Инкассация қызметінің арнайы автомобиль көлігінің кіруі мен шығуын жүзеге асыру пломбаланған инкассаторлық қаптарды (сөмкелерді) ашпай, оны жете тексеру (қажет болған кезде) арқылы жүргізіледі.
Тасымалданатын бағалы жүктердің қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында инкассация қызметі жұмыскерлерінің шектері Еуразиялық экономикалық одақтың кедендік шекарасының учаскелерімен толық немесе ішінара тұспа-тұс келетін арнайы экономикалық аймақтың аумағында Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес жеке қорғану құралдарын пайдалануға, қызметтік қару мен оның патрондарын сақтауға және алып жүруге құқығы бар.
6. Мемлекеттік шекара арқылы адамдарды, көлiк құралдарын, жүктер мен тауарларды өткізуді Қазақстан Республикасы Ұлттық қауіпсіздік комитетінің Шекара қызметі жүзеге асырады.
7. Мемлекеттік шекара арқылы адамдарды өткізу Қазақстан Республикасына кіру немесе Қазақстан Республикасынан шығу құқығын беретін құжаттар болған, сондай-ақ осы адамдарға қатысты Қазақстан Республикасының заңдарында белгіленген шектеулер болмаған кезде жүзеге асырылады.
2014.07.11. № 248-V ҚР Заңымен 8-тармақ жаңа редакцияда (бұр.ред.қара)
8. Мемлекеттік шекара арқылы көлік құралдарын, жүктер мен тауарларды өткізу мемлекеттік кіріс органдарының және өзге де бақылаушы органдардың көлік құралдарын, жүктер мен тауарларды Қазақстан Республикасына әкелу немесе Қазақстан Республикасынан әкету құқығына рұқсат беру белгілері болған кезде жүзеге асырылады.
2017.05.05. № 59-VI ҚР Заңымен 9-тармақ жаңа редакцияда (бұр.ред.қара)
9. Мемлекеттік шекара арқылы өткізу шекаралық бақылау рәсімі біткеннен кейін және өткізу пункті, сондай-ақ Мемлекеттік шекара арқылы өткізу жүзеге асырылатын өзге де орын шегінен адам, көлік құралы шыққан немесе жүктер мен тауарлар әкетілген кезде аяқталды деп есептеледі.
2017.05.05. № 59-VI ҚР Заңымен 10-тармақ жаңа редакцияда (бұр.ред.қара)
10. Қазақстан Республикасына кіруге рұқсат етілмеген не кіруі шектелген шетелдіктер мен азаматтығы жоқ адамдар, сондай-ақ өздеріне қатысты Қазақстан Республикасынан шығуға тыйым салу туралы шешім қабылданған адамдар Қазақстан Республикасының заңдарына сәйкес Мемлекеттік шекара арқылы өткізілуге жатпайды. Өткізу пунктіне немесе Мемлекеттік шекара арқылы өткізу жүзеге асырылатын өзге де орынға келген және Мемлекеттік шекара арқылы өткізу үшін негіздері жоқ шетелдіктер мен азаматтығы жоқ адамдар Қазақстан Республикасының халықаралық шарттарына сәйкес өздері қайдан келсе, сол елге немесе өзі азаматы болып табылатын елге қайтарылады.
20-бап. Мемлекеттік шекара арқылы өткізудің оңайлатылған тәртібі.
Оңайлатылған өткізу пункттері
1. Мемлекеттік шекара арқылы өткізудің оңайлатылған тәртібі Мемлекеттік шекараны кесіп өту орындарында тікелей белгіленеді, оларда Қазақстан Республикасы ратификациялаған халықаралық шартқа сәйкес оңайлатылған өткізу пункттері жабдықталады.
2. Мемлекеттік шекара арқылы оңайлатылған өткізу пункттерінде жүктер мен тауарларды коммерциялық мақсаттарда өткізуге тыйым салынады.
21-бап. Табиғи және техногендік сипаттағы төтенше жағдайлар туындаған кезде Мемлекеттік шекара арқылы өткізу
Табиғи және техногендік сипаттағы төтенше жағдайлар туындаған кезде табиғи және техногендік сипаттағы төтенше жағдайларды оқшаулау және жою үшін авариялық-құтқару құралымдарын Мемлекеттік шекара арқылы өткізу Қазақстан Республикасы ратификациялаған халықаралық шарттарда айқындалған тәртіппен жүргізіледі.
22-бап. Ерекше жағдайларда Мемлекеттік шекара арқылы кемелерді өткізу
Ерекше жағдайларда Мемлекеттік шекара арқылы адамдар мен көлік құралдарын өткізуді Қазақстан Республикасы тиісті аумақтық ұлттық қауіпсіздік органдары әуежайлардың немесе әуеайлақтардың, теңіз немесе өзен порттарының әкімшілігімен бірлесіп, кейіннен Қазақстан Республикасы Ұлттық қауіпсіздік комитеті Шекара қызметінің тиісті бөлімшесін хабардар ете отырып:
1) халықаралық болып табылмайтын әуежайлардан немесе әуеайлақтардан арнайы халықаралық ұшуды орындайтын әуе кемелеріне;
2) халықаралық ұшуды орындайтын, белгіленбеген орындарда мәжбүрлі түрде қонуды жүзеге асырған қазақстандық және шетелдік әуе кемелеріне;
3) халықаралық тасымалдауды орындайтын қазақстандық кемелерге және мұз үстімен жылжитын құралдарға, айлақтарға, кемежайларға не қазақстандық жағаға жүзіп келген, Қазақстан Республикасының өткізу пункттері жоқ теңіз және өзен порттарына (рейдтеріне) мәжбүрлі түрде кіруді жүзеге асырған шетелдік (суүсті және суасты) кемелерге, шетелдік әскери корабльдерге, мұз үстімен жылжитын құралдарға қатысты жүзеге асырады.
2017.05.05. № 59-VI ҚР Заңымен 22-1-баппен толықтырылды; 2019.03.04. № 243-VI ҚР Заңымен 22-1-бап өзгертілді (бұр.ред.қара)
22-1-бап. Мемлекеттік шекара арқылы өткізу жүзеге асырылатын өзге де орындарда өткізу
Мемлекеттік шекара арқылы өткізу жүзеге асырылатын өзге де орындарда өткізуді Қазақстан Республикасы Ұлттық қауіпсіздік комитетінің Шекара қызметі Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген тәртіпті сақтай отырып:
1) техникалық сипаттамалары бойынша теңіз өткізу пункттеріне кіруді жүзеге асыра алмайтын, континенттік қайраңда жер қойнауын пайдалану жөніндегі операцияларға тартылған кемелерге;
2) өздерінің салмақтық және (немесе) габариттік өлшемдері бойынша рұқсат етілген нормалардан асатын және автомобиль өткізу пункті арқылы жүріп өте алмайтын, жүгі бар немесе жүгі жоқ автокөлік құралдарына қатысты жүзеге асырады. Осы санаттағы көлік құралдарын өткізу тікелей өткізу пунктіне іргелес жатқан жергілікті жердің учаскесінде жүзеге асырылады;
3) өткізу пунктінің инфрақұрылымы белгіленген бақылау түрлерін жүргізу үшін қажетті уақытқа теміржол көлігі құралдарының аялдау мүмкіндігін қамтамасыз етпейтін не өткізу пунктін ашу экономикалық жағынан орынсыз болған жағдайларда, теміржол көлігі құралдарына қатысты жүзеге асырады. Осы санаттағы көлік құралдарын өткізу қажетті инфрақұрылымы бар, өткізу пунктіне жақын станцияда не жүру жолында жүзеге асырылады;
4) Қазақстан Республикасының шектес мемлекеттермен шекаралық ынтымақтастығының халықаралық орталықтары шегінде Мемлекеттік шекараны кесіп өтетін адамдарға, Мемлекеттік шекара арқылы өткізілетін көлік құралдарына, жүктер мен тауарларға қатысты жүзеге асырады.
Бұл ретте Қазақстан Республикасының құқық қорғау және арнаулы мемлекеттік органдарының қызметкерлерін шектері Еуразиялық экономикалық одақтың кедендік шекарасының учаскелерімен толық немесе ішінара тұспа-тұс келетін арнайы экономикалық аймақ шегінде қызметтік міндеттерді шешу үшін Мемлекеттік шекара арқылы өткізу олардың орналасуына сәйкес келетін аумақтық құқық қорғау органының немесе арнаулы мемлекеттік органның бірінші басшысы (оны алмастыратын адам) қол қойған, Қазақстан Республикасы Ұлттық қауіпсіздік комитетінің аумақтық органымен келісілген және Қазақстан Республикасының Ұлттық қауіпсіздік комитеті Шекара қызметінің осындай арнайы экономикалық аймақтың аумағында қызметін жүзеге асыратын әскери бөліміне ұсынылған тізімдер негізінде қызметтік куәліктер бойынша жүзеге асырылады.
23-бап. Өткізу пункттеріндегі шекаралық бақылау
1. Қазақстан Республикасы Ұлттық қауіпсіздік комитеті Шекара қызметінің шекаралық іс-әрекеті түрлерінің бірі өткізу пункттеріндегі шекаралық бақылау болып табылады.
2. Адамдарға, көлік құралдарына, жүктер мен тауарларға қатысты өткізу пункттеріндегі шекаралық бақылау:
2017.05.05. № 59-VI ҚР Заңымен 1) тармақша жаңа редакцияда (бұр.ред.қара)
1) Мемлекеттік шекараны кесіп өту ниеті бар адамдарға қатысты ақпаратты, оның ішінде көлік ұйымдарының ақпараттық дерекқорын пайдалана отырып алдын ала тексеруді;
2017.05.05. № 59-VI ҚР Заңымен 1-1) тармақшамен толықтырылды
1-1) Мемлекеттік шекараны кесіп өту заңдылығын айқындау, Мемлекеттік шекараны кесіп өту тәртібін бұзушыларды анықтау, сондай-ақ өздеріне қатысты Қазақстан Республикасына кіруге және Қазақстан Республикасынан шығуға Қазақстан Республикасының заңдарында белгіленген шектеулері бар адамдарды анықтау мақсатында құжаттарды және адамдарды тексеруді, оның ішінде биометриялық дербес деректерді өңдеу арқылы тексеруді, сондай-ақ адамдарға сауалнама жүргізуді;
2) көлік құралдарының, жүктер мен тауарлардың Мемлекеттік шекара арқылы өткізілу заңдылығын айқындау, Мемлекеттік шекараны кесіп өту тәртібін бұзушылықтарды анықтау және жолын кесу мақсатында барлық бақылаушы органдардың рұқсат беру белгілерінің болуын тексеруді;
3) Мемлекеттік шекараны кесіп өту тәртібін бұзушыларды табу және ұстау мақсатында көлік құралдарын, жүктер мен тауарларды тексеріп қарауды, қажет болған жағдайларда - арнайы (жан-жақты) тексеріп қарауды;
4) Мемлекеттік шекараны кесіп өту тәртібін бұзу белгілері болған кезде адамдарды тексеріп қарауды;
5) Мемлекеттік шекараны кесіп өту орындарынан өткізу пункттеріне дейін не өткізу пункттерінен Мемлекеттік шекараны кесіп өту орындарына дейін көлік құралдарын алып жүруді қамтиды.
2017.05.05. № 59-VI ҚР Заңымен 3-тармақ жаңа редакцияда (бұр.ред.қара)
3. Осы Заңның 19-бабының 1-тармағында және 22 мен 22-1-баптарында көзделген жағдайларды қоспағанда, өткізу пункттерінен тыс жерде шекаралық бақылау жүргізуге жол берілмейді.
24-бап. Шекаралық белдеуге кіру, онда уақытша болу, тұру немесе жүріп-тұру және шекаралық белдеудің үстімен ұшуды жүзеге асыру
1. Адамдардың Қазақстан Республикасы Ұлттық қауіпсіздік комитеті Шекара қызметінің рұқсатынсыз шекаралық белдеуге кіруіне, онда уақытша болуына, тұруына немесе жүріп-тұруына тыйым салынады.
2. Адамдардың шекаралық белдеуге кіруі жеке басын куәландыратын құжаттары және Қазақстан Республикасы Ұлттық қауіпсіздік комитетінің Шекара қызметі беретін арнайы рұқсаттамалары болған кезде сол үшін белгіленген орындарда жүзеге асырылады.
3. Жергілікті атқарушы және өзге де мемлекеттік органдардың басшыларын өз қызметтік міндеттерін орындаған кезде шекаралық белдеуге өткізу жеке басын куәландыратын құжаттар болған кезде сол үшін белгіленген орындарда жүзеге асырылады.
4. Өздеріне жүктелген міндеттерді атқарған кезде Қазақстан Республикасы Ұлттық қауіпсіздік комитеті Шекара қызметінің авиациясы, басқа да уәкілетті органдардың авиациясы орындайтын ұшуды қоспағанда, халықаралық ұшуды орындамайтын әуе кемелеріне әуе кеңістігінде шекаралық белдеудің үстінен ұшуға тыйым салынады. Шекаралық белдеуде уәкілетті органдар авиациясының ұшуы Қазақстан Республикасы Ұлттық қауіпсіздік комитетінің Шекара қызметімен келісім бойынша Қазақстан Республикасы Қорғаныс министрлігінің рұқсатымен жүзеге асырылады.
5. Осы баптың 1 және 4-тармақтарында көзделген шектеулер шекаралық белдеудің сыртқы шекарасынан бастап Қазақстан Республикасы Ұлттық қауіпсіздік комитеті Шекара қызметінің инженерлік құрылыстары мен бөгеуіштері шебіне дейінгі жергілікті жер белдеуінде, сондай-ақ оның үстіндегі әуе кеңістігінде қолданылады.
6. Халықаралық ұшуды орындамайтын әуе кемелерінің әуе кеңістігінде шекара кеңістігінің өзге де аумағының үстінен ұшуы Қазақстан Республикасы Ұлттық қауіпсіздік комитетінің Шекара қызметін хабардар ете отырып, Қазақстан Республикасы Қорғаныс министрлігінің рұқсатымен орындалады.
25-бап. Мемлекеттік шекарада және шекаралық белдеуде шаруашылық, кәсіпшілік немесе өзге де қызметті жүргізу, қоғамдық-саяси, мәдени немесе өзге де іс-шараларды өткізу
1. Мемлекеттік шекарада және шекаралық белдеуде шаруашылық, кәсіпшілік немесе өзге де қызметті жүргізу, қоғамдық-саяси, мәдени немесе өзге де іс-шараларды өткізу үшін Қазақстан Республикасы Ұлттық қауіпсіздік комитетінің Шекара қызметі Қазақстан Республикасының Үкіметі айқындайтын тәртіппен шекаралық белдеуге кіруге және онда болуға рұқсаттамалар береді.
Қазақстан Республикасы Ұлттық қауіпсіздік комитетінің Шекара қызметі Мемлекеттік шекараны қорғау мүдделерін ескере отырып, осы Заңға сәйкес рұқсаттамалардың қолданылуына шектеу енгізуі немесе оны уақытша тоқтата тұруы мүмкін.
2. Қазақстан Республикасы Ұлттық қауіпсіздік комитетінің Шекара қызметіне рұқсаттама алуға ұсынулар енгізу кезінде жеке және заңды тұлғалар кәсіпшілік және өзге де кемелерде, көлік және өзге де техникалық құралдарда пайдаланылатын жұмыс жүргізудің немесе іс-шаралар өткізудің сипаты, орны, қатысушылары, уақыты туралы, ал қажет болған жағдайларда, егер бұл шектес мемлекетпен Қазақстан Республикасының халықаралық шарттарында ескертілсе, Мемлекеттік шекараны кесіп өту орны мен уақыты туралы мәліметтерді енгізеді.
3. Мемлекеттік шекарада және шекаралық белдеуде жүзеге асырылатын (жүргізілетін) шаруашылық, кәсіпшілік немесе өзге де қызмет, қоғамдық-саяси, мәдени немесе өзге де іс-шаралар:
1) Қазақстан Республикасының, шектес мемлекеттердің ұлттық қауіпсіздігіне залал келтірмеуге немесе залал келтіру қатерін тудырмауға;
2) Қазақстан Республикасы Ұлттық қауіпсіздік комитеті Шекара қызметінің Мемлекеттік шекараны күтіп-ұстауына және міндеттерді орындауына кедергі жасамауға;
3) Мемлекеттік шекарада белгіленген тәртіпті бұзбауға тиіс.
4. Шекаралық белдеуде кәсіпшілік мақсатта аң аулауға тыйым салынады. Көрсетілген шектеулер шекаралық белдеудің сыртқы шекарасынан Қазақстан Республикасы Ұлттық қауіпсіздік комитеті Шекара қызметінің инженерлік-техникалық құралдарының сызығына дейінгі жергілікті жер белдеуінде де қолданылады.
5. Режимдік шектеулердің қолданысын оң экологиялық сараптама болған және су көздері санитариялық-эпидемиоголиялық талаптарға сай болған кезде уақытша тоқтата тұруға жол берілетін, шекаралық белдеуде орналасқан шекаралық өзендердің, көлдердің және өзге де су айдындарының суларындағы су алатын, суға шомылатын, жануарларды суаратын орындарды жергілікті атқарушы органдардың ұсынуы бойынша Қазақстан Республикасы Ұлттық қауіпсіздік комитетінің Шекара қызметі белгілейді.
26-бап. Карантин белдеуі
1. Жұқпалы аурулардың таралуына жол бермеу мақсатында тікелей Мемлекеттік шекара бойында карантин белдеуі жабдықталады.
2. Карантин белдеуі шегінде карантин режимін сақтау Қазақстан Республикасының заңнамасында көзделген тәртіппен айқындалады.
27-бап. Шекарадағы тосын оқиғаларды шешу
1. Шекарадағы тосын оқиғаларды шешу Қазақстан Республикасының заңдарында және Қазақстан Республикасы ратификациялаған халықаралық шарттарда белгіленген тәртіппен жүзеге асырылады.
2. Шекарадағы тосын оқиғаларды шешуге біржақты немесе шектес мемлекетпен бірлесіп тергеу жүргізу, шекарадағы тосын оқиғаларды Қазақстан Республикасының және шектес мемлекеттің шекара өкілдерінің отырыстарында қарау арқылы қол жеткізіледі.
3. Ақпарат алмасу үшін Мемлекеттік шекарада хат-хабар алмасу пункттері орнатылады.
4. Шекарадағы тосын оқиғалар бойынша бірлескен тергеулер және шекара өкілдерінің өзге де отырыстары шекара өкілдерінің кездесу пункттерінде өткізіледі. Қажет болған жағдайда аталған қызмет шекарадағы тікелей тосын оқиға болған жерде ұйымдастырылуы мүмкін.
5. Шекарадағы тосын оқиғаларды шешу бойынша қызметті Қазақстан Республикасы Ұлттық қауіпсіздік комитетінің Шекара қызметі жүзеге асырады.
Әуе кеңістігінде шекарадағы тосын оқиғаларды шешу кезінде Қазақстан Республикасы Қарулы Күштерінің өкілдері сарапшылар ретінде тартылады.
6. Шекарадағы тосын оқиғаларды шешу кезінде Қазақстан Республикасы Ұлттық қауіпсіздік комитетінің Шекара қызметі тергеуге өзге де уәкілетті органдардың күштері мен құралдарын тартуы мүмкін.
7. Қазақстан Республикасы Ұлттық қауіпсіздік комитетінің Шекара қызметі реттемеген шекарадағы тосын оқиғаларды Қазақстан Республикасының Сыртқы істер министрлігі шешеді.
28-бап. Шекара өкілдері
1. Шекара өкілдері өз қызметінде Қазақстан Республикасының халықаралық шарттарын, осы Заңды және Қазақстан Республикасының өзге де нормативтік құқықтық актілерін басшылыққа алады.
2. Шекара өкілдерінің қызметі халықаралық ынтымақтастық нысандарының бірі болып табылады және ол Қазақстан Республикасының шектес мемлекеттермен достық қатынастарын дамытуға бағытталған.
29-бап. Мемлекеттік шекара режимін бұзу
1. Мынадай:
1) Мемлекеттік шекараны (Каспий теңізіндегі Мемлекеттік шекара учаскесін қоспағанда) күтіп-ұстаудың;
2) Мемлекеттік шекараны кесіп өтудің;
3) Мемлекеттік шекара арқылы адамдарды, көлік құралдарын, жүктер мен тауарларды өткізудің;
4) шекаралық белдеуге кірудің, онда уақытша болудың, тұрудың, жүріп-тұрудың және шекаралық белдеудің үстімен ұшуды жүзеге асырудың;
5) Мемлекеттік шекарада және шекаралық белдеуде шаруашылық, кәсіпшілік немесе өзге қызметті жүргізудің, қоғамдық-саяси, мәдени немесе өзге де іс-шараларды өткізудің;
6) Мемлекеттік шекараны бұзуға байланысты шекарадағы тосын оқиғаларды шет мемлекетпен шешудің белгіленген тәртібін сақтамау Мемлекеттік шекара режимін бұзу болып танылады.
2. Адамдардың және көлік құралдарының Мемлекеттік шекараны кесіп өтудің белгіленген тәртібін кез келген санкциясыз бұзуы Мемлекеттік шекараны бұзу болып табылады.
30-бап. Мемлекеттік шекараны бұзушылар
Мыналар:
2017.05.05. № 59-VI ҚР Заңымен 1) тармақша жаңа редакцияда (бұр.ред.қара)
1) Мемлекеттік шекараны өткізу пункттерiнен тыс жерде немесе өткізу пункттерінде және Мемлекеттік шекара арқылы өткізу жүзеге асырылатын өзге де орындарда оны кесіп өтудiң белгіленген тәртібін бұза отырып, кез келген тәсілмен кесіп өткен немесе кесіп өтуге әрекеттенуші адамдар;
2) Қазақстан Республикасынан заңсыз шығу мақсатында шетелге бара жатқан қазақстандық немесе шетелдiк көлік құралдарына кiрген немесе кіруге әрекет жасаған адамдар;
3) аумақтық суларға (теңiзге) немесе ішкі суларға, сондай-ақ шекаралық өзендер, көлдер және өзге де су айдындары суларының қазақстандық бөлігіне, осы суларға кірудің белгіленген тәртібін бұза отырып кiрген шетелдiк әскери емес кемелер және әскери корабльдер, оның ішінде су астымен Мемлекеттік шекараны кесіп өткен немесе Қазақстан Республикасының суларында жүзу және тұру кезiнде су астында болған шетелдiк сүңгуiр қайықтар және басқа да көлiк құралдары (объектілері);
4) белгіленген тәртіпті бұза отырып Мемлекеттік шекараны кесіп өткен, сондай-ақ Мемлекеттік шекарадан белгіленген әуежайларға немесе әуеайлақтарға ұшу кезінде не Қазақстан Республикасының әуе кеңістігі арқылы транзиттік ұшып өту кезінде әуе кеңістігін пайдаланудың белгіленген қағидаларын бұзған әуе кемелері және өзге де, оның ішінде пилотсыз ұшу аппараттары;
5) Мемлекеттік шекараны тиiстi рұқсатсыз немесе белгiленген тәртiптi бұза отырып, кесіп өткен немесе кесіп өтуге әрекет жасаған өзге де адамдар, техникалық және өзге де құралдар Мемлекеттік шекараны бұзушылар болып танылады.
4-тарау. ӨТКІЗУ ПУНКТТЕРІНДЕГІ РЕЖИМ
31-бап. Өткізу пункттеріндегі режим
1. Өткізу пункттеріндегі режим - адамдардың, көлік құралдарының өткізу пункттеріне кіру, оларда болу, жүріп-тұру және олардан шығу, жүктер мен тауарларды әкелу, орналастыру, өткізу, әкету тәртібі осы Заңмен белгіленеді.
2. Өткізу пункттерінің аумағы режимдік аумақ болып табылады.
3. Өткізу пункттеріндегі режим:
1) адамдардың, көлік құралдарының Мемлекеттік шекараны заңсыз кесіп өтуі, жүктердің және тауарлардың өткізілуі;
2) өткізу пункттеріндегі жабық орындарға, үй-жайларға (объектілерге), сондай-ақ шетелге бара жатқан көлік құралдарына бөгде адамдардың кіруі мүмкіндігін болғызбауға тиіс.
4. Өткізу пунктіндегі режимді бақылауды Қазақстан Республикасы Ұлттық қауіпсіздік комитетінің Шекара қызметі жүзеге асырады және ол өткізу пунктінде адамдар мен көлік құралдарының кіру, болу, жүріп-тұру, шығу; жүктер мен тауарларды әкелу, орналастыру, өткізу, әкету тәртібін сақтау жөніндегі тексеру және өзге де іс-шараларды өткізуді білдіреді.
2017.05.05. № 59-VI ҚР Заңымен 5-тармақпен толықтырылды
5. Осы тараудың күші Мемлекеттік шекара арқылы өткізу жүзеге асырылатын өзге де орындарға және жүру жолында шекаралық, кедендік және өзге де бақылау түрлерін жүргізу кезінде теміржол көлігі құралына қолданылады және олар аяқталғаннан кейін тоқтатылады.
32-бап. Өткізу пункттерінде адамдар мен көлік құралдарының кіру, шығу, жүктер мен тауарларды әкелу, әкету тәртібі
1. Өткізу пункттерінде адамдар мен көлік құралдарының кіруі, шығуы, жүктер мен тауарларды әкелу, әкету, оларда Қазақстан Республикасына кіруге немесе Қазақстан Республикасынан шығуға құқық беретін құжаттар, сондай-ақ көлік құралдарына құжаттар болған кезде сол үшін белгіленген орындарда жүзеге асырылады.
2014.07.11. № 248-V ҚР Заңымен 2-тармақ өзгертілді (бұр.ред.қара)
2. Адамдарды, көлік құралдарын, жүктер мен тауарларды ресімдеумен және оларға қызмет көрсетумен айналысатын Қазақстан Республикасы Ұлттық қауіпсіздік комитетінің Шекара қызметі әскери қызметшілерінің, мемлекеттік кіріс органдары және өзге де органдар, көлік ұйымдары қызметкерлерінің өткізу пункттеріне кіруі:
1) теміржол, автомобиль, теңіз және өзен өткізу пункттерінде - Қазақстан Республикасы Ұлттық қауіпсіздік комитетінің Шекара қызметі;
2) авиациялық өткізу пункттерінде - Қазақстан Республикасы Ұлттық қауіпсіздік комитеті Шекара қызметінің келісімі бойынша азаматтық авиация саласындағы уәкілетті орган беретін рұқсаттамалар бойынша жүзеге асырылады.
3. Өткізу пункттеріне кіруге, шығуға рұқсат беру тәртібі (арнайы рұқсаттамалар негізінде) жоғарыда аталған органдар мен ұйымдардың қызметтік көлігіне қатысты да белгіленеді.
33-бап. Өткізу пункттерінде адамдар мен көлік құралдарының болу, жүріп-тұру, жүктер мен тауарларды орналастыру және өткізу тәртібі
2014.07.11. № 248-V ҚР Заңымен 1-тармақ өзгертілді (бұр.ред.қара)
1. Қазақстан Республикасы Ұлттық қауіпсіздік комитетінің Шекара қызметі өткізу пунктінде қызметін өз құзыреті шегінде жүзеге асыратын мемлекеттік кіріс органдарымен және өзге де органдармен, сондай-ақ көлік ұйымдарымен келісу бойынша:
1) өткізу пунктінде адамдар мен көлік құралдарының жүріп-тұру, жүктер мен тауарлардың өткізілу схемасын, сондай-ақ қызметтік көліктің жүріп-тұру тәртібі мен тұрақ орындарын айқындайды;
2) шекаралық және басқа да бақылау түрлері жүзеге асырылатын үй-жайлар мен өзге де орындарға, сондай-ақ шетелге бара жатқан көлік құралдарына қол жеткізу тәртібін белгілейді;
3) өткізу пунктінде белгіленген режимнің орындалуын бақылау шараларын әзірлейді және қамтамасыз етеді.
2. Өткізу пункттерінде (автомобиль өткізетін пункттен басқа) шетелге бара жатқан көлік құралдарының орны мен тұру ұзақтығын Қазақстан Республикасы Ұлттық қауіпсіздік комитеті Шекара қызметінің келісімі бойынша көлік ұйымдарының әкімшілігі айқындайды.
3. Шетелге бара жатқан көлік құралдары өткізу пунктінің аумағынан кету үшін Қазақстан Республикасы Ұлттық қауіпсіздік комитеті Шекара қызметінің рұқсатымен ғана қозғалыс жасауды бастайды, сол сияқты тұрақ орнын ауыстырады.
4. Шекаралық және өзге де бақылау түрлерін жүзеге асыру кезеңінде адамдардың көлік құралдарына, оның ішінде шетелге бара жатқан көлік құралдарына, өткізу пункттерінде өткізілетін жүктер мен тауарларға қол жеткізуіне тыйым салынады.
2014.28.11. № 257-V ҚР Заңымен 5-тармақ жаңа редакцияда (бұр.ред.қара)
5. Жолаушылардың өткізу пунктінен кетуі немесе оған келуі кезінде оларды шетелге бара жатқан көлік құралдарына отырғызу (құралдарынан түсіру) Қазақстан Республикасы Ұлттық қауіпсіздік комитеті Шекара қызметінің рұқсатымен жүзеге асырылады, ал жүктер мен тауарларды тиеу (түсіру) Қазақстан Республикасы Ұлттық қауіпсіздік комитеті Шекара қызметінің келісімі бойынша Қазақстан Республикасы мемлекеттік кіріс органдарының рұқсатымен жүргізіледі.
34-бап. Көлік құралдарын, жүктер мен тауарларды тексеріп қарау
2014.07.11. № 248-V ҚР Заңымен 1-тармақ жаңа редакцияда (бұр.ред.қара)
1. Көлік құралдарын, жүктер мен тауарларды жете тексеруді белгіленген және арнайы жабдықталған орындарда (тәуліктің кез келген уақытында, қажет болған жағдайда көлік ұйымы белгілеген көлік құралының кету уақытына қарамастан, оның ішінде қайтадан жете тексеруді) Қазақстан Республикасының мемлекеттік кіріс органдарымен бірлесіп, Қазақстан Республикасы Ұлттық қауіпсіздік комитетінің Шекара қызметі жүргізеді.
2017.26.12. № 124-VІ ҚР Заңымен 2-тармақ жаңа редакцияда (2018 ж. 1 қаңтардан бастап қолданысқа енгізілді) (бұр.ред.қара)
2. Еуразиялық экономикалық одаққа мүше мемлекеттермен Мемлекеттік шекарада көлік құралдарын, жүктер мен тауарларды жете тексеруді Қазақстан Республикасы Ұлттық қауіпсіздік комитетінің Шекара қызметі жүзеге асырады.