10. Тіркелген шегерімді пайдалана отырып арнаулы салық режимін қолданатын дара кәсіпкерлер үшін уәкілетті орган мыналарды:
1) запастарды;
2) кірістерді;
3) төлем көзінен салық салуға жататын жеке тұлғалардың кірістерінен жеке табыс салығын, сондай-ақ әлеуметтік салық және әлеуметтік төлемдер салу объектілерін есепке алу жөніндегі ақпаратты көрсетуге арналған салықтық тіркелімдердің нысандарын белгілеуге құқылы.
2021.02.01. № 402-VI ҚР Заңымен 11-тармақ өзгертілді (2022 ж. 1 қаңтардан бастап қолданысқа енгізілді) (бұр.ред.қара)
11. Бірыңғай жер салығын төлеушілер қоршаған ортаға теріс әсер еткені үшін төлемақы жөніндегі салықтық міндеттемелерді есепке алу бойынша салықтық тіркелімді қоспағанда, осы баптың 5-тармағында көзделген салықтық тіркелімдерді жүргізуге міндетті.
6-БӨЛІМ. РЕЗИДЕНТТЕР МЕН БЕЙРЕЗИДЕНТТЕРДІҢ КІРІСТЕРІНЕ САЛЫҚ САЛУ БОЙЫНША
ЖАЛПЫ ЕРЕЖЕЛЕР
26-тарау. ЖАЛПЫ ЕРЕЖЕЛЕР
216-бап. Резиденттер мен бейрезиденттерге салық салудың негізгі қағидаттары
1. Қазақстан Республикасының резидентi Қазақстан Республикасында осы Кодекстiң ережелерiне сәйкес Қазақстан Республикасындағы және оның шегінен тыс жерлердегi көздерден алынған кірістерден салықтар төлейдi.
2. Бейрезидент Қазақстан Республикасында осы Кодекстiң ережелеріне сәйкес Қазақстан Республикасындағы көздерден алынған кірістерден салықтар төлейді.
Қазақстан Республикасында кәсіпкерлік қызметті тұрақты мекеме арқылы жүзеге асыратын бейрезидент Қазақстан Республикасында осы Кодекстің ережелеріне сәйкес мұндай тұрақты мекеменің қызметіне байланысты, Қазақстан Республикасының шегінен тыс жерлердегі көздерден алынған кірістерден де салықтар төлейді.
3. Резиденттер мен бейрезиденттер Қазақстан Республикасында өзге де салықтар мен бюджетке төленетін төлемдерді, сондай-ақ әлеуметтік төлемдерді осындай міндеттемелер туындаған кезде төлейді.
217-бап. Резиденттер
1. Осы Кодекстің мақсаттарында мыналар Қазақстан Республикасының резиденті деп танылады:
1) мынадай:
Қазақстан Республикасында тұрақты болатын;
Қазақстан Республикасында тұрақты болмайтын, бірақ өмірлік мүдделерінің орталығы Қазақстан Республикасында болатын жеке тұлға;
2) мынадай:
Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес құрылған;
шет мемлекеттің заңнамасына сәйкес құрылған, тиімді басқару орны (нақты басқару органының тұрған жері) Қазақстан Республикасында болатын заңды тұлға.
Нақты органның (директорлар кеңесінің немесе соған ұқсас органның) негізгі басқару және (немесе) бақылау жүзеге асырылатын, сондай-ақ заңды тұлғаның кәсіпкерлік қызметін жүргізу үшін қажетті стратегиялық коммерциялық шешімдер қабылданатын жиналысы өткізілетін орын тиімді басқару орны (нақты басқару органының тұрған жері) деп танылады.
2020.10.12. № 382-VI ҚР Заңымен 2-тармақ өзгертілді (2021 ж. 1 қаңтардан бастап қолданысқа енгізілді) (бұр.ред.қара)
2. Егер осы баптың 2-1-тармағында өзгеше белгіленбесе, жеке тұлға ағымдағы салықтық кезеңде аяқталатын кез келген қатарынан он екi айлық кезеңде кемiнде күнтiзбелiк бір жүз сексен үш күн (келу және кету күндерiн қоса алғанда) Қазақстан Республикасында болса, ол ағымдағы салықтық кезеңде Қазақстан Республикасында тұрақты болған жеке тұлға деп танылады.
2020.10.12. № 382-VI ҚР Заңымен 2-1-тармақпен толықтырылды (2021 ж. 1 қаңтардан бастап қолданысқа енгізілді)
2-1. Егер «Астана» халықаралық қаржы орталығының инвестициялық резиденті-жеке тұлға ағымдағы салықтық кезеңде аяқталатын кез келген қатарынан он екі айлық кезеңде кемінде күнтізбелік тоқсан күн (келу және кету күндерін қоса алғанда) Қазақстан Республикасында болса, ол ағымдағы салықтық кезеңде Қазақстан Республикасында тұрақты болған деп танылады. Осы баптың мақсаттары үшін жеке тұлға «Астана» халықаралық қаржы орталығы» туралы Қазақстан Республикасының Конституциялық заңында белгіленген шарттарға сәйкес келуге тиіс.
3. Бір мезгілде мынадай шарттарды орындаған кезде:
1) жеке тұлғада Қазақстан Республикасының азаматтығы немесе Қазақстан Республикасында тұруға рұқсаты (ықтиярхаты) болса;
2) жеке тұлғаның жұбайы (зайыбы) және (немесе) жақын туыстары Қазақстан Республикасында тұрса;
3) Қазақстан Республикасында жеке тұлғаның кез келген уақытта тұруы және (немесе) жұбайының (зайыбының) және (немесе) оның жақын туыстарының тұруы үшін қолжетімді, оған және (немесе) жұбайына (зайыбына) және (немесе) оның жақын туыстарына меншік құқығында немесе өзге де негіздерде тиесілі жылжымайтын мүлкі болса, жеке тұлғаның өмірлік мүдделерінің орталығы Қазақстан Республикасында деп танылады.
4. Қазақстан Республикасының азаматы болып табылатын жеке тұлға, сондай-ақ Қазақстан Республикасының азаматтығына қабылдау туралы немесе Қазақстан Республикасының азаматтығын қабылдамай Қазақстан Республикасында тұрақты тұруға рұқсат ету туралы өтініш берген:
1) мемлекеттік билік органдары шет елге іссапарға жіберген жеке тұлға, оның ішінде дипломатиялық, консулдық мекемелердің, халықаралық ұйымдардың қызметкері, сондай-ақ аталған жеке тұлғаның отбасы мүшелері;
2) тұрақты халықаралық тасымалдарды жүзеге асыратын Қазақстан Республикасының заңды тұлғаларына немесе азаматтарына тиесілі көлік құралы экипажының мүшесі;
3) Қазақстан Республикасының шегінен тыс жерлерге көшірілген Қазақстан Республикасы әскери бөлімдерінің немесе әскери құрамаларының әскери қызметшілері мен азаматтық персоналы;
4) Қазақстан Республикасының шегінен тыс жерлердегі және Қазақстан Республикасының немесе Қазақстан Республикасы субъектілерінің меншігі болып табылатын объектілерде (оның ішінде концессиялық шарттар негізінде) жұмыс істейтін;
5) оқу, оның ішінде тағылымдамадан немесе практикадан өту, емделу немесе сауықтыру, профилактикалық рәсімдерден өту мақсатында, оқу, оның ішінде тағылымдамадан немесе практикадан өту, емделу немесе сауықтыру, профилактикалық рәсімдерден өту кезеңінде Қазақстан Республикасының шегінен тыс жерлерде болатын жеке тұлға;
6) сабақ беру, консультациялар беру немесе ғылыми жұмыстарды жүзеге асыру мақсатында аталған қызметтерді (жұмыстарды) көрсету (орындау) кезеңінде Қазақстан Республикасының шегінен тыс жерлерде болатын оқытушы және (немесе) ғылыми қызметкер Қазақстан Республикасында тұрған уақытына және осы бапта көзделген басқа да кез келген өлшемшарттарға қарамастан, резидент-жеке тұлға деп танылады.
218-бап. Қазақстан Республикасының резиденттігін растау тәртібі
1. Резидент Қазақстан Республикасы халықаралық шарт жасасқан шет мемлекетте қызметін жүзеге асырған жағдайда, тиісті халықаралық шарттың талаптарын орындаған кезде резидент көрсетілген мемлекетте осындай халықаралық шарттың ережелерін қолдануға құқылы.
2. Халықаралық шартты қолдану мақсатында, сондай-ақ өзге де мақсаттарда тұлға Қазақстан Республикасының резиденттігін растау үшін, егер осы тармақта өзгеше белгіленбесе, осындай тұлға тұрған, болатын (тұрғылықты) жері бойынша тіркелген салық органына қатысты жоғары тұрған болып табылатын салық органына резиденттікті растауға арналған салықтық өтінішті ұсынады.
Егер тұлға уәкілетті органға сатылы түрде тікелей бағынатын салық органында тұрған, болатын (тұрғылықты) жері бойынша тіркелген болса, резиденттікті растауға арналған салықтық өтініш осындай салық органына ұсынылады.
Бұл ретте төменде аталған тұлғалар салық органына резиденттікті растауға арналған салықтық өтінішке қоса мынадай құжаттарды:
1) өзінің тиімді басқару орнының Қазақстан Республикасында болуы негізінде резидент болып табылатын шетелдік заңды тұлға - заңды тұлғаны тиімді басқару орнының (нақты басқару органы тұрған жер) Қазақстан Республикасында болуын растайтын құжаттың (өткізілген орны көрсетіле отырып, директорлар кеңесінің немесе соған ұқсас органның жалпы жиналысы хаттамасының немесе негізгі басқару және (немесе) бақылау, сондай-ақ заңды тұлғаның кәсіпкерлік қызметті жүргізуі үшін қажетті стратегиялық коммерциялық шешімдер қабылдау орнын растайтын өзге де құжаттардың) нотариат куәландырған көшірмесін;
2) резидент болып табылатын Қазақстан Республикасының азаматы - жеке куәлігінің немесе Қазақстан Республикасы паспортының көшірмесін;
2020.10.12. № 382-VI ҚР Заңымен 3) тармақша өзгертілді (2021 ж. 1 қаңтардан бастап қолданысқа енгізілді) (бұр.ред.қара)
3) резиденттер болып табылатын шетелдік және азаматтығы жоқ адам мыналардың:
шетел паспортының немесе азаматтығы жоқ адам куәлігінің;
Қазақстан Республикасында тұруға ықтиярхаттың (ол болған кезде);
Қазақстан Республикасында болу кезеңін растайтын құжаттың (визаның немесе өзге де құжаттардың) нотариат куәландырған көшірмелерін;
2020.10.12. № 382-VI ҚР Заңымен 4) тармақшамен толықтырылды (2021 ж. 1 қаңтардан бастап қолданысқа енгізілді)
4) «Астана» халықаралық қаржы орталығының инвестициялық резиденті болып табылатын шетелдік немесе азаматтығы жоқ адам:
шетел паспортының немесе азаматтығы жоқ адам куәлігінің нотариат куәландырған көшірмесін;
Қазақстан Республикасында болу кезеңін растайтын құжаттың (визаның немесе өзге де құжаттардың) нотариат куәландырған көшірмесін;
резиденттікті растайтын құжатты бергені үшін алым төленгенін растайтын құжаттың көшірмесін;
«Астана» халықаралық қаржы орталығының актісінде белгіленген нысан бойынша тиісті кезеңге «Астана» халықаралық қаржы орталығының Әкімшілігі беретін, «Астана» халықаралық қаржы орталығының инвестициялық салықтық резиденттік бағдарламасына сәйкес инвестицияларды жүзеге асыру туралы растау хатты;
шетелдіктің немесе азаматтығы жоқ адамның «Астана» халықаралық қаржы орталығының инвестициялық салықтық резиденттік бағдарламасына қатысу үшін бастапқы өтініш жасау алдындағы соңғы жиырма жыл ішінде Қазақстан Республикасының азаматтығы тоқтатылған адам болып табылмайтыны туралы ішкі істер органы берген растау хатты ұсынуға міндетті. Осы абзацтың мақсаттары үшін ішкі істер органы берген растау хатта шетелдіктің шетел паспортының немесе азаматтығы жоқ адам куәлігінің мәліметтері қамтылуға тиіс.
Бастапқы өтініш жасау кезінде резиденттікті растайтын құжат берілген жағдайда, резиденттікті растауға салықтық өтінішті кейіннен берген кезде ішкі істер органы берген растау хатты ұсыну талап етілмейді.
Резиденттікті растайтын құжат резиденттікті растайтын құжатты бергені үшін алым төлеу жүргізілген күнтізбелік жылға беріледі.
3. Резиденттікті растауға арналған салықтық өтінішті қарау қорытындылары бойынша салық органы оны ұсынған күннен бастап күнтізбелік он күн ішінде:
1) тұлғаға уәкілетті орган бекіткен нысан бойынша оның резиденттігін растайтын құжатты береді немесе шет мемлекеттің құзыретті органы белгіленген нысан бойынша оның резиденттігін растайды.
Резиденттікті растайтын құжат электрондық құжат нысанында берілген жағдайда, осындай құжатты уәкілетті органның интернет-ресурсына орналастыру күні беру күні болып табылады;
2020.10.12. № 382-VI ҚР Заңымен 2) тармақша өзгертілді (2021 ж. 1 қаңтардан бастап қолданысқа енгізілді) (бұр.ред.қара)
2) тұлғаның резиденттігін растаудан бас тарту туралы негізделген шешім шығарады.
Тұлғаның резиденттігін растаудан бас тарту мынадай:
осы Кодекстің 217-бабында белгіленген шарттарға сәйкес келмеген;
«Астана» халықаралық қаржы орталығы инвестициялық резидентінің резиденттігін растауға арналған өтініште көрсетілген кезең резиденттікті растайтын құжат берілгені үшін алым төленген кезеңге сәйкес келмеген жағдайларда жүргізіледі.
4. Тұлғаның резиденттігі осы Кодекстің 48-бабында белгіленген талап қоюдың ескіру мерзімі шегінде, резиденттікті растауға арналған салықтық өтініште көрсетілген әрбір күнтізбелік жыл үшін расталады.
5. Резиденттікті растайтын құжат жоғалған жағдайда, осындай құжатты берген салық органы резиденттің өтініші ұсынылған күннен бастап күнтізбелік он күн ішінде оның телнұсқасын береді.
219-бап. Бейрезиденттер
Осы Кодекстің мақсаттарында мыналар:
1) осы Кодекстің 217-бабының ережелеріне сәйкес резидент болып табылмайтын жеке немесе заңды тұлға;
2) осы Кодекстің 217-бабының ережелеріне қарамастан, қосарланған салық салуды болдырмау және салықтарды төлеуден жалтаруға жол бермеу мәселелерін реттейтін халықаралық шарттың ережелеріне сәйкес бейрезидент болып танылатын шетелдік немесе азаматтығы жоқ адам бейрезидент болып танылады.
220-бап. Бейрезиденттiң тұрақты мекемесi
1. Егер халықаралық шартта өзгеше белгіленбесе, бейрезиденттің кәсіпкерлік қызметті жүзеге асыру мерзімдеріне қарамастан, ол осындай қызметті Қазақстан Республикасының аумағында өзі арқылы жүзеге асыратын мынадай қызмет орындарының бірі:
1) тауарларды өндіру, қайта өңдеу, жасақтау, орау, қаптау және (немесе) беру жүзеге асырылатын кез келген орын;
2) кез келген басқару орны;
3) жер қойнауы геологиялық зерделенетін, пайдалы қазбаларды барлау, өндіруге дайындық жұмыстары және (немесе) пайдалы қазбаларды өндіру жүзеге асырылатын және (немесе) пайдалы қазбаларды барлауды және (немесе) өндіруді бақылау және (немесе) байқау жөніндегі жұмыстар орындалатын, қызметтер көрсетілетін кез келген орын;
4) құбыржолға байланысты қызмет (оның ішінде бақылау немесе байқау қызметі) жүзеге асырылатын кез келген орын;
5) ойын автоматтарын (жалғамаларымен қоса), компьютерлiк желiлер мен байланыс арналарын, аттракциондарды орнатуға, баптауға және пайдалануға байланысты, сондай-ақ көлiктік немесе өзге де инфрақұрылымға байланысты қызмет жүзеге асырылатын кез келген орын;
6) егер осы баптың 5-тармағында өзгеше белгіленбесе, тауарларды көрмелерде және жәрмеңкелерде өткізу жағдайларын қоспағанда, Қазақстан Республикасының аумағында тауарлар өткізілетін орын;
7) құрылыс қызметі және (немесе) құрылыс-монтаждау жұмыстары жүзеге асырылатын, сондай-ақ осы жұмыстардың орындалуын байқау жөніндегі қызметтер көрсетілетін кез келген орын;
8) осы баптың 6-тармағында көрсетілген қызметті жүзеге асыратын өкілдікті қоспағанда, бейрезидент-заңды тұлғаның құрылымдық бөлімшесі орналасқан жер;
9) «Сақтандыру қызметі туралы» Қазақстан Республикасының Заңына сәйкес Қазақстан Республикасында бейрезиденттің атынан делдалдық қызметті жүзеге асыратын тұлға орналасқан жер;
10) шет мемлекеттің заңнамасына не егер мұндай бірлескен қызмет Қазақстан Республикасының аумағында жүзеге асырылған жағдайда, Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес бейрезидентпен жасалған бірлескен қызмет туралы шартқа қатысушы резидент орналасқан жер бейрезиденттің Қазақстан Республикасындағы тұрақты мекемесі болып танылады.
2. Егер мұндай сипаттағы қызмет Қазақстан Республикасының аумағында бір жоба немесе байланысты жобалар шеңберінде кәсіпкерлік қызметті жүзеге асыру басталған күннен бастап кез келген қатарынан он екі айлық кезең шегінде күнтізбелік бір жүз сексен үш күннен астам жалғасатын болса, осындай мақсаттар үшін бейрезидент жалдаған жұмыскерлер немесе басқа персонал арқылы Қазақстан Республикасының аумағында осы баптың 1-тармағында көзделмеген қызметтер көрсетілетін, жұмыстар орындалатын орын бейрезиденттің тұрақты мекемесі болып танылады.
Өзара байланысты немесе өзара тәуелді келісімшарттар (шарттар) осы бөлімнің мақсаттарында байланысты жобалар болып танылады.
Бір мезгілде мынадай шарттарға сай келетін:
1) мұндай келісімшарттар (шарттар) бойынша бейрезидент немесе оның өзара байланысты тарапы бір ғана сол салық агентіне немесе оның өзара байланысты тарапына бірдей немесе біртекті қызметтер (жұмыстар) көрсететін (орындайтын);
2) бір келісімшарт (шарт) бойынша қызметтер көрсету (жұмыстар орындау) аяқталған күн мен басқа келісімшарт (шарт) жасалған күн арасындағы уақыт кезеңі қатарынан он екі айдан аспайтын келісімшарттар (шарттар) өзара байланысты келісімшарттар (шарттар) деп танылады.
Бейрезидент немесе оның өзара байланысты тарапы салық агентімен немесе оның өзара байланысты тарапымен жасасқан, олардың біреуі бойынша міндеттемелерді бейрезиденттің немесе оның өзара байланысты тарапының орындамауы мұндай бейрезиденттің немесе оның өзара байланысты тарапының басқа келісімшарт (шарт) бойынша міндеттемелерді орындауына әсер ететін келісімшарттар (шарттар) өзара тәуелді келісімшарттар (шарттар) болып танылады.
3. Осы баптың 1 және 2-тармақтарының ережелерiне қарамастан, егер бейрезидент Қазақстан Республикасының аумағында кәсiпкерлiк қызметті тәуелдi агент арқылы жүзеге асырған жағдайда, онда мұндай бейрезидент өзі үшiн тәуелдi агент жүзеге асыратын кез келген қызметке байланысты, осындай қызметтің жүзеге асырылу мерзімдеріне қарамастан, тұрақты мекемесi бар бейрезидент ретiнде қарастырылатын болады.
Бір мезгілде мынадай:
1) шарттық қатынастар негізінде Қазақстан Республикасында бейрезиденттің мүдделерін білдіруге, бейрезиденттің атынан және есебінен әрекет етуге және (немесе) белгілі бір заңдық әрекеттер жасауға уәкілетті, оның ішінде өтеулі қызметтер көрсету шартын жасасуға немесе осындай шартты жасасу немесе бейрезидентке меншік құқығы (пайдалану құқығы) негізінде тиесілі мүлікке меншік құқығын (пайдалану құқығын) беру кезінде негізгі рөл атқаруға уәкілетті;
2) сақтандыру брокерінің қызметін және осындай агент айрықша түрде немесе негізінен бейрезиденттің атынан әрекет ететін жағдайларды қоспағанда, ол осы тармақтың 1) тармақшасында көрсетілген қызметті кеден өкілінің, бағалы қағаздар нарығына кәсіби қатысушының қызметі және өзге де брокерлік қызмет шеңберінде жүзеге асырмайды;
3) оның қызметі осы баптың 6-тармағында санамаланған қызмет түрлерімен шектелмейді деген шарттарға сай келетін жеке немесе заңды тұлға осы бөлімнің мақсаттары үшін тәуелді агент деп танылады.
4. Егер еншілес ұйым осы баптың 3-тармағына сәйкес тәуелді агент болып танылса, бейрезиденттің Қазақстан Республикасының аумағында Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес құрылған еншілес ұйым арқылы жүзеге асырылатын қызметі бейрезиденттің тұрақты мекемесінің құрылуына алып келеді.
5. Егер тауарларды Қазақстан Республикасының аумағында өткізілетін көрмелерде және жәрмеңкелерде өткізу күнтізбелік он күннен астамға созылса, бейрезидент осындай өткізу кезінде Қазақстан Республикасында тұрақты мекеме құрады.
6. Бейрезидент қызметінің дайындық немесе көмекшi сипатқа қана ие, бейрезиденттiң кәсіпкерлік қызметiнің негізгі түрлерінің бір бөлігі болып табылмайтын және үш жылдан аспайтын мынадай түрлері:
1) кез келген орынды бейрезидентке тиесiлi тауарды өткізбей, сақтау және (немесе) көрсету мақсаттары үшін ғана пайдалану;
2) тұрақты қызмет орнын тауарларды өткізбей, бейрезидент үшін сатып алу мақсаттарында ғана ұстау;
3) тұрақты қызмет орнын ақпарат жинау, өңдеу және (немесе) тарату, бейрезидент өткізетін тауарларды, жұмыстарды, көрсетілетін қызметтерді жарнамалау немесе олардың нарығын зерделеу үшiн ғана ұстау бейрезиденттiң Қазақстан Республикасындағы тұрақты мекемесінің құрылуына алып келмейді.
Бұл ретте дайындық немесе көмекшi сипаттағы қызмет үшінші тұлғалар үшін емес, бейрезиденттің өзі үшін жүзеге асырылуға тиіс.
7. Бейрезиденттің заңды тұлғаға, оның iшiнде Қазақстан Республикасында қызметті тұрақты мекеме арқылы жүзеге асыратын бейрезидентке Қазақстан Республикасының аумағында жұмыс iстеу үшiн шетелдiк персоналды ұсыну бойынша қызметтер көрсету жөніндегі қызметі, бір мезгiлде мынадай шарттар орындалған кезде:
1) егер мұндай персонал өзi ұсынылған заңды тұлғаның атынан және соның мүдделерiн көздеп әрекет етсе;
2) шетелдiк персоналды ұсыну бойынша қызметтер көрсететiн бейрезидент ұсынылған персоналдың жұмыс нәтижелерi үшін жауапты болмаса;
3) салықтық кезең ішінде бейрезиденттiң шетелдiк персоналды ұсыну бойынша қызметтер көрсетуден түсетін кірісі бейрезиденттiң көрсетілген кезең ішінде осындай персоналды ұсыну бойынша жалпы шығындары сомасының 10 пайызынан аспайтын болса, осындай көрсетілетін қызмет бойынша Қазақстан Республикасында тұрақты мекеме құруға алып келмейді.
Бұл ретте мұндай кірістің мөлшері салықтық кезең ішінде бейрезидент көрсеткен шетелдiк персоналды ұсыну бойынша қызметтердің құны мен көрсетілген кезең ішінде бейрезиденттiң персоналды ұсыну бойынша жалпы шығындары сомасының құны арасындағы оң айырма түрінде айқындалады.
Шетелдiк персоналдың кірістерін қоса алғанда, осындай қызметтер көрсетуге арналған шығындардың сомасын растау үшiн бейрезидент көрсетілетін қызметтерді алушыға Қазақстан Республикасының және (немесе) шет мемлекеттің заңнамасына сәйкес жасалған бастапқы құжаттарының көшірмесін ұсынуға міндетті. Шетелдiк персоналды ұсыну бойынша қызметтер көрсететiн бейрезиденттің кірісінен корпоративтік табыс салығын есептеу мақсаттары үшін, осы тармақта белгіленген шарттар орындалған кезде, бейрезиденттің мұндай көрсетілетін қызметтері Қазақстан Республикасының шегінен тыс жерлерде көрсетілген қызметтер болып танылады.
8. Бейрезидент қызметті Қазақстан Республикасының аумағында бірлескен қызмет туралы шарт негізінде жүзеге асырған жағдайда:
1) осындай шартқа әрбір қатысушының қызметі осы бапта белгіленген ережелерге сәйкес тұрақты мекеме құрады;
2) осындай шартқа әрбір қатысушы салықтық міндеттемені орындауды осы Кодексте айқындалған тәртіппен өзі дербес жүзеге асырады.
2019.02.04. № 241-VІ ҚР Заңымен 9-тармақ өзгертілді (2019 ж. 1 шілдеден бастап қолданысқа енгізілді) (бұр.ред.қара)
9. Қазақстан Республикасында тұрақты мекеме құруға алып келетін кәсiпкерлiк қызметтi жүзеге асыратын бейрезидент осы Кодекстiң 76-бабында айқындалған тәртiппен салық органында салық төлеушi ретiнде тiркелуге мiндеттi.
Бейрезиденттiң салық органдарында салық төлеушi ретiнде тiркелуінің немесе тіркеуші органда есептiк тiркелуінің болмауына қарамастан, бейрезиденттің Қазақстан Республикасында қызметті жүзеге асыруы басталған күннен бастап бейрезиденттің қызметі осы баптың ережелерiне сәйкес тұрақты мекеме құрады.
Егер бейрезидент бір салық органында тіркелуге жататын екі және одан да көп тұрақты мекеме құруға алып келетін кәсіпкерлік қызметті жүзеге асырған жағдайда, онда бейрезиденттің осындай тұрақты мекемелерінің тобы бойынша жиынтық түрде бір тұрақты мекеме тіркелуге жатады.
Егер бейрезиденттің осы баптың 2, 3, 5 немесе 7-тармақтарында көрсетілген қызметті жүзеге асыратын тіркелген тұрақты мекемесі болса және ол ұқсас немесе осындай қызметті мұндай тұрақты мекеме тіркелген орыннан өзгеше орында жүзеге асырса, онда мұндай қызметті жүзеге асыру тұрақты мекеме құруға алып келеді және ұқсас немесе осындай қызметті жүзеге асыру басталған күннен бастап тіркелуге жатады.
Егер бейрезиденттің тұрақты мекемесі салық төлеушілердің мемлекеттік дерекқорынан алып тасталған күннен кейін осындай бейрезидент осы баптың 2 және 5-тармақтарында көрсетілген қызметті қатарынан он екі айлық кезең ішінде қайта бастаған жағдайда, ол тұрақты мекеме құрған болып танылады және осындай қызмет жүзеге асырыла бастаған күннен бастап салық төлеуші ретінде тіркелуге жатады.
2020.10.12. № 382-VI ҚР Заңымен 10-тармақ өзгертілді (2018 ж. 1 қаңтардан бастап қолданысқа енгізілді) (бұр.ред.қара)
10. Осы Кодекстi қолдану мақсаттарында:
1) мыналарға:
Қазақстан Республикасында, оның ішінде бірлескен қызмет туралы шарт шеңберінде жұмыстар орындауға, қызметтер көрсетуге;
өз атынан Қазақстан Республикасында әрекеттер жасауға өкiлеттiктер беруге;
өткізу мақсатында Қазақстан Республикасында тауарлар сатып алуға;
Қазақстан Республикасында жұмыстар орындау, қызметтер көрсету мақсатында жұмыстарды, көрсетілетін қызметтерді сатып алуға арнап кез келген мынадай келiсiмшартты (шартты, келiсiмді) жасасу;
2) Қазақстан Республикасында қызметті жүзеге асыру мақсаттарында алғашқы еңбек шартын (келiсiмін, келісімшартын) жасасу;
3) осы тармақтың бірінші бөлігінің 1) немесе 2) тармақшаларында көрсетілген келiсiмшарттың (шарттың, келiсiмнiң) шарттарын орындау үшiн бейрезидент-жеке тұлғаның, бейрезиденттің жұмыскерінің немесе өзге жалданған персоналының Қазақстан Республикасына келуі;
4) бейрезиденттің осы баптың 1-тармағының 3) және 4) тармақшаларында көрсетілген қызметті жүзеге асыруға құқығын куәландыратын құжаттың күшіне енген күні бейрезиденттiң Қазақстан Республикасында қызметті жүзеге асыруды бастаған күні болып танылады.
Осы тармақта белгіленген бірнеше шарт болған жағдайда, осы тармақта көрсетілген күндердің неғұрлым ертесі бейрезиденттің Қазақстан Республикасында қызметті жүзеге асыруды бастаған күні болып танылады.
11. Егер бейрезидент қызметті қосарланған салық салуды болғызбау және салықтарды төлеуден жалтаруға жол бермеу мәселелерін реттейтін халықаралық шартқа немесе осы баптың 6-тармағына сәйкес тұрақты мекеменің құрылуына алып келмейтін құрылымдық бөлімше арқылы жүзеге асырған жағдайда, бейрезиденттің мұндай құрылымдық бөлімшесіне осы Кодекстiң бейрезиденттiң тұрақты мекемесi үшiн көзделген ережелерi қолданылатын болады. Бұл ретте мұндай құрылымдық бөлімшенің осы Кодекстің 672, 673 және 674-баптарына сәйкес қосарланған салық салуды болғызбау және салықтарды төлеуден жалтаруға жол бермеу мәселелерін реттейтін халықаралық шарттың ережелерін қолдануға құқығы болады.