2. Мынадай:
1) адамдар тобының алдын ала сөз байласуымен;
2) бірнеше рет;
3) адам өзінің қызмет бабын пайдалана отырып;
4) ірі мөлшерде ақшаны немесе өзге мүлікті тарта отырып жасалған дәл сол іс-әрекеттер -
мүлкі тәркіленіп, белгілі бір лауазымдарды атқару немесе белгілі бір қызметпен айналысу құқығынан үш жылға дейінгі мерзімге айыра отырып, үш жылдан жеті жылға дейiнгi мерзiмге бас бостандығын шектеуге не сол мерзiмге бас бостандығынан айыруға жазаланады.
2017.03.07. № 84-VI ҚР Заңымен 3-бөлік өзгертілді (бұр.ред.қара)
3. Осы баптың бiрiншi немесе екiншi бөлiктерiнде көзделген:
1) қылмыстық топ жасаған;
2) аса ірі мөлшерде ақшаны немесе өзге мүлікті тарта отырып жасалған;
3) мемлекеттiк функцияларды орындауға уәкiлеттiк берілген адам не оған теңестiрiлген адам не лауазымды адам не жауапты мемлекеттік лауазымды атқаратын адам жасаған іс-әрекеттер, егер олар өзінің қызмет бабын пайдалануымен ұштасса, -
мүлкі тәркіленіп, белгілі бір лауазымдарды атқару немесе белгілі бір қызметпен айналысу құқығынан жеті жылға дейінгі мерзімге айыра отырып, ал 3) тармақта көзделген жағдайларда мүлкі тәркіленіп, белгілі бір лауазымдарды атқару немесе белгілі бір қызметпен айналысу құқығынан өмір бойына айыра отырып, бес жылдан он жылға дейінгі мерзімге бас бостандығынан айыруға жазаланады.
Ескерту. Қаржылық (инвестициялық) пирамиданы құруға дем берушілік немесе оған немесе оның құрылымдық бөлімшесіне басшылық ету туралы өз еркімен мәлімдеген, сондай-ақ оның қызметін ашуға немесе жолын кесуге белсенді түрде ықпал еткен, қаржылық (инвестициялық) пирамиданы ұйымдастырушыдан басқа адам, егер оның әрекеттерінде өзге қылмыс құрамы болмаса, қылмыстық жауаптылықтан босатылады.
218-бап. Қылмыстық жолмен алынған ақшаны және (немесе) өзге мүлікті заңдастыру (жылыстату)
2015.02.08. № 343-V ҚР Заңымен 1-бөлік жаңа редакцияда (бұр.ред.қара); 2016.08.04. № 489-V ҚР Заңымен 1-бөлік өзгертілді (бұр.ред.қара)
1. Қылмыстық құқық бұзушылықтардан түскен табыстар болып табылатын мүлікті конверсиялау немесе аудару түрінде мәмілелер жасасу арқылы қылмыстық жолмен алынған ақшаны және (немесе) өзге мүлікті заңды айналымға тарту не мұндай мүлікті иелену және пайдалану, егер мұндай мүліктің қылмыстық құқық бұзушылықтардан түскен табыстар болып табылатыны белгілі болса, оның шынайы сипатын, көзін, орналасқан жерін, оған билік ету, оны ауыстыру тәсілін, мүлікке құқықтарды немесе оның тиесілігін жасыру немесе жасырып қалу, сол сияқты қылмыстық жолмен алынған ақшаны және (немесе) өзге мүлікті заңдастыруға делдалдық ету,
мүлкі тәркіленіп, үш мың айлық есептiк көрсеткiшке дейiнгi мөлшерде айыппұл салуға не сол мөлшерде түзеу жұмыстарына не үш жылға дейiнгi мерзiмге бас бостандығын шектеуге не сол мерзімге бас бостандығынан айыруға жазаланады.
2. Мынадай:
1) адамдар тобының алдын ала сөз байласуымен;
2) бірнеше рет;
3) адам өзінің қызмет бабын пайдалана отырып жасаған дәл сол іс-әрекеттер -
мүлкі тәркіленіп, бес мың айлық есептiк көрсеткiшке дейiнгi мөлшерде айыппұл салуға не сол мөлшерде түзеу жұмыстарына не бес жылға дейiнгi мерзiмге бас бостандығын шектеуге не сол мерзімге бас бостандығынан айыруға жазаланады.
3. Осы баптың бiрiншi немесе екiншi бөлiктерiнде көзделген:
1) мемлекеттiк функцияларды орындауға уәкiлеттiк берілген адам не оған теңестiрiлген адам не лауазымды адам не жауапты мемлекеттік лауазымды атқаратын адам жасаған іс-әрекеттер, егер олар өзінің қызмет бабын пайдалануымен ұштасса;
2) қылмыстық топ жасаған;
3) iрi мөлшерде жасалған іс-әрекеттер, -
мүлкі тәркіленіп, ал 1) тармақта көзделген жағдайларда белгілі бір лауазымдарды атқару немесе белгілі бір қызметпен айналысу құқығынан өмір бойына айыра отырып, үш жылдан жеті жылға дейінгі мерзімге бас бостандығынан айыруға жазаланады.
Ескерту. Қылмыстық жолмен алынған ақшаны және (немесе) мүлікті заңдастыру дайындалып жатқаны не оның жасалғаны туралы өз еркімен мәлімдеген адам, егер оның әрекеттерінде осы баптың екінші немесе үшінші бөліктерінде көзделген қылмыстар немесе өзге де қылмыс құрамы болмаса, қылмыстық жауаптылықтан босатылады.
219-бап. Кредиттi заңсыз алу немесе бюджеттік кредитті мақсатсыз пайдалану
1. Дара кәсiпкердiң немесе ұйымның шаруашылық жағдайы, қаржылық жай-күйi немесе кепiл мүлкi туралы немесе кредиттi, дотацияны, кредиттеудiң жеңiлдiктi шарттарын алу үшін елеулi мәнi бар өзге де мән-жайлар туралы көрiнеу жалған мәлiметтердi банкке немесе өзге де кредиторға ұсыну арқылы дара кәсiпкердiң немесе ұйым басшысының кредитті, дотацияны не кредиттеудiң жеңiлдiктi шарттарын алуы, сол сияқты кредиттеудi, дотация берудi тоқтатуға, жеңiлдiктердi жоюға не бөлiнген кредит пен дотация мөлшерлерiн шектеуге әкеп соқтыруы мүмкін мән-жайлардың туындағаны туралы ақпаратты банкке немесе өзге кредиторға хабарламауы, егер бұл іс-әрекеттер iрi залал келтiрсе, -
екі мың айлық есептiк көрсеткiшке дейiнгi мөлшерде айыппұл салуға не сол мөлшерде түзеу жұмыстарына не екi жылға дейiнгi мерзiмге бас бостандығын шектеуге не сол мерзiмге бас бостандығынан айыруға жазаланады.
2. Бюджеттiк кредиттi нысаналы мақсаты бойынша пайдаланбау, егер бұл іс-әрекет азаматқа, ұйымға немесе мемлекетке iрi залал келтiрсе, -
екі мың айлық есептік көрсеткішке дейiнгi мөлшерде айыппұл салуға не сол мөлшерде түзеу жұмыстарына не екi жылға дейiнгi мерзiмге бас бостандығын шектеуге не сол мерзімге бас бостандығынан айыруға жазаланады.
2017.03.07. № 84-VI ҚР Заңымен ескертумен толықтырылды
Ескерту. Осы бапта көзделген іс-әрекетті алғаш рет жасаған адам залалды өз еркімен өтеген жағдайда қылмыстық жауаптылықтан босатылады.
220-бап. Облигацияларды орналастырудан алынған ақшаны мақсатсыз пайдалану
Қаржы ұйымы болып табылмайтын эмитент органдарының (эмитенттiң лауазымды адамдарының) осы эмитенттiң облигацияларын шығару проспектiсiнде белгiленген, облигацияларды орналастырудан алынған ақшаны пайдаланудың шарттары мен тәртiбiн бұзуға әкеп соққан шешiмдер қабылдауы, егер бұл іс-әрекет облигация ұстаушыларға iрi залал келтiрсе, -
белгілі бір лауазымдарды атқару немесе белгілі бір қызметпен айналысу құқығынан бес жылға дейінгі мерзімге айыра отырып немесе онсыз, екі мың айлық есептік көрсеткішке дейiнгi мөлшерде айыппұл салуға не сол мөлшерде түзеу жұмыстарына не екi жылға дейiнгi мерзiмге бас бостандығын шектеуге не сол мерзiмге бас бостандығынан айыруға жазаланады.
221-бап. Монополистiк қызмет
1. Нарық субъектiлерiнiң монополиялық жоғары (төмен) немесе келiсiлген бағаларды белгiлеуi және (немесе) ұстап тұруы, үстем немесе монополиялық жағдайға ие нарық субъектiсiнен сатып алынған тауарларды (жұмыстарды, көрсетiлетiн қызметтердi) қайта сатуға аумақтық белгiсi, сатып алушылар тобы, сатып алу шарттары, саны не бағасы бойынша шектеулер белгiлеуi, тауар нарықтарын аумақтық белгiсi, тауарлардың (жұмыстардың, көрсетiлетiн қызметтердiң) ассортиментi, олардың өткiзiлу немесе сатып алыну көлемi, сатушылар немесе сатып алушылар тобы бойынша бөлуi, сондай-ақ бәсекелестiктi шектеуге бағытталған өзге де іс-әрекеттер, егер олар азаматқа, ұйымға немесе мемлекетке iрi залал келтiрсе не нарық субъектiсiнiң iрi мөлшерде табыс алуымен ұштасса, -
бiр мың айлық есептiк көрсеткiшке дейiнгi мөлшерде айыппұл салуға не сол мөлшерде түзеу жұмыстарына не бір жылға дейiнгi мерзiмге бас бостандығын шектеуге не сол мерзімге бас бостандығынан айыруға жазаланады.
2017.03.07. № 84-VI ҚР Заңымен 2-бөлік өзгертілді (бұр.ред.қара)
2. Бiрнеше рет жасалған не адам өзінің қызмет бабын пайдаланып жасаған дәл сол іс-әрекеттер -
мүлкi тәркiленіп немесе онсыз, белгiлi бiр лауазымдарды атқару немесе белгiлi бiр қызметпен айналысу құқығынан үш жылға дейiнгi мерзiмге айыра отырып немесе онсыз, үш мың айлық есептiк көрсеткiшке дейiнгi мөлшерде айыппұл салуға не сол мөлшерде түзеу жұмыстарына не үш жылға дейінгі мерзімге бас бостандығын шектеуге не сол мерзімге бас бостандығынан айыруға жазаланады.
3. Осы баптың бiрiншi және екiншi бөлiктерiнде көзделген:
1) қылмыстық топ жасаған;
2) күш қолданып немесе оны қолдану қатерін төндіріп, сол сияқты бөтеннiң мүлкiн жойып немесе бүлдiрiп не оны жою немесе бүлдiру қатерін төндіріп жасалған іс-әрекеттер, қорқытып алу белгiлерi болмаған кезде -
мүлкi тәркiленiп немесе онсыз, үш жылдан алты жылға дейiнгi мерзiмге бас бостандығынан айыруға жазаланады.
2017.03.07. № 84-VI ҚР Заңымен ескертумен толықтырылды
Ескерту. Осы баптың бірінші бөлігінде көзделген іс-әрекетті алғаш рет жасаған адам залалды өз еркімен өтеген жағдайда қылмыстық жауаптылықтан босатылады.
222-бап. Тауар белгісін заңсыз пайдалану
2017.03.07. № 84-VI ҚР Заңымен 1-бөлік өзгертілді (бұр.ред.қара)
1. Бөтен тауар белгісін, қызмет көрсету белгісін, фирмалық атауын, тауар шығарылған жердің атауын немесе бiртектес тауарларға немесе көрсетілетін қызметтерге арналған соларға ұқсас белгіленімдерді заңсыз пайдалану, егер бұл іс-әрекет iрi залал келтiрсе, -
бір жүз елу айлық есептiк көрсеткiшке дейiнгi мөлшерде айыппұл салуға не сол мөлшерде түзеу жұмыстарына не бір жүз жиырма сағатқа дейiнгi мерзiмге қоғамдық жұмыстарға тартуға не қырық тәулікке дейінгі мерзімге қамаққа алуға жазаланады.
2017.03.07. № 84-VI ҚР Заңымен 2-бөлік өзгертілді (бұр.ред.қара)
2. Қазақстан Республикасында тiркелмеген тауар белгісіне немесе тауар шығарылған жердің атауына қатысты ескертпе таңбалауды заңсыз пайдалану, егер бұл іс-әрекет iрi залал келтiрсе, -
бір жүз айлық есептiк көрсеткiшке дейiнгi мөлшерде айыппұл салуға не сол мөлшерде түзеу жұмыстарына не тоқсан сағатқа дейiнгi мерзiмге қоғамдық жұмыстарға тартуға не қырық тәулікке дейінгі мерзімге қамаққа алуға жазаланады.
Ескерту. Осы бапта көзделген іс-әрекетті алғаш рет жасаған адам залалды өз еркімен өтеген жағдайда қылмыстық жауаптылықтан босатылады.
2015.13.11. № 400-V ҚР Заңымен (бұр.ред.қара); 2017.06.05. № 63-VІ ҚР Заңымен (бұр.ред.қара) 223-баптың тақырыбы жаңа редакцияда
223-бап. Коммерциялық не банктiк құпияны, микрокредит беру құпиясын, коллекторлық қызмет құпиясын құрайтын мәлiметтердi, сондай-ақ мүлiктi жария етумен байланысты ақпаратты заңсыз алу, жария ету немесе пайдалану
2015.13.11. № 400-V ҚР Заңымен 1-бөлік жаңа редакцияда (бұр.ред.қара); 2017.06.05. № 63-VІ ҚР Заңымен 1-бөлік өзгертілді (бұр.ред.қара)
1. Коммерциялық немесе банктік құпияны, микрокредит беру құпиясын, коллекторлық қызмет құпиясын құрайтын мәлiметтердi, сондай-ақ мүлiктi жария ету рәсімін өткізуге байланысты ақпаратты құжаттарды ұрлау, коммерциялық немесе банктік құпияны, микрокредит беру құпиясын, коллекторлық қызмет құпиясын бiлетiн адамдарды немесе олардың жақындарын параға сатып алу немесе оларды қорқыту, байланыс құралдарында ұстап алу, компьютерлiк жүйеге немесе желiге заңсыз кiру, арнайы техникалық құралдарды пайдалану арқылы, сол сияқты бұл мәлiметтердi жария ету не заңсыз пайдалану мақсатында өзге де заңсыз тәсiлмен жинау -
екі мың айлық есептiк көрсеткiшке дейiнгi мөлшерде айыппұл салуға не сол мөлшерде түзеу жұмыстарына не екi жылға дейiнгi мерзiмге бас бостандығын шектеуге не сол мерзiмге бас бостандығынан айыруға жазаланады.
2017.06.05. № 63-VІ ҚР Заңымен 2-бөлік өзгертілді (бұр.ред.қара)
2. Өзіне коммерциялық немесе банктік құпияны, микрокредит беру құпиясын, коллекторлық қызмет құпиясын құрайтын мәлiметтер қызметі немесе жұмысы бойынша сенiп тапсырылған адамның оларды иеленушісінiң келiсiмiнсiз, пайдакүнемдiк немесе өзге де жеке басының мүддесiнде жасаған және ірі залал келтірген заңсыз жария етуі немесе пайдалануы -
үш мың айлық есептiк көрсеткiшке дейiнгi мөлшерде айыппұл салуға не сол мөлшерде түзеу жұмыстарына не үш жылға дейiнгi мерзiмге бас бостандығын шектеуге не сол мерзімге бас бостандығынан айыруға жазаланады.
3. Мемлекеттiк органдардың лауазымды адамдарының ақшамен және (немесе) өзге мүлiкпен жасалған операциялар туралы қаржы мониторингi субъектiлерiнен алынған мәлiметтер мен ақпаратты заңсыз жария етуi немесе өзге де заңсыз пайдалануы, егер бұл азаматтардың немесе ұйымдардың құқықтары мен заңды мүдделерiн не қоғамның немесе мемлекеттiң заңмен қорғалатын мүдделерiн елеулi түрде бұзуға әкеп соқса, -
белгiлi бiр лауазымдарды атқару немесе белгiлi бiр қызметпен айналысу құқығынан үш жылға дейiнгi мерзiмге айыра отырып, екі мың айлық есептiк көрсеткiшке дейiнгi мөлшерде айыппұл салуға не сол мөлшерде түзеу жұмыстарына не екі жылға дейінгі мерзімге бас бостандығын шектеуге не сол мерзiмге бас бостандығынан айыруға жазаланады.
2015.13.11. № 400-V ҚР Заңымен 4-бөлікпен толықтырылды
4. Мемлекеттiк органдар лауазымды тұлғаларының, ұйымдар қызметкерлерінің «Қазақстан Республикасының азаматтарына, оралмандарға және Қазақстан Республикасында тұруға ықтиярхаты бар адамдарға олардың мүлікті жария етуіне байланысты рақымшылық жасау туралы» Қазақстан Республикасының Заңында белгіленген қызметтік міндеттерді орындауы кезінде алған ақшамен және (немесе) өзге де мүлiкпен жасалған операциялар туралы мәлiметтер мен ақпаратты олардың заңсыз жария етуі немесе өзге де заңсыз пайдалануы -
белгiлi бiр лауазымдарды атқару немесе белгiлi бiр қызметпен айналысу құқығынан үш жылға дейiнгi мерзiмге айыра отырып, екі жылға дейiнгi мерзімге бас бостандығынан айыруға жазаланады.
224-бап. Эмитенттің эмиссиялық бағалы қағаздар шығару тәртiбiн бұзуы
Эмиссиялық бағалы қағаздарды шығару проспектiсiне көрiнеу анық емес мәліметтерді енгізу, сол сияқты эмиссиялық бағалы қағаздарды орналастыру қорытындылары туралы көрiнеу анық емес есеп жасау, егер бұл іс-әрекеттер ірі залал келтірсе, -
бір мың айлық есептiк көрсеткiшке дейiнгi мөлшерде айыппұл салуға не сол мөлшерде түзеу жұмыстарына не үш жылға дейiнгi мерзiмге бас бостандығын шектеуге не сол мерзімге бас бостандығынан айыруға жазаланады.
2017.03.07. № 84-VI ҚР Заңымен 225-бап өзгертілді (бұр.ред.қара)
225-бап. Бағалы қағаздар эмитентi лауазымды адамының ақпарат бермеуi не көрiнеу жалған мәлiметтер беруi
Бағалы қағаздар эмитентi лауазымды адамдарының бағалы қағаздарды ұстаушыларға не эмитентке iрi залал келтiрген, мүлiктiк пайда табу мақсатында мемлекеттiк органдарға және бағалы қағаздарды ұстаушыларға ақпарат бермеуi не көрiнеу жалған мәлiметтер беруi -
белгiлi бiр лауазымдарды атқару немесе белгiлi бiр қызметпен айналысу құқығынан үш жылға дейiнгi мерзiмге айыра отырып немесе онсыз, екі жүз айлық есептiк көрсеткiшке дейiнгi мөлшерде айыппұл салуға не сол мөлшерде түзеу жұмыстарына не бір жүз елу сағатқа дейінгі мерзімге қоғамдық жұмыстарға тартуға не қырық бес тәулікке дейінгі мерзімге қамаққа алуға жазаланады.
226-бап. Бағалы қағаздарды ұстаушылар тiзiлiмiне көрiнеу жалған мәлiметтер енгiзу
1. Бағалы қағаздарды ұстаушылар тiзiлiмiне осы бағалы қағаздарға деген құқықтың басқа тұлғаға ауысуына әкеп соққан көрiнеу жалған мәлiметтер енгiзу -
белгiлi бiр лауазымдарды атқару немесе белгiлi бiр қызметпен айналысу құқығынан үш жылға дейiнгi мерзiмге айыра отырып, бес жүз айлық есептiк көрсеткiшке дейiнгi мөлшерде айыппұл салуға не сол мөлшерде түзеу жұмыстарына не үш жүз сағатқа дейінгі мерзімге қоғамдық жұмыстарға тартуға не тоқсан тәулікке дейінгі мерзімге қамаққа алуға жазаланады.
2. Iрi залал келтiрген дәл сол іс-әрекет -
белгiлi бiр лауазымдарды атқару немесе белгiлi бiр қызметпен айналысу құқығынан үш жылға дейiнгi мерзiмге айыра отырып, екі мың айлық есептiк көрсеткiшке дейiнгi мөлшерде айыппұл салуға не сол мөлшерде түзеу жұмыстарына не екi жылға дейiнгi мерзiмге бас бостандығын шектеуге не сол мерзiмге бас бостандығынан айыруға жазаланады.
2017.03.07. № 84-VI ҚР Заңымен 227-бап өзгертілді (бұр.ред.қара)
227-бап. Бағалы қағаздар нарығы кәсiби қатысушыларының көрiнеу жалған мәлiметтер беруi
Бағалы қағаздар нарығының кәсiби қатысушыларының iрi залал келтiрген, мүлiктiк пайда табу мақсатында мемлекеттiк органдарға және бағалы қағаздарды ұстаушыларға бағалы қағаздарды ұстаушылардың жеке шоттарындағы бағалы қағаздардың саны мен түрлерi туралы және бағалы қағаздармен жүргiзiлетiн операциялар туралы көрiнеу жалған мәлiметтер беруi -
белгiлi бiр лауазымдарды атқару немесе белгiлi бiр қызметпен айналысу құқығынан үш жылға дейiнгi мерзiмге айыра отырып немесе онсыз, екі жүз айлық есептiк көрсеткiшке дейiнгi мөлшерде айыппұл салуға не сол мөлшерде түзеу жұмыстарына не бір жүз елу сағатқа дейінгі мерзімге қоғамдық жұмыстарға тартуға не қырық бес тәулікке дейінгі мерзімге қамаққа алуға жазаланады.
228-бап. Бағалы қағаздармен операциялар жүргiзу қағидаларын бұзу
1. Iрi залал келтiрген, бағалы қағаздармен операциялар жүргiзу қағидаларын бұзу -
белгiлi бiр лауазымдарды атқару немесе белгiлi бiр қызметпен айналысу құқығынан үш жылға дейiнгi мерзiмге айыра отырып немесе онсыз, бес жүз айлық есептiк көрсеткiшке дейiнгi мөлшерде айыппұл салуға не сол мөлшерде түзеу жұмыстарына не үш жүз сағатқа дейінгі мерзімге қоғамдық жұмыстарға тартуға не тоқсан тәулікке дейінгі мерзімге қамаққа алуға жазаланады.
2. Бiрнеше рет не адамдар тобының алдын ала сөз байласуымен жасалған дәл сол іс-әрекет -
белгiлi бiр лауазымдарды атқару немесе белгiлi бiр қызметпен айналысу құқығынан үш жылға дейiнгi мерзiмге айыра отырып, үш мың айлық есептiк көрсеткiшке дейiнгi мөлшерде айыппұл салуға не сол мөлшерде түзеу жұмыстарына не үш жылға дейiнгi мерзiмге бас бостандығын шектеуге не сол мерзiмге бас бостандығынан айыруға жазаланады.
3. Осы баптың бірінші немесе екінші бөліктерінде көзделген, қылмыстық топ жасаған іс-әрекеттер -
бес жылға дейiнгi мерзiмге бас бостандығынан айыруға жазаланады.
229-бап. Бағалы қағаздар нарығында айла-шарғы жасау
1. Бағалы қағаздар нарығында айла-шарғы жасау, яғни бағалы қағаздар нарығы субъектiлерiнiң ұсыныс пен сұраныстың объективтi арақатынасы нәтижесiнде бағалы қағаздарға орныққан бағадан жоғары немесе төмен баға белгiлеуге және (немесе) ұстап тұруға не бағалы қағаз саудасының көрiнiсiн жасауға бағытталған әрекеттерi, егер бұл әрекеттер азаматқа, ұйымға немесе мемлекетке ірі залал келтірсе, -
белгiлi бiр лауазымдарды атқару немесе белгiлi бiр қызметпен айналысу құқығынан үш жылға дейiнгi мерзiмге айыра отырып немесе онсыз, бес жүз айлық есептiк көрсеткiшке дейiнгi мөлшерде айыппұл салуға не сол мөлшерде түзеу жұмыстарына не үш жүз сағатқа дейiнгi мерзiмге қоғамдық жұмыстарға тартуға не тоқсан тәулікке дейінгі мерзімге қамаққа алуға жазаланады.
2. Мынадай:
1) бірнеше рет;
2) аса ірі залал келтірген;
3) алдын ала сөз байласу арқылы адамдар тобы жасаған дәл сол іс-әрекет -
мүлкі тәркіленіп немесе онсыз, белгiлi бiр лауазымдарды атқару немесе белгiлi бiр қызметпен айналысу құқығынан үш жылға дейiнгi мерзiмге айыра отырып немесе онсыз, үш мың айлық есептiк көрсеткiшке дейiнгi мөлшерде айыппұл салуға не сол мөлшерде түзеу жұмыстарына не үш жылға дейінгі мерзімге бас бостандығын шектеуге не сол мерзімге бас бостандығынан айыруға жазаланады.
3. Осы баптың бiрiншi немесе екiншi бөлiктерiнде көзделген, қылмыстық топ жасаған іс-әрекеттер -
мүлкi тәркiленiп, бес жылға дейiнгi мерзiмге бас бостандығынан айыруға жазаланады.
230-бап. Инсайдерлік ақпаратқа қатысты заңсыз әрекеттер
1. Бағалы қағаздармен (туынды қаржы құралдарымен) мәміле (мәмілелер) жасасу кезінде инсайдерлік ақпаратты қасақана пайдалану немесе үшінші тұлғаларға инсайдерлік ақпаратты қасақана заңсыз беру не үшінші тұлғаларға инсайдерлік ақпаратқа қолжетімділікті қасақана заңсыз беру, сол сияқты инсайдерлік ақпаратқа негізделген, бағалы қағаздармен (туынды қаржы құралдарымен) мәміле (мәмілелер) жасасу туралы ұсынымдарды үшінші тұлғаларға қасақана беру, егер бұл іс-әрекеттер азаматқа, ұйымға немесе мемлекетке ірі залал келтірсе, -
белгiлi бiр лауазымдарды атқару немесе белгiлi бiр қызметпен айналысу құқығынан үш жылға дейiнгi мерзiмге айыра отырып немесе онсыз, бес жүз айлық есептік көрсеткішке дейінгі мөлшерде айыппұл салуға не сол мөлшерде түзеу жұмыстарына не үш жүз сағатқа дейiнгi мерзiмге қоғамдық жұмыстарға тартуға не тоқсан тәулікке дейінгі мерзімге қамаққа алуға жазаланады.
2. Мынадай:
1) алдын ала сөз байласу арқылы адамдар тобы жасаған:
2) аса ірі залал келтірген;
3) адам өзiнiң қызмет бабын пайдалана отырып жасаған дәл сол іс-әрекеттер -
мүлкі тәркіленіп немесе онсыз, белгiлi бiр лауазымдарды атқару немесе белгiлi бiр қызметпен айналысу құқығынан үш жылға дейiнгi мерзiмге айыра отырып немесе онсыз, үш мың айлық есептiк көрсеткiшке дейiнгi мөлшерде айыппұл салуға не сол мөлшерде түзеу жұмыстарына не үш жылға дейінгі мерзімге бас бостандығын шектеуге не сол мерзімге бас бостандығынан айыруға жазаланады.
3. Осы баптың бiрiншi немесе екiншi бөлiктерiнде көзделген, қылмыстық топ жасаған іс-әрекеттер -
мүлкi тәркiленiп, бес жылға дейiнгi мерзiмге бас бостандығынан айыруға жазаланады.
231-бап. Жалған ақша немесе бағалы қағаздар жасау, сақтау, алып өту немесе өткізу
1. Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкiнiң жалған банкноттары мен монеталарын, мемлекеттiк бағалы қағаздарды немесе Қазақстан Республикасының валютасындағы басқа да бағалы қағаздарды не шетел валютасын немесе шетел валютасындағы бағалы қағаздарды өткізу мақсатында жасау немесе сақтау, өткізу -
мүлкi тәркiленiп немесе онсыз, бес жылға дейiнгi мерзiмге бас бостандығынан айыруға жазаланады.
2. Мынадай:
1) адамдар тобының алдын ала сөз байласуымен;
2) бiрнеше рет;
3) iрi мөлшерде;
4) Қазақстан Республикасының Мемлекеттік шекарасы арқылы алып өтіп жасалған дәл сол іс-әрекеттер -
мүлкi тәркiленiп, бес жылдан он жылға дейiнгi мерзiмге бас бостандығынан айыруға жазаланады.
3. Осы баптың бiрiншi немесе екiншi бөлiктерiнде көзделген, қылмыстық топ жасаған іс-әрекеттер -
мүлкi тәркiленiп, сегiз жылдан он екі жылға дейiнгi мерзiмге бас бостандығынан айыруға жазаланады.
232-бап. Жалған төлем карточкалары мен өзге де төлем және есеп айырысу құжаттарын жасау немесе өткізу
1. Жалған төлем карточкаларын, сондай-ақ бағалы қағаздар болып табылмайтын өзге де төлем және есеп айырысу құжаттарын өткізу мақсатында жасау немесе өткізу -
мүлкі тәркіленіп, үш жылға дейiнгi мерзiмге бас бостандығынан айыруға жазаланады.
2017.03.07. № 84-VI ҚР Заңымен 2-бөлік өзгертілді (бұр.ред.қара)
2. Бiрнеше рет жасалған немесе қылмыстық топ жасаған дәл сол іс-әрекеттер -
мүлкi тәркiленiп, үш жылдан алты жылға дейiнгi мерзiмге бас бостандығынан айыруға жазаланады.
233-бап. Акцизделетiн тауарларды акциздiк маркалармен және (немесе) есепке алу-бақылау маркаларымен таңбалаудың тәртiбi мен қағидаларын бұзу, акциздiк маркаларды және (немесе) есепке алу-бақылау маркаларын қолдан жасау және пайдалану
1. Айтарлықтай залал келтiруге әкеп соққан, акцизделетiн тауарларды акциздiк маркалармен және (немесе) есепке алу-бақылау маркаларымен таңбалаудың тәртiбi мен қағидаларын бұзу -
мүлкі тәркіленіп немесе онсыз, белгiлi бiр лауазымдарды атқару немесе белгiлi бiр қызметпен айналысу құқығынан үш жылға дейiнгі мерзімге айыра отырып немесе онсыз, екі мың айлық есептiк көрсеткiшке дейiнгi мөлшерде айыппұл салуға не сол мөлшерде түзеу жұмыстарына не екi жылға дейiнгi мерзiмге бас бостандығын шектеуге не сол мерзiмге бас бостандығынан айыруға жазаланады.
2. Көрiнеу жалған акциздiк маркаларды және (немесе) есепке алу-бақылау маркаларын өткiзу мақсатында жасау немесе иемдену, сол сияқты пайдалану немесе өткізу -
мүлкі тәркіленіп немесе онсыз, белгiлi бiр лауазымдарды атқару немесе белгiлi бiр қызметпен айналысу құқығынан үш жылға дейiнгі мерзімге айыра отырып немесе онсыз, үш мың айлық есептiк көрсеткiшке дейiнгi мөлшерде айыппұл салуға не сол мөлшерде түзеу жұмыстарына не үш жылға дейiнгi мерзiмге бас бостандығын шектеуге не сол мерзiмге бас бостандығынан айыруға жазаланады.
2017.03.07. № 84-VI ҚР Заңымен ескертумен толықтырылды
Ескерту. Осы бапта көзделген іс-әрекетті алғаш рет жасаған адам залалды өз еркімен өтеген жағдайда қылмыстық жауаптылықтан босатылады.
234-бап. Экономикалық контрабанда
2017.03.07. № 84-VI ҚР Заңымен 1-бөлік өзгертілді (бұр.ред.қара)
1. Кедендік бақылаудан тыс немесе одан жасырын не құжаттарды немесе кедендiк сәйкестендiру құралдарын алдап пайдалану арқылы жасалған не декларациялаусыз немесе анық емес декларациялаумен ұштасқан, iрi мөлшерде тауарларды немесе өзге де заттарды, оның ішінде осы Кодекстiң 286-бабында көрсетiлгендерiн қоспағанда, кедендiк шекара арқылы өткiзуге тыйым салынған немесе өткiзу шектелген, кедендiк шекара арқылы өткiзудiң арнайы қағидалары белгiленген тауарларды, заттар мен құндылықтарды Кеден одағының кедендiк шекарасы арқылы өткiзу -
мүлкі тәркіленіп, екі жүз мың айлық есептiк көрсеткiшке дейiнгi мөлшерде айыппұл салуға не сол мөлшерде түзеу жұмыстарына не бір жүз елу сағатқа дейінгі мерзімге қоғамдық жұмыстарға тартуға не қырық бес тәулікке дейінгі мерзімге қамаққа алуға жазаланады.