27-2-бап. Қазақстан Республикасының дербес деректер және оларды қорғау туралы заңнамасының сақталуын мемлекеттік бақылау
Егер осы баптың екінші және үшінші бөліктерінде өзгеше белгіленбесе, Қазақстан Республикасының дербес деректер және оларды қорғау туралы заңнамасының сақталуын мемлекеттік бақылау Қазақстан Республикасының Кәсіпкерлік кодексіне сәйкес жоспардан тыс тексеру нысанында жүзеге асырылады.
Мемлекеттік органдарға қатысты Қазақстан Республикасының дербес деректер және оларды қорғау туралы заңнамасының сақталуын мемлекеттік бақылау осы Заңға сәйкес жүзеге асырылады.
Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкі мен оның ұйымдарына қатысты Қазақстан Республикасының дербес деректер және оларды қорғау туралы заңнамасының сақталуын мемлекеттік бақылау Қазақстан Республикасының Кәсіпкерлік кодексіне, осы Заңға және «Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкі туралы» Қазақстан Республикасының Заңына сәйкес жүзеге асырылады.
2023.11.12. № 44-VIII ҚР Заңымен 27-3-баппен толықтырылды (2024 ж. 11 ақпаннан бастап қолданысқа енгізілді)
27-3-бап. Мемлекеттік органдарға қатысты Қазақстан Республикасының дербес деректер және оларды қорғау туралы заңнамасының сақталуын мемлекеттік бақылауды жүргізу тәртібі
1. Мемлекеттік органдарға (бұдан әрі - бақылау субъектілері) қатысты Қазақстан Республикасының дербес деректер және оларды қорғау туралы заңнамасының сақталуын мемлекеттік бақылауды уәкілетті орган тексерулер нысанында жүргізеді.
Тексерулер мерзімді және жоспардан тыс болып бөлінеді.
Бақылау субъектілеріне қатысты мерзімді тексерулер мынадай ақпарат көздеріне:
1) алдыңғы тексерулердің нәтижелеріне;
2) есептілік пен мәліметтер мониторингінің нәтижелеріне;
3) мемлекеттік органдардың интернет-ресурстарын талдау нәтижелеріне;
4) мемлекеттік техникалық қызметтің мәліметтеріне сәйкес жүзеге асырылады.
2. Мерзімді тексерулер уәкілетті органның бірінші басшысы бекіткен мерзімді тексерулер жүргізу жоспарына сәйкес жылына бір реттен жиі болмайтындай кезеңділікпен жүргізіледі.
Уәкілетті орган мерзімді тексерулер жүргізу жоспарын тексерулер жылының алдындағы жылдың 1 желтоқсанынан кешіктірмей бекітеді.
Мерзімді тексерулер жүргізу жоспары уәкілетті органның интернет-ресурсында тексерулер жылының алдындағы жылдың 20 желтоқсанынан кешіктірілмей орналастырылады.
Мерзімді тексерулер жүргізу жоспарында мыналар:
1) жоспардың бекітілген нөмірі мен күні;
2) мемлекеттік органның атауы;
3) бақылау субъектісінің атауы;
4) бақылау субъектісінің (объектісінің) тұрған жері;
5) тексеру жүргізу мерзімдері;
6) тексеру нысанасы;
7) жоспарға қол қоюға уәкілеттік берілген адамның қолтаңбасы қамтылады.
Мерзімді тексерулер жүргізу жоспарына өзгерістер мен толықтырулар енгізу бақылау субъектісі таратылған, қайта ұйымдастырылған, оның атауы өзгертілген немесе бақылау субъектілері арасында өкілеттіктер қайта бөлінген жағдайларда жүзеге асырылады.
3. Мынадай:
1) бақылау субъектісіне жеке және заңды тұлғалардан келіп түскен, Қазақстан Республикасының дербес деректер және оларды қорғау туралы заңнамасы талаптарының бұзылуы туралы расталған өтініштер болған;
2) құқықтары мен заңды мүдделері бұзылған жеке және заңды тұлғалар жүгінген;
3) жеке және заңды тұлғалардың, мемлекеттің құқықтары мен заңды мүдделеріне зиян келтірудің не зиян келтіру қаупінің нақты фактілері бойынша прокурор талап еткен;
4) жеке және заңды тұлғалардың, мемлекеттің құқықтары мен заңды мүдделеріне зиян келтірудің нақты фактілері бойынша, сондай-ақ жойылмауы жеке және заңды тұлғалардың құқықтары мен заңды мүдделеріне зиян келтіруге алып келетін Қазақстан Республикасы заңнамасы талаптарының бұзылуының нақты фактілері бойынша мемлекеттік органдар жүгінген;
5) бақылау субъектісінің бастапқы тексерумен келіспейтіні туралы жүгінуіне байланысты қайта тексеру жүргізілген;
6) қылмыстық қудалау органының Қазақстан Республикасының Қылмыстық-процестік кодексінде көзделген негіздер бойынша тапсырмасы болған;
7) тексеру нәтижелері туралы актінің орындалуына бақылау жүргізу қажет болған жағдайларда уәкілетті орган тағайындайтын тексеру жоспардан тыс тексеру болып табылады.
4. Тексеру жүргізу кезінде уәкілетті органның лауазымды адамдарының:
1) осы баптың 8-тармағында көрсетілген құжаттарды көрсеткен кезде тексеру нысанасына сәйкес бақылау субъектісінің (объектісінің) аумағына және үй-жайларына кедергісіз кіруге;
2) тексеру нәтижелері туралы актіге қосу үшін қағаз және электрондық жеткізгіштердегі құжаттарды (мәліметтерді) не олардың көшірмелерін алуға, сондай-ақ мемлекеттік құпиялар және заңмен қорғалатын өзге де құпиялар туралы талаптарды сақтай отырып, тексеру нысанасына сәйкес автоматтандырылған дерекқорларға (ақпараттық жүйелерге) қолжетімділік алуға;
3) аудио-, фото- және бейнетүсірілімді жүзеге асыруға;
4) мемлекеттік органдардың, ведомстволық бағынысты және өзге де ұйымдардың мамандарын, консультанттарын және сарапшыларын тартуға құқығы бар.
5. Бақылау субъектілері не олардың уәкілетті өкілдері тексеру жүргізу кезінде:
1) уәкілетті органның тексеру жүргізу үшін келген лауазымды адамдарын мынадай:
тексеруді тағайындау туралы актіде көрсетілген, осы бапта белгіленген мерзімдерге сәйкес келмейтін мерзімдер асып кеткен не өткен;
осы баптың 8-тармағында көзделген құжаттар болмаған жағдайларда, тексеру жүргізуге жібермеуге;
2) тексеру нәтижелері туралы актіге Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген тәртіппен шағым жасауға құқылы.
6. Бақылау субъектілері не олардың уәкілетті өкілдері тексеру жүргізу кезінде:
1) уәкілетті органның лауазымды адамдарының бақылау субъектісінің (объектісінің) аумағына және үй-жайларына кедергісіз кіруін қамтамасыз етуге;
2) уәкілетті органның лауазымды адамдарына тексеру нәтижелері туралы актіге қосу үшін қағаз және электрондық жеткізгіштердегі құжаттарды (мәліметтерді) не олардың көшірмелерін, сондай-ақ мемлекеттік құпиялар және заңмен қорғалатын өзге де құпиялар туралы талаптарды сақтай отырып, тексеру нысанасына сәйкес автоматтандырылған дерекқорларға (ақпараттық жүйелерге) қолжетімділік ұсынуға;
3) тексеруді тағайындау туралы актінің және тексеру нәтижелері туралы актінің екінші данасына ол аяқталған күні белгі қоюға;
4) осы объект үшін белгіленген нормативтерге сәйкес, зиянды және қауіпті өндірістік әсер ету факторларынан тексеру жүргізу үшін келген адамдардың қауіпсіздігін қамтамасыз етуге міндетті.
7. Тексеруді тағайындау туралы актінің негізінде тексеру жүргізіледі.
Тексеруді тағайындау туралы актіде:
1) актінің күні мен нөмірі;
2) мемлекеттік органның атауы;
3) тексеру жүргізуге уәкілеттік берілген адамның (адамдардың) тегі, аты, әкесінің аты (егер ол жеке басты куәландыратын құжатта көрсетілсе) және лауазымы;
4) мемлекеттік органдардың, ведомстволық бағынысты және өзге де ұйымдардың тексеру жүргізу үшін тартылатын мамандары, консультанттары мен сарапшылары туралы мәліметтер;
5) бақылау субъектісінің атауы, оның тұрған жері көрсетіледі.
Мемлекеттік органның құрылымдық бөлімшесі тексерілген жағдайда тексеруді тағайындау туралы актіде оның атауы мен тұрған жері көрсетіледі;
6) тексеру нысанасы;
7) тексеру түрі;
8) тексеру жүргізу мерзімі;
9) тексеруді жүргізудің негіздемесі;
10) тексерілетін кезең;
11) бақылау субъектісінің құқықтары мен міндеттері;
12) бақылау субъектісі басшысының не оның уәкілетті адамының актіні алғаны немесе алудан бас тартқаны туралы қолтаңбасы;
13) актіге қол қоюға уәкілеттік берілген адамның қолтаңбасы көрсетіледі.
Тексеру жүргізу кезінде уәкілетті орган тексеру жүргізу нысанасын көрсете отырып, бақылау субъектісіне тексеру жүргізудің басталатыны туралы оның басталуына кемінде бір тәулік қалғанда хабарлауға міндетті.
Бақылау субъектісіне тексеруді тағайындау туралы акт табыс етілген күн тексеру жүргізудің басталуы болып есептеледі.
8. Уәкілетті органның тексеру үшін объектіге келген лауазымды адамдары бақылау субъектісіне:
1) тексеруді тағайындау туралы актіні;
2) қызметтік куәлігін не сәйкестендіру картасын;
3) қажет болған кезде - құзыретті органның режимдік объектілерге баруға арналған рұқсатын көрсетуге міндетті.
9. Тексеру жүргізу мерзімі тексеру нысанасы, сондай-ақ алдағы жұмыстардың көлемі ескеріліп белгіленеді және он жұмыс күнінен аспауға тиіс.
Тексеру жүргізу мерзімі он бес жұмыс күнінен аспайтын мерзімге бір рет қана ұзартылуы мүмкін. Ұзарту уәкілетті орган басшысының шешімімен жүзеге асырылады.
Тексеру жүргізу мерзімдерін ұзарту бақылау субъектісі хабардар етіле отырып, тексеру мерзімдерін ұзарту туралы қосымша актімен ресімделеді, онда тексеруді тағайындау туралы алдыңғы акт бұйрығының күні мен нөмірі және ұзарту себептері көрсетіледі.
Тексеру мерзімдерін ұзарту туралы хабарламаны уәкілетті орган табыс ету туралы хабарламамен бірге, ұзартуға дейін бір жұмыс күні бұрын бақылау субъектісіне табыс етеді.
10. Тексеру нәтижелері бойынша уәкілетті органның тексеруді жүзеге асыратын лауазымды адамдары тексеру нәтижелері туралы акт жасайды.
Тексеру нәтижелері туралы актінің бірінші данасы өз құзыреті шегінде мемлекеттік құқықтық статистика және арнайы есепке алу саласындағы қызметті жүзеге асыратын мемлекеттік органға электрондық нысанда тапсырылады, бақылау субъектісінде түпнұсқа түрінде болатын құжаттардың көшірмелерін қоспағанда, қосымшалардың көшірмелерімен бірге екінші данасы бақылау субъектісіне (басшыға не оның уәкілетті адамына) танысу және анықталған бұзушылықтарды жою бойынша шаралар қабылдау және басқа да әрекеттер үшін қолын қойғызып қағаз жеткізгіште немесе электрондық нысанда табыс етіледі, үшінші данасы уәкілетті органда қалады.
11. Тексеру нәтижелері туралы актіде:
1) актінің жасалған күні, уақыты және орны;
2) мемлекеттік органның атауы;
3) тексеруді тағайындау туралы актінің (бар болған кезде мерзімін ұзарту туралы қосымша актінің) нөмірі мен күні;
4) тексеру жүргізген адамның (адамдардың) тегі, аты, әкесінің аты (егер ол жеке басты куәландыратын құжатта көрсетілсе) және лауазымы;
5) мемлекеттік органдардың, ведомстволық бағынысты және өзге де ұйымдардың тексеру жүргізу үшін тартылатын мамандары, консультанттары мен сарапшылары туралы мәліметтер;
6) бақылау субъектісінің атауы, оның тұрған жері;
7) тексеру нысанасы;
8) тексеру түрі;
9) тексеру жүргізу мерзімі мен кезеңі;
10) тексеру нәтижелері туралы, оның ішінде анықталған бұзушылықтар және олардың сипаты туралы мәліметтер;
11) орындалу мерзімі көрсетіле отырып, Қазақстан Республикасының дербес деректер және оларды қорғау туралы заңнамасы талаптарының анықталған бұзушылықтарын жою туралы талаптар;
12) бақылау субъектісі басшысының не оның уәкілетті адамының, сондай-ақ тексеру жүргізу кезінде қатысқан адамдардың актімен танысқаны немесе танысудан бас тартқаны туралы мәліметтер, олардың қолтаңбалары немесе қол қоюдан бас тартқаны туралы жазба;
13) тексеруді жүргізген лауазымды адамдардың қолтаңбалары көрсетіледі.
Тексеру нәтижелері туралы актіге тексеру нәтижелерімен байланысты құжаттар (бар болған кезде) және олардың көшірмелері қоса беріледі.
12. Тексеру нәтижелері бойынша ескертулер және (немесе) қарсылықтар болған жағдайда, бақылау субъектісі оларды жазбаша түрде баяндайды. Ескертулер және (немесе) қарсылықтар тексеру нәтижелері туралы актіге қоса беріледі, бұл туралы тиісті белгі жасалады.
Уәкілетті орган бақылау субъектісінің тексеру нәтижелері туралы актіге ескертулерін және (немесе) қарсылықтарын қарауға және он бес жұмыс күні ішінде уәжді жауап беруге тиіс.
Тексеру нәтижелері туралы актіні қабылдаудан бас тартылған жағдайда акт жасалады, оған тексеруді жүзеге асыратын лауазымды адамдар және бақылау субъектісінің басшысы не оның уәкілетті өкілі қол қояды.
Бақылау субъектісі бас тартудың себебі туралы жазбаша түсініктеме беріп, актіге қол қоюдан бас тартуға құқылы.
13. Тексеруді тағайындау туралы актіде немесе тексеру мерзімдерін ұзарту туралы қосымша актіде көрсетілген тексерудің аяқталу мерзімінен кешіктірмей, бақылау субъектісіне тексеру нәтижелері туралы актіні табыс еткен күн тексеру мерзімінің аяқталуы болып есептеледі.
14. Тексеру нәтижелері туралы актіні орындау мерзімдері оны орындаудың нақты мүмкіндігіне әсер ететін мән-жайлар ескеріле отырып, бірақ тексеру нәтижелері туралы акт табыс етілген күннен бастап кемінде күнтізбелік он күн болып айқындалады.
15. Тексеру нәтижелері туралы актіні орындау мерзімдерін айқындау кезінде:
1) бақылау субъектісінде бұзушылықтарды жою бойынша ұйымдастырушылық, техникалық мүмкіндіктердің болуы;
2) мемлекеттік органдарда Қазақстан Республикасының заңдарында белгіленген міндетті қорытындыларды, келісулерді және басқа да құжаттарды алу мерзімдері ескеріледі.
16. Анықталған бұзушылықтарды жоюдың тексеру нәтижелері туралы актіде белгіленген мерзімі өткеннен кейін бақылау субъектісі тексеру нәтижелері туралы актіде белгіленген мерзім ішінде уәкілетті органға анықталған бұзушылықтарды жою туралы ақпаратты растаушы құжаттармен қоса беруге міндетті.
Анықталған бұзушылықтарды жою туралы ақпарат берілмеген жағдайда уәкілетті орган осы баптың 3-тармағының 7) тармақшасына сәйкес жоспардан тыс тексеруді тағайындауға құқылы.
17. Тексеруді жүзеге асыру кезінде бақылау субъектісінің құқықтары мен заңды мүдделері бұзылған жағдайда бақылау субъектісі уәкілетті органның лауазымды адамдарының шешімдеріне, әрекеттеріне (әрекетсіздігіне) жоғары тұрған лауазымды адамға не Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген тәртіппен сотқа шағым жасауға құқылы.
28-бап. Осы Заңның қолданылуын қадағалау
2017.11.07. № 91-VI ҚР Заңымен 1-тармақ жаңа редакцияда (бұр.ред.қара)
1. Прокуратура органдары дербес деректер және оларды қорғау саласындағы заңдылықтың сақталуына жоғары қадағалауды жүзеге асырады.
2022.05.11. № 157-VII ҚР Заңымен 2-тармақ өзгертілді (2022 ж. 18 қарашадан бастап қолданысқа енгізілді) (бұр.ред.қара)
2. «Прокуратура туралы» Қазақстан Республикасының Конституциялық заңында белгіленген негізде және тәртіппен шығарылған прокурорлық қадағалау актілері барлық органдар, ұйымдар, лауазымды адамдар мен азаматтар үшін міндетті.
6-тарау. ҚОРЫТЫНДЫ ЖӘНЕ ӨТПЕЛІ ЕРЕЖЕЛЕР
29-бап. Қазақстан Республикасының дербес деректер және оларды қорғау туралы заңнамасын бұзғаны үшiн жауаптылық
Қазақстан Республикасының дербес деректер және оларды қорғау туралы заңнамасын бұзу Қазақстан Республикасының заңдарына сәйкес жауаптылыққа әкеп соғады.
30-бап. Дауларға шағым жасау және оларды қарау тәртібі
Субъектінің, меншік иесінің және (немесе) оператордың, сондай-ақ үшінші тұлғаның дербес деректерді жинау, өңдеу және қорғау кезіндегі іс-әрекеттеріне (әрекетсіздігіне) Қазақстан Республикасының заңдарында белгіленген тәртіппен шағым жасалуы мүмкін.
Дербес деректерді жинау, өңдеу және қорғау кезінде туындайтын даулар Қазақстан Республикасының заңдарында белгіленген тәртіппен қаралуға жатады.
31-бап. Осы Заңды қолданысқа енгiзу тәртiбi
1. Осы Заң алғашқы ресми жарияланғанынан кейiн алты ай өткен соң қолданысқа енгiзiледi.
2. Меншік иелері және (немесе) операторлар нормативтік құқықтық актілерді және өзге де құжаттарды осы Заң қолданысқа енгізілген күннен бастап үш ай мерзім ішінде осы Заңның талаптарына сәйкес келтіруге міндетті.
3. Осы Заң қолданысқа енгізілгенге дейін Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес жүзеге асырылған дербес деректерді жинау, өңдеу, егер осы деректерді одан әрі өңдеу және қорғау оларды жинау мақсаттарына сай болса, осы Заңның талаптарына сәйкес келеді деп танылады.
Қазақстан Республикасының
Президенті
Н. НАЗАРБАЕВ
Астана, Ақорда, 2013 жылғы мамырдың 21-і.
№ 94-V