207-бап. Монополияға қарсы органға жасалған (жоспарланып отырған) экономикалық шоғырлану туралы хабарламаға (өтінішхатқа) қоса берілетін құжаттама
1. Осы Кодекстің 201-бабы 1-тармағының 4) тармақшасында көзделген жасалған (жоспарланып отырған) экономикалық шоғырлану туралы хабарламаны (өтінішхатты) монополияға қарсы органға жіберу (беру) үшiн қажеттi құжаттар мен мәлiметтер тiзбесi:
1) заңды тұлға куәландырған шарттың көшiрмесi (шарттың жобасы) не мәміленің жасалғанын (мәміле жасау ниетін) растайтын өзге де құжат;
2) сатып алушы және сатып алушымен бiр тұлғалар тобына кiретiн әрбiр нарық субъектiсi бойынша мыналар көрсетіледі:
жеке тұлға үшiн - жеке басын куәландыратын құжаттың деректерi, азаматтығы туралы мәліметтер, сондай-ақ тұрғылықты жері және заңды мекенжайы;
атауы, заңды және нақты мекенжайлары;
жарғылық капиталының мөлшері және қатысу үлесi;
акциялардың түрлерi;
өзiне қатысты осы Кодекстің 201-бабы 1-тармағының 4) тармақшасында көзделген әрекеттер жасалатын, нарық субъектiсi өндiретiн немесе өткiзетiн тауарларға немесе өзара алмастырылатын тауарларға ұқсас тауарларды өндiру мен өткiзудiң, олардың экспорты мен Қазақстан Республикасына импортының көлемi;
3) нарықтың басқа субъектiлерiнiң атқарушы органының, директорлар кеңесiнiң (байқаушы кеңесінiң) де мүшелерi болып табылатын атқарушы орган, директорлар кеңесi (байқаушы кеңес) мүшелерiнiң лауазымы көрсетiлген тiзiмi;
4) өзiне қатысты осы Кодекстің 201-бабы 1-тармағының 4) тармақшасында көзделген әрекеттер жасалатын нарық субъектiсiнiң тауарларды өндiру мен өткiзудiң, олардың экспорты мен Қазақстан Республикасына импортының көлемi;
5) өзiне қатысты осы Кодекстің 201-бабы 1-тармағының 4) тармақшасында көзделген әрекеттер жасалатын нарық субъектiсiнiң тiкелей немесе жанама бақылауында болатын нарық субъектiлерi өндiретiн немесе өткiзетiн сол бір немесе өзара алмастырылатын тауарларды өндiру мен өткiзудiң, олардың экспорты мен Қазақстан Республикасына импортының көлемi;
6) өздерiне қатысты осы Кодекстің 201-бабы 1-тармағының 4) тармақшасында көзделген әрекеттер жасалатын нарық субъектiсiне және (немесе) оның тұлғалар тобына қатысты сатып алушы мәмiле жасалғаннан кейiн алатын құқықтар туралы мәлiметтер, оның iшiнде мәмiле жасалғаннан кейiн сатып алушы иелiк ететiн нарық субъектiсi акцияларының (жарғылық капиталға қатысу үлестерiнiң, пайларының) саны және орналастыру бағасы, сондай-ақ олардың нарық субъектiсiнiң дауыс беру құқығы бар акцияларының (жарғылық капиталға қатысу үлестерiнiң, пайларының) жалпы санындағы пайыздық үлесi және олардың нарық субъектiсiнiң жарғылық капиталындағы пайыздық үлесi;
7) сол бір немесе өзара алмастырылатын тауарлардың осы мәмiленi жасасу нәтижесiндегi өндiру мен өткiзу болжамы.
2. Осы Кодекстің 201-бабы 1-тармағының 5) тармақшасында көзделген жасалған (жоспарланып отырған) экономикалық шоғырлану туралы хабарламаны (өтінішхатты) монополияға қарсы органға жіберу (беру) үшiн қажеттi құжаттар мен мәлiметтер тiзбесi:
1) екi және одан да көп нарық субъектiлерiнiң атқарушы органдарына, директорлар кеңестерiне, байқаушы кеңестерiне және басқа да басқару органдарына қатысуы болжанатын жеке тұлға туралы мәлiметтер:
жеке басын куәландыратын құжаттың деректерi, өкiлеттiктерiн көрсете отырып, осы субъектiлерде кәсiпкерлiк қызметтi жүргiзудiң шарттарын айқындауға мүмкiндiк беретiн азаматтығы, жұмыс орны, атқаратын лауазымы туралы мәліметтер;
өкiлеттiктерi көрсетіле отырып, хабарламаны (өтінішхатты) жіберуші (беруші) тұлғаның оларда кәсiпкерлiк қызметтi жүргiзу шарттарын айқындайтын заңды тұлғалар тiзбесi;
2) хабарламаны (өтінішхатты) жіберуші (беруші) тұлға тағайындалатын немесе сайланатын заңды тұлғаның (тұлғалар тобының) және басқару органының атауы;
3) хабарламаны (өтінішхатты) жіберуші (беруші) тұлғаның атқарушы органдарына, директорлар кеңестерiне, байқаушы кеңестеріне және басқа да басқару органдарына кiруi жоспарланатын нарық субъектiлерiндегi лауазымның атауы;
4) хабарламаны (өтінішхатты) жіберуші (беруші) тұлғаның атқарушы органдарына, директорлар кеңестерiне, байқаушы кеңестеріне және басқа да басқару органдарына кiруi жоспарланатын нарық субъектiлерiнде осы тұлғаға кәсiпкерлiк қызметтi жүргiзу шарттарын айқындауға мүмкiндiк беретiн құқықтар тiзбесi;
5) хабарламаны (өтінішхатты) жіберуші (беруші) тұлға кәсiпкерлiк қызметтi жүргiзу шарттарын айқындайтын әрбiр нарық субъектiсi және тұлғалар тобы бойынша мыналар көрсетіледі:
нарық субъектiсiнiң атауы, заңды және нақты мекенжайлары;
тауарларды өндiрудiң, өткiзудiң, олардың экспорты мен Қазақстан Республикасына импортының көлемi;
6) хабарламаны (өтінішхатты) жіберуші (беруші) тұлғаның қатысуы жоспарланатын нарық субъектiсi, сондай-ақ осы тұлға кiретiн тұлғалар тобы бойынша мыналар көрсетіледі:
нарық субъектiсiнiң атауы, заңды және нақты мекенжайлары;
хабарламаны (өтінішхатты) жіберуші (беруші) тұлға кәсiпкерлiк қызметтi жүргiзу шарттарын айқындайтын нарық субъектiсi мен тұлғалар тобы өндiретiн және өткiзетiн сол бір немесе өзара алмастырылатын тауарларды өндiрудiң, өткiзудiң, олардың экспорты мен Қазақстан Республикасына импортының көлемi.
208-бап. Экономикалық шоғырлануға келісу туралы өтінішхат бойынша шешім
1. Монополияға қарсы орган экономикалық шоғырлануға келісім беру туралы өтінішхатты қарау нәтижелері бойынша мынадай шешімдердің бірін қабылдайды:
1) экономикалық шоғырлануға келісім беру туралы;
2) уәжді қорытынды бере отырып, экономикалық шоғырлануға тыйым салу туралы.
2. Монополияға қарсы органның экономикалық шоғырлануға келісім беру немесе экономикалық шоғырлануға тыйым салу туралы шешімі монополияға қарсы органның актісімен ресімделеді және мұндай шешім қабылданған күннен бастап үш жұмыс күні ішінде өтінішхат берген тұлғаға, ал қаржы ұйымдарына қатысты Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкіне де жіберіледі.
3. Монополияға қарсы органның экономикалық шоғырлануға келісім беруі экономикалық шоғырлануға қатысушылардың экономикалық шоғырланудың бәсекелестікке теріс ықпалын жоятын немесе бәсеңдететін белгілі бір талаптар мен міндеттемелерді орындауымен байланыстырылуы мүмкін.
Мұндай шарттар мен міндеттемелер, оның ішінде мүлікті басқару, пайдалану немесе оған иелік ету жөніндегі шектеулерге қатысты болуы мүмкін.
4. Экономикалық шоғырлану монополияға қарсы органның экономикалық шоғырлануға келісім беру туралы шешімі қабылданған күннен бастап бір жыл ішінде жүзеге асырылуға тиіс. Егер экономикалық шоғырлану белгіленген мерзімде жүзеге асырылмаса, экономикалық шоғырлануға қатысушылар экономикалық шоғырлануға рұқсат беру туралы жаңа өтінішхат береді.
5. Монополияға қарсы орган өз бастамасы не мүдделі тұлғаның өтініші бойынша:
1) егер шешім қабылданғаннан кейін үш жыл ішінде осы шешімді қабылдаудан бас тартылуға тиіс екендігіне негіз болатын мән-жайлар белгілі болған;
2) егер шешім экономикалық шоғырлануды жүзеге асыру туралы өтінішхат берген тұлға ұсынған анық емес ақпарат негізінде қабылданса, бұл заңсыз шешім қабылдауға алып келген;
3) экономикалық шоғырлануға қатысушылар монополияға қарсы органның шешіміне орай туындаған талаптар мен міндеттемелерді орындамаған жағдайларда, экономикалық шоғырлануға келісім беру немесе тыйым салу туралы шешімін қайта қарайды.
6. Шешімді қайта қарау нәтижелері бойынша монополияға қарсы орган:
1) шешімді өзгеріссіз қалдырады;
2) шешімді өзгертеді;
3) шешімнің күшін жояды;
4) жаңа шешім қабылдайды.
7. Егер монополияға қарсы орган шешімді қайта қарау нәтижелері бойынша экономикалық шоғырлануға берілген келісімнің күшін жою туралы шешім қабылдаса, нарық субъектісін, жылжымайтын мүлікке құқықтарды мемлекеттік тіркеу, қайта тіркеу монополияға қарсы органның талап қоюы бойынша сот тәртібімен заңсыз деп танылады және күші жойылады.
8. Монополияға қарсы органның бұрын қабылдаған шешімін өзгерте алатын қосымша ақпарат пен құжаттарды қарау үшін өтініш беруші осы Кодексте белгіленген тәртіппен өтінішхат береді.
9. Монополияға қарсы органның экономикалық шоғырлануға арнап бұрын қабылданған шешімді қайта қарау жөніндегі шешімі монополияға қарсы органның актісімен ресімделеді және мұндай шешім қабылданған кезден бастап үш жұмыс күні ішінде мүдделі тұлғаға жіберіледі.
10. Егер экономикалық шоғырлану бәсекелестікті шектеуге алып келсе, оған тыйым салынады.
209-бап. Монополияға қарсы органның жасалған экономикалық шоғырлану туралы хабарлама бойынша шешiм қабылдауы
1. Егер жасалған экономикалық шоғырлану туралы монополияға қарсы органға хабарлама келiп түскеннен кейiн күнтiзбелiк қырық бес күн өткен соң монополияға қарсы орган хабарламаны жiберген тұлғаға мәмiленiң күшiн жою қажеттiгi туралы нұсқама жiбермесе, экономикалық шоғырлану жүзеге асырылды деп есептеледі.
2. Егер монополияға қарсы орган жасалған экономикалық шоғырлану туралы хабарламаны қарау кезiнде оны жасау бәсекелестiктi шектеуге немесе жоюға, оның iшiнде нарық субъектісінің үстем жағдайының пайда болуы немесе күшеюi жолымен шектеуге немесе жоюға әкеп соғатыны немесе әкеп соғуы мүмкiн екендiгiн анықтаса, монополияға қарсы орган мәміленің күшін жою қажеттілігі туралы күнтiзбелiк отыз күн iшiнде орындалуға тиiс нұсқама шығарады.
3. Мәміленің күшін жою қажеттілігі туралы нұсқама орындалмаған жағдайда, монополияға қарсы орган нарық субъектiсiн монополияға қарсы органның осы нұсқамасын орындауға мәжбүрлеу туралы талап қоюмен сотқа жүгiнеді.
210-бап. Экономикалық шоғырлануға келісім беру туралы өтінішхатты қарауды тоқтату негіздері
1. Экономикалық шоғырлануға келісім беру туралы өтінішхатты қарау:
1) өтініш берушілерден өтінішхатты кері қайтарып алу туралы хабарламалар келіп түскен;
2) өтініш беруші ақпаратты монополияға қарсы орган айқындаған мерзімде бермеген, егер мұндай ақпараттың болмауы өтінішхатты қарауға кедергі келтірген;
3) өтініш беруші өтінішхатты объективті түрде қарауға ықпал ететін анық емес ақпарат берген жағдайларда, тоқтатылуға жатады.
2. Монополияға қарсы органның өтінішхатты қарауды тоқтату туралы шешімі монополияға қарсы органның актісімен ресімделеді және өтінішхат берген тұлғаға мұндай шешім қабылданған кезден бастап үш жұмыс күні ішінде жіберіледі.
3. Өтінішхатты қарау тоқтатылғаннан кейін өтініш беруші монополияға қарсы органға экономикалық шоғырлануға келісім беру туралы жаңа өтінішпен жүгінуге құқылы.
211-бап 2017 ж. 1 қаңтардан бастап қолданысқа енгізіледі
211-бап. Табиғи монополия субъектісінің реттеліп көрсетілетін қызметтерге (тауарларға, жұмыстарға) жатпайтын қызметті жүзеге асыруы туралы монополияға қарсы органды хабардар ету тәртібі
1. Табиғи монополия субъектісі реттеліп көрсетілетін қызметтерге (тауарларға, жұмыстарға) жатпайтын қызметті жүзеге асыруды бастаған кезден бастап он жұмыс күнінен кешіктірілмейтін мерзімде бұл туралы монополияға қарсы органды хабардар етуге міндетті.
2. Табиғи монополия субъектісінің реттеліп көрсетілетін қызметтерге (тауарларға, жұмыстарға) жатпайтын қызметті жүзеге асыруы туралы жазбаша хабарлама монополияға қарсы органға тікелей де, байланыс мекемелері арқылы да берілуі мүмкін.
19-тарау. МОНОПОЛИЯҒА ҚАРСЫ ОРГАННЫҢ ҚАЗАҚСТАН РЕСПУБЛИКАСЫНЫҢ ҚҰҚЫҚ ҚОРҒАУ ОРГАНДАРЫМЕН ЖӘНЕ БАСҚА МЕМЛЕКЕТТЕРДІҢ МОНОПОЛИЯҒА ҚАРСЫ ОРГАНДАРЫМЕН ӨЗАРА ІС-ҚИМЫЛЫ
212-бап. Монополияға қарсы органның басқа мемлекеттердің монополияға қарсы органдарымен өзара іс-қимылы
1. Еуразиялық экономикалық одақ елдерінің монополияға қарсы органдары өзара іс-қимылды, оның ішінде ақпарат беру туралы хабарламалар, сұрау салулар жіберу, консультациялар жүргізу, тергеп-тексерулер туралы хабарландыру арқылы жүзеге асырады.
2. Монополияға қарсы орган халықаралық ұйымдарға қатысу шеңберінде өзге де мемлекеттердің монополияға қарсы органдарына сұрау салулар жіберуге және олардың сұрау салулары бойынша ақпарат беруге құқылы.
213-бап. Монополияға қарсы орган мен құқық қорғау органдарының өзара іс-қимылы
1. Монополияға қарсы орган өз өкілеттіктері шегінде Қазақстан Республикасының құқық қорғау органдарымен өзара іс-қимылды мынадай нысандарда жүзеге асырады:
1) құқық қорғау органдарына бәсекелестікті қорғау саласындағы құқық бұзушылықтардың анықталған фактілері туралы хабарлайды;
2) тауар нарықтарындағы бәсекелестіктің жай-күйі туралы талдамалық ақпаратты және мониторинг деректерін береді;
3) құқық қорғау органдарының сұрау салулары бойынша өз құзыреті шегінде зерттеулер, сараптамалар жүргізеді және Қазақстан Республикасының бәсекелестікті қорғау саласындағы заңнамасының мәселелері бойынша қорытындылар береді;
4) құқық қорғау органдарының, олардың аумақтық бөлімшелерінің қаулылары мен сұрау салулары бойынша өз қызметкерлерін Қазақстан Республикасының бәсекелестікті қорғау саласындағы заңнамасының бұзылуын тергеп-тексеру жөніндегі процестік әрекеттер мен іс-шараларға қатысу үшін сарапшылар ретінде жібереді.
2. Қазақстан Республикасының құқық қорғау органдары өз өкілеттіктері шегінде монополияға қарсы органмен өзара іс-қимылды мынадай нысандарда жүзеге асырады:
1) монополияға қарсы органға Қазақстан Республикасының бәсекелестікті қорғау саласындағы заңнамасы аясындағы анықталған құқық бұзушылықтар туралы хабарлайды;
2) монополияға қарсы органның және оның аумақтық органдарының сұрау салулары мен өтініштері бойынша:
Қазақстан Республикасының бәсекелестікті қорғау саласындағы заңнамасының бұзылуын тергеп-тексеру жөніндегі бірлескен іс-шараларды жүргізу, сондай-ақ монополияға қарсы орган қызметкерлерінің қызметтік міндеттерін орындауына кедергі келтіретін құқыққа қайшы әрекеттердің жолын кесу үшін қызметкерлерін жібереді;
Қазақстан Республикасының бәсекелестікті қорғау саласындағы заңнамасын бұзушылардың тұрған жерін анықтау және Қазақстан Республикасының Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінде көзделген тәртіппен монополияға қарсы органның жазбаша сұрау салуларына сәйкес әкімшілік жауаптылыққа тарту үшін оларды монополияға қарсы органға жеткізу бойынша шаралар қолданады;
Қазақстан Республикасының Қылмыстық-процестік кодексінде көзделген тәртіппен монополияға қарсы орган ұсынатын, қылмыстық жазаланатын бәсекелестікке қарсы әрекет белгілері бар материалдар бойынша қылмыстық істер қозғау туралы шешімдер қабылдайды, бұл жөнінде монополияға қарсы органға хабарлайды;
монополияға қарсы органға Қазақстан Республикасының бәсекелестікті қорғау саласындағы заңнамасын бұзушылықтардың дәлелдемелерін табуға және бекітуге практикалық көмек көрсетеді.
214-бап. Монополияға қарсы орган қызметкерлерінің құқықтары
Монополияға қарсы орган қызметкерлерінің қызметтік міндеттерін атқару, оның ішінде Қазақстан Республикасының бәсекелестікті қорғау саласындағы заңнамасының бұзылуы туралы өтініштерді қарау, Қазақстан Республикасының бәсекелестікті қорғау саласындағы заңнамасының бұзылуы туралы істерді тергеп-тексеру, экономикалық шоғырлануға бақылауды жүзеге асыру және бәсекелестік деңгейінің жай-күйін айқындау кезінде, өздеріне жүктелген өкілеттіктерге сәйкес қызметтік куәліктерін және монополияға қарсы органның Қазақстан Республикасының бәсекелестікті қорғау саласындағы заңнамасының сақталуына тергеп-тексеру жүргізу туралы шешімдерін көрсеткен кезінде:
1) Қазақстан Республикасы заңнамасының талаптарын сақтай отырып, мемлекеттік органдар мен нарық субъектілерінің үй-жайлары мен аумақтарына кедергісіз кіруге;
2) монополияға қарсы орган белгілеген, бес жұмыс күнінен кем болмайтын мерзімде мемлекеттік органдардан, жергілікті атқарушы органдардан, нарық субъектілерінен, лауазымды адамдардан және өзге де жеке және заңды тұлғалардан жазбаша ақпарат, сондай-ақ Қазақстан Республикасының бәсекелестікті қорғау саласындағы заңнамасының жол берілген бұзушылық фактілері бойынша жазбаша және (немесе) ауызша түсініктемелер сұратуға және алуға құқығы бар.
215-бап. Монополияға қарсы орган қызметкерлерінің коммерциялық, қызметтік және заңмен қорғалатын өзге де құпияны сақтау жөніндегі міндеті
1. Қазақстан Республикасының заңдарында белгіленген жағдайларды қоспағанда, монополияға қарсы орган өз өкілеттіктерін жүзеге асыру кезінде алған коммерциялық, қызметтік, заңмен қорғалатын өзге де құпияны құрайтын ақпарат жария етуге жатпайды.
2. Монополияға қарсы орган қызметкерлері коммерциялық, қызметтік, заңмен қорғалатын өзге де құпияны құрайтын ақпаратты жария еткені үшін Қазақстан Республикасының заңдарында белгіленген жауаптылықта болады.
3. Монополияға қарсы органның не оның лауазымды адамдарының коммерциялық, қызметтік, заңмен қорғалатын өзге де құпияны құрайтын ақпаратты жария етуі нәтижесінде жеке немесе заңды тұлғаға келтірілген зиян Қазақстан Республикасының азаматтық заңнамасына сәйкес өтелуге жатады.
20-тарау. ҚАЗАҚСТАН РЕСПУБЛИКАСЫНЫҢ БӘСЕКЕЛЕСТІКТІ ҚОРҒАУ САЛАСЫНДАҒЫ ЗАҢНАМАСЫНЫҢ БҰЗЫЛУЫН АНЫҚТАУ
216-бап. Қазақстан Республикасының бәсекелестікті қорғау саласындағы заңнамасының бұзылуын тергеп-тексеруді бастау үшін негіздер
1. Монополияға қарсы орган өз өкілеттіктері шегінде Қазақстан Республикасының бәсекелестікті қорғау саласындағы заңнамасының бұзылуын тергеп-тексереді және тергеп-тексеру нәтижелері бойынша шешім қабылдайды.
Тергеп-тексеру деп монополияға қарсы органның Қазақстан Республикасының бәсекелестікті қорғау саласындағы заңнамасын бұзушылықтың жасалғанын растайтын немесе жоққа шығаратын нақты деректерді осы Кодексте көзделген тәртіппен жинауға бағытталған іс-шаралары түсініледі.
2. Монополияға қарсы органға Қазақстан Республикасының бәсекелестікті қорғау саласындағы заңнамасының бұзылуы туралы мәліметтердің келіп түсуі тергеп-тексеруді бастау үшін негіз болып табылады, олар:
1) Қазақстан Республикасының бәсекелестікті қорғау саласындағы заңнамасының бұзылуы көрсетіле отырып, мемлекеттік органдардан келіп түскен материалдар;
2) Қазақстан Республикасының бәсекелестікті қорғау саласындағы заңнамасының бұзылу белгілерін көрсететін жеке және (немесе) заңды тұлғаның өтініші;
3) монополияға қарсы органның өз қызметін жүзеге асыруы кезінде нарық субъектісінің, мемлекеттік органдардың, жергілікті атқарушы органдардың әрекеттерінен Қазақстан Республикасының бәсекелестікті қорғау саласындағы заңнамасының бұзылу белгілерін анықтауы;
4) монополияға қарсы органға келіп түскен, Қазақстан Республикасының бәсекелестікті қорғау саласындағы заңнамасының бұзылу белгілерінің бар екендігі туралы бұқаралық ақпарат құралдарының хабарлауы болып табылады.
3. Тергеп-тексерудiң басталуы тергеп-тексеруді жүргізу туралы бұйрықпен ресiмделедi.
4. Әрекеттерінде картель белгілері қарастырылатын тергеп-тексеру объектілерін қоспағанда, тергеп-тексерудi жүргізу туралы бұйрықтың көшiрмесi қол қойылған күнiнен бастап үш жұмыс күнінен кешiктiрiлмей өтiнiш берушiге және тергеп-тексеру объектiсiне жiберiледi.
Әрекеттерінде картель белгілері қарастырылатын тергеп-тексеру объектілеріне тергеп-тексерудi жүргізу туралы бұйрықтың көшiрмесi тергеп-тексеруді жүргізу кезінде тапсырылады.
217-бап. Қазақстан Республикасының бәсекелестікті қорғау саласындағы заңнамасының бұзылуын тергеп-тексеруге қатысатын тұлғалар
1. Қазақстан Республикасының бәсекелестікті қорғау саласындағы заңнамасының бұзылуын тергеп-тексеруге қатысатын тұлғалар:
1) өтініш беруші - монополияға қарсы органға Қазақстан Республикасының бәсекелестікті қорғау саласындағы заңнамасының бұзылғаны туралы мәліметтерді жіберген жеке немесе заңды тұлға;
2) тергеп-тексеру объектісі - өзінің әрекетіне қатысты тергеп-тексеру жүргізілетін жеке немесе заңды тұлға. Аталған тұлғалар тергеп-тексеру жүргізу туралы бұйрық шығарылған кезден бастап тергеп-тексеру объектісі деп танылады;
3) мүдделі тұлғалар - Қазақстан Республикасының бәсекелестікті қорғау саласындағы заңнамасының бұзылуы туралы істі қарауға байланысты құқықтары мен заңды мүдделері қозғалатын жеке немесе заңды тұлғалар;
4) монополияға қарсы органның лауазымды адамы - монополияға қарсы органның тергеп-тексеру жүргізуге уәкілеттік берілген қызметкері;
5) куә - тергеп-тексеру үшін маңызы бар қандай да бір мән-жайлар өзіне белгілі болуы мүмкін кез келген жеке тұлға;
6) сарапшы - арнайы ғылыми немесе практикалық білімі бар, іске мүдделі емес жеке тұлға болып табылады.
2. Тергеп-тексеру жүргізу кезінде іске қатысатын тұлғалар өз құқықтары мен міндеттерін өзі немесе өкілі арқылы жүзеге асыруға құқылы.
3. Егер тергеп-тексеру барысында тергеп-тексеру объектісінің емес, өзге тұлғаның әрекетінде (әрекетсіздігінде) Қазақстан Республикасының бәсекелестікті қорғау саласындағы заңнамасын бұзу белгілері бар екендігі анықталса, монополияға қарсы орган мұндай тұлғаны осы Кодекстің 216-бабында көзделген тәртіппен тергеп-тексеру объектісі ретінде тартады.
218-бап. Тергеп-тексеруді жүргізу
1. Нарық субъектісінің, мемлекеттік органның, жергілікті атқарушы органның әрекеттерінде осы Кодекстің 216-бабының 2-тармағында көзделген мәліметтерді қарау шеңберінде белгіленетін Қазақстан Республикасының бәсекелестікті қорғау саласындағы заңнамасын бұзушылық белгілерінің болуын көрсететін нақты деректер болған жағдайда, монополияға қарсы орган тергеп-тексеру жүргiзу туралы бұйрық шығарады.
2. Осы Кодекстің 174-бабының бұзылуы нысанына тергеп-тексеру жүргізу кезінде монополияға қарсы орган тауар нарықтарына талдау жүргізу арқылы өзіне қатысты өтініш (шағым) беріліп отырған нарық субъектісінің үстем немесе монополиялық жағдайын анықтауға құқылы. Бұл ретте, осы нарық субъектісіне қатысты монополияға қарсы ден қою шаралары оның нақты үстем болған кезеңі үшін де қолданылады.
3. Тергеп-тексеру жүргізу туралы бұйрықта:
1) тергеп-тексеру объектісінің атауы;
2) тергеп-тексеру барысында анықталуға жататын мәселелер тізбесі және мән-жайлар тобы;
3) тергеп-тексерудің басталу және аяқталу мерзімі;
4) монополияға қарсы органның тергеп-тексеру жүргізуге уәкілеттік берілген лауазымды адамдарының тегі, аты және әкесінің аты (егер ол жеке басын куәландыратын құжатта көрсетілсе) қамтылуға тиіс.
4. Қазақстан Республикасының бәсекелестікті қорғау саласындағы заңнамасының бұзушылықтарын тергеп-тексеру Қазақстан Республикасының бәсекелестікті қорғау саласындағы заңнамасының бұзушылықтарына тергеп-тексеру жүргізу туралы бұйрық шығарылған күннен бастап екі айдан аспайтын мерзімде жүргізіледі. Істі тергеп-тексеру мерзімін монополияға қарсы орган ұзартуы, бірақ екі айдан аспайтын мерзімге ұзартуы мүмкін. Мерзімін ұзарту туралы бұйрық шығарылады, бұйрықтың көшірмесі ол шығарылған күннен бстап үш күн ішінде өтініш беруші мен тергеп-тексеру объектісіне жіберіледі.
5. Монополияға қарсы орган тергеп-тексеру басталғанға дейін тергеп-тексеруді тағайындау туралы актіні құқықтық статистика және арнайы есепке алу жөніндегі уәкілетті органның аумақтық бөлімшесіне, оның ішінде электрондық нысанда ұсыну арқылы оны құқықтық статистика және арнайы есепке алу жөніндегі уәкілетті органда тіркейді.
6. Монополияға қарсы орган тергеп-тексеру барысында бірнеше тергеп-тексеруді біреуіне біріктіру туралы немесе бөліп алу және жеке тергеп-тексеру жүргізу туралы шешім қабылдай алады.
219-бап. Қазақстан Республикасының бәсекелестікті қорғау саласындағы заңнамасының бұзылуын тергеп-тексеру кезіндегі дәлелдемелер
1. Тергеп-тексеруді дұрыс жүргізу үшін маңызы бар кез келген нақты деректер, оның ішінде:
1) өтініш берушінің, тергеп-тексеру объектісінің, мүдделі тұлғалардың және куәлардың түсініктемелері;
2) сарапшылардың қорытындылары;
3) заттай дәлелдемелер;
4) өзге де құжаттар (оның ішінде, компьютерлік ақпараты, фото және кино түсірілімдері, дыбыс-, аудио- және бейнежазбалар бар материалдар) Қазақстан Республикасының бәсекелестікті қорғау саласындағы заңнамасының бұзылу фактілерінің дәлелдемелері бола алады.
2. Дәлелдемелерді жинауды монополияға қарсы органның лауазымды адамы жүзеге асырады.
3. Қазақстан Республикасының бәсекелестікті қорғау саласындағы заңнамасының бұзылуын тергеп-тексеруге қатысатын тұлғалар нақты деректер ұсынуға және олардың анықтығын дәлелдеуге құқылы.