шаруашылықта пайдаланылатын:
алаңы көрсетіле отырып, жер учаскесінің;
саны көрсетіле отырып, үй жануарларының;
саны көрсетіле отырып, үй құстарының бар екендігі туралы растауын;
салық салуға жататын кірістерге түзету қолдануға арналған өтінішті ұсынған жеке тұлғаға қатысты қолданады.
Бұл ретте құжаттар салық агентіне осындай түзету қолданылған күнтізбелік жылда кемінде бір рет ұсынылады;
15) акцияларды, резидент-заңды тұлғаға немесе Қазақстан Республикасында құрылған консорциумға қатысу үлестерін өткізу кезінде құн өсімінен түсетін кірістер. Осы тармақша бір мезгілде мынадай шарттар орындалған кезде қолданылады: