ҚАЗАҚСТАН РЕСПУБЛИКАСЫНЫҢ
ЗАҢЫ
Қазақстан Республикасының Әкімшілік құқық бұзушылық туралы
кодексіне өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы
1-бап. 2014 жылғы 5 шілдедегі Қазақстан Республикасының Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексіне мынадай өзгерістер мен толықтырулар енгізілсін:
1) 207-бапта:
оныншы бөлік мынадай редакцияда жазылсын:
«10. Әлеуетті өнім беруші немесе өнім беруші біліктілік талаптары және (немесе) конкурстық баға ұсынысына әсер ететін құжаттар бойынша анық емес ақпарат берген жағдайда тапсырыс берушінің, мемлекеттік сатып алуды ұйымдастырушының не мемлекеттік сатып алуды бірыңғай ұйымдастырушының әлеуетті өнім берушіні немесе өнім берушіні мемлекеттік сатып алуға жосықсыз қатысушы деп тану туралы талап қойып сотқа жүгінбеуі немесе уақтылы жүгінбеуі - лауазымды адамдарға отыз айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде айыппұл салуға алып келеді.»;
мынадай мазмұндағы 10-1 және 10-2-бөліктермен толықтырылсын:
«10-1. Өнім берушінің Қазақстан Республикасының мемлекеттік сатып алу туралы заңнамасына сәйкес мемлекеттік сатып алу туралы шарттың орындалуын қамтамасыз етуді және (немесе) демпингке қарсы соманы енгізбеу арқылы мемлекеттік сатып алу туралы шарт жасасудан жалтарғаны туралы мәліметтерді тапсырыс берушінің мемлекеттік сатып алу саласындағы уәкілетті органға ұсынбауы немесе уақтылы ұсынбауы - лауазымды адамдарға отыз айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде айыппұл салуға алып келеді.
10-2. Қазақстан Республикасының мемлекеттік сатып алу туралы заңнамасында көзделген жағдайларды қоспағанда, өнім беруші өзімен жасалған мемлекеттік сатып алу туралы шарт бойынша міндеттемелерді орындамаған не тиісінше орындамаған жағдайда тапсырыс берушінің өнім берушілерді мемлекеттік сатып алуға жосықсыз қатысушылар деп тану туралы талап қойып сотқа жүгінбеуі немесе уақтылы жүгінбеуі - лауазымды адамдарға отыз айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде айыппұл салуға алып келеді.»;
он үшінші бөлік «(даму жоспарына)» деген сөздерден кейін «, Білім беру инфрақұрылымын қолдау қорынан бөлінген ақшаға» деген сөздермен толықтырылсын;
он алтыншы бөлік «оныншы» деген сөзден кейін «, 10-1, 10-2» деген цифрлармен толықтырылсын;
ескертпелерде:
1-тармақта:
1) тармақшадағы «жауапты хатшысын немесе жауапты хатшының өкілеттігін жүзеге асыратын, Қазақстан Республикасының Президенті айқындайтын өзге лауазымды адамын» деген сөздер «конкурстық құжаттаманы, аукциондық құжаттаманы немесе баға ұсыныстарын сұрату тәсілімен мемлекеттік сатып алуды жүзеге асыру кезінде орналастырылған ақпаратты бекіткен адамын» деген сөздермен ауыстырылсын;
2) тармақшадағы «екінші бөлікте» деген сөздер «екінші және оныншы бөліктерде» деген сөздермен ауыстырылсын;
3) тармақша мынадай редакцияда жазылсын:
«3) үшінші, сегізінші, 10-1, 10-2, он бірінші және он үшінші бөліктерде - тапсырыс берушінің бірінші басшысын не жүктелген өкілеттіктерге сәйкес шешім қабылдаған адамын не оның міндетін атқаратын адамды;»;
2) 207-1-бап ескертпелерінің 1-тармағындағы «Мемлекеттік мүлік туралы» деген сөздер «Квазимемлекеттік сектордың жекелеген субъектілерінің сатып алуы туралы» деген сөздермен ауыстырылсын.
2-бап. Осы Заң 2025 жылғы 1 қаңтардан бастап қолданысқа енгізіледі.
Қазақстан Республикасының
Президенті
Қ. ТОҚАЕВ
Астана, Ақорда, 2024 жылғы 1 шілде
№ 108-VІІІ ҚРЗ