3. Төрешілер тізілімін жүргізу және оны пайдалану қағидаларын Төрелік палата бекітеді.
16-бап. Тұрақты жұмыс iстейтiн төрелік қызметiнiң шарттары
1. Тұрақты жұмыс iстейтiн төрелік өзінің төрешiлерiнiң тізілімін жүргізеді. Заңды мекенжайын және регламентін қоса алғанда, тұрақты жұмыс iстейтiн төрелік туралы ақпарат, сондай-ақ төрешілердің тізілімі жеке және заңды тұлғалардың еркін танысуы үшін бұқаралық ақпарат құралдарында, оның ішінде интернет-ресурстарда орналастырылады. Төреліктің шешімдері туралы ақпарат дау тараптарының келісімі болған кезде орналастырылады.
2019.21.01. № 217-VІ ҚР Заңымен 2-тармақ өзгертілді (бұр.ред.қара)
2. Тұрақты жұмыс iстейтiн төрелік өзінің регламентінде айқындалған тәртіппен қаралған даулар бойынша істерді сақтауды жүзеге асырады.
17-бап. Төрешiден бас тарту
1. Төрешi осы Заңның 13-бабының талаптарына сәйкес келмеген жағдайда, тараптар төрешiден бас тарту туралы мәлiмдеуi мүмкiн.
2. Төрешінің турашылдығына және (немесе) құзыреттілігіне күмән туғызатын мынадай мән-жайлар, егер:
1) төрешімен тығыз байланысты адам дау тарапы болып табылса немесе төреші дауды қараудың нәтижесіне қарай басқадай тұрғыда өзіне елеулі пайданы немесе залалды күтетін болса;
2) төреші немесе онымен тығыз байланысты адам дау тарапы болып табылатын заңды тұлғаның, оның филиалының немесе өкілдігінің жетекшісі болып табылса немесе басқадай тұрғыда тарапты немесе дауды қараудың нәтижесіне қарай елеулі пайданы немесе залалды күтетін адамды білдіретін болса;
3) төреші сарапшы ретінде болса немесе өзгеше тұрғыда даудағы өз ұстанымын алдын ала айқындап қойған болса немесе тараптың ұстанымын алдын ала дайындауда немесе жазып беруде тарап жағына жәрдем көрсеткен болса;
4) төреші осы істі қарауға байланысты осы Заңда көзделмеген сыйақы алса немесе оны талап етсе;
5) төреші төрелік талқылау мерзімдерін негізсіз сақтамайтын болса, төрешiден бас тартуға негіз болып табылады.
Осы Заңның мақсаттары үшін, егер адам төрешінің жұбайы (зайыбы) немесе оның жақын туысы, жекжаты не тұрақты жұмыс істейтін төреліктің қызметкері болып табылатын, төрешімен еңбек немесе өзге шарттық қатынастарда тұратын немесе оның төрешіге тәуелділігін куәландыратын өзге де байланысы бар адам, етене байланыстағы адам болып табылады.
3. Қандай да бiр жеке адамға оның төрешi етiп сайлану (тағайындалу) мүмкiндiгiне байланысты өтініш білдірiлген жағдайда аталған адам осы Заңның 13-бабына сәйкес одан бас тарту үшiн негiз болып табылатын мән-жайлардың бар екендiгі туралы хабарлауға тиiс. Егер аталған мән-жайлар төрелiк талқылау кезiнде туындаған жағдайда төрешi бұл туралы тараптарға кiдiрiссiз хабарлауға және өздiгiнен бас тартатыны туралы мәлiмдеуге тиiс.
4. Егер бас тарту үшiн негiз болып табылатын мән-жайлар тарапқа осы істі қарау үшін төрелік құрамын қалыптастырғаннан кейін ғана белгiлi болған жағдайда, ол осы бапқа сәйкес өзi сайлаған төрешiден бас тарту туралы мәлiмдеуi мүмкiн.
5. Тұрақты жұмыс істейтін төрелiкте төрешiден бас тарту рәсiмi оның регламентiнде айқындалуы мүмкiн.
6. Төрелiкте нақты дауды шешу үшiн төрешiден бас тарту рәсiмiн тараптар келiсуi мүмкiн.
7. Егер төрешiден бас тарту рәсiмi тараптармен келiсiлмесе немесе тұрақты жұмыс істейтін төрелiктiң регламентiнде айқындалмаса, онда тарап төрешiден бас тарту туралы жазбаша дәлелдi өтiнiштi төрешiден бас тарту үшiн негiз болып табылатын мән-жайлар өзiне белгiлi болғаннан кейiн күнтiзбелiк отыз күн iшiнде төрелiкке беруге тиiс.
Егер өзiне бас тарту мәлiмделген төрешi оны қанағаттандырудан бас тартса немесе тараптардың бiрi төрешiден бас тартумен келiспесе, онда төрелiктiң құрамына кiретiн төрешiлер тараптың жазбаша дәлелдi өтiнiшi алынған кезден бастап күнтізбелік он күн ішінде бас тарту туралы мәселенi шешедi.
Дауды жеке-дара қарайтын төрешiден бас тарту туралы мәселенi сол төрешi шешедi.
Егер дауды жеке-дара қарайтын төрешi тараптардың бiрiнiң немесе екеуiнiң де бас тарту туралы өтiнiшiн қанағаттандырудан бас тартса немесе тараптардың бiрi төрешiден бас тартумен келiспесе, онда тараптар бас тарту туралы мәселенi төреліктің осы құрамының төрелiк талқылауды тоқтатуы туралы келiсiм қабылдау арқылы шешедi.
18-бап. Төрешінің өкілеттіктерін тоқтату
1. Төрешінің өкілеттіктері тараптардың келісімі бойынша осы Заңның 17-бабында көзделген негіздер бойынша, сондай-ақ өз өкілеттіктерін дауды қарау бойынша белгіленген мерзім ішінде орындамаған немесе ауруы бойынша, қайтыс болуына не дауды қарау бойынша өз өкілеттіктерінен бас тартуына байланысты өз міндеттерін жүзеге асыруға қабілетсіз болған жағдайда, тоқтатылуы мүмкін.
Осы тармақтың бірінші бөлігінде көрсетілген негіздердің қайсыбіріне қатысты келіспеушілік болған жағдайда, кез келген тарап тұрақты жұмыс істейтін төрелік басшысына төрешінің өкілеттіктерін тоқтатуға қатысты шешім қабылдау туралы өтінішхатпен жүгінуі мүмкін.
Төрешінің өкілеттіктерін тоқтатуға қатысты шешімнің күші жойылуға жатпайды.
2. Төрелік құрамының өкілеттіктері тоқтатылған жағдайда, қарауда жатқан дау бойынша іс жүргізу басқа төрелік құрамын сайлағанға (тағайындағанға) дейін тоқтатыла тұрады.
3. Төрешінің өкілеттіктері нақты іс бойынша шешім күшіне енгеннен кейін немесе егер тараптар мұндай тоқтатуға қатысты уағдаласқан жағдайда тоқтатылады. Осы Заңның 50 және 51-баптарында көзделген жағдайларда төрешінің өкілеттіктері қайта басталады, ал бұдан соң аталған баптарда көзделген процестік әрекеттер жасалғаннан кейін тоқтатылады.
19-бап. Төрешіні ауыстыру
Төрешінің өкілеттіктері тоқтатылған жағдайда, ауыстырылатын төрешіні сайлау (тағайындау) кезінде қолданылған қағидаларға сәйкес басқа төреші сайланады (тағайындалады).
Ауыстыру тәртібімен сайланған (тағайындалған) төреші іс бойынша қайта тыңдауды тағайындауға құқылы.
4-тарау. ТӨРЕЛІК ТАЛҚЫЛАУДЫ ЖҮРГІЗУ
20-бап. Төреліктің өз құзыреті туралы қаулы шығаруға және талап қоюды қамтамасыз ету жөнінде шаралар қабылдау туралы нұсқау беруге құқығы
1. Төрелік өзіне шешуге берілген дауды қарауға өкiлеттiктepi (юрисдикциясы) бар немесе жоқ екендiгi туралы мәселенi, оның iшiнде тараптардың бiрi төрелiк келiсiм жарамсыз деген себеппен төрелiк талқылауға қарсылық бiлдiрген жағдайда дербес шешедi. Бұл мақсат үшін шарттың бір бөлігі болып табылатын төрелік ескертпе, шарттың басқа талаптарына тәуелді емес келісім ретінде түсіндіріледі. Төреліктің шарттың жарамсыздығы туралы шешім шығаруы төрелік ескертпенің жарамсыздығына әкеп соқпайды.
2. Тарап даудың мәнi бойынша алғашқы өтiнiш берiлгенге дейiн төрелiктiң өзiне шешуге берiлген дауды қарауға төрелiктің өкiлеттiктерi жоқ екенi туралы мәлiмдеуге құқылы.
3. Егер төрелiк талқылау барысында қаралуы төрелiк келiсiмде көзделмеген мәселе төрелiк талқылаудың нысанасына айналса, не ол осы iс қарауда қолданылатын құқық нормаларына немесе төрелiк талқылау қағидаларына сәйкес төрелiк талқылаудың нысанасы бола алмаса, тарап төрелiктiң өз өкiлеттiктерiн асыра пайдаланғаны туралы мәлiмдеуге құқылы.
2019.21.01. № 217-VІ ҚР Заңымен 4-тармақ өзгертілді (бұр.ред.қара)
4. Егер регламентте немесе тараптардың келісімінде өзгеше белгіленбесе, төрелік осы баптың 2 және 3-тармақтарына сәйкес жасалған өтiнiштi күнтізбелік он күн ішінде қарауға мiндеттi. Өтiнiштi қарау нәтижелерi бойынша ұйғарым шығарылады.
5. Егер төрелiк өзiнiң құзыретi туралы мәселенi қарау кезiнде төрелiктiң дауды қарауға өкiлеттiктерi жоқтығы туралы ұйғарым шығарса, онда төрелiк дауды мәнi бойынша қарай алмайды.
6. Егер тараптар өзге жөнінде уағдаласпаса, онда төрелік кез келген тараптың өтiнiшi бойынша қандай да бiр тараптың даудың нысанасына қатысты талап қоюды қамтамасыз етуі жөнiнде өзi қажет деп есептеген осындай шаралар қабылдауы туралы нұсқау бере алады, бұл туралы ұйғарым шығарады.
21-бап. Төрелiк талқылау қағидаларын айқындау
1. Төрелiк талқылауды тұрақты жұмыс iстейтiн төрелік өзiнiң регламентiне және төрелiк келісімге сәйкес жүзеге асырады.
2019.21.01. № 217-VІ ҚР Заңымен 2-тармақ өзгертілді (бұр.ред.қара)
2. Төрелiк нақты дауды шешу үшiн төрелік талқылауды тараптармен келiсiлген қағидаларға сәйкес жүзеге асырады.
2019.21.01. № 217-VІ ҚР Заңымен 2-1-тармақпен толықтырылды
2-1. Тұрақты жұмыс iстейтiн төреліктiң регламентiнде, сондай-ақ осы Заңның ережелерiнде айқындалмаған және тараптармен келiсiлмеген төрелік талқылау қағидаларын төрелік айқындайды.
3. Төрелiк құрамына берілген өкiлеттiктер кез келген дәлелдемеге жол берушілікті, оның қатыстылығын, мәнін және маңызын айқындауға арналған өкiлеттiктерді қамтиды.
2019.21.01. № 217-VІ ҚР Заңымен 22-бап жаңа редакцияда (бұр.ред.қара)
22-бап. Төрелік талқылаудың орны
Тараптар төрелік талқылаудың орнын өз қалауы бойынша айқындай алады. Мұндай уағдаластық болмаған кезде төрелік талқылаудың орнын тараптар үшiн қолайлылық факторын қоса алғанда, iстiң мән-жайларын ескере отырып төрелік құрамы айқындайды.
23-бап. Талап арыз
1. Талап қоюшы өзiнiң талаптарын талап арызда баяндайды, ол төрелікке жазбаша нысанда берiледi. Талап арыздың көшiрмесi жауапкерге берiледi.
2. Талап арызда:
1) талап арыздың берiлген күнi;
2) тараптардың атауы, олардың пошта мекенжайы және банк деректемелерi;
3) төрелікке жүгiну негiздемесi;
4) талап қоюшының талаптары;
5) талап қоюшы өзiнiң талаптарын негiздеген мән-жайлар;
6) талап қою талаптарының негiздерiн растайтын дәлелдемелер;
7) егер талап қою бағалануға жатса, талап қоюдың бағасы;
8) талап арызға қоса берiлетiн құжаттар мен өзге де материалдардың тiзбесi көрсетiлуге тиiс.
Талап арызға талап қоюшы немесе сенiмхаттың немесе өкiлдiң өкiлеттiгiн куәландыратын өзге құжаттың түпнұсқасы қоса берiле отырып, оның өкiлi қол қоюға тиiс.
3. Төрелiктiң регламентiнде талап арыздың мазмұнына қосымша талаптар көзделуi мүмкін.
2019.21.01. № 217-VІ ҚР Заңымен 4-тармақпен толықтырылды
4. Төрелік талқылау барысында тарап өзiнiң талап қою талаптарын өзгертуге немесе толықтыруға құқылы.
24-бап. Талап арызға пiкiр
1. Жауапкер талап арызға пікірінде өзiнiң талап қоюға қарсылықтарын баяндай отырып, оны талап қоюшыға және төрелікке ұсынуға құқылы. Талап арызға пiкiр төреліктiң регламентiнде немесе тараптардың келісімінде көзделген тәртiппен және мерзiмдерде талап қоюшыға және төрелікке берiледi.
Егер төреліктiң регламентiнде талап арызға пiкiр беру мерзiмi айқындалмаса, онда көрсетiлген пiкiр төреліктiң бiрiншi отырысына дейін кемiнде күнтiзбелiк он күн қалғанда ұсынылады.
2019.21.01. № 217-VІ ҚР Заңымен 2-тармақ жаңа редакцияда (бұр.ред.қара)
2. Төрелік талқылау барысында тарап талап қоюға қарсы өзiнiң қарсылықтарын өзгертуге және (немесе) толықтыруға құқылы.
2019.21.01. № 217-VІ ҚР Заңымен 3-тармақпен толықтырылды
3. Жауапкердің пікір ұсынбауы дауды қарауға кедергі бола алмайды.
25-бап. 2019.21.01. № 217-VІ ҚР Заңымен алып тасталды (бұр.ред.қара)
26-бап. Төрелiк талқылаудың басталуы
2019.21.01. № 217-VІ ҚР Заңымен 1-тармақ жаңа редакцияда (бұр.ред.қара)
1. Егер тараптардың келiсімінде немесе регламентте өзгеше көзделмесе, төрелiк талап қою арызын қабылдап, күнтізбелік он күн ішінде төрелік регламентiне немесе тараптар келiскен қағидаларға сәйкес төрелік талқылауды қозғау туралы ұйғарым шығарады, тараптарға оның қаралатын орны туралы хабарлайды, жауапкерге талап қою арызына жазбаша пiкiр берудi ұсынады.
2. Егер тараптар өзге жөнінде уағдаласпаса, нақты дауға қатысты төрелiк талқылау осы дауды төрелiкке беру туралы өтінішті жауапкер алған күні басталады.
2019.21.01. № 217-VІ ҚР Заңымен 3-тармақ өзгертілді (бұр.ред.қара)
3. Егер тараптар өзге жөнiнде уағдаласпаса, төрелік тараптарға төрелік отырысының уақыты мен орны туралы алдын ала және тиiстi түрде хабарлама тапсыруға мiндеттi.
4. Егер тараптар өзге жөнінде уағдаласпаса, онда тараптардың бiрi төрелікке ұсынатын барлық құжаттардың, материалдардың көшiрмелерi мен ақпаратты төрелік олар төрелікке келiп түскен күннен бастап күнтiзбелiк жетi күн iшiнде екiншi тарапқа беруге тиiс. Төрелiк сараптамалық қорытындыларды тараптарға төрелік талқылау басталғанға дейiн беруге тиiс.
2019.21.01. № 217-VІ ҚР Заңымен 5-тармақпен толықтырылды
5. Егер тараптардың келiсімінде өзгеше көзделмесе, төрелiк дәлелдемелер ұсыну үшін немесе ауызша жарыссөздер үшін істі ауызша тыңдауды өткізу-өткізбеу не талқылауды құжаттар мен басқа да материалдар негізінде ғана жүзеге асыру туралы шешім қабылдайды. Егер тараптар ауызша тыңдауды өткізуге уағдаласпаса, төрелiк мұндай тыңдауды тараптардың кез келгенінің өтінуі бойынша талқылаудың тиiстi сатысында өткізуге тиіс.
27-бап. Талап арызды қайтару
1. Төрелiк егер:
1) тараптар арасында төрелік келісім болмаса;
2) талап қою төрелік келiсiмде көзделмеген төрелікке берiлсе;
3) талап қоюдың нысанасы төрелік келiсiмнiң шеңберiнен тыс болса;
4) төрелік келісімнің қатысушылары болып табылмайтын үшінші тұлғалардың мүдделерін қозғаса;
5) талап арызға қол қоюға өкiлеттiктерi жоқ адам қол қойса;
6) талап қоюшы талап арызды қайтарып алу туралы өтініш берсе;
7) осы немесе басқа төреліктің іс жүргізуінде сол тараптар арасындағы сол нысана туралы және сол негіздер бойынша дау жөнінде іс бар болса, талап арызды қайтарады.
2. Талап арыз қайтарылған кезде төрелік дәлелді ұйғарым шығарады.
3. Арыздың қайтарылуы талап қоюшының сол жауапкерге сол нысана туралы және сол негіздер бойынша талап қойып, Қазақстан Республикасының заңнамалық актілерінде, тиісті тұрақты жұмыс істейтін төреліктің регламентінде немесе тараптардың келісімінде белгіленген талаптарды сақтай отырып, төрелікке қайтадан жүгінуіне кедергі келтірмейді.
28-бап. Төрелік талқылаудың тілі
1. Тараптар төрелік талқылау барысында пайданылатын тiл немесе тiлдер туралы өз қалаулары бойынша уағдаласуы мүмкін. Мұндай уағдаластық болмағанда төрелік талқылау тілі төрелікке талап арыз қай тілде берілуіне байланысты не төрелік келісімінің тілінде төреліктің ұйғарымымен белгіленеді.
Егер істі қарауға дайындау барысында төрелікте өкілі талап арыз берген тілді талап қоюшының меңгермегені анықталса, онда талап қоюшының жазбаша өтінішхаты бойынша төрелік талқылаудың тілін өзгерту туралы ұйғарым шығарады.
Төрелiк талқылау жүргiзiлiп отырған тiлдi меңгермеген iске қатысушы адамдарға аудармашы арқылы iс материалдарымен танысу, төрелік талқылауға қатысу құқығы, төрелікте ана тiлiнде сөйлеу құқығы қамтамасыз етiледi. Бұл ретте тарап аудармашының төрелік талқылауға қатысуын дербес қамтамасыз етеді.
2. Құжаттар мен өзге де материалдарды төрелік талқылау тiлiнде (тiлдерiнде) ұсынбаған тарап олардың аудармасын қамтамасыз етедi, бұл ретте төреліктiң регламентiнде не тараптардың келiсiмiнде қосымша талаптар айқындалуы мүмкін.
3. Төрелiк тараптардан құжаттар мен өзге де материалдардың төрелік талқылау тiлiндегi (тiлдерiндегi) аудармасын талап ете алады.
4. Төреліктің құжаттары және өзге де материалдары іске қатысушы адамдарға төрелік талқылаудың тілінде табыс етіледі.
29-бап. Құжаттарды ұсынбау немесе тараптардың келмей қалуы
1. Құжаттар мен өзге де материалдарды ұсынбау, оның iшiнде төрелік отырысының уақыты мен орны туралы тиiстi түрде хабардар етiлген тараптардың бiрiнiң немесе олардың өкiлдерiнiң төрелік отырысына келмей қалуы, егер құжаттар мен өзге де материалдардың ұсынылмау себептерiн немесе тараптардың төрелік отырысына келмей қалуын ол дәлелсiз деп таныса, ұсынылып отырған материалдар мен дәлелдемелер негiзiнде төрелік талқылау және төреліктiң шешiм қабылдауы үшiн кедергi болып табылмайды.
2. Жауапкердiң талап қоюға қарсылықтар ұсынбауын талап қоюшының талаптарын тану ретiнде қарауға болмайды.
30-бап. Тараптардың жазбаша хабарламаларды алуы
Егер тараптар өзге жөнінде уағдаласпаса:
2019.21.01. № 217-VІ ҚР Заңымен 1) тармақша өзгертілді (бұр.ред.қара)
1) егер кез келген жазбаша хабарлама адресатқа тұрақты тұрғылықты жерi немесе пошта мекенжайы бойынша жеткізілсе, ол алынды деп есептеледi, мұндайларды ақылға қонымды анықтама жүргізу арқылы анықтау мүмкін болмаса, егер ол соңғы белгiлi тұратын жерiне тапсырыс хатпен тапсырылғаны туралы хабарламасы бар тапсырыс хат, телефонограмма немесе жеделхат, ұялы байланыстың абоненттік нөмірі немесе элекрондық мекенжайы бойынша, сондай-ақ хабарлауды тiркеудi қамтамасыз ететiн өзге де байланыс құралдарын пайдалану арқылы жiберiлсе, жазбаша хабарлама алынды деп есептеледi;
2) жазбаша хабарлама осындай жеткiзiлген күнi алынды деп есептеледi.
31-бап. Тараптардың құқықтары
Төрелiк талқылауға қатысушы тараптардың:
1) iс материалдарымен танысуға және осы материалдардан көшiрмелер алуға;
2) дәлелдемелердi ұсынуға;
3) өтiнiш бiлдiруге, төрешiлерден бас тартуға;
4) процеске қатысушыларға сұрақтар қоюға, ауызша және жазбаша түсiнiктемелер беруге;
5) процесс барысында туындайтын барлық мәселелер бойынша өз дәлелдерiн ұсынуға;
6) басқа тараптың өтiнiштерiне және дәлелдерiне қарсылық бiлдiруге;
7) төрелік отырыс хаттамасымен танысуға және ол бойынша жазбаша ескертулер беруге;
8) Қазақстан Республикасының заңнамалық актілеріне сәйкес сот алдында төреліктiң шешiмiн мәжбүрлеп орындату туралы өтiнiш беруге;
9) осы Заңда белгiленген жағдайларда төреліктiң шешiмiн бұзу туралы өтініш беруге;
10) істі бітімгершілік келісімімен немесе дауды (жанжалды) медиация тәртібімен реттеу туралы келісіммен аяқтауға құқығы бар.
32-бап. Тараптардың төрелік отырысқа қатысуы
1. Әрбiр тарапқа өз ұстанымын баяндау және өзiнiң құқықтары мен мүдделерiн қорғау үшiн тең мүмкіндiктер берiлуге тиiс.
2. Егер тараптар өзге жөнінде уағдаласпаса, онда төрелік талқылау тараптардың және (немесе) олардың өкiлдерiнiң қатысуымен төреліктiң жабық отырысында жүзеге асырылады.
Тараптар өкiлдерiнiң өкiлеттiктерi Қазақстан Республикасының заңнамасында көзделген талаптар сақтала отырып ресiмделуге тиiс.
3. Төреліктің отырысы (оның бөлігі) тараптардың өтінішімен не төреліктің бастамашылығымен бейнеконференция байланысы мен өзге де бағдарламалар, техникалық құралдар пайдаланыла отырып өткізілуі мүмкін.
Бұл ретте осы Заңның 22-бабына сәйкес айқындалған төрелік талқылаудың орны отырыс өткізу, шешім шығару орны болып табылады.
33-бап. Дәлелдемелерді ұсыну және зерттеу
1. Әрбiр тарап өз талаптары мен қарсылықтарының негiздемесi ретiнде сiлтеме жасайтын мән-жайларды дәлелдеуге тиiс. Төрешi, егер ұсынылған дәлелдемелерді жеткiлiксiз деп тапса, тараптарға қосымша дәлелдемелер табыс етудi ұсынуға құқылы.
2. Төрешілер, егер тараптар ұсынған дәлелдемелердің дауға қатысы болмаса немесе мұндай дәлелдемелердің ұсынылған уақыты ескеріле отырып бас тарту орынды болып табылса, дәлелдемелерді қабылдаудан бас тартуға құқылы.
3. Төрешi iс бойынша қолда бар барлық дәлелдемелердi тiкелей зерттеуге мiндеттi.
34-бап. Төрелік тағайындаған сарапшы
1. Егер төрелік талқылауға қатысушы тараптар өзге жөнінде уағдаласпаса, төрелік:
1) төрелік айқындайтын нақты мәселелер бойынша өзiне қорытындылар беруi үшiн бiр немесе бiрнеше сарапшы тағайындауы;
2) тараптан iске қатысты кез келген ақпаратты сарапшыға ұсынуын не оған iске қатысты құжаттардың, тауарлардың немесе басқа да мүлiктiң тексерiп қарау үшiн ұсынылуын немесе тексерiп қарауға мүмкіндiк берiлуiн талап eтуi;
3) егер бұл мәселелерді тараптар арнайы ескертпесе, сараптама жүргізу және сарапшының қатысуына ақы төлеуге арналған шығыстарды бөлуді қоса алғанда, төрелік талқылауға сарапшының қатысуына қатысты өзге де мәселелерді шешуі мүмкін.
2. Сараптамалық қорытынды жазбаша нысанда беріледі.
3. Тараптардың өзге жөнінде уағдаластығы болмаған кезде, егер тарап бұл туралы өтiнсе немесе төрелік оны қажет деп есептесе, сарапшы өзiнiң жазбаша қорытындысын ұсынғаннан кейiн тыңдауға қатысуға тиiс, онда тараптарға оған сұрақтар қою және даулы мәселелер бойынша айғақтар беру үшiн мамандар ұсыну мүмкіндiгi берiледi.
35-бап. Істі төрелік талқылауға дайындау, дауларды қарау және шешу мерзімдері
1. Егер регламентте немесе тараптардың келісімінде өзге мерзім белгіленбесе, істерді төрелік талқылауға дайындау арыз қабылданған күннен бастап күнтізбелік он бес күннен кешіктірілмей жүргізілуге тиіс. Аса күрделі істер бойынша ерекше жағдайларда бұл мерзім төрешінің дәлелді ұйғарымы бойынша бір айға дейін ұзартылуы мүмкін.
2. Егер регламентте немесе тараптардың келісімінде өзге мерзім белгіленбесе, төрелік дауларды төрелік талқылауға істерді дайындау аяқталған күннен бастап екі айға дейінгі мерзімде қарайды және шешеді.
3. Қаралып жатқан даудың күрделілігіне қарай төрелік белгіленген мерзімдерді ұзартуы мүмкін.
4. Егер төреші төрелік талқылауды негізсіз кешіктірсе, тараптардың одан бас тарту туралы және жаңа төреші тағайындау туралы өтініш жасауға құқығы бар.
36-бап. Төрелiк отырыстың хаттамасы
1. Егер тараптар өзге жөнінде уағдаласпаса, онда төрелік отырысында хаттама жүргiзiледi.
2. Төрелік отырысының хаттамасы iстi талқылаудың барлық елеулi кездерiн көрсетуге тиiс.
Төрелік отырысының хаттамасында:
1) төрелік отырысының жылы, айы, күнi және орны;
2) төрелік отырысының басталу және аяқталу уақыты;
3) iстi қарайтын төреліктің атауы, төрешілердің, төрелік отырысы хатшысының тегi және аты-жөнi;
4) iстiң атауы;
5) iске қатысушы адамдардың, өкiлдердiң, куәлардың, сарапшылардың, мамандардың, аудармашылардың келуi туралы мәлiметтер;
6) төрағалық етушiнiң (жеке-дара төрешінің) өкiмдерi және төреліктің отырыс залында төрелік шығарған ұйғарымдар;
7) iске қатысушы адамдардың және олардың өкiлдерінiң арыздары, өтiнiшхаттары мен түсiнiктемелерi;
8) куәлардың айғақтары, сарапшылардың өз қорытындыларын ауызша түсiндiруi, мамандардың түсiнiктемелерi;
9) құжаттарды жария ету туралы мәлiметтер, заттай дәлелдемелердi қарап тексеру деректерi, дыбыс жазбаларын тыңдау, бейнежазбаларды, киноматериалдарды қарау;
10) шешiмдер мен ұйғарымдарды жариялау және мазмұнын түсiндiру, оларға шағым жасау тәртiбi мен мерзiмiн түсiндiру туралы мәлiметтер;
11) iске қатысушы адамдарға хаттамамен танысу және ол бойынша ескертулер беру құқықтарын түсiндiру туралы мәлiметтер;
12) хаттаманың жасалған күнi көрсетiледi.
3. Төрелік отырысының хатшысы хаттама жасайды, оны төрелік талқылау тараптарының келiсiмi бойынша не тұрақты жұмыс iстейтiн төреліктің регламентiне сәйкес төрелік тағайындайды.
4. Iске қатысушы адамдар және олардың өкiлдерi хаттаманың қандай да бiр бөлiгiн жариялау, өздерi iс үшiн елеулi деп санайтын мән-жайлар жөнiндегi мәлiметтердi хаттамаға енгiзу туралы өтiнiш жасауға құқылы.
5. Хаттама төрелік отырысы аяқталғаннан кейiн күнтізбелік үш күннен кешiктiрiлмей жасалуға және оған қол қойылуға тиiс.
Күрделi iстер бойынша төрелік отырысының хаттамасын жасау және оған қол қою неғұрлым ұзақ мерзiмде, бiрақ төрелік отырысы аяқталғаннан кейiн күнтізбелік бес күннен кешiктiрiлмей жүзеге асырылуы мүмкiн.
6. Хаттамаға төрағалық етушi мен хатшы қол қояды. Барлық өзгерiстер, түзетулер, толықтырулар хаттамада ескертiлуге және олардың қолдарымен куәландырылуға тиiс.
37-бап. Хаттамаға ескертулер жасау
Төрелік талқылауға қатысушы адамдар және (немесе) олардың өкілдері төрелік отырысының хаттамасымен, егер регламентте немесе тараптардың келісімінде өзгеше мерзім белгіленбесе, оны жасаған және оған қол қойған күннен бастап күнтізбелік бес күн ішінде танысуға және танысқан сәттен бастап күнтізбелік бес күн ішінде хаттамаға ондағы жол берілген қателіктерді және (немесе) жасалған әрекеттердің және олардың нәтижелерін тіркеудің (көрсетудің) толық еместігін көрсете отырып жазбаша түрде ескертулер беруге құқылы.
38-бап. Хаттамаға жасалған ескертулерді қарау
1. Хаттамаға жасалған ескертулерді оған қол қойған төрағалық етуші (жеке-дара төреші) қарайды, ол ескертулермен келіскен жағдайда олардың дұрыстығын куәландырады.
2. Берілген ескертулермен төрағалық етуші (жеке-дара төреші) келіспеген жағдайда, олар істі қарауға қатысатын адамдарды хабарландыра отырып, төрелік отырысында қаралады. Істі қарауға қатысатын адамдардың келмеуі хаттамаға жасалған ескертулерді қарауға кедергі болып табылмайды. Ескертулерді қараудың нәтижесінде төрағалық етуші (жеке-дара төреші) олардың дұрыстығын куәландыру не оларды толығымен немесе ішінара қабылдамау туралы ұйғарым шығарады. Барлық ескертулер іске тігіледі.
3. Хаттамаға жасалған ескертулер оларды берген күннен бастап күнтізбелік бес күн ішінде қаралуға тиіс.
4. Төрағалық етуші (жеке-дара төреші) іс бойынша қандай да бір объективті себептер бойынша хаттамаға берілген ескертулерді қарай алмайтын жағдайда, олар іс материалдарына тігіледі.