5. Орындаушы жұмысты орындауға (қызмет көрсетуге) кірісуге және оны аяқтауға тиісті, тұтынушының тағайындаған жаңа мерзімдері шартта көрсетіледі.
Тағайындалған жаңа мерзімдер күнтізбелік он күннен астам уақытқа өткізіп алған жағдайда тұтынушы осы баптың 4-тармағында белгіленген өзге де талаптарды қоюға құқылы.
6. Жұмыс (қызмет көрсету) уақтылы орындалмаған жағдайда шартты бұзған кезде орындаушының жұмысты орындау (қызмет көрсету) процесінде өзінің жұмсаған шығындарын өтеуді, сондай-ақ орындалған жұмысқа (көрсетілген қызметке) ақы төлеуді талап етуге құқығы жоқ.
35-бап. Тұтынушының орындалған жұмыстан (көрсетілген қызметтен) кемшіліктер табылған кездегі құқықтары
1. Тұтынушы орындалған жұмыстан (көрсетілген қызметтен) кемшіліктер табылған кезде өз таңдауы бойынша:
1) орындалған жұмыстағы (көрсетілген қызметтегі) кемшіліктерді өтеусіз жоюды;
2) орындалған жұмыс (көрсетілген қызмет) үшін сыйақыны тиісті мөлшерде азайтуды;
3) сапасы дәл сондай біртектес материалдан басқа затты өтеусіз жасап беруді немесе жұмысты қайта орындауды (қайта қызмет көрсетуді);
4) тұтынушылардың кемшіліктерді жою құқығы шартта көзделгенде, оларды жоюға арналған өз шығыстарын өтеуді талап етуге құқылы.
2. Егер орындаушы орындалған жұмыстағы (көрсетілген қызметтегі) кемшіліктерді белгіленген мерзімде жоймаса не егер жұмыста (көрсетілетін қызметте) шарт талаптарынан ауытқулар немесе жұмыстағы (көрсетілетін қызметтегі) өзге де кемшіліктер айтарлықтай және жойылмайтындай болса, тұтынушы шартты бұзуға және залалды өтеуді талап етуге құқылы.
3. Осы баптың 1 және 2-тармақтарында белгіленген талаптар - жұмысты (қызметті) қабылдаған кезде немесе оны орындау (көрсету) не Қазақстан Республикасының Азаматтық кодексінде белгіленген мерзімдер ішінде пайдалану барысында кемшіліктер табылған жағдайда, ал жұмысты (көрсетілетін қызметті) қабылдаған кезде кемшіліктерді табу мүмкін болмаған жағдайда - кепілді мерзім ішінде, жасырын кемшіліктер табылған жағдайда - бір жыл ішінде, ғимараттармен және құрылыстармен байланысты жұмыстарға қатысты, сондай-ақ жұмыс түріне қарамастан - орындаушы қасақана жасырған кемшіліктерге қатысты жұмыстарды қабылдап алу күнінен бастап үш жыл ішінде қойылуы мүмкін.
Жұмыстың (көрсетілген қызметтің) тұтынушының өзінің және басқа да адамдардың өміріне немесе денсаулығына қауіп төндіруі мүмкін кемшіліктерін өтеусіз жою туралы талапты тұтынушы немесе оның құқық мирасқоры жұмысты (көрсетілген қызметті) қабылдаған кезден бастап үш жыл ішінде қоюы мүмкін.
Мұндай талап бұл кемшіліктердің қашан табылғанына қарамастан, оның ішінде кепілді мерзімі аяқталғаннан кейін анықталған кезде де қойылуы мүмкін.
4. Жұмыстағы (көрсетілетін қызметтегі) оны орындау (көрсету) барысында табылған кемшіліктер және орындалған жұмыстағы (көрсетілген қызметтегі) кемшіліктер, егер шартта өзгеше мерзім белгіленбесе, тиісті талап қойылған кезден бастап күнтізбелік он күн ішінде жойылуға тиіс.
Кемшіліктерді жоюдың тұтынушы тағайындаған немесе тараптармен келісілген мерзімі шартта жазылады.
5. Жұмысты орындауды (қызмет көрсетуді) бастау және аяқтау мерзімдерін бұзғаны үшін, сондай-ақ жұмыстағы (көрсетілетін қызметтегі) кемшіліктерді жою мерзімдерін бұзғаны үшін орындаушы, егер шартта, Қазақстан Республикасының заңдарында өзгеше белгіленбесе, мерзімін өткізіп алудың әрбір күні үшін жұмыс (көрсетілетін қызмет) құнының бір пайызы мөлшерінде тұрақсыздық айыбын төлеуге тиіс.
2016.21.04. № 504-V ҚР Заңымен 6-тармақпен толықтырылды
6. Шартта көзделген кепілдік мерзімі екі жылдан (жылжымайтын мүлікке бес жылдан) кем болған және жұмыстың (көрсетілген қызметтің) кемшіліктерін тұтынушы кепілдік мерзім өткеннен кейін, бірақ екі жыл (жылжымайтын мүлікке бес жыл) шегінде тапқан жағдайларда, егер тұтынушы осындай кемшіліктердің жұмыстың (көрсетілген қызметтің) нәтижесін өзі қабылдап алғанға дейін немесе ол кезге дейін пайда болған себептер бойынша туындағанын дәлелдесе, осы баптың 1-тармағында көзделген талаптарды қоюға құқылы.
2016.21.04. № 504-V ҚР Заңымен 7-тармақпен толықтырылды
7. Жұмыстың (көрсетілген қызметтің) елеулі кемшіліктері табылған жағдайда, тұтынушы кемшіліктердің жұмыстың (көрсетілген қызметтің) нәтижесін өзі қабылдап алғанға дейін немесе ол кезге дейін пайда болған себептер бойынша туындағанын дәлелдесе, орындаушыға кемшіліктерді өтеусіз жою туралы талап қоюға құқылы. Бұл талап, егер осындай кемшіліктер жұмыстың (көрсетілген қызметтің) нәтижесін қабылдап алған күннен бастап екі жыл (жылжымайтын мүлікке қатысты бес жыл) өткеннен кейін, бірақ жұмыстың (көрсетілген қызметтің) нәтижесіне белгіленген кепілдік мерзімі шегінде немесе егер кепілдік мерзімі белгіленбесе, жұмыстың (көрсетілген қызметтің) нәтижесін қабылдап алған күннен бастап он жыл ішінде табылған болса, қойылуы мүмкін.
36-бап. Жұмысты орындауға (қызмет көрсетуге) арналған смета
1. Шартта көзделген жұмыстарды орындауға (қызметтерді көрсетуге) смета жасалуы мүмкін.
Егер тұтынушы немесе орындаушы талап етсе, сметаны жасау міндетті болып табылады.
2. Егер тұтынушы жұмысты орындауға (қызмет көрсетуге) келісім бермесе немесе орындаушыға осындай жұмыстарды орындауды (осындай қызметтер көрсетуді) тапсырмаса, орындаушының олар үшін және сметаға енгізілмеген қосымша шығыстар үшін ақы төлеуді талап етуге құқығы жоқ.
Егер сметаны арттыру қажеттігі туындаса, орындаушы ол жөнінде тұтынушыны дереу ескертуге тиіс. Бұл жағдайда тұтынушы сметаға сәйкес орындалған жұмысқа (көрсетілген қызметке) қатысты өзі жұмсаған шығыстарды орындаушыға өтей отырып, шарттан бас тартуға құқылы.
Егер орындаушы сметаны арттыру туралы тұтынушыға ескертпесе, ол сметадан тыс шығыстарды өтеуді талап етпей, жұмысты орындауға (қызмет көрсетуге) міндетті.
2016.21.04. № 504-V ҚР Заңымен 3-тармақпен толықтырылды
3. Шарт жасасқаннан кейін орындаушы беруге тиіс материалдар мен жабдықтардың, сондай-ақ оған үшінші тұлғалар көрсететін қызметтердің құны айтарлықтай өскен кезде орындаушы белгіленген сметаны ұлғайтуды талап етуге, ал тұтынушы осы талапты орындаудан бас тартқан жағдайда шартты бұзуға құқығы бар.
37-бап. Жұмысты орындаушының материалынан орындау
1. Егер тұтынушы жұмысты өз материалынан орындауды талап етпесе, орындаушы шартта айқындалған жұмысты өз материалынан және өз қаражаты есебінен орындайды.
Жұмысты өз материалынан орындайтын орындаушы оның тиісті сапасы үшін жауапты болады.
2. Егер тараптардың келісімінде орындаушының материалдары үшін есеп айырысудың өзгеше тәртібі көзделмесе, тұтынушы шарт жасасу кезінде толық мөлшерде немесе тұтынушы орындалған жұмысты орындаушыдан алған кезде түпкілікті есеп айырыса отырып, шартта көрсетілген мөлшерде орындаушының материалына ақы төлейді.
Шартта көзделген жағдайларда орындаушы материалды кредитке беруі мүмкін. Кредитке берілген материал құнының кейіннен өзгеруі қайта есептеуге әкеп соқпайды.
38-бап. Жұмысты тұтынушының материалынан орындау
2016.21.04. № 504-V ҚР Заңымен 1-тармақ жаңа редакцияда (бұр.ред.қара)
1. Егер жұмыс толық немесе ішінара тұтынушының материалынан орындалатын болса, орындаушы сол материалдың сақталуына, оның дұрыс пайдаланылуына жауапты болады.
Жұмысты орындау (қызмет көрсету) туралы шартта немесе өзге де құжатта тұтынушы материалының нақты атауы және сипаттамасы көрсетілуге тиіс.
2. Орындаушы:
1) тұтынушыны оның берген материалының жарамсыздығы немесе сапасыздығы туралы ескертуге;
2) материалдың жұмсалғандығы туралы есеп беруге және оның қалдығын қайтаруға міндетті.
3. Орындаушы тұтынушыдан қабылдап алынған материалды жоғалтқаны және бүлдіріп алғаны үшін Қазақстан Республикасының азаматтық заңнамасына сәйкес жауап береді.
Орындаушыға берілетін материалдың құнын тұтынушы шартта немесе оны иеленуді (сатып алуды) растайтын өзге құжатта (түбіртекте, тапсырыста) айқындайды.
4. Егер орындаушы тұтынушыны материалдың жоғалуына (бүлінуіне) әкеп соғуы мүмкін айрықша қасиеттері туралы ескерткен болса, орындаушы тұтынушыдан қабылдап алған материалды толық немесе ішінара жоғалтқаны (бүлдіріп алғаны) үшін жауапкершіліктен босатылады.
5. Орындаушы тұтынушының нұсқауларын сақтау және тұтынушыға байланысты өзге де мән-жайлар орындалатын жұмыс сапасының өзгеруіне әкеп соғатыны не оны мерзімінде аяқтауға мүмкіндік бермейтіні жөнінде тұтынушыны уақтылы ескертуге міндетті.
Егер тұтынушы орындаушының уақтылы және негізді ескертуіне қарамастан, шартта белгіленген мерзімде жарамсыз немесе сапасыз материалды ауыстырмаса, жұмысты орындау тәсілі туралы нұсқауларын өзгертпесе не жұмыс сапасының өзгеруіне әкеп соғатын өзге де мән-жайларды жоймаса, орындаушы шартты бұзуға құқылы.
39-бап. Жұмысты орындағаны (қызмет көрсеткені) үшін ақы төлеу
Егер Қазақстан Республикасының заңдарында өзгеше көзделмесе, орындалған жұмысқа (көрсетілген қызметке) ақы төлеудің нысаны мен тәртібі тұтынушы мен орындаушы арасындағы келісім бойынша айқындалады.
6-тарау. Тұтынушылардың қоғамдық бірлестіктері
40-бап. Тұтынушылардың қоғамдық бірлестіктері
1. Тұтынушылардың қоғамдық бірлестіктері тұтынушылардың құқықтарын іске асыруға және қорғауға бағытталған қызметті жүзеге асырады.
2. Тұтынушылардың қоғамдық бірлестіктері Қазақстан Республикасының қоғамдық бірлестіктер туралы заңнамасына сәйкес қауымдастықтарға (одақтарға) бірігуі мүмкін.
2016.21.04. № 504-V ҚР Заңымен 3-тармақпен толықтырылды
3. Тұтынушылардың қоғамдық бірлестіктерін, сондай-ақ олардың қауымдастықтарын (одақтарын) жеке кәсіпкерлік субъектілерінің қаржыландыруына тыйым салынады.
2016.21.04. № 504-V ҚР Заңымен 41-бап жаңа редакцияда (бұр.ред.қара)
41-бап. Тұтынушылардың қоғамдық бірлестіктерінің, олардың қауымдастықтарының (одақтарының) құқықтары
1. Тұтынушылардың қоғамдық бірлестіктері, олардың қауымдастықтары (одақтары):
1) уәкілетті органға және өзге де мемлекеттік органдарға Қазақстан Республикасының тұтынушылардың құқықтарын қорғау туралы заңнамасын жетілдіру жөнінде ұсыныстар енгізуге;
2) тұтынушылардың құқықтарын бұзу фактісін қарауға жәрдемдесу мақсатында мемлекеттік органдарға жүгінуге;
3) тауардың тұтынушылық қасиеттерін, оған сұранысты зерделеуге, тауардың (жұмыстың, көрсетілетін қызметтің) сапасы туралы қоғамдық пікірді анықтау үшін халыққа сауалнама жүргізуге;
4) өтініштер, шағымдар қабылдауды жүзеге асыруға;
5) тұтынушының өтініші, шағымы келіп түскен жағдайда тауардың (жұмыстың, көрсетілген қызметтің) сапасын бағалау мақсатында мемлекеттік органдарға жүгінуге;
6) Қазақстан Республикасының заңдарында айқындалған тәртіппен мемлекеттік органдарда, сондай-ақ өзге де қоғамдық бірлестіктерде тұтынушылардың мүдделерін білдіруге;
7) тұтынушылардың мүдделеріне, оның ішінде тұтынушылардың айқындалмаған тобының мүдделеріне орай сотқа талап-арыз беруге;
8) тұтынушылардың проблемалары мен құқықтары жөніндегі ақпаратты зерттеуге және бұқаралық ақпарат құралдарында таратуға;
9) әлеуметтік бағдарламаларды, жобаларды, сондай-ақ мемлекеттік әлеуметтік тапсырыстар негізінде тұтынушылардың құқықтарын қорғау мәселелері бойынша әлеуметтік міндеттерді шешуге бағытталған жекелеген іс-шараларды іске асыруға;
2018.05.10. № 184-VІ ҚР Заңымен 10) тармақша өзгертілді (2019 ж. 11 сәуірден бастап қолданысқа енгізілді) (бұр.ред.қара)
10) тауарлардың (жұмыстардың, көрсетілетін қызметтердің) қауіпсіздігі жөніндегі міндетті талаптарды белгілейтін стандарттау жөніндегі құжаттар мен нормативтік техникалық құжаттарды әзірлеуге қатысуға;
11) сауда, тұрмыстық және басқа да қызмет көрсету түрлері саласында тұтынушылар құқықтарының сақталуы жөніндегі ақпаратты зерделеуге және тиісті мемлекеттік органдарға жіберуге;
12) тиісті мемлекеттік органдарға қауіпсіздік және сапа жөніндегі белгіленген талаптарға сәйкес келмейтін тауарларды (жұмыстарды, көрсетілетін қызметтерді орындаған) шығарған және өткізген адамдарға қатысты өз құзыреті шегінде шара қолдану мақсатында өтінішпен жүгінуге;
13) тұтынушылардың Қазақстан Республикасының қолданыстағы заңнамасында көзделген құқықтары бұзылған жағдайда, тұтынушылардың қоғамдық бірлестіктерінің мүшелері болып табылмайтын тұтынушылардың мүдделеріне орай талап-арыз беруге;
14) тауарлардың (жұмыстардың, көрсетілген қызметтердің) сапасын зерттеу нәтижелері туралы ақпаратты, сондай-ақ тұтынушылардың құқықтарын және заңды мүдделерін іске асыруға ықпал ететін өзге де ақпаратты таратуға құқылы. Тұтынушылардың қоғамдық бірлестіктері (олардың қауымдастықтары, одақтары) жариялайтын тауарлардың (жұмыстардың, көрсетілген қызметтердің) сапасын зерттеу нәтижелері жарнама болып табылмайды;
15) тиісті мемлекеттік органдарға және ұйымдарға тауарлардың (жұмыстардың, көрсетілетін қызметтердің) сапасын арттыру бойынша шаралар қабылдау туралы ұсыныстарды енгізуге;
16) тиісті мемлекеттік органдармен бірлесе отырып, Қазақстан Республикасының қолданыстағы заңнамасында белгіленген тәртіппен тұтынушылардың құқықтарын қорғау, тауарлардың (жұмыстардың, көрсетілетін қызметтердің) сапасы мен қауіпсіздігі саласындағы ашық және жалпыға қолжетімді мемлекеттік ақпараттық ресурстарды қалыптастыруға қатысуға;
17) тұтынушыларға заңдық және консультациялық көмек көрсетуге;
18) тұтынушы мен сатушы (орындаушы, дайындаушы) арасындағы жанжалдарды шешу кезінде медиация процесінде өз мүшелері арқылы тұтынушылардың мүдделерін білдіруге;
19) «Қоғамдық кеңестер туралы» Қазақстан Республикасының Заңында белгіленген тәртіппен қоғамдық кеңестердің жұмысына қатысуға құқылы.
2. Тұтынушылардың қоғамдық бірлестіктері, олардың қауымдастықтары (одақтары) уәкілетті органның сұрау салуы бойынша:
1) тұтынушылар шағымдарының саны және мазмұны;
2) жарғылық мақсаттарда өткізілген іс-шаралар туралы ақпарат ұсынады.
42-бап. Тұтынушылардың қоғамдық бірлестіктерінің, қауымдастықтардың (одақтардың) тұтынушылар құқықтарын қорғауы
Тұтынушылардың қоғамдық бірлестіктері, қауымдастықтар (одақтар) тұтынушының өтініші, шағымы бойынша құқықтары мен заңды мүдделерін бұзушылықтарды жою және осы бұзушылықтар арқылы келтірілген залалды (зиянды) тұтынушыға ерікті түрде өтеу туралы тауарды (жұмысты, көрсетілетін қызметті) сатушыға (дайындаушыға, орындаушыға) кінә қоя отырып жүгінуге құқылы.
Егер сатушы (дайындаушы, орындаушы) күнтізбелік он күн ішінде кінә қоюға жауап бермесе немесе бұзушылықтарды жоюдан және келтірілген залалды (зиянды) ерікті түрде өтеуден бас тартса, тұтынушылардың қоғамдық бірлестіктері, қауымдастықтар (одақтар) сотқа жүгінуге құқылы.
Тұтынушылардың қоғамдық бірлестіктері, қауымдастықтар (одақтар) тұтынушылар мүддесіне орай сотта қарауға жіберетін талап-арыздарға мемлекеттік баж салынбайды.
7-тарау. Қорытынды ережелер
43-бап. Қазақстан Республикасының тұтынушылар құқықтарын қорғау туралы заңнамасын бұзғаны үшін жауапкершілік
Қазақстан Республикасының тұтынушылар құқықтарын қорғау туралы заңнамасын бұзу Қазақстан Республикасының заңдарында белгіленген жауапкершілікке әкеп соғады.
44-бап. Осы Заңды қолданысқа енгізу тәртібі
1. Осы Заң алғашқы ресми жарияланғанынан кейін үш ай өткен соң қолданысқа енгізіледі.
«Тұтынушылардың праволарын қорғау туралы» Қазақ Советтік Социалистік Республикасының 1991 жылғы 5 маусымдағы Заңының (Қазақ CСР Жоғарғы Кеңесінің Жаршысы, 1991 ж., № 23, 267-құжат; 1992 ж., № 13-14, 313-құжат) күші жойылды деп танылсын.
Қазақстан Республикасының
Президенті
Н. НАЗАРБАЕВ
Астана, Ақорда, 2010 жылғы мамырдың 4-і.
№ 274-ІV ҚРЗ