11. Тексерілетін субъект бақылау және қадағалау органына ұсынған қаржылық және өзге де есептіліктің құжаттық деректері тәуекел дәрежесін бағалау негізінде тексеру, жоспардан тыс тексеру нәтижелері туралы актіде келтірілген мәліметтерден алшақ болған кезде тексерілетін субъект бақылау және қадағалау органының нұсқауы бойынша өзінің есептілігін тексеру нәтижелері туралы актіде көрсетілген нақты деректерге, оның ішінде алдыңғы есепті күндерге сәйкес келтіреді.
12. Тексерілетін субъект бақылау және қадағалау органы белгілеген мерзімде жоспарланған шаралар, жауапты орындаушылар және тексеру кезінде анықталған бұзушылықтар мен кемшіліктерді жою мерзімдері көрсетілген іс-шаралар жоспарын келісуге ұсынады.
Іс-шаралар жоспарын бақылау және қадағалау органымен келіскеннен кейін тексерілетін субъект бұзушылықтар мен кемшіліктердің жойылғаны туралы есептерді не іс-шаралар жоспары бойынша өзіне қабылдаған міндеттемелерді орындамау себептері туралы түсіндірулерін ұсынады.
13. Тексерілетін субъектінің осы Заңның 15-3-бабы 2-тармағының төртінші бөлігінде, 3, 5 және 6-тармақтарында, 15-4-бабының 3-тармағында, сондай-ақ осы баптың 2, 4 және 12-тармақтарында көрсетілген талаптарды бұзуы тексерілетін субъектіге не оның басшысына Қазақстан Республикасының заңдарында көзделген шектеулі ықпал ету шараларын, қадағалап ден қою шараларын және санкцияларды қолдану үшін негіз болып табылады.
14. Бақылау және қадағалау органының жұмыскерлеріне тексерілетін субъектінің қызметін тексеру барысында алынған мәліметтерді жария етуге не үшінші тұлғаларға беруге тыйым салынады.
15. Тексеруді жүзеге асыратын адамдар тексерілетін субъектінің қызметін тексеру барысында алынған және заңмен қорғалатын құпияны құрайтын мәліметтерді жария еткені үшін Қазақстан Республикасының заңдарына сәйкес жауапты болады.
15-6-бап. Бақылау мен қадағалаудың өзге де нысандары
1. Уәкілетті орган бақылау мен қадағалаудың өзге де нысандарын:
1) Қазақстан Республикасы заңнамасының талаптарына сәйкес берілетін ақпарат пен есептілікті талдау;
2) қаржы ұйымдарына, олардың ірі қатысушыларына, банк және сақтандыру холдингтеріне, банк конгломератына және сақтандыру тобына кіретін ұйымдарға, сақтандыру төлемдерін жүзеге асыруға кепілдік беретін ұйымға қатысты Қазақстан Республикасының заңдарында белгіленген тәртіппен қашықтықтан қадағалау, оның ішінде шоғырландырылған негізде қашықтықтан қадағалау;
3) Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген құзырет шегінде Қазақстан Республикасының заңдарында көзделген рұқсат беру құжаттарын келісу, беру және кері қайтарып алу, келісулер, лицензиялау, бағалы қағаздар шығарылымдарын тіркеу, бағалы қағаздарды орналастыру (өтеу) қорытындысы туралы есептерді бекіту, бағалы қағаздар шығарылымдарының күшін жою мәселелері бойынша құжаттарды, үлестес тұлғалар туралы ақпаратты қарау;
4) Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген құзыреті шегінде қаржы ұйымдарының қаржы өнімдерін бекіткені туралы уәкілетті органды хабардар ету тәртібін, сондай-ақ хабарламаға қоса берілетін құжаттардың тізбесін, микроқаржылық қызметті жүзеге асыратын ұйымдардың микрокредиттер беру жөніндегі көрсетілетін қызметтерді бекіткені туралы уәкілетті органды хабардар ету тәртібін, сондай-ақ хабарламаға қоса берілетін құжаттардың тізбесін реттейтін нормативтік құқықтық актілерде көзделген құжаттарды қарау;
5) кредиттік тарих жүйесіне және сақтандыру жөніндегі дерекқорға қатысушылардың қауіпсіздік жүйесін және үй-жайларына, электрондық және өзге де жабдықтарына қойылатын талаптарды орындауын қарап-тексеру;
6) Қазақстан Республикасының заңдарында белгіленген жағдайларда және тәртіппен қаржы ұйымдарына өз өкілін жіберу;
7) Қазақстан Республикасының заңдарында белгіленген тәртіппен Қазақстан Республикасының акционерлік қоғамдар және бағалы қағаздар рыногы туралы заңнамасында белгіленген талаптарды сақтау тұрғысынан эмиссиялық бағалы қағаздар эмитенттерінің мониторингі;
8) банктердің, сақтандыру (қайта сақтандыру) ұйымдарының уақытша әкімшіліктері (уақытша әкімшілері), тарату комиссиялары беретін есептілік пен өзге де ақпаратты қарау;
9) мәжбүрлеп таратылатын банктің, сақтандыру (қайта сақтандыру) ұйымының филиалдары мен өкілдіктерін ескере отырып, тарату комиссияларының төрағасы мен мүшелерін тағайындау және босату;
10) мәжбүрлеп таратылатын банктің, сақтандыру (қайта сақтандыру) ұйымының аралық тарату балансын және кредиторлары талаптарының тізілімін, ерікті түрде немесе мәжбүрлеп таратылатын банктердің, сақтандыру (қайта сақтандыру) ұйымдарының кредиторлар комитетінің құрамын бекіту;
11) мәжбүрлеп таратылатын банкті, сақтандыру (қайта сақтандыру) ұйымын тарату туралы есепті және олардың тарату балансын келісу;
12) тексерілетін субъектілердің қызметін бақылау және қадағалау нәтижелері бойынша олардың кездесулері мен талқылауларын өткізу;
13) депозиторлары мен кредиторларының мүдделеріне қатер төндіретін және (немесе) қаржы жүйесінің тұрақтылығына қатер төндіретін, қаржылық жағдайы орнықсыз банктер санатына, төлемге қабілетсіз банктер санатына жатқызылған банктің қаржылық және мүліктік жай-күйін бағалау (талдау), оның ішінде бағалаушыларды, аудиторлық ұйымдарды және басқа да тұлғаларды тарта отырып және (немесе) банкке бара отырып бағалау (талдау);
14) банктің, сақтандыру (қайта сақтандыру) ұйымының уақытша әкімшілігінің (уақытша әкімшісінің) орындалған жұмыс туралы есебін бекіту;
15) микроқаржылық қызметті жүзеге асыратын ұйымдардың пруденциялық нормативтерді, өзге де көрсеткіштер мен өлшемшарттарды (нормативтерді) сақтауын сипаттайтын көрсеткіштердің есеп-қисаптарын қарау;
16) Қазақстан Республикасының коллекторлық қызмет туралы заңнамасының талаптарын сақтау тұрғысынан коллекторлық агенттіктердің қызметін талдау, сондай-ақ «Коллекторлық қызмет туралы» Қазақстан Республикасы Заңының 15-бабы 1-тармағының 15) тармақшасына сәйкес коллекторлық агенттік ұсынған мәліметтерді, құжаттар мен аудио- және (немесе) бейнежазба материалдарын (болған кезде) талдау;
17) микроқаржылық қызметті жүзеге асыратын ұйымдардың, коллекторлық агенттіктердің тізілімдерін жүргізу арқылы жүзеге асырады.
2. Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкі бақылау мен қадағалаудың өзге де нысандарын:
1) Қазақстан Республикасы заңнамасының талаптарына сәйкес берілетін ақпарат пен есептілікті талдау;
2) Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген құзырет шегінде Қазақстан Республикасының заңдарында көзделген рұқсат беру құжаттарын беру және кері қайтарып алу, лицензиялау мәселелері бойынша құжаттарды қарау;
3) уәкілетті ұйымдардың айырбастау пункттерінің біліктілік талаптарына сәйкестігін қарап-тексеру;
4) валюталық бақылау агенттеріне валюталық бақылауды тиісінше жүзеге асыру мақсатында олардың орындауы үшін міндетті тапсырмалар беру;
5) тексерілетін субъектілердің қызметін бақылау және қадағалау нәтижелері бойынша олардың кездесулері мен талқылауларын өткізу;
6) төлем жүйелерінің жұмыс істеуін, сондай-ақ көрсетілетін төлем қызметтерін берушілер көрсететін қызметтерді талдау және бағалау;
7) жүйелік маңызы бар төлем жүйелерін байқауды жүзеге асыру шеңберінде жүйелік маңызы бар төлем жүйелеріне қатысушылардың төлем жүйелеріне қол жеткізуді қамтамасыз ететін ұйымдастыру шаралары мен бағдарламалық-техникалық құралдарға қойылатын талаптарға сәйкестігін қарап-тексеру;
8) төлем жүйелерінің, төлем ұйымдарының, көрсетілетін төлем қызметтерін маңызды берушілердің тізілімдерін жүргізу арқылы жүзеге асырады.
15-7-бап. Қашықтықтан қадағалау
1. Қашықтықтан қадағалау бақылау мен қадағалаудың өзге де нысандарының бірі болып табылады және оны уәкілетті орган өз құзыреті шегінде қаржы ұйымдарына, олардың ірі қатысушыларына, банк және сақтандыру холдингтеріне, банк конгломератына және сақтандыру тобына кіретін ұйымдарға, сақтандыру төлемдерін жүзеге асыруға кепілдік беретін ұйымға (бұдан әрі - қашықтықтан қадағалау субъектілері) қатысты жүзеге асырады.
2. Қашықтықтан қадағалауды уәкілетті орган қашықтықтан қадағалау субъектілерінің қызметін талдау және қашықтықтан қадағалау субъектілерінің органдарымен өзара іс-қимыл жасау арқылы тұрақты негізде:
1) Қазақстан Республикасының банк заңнамасы, Қазақстан Республикасының сақтандыру ісі және сақтандыру қызметі, зейнетақымен қамсыздандыру, бағалы қағаздар рыногы, бухгалтерлік есеп пен қаржылық есептілік, пошта, Қазақстан Даму Банкі, инвестициялық және венчурлік қорлар туралы заңнамасы талаптарының сақталуын бақылау және қадағалау;
2) қаржы ұйымдарының қаржылық жағдайының нашарлауына ықпал ететін факторларды анықтау, орын алған және ықтимал тәуекелдерді, олардың қашықтықтан қадағалау субъектілерінің орнықты қызметіне ықпал ету дәрежесін анықтау және бағалау мақсатында жүзеге асырады.
3. Қашықтықтан қадағалау субъектілерінің қызметін талдауды уәкілетті орган қашықтықтан қадағалау субъектілері ұсынатын есептілік және басқа да ақпарат, оның ішінде ведомствоаралық және халықаралық ынтымақтастық шеңберінде алынған ақпарат негізінде жүзеге асырады.
4. Қашықтықтан қадағалауды жүргізу шеңберінде уәкілетті орган қашықтықтан қадағалау субъектілерінен және олардың лауазымды адамдарынан мәліметтер мен құжаттарды, оның ішінде қашықтықтан қадағалау субъектілерінің қаржылық есептілігі мен органдары отырыстарының (сырттай өткізілгендерді қоса алғанда) материалдарын жазбаша нысанда сұратуға құқылы.
Қашықтықтан қадағалау субъектілері уәкілетті органның сұрау салуында көрсетілген мәліметтер мен құжаттарды уәкілетті орган белгілеген мерзімдерде ұсынуға міндетті.
15-8-бап. Бақылау және қадағалау шеңберіндегі тәуекелге бағдарланған тәсіл
1. Уәкілетті орган банктердің, банк конгломераттарының, банк операцияларының жекелеген түрлерін жүзеге асыратын ұйымдардың, сақтандыру (қайта сақтандыру) ұйымдарының, сақтандыру топтарының, бағалы қағаздар нарығында брокерлік және (немесе) дилерлік қызметті, инвестициялық портфельді басқару жөніндегі қызметті жүзеге асыратын ұйымдардың қызметін бақылау мен қадағалау шеңберінде тәуекелге бағдарланған тәсілді қолданады.
Тәуекелге бағдарланған тәсілдің негізгі міндеттері осы тармақтың бірінші бөлігінде көрсетілген тұлғалардың қаржылық орнықтылығын қамтамасыз ету және олардың қызметіндегі тәуекелдердің ұлғаюына жол бермеу үшін ерте араласу және қадағалау әрекеттерін уақтылы қабылдау мақсатында олардың қызметіндегі тәуекелдер мен кемшіліктерді анықтау және болғызбау болып табылады.
Тәуекелге бағдарланған тәсіл, оның ішінде бизнес-модельді, корпоративтік басқаруды, қылмыстық жолмен алынған кірістерді заңдастыруға (жылыстатуға) және терроризмді қаржыландыруға қарсы іс-қимылды, тәуекелдерді жабуға арналған капитал мен өтімділік деңгейін талдау мен бағалауды, меншікті капитал мен өтімділіктің қажетті деңгейін айқындаудың ішкі рәсімдерін бағалауды, сондай-ақ осы тармақтың бірінші бөлігінде көрсетілген тұлғалар қызметінің сипаты мен ауқымын ескере отырып талдау мен бағалауды қоса алғанда, осы тармақтың бірінші бөлігінде көрсетілген тұлғалардың қызметін сандық және сапалық талдау, олардың тәуекелдерді басқару және ішкі бақылау жүйелерін талдау негізінде қалыптастырылатын уәжді пайымдауға негізделеді.
2. Осы баптың 1-тармағының бірінші бөлігінде көрсетілген тұлғалардың қызметін бақылау және қадағалау шеңберіндегі тәуекелге бағдарланған тәсіл пропорционалдық қағидатын ескереді, бұл:
олардың қызметінің мөлшерін, маңыздылығын, сипатын, ауқымы мен күрделілігін есепке алуды;
олардың қаржы нарығындағы маңыздылығына сәйкес санатқа бөлуді;
бақылау мен қадағалаудың жиілігін, тереңдігі мен қарқындылығын айқындауды көздейді.
3. Тәуекелге бағдарланған тәсіл негізінде бақылау және қадағалау нәтижелері бойынша уәкілетті орган осы баптың 1-тармағының бірінші бөлігінде көрсетілген тұлғалардың назарына анықталған тәуекелдер мен кемшіліктерді жеткізеді және Қазақстан Республикасының заңдарына сәйкес қадағалап ден қою шараларын және (немесе) санкцияларды қолданады.
4. Осы баптың 1-тармағының бірінші бөлігінде көрсетілген тұлғалардың қызметін бақылау және қадағалау шеңберіндегі тәуекелге бағдарланған тәсілді қолдану тәртібі уәкілетті органның құқықтық актісінде айқындалады, құпия ақпарат болып табылады және бұқаралық ақпарат құралдарында жариялануға жатпайды.
15-9-бап. Өкілдің міндеті, функциялары, құқықтары мен міндеттері
1. Бақылау және қадағалау функцияларын жүзеге асыру мақсатында уәкілетті орган банктерге, банк холдингтеріне, бағалы қағаздар нарығында брокерлік және (немесе) дилерлік қызметті, инвестициялық портфельді басқару жөніндегі қызметті жүзеге асыратын ұйымдарға, сақтандыру (қайта сақтандыру) ұйымдарына, сақтандыру холдингтеріне өз өкілін жібереді, оны уәкілетті орган өз жұмыскерлері арасынан тағайындайды.
Осы тармақтың бірінші бөлігінде көрсетілген ұйымдардағы өкілдердің санын уәкілетті орган айқындайды.
2. Өкіл өз қызметінде осы Заңды, уәкілетті органның нормативтік құқықтық актілерін және Қазақстан Республикасының өзге де заңнамасын басшылыққа алады.
3. Уәкілетті орган осы баптың 1-тармағының бірінші бөлігінде көрсетілген ұйымдардағы өз өкілін кез келген кезде ауыстыруға құқылы.
4. Өкілдің негізгі міндеті уәкілетті органның бақылау және қадағалау функцияларын жүзеге асыруды қамтамасыз ету болып табылады.
5. Өкіл өзіне жүктелген міндетті іске асыру мақсатында мынадай функцияларды жүзеге асырады:
1) өзі өкіл болып табылатын ұйымның қаржылық жай-күйін талдайды;
2) уәкілетті органның нормативтік құқықтық актілерінің, сұрау салуларының, нұсқамаларының, талаптарының сақталуын бақылайды;
3) өзі өкіл болып табылатын ұйымда тексеру жүргізу жөнінде ұсыныстар енгізеді;
4) өзі өкіл болып табылатын ұйым басқармасының, директорлар кеңесінің, тұрақты не уақытша жұмыс істейтін комиссияларының (комитеттерінің, жұмыс топтарының) отырыстарына байқаушы ретінде қатысады;
5) өзі өкіл болып табылатын ұйым акционерлерінің (қатысушыларының) жалпы жиналысына акционерлердің (қатысушылардың) жалпы жиналысының күн тәртібіндегі мәселелер бойынша дауыс беру және пікірін білдіру құқығынсыз байқаушы ретінде қатысады.
6. Өкілдің:
1) өзіне жүктелген функцияларды орындау мақсатында өзі өкіл болып табылатын ұйымнан және (немесе) оның лауазымды адамдарынан мәліметтер мен құжаттарды, оның ішінде қаржылық есептілік пен органдары отырыстарының (сырттай өткізілгендерді қоса алғанда) материалдарын ауызша және жазбаша нысанда сұратуға;
2) автоматтандырылған жүйелер мен дерекқорға деректерді түзету мүмкіндігінсіз (қарау режимінде) қол жеткізуге құқығы бар.
7. Өкіл:
1) өзі өкіл болып табылатын ұйымның өзі сұратқан мәліметтер мен құжаттарды ұсынбауы немесе уақтылы ұсынбауы, уәкілетті орган өкілінің өз функцияларын орындауына кедергі келтіру, осы ұйым тарапынан параға сатып алу, қорқыту немесе оған өзге де құқыққа сыйымсыз ықпал ету фактілері туралы уәкілетті органға хабар беруге;
2) уәкілетті органның осы баптың 1-тармағының бірінші бөлігінде көрсетілген ұйымға өз өкілін жіберу туралы шешімінде көрсетілген мәселелер жөнінде уәкілетті органның тапсырмасы бойынша өзге де функцияларды орындауға міндетті.
8. Осы баптың 1-тармағының бірінші бөлігінде көрсетілген ұйымдар:
1) өкілге өз функцияларын орындауда жәрдем көрсетуге;
2) өкілге осы баптың 1-тармағының бірінші бөлігінде көрсетілген ұйымдардың лауазымды адамдары мен жұмыскерлерінің ақпаратты толық және уақтылы беру мүмкіндігін және барлық ақпарат көздеріне қол жеткізуді қамтамасыз етуге;
3) өкілден сұрау салуды алған күні не сұрау салуда белгіленген және олармен келісілген мерзімдерде барлық қажетті мәліметтер мен құжаттарды ұсынуға;
4) өздерінің қызметіне қатысты ақпаратқа, оның ішінде автоматтандырылған жүйелер мен дерекқорға деректерді түзету мүмкіндігінсіз (қарау режимінде) қол жеткізуді қамтамасыз етуге;
5) өкілді өзіне жүктелген функцияларды орындауы үшін қажетті құжаттардың көшірмелерімен қамтамасыз етуге міндетті.
9. Өкіл өзі бақылау және қадағалау функцияларын жүзеге асыру барысында алған, қызметтік, коммерциялық, банктік құпияны, зейнетақы жинақтарының, сақтандырудың құпиясын немесе заңмен қорғалатын өзге де құпияны құрайтын мәліметтерді жария еткені үшін Қазақстан Республикасының заңдарына сәйкес, оның ішінде уәкілетті органда жұмысын тоқтатқаннан кейін де жауапты болады.
Өкіл уәкілетті органда жұмысын тоқтатқаннан кейін бір жыл ішінде өзі өкіл болып табылған ұйымға жұмысқа қабылдана алмайды.
Өкіл өзі өкіл болып табылатын немесе болып табылған ұйым органдарының отырыстары барысында қабылданатын (қабылданған) нәтижелер мен шешімдер үшін жауапты болмайды.
2019.03.07. № 262-VІ ҚР Заңымен 10-тармақпен толықтырылады (2020 ж. 16 желтоқсаннан бастап қолданысқа енгізіледі)
15-10-бап. Мемлекеттік емес эмиссиялық бағалы қағаздар эмитенттерінің мониторингі
1. Мемлекеттік емес эмиссиялық бағалы қағаздар эмитенттерінің мониторингін уәкілетті орган олардың Қазақстан Республикасының бағалы қағаздар рыногы туралы және акционерлік қоғамдар туралы заңнамасының талаптарын сақтауы нысанасына:
1) мемлекеттік емес эмиссиялық бағалы қағаздар шығарылымын мемлекеттік тіркеуді жүзеге асыру, мемлекеттік емес эмиссиялық бағалы қағаздар шығарылымының проспектісіне өзгерістерді және (немесе) толықтыруларды тіркеу, мемлекеттік емес эмиссиялық бағалы қағаздарды орналастыру немесе өтеу қорытындысы туралы есепті және акционерлік қоғамның орналастырылған акцияларының бір түрін осы акционерлік қоғам акцияларының басқа түріне айырбастау туралы есепті бекіту кезінде;
2) мемлекеттік емес эмиссиялық бағалы қағаздар эмитенттерінің өз қызметі туралы ақпаратты ашуы бойынша жүзеге асырады.
2. Мемлекеттік емес эмиссиялық бағалы қағаздар эмитенттерінің мониторингін уәкілетті орган мемлекеттік емес эмиссиялық бағалы қағаздар эмитенттері ұсынатын ақпарат және өзге де ақпарат, оның ішінде ведомствоаралық және халықаралық ынтымақтастық шеңберінде алынған ақпарат негізінде жүзеге асырады.
3. Мемлекеттік емес эмиссиялық бағалы қағаздар эмитенттерінің мониторингін жүргізу шеңберінде уәкілетті орган мемлекеттік емес эмиссиялық бағалы қағаздар эмитенттерінен және олардың лауазымды адамдарынан мәліметтер мен құжаттарды, оның ішінде мемлекеттік емес эмиссиялық бағалы қағаздар эмитенттерінің қаржылық есептілігін және органдары отырыстарының (сырттай өткізілгендерді қоса алғанда) материалдарын жазбаша нысанда сұратуға құқылы.
Мемлекеттік емес эмиссиялық бағалы қағаздар эмитенттері уәкілетті орган сұратып отырған мәліметтер мен құжаттарды ол белгілеген мерзімдерде ұсынуға міндетті.
2-2-тарау. Уәкілетті органның жұмыскерлері
15-11-бап. Уәкілетті орган жұмыскерлері лауазымдарының құрамы
Мемлекеттік әкімшілік және азаматтық қызметшілерге жатпайтын, уәкілетті органда лауазым атқаратын адамдар уәкілетті органның жұмыскерлері болып табылады.
Уәкілетті орган жұмыскерлерінің еңбегіне ақы төлеу Қазақстан Республикасының Президентімен келісу бойынша Қазақстан Республикасының Үкіметі бекітетін барлық органдар үшін қызметкерлердің еңбегіне ақы төлеудің бірыңғай жүйесіне сәйкес бюджет қаражаты есебінен жүргізіледі.
Уәкілетті органның жұмыскерлері лауазымдарының құрамына:
1) мемлекеттік саяси қызметшілердің;
2) уәкілетті орган қызметшілерінің;
3) уәкілетті органның техникалық қызметшілерінің лауазымдары кіреді.
Мемлекеттік қызметшілерге жатпайтын, уәкілетті органда мемлекеттің міндеттері мен функцияларын іске асыруға бағытталған лауазымдық өкілеттіктерді жүзеге асыратын адамдар уәкілетті органның қызметшілері болып табылады.
Лауазымдық өкілеттіктер деп уәкілетті органның алдында тұрған мақсаттар мен міндеттерге сай келетін уәкілетті орган қызметшілерінің нақты мемлекеттік лауазымында көзделген құқықтар мен міндеттер түсініледі.
Уәкілетті орган қызметшілері лауазымдарының тізбесін Қазақстан Республикасының Президенті бекітеді.
Азаматтық қызметшілерге жатпайтын, уәкілетті органға қызмет көрсету және оның жұмыс істеуін қамтамасыз ету жөніндегі еңбек міндеттерін орындайтын адамдар уәкілетті органның техникалық қызметшілері болып табылады.
Техникалық қызметшілер лауазымдарының тізбесін уәкілетті органның Төрағасы бекітеді.
Уәкілетті орган жұмыскерлерінің еңбегі осы Заңда, сондай-ақ Қазақстан Республикасының өзге де нормативтік құқықтық актілерінде және уәкілетті органның актілерінде белгіленген ерекшеліктермен бірге Қазақстан Республикасының Еңбек кодексімен реттеледі.
15-12-бап. Уәкілетті органның қызметшілерімен еңбек шартын тоқтату
Уәкілетті органның қызметшілерімен еңбек шартын тоқтату мынадай негіздер бойынша жүргізіледі:
1) Қазақстан Республикасының Еңбек кодексінде көзделген;
2) олардың уәкілетті органда болу мерзімін жыл сайын ұзарту құқығымен, Қазақстан Республикасының заңында белгіленген зейнеткерлік жасқа толу;
3) Қазақстан Республикасының сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл туралы заңнамасын сақтау тұрғысынан арнайы тексерудің теріс нәтижелері;
4) олардың кірістері мен мүлкі туралы көрінеу жалған мәліметтер ұсыну;
5) осы Заңда және «Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл туралы» Қазақстан Республикасының Заңында белгіленген сыбайлас жемқорлыққа қарсы міндеттер мен шектеулерді сақтамау;
6) инвестициялық қорлардың тиесілі пайларын, коммерциялық ұйымдардың облигациялары мен акцияларын сенімгерлік басқаруға бермеу;
7) уәкілетті органға кірген кезде жұмысқа қабылдаудан бас тартуға негіз болуы мүмкін көрінеу жалған құжаттарды немесе мәліметтерді ұсыну;
8) аттестаттаудың теріс нәтижелері;
9) Қазақстан Республикасының заңдарында көзделген өзге де негіздер.
Уәкілетті орган жұмыскерлерінің санын немесе штатын қысқарту негізі бойынша еңбек шарты бұзылған кезде уәкілетті органның қысқаратын лауазымды атқаратын қызметшісіне кемінде үш жыл жұмыс өтілі болған кезде төрт орташа айлық жалақы мөлшерінде жұмыстан шығу жәрдемақысы төленеді.
15-13-бап. Уәкілетті орган қызметшілерінің құқықтары мен міндеттері
1. Уәкілетті орган қызметшілерінің:
1) Қазақстан Республикасының Конституциясымен және Еңбек кодексімен Қазақстан Республикасының азаматтарына кепілдік берілетін құқықтар мен бостандықтарды пайдалануға;
2) өз өкілеттіктері шегінде мәселелерді қарауға және олар бойынша шешімдер қабылдауға қатысуға, тиісті органдар мен лауазымды адамдардың оларды орындауын талап етуге;
3) лауазымдық міндеттерін орындау үшін қажетті ақпарат пен материалдарды белгіленген тәртіппен алуға;
4) лауазымдық міндеттерін орындау үшін Қазақстан Республикасының заңдарында белгіленген тәртіппен ұйымдарға баруға;
5) басшыдан уәкілетті орган қызметшілерінің атқаратын лауазымына сәйкес лауазымдық өкілеттік міндеттері мен көлемін дәл айқындауды талап етуге;
6) жеке басының қадір-қасиетінің құрметтелуіне, басшылар, өзге де жеке тұлғалар және лауазымды адамдар тарапынан өзіне әділ және құрметпен қарауына;
7) бюджет қаражаты есебінен оқуға және біліктілігін арттыруға;
8) өздерінің лауазымдық өкілеттіктеріне қатысты материалдармен кедергісіз танысуға және қажет болған кезде жеке түсініктемелер беруге;
9) біліктілігі, қабілеті, өзінің лауазымдық өкілеттіктерін адал орындауы ескеріле отырып, лауазымы бойынша жоғарылауға;
10) қызметшінің пікірінше негізсіз айыптаулар болған кезде қызметтік тергеп-тексеруді талап етуге;
11) педагогикалық, ғылыми және өзге де шығармашылық қызметпен айналысуға құқығы бар.
2. Уәкілетті органның қызметшілері:
1) Қазақстан Республикасының Конституциясы мен заңнамасын сақтауға;
2) уәкілетті органның актісінде айқындалған тәртіппен ант беруге;
3) жеке және заңды тұлғалар құқықтарының, бостандықтары мен заңды мүдделерінің сақталуын және қорғалуын қамтамасыз етуге, Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген тәртіппен және мерзімдерде жеке және заңды тұлғалардың өтініштерін қарауға, олар бойынша қажетті шаралар қолдануға;