11) тармақша 2020 ж. 1 қаңтарға дейін қолданылады
11) «Қазақстан Республикасындағы банктер және банк қызметі туралы» Қазақстан Республикасы Заңының 61-4-бабында көзделген операцияны жүзеге асырған, осы Кодекстiң 250-бабының 1-тармағына сәйкес провизияларды (резервтердi) құру жөнiндегi шығыстар сомасын шегеруге құқығы бар банктің 2017 жылғы 1 қаңтардағы жағдай бойынша кредит (қарыз) бойынша үмітсіз берешекті және ол бойынша сыйақыны кешіруі.
6. Еңбекпен табылмаған сыйлықақылар, болмаған залалдар, мәлімделген, бірақ реттелмеген залалдар, болған, бірақ мәлімделмеген залалдар бойынша Қазақстан Республикасының сақтандыру және сақтандыру қызметі туралы заңнамасына сәйкес құрылған, бұрын шегерімге жатқызылған сақтандыру резервтерінің есепті салықтық кезеңнің соңындағы мөлшері мен осындай резервтердің алдыңғы салықтық кезең соңындағы мөлшері арасындағы теріс айырма сақтандыру, қайта сақтандыру ұйымының сақтандыру резервтерін төмендетуден түсетін кірісі болып танылады.
233-бап. Талап ету құқығын басқаға беруден түсетін кіріс
1. Егер осы бапта өзгеше белгіленбесе, мыналар:
1) талап ету құқығын сатып алатын салық төлеуші үшін - негізгі борышты талап ету бойынша борышкерден алынуға жататын сома, оның ішінде талап ету құқығын басқаға берген күнгі негізгі борыштан тыс сома мен талап ету құқығын сатып алу құны арасындағы оң айырма;
2) талап ету құқығын басқаға берген салық төлеуші үшін - салық төлеушінің бастапқы құжаттарына сәйкес, басқаға беру жүргізілген талап ету құқығының құны мен талап ету құқығы басқаға берілген күні борышкерден алынуға жататын талап ету құны арасындағы оң айырма талап ету құқығын басқаға беруден түсетін кіріс болып табылады.
Талап ету құқығын басқаға беруден түсетін кіріс талап ету құқығын басқаға беру жүргізілген салықтық кезеңде танылады.
1-тармақтың үшінші бөлігі 2020 ж. 1 қаңтарға дейін қолданылады
Егер 2016 жылғы 1 қаңтарға дейін жасалған кредит (қарыз) бойынша талап ету құқықтарын басқаға беру жөніндегі осындай мәміленің тарапы болып табылатын банктердің бірі - өзіне қатысты сот шешімімен қайта құрылымдау жүргізілген, 2013 жылғы 31 желтоқсанда дауыс беретін акцияларының 90 пайыздан астамы ұлттық басқарушы холдингке тиесілі банк болып табылған және егер басқаға беру жүргізілген кредит (қарыз) бойынша талап ету құқығының құны Қазақстан Республикасының бағалау қызметі туралы заңнамасына немесе шет мемлекеттің заңнамасына сәйкес жүргізілген бағалау туралы есепте айқындалған талап ету құқығының нарықтық құнынан төмен болмаған жағдайда, борышкер іс жүзінде төлеген сома мен талап ету құқығын сатып алу құны арасындағы оң айырма күмәнді және үмітсіз активтер деп танылған кредиттер (қарыздар) бойынша талап ету құқығын басқаға беруден түсетін кіріс болып табылады.
1-тармақтың төртінші бөлігі 2020 ж. 1 қаңтарға дейін қолданылады
Борышкер іс жүзінде төлеген сома мен талап ету құқығын сатып алу құны арасындағы оң айырма, егер мұндай талап ету құқығы «Қазақстан Республикасындағы банктер және банк қызметі туралы» Қазақстан Республикасы Заңының 61-4-бабында көзделген операцияны жүзеге асырған банктен сатып алынған жағдайда, кредиттер (қарыздар) бойынша талап ету құқығын басқаға беруден түсетін кіріс болып табылады.
2. Борышкер іс жүзінде төлеген сома мен талап ету құқығын сатып алу құны арасындағы оң айырма кредиттер (қарыздар, микрокредитдар) бойынша талап ету құқығын сатып алатын және «Қазақстан Республикасындағы банктер және банк қызметі туралы» және «Микроқаржы ұйымдары туралы» Қазақстан Республикасының заңдарында көрсетілген салық төлеушінің талап ету құқығын басқаға беруден түсетін кірісі болып табылады.
Талап ету құқығын басқаға беруден түсетін кіріс оң айырма туындайтын (ұлғаятын) салықтық кезеңде танылады. Бұл ретте бұрын алдыңғы салықтық кезеңдерде танылған оң айырма ескерілмейді.
234-бап. Тіркелген активтердің шығып қалуынан түсетін кіріс
Егер кіші топтың (І топ бойынша) немесе топтың (ІІ, ІІІ және ІV топтар бойынша) шығып қалған тіркелген активтерінің осы Кодекстің 270-бабына сәйкес айқындалған құны кіші топтың (І топ бойынша) немесе топтың (ІІ, ІІІ және ІV топтар бойынша) салықтық кезеңнің басындағы, салықтық кезеңде келіп түскен тіркелген активтер құны, сондай-ақ салықтық кезеңде жүргізілген және осы Кодекстің 272-бабының 2-тармағына сәйкес есепке алынатын кейінгі шығыстар есепке алынған құндық балансынан асып кетсе, асып кету шамасы жылдық жиынтық кіріске қосуға жатады. Осы кіші топтың (І топ бойынша) немесе топтың (ІІ, ІІІ және ІV топтар бойынша) құндық балансы салықтық кезеңнің соңында нөлге тең болады.
Тіркелген активтердің шығып қалуынан түсетін кіріс осы Кодекстің 270-бабына сәйкес мұндай активтердің шығып қалуы орын алған салықтық кезеңде танылады.
235-бап. Табиғи ресурстарды геологиялық зерделеуге және оларды өндiруге дайындық жұмыстарына арналған шығыстарды, сондай-ақ жер қойнауын пайдаланушылардың басқа да шығыстарын түзетуден түсетін кіріс
Егер осы Кодекстiң 258-бабына сәйкес жеке топты түзетін шығыстарды түзететiн сомалардың мөлшерi осы жеке топтың салықтық кезеңнің басындағы салықтық кезеңде жүргізілген шығыстар есепке алынған мөлшерiнен асып кетсе, асып кету шамасы жылдық жиынтық кіріске қосуға жатады. Бұл топтың мөлшерi салықтық кезеңнің соңында нөлге тең болады.
236-бап. Кен орындарын әзірлеу салдарын жою қорына аударымдар сомасының кен орындарын әзірлеу салдарын жою бойынша іс жүзіндегі шығыстар сомасынан асып кетуiнен түсетін кіріс
Егер жер қойнауын пайдаланушының жер қойнауын пайдалануға арналған келісімшарттың бүкіл қолданылу кезеңіне қалыптастырылған кен орындарын әзірлеу салдарын жою қоры есебінен жүргізілген, жер қойнауын пайдалануға арналған келісімшарттың бүкіл қолданылу кезеңінде кен орындарын әзірлеу салдарын жою бойынша іс жүзіндегі шығыстары көрсетілген қорға жүргізілген аударымдардан төмен болса, онда айырма жер қойнауын пайдалануға арналған келісімшарттың қолданылуы тоқтайтын салықтық кезеңнің жылдық жиынтық кірісіне қосуға жатады.
Бұл ретте жылдық жиынтық кіріске қосуға жататын мұндай айырманың сомасы жер қойнауын пайдалануға арналған келісімшарттың қолданылу кезеңі ішінде, жер қойнауын пайдаланушының жою қорының қаражатын мақсатсыз пайдалануына байланысты жер қойнауын пайдаланушы осы Кодекстің 252-бабына сәйкес жүргізген жылдық жиынтық кірісті түзету сомасына азайтылады.
237-бап. Бұрын жүргізілген шегерімдер бойынша алынған өтемақылар
1. Бұрын жүргізілген шегерімдер бойынша өтемақы түрiнде алынған кірістерге:
1) бұрын шегерімге жатқызылған және кейiнгi салықтық кезеңдерде, оның ішінде мұндай талап ету құқықтарын басқаға беру жолымен өтелген, күмәндi деп танылған талап етулер сомасы;
2) шығындарды (шығыстарды) жабу үшін мемлекеттiк бюджет қаражатынан алынған сомалар;
3) осы Кодекстің 270-бабында көрсетілген сақтандыру төлемдерін қоспағанда, сақтандыру ұйымы немесе нұқсан келтірген тұлға төлеген нұқсанды өтеу сомасы;
4) бұрын шегерімге жатқызылған шығындарды өтеу бойынша алынған басқа да өтемақылар жатады.
Алынған өтемақы ол алынған салықтық кезеңнің кірісі болып табылады.
2. Салық төлеуші осы Кодекстің 288-бабы 1-тармағы 4) тармақшасының ережелерін қолданған оқыту шығыстарын жеке тұлға өтеген болса, жеке тұлға мұндай өтеуді өзін оқыту аяқталған (еңбек шарты жасалған күнінен бастап үш жыл өткенге дейін бұзылған) салықтық кезеңді, сондай-ақ одан кейінгі салықтық кезеңді қамтитын уақыт кезеңі ішінде жүргізген жағдайда, мұндай өтеу сомасы алдыңғы салықтық кезеңдердің салық салынатын кірісін азайтуға жатқызылған осындай шығыстар сомасы бөлігінде салық төлеушінің жылдық жиынтық кірісіне қосылады.
3. Қазақстан Республикасының азаматтық заңнамасына сәйкес жинақтаушы емес сақтандыру шарттары бойынша сақтандыру ұйымының сақтанушыға қайтаруына жататын немесе ол қайтарған және сақтанушы бұрын шегерімге жатқызған сақтандыру сыйақыларының сомасы олар сақтанушыға қайтарылуға жатқан немесе қайтарылған салықтық кезеңнің жылдық жиынтық кірісіне қосылады.
238-бап. Өтеусіз алынған мүлік
1. Егер осы Кодексте өзгеше белгіленбесе, салық төлеуші өтеусіз алған кез келген мүліктің, оның ішінде жұмыстар мен көрсетілетін қызметтердің құны оның кірісі болып табылады.
2. Өтеусіз алынған мүлік, оның ішінде жұмыстар мен көрсетілетін қызметтер түріндегі кіріс осындай мүлік алынған, жұмыстар орындалған, қызметтер көрсетілген салықтық кезеңде танылады.
3. Өтеусіз алынған мүлік түріндегі кіріс мөлшерін айқындау мақсаттары үшін өтеусіз алынған мүліктің, оның ішінде жұмыстар мен көрсетілетін қызметтердің құны халықаралық қаржылық есептілік стандарттарына және Қазақстан Республикасының бухгалтерлік есеп пен қаржылық есептілік туралы заңнамасының талаптарына сәйкес бухгалтерлік есепке алу деректері бойынша, бірақ беруші тараптың құжаттарында көрсетілген қосылған құн салығы ескеріле отырып, осындай мүлікті қабылдап алу-беру актісінде (ол болған кезде) көрсетілген құннан төмен емес болып айқындалады.
4. Қоршаған ортаны қорғау саласындағы уәкілетті орган айқындаған тәртіппен Парниктік газдар шығарындыларына квоталар бөлудің ұлттық жоспарына сәйкес алынған парниктік газдар шығарындыларына квота түрінде өтеусіз алынған мүліктің құны нөлге тең деп танылады.
239-бап. Әлеуметтік сала объектілерін пайдалану кезінде алынған кіріс
Егер әлеуметтік сала объектілерін пайдалану кезінде басқа тұлғадан алынуға жататын (алынған) кірістер, осындай кірістерді қоса алғанда, жылдық жиынтық кірістің 5 пайызынан аспайтын болса, онда салық төлеушінің жылдық жиынтық кірісіне осындай кірістердің әлеуметтік сала объектілерін пайдалану кезінде іс жүзінде шегілген, халықаралық қаржылық есептілік стандарттарына және Қазақстан Республикасының бухгалтерлік есеп пен қаржылық есептілік туралы заңнамасының талаптарына сәйкес айқындалатын шығыстардан асып кетуі қосылады.
2. Салық төлеушіге меншік құқығында тиесілі:
1) мына қызмет түрлерінің бірінде немесе бірнешеуінде:
демалысты, ойын-сауықты ұйымдастыру саласындағы;
ғылым, мәдениет, дене шынықтыру және спорт саласындағы, тарихи-мәдени мұраны, архив құндылықтарын сақтау жөніндегі қызметте пайдаланылатын;
2) тұрғынжай қорының объектісі болып табылатын мүлік әлеуметтік сала объектісі болып табылады.
240-бап. Кәсіпорынды мүліктік кешен ретінде сатудан түсетін кіріс (залал)
1. Кәсіпорынды мүліктік кешен ретінде сатудан түсетін кіріс кәсіпорынды мүліктік кешен ретінде сатып алу-сату шарты бойынша өткізу құны мен берілетін міндеттемелердің өткізу күнгі бухгалтерлік есепке алу деректері бойынша баланстық құнына азайтылған, берілетін активтердің баланстық құны арасындағы оң айырма ретінде айқындалады.
2. Кәсіпорынды мүліктік кешен ретінде сатудан болатын залал кәсіпорынды мүліктік кешен ретінде сатып алу-сату шарты бойынша өткізу құны мен берілетін міндеттемелердің өткізу күнгі бухгалтерлік есепке алу деректері бойынша баланстық құнына азайтылған, берілетін активтердің баланстық құны арасындағы теріс айырма ретінде айқындалады.
Кәсіпорынды мүліктік кешен ретінде сатудан болатын залалды ауыстыру осы Кодекстің 300-бабында айқындалған тәртіппен жүзеге асырылады.
241-бап. Жылдық жиынтық кірісті түзету
1. Салық төлеушілердің жылдық жиынтық кірісінен:
2018.26.12. № 203-VІ ҚР Заңымен 1) тармақша жаңа редакцияда (2019 ж. 1 қаңтардан бастап қолданысқа енгізілді) (бұр.ред.қара)
1) егер осы баптың 2-тармағында өзгеше көзделмесе, дивидендтер;
2) мынадай шарттар бір мезгілде орындалған кезде:
дивидендтерді есепке жазу күніне салық төлеуші осындай тәуекелдік инвестициялаудың акционерлік инвестициялық қорының акцияларын немесе қатысу үлестерін үш жылдан астам иеленсе;
технологиялық дамыту саласындағы ұлттық даму институтының осындай тәуекелдік инвестициялаудың акционерлік инвестициялық қорының жарғылық капиталына қатысуы 25 пайыздан астамды құраса, тәуекелдiк инвестициялаудың акционерлiк инвестициялық қорлары төлейтiн дивидендтер;
3) жеке тұлғалардың депозиттеріне міндетті кепілдік беруді жүзеге асыратын ұйым алған банктердің міндетті күнтізбелік, қосымша және төтенше жарналарының сомасы;
4) Тұрғын үй құрылысына кепілдік беру қоры кепілдікті жағдайларды реттеу үшін резервті ұлғайтуға бағытталған қаражат шегінде алған кепілдікті жарналар сомасы;
5) Сақтандыру төлемдеріне кепілдік беру қоры алған сақтандыру ұйымдарының міндетті, қосымша және төтенше жарналарының сомасы;
6) жеке тұлғалардың депозиттеріне міндетті кепілдік беруді жүзеге асыратын ұйым мен Сақтандыру төлемдеріне кепілдік беру қоры өздерінің өтелген депозиттер мен жүзеге асырылған кепілдікті және өтемақы төлемдері бойынша талаптарын қанағаттандыру тәртібімен алған ақша сомасы;
7) Тұрғын үй құрылысына кепілдік беру қоры тұрғын үйлердің (тұрғын үй ғимараттарының) құрылысы аяқталғаннан кейін төлемдер бойынша талаптарды қанағаттандыру тәртібімен алған ақша сомасы;
8) Қазақстан Республикасының зейнетақымен қамсыздандыру туралы заңнамасына сәйкес алынған және жеке зейнетақы шоттарына бағытталған инвестициялық кірістер;
9) Қазақстан Республикасының міндетті әлеуметтік сақтандыру туралы заңнамасына сәйкес алынған және Мемлекеттік әлеуметтік сақтандыру қорының активтерін ұлғайтуға бағытталған инвестициялық кірістер;
10) Қазақстан Республикасының міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру туралы заңнамасына сәйкес алынған және Әлеуметтік медициналық сақтандыру қорының активтерін ұлғайтуға бағытталған инвестициялық кірістер;
2018.04.07. № 174-VI ҚР Заңымен 11) тармақша өзгертілді (бұр.ред.қара)
11) акционерлiк инвестициялық қорлар Қазақстан Республикасының инвестициялық және венчурлік қорлар туралы заңнамасына сәйкес инвестициялық қызметтен алған және акционерлік инвестициялық қордың кастодианы ескерген инвестициялық кірістер;
12) арнайы қаржы компаниясы Қазақстан Республикасының жобалық қаржыландыру және секьюритилендіру туралы заңнамасына сәйкес секьюритилендіру мәмілесі бойынша алған, борышты талап ету құқықтарын басқаға беруден түсетін кірістер;
13) сенімгерлік басқару құрылтайшысы алған (оның алуына жататын), мүлікті сенімгерлік басқарудан түсетін таза кіріс;
14) мақта қолхаттары бойынша міндеттемелерді орындауға кепілдік беру қоры мақта өңдеу ұйымдарынан алған жыл сайынғы міндетті жарналар сомасы;
15) астық қолхаттары бойынша мiндеттемелердi орындауға кепiлдiк беру қоры астық қабылдау кәсiпорындарынан алған жыл сайынғы міндетті жарналар сомасы;
16) мақта (астық) қолхаттары бойынша мiндеттемелердi орындауға кепiлдiк беру қоры жүзеге асырылған кепілдік төлемдері жөніндегі талаптарды қанағаттандыру тәртібімен алған ақша сомасы;
17) мемлекеттік ислам арнайы қаржы компаниясы осы Кодекстің 519-бабы 3-тармағының 6) тармақшасында көрсетілген жылжымайтын мүлікті және осындай мүлік орналасқан жер учаскелерін мүліктік жалға тапсырудан (жалға беруден) және (немесе) өткізу кезінде алған кірістер;
18) инвестициялық депозиттер түрінде алынған ақшаларды басқару процесінде ислам банкі алған, осы инвестициялық депозиттер депозиторларының шоттарына бағытталған және соларда болатын кірістер алып тасталуға жатады. Мұндай кірістерде ислам банкінің сыйақысы қамтылмайды;
19) Қазақстан Республикасының бағалы қағаздар нарығы туралы заңнамасына сәйкес құрылған ислам арнайы қаржы компаниясы алған борышты талап ету құқығын басқаға беруден түсетін кірістер;
20) жеке тұлғалардың депозиттеріне мiндеттi кепiлдiк берудi жүзеге асыратын ұйым арнайы резерв активтерін орналастыру нәтижесінде алған, сондай-ақ «Қазақстан Республикасының екінші деңгейдегі банктерінде орналастырылған депозиттерге міндетті кепілдік беру туралы» Қазақстан Республикасының Заңына сәйкес қосылу шарты бойынша міндеттемелерді орындамағаны немесе тиісінше орындамағаны үшін екінші деңгейдегі банктерге қолданылатын тұрақсыздық айыбы түрінде алған кірістер алып тасталуға жатады.
Осы тармақшаның ережелері көрсетілген кірістер арнайы резервті ұлғайтуға бағытталған жағдайда қолданылады;
21) трансұлттық корпорациялардың қатысуымен бірлескен кәсіпорындар құру үшін, сондай-ақ шетелдік инвестициялық қорларға үлестік қатысу үшін ғана бюджеттен нысаналы аударым түрінде алынған, Қазақстан Республикасының инновациялық кластер туралы заңнамасында айқындалған дербес кластерлік қордың кірісі;
22) «Тұрғын үй құрылысына үлестік қатысу туралы» Қазақстан Республикасының Заңына сәйкес Тұрғын үй құрылысына кепілдік беру қорының кепілдікті жағдайларды реттеу үшін резервті ұлғайтуға бағытталған қаражат шегіндегі инвестициялық кірістері;
23) осы Кодекстің 289-бабында белгіленген шарттар сақталған кезде, коммерциялық ұйымның осы Кодекстің 289-бабының 2-тармағында көзделген кірістері;
2018.26.12. № 203-VІ ҚР Заңымен 24) тармақша өзгертілді (2019 ж. 1 қаңтардан бастап қолданысқа енгізілді, 2029 ж. 1 қаңтарға дейін қолданылады) (бұр.ред.қара)
24) білім беру саласындағы уәкілетті органның сенім білдірілген өкілінің (агентінің) бюджет қаражатының шығыстарын өтеу жөніндегі, сондай-ақ мемлекеттік білім беру кредиттері мен мемлекеттік студенттік кредиттерді қайтару жөніндегі қызметті жүзеге асыруға байланысты ұйғарылған тұрақсыздық айыбы түріндегі кірістері;
2018.26.12. № 203-VІ ҚР Заңымен 25) тармақшамен толықтырылды (2019 ж. 1 қаңтардан бастап қолданысқа енгізілді, 2029 ж. 1 қаңтарға дейін қолданылады)
25) Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес құрылған венчурлік қор өтеусіз алған және осы Кодекстің 293-бабы 1-тармағының 6) тармақшасында аталған заңды тұлғаларға өтеусіз беруге арналған мүліктің құны алып тасталуға жатады.
1-тармақтың екінші, үшінші және төртінші бөліктері 2027 ж. 1 қаңтарға дейін қолданылады
Бас банктің күмәнді және үмітсіз активтерін сатып алатын банктің еншілес ұйымының жылдық жиынтық кірісінен Қазақстан Республикасының банктер және банк қызметі туралы заңнамасында көзделген қызмет түрлерін жүзеге асырудан түсетін, осындай ұйымның жылдық жиынтық кірісіне қосылған және бас банкке аударылған кірістері алып тасталады.
Бұл ретте, алынуға жататын кірістерді Қазақстан Республикасының банктер және банк қызметі туралы заңнамасында көзделген қызмет түрлерін жүзеге асырудан түсетін кірістерге жатқызу уәкілетті органмен келісу бойынша Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкі айқындаған тәртіппен жүргізіледі.
Банктің жылдық жиынтық кірісінен екінші деңгейдегі банктердің кредиттік портфельдерінің сапасын жақсартуға маманданатын, Қазақстан Республикасының Үкіметі жалғыз акционері болып табылатын ұйымнан осындай ұйымға бұрын берілген, кредиттер (қарыздар) бойынша талап ету құқықтарын сатып алуға байланысты алынған талап ету құқығын беруден түсетін кірістер алып тасталады.
2. Жылдық жиынтық кірістен:
1) егер осы баптың 1-тармағының 2) тармақшасында өзгеше белгіленбесе, тәуекелдік инвестициялаудың жабық пайлық инвестициялық қорлары мен тәуекелдік инвестициялаудың акционерлік инвестициялық қорлары төлейтін;
2018.26.12. № 203-VІ ҚР Заңымен 2) тармақша жаңа редакцияда (2019 ж. 1 қаңтардан бастап қолданысқа енгізілді, 2-тармақтың 2-бөлігі 2029 ж. 1 қаңтарға дейін қолданылады) (бұр.ред.қара)
2) егер тұтастай алғанда дивидендтер төлейтін заңды тұлға бойынша есептелген корпоративтік табыс салығының жалпы сомасында 100 пайызға азайтылған корпоративтік табыс салығының үлесі 50 және одан көп пайыз болу шартымен, өзінде азайту жүргізілген кезең үшін осындай дивидендтер есепке жазылған жағдайда, осындай азайту көзделген қызмет бойынша есептелген корпоративтік табыс салығын 100 пайызға азайтуды жүргізетін заңды тұлға төлейтін дивидендтер алып тасталуға жатпайды.
Осы тармақшаның ережелері осы Кодекстің 293-бабы 1-тармағының 6) тармақшасында аталған заңды тұлғалар төлейтін дивидендтерге қолданылмайды.
3. Салық төлеушi осының алдындағы салықтық кезеңде қолданған запастарды бағалау әдiсiнен өзге әдiске ауысқан кезде, салық төлеушiнiң жылдық жиынтық кірісі жаңа бағалау әдiсiн қолдану нәтижесiнде түзілген оң айырма сомасына ұлғайтылуға және терiс айырма сомасына азайтылуға жатады.
Салық төлеушi запастарды бағалаудың өзге әдiсiне ауысуды салықтық кезеңнің басынан бастап жүргiзедi.
2-параграф. Шегерімдер
242-бап. Жалпы ережелер
1. Осы Кодекске сәйкес шегерiмге жатпайтын шығыстарды қоспағанда, салық төлеушiнiң кіріс алуға бағытталған қызметті жүзеге асыруға байланысты шығыстары салық салынатын кірісті айқындау кезiнде осы Кодекстің осы бабында және 243 - 263-баптарында белгіленген ережелер ескеріле отырып, шегерімге жатады.
Осы тармақтың ережелері салық төлеушінің Қазақстан Республикасында да, оның шегінен тыс жерлерде де шеккен шығыстарына қолданылады.
Салық төлеушінің тіркелген активтерді салуға, сатып алуға арналған шығындары және күрделі сипаттағы басқа да шығындары осы Кодекстің 265 - 276-баптарына сәйкес шегерімге жатқызылады.
2. Салық төлеушінің шет мемлекетте қызметті тұрақты мекеме арқылы жүзеге асыруға байланысты шығыстары осы Кодекске сәйкес шегерімге жатады.
Резидент-заңды тұлғаның шет мемлекеттегі тұрақты мекемесінің салық салынатын кірісін айқындау кезінде осындай шет мемлекеттің салық заңнамасының немесе халықаралық шарттың ережелеріне сәйкес осындай салық салынатын кірісті алу мақсатында Қазақстан Республикасында да, оның шегінен тыс жерлерде де шегілген басқарушылық және жалпы әкімшілік шығыстарды шегеруге жол беріледі.
Басқарушылық және жалпы әкімшілік шығыстардың сомасы өзінің көздерінен резидент-заңды тұлға кіріс алған шет мемлекетте осындай шет мемлекеттің салық заңнамасында айқындалған тәртіппен шегерілуге жатады.
Егер өзінің көздерінен резидент-заңды тұлға кіріс алған шет мемлекеттің салық заңнамасында немесе халықаралық шартта басқарушылық және жалпы әкімшілік шығыстарды шегеруге жол берілген, бірақ бұл ретте шет мемлекеттің салық заңнамасында мұндай шығыстарды шегерімге жатқызу тәртібі көзделмеген жағдайда, резидент-салық төлеуші көрсетілген шет мемлекетте басқарушылық және жалпы әкімшілік шығыстарды осы Кодекстің 662 - 665-баптарында айқындалған тәртіппен шегерімге жатқызады.
3. Шегерiмдердi салық төлеуші өзінің кіріс алуға бағытталған қызметіне байланысты шығыстарды растайтын құжаттары болған кезде іс жүзінде жүргізілген осындай шығыстар бойынша жүргiзедi.
Халықаралық қаржылық есептілік стандарттарына және Қазақстан Республикасының бухгалтерлік есеп пен қаржылық есептілік туралы заңнамасының талаптарына сәйкес айқындалатын болашақ кезеңдердің шығыстары өздері жататын салықтық кезеңде шегерiмге жатады.
4. Егер осы Кодекстің осы бабында және 243 - 263-баптарында өзгеше белгіленбесе, осы бөлімнің мақсаттары үшін шығыстарды тану күнін қоса алғанда, шығыстарды тану халықаралық қаржылық есептілік стандарттарына және Қазақстан Республикасының бухгалтерлік есеп пен қаржылық есептілік туралы заңнамасының талаптарына сәйкес жүзеге асырылады.
Шығыстарды халықаралық қаржылық есептілік стандарттарына және Қазақстан Республикасының бухгалтерлік есеп пен қаржылық есептілік туралы заңнамасының талаптарына сәйкес тану тәртібі шегерімдерді осы Кодекске сәйкес айқындау тәртібінен ерекшеленген жағдайда, көрсетілген шығыстар осы Кодексте айқындалған тәртіппен салық салу мақсаттары үшін есепке алынады.
5. Егер осы Кодекстің 192-бабының 4-тармағында өзгеше көзделмесе, төленуге жататын (төленген) шығындардан басқа, халықаралық қаржылық есептілік стандарттарын және Қазақстан Республикасының бухгалтерлік есеп пен қаржылық есептілік туралы заңнамасын қолдану кезінде активтер және (немесе) міндеттемелер құнының өзгеруіне байланысты бухгалтерлік есепке алуда туындайтын шығындар салық салу мақсаттарында шығындар ретінде қаралмайды.
6. Егер шығыстардың сол бір түрлері шығыстардың бiрнеше баптарында көзделсе, онда көрсетілген шығыстар салық салынатын кірістің есеп-қисабында бiр рет шегерiледi.