Қылмыстық процеске қатысушы адамдарды мемлекеттік қорғау туралы
Қазақстан Республикасының 2000 жылғы 5 шілдедегі № 72-ІІ Заңы
(2023.07.03. берілген өзгерістер мен толықтыруларымен)
Осы редакция 2023 жылғы 14 наурызда енгізілген өзгерістеріне дейін қолданылды
1-тарау. ЖАЛПЫ ЕРЕЖЕЛЕР
1-бап. Қазақстан Республикасының қылмыстық процеске қатысушы адамдарды мемлекеттік қорғау туралы заңнамасы
1-1-бап. Қылмыстық процеске қатысушы адамдарды мемлекеттік қорғауды жүзеге асыру принциптері
1-2-бап. Қылмыстық процеске қатысушы адамдарды мемлекеттік қорғауды қамтамасыз ету
2-бап. Қауіпсіздікті қамтамасыз ететін органдар
3-бап. Мемлекеттiк қорғауға жататын адамдар
4-бап. Мемлекеттік қорғалу құқығының пайда болуы
5-бап. Мемлекеттiк қорғаудың түрлерi
6-бап. Мемлекеттiк қорғау шараларын жүзеге асыру кезiнде заңдылықтың сақталуын қадағалау
2-тарау. ҚАУIПСIЗДIК ШАРАЛАРЫ
7-бап. Қауiпсiздiк шараларының түрлерi
8-бап. Күш қолдану немесе қылмыстық заңмен тыйым салынған басқа да іс-әрекеттер қатерін төндіретін адамға оның қылмыстық жауаптылыққа тартылуы мүмкін екендігі туралы ресми алдын ала ескерту
9-бап. Қорғалатын адам туралы мәлiметтерге қол жеткiзудi шектеу
10-бап. Айыпталушыға (күдіктіге) қатысты қылмыстық процеске қатысушыларға күш қолдану (қолдануды ұйымдастыру) немесе өзге де қылмыстық әрекеттер жасау (жасауды ұйымдастыру) мүмкiндiгін болдырмайтын бұлтартпау шараларын қолдану
11-бап. Жекелеген адамдарды сот отырысы залынан шығарып жiберу
12-бап. Соттың жабық отырысын өткiзу
13-бап. Соттың куәден жауап алуы
13-1-бап. Жақындауға тыйым салу
14-бап. Жеке күзет, тұрғын үй мен өзге де мүлiктi күзету
15-бап. Жеке қорғану, өзін-өзі қорғау, байланыс құралдарымен, техникалық құралдармен және қарумен қамтамасыз ету
16-бап. Қауiпсiз орынға уақытша орналастыру
17-бап. Қорғалатын адамдар туралы мәлiметтердiң құпиялылығын қамтамасыз ету
18-бап. Басқа тұрғылықты жерге көшiру, жұмыс (қызмет) немесе оқу орнын ауыстыру, жұмысқа орналасуына көмектесу
19-бап. Құжаттарды ауыстыру
20-бап. Сырт пiшiнiн өзгерту
3-тарау. ҚАУIПСIЗДIК ШАРАЛАРЫН ҚОЛДАНУ НЕГІЗДЕРI МЕН ТӘРТIБI. ҚОРҒАЛАТЫН АДАМДАРДЫҢ ЖӘНЕ ҚАУIПСIЗДIКТI ҚАМТАМАСЫЗ ЕТУШІ ОРГАНДАРДЫҢ ҚҰҚЫҚТАРЫ МЕН МIНДЕТТЕРI
21-бап. Қауіпсіздік шараларын қолдану және жүзеге асыру
21-1-бап. Қарулы Күштердің, басқа да әскерлер мен әскери құралымдардың әскери қызметшілерінің, арнаулы мемлекеттік органдар мен құқық қорғау органдары қызметкерлерінің, әскери жиындардан өтуі кезінде запастағы азаматтардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету
21-2-бап. Күзетпен ұсталынатын немесе жазасын өтеу орнындағы қорғалатын адамның қауіпсіздігін қамтамасыз ету
22-бап Қауіпсіздік шараларын қолдану негіздері
23-бап. Қауіпсіздік шараларын қолдану тәртібі
24-бап. Қауіпсіздік шараларын қолдану туралы шешімдерді орындаудың міндеттілігі
25-бап. Қорғалатын адамдардың құқықтары
26-бап. Қорғалатын адамдардың міндеттері
26-1-бап. Қауіпсіздікті қамтамасыз ететін органдардың құқықтары мен міндеттері
27-бап. Қауіпсіздік шараларының күшін жою
28-бап. Осы Заңның талаптарын бұзғаны үшiн жауаптылық
4-тарау. МЕМЛЕКЕТТIК ҚОРҒАУ ШАРАЛАРЫН ҚАРЖЫЛАНДЫРУ ЖӘНЕ МАТЕРИАЛДЫҚ ҚАМТАМАСЫЗ ЕТУ. ӘЛЕУМЕТТIК ҚОРҒАУ ШАРАЛАРЫ
29-бап. Мемлекеттік қорғау шараларын қаржыландыру және материалдық-техникалық қамтамасыз ету
30-бап. Қорғалатын адамдардың өмiрiне, денсаулығына және мүлкiне зиян келтiрiлген жағдайдағы әлеуметтiк кепiлдiктер
31-бап. Осы Заңның қолданысқа енгiзiлу тәртiбi
Осы Заң қылмыстық процеске құқыққа қарсы араласудың жолын кесу мақсатында, қылмыстық процеске қатысушы адамдардың, олардың отбасы мүшелерi мен жақын туыстарының өмiрiн, денсаулығын, мүлкiн, заңды құқықтарын, мүдделерiн мемлекеттік қорғау, олардың қауiпсiздiгiн қамтамасыз ету шараларының жүйесiн белгiлейдi.
1-тарау. Жалпы ережелер
2009.07.04 № 149-IV ҚР Заңымен (бұр.ред.қара); 2014.04.07. № 233-V ҚР Заңымен (2015 ж. 1 қаңтардан бастап қолданысқа енгізілді) (бұр.ред.қара) 1-бап жаңа редакцияда
1-бап. Қазақстан Республикасының қылмыстық процеске қатысушы адамдарды мемлекеттік қорғау туралы заңнамасы
1. Қазақстан Республикасының қылмыстық процеске қатысушы адамдарды мемлекеттік қорғау туралы заңнамасы Қазақстан Республикасының Конституциясына негізделеді және Қазақстан Республикасының Қылмыстық кодексінен, Қазақстан Республикасының Қылмыстық-процестік кодексінен, Қазақстан Республикасының Қылмыстық-атқару кодексінен, осы Заңнан және Қазақстан Республикасының өзге де нормативтік құқықтық актілерінен тұрады.
2. Егер Қазақстан Республикасы ратификациялаған халықаралық шартта осы Заңдағыдан өзгеше қағидалар белгіленсе, онда халықаралық шарттың қағидалары қолданылады.
3. Осы Заңның 2-бабында көрсетілген органдар Қазақстан Республикасының Бас Прокурорымен келісу бойынша, өз құзыреті шегінде осы Заңның негізінде қауіпсіздік шараларын жүзеге асыру тәртібін регламенттейтін нормативтік құқықтық актілер қабылдайды.
2009.07.04 № 149-IV ҚР Заңымен 1-1-баппен толықтырылды
1-1-бап. Қылмыстық процеске қатысушы адамдарды мемлекеттік қорғауды жүзеге асыру принциптері
Қылмыстық процеске қатысушы адамдарды мемлекеттік қорғау заңдылық, адамның және азаматтың құқықтары мен бостандықтарын құрметтеу, қорғалатын адамның жеке басының құқықтары мен заңды мүдделерінің басымдығы, қорғалатын адамдар мен мемлекеттік қорғауды қамтамасыз ететін органдардың өзара жауапкершілігі принциптеріне сәйкес жүзеге асырылады.
2009.07.04 № 149-IV ҚР Заңымен 1-2-баппен толықтырылды; 2023.03.01. № 188-VІІ ҚР Заңымен 1-2-бап жаңа редакцияда (2023 ж. 7 наурыздан бастап қолданысқа енгізілді) (бұр.ред.қара)
1-2-бап. Қылмыстық процеске қатысушы адамдарды мемлекеттік қорғауды қамтамасыз ету
Қылмыстық процеске қатысушы адамдарды, олардың отбасы мүшелері мен жақын туыстарын мемлекеттік қорғауды қамтамасыз ету оларға қатысты күш қолдану немесе қылмыстық заңмен тыйым салынған өзге де іс-әрекет жасау қатері төнген кезде қолданылатын, осы Заңда көзделген қауіпсіздік, құқықтық және әлеуметтік қорғау шараларын (бұдан әрі - мемлекеттік қорғау шаралары) уәкілетті мемлекеттік органдардың жүзеге асыруынан тұрады.
2009.07.04 № 149-IV ҚР Заңымен 2-бап жаңа редакцияда (бұр.ред.қара); 2010.30.06. № 297-ІV ҚР Заңымен (2010 жылғы 1 шілдеден бастап қолданысқа енгізілді) (бұр.ред.қара); 2014.07.11. № 248-V ҚР Заңымен (бұр.ред.қара); 2014.29.12. № 269-V ҚР Заңымен (бұр.ред.қара) 2-бап өзгертілді; 2023.03.01. № 188-VІІ ҚР Заңымен 2-бап жаңа редакцияда (2023 ж. 7 наурыздан бастап қолданысқа енгізілді) (бұр.ред.қара)
2-бап. Қауіпсіздікті қамтамасыз ететін органдар
1. Қорғалатын адамдардың қауіпсіздігін:
1) қауіпсіздік шараларын қолдану туралы шешім қабылдайтын орган;
2) қауіпсіздік шараларын жүзеге асыратын орган қамтамасыз етеді.
2. Қауіпсіздік шараларын жүзеге асыру ұлттық қауіпсіздік, ішкі істер, әскери басқару органдарына, сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызметке және экономикалық тергеп-тексеру қызметіне жүктеледі.
Бұл ретте жекелеген қауіпсіздік шаралары өзге уәкілетті мемлекеттік органдармен, жергілікті атқарушы органдармен және ұйымдармен өзара іс-қимыл жасай отырып жүзеге асырылады.
Қорғалатын адамдардың қауіпсіздігі шараларын жүзеге асыру кезінде мемлекеттік органдардың өзара іс-қимыл жасау тәртібі мемлекеттік органдардың бірінші басшылары Қазақстан Республикасының Бас Прокурорымен келісу бойынша бекітетін бірлескен нормативтік құқықтық актілерде айқындалады.
3. Сот Қазақстан Республикасының Қылмыстық-процестік кодексіне сәйкес сот талқылауына қатысатын адамдардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету туралы шешім қабылдаған жағдайда сотқа дейінгі тергеп-тексеруді жүзеге асырған орган не судья айқындаған өзге де қылмыстық қудалау органы, сондай-ақ жазаны орындайтын мекемелер мен органдар, сот приставтары қауіпсіздік шараларын орындайды.
2009.07.04 № 149-IV ҚР Заңымен (бұр.ред.қара); 2014.04.07. № 233-V ҚР Заңымен (2015 ж. 1 қаңтардан бастап қолданысқа енгізілді) (бұр.ред.қара); 2023.03.01. № 188-VІІ ҚР Заңымен (2023 ж. 7 наурыздан бастап қолданысқа енгізілді) (бұр.ред.қара) 3-бап өзгертілді
3-бап. Мемлекеттік қорғауға жататын адамдар
Қазақстан Республикасының Қылмыстық iс жүргiзу кодексi мен осы Заңға сәйкес:
1) судьялар;
2) қосшы билер;
3) прокурорлар;
4) тергеушiлер;
5) анықтаушылар;
2016.28.12. № 36-VI ҚР Заңымен 6) тармақша жаңа редакцияда (ресми жарияланған күнінен кейін екі ай өткен соң қолданысқа енгізілді) (бұр.ред.қара)
6) жедел-iздестiру, қарсы барлау қызметiн жүзеге асыратын адамдар;
2009.07.04 № 149-IV ҚР Заңымен 6-1) тармақшамен толықтырылды; 2016.28.12. № 36-VI ҚР Заңымен 6-1) тармақша жаңа редакцияда (ресми жарияланған күнінен кейін екі ай өткен соң қолданысқа енгізілді) (бұр.ред.қара)
6-1) жедел-іздестіру, қарсы барлау қызметін жүзеге асыратын органдарға жәрдемдесетін азаматтар;
6-2) жеке айыптаушылар;
2023.03.01. № 188-VІІ ҚР Заңымен 6-3) тармақшамен толықтырылды (2023 ж. 7 наурыздан бастап қолданысқа енгізілді)
6-3) қылмыстың алдын алуға немесе оларды ашуға ықпал ететін адамдар;
7) қорғаушылар;
8) сарапшылар;
9) мамандар;
10) сот отырыстарының хатшылары, сот приставтары, сот орындаушылары;
11) жәбiрленушiлер;
2023.03.01. № 188-VІІ ҚР Заңымен 12) тармақша жаңа редакцияда (2023 ж. 7 наурыздан бастап қолданысқа енгізілді) (бұр.ред.қара)
12) куәлер, қорғалуға құқығы бар куәлер;
13) сезiктiлер;
14) айыпталушылар, сотталушылар, сотталғандар, сондай-ақ өздеріне қатысты қылмыстық қудалау тоқтатылған немесе сот ақтау үкімін шығарған адамдар;
15) аудармашылар;
16) куәгерлер;
17) заңды өкiлдер, өкiлдер;
18) азаматтық талапкерлер, азаматтық жауап берушiлер;
19) осы баптың 1) - 18) тармақшаларында аталған адамдардың отбасы мүшелерi, жақын туыстары мемлекеттік қорғауға жатады.
Осы бапта аталған, өздерiне қатысты белгiленген тәртiппен мемлекеттік қорғау шараларын қолдану туралы шешiм қабылданған адамдар бұдан әрi «қорғалатын адамдар» деп аталады.
2009.07.04 № 149-IV ҚР Заңымен 4-бап жаңа редакцияда (бұр.ред.қара)
4-бап. Мемлекеттік қорғалу құқығының пайда болуы
2023.03.01. № 188-VІІ ҚР Заңымен 1-тармақ жаңа редакцияда (2023 ж. 7 наурыздан бастап қолданысқа енгізілді) (бұр.ред.қара)
1. Мемлекеттік қорғауға жататын адамдарға қатысты күш қолдану немесе қылмыстық заңмен тыйым салынған өзге де іс-әрекет жасау қатері туралы жеткілікті деректер болған кезде қорғалатын адамдардың қауіпсіздігін қамтамасыз ететін органдар өз құзыреті шегінде осы Заңда көзделген мемлекеттік қорғау шараларын қабылдауға міндетті.
2016.28.12. № 36-VI ҚР Заңымен 2-тармақ жаңа редакцияда (ресми жарияланған күнінен кейін екі ай өткен соң қолданысқа енгізілді) (бұр.ред.қара)
2. Қазақстан Республикасының заңдарында көзделген жағдайларда, жедел-іздестіру, қарсы барлау қызметін жүзеге асыратын органдарға жәрдемдесетін азаматтарға қатысты қауіпсіздік шараларын қолдану туралы шешімді қылмыстық процесті жүргізетін органмен қатар, жедел-іздестіру, қарсы барлау қызметін жүзеге асыратын органдар осы Заңда көзделген тәртіппен қабылдайды.
5-бап. Мемлекеттік қорғаудың түрлерi
Осы Заңға және Қазақстан Республикасының басқа да заң актілеріне сәйкес қорғалатын адамдар:
1) қорғалатын адамдардың өмiрi мен денсаулығын қорғау мақсатында уәкiлеттi мемлекеттік органдардың қауiпсiздiк шараларын қолдануымен, сондай-ақ олардың мүлкiнiң сақталуын қамтамасыз етумен;
2) құқықтық қорғау шараларымен, соның iшiнде олардың өмiрiне, денсаулығына және мүлкiне қол сұғушылық үшiн қылмыстық жауапкершiлiктi көздейтiн шараларды қолданумен;
3) олар қаза болған (өлген), олардың денесiне жарақат салынған немесе денсаулығына басқа да зиян келтiрiлген, мүлкi жойылған немесе бүлдiрiлген жағдайда осы Заңмен белгiленген материалдық өтемге құқығын iске асыруды көздейтiн әлеуметтiк қорғау шараларын жүзеге асырумен қамтамасыз етiледi.
2017.11.07. № 91-VI ҚР Заңымен 6-бап жаңа редакцияда (бұр.ред.қара)
6-бап. Мемлекеттiк қорғау шараларын жүзеге асыру кезiнде заңдылықтың сақталуын қадағалау
Мемлекеттiк қорғау шараларын жүзеге асыру кезiнде заңдылықтың сақталуына жоғары қадағалау Қазақстан Республикасының Бас Прокурорына және оған бағынысты прокурорларға жүктеледi.
2-тарау. Қауіпсіздік шаралары
2009.07.04 № 149-IV ҚР Заңымен 7-бап өзгертілді (бұр.ред.қара); 2023.03.01. № 188-VІІ ҚР Заңымен 7-бап жаңа редакцияда (2023 ж. 7 наурыздан бастап қолданысқа енгізілді) (бұр.ред.қара)
7-бап. Қауіпсіздік шараларының түрлері
1. Анықтауды, алдын ала тергеуді жүргізу кезінде немесе сот талқылауы барысында қорғалатын адамдардың жеке және мүліктік қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында қылмыстық процесті жүргізетін орган нақты мән-жайларды ескере отырып, мынадай қауіпсіздік шараларын қолдануға құқылы:
1) күш қолдану немесе қылмыстық заңмен тыйым салынған басқа да іс-әрекеттер қатерін төндіретін адамға оның қылмыстық жауаптылыққа тартылуы мүмкін екендігі туралы ресми алдын ала ескерту;
2) қорғалатын адам туралы мәліметтерге қолжетімділікті шектеу;
3) қылмыстық процеске қатысушы адамдарға қатысты күш қолдану (қолдануды ұйымдастыру) немесе өзге де қылмыстық іс-әрекеттер жасау (жасауды ұйымдастыру) мүмкіндігін болғызбайтын бұлтартпау шарасын Қазақстан Республикасының Қылмыстық-процестік кодексінде көзделген тәртіппен айыпталушыға (күдіктіге) қатысты қолдану;
4) жекелеген адамдарды сот отырысы залынан шығарып жіберу;
5) соттың жабық отырысын өткізу;
6) соттың куәден:
бүркеншік атын пайдалана отырып, оның жеке басы туралы деректерді жарияламай;
оны танып қоюды болғызбайтын жағдайларда;
сот талқылауына басқа қатысушылардың оны сырттан байқауынсыз;
қажет болғанда бейне, дыбыс жазуға және жауап алу барысын түсіріп алудың өзге де тәсілдеріне тыйым сала отырып жауап алуы;
7) Қазақстан Республикасының Қылмыстық-процестік кодексінде көзделген тәртіппен жақындауға тыйым салу;
8) қорғалатын адамның жеке қауіпсіздігін қамтамасыз ету.
2. Қауіпсіздік шараларын жүзеге асыратын органдар қылмыстық процесті жүргізетін органның қорғалатын адамның жеке қауіпсіздігін қамтамасыз ету туралы қаулысының негізінде бір мезгілде жеке қауіпсіздігін қамтамасыз етудің мынадай шараларының бірнешеуін не біреуін таңдайды және қолданады:
1) жеке күзет, тұрғынжайын және өзге де мүлкін күзету;
2) жеке қорғану, өзін-өзі қорғау, байланыс құралдарымен, техникалық құралдармен және қарумен қамтамасыз ету;
3) қауіпсіз орынға уақытша орналастыру;
4) қорғалатын адамдар туралы мәліметтердің құпиялылығын қамтамасыз ету;
5) басқа тұрғылықты жерге көшіру, жұмыс (қызмет) немесе оқу орнын ауыстыру, жұмысқа орналасуына көмектесу;
6) құжаттарды ауыстыру;
7) сырт пішінін өзгерту.
Басқа тұрғылықты жерге көшіру, құжаттарды ауыстыру және сырт пішінін өзгерту қауіпсіздіктің айрықша шаралары болып табылады және қорғалатын адамның қауіпсіздігін басқа қауіпсіздік шараларын қолданумен қамтамасыз ету мүмкін болмайтын жағдайларда қолданылады.
3. Осы бапта көзделген қауіпсіздік шараларын іске асыру мақсатында «Жедел-іздестіру қызметі туралы» Қазақстан Республикасының Заңына сәйкес жедел-іздестіру іс-шаралары жүргізілуі мүмкін.
2014.03.07. № 227-V ҚР Заңымен 8-бап өзгертілді (2015 ж. 1 қаңтардан бастап қолданысқа енгізілді) (бұр.ред.қара); 2023.03.01. № 188-VІІ ҚР Заңымен 8-бап жаңа редакцияда (2023 ж. 7 наурыздан бастап қолданысқа енгізілді) (бұр.ред.қара)
8-бап. Күш қолдану немесе қылмыстық заңмен тыйым салынған басқа да іс-әрекеттер қатерін төндіретін адамға оның қылмыстық жауаптылыққа тартылуы мүмкін екендігі туралы ресми алдын ала ескерту
Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексінің 115-бабында көзделген жағдайларды қоспағанда, қорғалатын адамдарға қатысты күш қолдану немесе қылмыстық заңмен тыйым салынған басқа да іс-әрекеттер жасау қатері туралы жеткілікті деректер болған кезде қылмыстық процесті жүргізетін орган күш қолдану немесе қылмыстық заңмен тыйым салынған басқа да іс-әрекеттер жасау қатерін төндіретін адамға оның қылмыстық жауапқа тартылуы мүмкін екендігі туралы ресми алдын ала ескерту жасайды. Қылмыстық процесті жүргізетін орган жасаған алдын ала ескерту адамға қолхат алынып хабарланады.
9-бап. Қорғалатын адам туралы мәлiметтерге қол жеткізудi шектеу
Қорғалатын адам туралы мәлiметтерге қол жеткізудi шектеу қылмыстық іс материалдарынан адамның сауалнамалық деректері туралы мәлiметтердi алу мен оларды негiзгi жүргiзiлiп жатқан iстен бөлек сақтаудан, сондай-ақ бұл үшiн бүркеншiк атты пайдаланудан тұрады.
2023.03.01. № 188-VІІ ҚР Заңымен 10-бап өзгертілді (2023 ж. 7 наурыздан бастап қолданысқа енгізілді) (бұр.ред.қара)
10-бап. Айыпталушыға (күдіктіге) қатысты қылмыстық процеске қатысушыларға күш қолдану (қолдануды ұйымдастыру) немесе өзге де қылмыстық әрекеттер жасау (жасауды ұйымдастыру) мүмкiндiгін болдырмайтын бұлтартпау шараларын қолдану
Айыпталушы (күдікті) тарапынан қатер төнген жағдайда қылмыстық процестi жүргiзушi орган Қазақстан Республикасының Қылмыстық iс жүргiзу кодексiне сәйкес соңғыға қатысты күш қолдану (қолдануды ұйымдастыру) немесе өзге де қылмыстық әрекеттер жасау (жасауды ұйымдастыру) мүмкiндiгiн болдырмайтын бұлтартпау шараларын қолдануға құқылы, ол туралы дәлелдi қаулы шығарады. Қаулының көшiрмесi оның шығарылуына қатысы бар адамға табыс етiледi.
Қабылданған шешiм туралы қорғалатын адам хабардар етiледi.
Бұлтартпау шаралары өзгерген немесе айыпталушы (күдікті) қашып кеткен жағдайда қорғалатын адам дереу хабардар етiлуге тиiс.
11-бап. Жекелеген адамдарды сот отырысы залынан шығарып жiберу
Қазақстан Республикасының Қылмыстық iс жүргiзу кодексiнде тiкелей көзделген реттерде төрағалық етушi жекелеген адамдарды сот отырысы залынан шығарып жiберуге құқылы.
12-бап. Соттың жабық отырысын өткізу
Қорғалатын адамдардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында сот талқылауына төрағалық етушi соттың жабық отырысын өткiзедi. Соттың iстi жабық талқылауына соттың дәлелдi қаулысы бойынша жол берiледi.
13-бап. Соттың куәден жауап алуы
Соттың куәден жауап алуы оның жеке басы туралы деректердi жария етпей бүркеншiк атты пайдалана отырып, сондай-ақ сотта айыпталушы тараптың куәсiнен жауап алу айыпталушыны, қорғаушы тараптың өкiлдерiн сот отырысы залынан шығарып жiберген соң жүргiзiлуi мүмкiн.
Қажет болған жағдайларда қорғалатын адамнан жауап алу оның танылып қалуын болдырмайтын жағдайда жүргiзiледi. Осы мақсатта бетперде, бет бояу, қорғалатын адамның дауысын өзгертуге арналған аппарат және заңға қайшы келмейтiн өзге де қорғау тәсiлдерi пайдаланылуы мүмкiн.
Қорғалатын адамнан процеске басқа қатысушылардың сырттай бақылауынсыз жауап алу бейне және басқа техникалық құралдар, перде, қорғағыш экран көмегi қолданыла отырып, процеске қатысушылардың құпиялылықты сақтау туралы алдын ала ескертiлген шектеулi тобының қатысуымен жүргiзiлуi мүмкiн.
Қажет болған жағдайда төрағалық етушi сот талқылауы барысында куәден жауап алуды түсiрiп алудың бейне, дыбыс жазу және өзге тәсiлдерiн қолдануға тыйым сала алады.
Сот қолданылған қауiпсiздiк шаралары туралы дәлелдi қаулы шығарады.
2023.03.01. № 188-VІІ ҚР Заңымен 13-1-баппен толықтырылды (2023 ж. 7 наурыздан бастап қолданысқа енгізілді)
13-1-бап. Жақындауға тыйым салу
Қорғалатын адамдардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін Қазақстан Республикасының Қылмыстық-процестік кодексіне сәйкес жақындауға тыйым салу белгіленеді.»
2009.07.04 № 149-IV ҚР Заңымен 14-бап өзгертілді (бұр.ред.қара); 2023.03.01. № 188-VІІ ҚР Заңымен 14-бап жаңа редакцияда (2023 ж. 7 наурыздан бастап қолданысқа енгізілді) (бұр.ред.қара)
14-бап. Жеке күзет, тұрғынжай мен өзге де мүлікті күзету
Қауіпсіздік шараларын жүзеге асыратын органдар қорғалатын адамдардың келісімімен олардың жеке күзетілуін, тұрғынжайлары мен өзге де мүлкінің күзетілуін қамтамасыз етеді. Қажет болған жағдайда өртке қарсы және күзеттік дабылдатқыш құралдары, қорғалатын адамның келісімімен бақылаудың техникалық құралдары орнатылады, телефон нөмірлері мен пайдаланылатын көлік құралдарының мемлекеттік тіркеу нөмірлік белгілері өзгертілуі мүмкін.
2023.03.01. № 188-VІІ ҚР Заңымен 15-бап жаңа редакцияда (2023 ж. 7 наурыздан бастап қолданысқа енгізілді) (бұр.ред.қара)
15-бап. Жеке қорғану, өзін-өзі қорғау, байланыс құралдарымен, техникалық құралдармен және қарумен қамтамасыз ету
Қауіпсіздік шараларын жүзеге асыратын органдар қорғалатын адамдарға жеке қорғану, өзін-өзі қорғау, байланыс құралдарын, сондай-ақ оларға қатысты болуы мүмкін құқыққа қарсы қолсұғушылықты тіркеу және қауіптілік туралы хабарлау үшін техникалық құралдарды бере алады.
Осы Заңның 3-бабы бірінші бөлігінің 1), 3), 4), 5) және 6) тармақшаларында санамаланған адамдарға қару, оның ішінде қызметтік, жауынгерлік қару немесе өзін-өзі қорғау қаруы да берілуі мүмкін. Қорғалатын адамдардың өздеріне берілген қаруды сақтауы, алып жүруі және қолдануы Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес жүзеге асырылады.
Жеке қорғану, өзін-өзі қорғау, байланыс, қауіптілік туралы хабарлау құралдарын және техникалық құралдарды беру тәртібін, олардың түрлерін Қазақстан Республикасының Үкіметі айқындайды.
16-бап. Қауiпсiз орынға уақытша орналастыру
Қажет болған жағдайда кәмелеттiк жасқа толған қорғалатын адамдар олардың келісімiмен, ал кәмелеттiк жасқа толмағандар - олардың ата-аналарының немесе өзге де заңды өкiлдердiң келісімiмен өздерiне қауiпсiздiк қамтамасыз етiлетiн орындарға орналастырылуы мүмкiн.
Ол жерде болу мерзiмi қорғалатын адамдар мен қорғауды қамтамасыз етушi орган арасында келісіледi.
2009.07.04 № 149-IV ҚР Заңымен 17-бап өзгертілді (бұр.ред.қара); 2014.17.04. № 195-V ҚР Заңымен 17-бап жаңа редакцияда (бұр.ред.қара); 2023.03.01. № 188-VІІ ҚР Заңымен 17-бап өзгертілді (2023 ж. 7 наурыздан бастап қолданысқа енгізілді) (бұр.ред.қара)
17-бап. Қорғалатын адамдар туралы мәлiметтердiң құпиялылығын қамтамасыз ету
Қауіпсіздік шараларын жүзеге асыратын органның шешiмi бойынша сол орган айқындайтын мерзiмге қорғалатын адамдардың жеке басы, олардың тұрғылықты жерi туралы деректердiң және мекенжай бюроларынан, төлқұжат қызметтерiнен, жол жүрісі қауіпсіздігін қамтамасыз ету жөніндегі уәкілетті органның бөлiмшелерiнен, автоматты телефон байланысының анықтама қызметтерiнен және ведомстволық бағыныстылығына қарамастан, басқа да ақпараттық-анықтамалық қорлардан олар жөнiнде өзге де мәлiметтердiң, мұндай мәлiметтер басқа қылмыстық iс жүргiзуге байланысты белгiленген тәртiппен анықталатын жағдайларды қоспағанда, берiлуiне тыйым салынуы мүмкiн.
2009.07.04 № 149-IV ҚР Заңымен 18-бап өзгертілді (бұр.ред.қара)
18-бап. Басқа тұрғылықты жерге көшiру, жұмыс (қызмет) немесе оқу орнын ауыстыру, жұмысқа орналасуына көмектесу
Қорғалатын адамдардың келісімiмен не олардың өтiнiшi бойынша олар басқа, уақытша немесе тұрақты жұмысқа (қызметке), немесе оқу орнына ауыстырылуы, басқа, уақытша немесе тұрақты тұрғылықты жерге көшірілуі мүмкiн.
Мемлекеттік органдар және мемлекеттік ұйымдар өз құзыреті шегінде қорғалатын адамдардың жұмысқа орналасуына және оқуға орналасуына жәрдем көрсетуге міндетті.
19-бап. Құжаттарды ауыстыру
Қорғалатын адамдардың өтiнiшi бойынша немесе олардың келісімiмен оларға өзгертiлген сауалнама деректермен жеке басын куәландыратын құжаттар және өзге де құжаттар берiлуi мүмкiн.
Жаңа сауалнамалық деректер қорғалатын адаммен мiндеттi түрде келісіле отырып таңдап алынады немесе оларды оның өзi таңдап алады, ал кәмелеттiк жасқа толмағандар үшiн - олардың ата-аналарының немесе өзге де заңды өкiлдерiнiң келісімiмен таңдап алынады.
2009.07.04 № 149-IV ҚР Заңымен 20-бап өзгертілді (бұр.ред.қара)
20-бап. Сырт пiшiнiн өзгерту
Қорғалатын адамның қауiпсiздiгiн басқа шаралармен қамтамасыз етуге болмайтын ерекше жағдайларда оның өтiнiшi бойынша немесе оның келісімiмен, кәмелеттік жасқа толмаған адам үшін - оның ата-анасының немесе өзге де заңды өкілдерінің жазбаша келісімімен оның сырт пiшiнi өзгертiлуi мүмкiн.
3-тарау. Қауіпсіздік шараларын қолдану негіздері мен тәртібі.
Қорғалатын адамдардың және қауіпсіздікті қамтамасыз етуші органдардың құқықтары мен міндеттері