3) Қазақстан Республикасының шегінен тыс жерлерге көшірілген Қазақстан Республикасы әскери бөлімдерінің немесе әскери құрамаларының әскери қызметшілері мен азаматтық персоналы;
4) Қазақстан Республикасының шегінен тыс жерлердегі және Қазақстан Республикасының немесе Қазақстан Республикасы субъектілерінің меншігі болып табылатын объектілерде (оның ішінде концессиялық шарттар негізінде) жұмыс істейтін;
5) оқу, оның ішінде тағылымдамадан немесе практикадан өту, емделу немесе сауықтыру, профилактикалық рәсімдерден өту мақсатында, оқу, оның ішінде тағылымдамадан немесе практикадан өту, емделу немесе сауықтыру, профилактикалық рәсімдерден өту кезеңінде Қазақстан Республикасының шегінен тыс жерлерде болатын жеке тұлға;
6) сабақ беру, консультациялар беру немесе ғылыми жұмыстарды жүзеге асыру мақсатында аталған қызметтерді (жұмыстарды) көрсету (орындау) кезеңінде Қазақстан Республикасының шегінен тыс жерлерде болатын оқытушы және (немесе) ғылыми қызметкер Қазақстан Республикасында тұрған уақытына және осы бапта көзделген басқа да кез келген өлшемшарттарға қарамастан, резидент-жеке тұлға деп танылады.
218-бап. Қазақстан Республикасының резиденттігін растау тәртібі
1. Резидент Қазақстан Республикасы халықаралық шарт жасасқан шет мемлекетте қызметін жүзеге асырған жағдайда, тиісті халықаралық шарттың талаптарын орындаған кезде резидент көрсетілген мемлекетте осындай халықаралық шарттың ережелерін қолдануға құқылы.
2. Халықаралық шартты қолдану мақсатында, сондай-ақ өзге де мақсаттарда тұлға Қазақстан Республикасының резиденттігін растау үшін, егер осы тармақта өзгеше белгіленбесе, осындай тұлға тұрған, болатын (тұрғылықты) жері бойынша тіркелген салық органына қатысты жоғары тұрған болып табылатын салық органына резиденттікті растауға арналған салықтық өтінішті ұсынады.
Егер тұлға уәкілетті органға сатылы түрде тікелей бағынатын салық органында тұрған, болатын (тұрғылықты) жері бойынша тіркелген болса, резиденттікті растауға арналған салықтық өтініш осындай салық органына ұсынылады.
Бұл ретте төменде аталған тұлғалар салық органына резиденттікті растауға арналған салықтық өтінішке қоса мынадай құжаттарды:
1) өзінің тиімді басқару орнының Қазақстан Республикасында болуы негізінде резидент болып табылатын шетелдік заңды тұлға - заңды тұлғаны тиімді басқару орнының (нақты басқару органы тұрған жер) Қазақстан Республикасында болуын растайтын құжаттың (өткізілген орны көрсетіле отырып, директорлар кеңесінің немесе соған ұқсас органның жалпы жиналысы хаттамасының немесе негізгі басқару және (немесе) бақылау, сондай-ақ заңды тұлғаның кәсіпкерлік қызметті жүргізуі үшін қажетті стратегиялық коммерциялық шешімдер қабылдау орнын растайтын өзге де құжаттардың) нотариат куәландырған көшірмесін;
2) резидент болып табылатын Қазақстан Республикасының азаматы - жеке куәлігінің немесе Қазақстан Республикасы паспортының көшірмесін;
3) резиденттер болып табылатын шетелдік және азаматтығы жоқ адам мыналардың:
шетел паспортының немесе азаматтығы жоқ адам куәлігінің;
Қазақстан Республикасында тұруға ықтиярхаттың (ол болған кезде);
Қазақстан Республикасында болу кезеңін растайтын құжаттың (визаның немесе өзге де құжаттардың) нотариат куәландырған көшiрмелерiн ұсынуға мiндеттi.
3. Резиденттікті растауға арналған салықтық өтінішті қарау қорытындылары бойынша салық органы оны ұсынған күннен бастап күнтізбелік он күн ішінде:
1) тұлғаға уәкілетті орган бекіткен нысан бойынша оның резиденттігін растайтын құжатты береді немесе шет мемлекеттің құзыретті органы белгіленген нысан бойынша оның резиденттігін растайды.
Резиденттікті растайтын құжат электрондық құжат нысанында берілген жағдайда, осындай құжатты уәкілетті органның интернет-ресурсына орналастыру күні беру күні болып табылады;
2) тұлғаның резиденттігін растаудан бас тарту туралы негізделген шешім шығарады.
Тұлғаның резиденттігін растаудан бас тарту осы Кодекстің 217-бабында белгіленген шарттарға сәйкес келмеген жағдайда жүргізіледі.
4. Тұлғаның резиденттігі осы Кодекстің 48-бабында белгіленген талап қоюдың ескіру мерзімі шегінде, резиденттікті растауға арналған салықтық өтініште көрсетілген әрбір күнтізбелік жыл үшін расталады.
5. Резиденттікті растайтын құжат жоғалған жағдайда, осындай құжатты берген салық органы резиденттің өтініші ұсынылған күннен бастап күнтізбелік он күн ішінде оның телнұсқасын береді.
219-бап. Бейрезиденттер
Осы Кодекстің мақсаттарында мыналар:
1) осы Кодекстің 217-бабының ережелеріне сәйкес резидент болып табылмайтын жеке немесе заңды тұлға;
2) осы Кодекстің 217-бабының ережелеріне қарамастан, қосарланған салық салуды болдырмау және салықтарды төлеуден жалтаруға жол бермеу мәселелерін реттейтін халықаралық шарттың ережелеріне сәйкес бейрезидент болып танылатын шетелдік немесе азаматтығы жоқ адам бейрезидент болып танылады.
220-бап. Бейрезиденттiң тұрақты мекемесi
1. Егер халықаралық шартта өзгеше белгіленбесе, бейрезиденттің кәсіпкерлік қызметті жүзеге асыру мерзімдеріне қарамастан, ол осындай қызметті Қазақстан Республикасының аумағында өзі арқылы жүзеге асыратын мынадай қызмет орындарының бірі:
1) тауарларды өндіру, қайта өңдеу, жасақтау, орау, қаптау және (немесе) беру жүзеге асырылатын кез келген орын;
2) кез келген басқару орны;
3) жер қойнауы геологиялық зерделенетін, пайдалы қазбаларды барлау, өндіруге дайындық жұмыстары және (немесе) пайдалы қазбаларды өндіру жүзеге асырылатын және (немесе) пайдалы қазбаларды барлауды және (немесе) өндіруді бақылау және (немесе) байқау жөніндегі жұмыстар орындалатын, қызметтер көрсетілетін кез келген орын;
4) құбыржолға байланысты қызмет (оның ішінде бақылау немесе байқау қызметі) жүзеге асырылатын кез келген орын;
5) ойын автоматтарын (жалғамаларымен қоса), компьютерлiк желiлер мен байланыс арналарын, аттракциондарды орнатуға, баптауға және пайдалануға байланысты, сондай-ақ көлiктік немесе өзге де инфрақұрылымға байланысты қызмет жүзеге асырылатын кез келген орын;
6) егер осы баптың 5-тармағында өзгеше белгіленбесе, тауарларды көрмелерде және жәрмеңкелерде өткізу жағдайларын қоспағанда, Қазақстан Республикасының аумағында тауарлар өткізілетін орын;
7) құрылыс қызметі және (немесе) құрылыс-монтаждау жұмыстары жүзеге асырылатын, сондай-ақ осы жұмыстардың орындалуын байқау жөніндегі қызметтер көрсетілетін кез келген орын;
8) осы баптың 6-тармағында көрсетілген қызметті жүзеге асыратын өкілдікті қоспағанда, бейрезидент-заңды тұлғаның құрылымдық бөлімшесі орналасқан жер;
9) «Сақтандыру қызметі туралы» Қазақстан Республикасының Заңына сәйкес Қазақстан Республикасында бейрезиденттің атынан делдалдық қызметті жүзеге асыратын тұлға орналасқан жер;
10) шет мемлекеттің заңнамасына не егер мұндай бірлескен қызмет Қазақстан Республикасының аумағында жүзеге асырылған жағдайда, Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес бейрезидентпен жасалған бірлескен қызмет туралы шартқа қатысушы резидент орналасқан жер бейрезиденттің Қазақстан Республикасындағы тұрақты мекемесі болып танылады.
2. Егер мұндай сипаттағы қызмет Қазақстан Республикасының аумағында бір жоба немесе байланысты жобалар шеңберінде кәсіпкерлік қызметті жүзеге асыру басталған күннен бастап кез келген қатарынан он екі айлық кезең шегінде күнтізбелік бір жүз сексен үш күннен астам жалғасатын болса, осындай мақсаттар үшін бейрезидент жалдаған жұмыскерлер немесе басқа персонал арқылы Қазақстан Республикасының аумағында осы баптың 1-тармағында көзделмеген қызметтер көрсетілетін, жұмыстар орындалатын орын бейрезиденттің тұрақты мекемесі болып танылады.
Өзара байланысты немесе өзара тәуелді келісімшарттар (шарттар) осы бөлімнің мақсаттарында байланысты жобалар болып танылады.
Бір мезгілде мынадай шарттарға сай келетін:
1) мұндай келісімшарттар (шарттар) бойынша бейрезидент немесе оның өзара байланысты тарапы бір ғана сол салық агентіне немесе оның өзара байланысты тарапына бірдей немесе біртекті қызметтер (жұмыстар) көрсететін (орындайтын);
2) бір келісімшарт (шарт) бойынша қызметтер көрсету (жұмыстар орындау) аяқталған күн мен басқа келісімшарт (шарт) жасалған күн арасындағы уақыт кезеңі қатарынан он екі айдан аспайтын келісімшарттар (шарттар) өзара байланысты келісімшарттар (шарттар) деп танылады.
Бейрезидент немесе оның өзара байланысты тарапы салық агентімен немесе оның өзара байланысты тарапымен жасасқан, олардың біреуі бойынша міндеттемелерді бейрезиденттің немесе оның өзара байланысты тарапының орындамауы мұндай бейрезиденттің немесе оның өзара байланысты тарапының басқа келісімшарт (шарт) бойынша міндеттемелерді орындауына әсер ететін келісімшарттар (шарттар) өзара тәуелді келісімшарттар (шарттар) болып танылады.
3. Осы баптың 1 және 2-тармақтарының ережелерiне қарамастан, егер бейрезидент Қазақстан Республикасының аумағында кәсiпкерлiк қызметті тәуелдi агент арқылы жүзеге асырған жағдайда, онда мұндай бейрезидент өзі үшiн тәуелдi агент жүзеге асыратын кез келген қызметке байланысты, осындай қызметтің жүзеге асырылу мерзімдеріне қарамастан, тұрақты мекемесi бар бейрезидент ретiнде қарастырылатын болады.
Бір мезгілде мынадай:
1) шарттық қатынастар негізінде Қазақстан Республикасында бейрезиденттің мүдделерін білдіруге, бейрезиденттің атынан және есебінен әрекет етуге және (немесе) белгілі бір заңдық әрекеттер жасауға уәкілетті, оның ішінде өтеулі қызметтер көрсету шартын жасасуға немесе осындай шартты жасасу немесе бейрезидентке меншік құқығы (пайдалану құқығы) негізінде тиесілі мүлікке меншік құқығын (пайдалану құқығын) беру кезінде негізгі рөл атқаруға уәкілетті;
2) сақтандыру брокерінің қызметін және осындай агент айрықша түрде немесе негізінен бейрезиденттің атынан әрекет ететін жағдайларды қоспағанда, ол осы тармақтың 1) тармақшасында көрсетілген қызметті кеден өкілінің, бағалы қағаздар нарығына кәсіби қатысушының қызметі және өзге де брокерлік қызмет шеңберінде жүзеге асырмайды;
3) оның қызметі осы баптың 6-тармағында санамаланған қызмет түрлерімен шектелмейді деген шарттарға сай келетін жеке немесе заңды тұлға осы бөлімнің мақсаттары үшін тәуелді агент деп танылады.
4. Егер еншілес ұйым осы баптың 3-тармағына сәйкес тәуелді агент болып танылса, бейрезиденттің Қазақстан Республикасының аумағында Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес құрылған еншілес ұйым арқылы жүзеге асырылатын қызметі бейрезиденттің тұрақты мекемесінің құрылуына алып келеді.
5. Егер тауарларды Қазақстан Республикасының аумағында өткізілетін көрмелерде және жәрмеңкелерде өткізу күнтізбелік он күннен астамға созылса, бейрезидент осындай өткізу кезінде Қазақстан Республикасында тұрақты мекеме құрады.
6. Бейрезидент қызметінің дайындық немесе көмекшi сипатқа қана ие, бейрезиденттiң кәсіпкерлік қызметiнің негізгі түрлерінің бір бөлігі болып табылмайтын және үш жылдан аспайтын мынадай түрлері:
1) кез келген орынды бейрезидентке тиесiлi тауарды өткізбей, сақтау және (немесе) көрсету мақсаттары үшін ғана пайдалану;
2) тұрақты қызмет орнын тауарларды өткізбей, бейрезидент үшін сатып алу мақсаттарында ғана ұстау;
3) тұрақты қызмет орнын ақпарат жинау, өңдеу және (немесе) тарату, бейрезидент өткізетін тауарларды, жұмыстарды, көрсетілетін қызметтерді жарнамалау немесе олардың нарығын зерделеу үшiн ғана ұстау бейрезиденттiң Қазақстан Республикасындағы тұрақты мекемесінің құрылуына алып келмейді.
Бұл ретте дайындық немесе көмекшi сипаттағы қызмет үшінші тұлғалар үшін емес, бейрезиденттің өзі үшін жүзеге асырылуға тиіс.
7. Бейрезиденттің заңды тұлғаға, оның iшiнде Қазақстан Республикасында қызметті тұрақты мекеме арқылы жүзеге асыратын бейрезидентке Қазақстан Республикасының аумағында жұмыс iстеу үшiн шетелдiк персоналды ұсыну бойынша қызметтер көрсету жөніндегі қызметі, бір мезгiлде мынадай шарттар орындалған кезде:
1) егер мұндай персонал өзi ұсынылған заңды тұлғаның атынан және соның мүдделерiн көздеп әрекет етсе;
2) шетелдiк персоналды ұсыну бойынша қызметтер көрсететiн бейрезидент ұсынылған персоналдың жұмыс нәтижелерi үшін жауапты болмаса;
3) салықтық кезең ішінде бейрезиденттiң шетелдiк персоналды ұсыну бойынша қызметтер көрсетуден түсетін кірісі бейрезиденттiң көрсетілген кезең ішінде осындай персоналды ұсыну бойынша жалпы шығындары сомасының 10 пайызынан аспайтын болса, осындай көрсетілетін қызмет бойынша Қазақстан Республикасында тұрақты мекеме құруға алып келмейді.
Бұл ретте мұндай кірістің мөлшері салықтық кезең ішінде бейрезидент көрсеткен шетелдiк персоналды ұсыну бойынша қызметтердің құны мен көрсетілген кезең ішінде бейрезиденттiң персоналды ұсыну бойынша жалпы шығындары сомасының құны арасындағы оң айырма түрінде айқындалады.
Шетелдiк персоналдың кірістерін қоса алғанда, осындай қызметтер көрсетуге арналған шығындардың сомасын растау үшiн бейрезидент көрсетілетін қызметтерді алушыға Қазақстан Республикасының және (немесе) шет мемлекеттің заңнамасына сәйкес жасалған бастапқы құжаттарының көшірмесін ұсынуға міндетті. Шетелдiк персоналды ұсыну бойынша қызметтер көрсететiн бейрезиденттің кірісінен корпоративтік табыс салығын есептеу мақсаттары үшін, осы тармақта белгіленген шарттар орындалған кезде, бейрезиденттің мұндай көрсетілетін қызметтері Қазақстан Республикасының шегінен тыс жерлерде көрсетілген қызметтер болып танылады.
8. Бейрезидент қызметті Қазақстан Республикасының аумағында бірлескен қызмет туралы шарт негізінде жүзеге асырған жағдайда:
1) осындай шартқа әрбір қатысушының қызметі осы бапта белгіленген ережелерге сәйкес тұрақты мекеме құрады;
2) осындай шартқа әрбір қатысушы салықтық міндеттемені орындауды осы Кодексте айқындалған тәртіппен өзі дербес жүзеге асырады.
9. Қазақстан Республикасында тұрақты мекеме құруға алып келетін кәсiпкерлiк қызметтi жүзеге асыратын бейрезидент осы Кодекстiң 76-бабында айқындалған тәртiппен салық органында салық төлеушi ретiнде тiркелуге мiндеттi.
Бейрезиденттiң салық органдарында салық төлеушi ретiнде тiркелуінің немесе әдiлет органдарында есептiк тiркелуінің жоқтығына қарамастан, бейрезиденттің Қазақстан Республикасында қызметті жүзеге асыруы басталған күннен бастап бейрезиденттің қызметі осы баптың ережелерiне сәйкес тұрақты мекеме құрады.
Егер бейрезидент бір салық органында тіркелуге жататын екі және одан да көп тұрақты мекеме құруға алып келетін кәсіпкерлік қызметті жүзеге асырған жағдайда, онда бейрезиденттің осындай тұрақты мекемелерінің тобы бойынша жиынтық түрде бір тұрақты мекеме тіркелуге жатады.
Егер бейрезиденттің осы баптың 2, 3, 5 немесе 7-тармақтарында көрсетілген қызметті жүзеге асыратын тіркелген тұрақты мекемесі болса және ол ұқсас немесе осындай қызметті мұндай тұрақты мекеме тіркелген орыннан өзгеше орында жүзеге асырса, онда мұндай қызметті жүзеге асыру тұрақты мекеме құруға алып келеді және ұқсас немесе осындай қызметті жүзеге асыру басталған күннен бастап тіркелуге жатады.
Егер бейрезиденттің тұрақты мекемесі салық төлеушілердің мемлекеттік дерекқорынан алып тасталған күннен кейін осындай бейрезидент осы баптың 2 және 5-тармақтарында көрсетілген қызметті қатарынан он екі айлық кезең ішінде қайта бастаған жағдайда, ол тұрақты мекеме құрған болып танылады және осындай қызмет жүзеге асырыла бастаған күннен бастап салық төлеуші ретінде тіркелуге жатады.
10. Осы Кодекстi қолдану мақсаттарында:
1) мыналарға:
Қазақстан Республикасында, оның ішінде бірлескен қызмет туралы шарт шеңберінде жұмыстар орындауға, қызметтер көрсетуге;
өз атынан Қазақстан Республикасында әрекеттер жасауға өкiлеттiктер беруге;
өткізу мақсатында Қазақстан Республикасында тауарлар сатып алуға;
Қазақстан Республикасында жұмыстар орындау, қызметтер көрсету мақсатында жұмыстарды, көрсетілетін қызметтерді сатып алуға арнап кез келген мынадай келiсiмшартты (шартты, келiсiмді) жасасу;
2) Қазақстан Республикасында қызметті жүзеге асыру мақсаттарында алғашқы еңбек шартын (келiсiмін, келісімшартын) жасасу;
3) осы тармақтың бірінші бөлігінің 1) немесе 2) тармақшаларында көрсетілген келiсiмшарттың (шарттың, келiсiмнiң) шарттарын орындау үшiн бейрезидент-жеке тұлғаның, бейрезиденттің жұмыскерінің немесе өзге жалданған персоналының Қазақстан Республикасына келуі;
4) бейрезиденттің осы баптың 1-тармағының 3) және 4) тармақшаларында көрсетілген қызметті жүзеге асыруға құқығын куәландыратын құжаттың күшіне енген күні бейрезиденттiң Қазақстан Республикасында қызметті жүзеге асыруды бастаған күні болып танылады.
Осы тармақтың бірнеше шарттары болған жағдайда, анағұрлым ерте, бірақ осы тармақтың бірінші бөлігінің 2) және 3) тармақшаларында көрсетілген күндердің ішінен бірінші басталғанынан ерте емес күн бейрезиденттің Қазақстан Республикасында қызметтi жүзеге асыруы басталған күн болып танылады.
11. Егер бейрезидент қызметті қосарланған салық салуды болғызбау және салықтарды төлеуден жалтаруға жол бермеу мәселелерін реттейтін халықаралық шартқа немесе осы баптың 6-тармағына сәйкес тұрақты мекеменің құрылуына алып келмейтін құрылымдық бөлімше арқылы жүзеге асырған жағдайда, бейрезиденттің мұндай құрылымдық бөлімшесіне осы Кодекстiң бейрезиденттiң тұрақты мекемесi үшiн көзделген ережелерi қолданылатын болады. Бұл ретте мұндай құрылымдық бөлімшенің осы Кодекстің 672, 673 және 674-баптарына сәйкес қосарланған салық салуды болғызбау және салықтарды төлеуден жалтаруға жол бермеу мәселелерін реттейтін халықаралық шарттың ережелерін қолдануға құқығы болады.
221-бап. Өзара келiсу рәсiмi
1. Қазақстан Республикасының резиденті немесе азаматы өзімен Қазақстан Республикасы халықаралық шарт жасасқан шет мемлекеттің құзыретті органымен:
1) егер уағдаласушы мемлекеттердің бірінің немесе екеуінің әрекеттері осындай халықаралық шарттың ережелеріне сәйкес келмейтін салық салуға алып келді немесе алып келеді деп есептесе, халықаралық шарттың ережелерін қолдану туралы мәселелені қарау үшін;
2) резиденттілік мәртебесін айқындау үшін өзара келісу рәсімін жүргізу туралы өтінішпен уәкілетті органға жүгінуге құқылы.
2. Өтініште Қазақстан Республикасы резидентінің немесе азаматының талаптары негізделген мән-жайлар көрсетілуге тиіс.
3. Осы баптың 1-тармағының 1) тармақшасына сәйкес ұсынылатын өтінішке Қазақстан Республикасының резиденті немесе азаматы өзімен Қазақстан Республикасы халықаралық шарт жасасқан шет мемлекетте алынған (алынуға жататын) кірістердің және (немесе) ұсталған салықтардың (олар ұсталған жағдайда) сомасын растайтын бухгалтерлік құжаттардың көшірмесін, сондай-ақ:
1) жұмыстарды орындауға, қызметтерді көрсетуге немесе өзге де мақсаттарға арналған келісімшарттардың (шарттардың, келісімдердің);
2) заңды тұлғалар үшін - құрылтай құжаттарының не резидент-заңды тұлғаның құрылтайшыларын (қатысушыларын) және мажоритарлық акционерлерін көрсете отырып, сауда тізілімінен үзінді-көшірмелердің;
3) осы Кодекстің 218-бабы 2-тармағының 1), 2) және 3) тармақшаларында көрсетілген құжаттардың нотариат куәландырған көшірмесін қоса беруге міндетті.
Қазақстан Республикасының резиденті немесе азаматы өзара келісу рәсімін жүргізу үшін қажетті, осы тармақта көрсетілмеген өзге де құжаттарды ұсынуға құқылы.
4. Осы баптың 1-тармағының 2) тармақшасына сәйкес ұсынылған өтінішке Қазақстан Республикасының резиденті немесе азаматы осы баптың 3-тармағы бірінші бөлігінің 2) және 3) тармақшаларында көрсетілген құжаттарды қоса беруге міндетті.
5. Уәкілетті орган Қазақстан Республикасының резидентінен немесе азаматынан өзара келісу рәсімін жүргізу үшін қажетті қосымша құжаттарды ұсынуын жазбаша түрде талап етуге құқылы.
6. Уәкілетті орган мынадай:
1) Қазақстан Республикасы халықаралық шарт жасаспаған мемлекеттің құзыретті органымен өзара келісу рәсімін жүргізуге өтініш ұсынылған;
2) осы баптың 3 және 4-тармақтарында көзделген құжаттар ұсынылмаған жағдайларда, өтініш ұсынылған күннен бастап бес жұмыс күні ішінде Қазақстан Республикасының резидентіне немесе азаматына өтінішті қараудан бас тарту туралы шешімді жібереді.
Уәкілетті орган осы тармақтың бірінші бөлігінің 2) тармақшасында көзделген негіз бойынша өтінішті қараудан бас тартқан жағдайда, Қазақстан Республикасының резиденті немесе азаматы, егер ол жол берген бұзушылықтарды жойған болса, өтінішті қайта беруге құқылы.
7. Уәкілетті орган, осы баптың 6-тармағында көрсетілген жағдайларды қоспағанда, өтінішті алынған күнінен бастап күнтізбелік қырық бес күн мерзімі ішінде қарайды.
8. Уәкілетті орган өтінішті қарау қорытындысы бойынша:
1) өзара келісу рәсімін жүргізуден бас тарту туралы;
2) өзара келісу рәсімін жүргізу туралы шешімдердің бірін шығарады.
9. Уәкілетті орган:
1) өтініште көрсетілген негіздер Қазақстан Республикасының халықаралық шартының ережелеріне сәйкес келмеген;
2) Қазақстан Республикасының резиденті немесе азаматы анық емес ақпарат берген;
3) өтінішті қарау барысында Қазақстан Республикасының резиденті немесе азаматы осы баптың 5-тармағында көзделген құжаттарды ұсынбаған жағдайларда, өзара келісу рәсімін жүргізуден бас тарту туралы шешім шығарады.
Мұндай шешім шығарылған күнінен бастап екі жұмыс күні ішінде Қазақстан Республикасының резидентіне немесе азаматына жіберіледі.
10. Өзара келісу рәсімін жүргізу туралы шешім қабылданған жағдайда, уәкілетті орган шет мемлекеттің құзыретті органына осындай рәсім жүргізу туралы сұрау салумен жүгінеді.
11. Уәкілетті орган мынадай:
1) Қазақстан Республикасының резиденті немесе азаматы өзара келісу рәсімін жүргізуді тоқтату туралы өтініш ұсынған;
2) өзара келісу рәсімін жүргізу барысында Қазақстан Республикасы резидентінің немесе азаматының анық емес ақпарат беру фактісі анықталған;
3) өзара келісу рәсімін жүргізу барысында Қазақстан Республикасының резиденті немесе азаматы осы баптың 5-тармағында көзделген құжаттарды ұсынбаған жағдайларда, шет мемлекеттің құзыретті органымен арада басталған өзара келісу рәсімін жүргізуді тоқтатады.
12. Уәкілетті орган Қазақстан Республикасының резидентіне немесе азаматына өзара келісу рәсімін жүргізу қорытындылары бойынша қабылданған шешім туралы ақпаратты осындай шешім қабылданған күннен бастап жеті жұмыс күні ішінде жібереді.
13. Осы бапта айқындалған тәртіппен жүргізілген өзара келісу рәсімінің қорытындылары бойынша қабылданған шешім, сондай-ақ шет мемлекеттің құзыретті органының сұрау салуы негізінде жүргізілген өзара келісу рәсімінің қорытындылары бойынша қабылданған шешім салық органдарының орындауы үшін міндетті.
7-БӨЛІМ. КОРПОРАТИВТІК ТАБЫС САЛЫҒЫ
27-тарау. ЖАЛПЫ ЕРЕЖЕЛЕР
222-бап.Төлеушілер
1. Мемлекеттік мекемелерді және орта білім беретін мемлекеттік оқу орындарын қоспағанда, Қазақстан Республикасының резидент-заңды тұлғалары, сондай-ақ Қазақстан Республикасында қызметті тұрақты мекеме арқылы жүзеге асыратын немесе Қазақстан Республикасындағы көздерден кіріс алатын бейрезидент-заңды тұлғалар корпоративтік табыс салығын төлеушілер болып табылады.
2. Шағын бизнес субъектілері үшін арнаулы салық режимін қолданатын заңды тұлғалар осы Кодекстің 20-бөліміне сәйкес, көрсетілген режимдер шеңберінде салық салынатын кірістер бойынша корпоративтік табыс салығын есептейді және төлейді.
Ауыл шаруашылығы өнімін өндірушілер және ауыл шаруашылығы кооперативтері үшін арнаулы салық режимін қолданатын заңды тұлғалар осы Кодекстің 20-бөлімінде белгіленген ерекшеліктерді ескере отырып, көрсетілген режим шеңберінде салық салынатын кірістер бойынша корпоративтік табыс салығын және ол бойынша аванстық төлемдерді есептейді.
3-тармақ 2020 ж. 1 қаңтарға дейін қолданылады
3. Ойын бизнесі салығын, тіркелген салықты төлеушілер осы Кодекстің 16 және 17-бөлімдерінде көрсетілген қызмет түрлерін жүзеге асырудан түсетін кірістер бойынша корпоративтік табыс салығын төлеушілер болып табылмайды.
223-бап. Салық салу объектілері
Мыналар корпоративтік табыс салығын салу объектілері болып табылады:
1) салық салынатын кіріс;
2) төлем көзінен салық салынатын кіріс;
3) Қазақстан Республикасында қызметті тұрақты мекеме арқылы жүзеге асыратын бейрезидент-заңды тұлғаның таза кірісі.
28-тарау. САЛЫҚ САЛЫНАТЫН КІРІС
224-бап. Салық салынатын кіріс
Салық салынатын кіріс осы Кодекстің 241-бабында көзделген түзетулер ескеріле отырып, жылдық жиынтық кіріс пен осы бөлімде көзделген шегерімдер арасындағы айырма ретінде айқындалады.
Салық салынатын кіріс бақыланатын шетелдік компаниялардың немесе бақыланатын шетелдік компаниялар тұрақты мекемелерінің осы Кодекстің 297-бабына сәйкес айқындалатын жиынтық пайдасын да қамтиды.