Барлау жұмыстары жобасына барлау салдарын жою жөніндегі жұмыстардың құнын арттыруды көздейтін толықтыруды не сынамалап пайдалану жобасын бекіткен жағдайда, таңдап алынған қамтамасыз ету тәсілінің тиісті қосымша сомасы осындай жобалау құжатында көзделген жұмыстарды жүргізу басталғанға дейін енгізілуге тиіс.
Күрделі жобалар бойынша барлау кезеңіне берілген, барлау салдарын жою жөніндегі міндеттеменің орындалуын қамтамасыз ету келесі басталған күндердің неғұрлым ерте күнінде қолданысын тоқтатады:
1) барлау салдарын жою аяқталған күн;
2) көмірсутектер кен орнын әзірлеу жобасы бекітілген күн.
Күрделі жоба бойынша өндіру кезеңіне өткеннен кейін жер қойнауын пайдаланушы өндіру кезеңі басталған күннен бастап алты ай ішінде, барлау кезеңін жою жөніндегі міндеттемелерді ескере отырып, осы баптың 6-тармағының бірінші бөлігіне сәйкес қамтамасыз етудің жаңа тәсілін ұсынады. Талап етілетін қамтамасыз ету көрсетілген мерзімде ұсынылмаған жағдайда, жер қойнауын пайдалануға арналған келісімшарт осы Кодекстің 133-бабында көзделген тәртіппен мерзімінен бұрын тоқтатылады.
8. Өндіру салдарын жою жөніндегі міндеттемелерді орындауды қамтамасыз ететін, кепіл нысанасы болып табылатын банктік салым кен орындарын игеру жобасында көмірсутектерді өндірудің жоспарланған көлеміне пропорционалды айқындалған сома мөлшеріндегі ақшалай жарна арқылы қалыптастырылады.
2022.29.12. № 174-VІІ ҚР Заңымен 9-тармақ жаңа редакцияда (2023 ж. 10 қаңтардан бастап қолданысқа енгізілді) (бұр.ред.қара)
9. Өндіру салдарын жою жөніндегі міндеттеменің орындалуын қамтамасыз ету сомасы көмірсутектерді өндіру салдарын жою жөніндегі жұмыстардың нарықтық құны негізінде кен орнын әзірлеу жобасында айқындалады және әзірлеуді талдау шеңберінде үш жылда кемінде бір рет түзетілуге жатады.
Қамтамасыз ету ұлттық валютада немесе Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкі ұлттық валютаның ресми бағамын белгілейтін шетел валютасында ұсынылады.
Түзету нәтижелері бойынша не көмірсутектерді өндіру салдарын жою жөніндегі жұмыстарды жүргізу процесінде қамтамасыз ету сомасы көмірсутектерді өндіру салдарын жою жөніндегі жұмыстардың нарықтық құнына не жер қойнауы учаскесінде іс жүзінде орындалған жою жұмыстарының құнына сәйкес нақтыланады.
10. Жер қойнауын пайдалану құқығын беру келісімшарттың шарттары бойынша қалыптастырылған, кепілге қойылған банктік салым бойынша құқықтарды қайта ресімдеудің (берудің) сөзсіз негізі болып табылады.
11. Осы Кодекстің 128-бабына сәйкес жүзеге асырылатын ұңғымаларды жою көмірсутектер бойынша жер қойнауын пайдалану салдарын жоюға жатпайды.
127-бап. Көмірсутектер бойынша жер қойнауы учаскесін консервациялау
1. Жер қойнауы учаскесін консервациялау жер қойнауын пайдаланушы бекіткен және осы Кодексте және Қазақстан Республикасының өзге де заңдарында көзделген сараптамалардың оң қорытындыларын алған жер қойнауы учаскесін консервациялау жобасына сәйкес жүргізіледі.
Көмірсутектер бойынша жер қойнауы учаскесін консервациялау бойынша жұмыстарды жүргізуге қойылатын талаптар көмірсутектер саласындағы уәкілетті орган бекіткен көмірсутектерді барлау мен өндіруді жүргізу кезіндегі консервациялау және жою қағидаларында белгіленеді.
2. Жер қойнауы учаскесін консервациялау:
1) осы Кодекстің 107-бабы 4-тармағының 2) тармақшасында көзделген жағдайда жер қойнауын пайдалану құқығы тоқтатылған жер қойнауы учаскесінде;
2) осы Кодексте көзделген жағдайларда көмірсутектер бойынша жер қойнауын пайдалануға арналған келісімшарттың қолданысы тоқтатыла тұрған кезде жүргізіледі.
3. Жер қойнауын пайдаланушы (тиісті жер қойнауы учаскесі бойынша жер қойнауын пайдалану құқығы тоқтатылған тұлға):
1) жер қойнауын пайдалану құқығы тоқтатылған не көмірсутектер бойынша жер қойнауын пайдалануға арналған келісімшарттың қолданысы тоқтатыла тұрған күннен бастап екі ай ішінде осы Кодексте және Қазақстан Республикасының өзге де заңдарында көзделген, жер қойнауы учаскесін консервациялау жобасының сараптамаларын бекітуге және сараптамадан өткізу үшін ұсынуға;
2) консервациялау жобасында белгіленген мерзімде жер қойнауы учаскесін консервациялауды аяқтауға міндетті.
4. Жер қойнауы учаскесін консервациялау:
1) жер қойнауын пайдаланушы не тиісті жер қойнауы учаскесі бойынша жер қойнауын пайдалану құқығы тоқтатылған тұлға не жою жөніндегі оператор;
2) құзыретті органның өкілі;
3) қоршаған ортаны қорғау саласындағы, халықтың санитариялық-эпидемиологиялық саламаттылығы саласындағы уәкілетті органдардың және облыстың, республикалық маңызы бар қаланың, астананың жергілікті атқарушы органдарының өкілдері;
4) жеке меншіктегі немесе ұзақ мерзімді жер пайдаланудағы жер учаскесінде консервациялау жүргізілген жағдайда жер учаскесінің меншік иесі немесе жерді пайдаланушы консервациялау актісіне қол қойған күннен бастап аяқталған болып есептеледі.
5. Көмірсутектер бойынша жер қойнауы учаскесін консервациялау жөніндегі міндеттеме жер қойнауын пайдаланушының не жер қойнауын пайдалану құқығы тоқтатылған тұлғаның қаражаты есебінен, ал осы Кодекстің 107-бабы 4-тармағының 2) тармақшасында көзделген жағдайда, міндеттемелер сомасы олар орындалғаннан кейін жер қойнауын пайдаланушыға қамтамасыз ету қаражаты есебінен орны толтырылады.
128-бап. Технологиялық объектілерді консервациялау және жою
1. Жер қойнауын пайдаланушы көмірсутектерді барлау немесе өндіру кезеңі өткенге дейін кез келген уақытта, құрылысжайларды, жабдықтарды, ұңғымаларды және өзге де мүлікті қоса алғанда, жер қойнауын пайдалану жөніндегі операцияларды жүргізу кезінде пайдаланылатын жекелеген технологиялық объектілерді консервациялауды немесе жоюды жүргізуге құқылы.
Бұл ретте жер қойнауын пайдаланушы көмірсутектерді барлау мен өндіруге немесе өндіруге арналған келісімшарт бойынша өндіру кезеңі ішінде техникалық және (немесе) геологиялық себептер бойынша жоюға жататын және кен орындарын игеру жобасына сәйкес өзге де мақсаттарда пайдалануға болмайтын ұңғымаларды жоюға міндетті.
2. Көмірсутектер саласындағы уәкілетті орган бекітетін, жою және консервациялау жоспарына сәйкес жою немесе консервациялау жүзеге асырылатын көмірсутектерді барлауды және өндіруді жүргізу кезінде консервациялау және жою қағидаларында көзделген ұңғымалардың жекелеген санаттарын қоспағанда, технологиялық объектілер жер қойнауын пайдаланушы бекіткен және осы Кодекс пен Қазақстан Республикасының өзге де заңдарында көзделген сараптамалардың оң қорытындысын алған технологиялық объектілерді жою немесе консервациялау жобасына сәйкес жойылады немесе консервацияланады.
3. Технологиялық объектілерді консервациялау немесе жою жөніндегі жұмыстарды жүргізуге қойылатын талаптар көмірсутектер саласындағы уәкілетті орган бекітетін, көмірсутектерді барлау мен өндіруді жүргізу кезіндегі консервациялау және жою қағидаларында белгіленеді.
4. Жер қойнауын пайдалану құқығы тоқтатылған жер қойнауы учаскесін консервациялау шеңберінен тыс жүргізілетін, технологиялық объектілерді консервациялау жөніндегі жұмыстарды қаржыландыру осы Кодекстің 107-бабы 4-тармағының 2) тармақшасында көзделген жағдайда жер қойнауын пайдаланушының қаражаты есебінен жүзеге асырылады.
Көмірсутектер бойынша жер қойнауын пайдалану салдарын жою шеңберінен тыс жүргізілетін технологиялық объектілерді жою жөніндегі жұмыстарды қаржыландыру жер қойнауын пайдаланушының қаражаты есебінен жүзеге асырылады.
2020.25.06. № 347-VІ ҚР Заңымен 129-баптың тақырыбы жаңа редакцияда (бұр.ред.қара)
129-бап. Жер қойнауын пайдаланушылардың көмірсутектерді өндіру кезеңі ішіндегі оқыту, ғылым, цифрландыру және өңірді әлеуметтік-экономикалық дамыту салаларындағы міндеттемелері
1. Өндіру кезеңі ішінде, екінші жылдан бастап жер қойнауын пайдаланушы жыл сайын:
1) көмірсутектер саласындағы уәкілетті орган білім беру саласындағы уәкілетті органмен бірлесе отырып бекітетін тәртіппен алдыңғы жылдың қорытындылары бойынша жер қойнауын пайдаланушының көмірсутектерді өндіру кезеңінде өндіру үшін шеккен шығындарының бір пайызы мөлшерінде қазақстандық кадрларды оқытуды қаржыландыруды жүзеге асыруға;
2020.25.06. № 347-VІ ҚР Заңымен 2) тармақша жаңа редакцияда (бұр.ред.қара)
2) көмірсутектер саласындағы уәкілетті орган ғылым саласындағы уәкілетті органмен бірлесе отырып айқындаған тәртіппен ғылыми-зерттеу, ғылыми-техникалық және (немесе) тәжірибелік-конструкторлық жұмыстарды және (немесе) көмірсутектер саласындағы уәкілетті орган ақпараттандыру саласындағы уәкілетті органмен бірлесе отырып айқындаған тәртіппен көмірсутектер саласындағы цифрландыру жобаларын алдыңғы жылдың қорытындылары бойынша жер қойнауын пайдаланушының көмірсутектерді өндіру кезеңінде өндіру үшін шеккен шығындарының бір пайызы мөлшерінде қаржыландыруды жүзеге асыруға;
3) алдыңғы жылдың қорытындылары бойынша көмірсутектерді өндіру кезеңінде жер қойнауын пайдалануға арналған келісімшарт бойынша инвестициялардың бір пайызы мөлшерінде өңірдің әлеуметтік-экономикалық дамуын және оның инфрақұрылымын дамытуды қаржыландыруды жүзеге асыруға міндетті.
2022.27.06. № 129-VII ҚР Заңымен 2-тармақ жаңа редакцияда (2023 ж. 1 қаңтардан бастап қолданысқа енгізілді) (бұр.ред.қара)
2. Өңірдің әлеуметтік-экономикалық дамуына және оның инфрақұрылымын дамытуға арналған шығыстарды қаржыландыруға жер қойнауын пайдаланушының өңірдің әлеуметтік инфрақұрылым объектілерін дамыту мен қолдауға, әлеуметтік кәсіпкерлік субъектілерін қолдауға арналған шығыстары, сондай-ақ ол осы мақсаттарға мемлекеттік бюджетке аударатын қаражат жатады.
3. Белгіленген минимумнан асатын, осы баптың 1-тармағына сәйкес жүзеге асырылған қаржыландыру көлемі келесі жылы жер қойнауын пайдаланушының тиісті міндеттемелерін орындауы есебінен ескеріледі.
130-бап. Жер қойнауын пайдаланушылардың ішкі нарықты қамтамасыз ету саласындағы міндеттемелері
2022.29.12. № 174-VІІ ҚР Заңымен 1-тармақ өзгертілді (2023 ж. 10 қаңтардан бастап қолданысқа енгізілді) (бұр.ред.қара)
1. Жер қойнауын пайдаланушылар өнім беру графиктеріне сәйкес ішкі нарықтағы мұнай өнімдеріне қажеттілікті қамтамасыз ету мақсатында Қазақстан Республикасы аумағында өңдеу үшін мұнай беруді, ал мұнай өңдеу зауыттары авариялық жағдайға байланысты тоқтап қалған жағдайда, оның шегінен тыс жерде жүзеге асыруға міндетті.
Өнім беру графигін қалыптастыру көмірсутектер саласындағы уәкілетті орган бекітетін тәртіппен жүзеге асырылады.
Осы тармақтың талаптары осы Кодекстің 36-бабы 1-2-тармағының 1) және 3) тармақшаларында көрсетілген, күрделі жобалар бойынша көмірсутектерді барлауға және өндіруге немесе өндіруге арналған келісімшарттар бойынша өндіру кезеңінде қолданылмайды.
Осы Кодекстің 36-бабы 1-2-тармағының 2) тармақшасында көрсетілген, күрделі жобалар бойынша көмірсутектерді барлауға және өндіруге арналған келісімшарттар бойынша өндіру кезеңінде өндірілген мұнайды Қазақстан Республикасының аумағында қайта өңдеу үшін беру графиктеріне сәйкес беру жөніндегі міндеттемені есептік беру айында, өз мұқтаждарына пайдаланылатын көмірсутектер көлемдерін ескермегенде, осындай келісімшарт бойынша жоспарланатын жалпы мұнай өндіру көлемінің жиырма бес пайызынан асыруға болмайды.
2. Жер қойнауын пайдаланушы жеңіл көмірсутектердің өндірілген үлкен фракциясын иеліктен шығаруға не процессингке беруге ниеттенген жағдайда, мұндай иеліктен шығаруды немесе процессингке беруді тек қана өндірістік қуаты Қазақстан Республикасы аумағында орналасқан, сұйытылған мұнай газын өндірушілер жүзеге асыруға тиіс. Cұйытылған мұнай газын өндірушілердің тізбесін көмірсутектер саласындағы уәкілетті орган бекітеді.
Бұл ретте өндірістік қуаты Қазақстан Республикасының аумағында орналасқан, сұйытылған мұнай газын өндірушілерге иеліктен шығару немесе оны процессингке беру мүмкін болмаған жағдайда, мұндай жер қойнауын пайдаланушы жеңіл көмірсутектердің үлкен фракциясын көмірсутектер саласындағы уәкілетті органмен келісу бойынша Қазақстан Республикасының аумағынан тыс жерге өткізуді жүзеге асыруға құқылы.
3. Осы баптың мақсаттары үшін жеңіл көмірсутектердің үлкен фракциясы ретінде жеңіл (метан, этан, пропан, бутандар мен пентандар) және құрауыштарының сапалық және сандық құрамы бойынша ұлттық стандарттар талаптарына жауап беретін, тасымалдау және сақтау мақсатында сұйық күйге ауыстырылған біршама ауыр көмірсутектердің қоспасы түсініледі.
131-бап. Көмірсутектерді барлау және өндіру жөніндегі операцияларды жүргізу кезінде тауарларды, жұмыстар мен көрсетілетін қызметтерді сатып алу
2023.20.04. № 226-VІІ ҚР Заңымен 1-тармақ өзгертілді (2023 ж. 1 шілдеден бастап қолданысқа енгізілді) (бұр.ред.қара)
1. Көмірсутектерді барлау немесе өндіру жөніндегі операцияларды жүргізу кезінде тауарларды, жұмыстар мен көрсетілетін қызметтерді сатып алу, оның ішінде мердігерлердің сатып алуы мынадай:
1) ашық конкурс;
2) бір көзден сатып алу;
3) төмендетуге бағытталған ашық конкурс (электрондық сауда-саттық);
4) тауар биржаларында сатып алу;
5) осы тармақта көрсетілген тәсілдерді қолданбай тауарларды, жұмыстар мен көрсетілетін қызметтерді сатып алу тәсілдерінің бірі арқылы жүзеге асырылады.
Көмірсутектерді барлау немесе өндіру жөніндегі операцияларды жүргізу кезінде жер қойнауын пайдаланушы пайдаланатын тауарларды, жұмыстарды және көрсетілетін қызметтерді сатып алу осы тармақтың 1), 2) және 3) тармақшаларында көрсетілген тәсілдер мен жер қойнауын пайдалану жөніндегі операцияларды жүргізу кезінде пайдаланылатын тауарлардың, жұмыстардың және көрсетілетін қызметтердің және оларды өндірушілердің тізбесі немесе интернеттің қазақстандық сегментінде орналастырылған, жұмысы осындай тізілім жұмысымен үйлестірілген, электрондық сатып алудың өзге де жүйесін міндетті қолдану арқылы жүргізіледі.
Тауарларды тауар биржалары арқылы сатып алу Қазақстан Республикасының тауар биржалары туралы заңнамасына сәйкес бекітілетін биржалық тауарлар тізбесі және тауар биржалары арқылы өткізілетін, ұсынылатын тауарлар партияларының ең төмен мөлшері бойынша жүзеге асырылады.
Жұмыстар мен көрсетілетін қызметтерді сатып алу бойынша конкурсты ұйымдастырушы конкурс жеңімпазын айқындау кезінде конкурсқа қатысушылардың - жұмыстар мен көрсетілетін қызметтердің қазақстандық берушілерінің конкурстық өтінімінің бағасын шартты түрде жиырма пайызға азайтады. Қазақстан Республикасының халықтың көші-қоны туралы заңнамасына сәйкес корпоративішілік ауыстыру шеңберінде Қазақстан Республикасының аумағында еңбек қызметін жүзеге асыратын менеджерлер мен мамандар санын есепке алмағанда, Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес құрылған, Қазақстан Республикасының аумағында орналасқан, қызметкерлерінің жалпы санының кемінде тоқсан бес пайызы Қазақстан Республикасының азаматтары болатын дара кәсіпкерлер және (немесе) заңды тұлғалар жұмыстар мен көрсетілетін қызметтердің қазақстандық берушілері болып танылады.
Бұл ретте Қазақстан Республикасының халықтың көші-қоны туралы заңнамасына сәйкес корпоративішілік ауыстыру шеңберінде Қазақстан Республикасының аумағында еңбек қызметін жүзеге асыратын шетелдік басшылар, менеджерлер мен мамандардың саны әрбір тиісті санат бойынша басшылардың, менеджерлер мен мамандардың жалпы санының елу пайызынан көп болмауға тиіс.
Жер қойнауын пайдаланушылардың және олардың мердігерлерінің көмірсутектерді барлау немесе өндіру жөніндегі операцияларды жүргізу кезінде пайдаланылатын тауарларды, жұмыстарды және көрсетілетін қызметтерді сатып алу тәртібін көмірсутектер саласындағы уәкілетті орган айқындайды.
Жер қойнауын пайдаланушылар және (немесе) оның мердігерлері көмірсутектерді барлау немесе өндіру жөніндегі операцияларды жүргізу кезінде пайдаланылатын тауарларды, жұмыстарды және көрсетілетін қызметтерді сатып алудың белгіленген тәртібін бұзғаны үшін жер қойнауын пайдалануға арналған келісімшартта көзделген жауаптылықта болады.
2. Көмірсутектерге қатысты электрондық сатып алу жүйелерінің жұмысын жер қойнауын пайдалану жөніндегі операцияларды жүргізу кезінде пайдаланылатын тауарлардың, жұмыстар мен көрсетілетін қызметтердің және оларды өндірушілер тізілімінің жұмысымен үйлестіру тәртібін көмірсутектер саласындағы уәкілетті орган бекітеді.
3. Осы баптың мақсаттары үшін:
1) жер қойнауын пайдалану жөніндегі операцияларды жүргізу кезінде пайдаланылатын тауарлардың, жұмыстар мен көрсетілетін қызметтердің және оларды өндірушілердің тізілімі деп жер қойнауын пайдалану жөніндегі операцияларды жүргізу кезінде пайдаланылатын тауарларды, жұмыстар мен көрсетілетін қызметтерді сатып алуды және олардың өндірушілерін бақылауға және мониторингтеуге, сондай-ақ электрондық сатып алуды жүргізу және жер қойнауын пайдалану жөніндегі операцияларды жүргізу кезінде пайдаланылатын тауарлардың, жұмыстар мен көрсетілетін қызметтердің тізбесін қалыптастыруға арналған мемлекеттік ақпараттық жүйе түсініледі;
2) электрондық сатып алу жүйесі деп көмірсутектер саласындағы уәкілетті орган бекітетін, көмірсутектерді барлау немесе өндіру жөніндегі операцияларды жүргізу кезінде тауарларды, жұмыстар мен көрсетілетін қызметтерді сатып алу тәртібіне сәйкес тауарларды, жұмыстар мен көрсетілетін қызметтерді сатып алу үшін сатып алуды ұйымдастырушылар (жер қойнауын пайдаланушы немесе жер қойнауын пайдаланушылар уәкілеттік берген тұлғалар) пайдаланатын электрондық ақпараттық жүйе түсініледі.
4. 2022.03.01. № 101-VII ҚР Заңымен алып тасталды (2022 ж. 7 наурыздан бастап қолданысқа енгізілді) (бұр.ред.қара)
5. 2022.03.01. № 101-VII ҚР Заңымен алып тасталды (2022 ж. 7 наурыздан бастап қолданысқа енгізілді) (бұр.ред.қара)
6. Жер қойнауын пайдаланушылар көмірсутектер саласындағы уәкілетті органға тауарларды, жұмыстарды және көрсетілетін қызметтерді сатып алудың жылдық (бір қаржы жылына арналған) және орта мерзімді (бес қаржы жылына арналған) бағдарламаларын, сондай-ақ осы Кодекстің 6-тарауына сәйкес жер қойнауын пайдаланушы операторды тартқан кезде оператордың ақылы қызметтер көрсетуі жоспарланатын сатып алу туралы ақпаратты көмірсутектер саласындағы уәкілетті орган өзі бекітетін тәртіппен ұсынуға міндетті.
Тауарларды, жұмыстарды және көрсетілетін қызметтерді сатып алудың жылдық бағдарламасы деп жер қойнауын пайдаланушы жасайтын, жер қойнауын пайдаланушы күнтізбелік бір жылға жоспарлайтын тауарлардың, жұмыстардың және көрсетілетін қызметтердің номенклатурасы мен көлемін, оларды сатып алу тәсілдері мен мерзімдерін айқындайтын құжат түсініледі.
Тауарларды, жұмыстарды және көрсетілетін қызметтерді сатып алудың орта мерзімді бағдарламасы деп жер қойнауын пайдаланушы жасайтын, ол бес жылға дейінгі мерзімге жоспарлайтын тауарлардың, жұмыстардың және көрсетілетін қызметтердің номенклатурасы мен көлемін, оларды сатып алу тәсілдері мен мерзімдерін айқындайтын құжат түсініледі.
Оператордың жоспарланатын қызметтер көрсетуін сатып алу туралы ақпарат деп жер қойнауын пайдаланушы жасайтын, оператордың ақылы негізде ұсынатын қызметтер көрсетуінің көлемі мен мерзімдерін айқындайтын құжат түсініледі.
7. Осы баптың 1-тармағының талаптары:
1) Қазақстан Республикасының мемлекеттік сатып алу туралы заңнамасына сәйкес тауарларды, жұмыстарды және көрсетілетін қызметтерді сатып алатын жер қойнауын пайдаланушыларға;
2) жер қойнауын пайдалану құқығы бар, дауыс беретін акцияларының (қатысу үлестерінің) елу және одан көп пайызына ұлттық басқару холдинг тікелей немесе жанама түрде иелік ететін заңды тұлғаларға қолданылмайды.
2022.29.12. № 174-VІІ ҚР Заңымен 8-тармақпен толықтырылды (2023 ж. 10 қаңтардан бастап қолданысқа енгізілді)
8. Осы баптың ережелері жер қойнауын пайдаланушы күрделі жобалар бойынша көмірсутектерді барлауға және өндіруге немесе өндіруге арналған келісімшарттар бойынша қызметті жүзеге асырған кезде тауарларды, жұмыстар мен көрсетілетін қызметтерді сатып алуға қолданылмайды. Мұндай келісімшарттар бойынша сатып алу жер қойнауын пайдаланушы айқындаған тәртіпке сәйкес жүргізіледі. Бұл ретте мұндай тәртіп мыналарды:
1) өндіру кезеңінде жер қойнауын пайдаланушы бекіткен және құзыретті органмен келісілген, тауарлардың, жұмыстар мен көрсетілетін қызметтердің жергілікті берушілерінің даму бағдарламаларының орындалуын;
2) тауарлардың, жұмыстар мен көрсетілетін қызметтердің барлық мүдделі берушілеріне тауарларды, жұмыстар мен көрсетілетін қызметтерді сатып алуға арналған конкурсқа қатысу үшін толық және әділ мүмкіндіктердің берілуін;
3) тауарлардың, жұмыстар мен көрсетілетін қызметтердің әлеуетті берушілерін алдын ала іріктеудің объективті өлшемшарттарының қолданылуын;
4) барлық мүдделі тұлғалар үшін тауарларды, жұмыстар мен көрсетілетін қызметтерді жоспарланған сатып алу туралы ақпаратқа, сондай-ақ әлеуетті өнім берушілерге қойылатын талаптарға, оның ішінде жер қойнауын пайдаланушының интернет-ресурстарында орналастыру арқылы ашық қолжетімділікті қамтамасыз етуге тиіс.
132-бап. Жер қойнауын пайдаланушының көмірсутектерді барлауды және өндіруді жүргізуі кезіндегі есептілігі
Жер қойнауын пайдаланушы көмірсутектер бойынша жер қойнауын пайдалануға арналған келісімшарт бойынша мынадай есептерді:
1) геологиялық есепті;
2) лицензиялық-келісімшарттық талаптарды орындау туралы есепті;
3) сатып алынған тауарлар, жұмыстар және көрсетілетін қызметтер туралы, сондай-ақ олардағы елішілік құндылық көлемі туралы есепті;
4) кадрлардағы елішілік құндылық көлемі туралы есепті;
5) қазақстандық кадрларды оқытуды қаржыландыру бойынша шығыстар туралы есепті;
6) ғылыми-зерттеу, ғылыми-техникалық және тәжірибелік-конструкторлық жұмыстарға арналған шығыстар туралы есепті;
7) жер қойнауын пайдаланушыны тікелей немесе жанама түрде бақылайтын тұлғалар және (немесе) ұйымдар құрамы туралы есепті беруге міндетті.
Осы баптың 1) тармақшасында көзделген есеп жер қойнауын зерттеу жөніндегі уәкілетті органға оның өзі бекітетін тәртіппен ұсынылады.
Осы баптың 2) тармақшасында көзделген есеп құзыретті органға оның өзі бекітетін тәртіппен ұсынылады.
Осы баптың 3) - 7) тармақшаларында көзделген есептер көмірсутектер саласындағы уәкілетті органға оның өзі бекітетін нысандарда және тәртіппен ұсынылады.
133-бап. Жер қойнауын пайдаланушылардың жер қойнауын пайдалануға арналған келісімшарттардың талаптарын бұзғаны үшін жауаптылық
1. Жер қойнауын пайдаланушының жер қойнауын пайдалануға арналған келісімшартта көзделген міндеттемелерін бұзғаны үшін жауаптылықтың мынадай түрлері көзделеді:
1) жер қойнауын пайдаланушының жер қойнауын пайдалануға арналған келісімшартта белгіленген жағдайларда, тәртіппен және мөлшерде төлейтін тұрақсыздық айыбы;
2) осы Кодекстің 106-бабында көзделген жағдайларда және тәртіппен жүзеге асырылатын, құзыретті органның жер қойнауын пайдалануға арналған келісімшарттың қолданысын бір жақты тәртіппен мерзімінен бұрын тоқтатуы.
Бұл ретте тұрақсыздық айыбын төлеу жер қойнауын пайдаланушыны тиісті міндеттемелерін орындаудан босатпайды.
2. Құзыретті орган жер қойнауын пайдалануға арналған келісімшарт талаптарының жол берілген бұзушылықтары туралы, сондай-ақ белгіленген мерзімде оның тұрақсыздық айыбын төлеу және (немесе) осындай бұзушылықты жою жөніндегі міндеттері туралы мынадай:
1) жер қойнауын пайдалануға арналған келісімшартта белгіленген қаржылық міндеттемелерді жер қойнауын пайдаланушы есепті жыл үшін отыз пайыздан кем орындаған;
2) қамтамасыз ету мөлшерін қалыптастырудың белгіленген графигіне сәйкес қамтамасыз етуді ұсынбай не графикті бұза отырып жер бетінің тұтастығын бұзумен байланысты көмірсутектер бойынша жер қойнауын пайдалану жөніндегі операциялар жүргізген;
3) жер қойнауын пайдаланушының жер қойнауын пайдалануға арналған келісімшартта белгіленген міндеттемелерін бұзған өзге де жағдайларда жер қойнауын пайдаланушыны жазбаша хабардар етеді.
3. Жер қойнауын пайдаланушының келісімшарт талаптарын бұзушылықтарды жою мерзімі міндеттемелердің физикалық көлемі бойынша жазбаша хабарлама алынған күннен бастап - алты айдан, осы баптың 2-тармағының 1) және 2) тармақшаларында көзделген міндеттемелер бойынша - үш айдан, жер қойнауын пайдалануға арналған келісімшартта көзделген өзге де міндеттемелер бойынша бір айдан аспауға тиіс.
4. Жер қойнауын пайдаланушы жол берілген бұзушылықтарды хабарламада көрсетілген мерзімде жоюға және бұл туралы құзыретті органға жоюды растайтын құжаттарды қоса бере отырып жазбаша хабарлауға міндетті.
5. Жер қойнауын пайдаланушы құзыретті органға жер қойнауын пайдалануға арналған келісімшартта көзделген міндеттемелерді бұзушылықтарды жою мерзімін ұзартудың себептерін негіздей отырып, осындай ұзарту туралы ұсыныс жіберуге құқылы. Жол берілген бұзушылықтарды жою мерзімін ұзарту туралы ұсынысты қарау нәтижелері бойынша құзыретті орган оны алған күннен бастап он жұмыс күні ішінде жер қойнауын пайдаланушыны мерзімді ұзартуға келісетіні туралы хабардар етеді немесе мұндай ұзартудан уәжді бас тартуын ұсынады.
6. Жер қойнауын пайдалануға арналған келісімшартта көзделген міндеттемелердің бұзушылықтарын осы баптың 3-тармағында айқындалған мерзімде жою анық мүмкін болмаған жағдайда, құзыретті орган осындай бұзушылықты жою мүмкін болатын өзге мерзімді белгілеуге құқылы.
19-тарау. Көмірсутектер бойынша жер қойнауын пайдалану саласындағы жобалау құжаттары