2. Тауарлар тиісті сапада және (немесе) жинақта болмауы себебінен осындай тауарлар әкелінген ай өткеннен кейін ішінара қайтарылған кезде осындай тауарлар жөніндегі мәліметтер импортталған тауарлар бойынша жанама салықтар жөніндегі қосымша декларацияда, сондай-ақ кері қайтарып алынған өтініштің орнына ұсынылған тауарларды әкелу және жанама салықтарды төлеу туралы өтініште көрсетілуге тиіс.
3. Тауарлар тиісті сапада және (немесе) жинақта болмауы себебінен осындай тауарлар әкелінген ай өткеннен кейін толық қайтарылған кезде осындай тауарлар жөніндегі мәліметтер импортталған тауарлар бойынша жанама салықтар жөніндегі қосымша декларацияда көрсетілуге жатады. Осындай тауарлар бойынша ұсынылған тауарларды әкелу және жанама салықтарды төлеу туралы өтініш осы Кодекстің 458-бабы 3-тармағының 1) тармақшасына сәйкес алып тастау әдісімен кері қайтарып алынады.
4. Осы баптың мақсаттарында мыналар Еуразиялық экономикалық одаққа мүше мемлекеттердің аумағынан Қазақстан Республикасының аумағына импортталған тауарлардың тиісті сапада және (немесе) жинақта болмауы себебінен толық және (немесе) ішінара қайтарылуын растайтын құжаттар болып табылады:
1) экспорттаушы салық төлеушімен және импорттаушы салық төлеушімен келісілген, тиісті сапада және (немесе) жинақта болмауы себебінен қайтарылуға жататын импортталған тауарлардың саны туралы мәліметтерді қамтитын кінә қою;
2) тауарды қабылдап алу-беру актілері (қайтарылған тауарларды тасымалдау болмаған жағдайда);
3) көліктік (тауарға ілеспе) құжаттар (қайтарылған тауарлар тасымалданған жағдайда);
4) жою актілері (тауарлар жойылған жағдайда).
Осы тармақта көрсетілген құжаттардың көшірмелері қағаз жеткізгіште салық органына осы Кодекстің 456-бабы 2-тармағы екінші бөлігінің 2) - 8) тармақшаларында көзделген құжаттармен бір мезгілде ұсынылады.
5. Мыналарға қосылған құн салығы салынбайды:
1) Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген табиғи кему нормалары шегінде салық төлеуші шеккен тауарлардың шығыны;
2) тауарлардың табиғи және техногендік сипаттағы төтенше жағдайлар салдарынан туындаған бүлінуі.
Осы баптың мақсаттары үшін салдарынан тауар жойылған немесе жоғалған оқиға тауар шығыны деп түсініледі. Тауардың бүлінуі тауардың бүкіл немесе жекелеген сапасының (қасиетінің) нашарлауын білдіреді, оның салдарынан осы тауарды салық салынатын айналым мақсаттары үшін пайдалану мүмкін емес.
11-БӨЛІМ. АКЦИЗДЕР
51-тарау. ЖАЛПЫ ЕРЕЖЕЛЕР
460-бап. Акциздерді қолдану
Қазақстан Республикасының аумағында өндiрiлген және Қазақстан Республикасының аумағына импортталатын, осы Кодекстің 462-бабында көрсетілген тауарларға акциздер салынады.
461-бап. Төлеушілер
1. Мыналар:
1) Қазақстан Республикасының аумағында акцизделетiн тауарлар шығаратын;
2) акцизделетін тауарларды Қазақстан Республикасының аумағына импорттайтын;
3) Қазақстан Республикасының аумағында бензинді (авиациялық бензиндi қоспағанда) және дизель отынын көтерме, бөлшек саудада өткiзудi жүзеге асыратын;
4) осы Кодекстің 462-бабы бірінші бөлігінің 5) - 7) тармақшаларында көрсетілген және олар бойынша акциз Қазақстан Республикасының аумағында Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес бұрын төленбеген, Қазақстан Республикасының аумағында тәркіленген, иесiз, мұрагерлiк құқығы бойынша мемлекетке өткен және мемлекет меншiгiне өтеусiз берiлген акцизделетін тауарларды өткiзудi жүзеге асыратын;
5) осы Кодекстiң 462-бабында көрсетілген және олар бойынша акциз Қазақстан Республикасының аумағында Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес бұрын төленбеген, акцизделетiн тауарлардың мүліктік массасын өткiзудi жүзеге асыратын;
6) осы Кодекстің 462-бабы бірінші бөлігінің 6) тармақшасында көзделген акцизделетін тауарларды жинауды (жинақтауды) жүзеге асыратын жеке және заңды тұлғалар акциз төлеушілер болып табылады.
2. Кәсіпкерлік қызмет мақсатында Еуразиялық экономикалық одаққа мүше мемлекеттердің аумағынан акцизделетін тауарларды импорттайтын жеке тұлғалар да акциз төлеушілер болып табылады.
Акцизделетін тауарларды кәсіпкерлік қызмет мақсатында импортталатындарға жатқызу өлшемшарттарын уәкілетті орган белгілейді.
3. Осы баптың 1-тармағының ережелерi ескерiле отырып, бейрезидент-заңды тұлғалар мен олардың құрылымдық бөлiмшелерi де акциз төлеушiлер болып табылады.
4. Осы Кодекстің 462-бабы бірінші бөлігінің 5), 6) және 7) тармақшаларында көрсетілген тәркіленген, иесiз, мұрагерлiк құқығы бойынша мемлекетке өткен және мемлекет меншiгiне өтеусiз берiлген акцизделетін тауарларды өткізуді, Қазақстан Республикасының аумағында мемлекеттік материалдық резервтің материалдық құндылықтарын салуды және шығаруды жүзеге асыратын уәкілетті мемлекеттік органдар акциздерді төлеушілер болып табылмайды.
462-бап. Акцизделетін тауарлардың тізбесі
Егер осы бапта өзгеше белгіленбесе, мыналар акцизделетін тауарлар болып табылады:
1) спирттің барлық түрлері;
2) алкоголь өнімі;
3) темекі бұйымдары;
4) қыздырылатын темекісі бар өнімдер, электрондық сигареттерде пайдалануға арналған құрамында никотині бар сұйықтық;
5) бензин (авиациялық бензинді қоспағанда), дизель отыны;
6) шағын автобустарды, автобустар мен троллейбустарды қоспағанда, қозғалтқышының көлемі 3000 текше сантиметрден асатын, 10 және одан да көп адам тасымалдауға арналған моторлы көлік құралдары;
қозғалтқышының көлемі 3000 текше сантиметрден асатын, адамдар тасымалдауға арналған жеңіл автомобильдер және өзге де моторлы көлік құралдары (арнайы мүгедектерге арналған қолмен басқарылатын немесе қолмен басқару адаптері бар автомобильдерден басқа);
қозғалтқышының көлемі 3000 текше сантиметрден асатын, жүкке арналған платформасы және жүк бөлiгiнен қатты стационарлық қабырғамен бөлінген жүргiзушi кабинасы бар жеңіл автомобиль шассиiндегi моторлы көлік құралдары (арнайы мүгедектерге арналған қолмен басқарылатын немесе қолмен басқару адаптері бар автомобильдерден басқа);
7) шикі мұнай, газ конденсаты;
8) Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес дәрiлiк зат ретінде тіркелген, құрамында спирті бар медициналық мақсаттағы өнім.
Сауда қызметін реттеу саласындағы уәкілетті орган шығарылған елі бойынша акциздер салуға жатқызылатын импортталатын тауарлардың қосымша тізбесін Қазақстан Республикасының Үкіметі айқындаған тәртіппен айқындайды.
Осы баптың екінші бөлігіне сәйкес айқындалған импортталатын тауарлардың қосымша тізбесінде көрсетілген тауарларға акциздердің мөлшерлемелерін сауда қызметін реттеу саласындағы уәкілетті органның ұсыныстары негізінде Қазақстан Республикасының Үкіметі белгілейді.
463-бап. Акциздердің мөлшерлемелері
1. Акциздердің мөлшерлемелері заттай түрдегі өлшем бiрлiгiне абсолюттiк сомада белгiленедi.
2. Алкоголь өнiмiне акциздердің мөлшерлемелері осы баптың 1-тармағына сәйкес не оның құрамындағы сусыз (жүз пайыздық) спирттің көлемдiк үлесіне қарай бекiтiледi.
3. Спирттің барлық түрiне және шарап материалына акциз мөлшерлемелері спиртті және шарап материалын одан әрi пайдалану мақсаттарына қарай сараланады.
4. Акциз сомаларын есептеу мынадай мөлшерлемелер бойынша жүргізіледі:
1) осы Кодекстің 462-бабы бірінші бөлігінің 1) - 4), 6), 7) және 8) тармақшаларында көрсетілген акцизделетін тауарларға:
Кестедегі 7, 12, 14, 15, 21 және 22-жолдардың қолданысы 2022 ж. 1 қаңтарға дейін тоқтатылды, тоқтатыла тұру кезеңінде осы жолдар 2017.25.12. № 121-VI ҚР Заңының 43-бабының редакциясында қолданылады (болашақ редакцияны қараңыз)
| Р/с № | ЕАЭО СЭҚ ТН коды | Акцизделетін тауарлардың түрлері | Акциздердің мөлшерлемелері (өлшем бірлігі үшін теңгемен) |
| 1 | 2 | 3 | 4 |
| 1. | 2207-ден | 80 көлемдік пайыз немесе одан жоғары спирт концентрациясы бар денатуратталмаған этил спиртi (алкоголь өнiмiн, емдiк және фармацевтикалық препараттарды өндiру үшiн өткізілетін немесе пайдаланылатын, белгiленген квоталар шегiнде мемлекеттік медициналық мекемелерге берiлетiн денатуратталмаған этил спиртiнен басқа), этил спиртi және кез келген концентрациядағы денатуратталған өзге де спирттер (iшкi нарықта тұтыну үшін денатуратталған отындық этил спиртінен (этанолдан) басқа (түссiз емес, боялған)) | 600 теңге/литр |
| 2. | 2207-ден | Денатуратталған отындық этил спирті (этанол) (түссіз емес, ішкі нарықта тұтыну үшін боялған) | 1,0 теңге/литр |
| 3. | 2208-ден | Денатуратталмаған этил спирті, спирт тұнбалары және 80 көлемдік пайыздан төмен спирт концентрациясы бар өзге де спиртті ішімдіктер (алкоголь өнімін, емдік және фармацевтикалық препараттарды өндіру үшін өткізілетін немесе пайдаланылатын, белгіленген квоталар шегінде мемлекеттік медициналық мекемелерге берілетін денатуратталмаған этил спиртінен басқа) | 750 теңге/литр 100% спирт |
| 4. | 2207-ден | Алкоголь өнімін өндіру үшін өткізілетін немесе пайдаланылатын 80 көлемдік пайыз немесе одан жоғары спирт концентрациясы бар денатуратталмаған этил спирті | 0 теңге/литр |
| 5. | 2208-ден | Денатуратталмаған этил спирті, алкоголь өнімін өндіру үшін өткізілетін немесе пайдаланылатын, спирт тұнбалары және 80 көлемдік пайыздан төмен спирт концентрациясы бар өзге де спиртті ішімдіктер | 75 теңге/литр 100% спирт |
| 6. | 3003, 3004-ден | Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес дәрiлiк зат ретiнде тіркелген, құрамында спирті бар медициналық мақсаттағы өнім | 500 теңге/литр 100% спирт |
| 7. | 2208 | Алкоголь өнімі (коньяктан, брендиден, шараптан, шарап материалынан, сырадан және сыра сусынынан басқа) | 2275 теңге/литр 100 % спирт |
| 8. | 2208 | Коньяк, бренди | 250 теңге/литр 100% спирт |
| 9. | 2204, 2205, 2206 00 | Шараптар | 35 теңге/литр |
| 10. | 2204, 2205, 2206 00-ден | Шарап материалы (этил спирті мен алкоголь өнімін өндіру үшін өткізілетіннен немесе пайдаланылатыннан басқа) | 170 теңге/литр |
| 11. | 2204, 2205, 2206 00-ден | Этил спирті мен алкоголь өнімін өндіру үшін өткізілетін немесе пайдаланылатын шарап материалы | 0 теңге/литр |
| 12. | 2203 00 | Сыра және сыра сусыны | 48 теңге/литр |
| 13. | 2202 90 100 1 | Құрамындағы этил спиртінің көлемі 0,5 пайыздан аспайтын сыра | 0 теңге/литр |
| 14. | 2402-ден | Фильтрлі сигареттер | 7500 теңге/ 1000 дана |
| 15. | 2402-ден | Фильтрсіз сигареттер, папиростар | 7500 теңге/ 1000 дана |
| 16. | 2402-ден | Сигариллалар | 6 225 теңге/ 1 000 дана |
| 17. | 2402-ден | Сигаралар | 750 теңге/дана |
| 18. | 2403-тен | Құрамында никотині бар фармацевтикалық өнімді қоспағанда, тұтыну ыдысына қапталған және түпкілікті тұтынуға арналған түтіктік, шегетін, шайнайтын, соратын, иіскейтін, қорқорлы және өзге де темекі | 7345 теңге/ килограмм |
| 19. | 2709 00-ден | Шикі мұнай, газ конденсаты | 0 теңге/тонна |
| 20. | 8702-ден | Микроавтобустарды, автобустар мен троллейбустарды қоспағанда, 10 және одан көп адамды тасымалдауға арналған, қозғалтқышының көлемі 3000 текше см.-ден асатын моторлы көлік құралдары | 100 теңге/текше см |
| 8703-тен | Қозғалтқышының көлемі 3000 текше см.-ден асатын, негізінен адамдарды тасымалдауға арналған жеңіл автомобильдер және өзге де моторлы көлік құралдары (арнайы мүгедектерге арналған, қолмен басқарылатын немесе қолмен басқару адаптері бар автомобильдерден басқа) |
| 8704-тен | Қозғалтқышының көлемі 3000 текше см.-ден асатын, жүкке арналған платформасы және жүк бөлiгiнен қатты стационарлық қабырғамен бөлiнген жүргiзушi кабинасы бар жеңiл автомобиль шассиiндегi моторлы көлiк құралдары (арнайы мүгедектерге арналған, қолмен басқарылатын немесе қолмен басқару адаптері бар автомобильдерден басқа) |
| 21. | 2403 | Қыздырылатын темекісі бар бұйымдар (қыздырылатын темекі таяқшасы, темекісі бар қыздырылатын капсула және өзгелер) | 0 теңге/1 кг темекі қоспасы |
| 22. | 3824 | Электрондық сигареттерде пайдалануға арналған картридждердегі, резервуарлардағы және басқа да контейнерлердегі құрамында никотин бар сұйықтық | 0 теңге/ сұйықтық миллилитрі |
2) осы Кодекстің 462-бабы бірінші бөлігінің 5) тармақшасында көрсетілген акцизделетін тауарларға акциздер мөлшерлемелерін Қазақстан Республикасының Үкіметі бекітеді.
Ескертпе.
Тауар номенклатурасы Еуразиялық экономикалық одақтың сыртқы экономикалық қызметінің бірыңғай тауар номенклатурасының кодымен және (немесе) тауардың атауымен айқындалады.
52-тарау. ҚАЗАҚСТАН РЕСПУБЛИКАСЫНДА ӨНДІРІЛЕТІН, ӨТКІЗІЛЕТІН АКЦИЗДЕЛЕТІН ТАУАРЛАРҒА САЛЫҚ САЛУ
464-бап. Салық салу объектісі
1. Мыналар акциз салынатын объект болып табылады:
1) акциз төлеуші өзі шығарған және (немесе) өндірген және (немесе) ыдысқа құйған акцизделетін тауарлармен жүзеге асыратын мынадай операциялар:
акцизделетін тауарларды өткізу;
акцизделетiн тауарларды алыс-беріс негiзінде қайта өңдеуге беру;
алыс-берiстік, оның iшiнде акцизделетiн шикiзат пен материалдарды қайта өңдеу өнiмi болып табылатын акцизделетiн тауарларды беру;
жарғылық капиталға жарна;
акцизделетін тауарларды заттай нысанда пайдалы қазбаларды өндіру салығын, экспортқа рента салығын төлеу есебіне беру жағдайларынан басқа, акцизделетiн тауарларды заттай ақы төлеген кезде пайдалану;
өндіруші өзiнiң құрылымдық бөлiмшелерiне жүзеге асыратын акцизделетiн тауарларды тиеп-жөнелту;
өндiрушiнің жасап шығарған және (немесе) өндiрген және (немесе) ыдысқа құйған акцизделетін тауарларды өздерiнiң өндiрiстiк мұқтаждары үшін және акцизделетін тауарларды өздері өндіруі үшін пайдалануы;
өндіруші жүзеге асыратын акцизделетін тауарлардың лицензияда көрсетілген өндіріс мекенжайынан орын ауыстыруы;
2) бензинді (авиациялық бензиндi қоспағанда) және дизель отынын көтерме саудада өткiзу;
3) бензинді (авиациялық бензиндi қоспағанда) және дизель отынын бөлшек саудада өткiзу;
4) мүліктік массаны, тәркiленген және (немесе) иесiз, мұрагерлiк құқығы бойынша мемлекетке өткен және мемлекет меншiгiне өтеусiз берiлген акцизделетін тауарларды өткiзу;
5) акцизделетiн тауарлардың бүлiнуi, жоғалуы;
6) акцизделетін тауарлардың Қазақстан Республикасының аумағына импорты.
2. Акциздік маркалардың, есепке алу-бақылау маркаларының бүлінуі, жоғалуы акцизделетін тауарларды өткізу ретінде қаралады.
3. Мыналар акциз салудан босатылады:
1) егер осы Кодекстiң 471-бабында белгіленген талаптарға сай келсе, акцизделетiн тауарлардың экспорты;
2) этил спиртi мен алкоголь өнімін өндiрудi және оның айналымын бақылау жөнiндегi уәкiлеттi мемлекеттiк орган айқындайтын квоталар шегiнде:
тиісті қызмет түріне лицензиясы болған жағдайда дәрілік заттарды, медициналық мақсаттағы бұйымдарды өндіру үшін;
өз қызметін бастағаны туралы белгіленген тәртіппен хабарлаған мемлекеттік денсаулық сақтау ұйымдарына берілетін этил спирті;
3) жаңа үлгідегі есепке алу-бақылау немесе акциздік маркалармен қайта таңбалауға жататын, осы Кодекстің 172-бабының 2-тармағында көрсетілген акцизделетін тауарлар, егер аталған тауарлар бойынша акциз бұрын төленсе;
4) Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес дәрілік зат ретінде тіркелген медициналық мақсаттағы құрамында спирті бар өнім (бальзамдардан басқа).
465-бап. Операция жасалған күн
1. Егер осы бапта өзгеше көзделмесе, барлық жағдайларда акцизделетiн тауарларды алушыға тиеп-жөнелту (беру) күнi операция жасалған күн болып табылады.
2. Өндiрушi өзi өндiрген акцизделетiн тауарларды өздерiнiң құрылымдық бөлiмшелер желiсi арқылы өткiзген жағдайда, тауарларды заңды тұлғаның құрылымдық бөлiмшелеріне тиеп-жөнелту күні операция жасалған күн болып табылады.
3. Алыс-беріс шикізаты болып табылатын акцизделетін тауарларды беру кезінде көрсетілген тауарларды мердігерге (қайта өңдеушіге) беру күні операция жасалған күн болып табылады.
Алыс-беріс шикізатын қайта өңдеу өнімі болып табылатын, осы Кодекстің 462-бабының 5) тармақшасында көрсетілген акцизделетін тауарларды дайындау кезінде Қазақстан Республикасының бухгалтерлік есеп пен қаржылық есептілік туралы заңнамасына сәйкес ресімделген құжатта көрсетілген тапсырыс берушіге дайындалған акцизделетін тауарларды беру күні операция жасалған күн болып табылады. Тапсырыс берушіге меншік құқығында немесе қабылдап алу-беру актілерімен расталған өзге заңды негіздерде тиесілі мұнайды автомобиль және (немесе) теміржол цистерналарына құю не құбыржол бойымен өнім берушінің резервуарына немесе құю станциясына айдау арқылы заттай түрдегі акцизделетін тауарларды іс жүзінде тиеп-жөнелту дайындалған акцизделетін тауарларды беру деп түсініледі.
Қазақстан Республикасының аумағынан Еуразиялық экономикалық одаққа мүше мемлекеттің аумағына әкетілген, сондай-ақ Қазақстан Республикасының аумағына Еуразиялық экономикалық одаққа мүше мемлекеттердің аумағынан әкелінген акцизделетін алыс-беріс шикізатын қайта өңдеу мерзімі алыс-беріс шикізатын қайта өңдеуге арналған шарттың (келісімшарттың) талаптарына сәйкес айқындалады және алыс-беріс шикізаты есепке қабылданған және (немесе) тиеп-жөнелтілген күннен бастап екі жылдан аспайды.
Алыс-беріс шикізатын қайта өңдеудің белгіленген мерзімінен асып кеткен жағдайда, Қазақстан Республикасының Үкіметі бекіткен мөлшерлемелер бойынша шарттың (келісімшарттың) талаптарына сәйкес қайта өңдеу өнімінің болжалды көлемі акциз салу объектісі болып табылады.
Қазақстан Республикасының салық төлеушісі алыс-беріс шикізатын қайта өңдеуге әкелу (әкету) жүзеге асырылған жағдайда қайта өңдеу өнімдерін әкету (әкелу) туралы міндеттеме, сондай-ақ оны мемлекеттік жоспарлау жөніндегі орталық уәкілетті органмен келісу бойынша уәкілетті орган бекіткен тәртіппен, нысан бойынша және мерзімдерде орындау ұсынылады.
4. Акцизделетiн тауарларды өздерiнiң өндiрiстiк мұқтаждары және акцизделетін тауарларды өзі өндіруі үшін пайдаланған кезде көрсетілген тауарларды осындай пайдалануға беру күні операция жасалған күн болып табылады.
5. Өндіруші жүзеге асыратын акцизделетін тауарлар өндіріс мекенжайынан орын ауыстырған кезде акцизделетін тауарлардың лицензияда көрсетілген өндіріс мекенжайынан орын ауыстыру күні операция жасалған күн болып табылады.
6. Акцизделетін тауарлар, акциздік маркалар, есепке алу-бақылау маркалары бүлінген жағдайда, бүлінген акцизделетін тауарларды есептен шығару туралы акт, акциздік маркаларды, есепке алу-бақылау маркаларын есептен шығару және жою туралы акт жасалған күн немесе оларды өндірістік процесте одан әрі пайдалану туралы шешім қабылданған күн операция жасалған күн болып табылады.
Акцизделетiн тауарлар, акциздік маркалар, есепке алу-бақылау маркалары жоғалған жағдайда, акцизделетiн тауарлар, акциздік маркалар, есепке алу-бақылау маркалары жоғалған күн операция жасалған күн болып табылады.
7. Акцизделетін тауарлардың Еуразиялық экономикалық одаққа мүше басқа мемлекеттің аумағынан Қазақстан Республикасының аумағына импорты кезінде салық төлеуші импортталған акцизделетін тауарларды есепке қабылдаған күн операция жасалған күн болып табылады.
Бұл ретте осы бөлімнің мақсаттары үшін импортталған акцизделетін тауарлар халықаралық қаржылық есептілік стандарттарына және Қазақстан Республикасының бухгалтерлік есеп пен қаржылық есептілік туралы заңнамасының талаптарына сәйкес кіріске алынған күн осындай тауарлар есепке қабылданған күн болып табылады.
466-бап. Салықтық база
Акцизделетін тауарлар бойынша салықтық база өндірілген, өткізілген акцизделетін тауарлардың заттай түрдегі көлемі (саны) ретінде айқындалады.
Алыс-беріс шикізатын қайта өңдеу өнімі болып табылатын бензин (авиациялық бензинді қоспағанда) және дизель отыны бойынша салықтық база берілген акцизделетін тауарлардың заттай түрдегі көлемі (саны) ретінде айқындалады.
467-бап. Әртүрлi мөлшерлемелер белгiленген жағдайда спирттің барлық түрiне және шарап материалына салық салу ерекшелiктерi
1. Осы Кодекстiң 463-бабының 3-тармағына сәйкес спирттің барлық түрiне және шарап материалына әртүрлi акциз мөлшерлемелері белгiленген жағдайда, салықтық база сол бiр мөлшерлемемен салық салынатын операциялар бойынша жеке айқындалады.
2. Алкоголь өнiмiн өндiрушiлер базалық мөлшерлемеден төмен акцизбен сатып алған спирт пен шарап материалын этил спиртін және (немесе) алкоголь өнiмiн өндіруден басқа мақсатқа пайдаланған кезде, осы спирт пен шарап материалы бойынша акциз сомасы қайта есептелуге және алкоголь өнiмiн өндiрушiлер болып табылмайтын тұлғаларға өткізілетін спирттің барлық түрi мен шарап материалы үшiн белгiленген акциздің базалық мөлшерлемесі бойынша бюджетке төленуге жатады. Акцизді қайта есептеуді және төлеудi спиртті немесе шарап материалын алушы жүргiзедi.
3. Осы баптың 2-тармағының ережелерi емдiк және фармацевтикалық препараттар шығару және медициналық қызметтер көрсету үшiн сатып алынған спирт мақсатқа сай пайдаланылмаған жағдайда да қолданылады. Емдiк және фармацевтикалық препараттарды өндірушілер мен спирттi акцизсiз алған мемлекеттiк медициналық мекемелер осы спирт бойынша акциз төлеушiлер болып табылады.
468-бап. Акцизделетiн тауарлардың бүлiнуi, жоғалуы
1. Төтенше оқиғалар салдарынан туындаған жағдайларды қоспағанда, Қазақстан Республикасының аумағында өндiрiлген және импортталатын, сондай-ақ Еуразиялық экономикалық одақтың кедендік аумағына әкелінетін акцизделетiн тауарлар бүлiнген, жоғалған кезде акциз толық мөлшерде төленедi.
Осы ереже одан әрi өткiзу үшiн сатып алынған бензин (авиациялық бензиндi қоспағанда), дизель отыны бүлiнген, жоғалған жағдайда да қолданылады.
2. Осы баптың мақсаттары үшiн:
1) тауардың барлық немесе жекелеген сапасының (қасиетінің), оның ішінде оны өндірудің барлық технологиялық сатыларында нашарлауы акцизделетiн өнiмнiң бүлiнуi деп түсініледі;
2) оның салдарынан тауардың, оның ішінде оны өндірудің барлық технологиялық сатыларында жойылуы немесе ысырабы болған оқиға акцизделетiн тауардың жоғалуы деп түсініледі.
Салық төлеуші Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген табиғи кему нормалары шегінде шеккен акцизделетін тауарлардың ысырабы, сондай-ақ өндірушінің нормативтік және техникалық құжаттамасында регламенттелетін нормалар шегіндегі ысыраптар жоғалу болып табылмайды.
469-бап. Акциздік маркалардың, есепке алу-бақылау маркаларының бүлiнуi, жоғалуы
1. Егер осы бапта өзгеше көзделмесе, акциздік маркалар, есепке алу-бақылау маркалары бүлінген, жоғалған кезде акциз мәлімделген ассортимент мөлшерінде төленеді.
Осы Кодекстің 172-бабына сәйкес алкоголь өнімін таңбалауға арналған бүлінген немесе жоғалған (оның ішінде ұрланған) есепке алу-бақылау маркалары бойынша акцизді есептеу маркада көрсетілген сауыттың (ыдыстың) көлеміне қолданылатын белгіленген мөлшерлемелер негізге алына отырып жүргізіледі.
2. Темекі бұйымдарының импорты кезінде берілген акциздік маркалар, есепке алу-бақылау маркалары бүлiнген, жоғалған кезде төленген акциз сомалары мынадай:
1) акциздік маркалардың, есепке алу-бақылау маркаларының бүлінуі, жоғалуы төтенше жағдайлар салдарынан туындаған;
2) бүлiнген акциздік маркаларды, есепке алу-бақылау маркаларын салық органдары есептен шығару және жою туралы актінің негiзiнде қабылдаған жағдайларда қайта есептеуге жатады.
3. Темекі бұйымдарына берілген акциздік маркалар бүлiнген, жоғалған кезде мынадай:
1) акциздік маркалардың бүлінуі, жоғалуы төтенше жағдайлар салдарынан туындаған;
2) бүлінген акциздік маркаларды салық органдары есептен шығару және жою туралы актінің негізінде қабылдаған жағдайларда акциз төленбейді.
470-бап. Қазақстан Республикасының аумағында жүзеге асырылатын бензинді (авиациялық бензиндi қоспағанда) және дизель отынын көтерме және бөлшек саудада өткiзуге жатқызу өлшемшарттары
1. Егер сатып алу-сату (айырбастау) шарты бойынша сатып алушы бензинді (авиациялық бензинді қоспағанда) және дизель отынын қабылдауға және оларды одан әрi өткiзу үшiн, осы сатып алу-сату (айырбастау) шарты бойынша:
1) бензинді (авиациялық бензиндi қоспағанда) және дизель отынын өндiрушi;
2) өзіне меншік құқығында тиесілі алыс-беріс шикізатын оларды одан әрі өткізу мақсатында қайта өңдеу нәтижесінде бензин (авиациялық бензиндi қоспағанда) және (немесе) дизель отынын алған мұнай беруші;
3) осы Кодекстің 88-бабына сәйкес жекелеген қызмет түрлері бойынша тіркеу есебінде тұрған және Қазақстан Республикасының аумағына меншікті бензинін (авиациялық бензиндi қоспағанда) және (немесе) дизель отынын одан әрi өткiзу мақсатында әкелуді жүзеге асырған салық төлеушi өнім берушілер болып табылады деген шартпен пайдалануға міндеттенсе, аталған акцизделетiн тауарларды өткiзу көтерме саудада өткiзу саласына жатқызылады.
Көтерме саудада өткізу саласына бензинді (авиациялық бензинді қоспағанда) және дизель отынын одан әрі өткізу үшін заңды тұлғаның құрылымдық бөлімшелеріне тиеп-жөнелту де жатады.
2. Бензинді (авиациялық бензиндi қоспағанда) және дизель отынын бөлшек саудада өткiзу саласына осы баптың 1-тармағында көрсетілген өнім берушілер жүзеге асыратын мынадай операциялар жатады:
1) мұнай өнімдерін өндірушінің алыс-беріс шикізаты мен материалдарынан дайындалған бензинді (авиациялық бензинді қоспағанда) және дизель отынын тұлғаларға олардың өндiрiстiк мұқтаждары үшiн өткiзуі, сондай-ақ беруі;
2) бензинді (авиациялық бензиндi қоспағанда) және дизель отынын жеке тұлғаларға өткiзу;
3) өндiрiлген немесе одан әрi өткiзу үшiн сатып алынған бензинді (авиациялық бензиндi қоспағанда) және дизель отынын өзiнiң өндiрiстiк мұқтаждарына пайдалану.
471-бап. Акцизделетiн тауарлар экспортын растау
1. Акцизделетін тауарлар экспортын растайтын құжаттар мыналар болып табылады:
1) экспортталатын акцизделетiн тауарларды беруге арналған шарт (келісімшарт);
2) акцизделетiн тауарларды экспорттың кедендік рәсімінде шығаруды жүзеге асырған кеден органының белгiсi бар тауарларға арналған декларация немесе кеден органы растаған оның көшiрмесi.
Акцизделетiн тауарларды экспорттың кедендік рәсімінде магистральдық құбыржолдар жүйесiмен не толық емес мерзiмдiк декларациялау рәсiмiн қолдана отырып әкеткен жағдайда, кедендік декларациялауды жүргiзген кеден органының белгісі бар тауарларға арналған толық декларация экспортты растау болады;