Кеден органының лауазымды адамы мен тексерілетін тұлғаның әрекеттерінің нәтижесіне мүдделі емес, саны кемінде екі адам болатын, кәмелетке толған, әрекетке қабілетті кез келген азамат куәгер ретінде шақырылуы мүмкін. Қазақстан Республикасы мемлекеттік органдарының лауазымды адамдары мен тексерілетін тұлғаның жұмыскерлерінің, құрылтайшыларының (қатысушыларының) куәгерлер ретінде қатысуына жол берілмейді.
Зерттеп-қарау нәтижесінде тексерілетін тұлғаның тіркеу деректерінде көрсетілген тұрған жері бойынша іс жүзінде болмауы анықталған жағдайда, зерттеп-қарау актісін жасаған күн осы тармақта көрсетілген құжаттарды табыс еткен күн болып табылады.
28. Көшпелі кедендік тексеру Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес тіркелген дара кәсіпкерлерді қоспағанда, жеке тұлғаларға қатысты жүргізілмейді.
419-бап. Тексеру нәтижелері туралы хабарламаны табыс ету және орындау тәртібі
1. Тексеру нәтижелері туралы хабарлама, егер осы баптың 7-тармағында өзгеше белгіленбесе, тексерілетін тұлғаға көшпелі кедендiк тексеру актiсi табыс етілген күннен бастап бес жұмыс күнiнен кешiктiрiлмей жiберiледi.
2. Тексеру нәтижелері туралы хабарлама тексерілетін тұлғаға оның әкімшілік немесе қылмыстық жауаптылыққа тартылғанына қарамастан жіберіледі.
3. Тексеру нәтижелері туралы хабарламада:
1) төлеушінің сәйкестендіру нөмірі;
2) төлеушінің тегі, аты, әкесінің аты (егер ол жеке басты куәландыратын құжатта көрсетілсе) немесе атауы, төлеушінің тұрғылықты жері немесе тұрған жері;
3) кеден органының атауы;
4) хабарламаның тіркеу күні мен нөмірі;
5) көшпелі кедендiк тексеру нәтижелері бойынша кедендік төлемдердің, салықтардың, арнайы, демпингке қарсы, өтемақы баждарының, пайыздардың есепке жазылған сомасы;
6) хабарлама берілген күнгі өсімпұлдар сомасы;
7) кедендік төлемдерді, салықтарды, арнайы, демпингке қарсы, өтемақы баждарын, өсімпұлдарды, пайыздарды төлеу бойынша міндетті орындау туралы талап;
8) хабарламаны жіберу үшін негіз;
9) осы Кодексте белгіленген мерзімде кедендік төлемдерді, салықтарды, арнайы, демпингке қарсы, өтемақы баждарын төлемеген кезде өсімпұлдарды есептеу тәртібі, пайыздарды есептеу тәртібі;
10) шағым жасау тәртібі;
11) кедендік төлемдерді, салықтарды, арнайы, демпингке қарсы, өтемақы баждарын, өсімпұлдарды, пайыздарды төлеу бойынша міндетке әсер етпеген бұзушылықтарды жою жөніндегі талап;
12) тауарларға арналған декларацияны түзетуді ресімдеу жөніндегі талап көрсетілуге тиіс.
4. Тексеру нәтижелері туралы хабарлама, егер осы бапта өзгеше белгіленбесе, тексерілетін тұлғаға қолын қойдырып жеке өзіне немесе жөнелту және алу фактісін растайтын өзге тәсілмен табыс етілуге тиіс.
Бұл ретте төменде тізбеленген тәсілдердің бірімен жіберілген хабарлама мынадай жағдайларда:
1) хабарламасы бар тапсырыс хатпен пошта арқылы жiберiлгенде - төлеушi пошта операторының хабарламасына белгi қойған күннен бастап;
2) электрондық тәсiлмен жiберiлгенде - веб-қосымшада хабарлама жеткізілген күннен бастап төлеушіге табыс етілген болып саналады.
Электрондық тәсілмен жіберілген хабарлама:
уәкілетті орган айқындаған тәртіппен кеден органының ақпараттық жүйесін пайдаланушы ретінде тіркелген;
Қазақстан Республикасының салық заңнамасында белгіленген тәртіппен электрондық салық төлеуші ретінде тіркелген төлеушіге қолданылады.
5. Көрсетілген хабарламаға тексерілетін тұлғаның шағым жасау жағдайын қоспағанда, тексеру нәтижелері туралы хабарламадағы талаптар тексерілетін тұлғаға хабарлама табыс етілген күннен кейінгі күннен бастап отыз жұмыс күні ішінде орындалуға жатады.
6. Тексерілетін тұлға тексеру нәтижелері туралы хабарламада көрсетілген кедендік төлемдердің, салықтардың, арнайы, демпингке қарсы, өтемақы баждарының, өсімпұлдардың, пайыздардың есепке жазылған сомаларымен келіскен жағдайда, кедендік төлемдерді, салықтарды, арнайы, демпингке қарсы, өтемақы баждарын, өсімпұлдарды, пайыздарды төлеу бойынша міндетті орындау мерзімдері тексерілетін тұлғаның өтініші бойынша төлеу графигі қоса беріліп, алпыс жұмыс күніне ұзартылуы мүмкін.
Бұл ретте көрсетілген сома бюджетке төлеу мерзімі ұзартылған әрбір күнге өсімпұл есепке жазылып төленуге жатады және көрсетілген кезеңнің әрбір он бес жұмыс күні сайын тең үлестермен төленеді.
Тексеру нәтижелеріне шағым жасалған жағдайда, кедендік тексеру нәтижелері бойынша осы тармақта көзделген тәртiппен кедендік төлемдерді, салықтарды, арнайы, демпингке қарсы, өтемақы баждарын, өсімпұлдарды, пайыздарды төлеу жөніндегі, кедендік төлемдердің, салықтардың, арнайы, демпингке қарсы, өтемақы баждарының, өсімпұлдардың, пайыздардың есепке жазылған сомаларын төлеу жөніндегі, міндеттің орындалу мерзімі ұзартылуға жатпайды.
7. Егер көшпелі кедендік тексеру аяқталған соң Еуразиялық экономикалық одақтың кеден заңнамасын, Қазақстан Республикасының кеден және (немесе) өзге де заңнамасын бұзушылық анықталмаған жағдайда, кедендік тексеру нәтижелері туралы хабарлама шығарылмайды.
8. Тексерілетін тұлғаның кедендік тексеруді жүзеге асыратын кеден органынан ерекшеленетін кеден органы шығарған кедендік декларацияларына қатысты көшпелі кедендік тексеру жүргізілген кезде көшпелі кедендік тексеру актісінің және тексеру нәтижелері туралы хабарламаның көшірмелері тексеру нәтижелері туралы хабарлама шығарылған күннен бастап үш жұмыс күнінен кешіктірілмей тауарларды шығару жүргізілген кеден органына жіберілуге жатады.
420-бап. Қазақстан Республикасының кеден және өзге де мемлекеттік органдары лауазымды адамдарының көшпелі кедендік тексеруді жүргізу үшін тексерілетін тұлғаның объектісіне кіруі
2019.26.11. № 273-VІ ҚР Заңымен 1-тармақ өзгертілді (2020 ж. 30 мамырдан бастап қолданысқа енгізілді) (бұр.ред.қара)
1. Тексерілетін тұлға кеден органының лауазымды адамдары көшпелі кедендік тексеруді жүргізу туралы нұсқаманы, сондай-ақ қызметтік куәліктерін не сәйкестендіру карталарын көрсеткен кезде Қазақстан Республикасы кеден органының лауазымды адамдары мен өзге де мемлекеттік органдарының көшпелі кедендік тексеру жүргізуге қатысу үшін тартылатын лауазымды адамдарының көшпелі кедендік тексеру жүргізу үшін тексерілетін тұлғаның объектісіне (тұрғын үй-жайларды қоспағанда) кіруін қамтамасыз етуге міндетті.
2. Қазақстан Республикасының заңнамасында жекелеген объектілерге Қазақстан Республикасының мемлекеттік органдары лауазымды адамдарының кіруінің арнайы тәртібі белгіленген жағдайда, мұндай кіру Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген тәртіп сақтала отырып жүзеге асырылады.
3. Тексерілетін тұлға көшпелі кедендік тексеруді жүргізуге қатысу үшін тартылатын Қазақстан Республикасының кеден органының лауазымды адамдары мен өзге де мемлекеттік органдардың лауазымды адамдарына тексерілетін тұлғаның объектісіне кіруінен мынадай жағдайларда:
2019.26.11. № 273-VІ ҚР Заңымен 1) тармақша өзгертілді (2020 ж. 30 мамырдан бастап қолданысқа енгізілді) (бұр.ред.қара)
1) аталған лауазымды адамдар көшпелі кедендік тексеруді жүргізу туралы нұсқаманы және (немесе) қызметтік куәліктерін не сәйкестендіру карталарын көрсетпесе;
2) Қазақстан Республикасының кеден органдарының лауазымды адамдары және (немесе) өзге мемлекеттік органдарының лауазымды адамдары көшпелі кедендік тексеруді жүргізу туралы нұсқамада көрсетілмесе;
3) егер аталған лауазымды адамдардың тексерілетін тұлғаның объектісіне кіруге арнайы рұқсаты Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес қажет болса, олардың мұндай рұқсаты болмаса, бас тартуға құқылы.
4. Тексерілетін тұлға көшпелі кедендік тексеруді жүргізетін кеден органы лауазымды адамдарының және көшпелі кедендік тексеру жүргізуге қатысу үшін тартылатын Қазақстан Республикасының өзге мемлекеттік органдары лауазымды адамдарының тексерілетін тұлғаның объектісіне кіруін қамтамасыз етуден негізсіз бас тартқан жағдайда, уәкілетті орган бекітетін нысан бойынша тиісті хаттама жасалады.
Осы тармақтың бірінші бөлігінде көрсетілген лауазымды адамдардың тексерілетін тұлғаның объектісіне кіруіне кедергі келтіретін адамдар Қазақстан Республикасының заңдарында белгіленген жауаптылықта болады.
5. Хаттамаға тексеруді жүргізетін лауазымды адамдар, тексерілетін тұлға не оның өкілі қол қояды.
Тексерілетін тұлға көрсетілген хаттамаға қол қоюдан бас тартқан кезде бас тарту себебі туралы жазбаша түсініктеме беруге міндетті.
Хаттаманың көшірмесі тексерілетін тұлғаға немесе оның өкіліне табыс етіледі.
421-бап. Кеден органы лауазымды адамдарының кедендік тексеруді жүргізу кезіндегі құқықтары мен міндеттері
1. Кеден органы лауазымды адамдарының кедендік тексеруді жүргізу кезінде:
1) тексерілетін тұлғадан коммерциялық, көлiктік (тасымалдау) құжаттарды, бухгалтерлiк есепке алу және есептiлiк құжаттарын, сондай-ақ тексерілетін тауарларға қатысты тексерілетін тұлғаның бұдан кейінгі мәмілелеріне (операцияларына) қатысты ақпаратты қоса алғанда, осы тауарларға қатысты басқа да ақпаратты, оның iшiнде электрондық жеткізгіштердегі ақпаратты талап етуге және одан алуға;
2) осы Кодекстің 38-бабына сәйкес тексерілетін тұлғадан есептілікті ұсынуды талап етуге;
3) тексерілетін тұлғамен кедендік тексеру жүргізілетін тауарлармен мәмілелер (операциялар) бойынша байланысты тұлғалардан тексерілетін тұлғамен немесе осындай тауарлармен мәмілелерге (операцияларға) қатысы бар үшінші тұлғалармен жүргізілетін операциялар мен есеп айырысулар бойынша құжаттардың көшірмелерін және өзге де ақпаратты ұсынуды талап етуге;
4) банктерден және банк операцияларының жекелеген түрлерін жүзеге асыратын ұйымдардан Еуразиялық экономикалық одаққа мүше мемлекеттердің ұйымдары мен дара кәсіпкерлерінің банк шоттарының бар-жоғы және нөмірлері туралы құжаттар мен мәліметтерді, сондай-ақ ұйымдардың және дара кәсіпкерлердің шоттары бойынша ақшаның қалдықтары мен қозғалысына қатысты, кедендік тексеру жүргізу үшін қажетті, оның ішінде Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес банктік құпиясы бар құжаттарды және мәліметтерді талап етуге және олардан алуға;
5) Қазақстан Республикасының салық және өзге де мемлекеттік органдарынан кедендік тексеруді жүргізу үшін қажетті, оның ішінде Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес мемлекеттік, коммерциялық, банктік, салықтық және өзге де заңмен қорғалатын құпияны (құпияларды) құрайтын құжаттар мен мәліметтерді сұратуға және алуға;
6) Еуразиялық экономикалық одақтың және Еуразиялық экономикалық одаққа мүше болып табылмайтын мемлекеттердің ұйымдарына, мемлекеттік және өзге де органдарына (ұйымдарына) кедендік тексеру жүргізумен байланысты сұрау салулар жіберуге;
7) кедендік сараптама тағайындауға;
8) тауарларға және көлік құралдарына сүргі салуға;
9) мамандар мен сарапшыларды тартуға;
10) тексерілетін тұлғадан әкiмшiлiк құқық бұзушылықтардың жасалғаны туралы куәландыратын құжаттарды алып қоюды Қазақстан Республикасының Әкiмшiлiк құқық бұзушылық туралы кодексінде айқындалған тәртіппен жүргізуге;
11) Еуразиялық экономикалық одақтың кеден заңнамасында, Қазақстан Республикасының кеден және өзге де заңнамасында көзделген өзге де әрекеттер жасауға құқығы бар.
2. Кеден органы лауазымды адамдарының көшпелі кедендік тексеру жүргізу кезінде сондай-ақ:
1) тексерілетін тұлғадан көшпелі кедендік тексеру жүргізілетін тауарларды көрсетуді талап етуге;
2) Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген тәртіппен көшпелі кедендік тексерулерді жүргізу кезінде тауарларға түгендеу жүргізуге (түгендеу жүргізуді талап етуге);
2019.26.11. № 273-VІ ҚР Заңымен 3) тармақша өзгертілді (2020 ж. 30 мамырдан бастап қолданысқа енгізілді) (бұр.ред.қара)
3) кеден органының лауазымды адамдары көшпелі кедендік тексеруді жүргізу туралы нұсқаманы, сондай-ақ қызметтік куәліктерін не сәйкестендіру карталарын көрсеткен кезде тексерілетін тұлғаның объектілеріне кіруге рұқсат алуға;
4) осы Кодекстің 418-бабына сәйкес көшпелі кедендік тексерулерді жүргізу кезінде акт жасап, тауарлардың сынамаларын және үлгілерін іріктеп алуды жүзеге асыруға;
5) уәкілетті орган бекітетін нысан бойынша алып қою актісін жасай отырып, тексерілетін тұлғадан құжаттарды не олардың көшірмелерін алып қоюға;
6) көшпелі кедендік тексеру жүргізілетін тауарларды иеліктен шығаруға не осы тауарларға өзге тәсілмен билік етуге бағытталған әрекеттердің жолын кесу үшін көшпелі кедендік тексеру жүргізу мерзіміне Қазақстан Республикасының заңдарында белгіленген тәртіппен тауарларға тыйым салуға немесе оларды алып қоюға;
7) үй-жайларға, қоймаларға, архивтерге және көшпелі кедендік тексеру жүргізілетін құжаттар мен тауарлардың тұрған (сақталған) өзге де жерлеріне сүргі салуға;
8) тексерілетін тұлғаның өкілдерінен жеке басын куәландыратын құжаттарды және (немесе) өкілеттіктерді растайтын құжаттарды ұсынуын талап етуге;
9) тексерілетін тұлғаның ақпараттық жүйелерінің дерекқорына және деректер банкіне өз құзыреті шегінде қолжетімділік алуға;
10) тексерілетін тұлғадан тексеруге жататын мәселелер шеңберінде қажетті құжаттарды (олардың көшірмелерін), оның қызметіне және мүлкіне қатысты өзге де ақпаратты, оның ішінде электрондық түрде ақпаратты талап етуге және алуға құқығы бар. Егер мұндай құжаттар (олардың көшірмелері) Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес көшпелі кедендік тексеру жүргізілетін орында болмауға тиіс болса, кеден органының лауазымды адамы оларды ұсыну үшін жеткілікті, бірақ кемінде үш жұмыс күнінен кем болмайтын мерзімді белгілейді;
11) техникалық құралдарды (оның ішінде аудио- және бейнежазбаларды, фототүсірілімді жүзеге асыратын аппаратураны), сондай-ақ тексерілетін тұлға электрондық нысанда ұсынған ақпаратты өңдеуге арналған бағдарламалық өнімдерді пайдалануға;
12) тексерілетін тұлғадан бухгалтерлiк есепке алуды автоматтандыруға арналған бағдарламалық қамтылымның және (немесе) бастапқы есепке алу құжаттарының, бухгалтерлік есепке алу тіркелімдерінің тексерiлетiн тауарларға қатысты деректері қамтылған ақпараттық жүйенің деректерін көруге рұқсат беруді және (немесе) электрондық жеткізгіште және (немесе) қағаз жеткізгіште ұсынуды талап етуге;
13) Қазақстан Республикасының заңнамасында көзделген өзге де әрекеттерді жүзеге асыруға құқығы бар.
3. Кеден органының лауазымды адамдары кедендік тексеруді жүргізу кезінде:
1) тексерілетін тұлғаның құқықтары мен заңды мүдделерін сақтауға, тексерілетін тұлғаға құқыққа сыйымсыз шешімдермен және әрекеттермен (әрекетсіздікпен) зиян келтіруге жол бермеуге;
2) осы Кодекстің 19-бабына сәйкес кедендік тексеруді жүргізу кезінде алынған ақпаратты пайдалануға;
3) Қазақстан Республикасының заңнамасында көзделген жағдайларды қоспағанда, кедендік тексеру жүргізу кезінде алынған және жасалған құжаттардың сақталуын қамтамасыз етуге, олардың мазмұнын тексерілетін тұлғаның келісімінсіз жария етпеуге;
4) қызметтік әдепті сақтауға;
5) тексерілетін тұлғаға оның кедендік тексеруді жүргізу, кедендік сараптама тағайындау, тауарлардың сынамаларын және (немесе) үлгілерін іріктеп алу кезіндегі құқықтары мен міндеттері туралы, сондай-ақ кедендік тексеруді жүргізу кезінде кеден органы лауазымды адамдарының құқықтары мен міндеттері туралы ақпарат беруге;
6) көшпелі кедендік тексеруді жүргізу кезеңінде тексерілетін тұлғаның белгіленген жұмыс режимін бұзбауға;
7) тексерілетін тұлғаның талап етуі бойынша Еуразиялық экономикалық одақтың кеден заңнамасының, Қазақстан Республикасының кеден және өзге де заңнамасының кедендік тексеруді жүргізу тәртібіне қатысты ережелері туралы қажетті ақпаратты ұсынуға;
2019.26.11. № 273-VІ ҚР Заңымен 8) тармақша өзгертілді (2020 ж. 30 мамырдан бастап қолданысқа енгізілді) (бұр.ред.қара)
8) көшпелі кедендік тексеруді жүргізу кезінде тексерілетін тұлғаның өкілдеріне көшпелі кедендік тексеруді жүргізу туралы нұсқаманы, сондай-ақ өздерінің қызметтік куәліктерін не сәйкестендіру карталарын көрсетуге;
9) мемлекеттік, салықтық, банктік және заңмен қорғалатын өзге де құпияны (құпияларды) құрайтын мәліметтерді, сондай-ақ кедендік тексерулерді жүзеге асыру кезінде белгілі болған басқа да құпия ақпаратты жария етпеуге;
10) осы Кодексте көзделген өзге де міндеттерді орындауға міндетті.
422-бап. Тексерілетін тұлғаның кедендік тексеруді жүргізу кезіндегі құқықтары мен міндеттері
1. Кедендік тексеруді жүргізу кезінде тексерілетін тұлға:
1) кеден органдарынан Еуразиялық экономикалық одақтың кеден заңнамасының, Қазақстан Республикасының кеден және (немесе) өзге де заңнамасының кедендік тексеруді жүргізу тәртібіне қатысты ережелері туралы ақпаратты сұратуға және алуға;
2) Еуразиялық экономикалық одақтың кеден заңнамасының, Қазақстан Республикасының кеден және (немесе) өзге де заңнамасының сақталуын растайтын өзінде бар барлық құжаттар мен мәліметтерді ұсынуға;
3) осы Кодексте белгіленген тәртіппен кеден органдарының шешімдеріне және әрекеттеріне (әрекетсіздігіне) шағым жасауға;
2019.26.11. № 273-VІ ҚР Заңымен 4) тармақша өзгертілді (2020 ж. 30 мамырдан бастап қолданысқа енгізілді) (бұр.ред.қара)
4) көшпелі кедендік тексеруді жүргізетін кеден органының лауазымды адамдарынан көшпелі кедендік тексеруді жүргізу туралы нұсқаманы, сондай-ақ қызметтік куәліктерін не сәйкестендіру карталарын көрсетуді талап етуге;
5) көшпелі кедендік тексеруді жүргізу кезінде қатысуға және көшпелі кедендік тексеру нысанасына қатысты мәселелер бойынша түсініктемелер беруге;
6) осы Кодекстің 418-бабының 20-тармағына сәйкес көшпелі кедендік тексерудің алдын ала актісіне жазбаша қарсылық ұсынуға;
7) осы Кодексте және Қазақстан Республикасының өзге де заңдарында көзделген өзге де құқықтарды пайдалануға құқылы.
2. Тексерілетін тұлға кедендік тексеру жүргізу кезінде:
1) көшпелі кедендік тексеру жүргізілетін тауарларды көрсету мүмкіндігі бар болған кезде осындай тауарларды көрсетуге;
2) кеден органының талап етуі бойынша белгіленген мерзімдерде құжаттар мен мәліметтерді қағаз жеткізгіште, ал қажет болған кезде өзге де жеткізгіште ұсынуға;
3) көшпелі кедендік тексеруді жүргізетін кеден органы лауазымды адамдарының және мұндай тексеру жүргізуге қатысу үшін тартылатын лауазымды адамдардың тексерілетін тұлғаның объектілеріне кедергісіз кіруін қамтамасыз етуге және оларға жұмыс орнын ұсынуға;
4) егер кедендік тексеру мақсатында қажетті құжаттама қазақ және орыс тілдерінен басқа өзге тілде жасалған жағдайда - кедендік тексеруді жүргізетін кеден органының лауазымды адамдарына көрсетілген құжаттаманың аудармасын ұсынуға;
5) көшпелі кедендік тексеруді жүргізу туралы нұсқама көрсетілген күннен бастап күнтізбелік екі күннен кешіктірмей, кедендік тексеруді жүргізетін кеден органының лауазымды адамдарына құжаттар мен мәліметтерді ұсыну үшін жауапты тұлғалар аясын айқындауға;
6) көшпелі кедендік тексеруді жүргізу кезінде түгендеудің жүргізілуін қамтамасыз етуге;
7) көшпелі кедендік тексеруді жүргізетін кеден органының лауазымды адамдары кедендік сараптаманы тағайындау туралы шешім қабылдаған жағдайда, тауарлардың сынамаларын және (немесе) үлгілерін іріктеп алу мүмкіндігін қамтамасыз етуге;
8) көшпелі кедендік тексеруді жүргізетін кеден органы лауазымды адамдарының талап етуі бойынша тексерілетін тұлғаның қызметі мәселелері бойынша жазбаша және ауызша түсініктер беруге, сондай-ақ анықтамалар мен есеп-қисаптар ұсынуға;
9) көшпелі кедендік тексеруді жүргізу туралы нұсқаманың түпнұсқасына алғаны туралы қол қоюға;
10) көшпелі кедендік тексеруді жүргізетін кеден органдарының лауазымды адамдарына көшпелі кедендік тексеруді жүргізу үшін қажетті құжаттарға (ақпаратқа) қол жеткізуді қамтамасыз етуге;
11) көшпелі кедендік тексеруді жүргізетін кеден органдарының лауазымды адамдарына бухгалтерлiк есепке алуды автоматтандыруға арналған бағдарламалық қамтылымның және (немесе) бастапқы есепке алу құжаттарының, бухгалтерлік есепке алу тіркелімдерінің тексерiлетiн тауарларға қатысты деректері қамтылған ақпараттық жүйенің деректерін көруге рұқсат беруді және (немесе) электрондық жеткізгіште және (немесе) қағаз жеткізгіште ұсынуды қамтамасыз етуге;
12) Еуразиялық экономикалық одақтың кеден заңнамасында, Қазақстан Республикасының кеден және өзге де заңнамасында көзделген өзге де міндеттерді орындауға міндетті.
423-бап. Кедендік тексеруді жүргізу үшін қажетті құжаттар мен мәліметтерді ұсыну
1. Қазақстан Республикасының салық және өзге мемлекеттік органдары кеден органының сұрау салуы бойынша ұйымдарды және дара кәсіпкерлерді тіркеуге, салықтарды төлеуге және есептеуге қатысты өзінде бар құжаттарды және мәліметтерді, бухгалтерлік есепке алу мен есептілік деректерін және (немесе) құжаттарын, сондай-ақ кедендік тексеруді жүргізу үшін қажетті, оның ішінде мемлекеттік, коммерциялық, банктік, салықтық және заңмен қорғалатын өзге де құпияны (құпияларды) құрайтын өзге де құжаттар мен мәліметтерді Қазақстан Республикасы заңнамасының талаптарын сақтай отырып, ұсынады.
2. Банктер мен банк операцияларының жекелеген түрлерін жүзеге асыратын ұйымдар кеден органының талап етуі бойынша ұйымдар мен дара кәсіпкерлердің банктік шоттарының бар-жоғы және нөмірлері туралы құжаттар мен мәліметтерді, сондай-ақ кедендік тексеру жүргізу үшін қажетті, мұндай ұйымдар мен дара кәсіпкерлердің шоттары бойынша ақшаның қалдықтары мен қозғалысына қатысты, оның ішінде Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес банктік құпиясы бар құжаттар мен мәліметтерді ұсынады.
3. Тексерілетін тұлғамен кедендік тексеру жүргізілетін тауарлармен мәмілелер (операциялар) бойынша байланысты тұлғалар кеден органының талап етуі бойынша тексерілетін тұлғамен немесе осындай тауарлармен мәмілелерге (операцияларға) қатысы бар үшінші тұлғалармен жүргізілетін операциялар және есеп айырысулар бойынша кедендік тексеруді жүргізу үшін қажетті құжаттардың көшірмелерін және өзге де ақпаратты ұсынуға міндетті.
48-тарау. КЕДЕНДІК БАҚЫЛАУДЫҢ ЖҮРГІЗІЛУІН ҚАМТАМАСЫЗ ЕТЕТІН ШАРАЛАР ЖӘНЕ ОЛАРДЫ ҚОЛДАНУ
424-бап. Кедендік бақылаудың жүргізілуін қамтамасыз ететін шаралар
1. Кедендік бақылауды жүргізу кезінде кедендік бақылау объектілеріне қарай кеден органдары осы Кодекске сәйкес кедендік бақылаудың жүргізілуін қамтамасыз ететін мынадай шараларды қолдануға құқылы:
1) ауызша сауалнама жүргізу;
2) кедендік бақылауды жүргізу үшін қажетті құжаттарды және (немесе) мәліметтерді сұрату, талап ету және алу;
3) кедендік сараптаманың жүргізілуін тағайындау, тауарлардың сынамаларын және (немесе) үлгілерін іріктеп алу;
4) тауарларды, құжаттарды, көлік құралдарын, үй-жайларды және басқа да орындарды сәйкестендіруді жүзеге асыру;
5) кеден органдарының кедендік бақылаудың техникалық құралдарын, өзге де техникалық құралдарын, су және әуе кемелерін пайдалану;
6) кедендік алып жүруді қолдану;
7) тауарларды тасымалдау маршрутын белгілеу;
8) кедендік бақылаудағы тауарларды, олармен жасалатын кедендік операцияларды есепке алуды жүргізу;
9) маманды тарту;
10) басқа мемлекеттік органдардың мамандары мен сарапшыларын тарту;
11) тауарлар мен көлік құралдарына қатысты жүк және өзге операциялардың жасалуын талап ету;
12) кедендік байқауды жүзеге асыру;
13) тауарларды есепке алу жүйесінің болуын және тауарларды есепке алудың жүргізілуін тексеру;
14) тауарлардың арнайы маркалармен таңбалануын, оларда сәйкестендіру белгілерінің болуын тексеру;
15) электрондық кедендік алып жүруді қолдану.
2. Кедендік бақылаудың жүргізілуін қамтамасыз ететін шаралар дербес немесе кедендік бақылау нысандарының қолданылуын қамтамасыз ету үшін қолданылады.
3. Кедендік бақылаудың жүргізілуін қамтамасыз ететін шаралар - осы тарауға сәйкес, ал кедендік сараптаманың жүргізілуін тағайындау осы Кодекстің 54-тарауына сәйкес қолданылады.
425-бап. Ауызша сауалнама
Кедендік бақылауды жүргізу үшін маңызы бар мәліметтерді алу мақсатында кеден органдарының лауазымды адамдары жеке тұлғалармен, олардың өкілдерімен, сондай-ақ ұйымдардың өкілдері болып табылатын адамдармен, сауалнама нәтижелерін ресімдеместен, ауызша сауалнама жүргізуге құқылы.
426-бап. Кеден органдарының кедендік бақылауды жүргізу үшін қажетті құжаттарды және (немесе) мәліметтерді сұратуы, талап етуі және алуы
1. Кеден органдары кедендік бақылау жүргізу кезінде декларанттан, тасымалдаушыдан, кеден ісі саласындағы қызметті жүзеге асыратын тұлғалардан және өзге тұлғалардан кедендік бақылауды жүргізу үшін қажетті құжаттарды және (немесе) мәліметтерді сұратуға, ал осы Кодексте белгіленген жағдайларда - талап етуге, сондай-ақ сұрау салынатын (талап етілген) құжаттарды және (немесе) мәліметтерді ұсыну үшін жеткілікті болуға тиіс оларды ұсыну мерзімін белгілеуге құқылы.
2. Сұрау салынатын (талап етілген) құжаттардың және (немесе) мәліметтердің тізбесін кеден органы мәміле (операция) шарттарын, тауар сипаттамаларын, оның мақсатын, сондай-ақ өзге де мән-жайларды ескеріп, тексерілетін құжаттарды және (немесе) мәліметтерді негізге ала отырып айқындайды.
3. Кеден органы құжаттарды және (немесе) мәліметтерді ұсыну туралы сұрау салуда (талапта) белгілеген мұндай құжаттарды және (немесе) мәліметтерді ұсыну мерзімі сұрау салу (талап), жіберілген тұлғаның уәжделген өтінішінің негізінде, оның ішінде жоғалған құжаттарды қалпына келтіру үшін ұзартылуы мүмкін. Құжаттарды және (немесе) мәліметтерді ұсынудың ұзартылатын мерзімі сұрау салу жіберілген тұлғаның өтініші негізінде айқындалады, бірақ ол құжаттарды және (немесе) мәліметтерді ұсынудың кеден органы белгілеген мерзімі өткен күннен бастап екі айдан аспауға тиіс.