3. Жеке пайдалануға арналған тауарларға қатысты кедендік операцияларды жасау кезінде кеден органдары олар бойынша мәліметтерді шет тілінен аударуды талап етпейтін құжаттар тізбесін Комиссия айқындайды.
4. Жеке тұлға Еуразиялық экономикалық одақтың кедендік шекарасы арқылы жеке пайдалануға арналған тауарларды иесімен бірге жөнелтілетін және иесімен бірге жөнелтілмейтін багажда не иесімен бірге жөнелтілмейтін багажда ғана өткізу кезінде Еуразиялық экономикалық одақтың кедендік аумағына иесімен бірге жөнелтілмейтін багажда әкелінетін жеке пайдалануға арналған тауарларды кедендік декларациялау кезінде осы баптың 1-тармағында көзделген құжаттарға қосымша осы Кодекстің 343-бабының 10-тармағына сәйкес берілген жолаушыларға арналған кедендік декларацияның данасы ұсынылады.
Кеден органына аталған жолаушыларға арналған кедендік декларация ұсынылмаған кезде Еуразиялық экономикалық одақтың кедендік аумағына иесімен бірге жөнелтілмейтін багажда әкелінген жеке пайдалануға арналған тауарлар, егер жеке тұлға басқаша дәлелдей алмаса, шегінде Еуразиялық экономикалық одақтың кедендік аумағына жеке пайдалануға арналған тауарлар кедендік баждар, салықтар төленбей әкелінетін құндық, салмақтық және (немесе) сандық нормалардан асырыла отырып, Еуразиялық экономикалық одақтың кедендік аумағына әкелінген тауарлар ретінде қаралады.
5. Осы баптың 1-тармағында көрсетілген құжаттар, егер оларды кеден органы мен декларанттың немесе декларант атынан және оның тапсырмасы бойынша әрекет ететін адамның жолға қойылған ақпараттық өзара іс-қимылы шеңберінде кеден органы алуы мүмкін болса, ұсынылмауы мүмкін. Ақпараттық өзара іс-қимыл тәртібін уәкілетті орган айқындайды.
6. Жолаушыларға арналған кедендік декларацияны қабылдауды және оны тіркеуді кеден органы өтеусіз негізде жүзеге асырады.
345-бап. Жеке пайдалануға арналған тауарларды шығару
1. Халықаралық пошта жөнелтілімдерімен жіберілетіндерді қоспағанда, кедендік декларациялау кезінде мәлімделген жеке пайдалануға арналған тауарларды Еуразиялық экономикалық одақтың кедендік аумағына әкелу және (немесе) Еуразиялық экономикалық одақтың кедендік аумағында болу не Еуразиялық экономикалық одақтың кедендік аумағынан әкету мақсатына қарай мынадай тауарлар:
1) еркін айналымға;
2) әкету үшін;
3) Еуразиялық экономикалық одақтың кедендік аумағында уақытша болуы үшін;
4) Еуразиялық экономикалық одақтың кедендік аумағының шегінен тыс жерде уақытша болуы үшін шығарылуға жатады.
2. Кедендік декларациялауға жататын жеке пайдалануға арналған тауарларды еркін айналымға немесе әкету үшін шығаруды:
1) осы баптың 3-тармағы ескеріле отырып, осы тарауға сәйкес кедендік баждар, салықтар төленген;
2) осы Кодекстің 8-бабына сәйкес тыйымдар мен шектеулер сақталған жағдайда кеден органы жүргізеді.
3. Еуразиялық экономикалық одақтың кедендік аумағы арқылы иесімен бірге жөнелтілетін багажда өткізілетін жеке пайдалануға арналған тауарлар шығаруды кеден органы тиісті шоттарға жеке пайдалануға арналған тауарларға қатысты төленген кедендік баждардың, салықтардың сомалары есепке жатқызылғанға дейін жүргізеді.
Халықаралық пошта жөнелтілімдерімен жіберілетін жеке пайдалануға арналған тауарларды шығаруды кедендік баждар, салықтар төленгенге дейін кеден органы жүргізеді.
4. Кедендік декларациялауға жататын жеке пайдалануға арналған тауарларды Еуразиялық экономикалық одақтың кедендік аумағында уақытша болуы не Еуразиялық экономикалық одақтың кедендік аумағының шегінен тыс жерде уақытша болуы үшін шығаруды кеден органы:
1) жеке пайдалануға арналған тауарлар осы Кодекстің 347 және 348-баптарына сәйкес уақытша әкелінуі не уақытша әкетілуі мүмкін;
2) осы Кодекстің 354-бабына сәйкес кедендік баждарды, салықтарды төлеу бойынша міндетті орындау қамтамасыз етілген;
3) осы Кодекстің 8-бабына сәйкес тыйымдар мен шектеулер сақталған жағдайда жүргізеді.
5. Кедендік декларациялауға жатпайтын, Еуразиялық экономикалық одақтың кедендік шекарасы арқылы өткізілетін жеке пайдалануға арналған тауарлар еркін айналымға шығарылған немесе «жасыл» дәлізден шығу (кіру) сызығын не келу немесе кету орындарында кедендік операцияларды аяқтау сызығын кесіп өткен кезден бастап әкету үшін шығарылған деп есептеледі.
Кедендік декларациялауға жатпайтын және оларға қатысты кедендік операцияларды көлік құралынан шықпай жасау мүмкіндігі берілетін Еуразиялық экономикалық одақтың кедендік шекарасы арқылы өткізілетін жеке пайдалануға арналған тауарлар осындай тауарларға қатысты келу немесе кету орындарында кедендік бақылауды жүргізу аяқталған кезден бастап еркін айналымға шығарылған немесе әкету үшін шығарылған деп есептеледі.
6. Кедендік транзит кедендік рәсімімен орналастырылатын жеке пайдалануға арналған тауарларды шығару осы Кодекстің 192-бабына сәйкес белгіленген шарттар сақталған кезде және тәртіппен жүргізіледі.
7. Жеке пайдалануға арналған тауарларды шығару, осы тармақтың екінші бөлігінде көрсетілген жағдайды қоспағанда, осы Кодекстің 193-бабында белгіленген мерзімде аяқталуға тиіс.
Тауарларды Еуразиялық экономикалық одақтың кедендік шекарасы арқылы өткізетін орындарда Еуразиялық экономикалық одақтың кедендік шекарасы арқылы иесімен бірге жөнелтілетін багажда өткізілетін жеке пайдалануға арналған тауарларды шығару, кедендік транзит кедендік рәсімімен орналастырылатын жеке пайдалануға арналған тауарларды қоспағанда, декларанттың жеке пайдалануға арналған тауарларды шығару шарттарының сақталғанын растағанынан кейін және кедендік бақылау жүргізілгеннен кейін дереу аяқталуға тиіс.
8. Санитариялық-карантиндік, ветеринариялық, карантиндік фитосанитариялық және мемлекеттік бақылаудың (қадағалаудың) басқа да түрлеріне жататын жеке пайдалануға арналған тауарларды шығару мемлекеттік бақылаудың (қадағалаудың) тиісті түрі жүзеге асырылғаннан кейін жүргізіледі.
9. Еуразиялық экономикалық одақтың кедендік аумағына әкелінген жеке пайдалануға арналған тауарлар тауарлардың мынадай санаттарын:
1) осы Кодекстің 381 және 382-баптарына сәйкес әкелінетін жеке пайдалануға арналған көлік құралдарын;
2) осы Кодекстің 349-бабының 8-тармағына сәйкес пайдалану және (немесе) билік ету бойынша оларға қатысты шектеулер қойылған тауарларды қоспағанда, олар еркін айналымға шығарылған кезден бастап Еуразиялық экономикалық одақ тауарларының мәртебесіне ие болады.
10. Еуразиялық экономикалық одақ тауарларының мәртебесіне ие болған жеке пайдалануға арналған тауарлар Еуразиялық экономикалық одақтың кедендік аумағында болады және пайдалануы және (немесе) билік ету бойынша шектеулерсіз пайдаланылады.
346-бап. Иесімен бірге жөнелтілетін багажда өткізілетін жеке пайдалануға арналған тауарларға қатысты кедендік транзит кедендік рәсімін қолдану ерекшеліктері
1. Еуразиялық экономикалық одақтың кедендік аумағы арқылы тасымалдау үшін Еуразиялық экономикалық одақтың кедендік шекарасы арқылы иесімен бірге жөнелтілетін багажда өткізілетін:
1) Еуразиялық экономикалық одаққа мүше мемлекеттерде немесе Еуразиялық экономикалық одаққа мүше болып табылмайтын мемлекеттерде тіркелмеген жеке пайдалануға арналған көлік құралдары;
2) осы тармақтың 3) тармақшасында көрсетілген тауарларды қоспағанда, оларды келу орнынан кеден органына дейін тасымалдау үшін осындай тауарларды Еуразиялық экономикалық одақтың кедендік аумағына әкелуді жүзеге асыратын жеке тұлға тұрақты немесе уақытша тұратын қызмет аймағында кедендік баждарды, салықтарды төлеуден босатыла отырып әкелінетін жеке пайдалануға арналған тауарлар;
3) Еуразиялық экономикалық одақтың кедендік аумағына кедендік баждарды, салықтарды төлеуден босатыла отырып, дипломатиялық өкілдіктердің басшылары, Еуразиялық экономикалық одаққа мүше мемлекеттердің дипломатиялық өкілдіктерінің дипломатиялық және әкімшілік-техникалық персоналының мүшелері, Еуразиялық экономикалық одаққа мүше мемлекеттердің консулдық мекемелерінің басшылары және басқа да консулдық лауазымды адамдары, консулдық мекемелерінің консулдық қызметкерлері, Еуразиялық экономикалық одаққа мүше мемлекеттердің Еуразиялық экономикалық одақтың кедендік аумағының шегінен тыс жерде орналасқан халықаралық ұйымдардың жанындағы өкілдіктерінің қызметкерлері, олардың бірге тұратын отбасы мүшелері не осындай тұлғалардың атынан және тапсырмасы бойынша өзге де адамдар тауарларды келу орнынан Еуразиялық экономикалық одақтың кедендік аумағына әкелуді жүзеге асыратын тұлғалардың өтініші бойынша айқындалатын кеден органына дейін тасымалдау үшін осындай тауарларды Еуразиялық экономикалық одақтың кедендік аумағына әкелетін жеке пайдалануға арналған тауарлар;
4) бастапқы жайғасуға арналған тауарларды қоса алғанда, Еуразиялық экономикалық одақтың кедендік аумағына дипломатиялық өкілдіктердің қызметкерлері, консулдық мекемелердің жұмыскерлері, халықаралық ұйымдар жанындағы мемлекеттер өкілдіктерінің, халықаралық ұйымдардың немесе олардың өкілдіктерінің, Еуразиялық экономикалық одақтың кедендік аумағында орналасқан өзге де ұйымдар мен олардың өкілдіктерінің персоналы (қызметкерлері, лауазымды адамдары), олармен бірге тұратын отбасы мүшелері тауарлардың келу орнынан қызмет аймағында (өңірінде) олар қызметкерлері, жұмыскерлері, персоналы (қызметкерлері, лауазымды адамдары) болып табылатын дипломатиялық өкілдіктер, консулдық мекемелер, халықаралық ұйымдар жанындағы мемлекеттер өкілдіктері, халықаралық ұйымдар немесе олардың өкілдіктері, өзге де ұйымдар мен олардың өкілдіктерінің орналасқан кеден органына дейін тасымалдау үшін әкелетін жеке пайдалануға арналған тауарлары;
5) Еуразиялық экономикалық одақтың кедендік аумағына дипломатиялық өкілдіктер мен консулдық мекемелердің басшылары, дипломатиялық өкілдіктің дипломатиялық персоналының мүшелері және консулдық мекемелердің консулдық лауазымды адамдары, олармен бірге тұратын отбасы мүшелері Еуразиялық экономикалық одақтың кедендік аумағы бойынша оларды келу орнынан кету орнына дейін тасымалдау үшін әкелетін жеке пайдалануға арналған тауарлар кедендік транзит кедендік рәсімімен орналастырылуы мүмкін.
2. Жеке пайдалануға арналған тауарларды кедендік транзит кедендік рәсімімен орналастыру кезінде жолаушыларға арналған кедендік декларацияда көрсетуге жататын мәліметтерді Комиссия айқындайды.
3. Осы баптың 1-тармағында көрсетілген жеке пайдалануға арналған тауарлар кедендік транзит кедендік рәсімімен орналастырылған кезде олардың жеткізілу орнын:
1) осындай көлік құралдары меншік иесінің тапсырмасы бойынша әкелінетін жеке пайдалануға арналған көлік құралдарына қатысты - жеке тұлғаның - жеке пайдалануға арналған көлік құралының меншік иесінің тұрақты не уақытша тұрғылықты жері туралы мәліметтер негізінде, ал жеке пайдалануға арналған өзге де көлік құралдарына қатысты - жеке пайдалануға арналған көлік құралын әкелетін жеке тұлғаның өтініші негізінде;
2) осы баптың 1-тармағының 3) тармақшасында көрсетілген тауарларды қоспағанда, кедендік баждарды, салықтарды төлеуден босатыла отырып әкелінетін жеке пайдалануға арналған тауарларға қатысты - осындай тауарлар декларантының орны немесе болжамды тұрақты не уақытша тұрғылықты жері туралы мәліметтер негізінде;
3) осы баптың 1-тармағының 3) тармақшасында көрсетілген жеке пайдалануға арналған тауарларға қатысты - осындай тауарларды Еуразиялық экономикалық одақтың кедендік аумағына әкелуді жүзеге асыратын тұлғаның мәлімдеген мәліметтері негізінде;
4) осы баптың 1-тармағының 4) тармақшасында көрсетілген жеке пайдалануға арналған тауарларға қатысты - қызметкері, жұмыскері, персоналы (қызметкері, лауазымды адамы) жеке пайдалануға арналған тауарлары Еуразиялық экономикалық одақтың кедендік аумағына әкелінетін тұлға болып табылатын дипломатиялық өкілдіктердің, консулдық мекемелердің, халықаралық ұйымдар жанындағы мемлекеттер өкілдіктерінің, халықаралық ұйымдардың немесе олардың өкілдіктерінің, өзге де ұйымдар мен олардың өкілдіктерінің орналасқан орны туралы мәліметтер негізінде;
5) осы баптың 1-тармағының 5) тармақшасында көрсетілген жеке пайдалануға арналған тауарларға қатысты - кету орны туралы мәліметтер негізінде жөнелтуші кеден органы айқындайды.
4. Осы баптың 1-тармағында көрсетілген жеке пайдалануға арналған тауарларды тасымалдау кезінде кедендік транзит кедендік рәсіміне сәйкес декларант ретінде әрекет ететін жеке тұлға осы Кодекстің 230-бабында тасымалдаушы үшін көзделген міндеттерді орындайды.
5. Кедендік транзит кедендік рәсімімен орналастырылатын жеке пайдалануға арналған тауарларға қатысты кедендік баждарды, салықтарды төлеу бойынша міндеттің орындалуын қамтамасыз ету осы Кодекстің 354-бабы ескеріле отырып, осы Кодекстің 226-бабына сәйкес ұсынылады.
347-бап. Жеке пайдалануға арналған көлік құралдарын уақытша әкелу
1. Еуразиялық экономикалық одаққа мүше болып табылмайтын мемлекетте тіркелген жеке пайдалануға арналған көлік құралдарын шетелдік жеке тұлғалардың Еуразиялық экономикалық одақтың кедендік аумағына уақытша бір жылдан көп емес мерзімге әкелуіне жол беріледі.
Осы Кодекстің 342-бабы 2-тармағында көрсетілген шетелдік жеке тұлғалардың Еуразиялық экономикалық одаққа мүше мемлекеттерде және Еуразиялық экономикалық одаққа мүше болып табылмайтын мемлекетте тіркелмеген жеке пайдалануға арналған көлік құралдарын Еуразиялық экономикалық одақтың кедендік аумағына уақытша бір жылдан аспайтын мерзімге әкелуге жол беріледі.
Еуразиялық экономикалық одақтың мүшесі болып табылмайтын мемлекетте тіркелген жеке пайдалануға арналған көлік құралдарын Еуразиялық экономикалық одаққа мүше мемлекеттер жеке тұлғаларының Еуразиялық экономикалық одақтың кедендік аумағына уақытша бір жылдан көп емес мерзімге әкелуіне жол беріледі.
2. Осы баптың 1 және 4-тармақтарындағы ережелері осы Кодекстің 381 және 382-баптарына сәйкес Еуразиялық экономикалық одақтың кедендік аумағына жеке пайдалануға арналған көлік құралдарын кедендік баждарды, салықтарды төлеуден босатыла отырып әкелуге құқылы, жеке тұлғалардың Еуразиялық экономикалық одақтың кедендік аумағына уақытша әкелінетін Еуразиялық экономикалық одаққа мүше болып табылмайтын мемлекетте тіркелген және Еуразиялық экономикалық одаққа мүше мемлекеттерде және Еуразиялық экономикалық одаққа мүше болып табылмайтын мемлекеттерде тіркелмеген жеке пайдалануға арналған көлік құралдарына қатысты қолданылмайды.
Көрсетілген жеке пайдалануға арналған көлік құралдарын Еуразиялық экономикалық одақтың кедендік аумағына уақытша әкелу Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес расталатын, көрсетілген жеке тұлғаларға болу мемлекетінде артықшылықтарды ұсыну мерзіміне жол беріледі.
Көрсетілген мерзім ұзартылған жағдайда осы тармақтың бірінші бөлігінде көрсетілген тұлғалардың өтініші бойынша кеден органы жеке пайдалануға арналған көлік құралдарын Еуразиялық экономикалық одақтың кедендік аумағына уақытша әкелу мерзімін осындай ұзарту кезеңіне ұзартады.
3. Осы баптың 1-тармағының екінші және үшінші бөліктерінде көрсетілген, Еуразиялық экономикалық одақтың кедендік аумағының шегінен тыс жерде орналасқан Еуразиялық экономикалық одаққа мүше мемлекеттердің дипломатиялық өкілдіктерінің қызметкерлері, Еуразиялық экономикалық одаққа мүше мемлекеттердің консулдық мекемелерінің жұмыскерлері, Еуразиялық экономикалық одаққа мүше мемлекеттердің халықаралық ұйымдар жанындағы өкілдіктерінің қызметкерлері болып табылатын, Еуразиялық экономикалық одаққа мүше мемлекеттердің жеке тұлғалары уақытша әкелетін жеке пайдалануға арналған көлік құралдарын қоспағанда, Еуразиялық экономикалық одақтың кедендік аумағына жеке пайдалануға арналған көлік құралдарын уақытша әкелуге осы Кодекстің 354-бабына сәйкес кедендік баждарды, салықтарды төлеу бойынша міндеттің орындалуын қамтамасыз ету ұсынылған жағдайда жол беріледі.
4. Еуразиялық экономикалық одаққа мүше болып табылмайтын мемлекеттерде тіркелген шетелдік жеке тұлғалардың Еуразиялық экономикалық одақтың кедендік аумағына жеке пайдалануға арналған екінші және келесі кезекті көлік құралдарын уақытша әкелуіне осындай тұлғалардың Еуразиялық экономикалық одақтың кедендік аумағынан әкетілмеген, бұрын уақытша әкелген жеке пайдалануға арналған көлік құралдары болған кезде осы Кодекстің 354-бабына сәйкес кедендік баждарды, салықтарды төлеу бойынша міндеттердің орындалуы қамтамасыз етілген жағдайда жол беріледі.
Осы тармақтың қолдану мақсаттары үшін жеке пайдалануға арналған екінші және келесі кезекті көлік құралдары деп жеке пайдалануға арналған сол типтегі көлік құралдары (авто- және мотокөлік құралдары, авто- және мотокөлік құралдарының тіркемелері, су кемелері немесе әуе кемелері) сияқты Еуразиялық экономикалық одақтың кедендік аумағына бұрын уақытша әкелінген және Еуразиялық экономикалық одақтың кедендік аумағынан әкетілмеген жеке пайдалануға арналған көлік құралдары түсініледі.
5. Уақытша әкелінген жеке пайдалануға арналған көлік құралдары Еуразиялық экономикалық одақтың кедендік аумағында мұндай көлік құралдары уақытша болуы мүмкін мерзім өткенге дейін, көрсетілген жеке пайдалануға арналған көлік құралдары тәркіленген немесе сот шешімі бойынша мемлекет меншігіне айналдырылған не осы Кодекстің 36-бабының 2-тармағына немесе 456-бабының 6-тармағына сәйкес Еуразиялық экономикалық одақ тауарларының мәртебесін алған не көрсетілген жеке пайдалануға арналған көлік құралдарына қатысты осы Кодекстің 34-бабы 7-тармағының 8) тармақшасында көзделген мән-жайлар басталған жағдайларды қоспағанда, осы бапқа сәйкес Еуразиялық экономикалық одақтың кедендік аумағынан әкету, еркін айналымға шығару мақсатында немесе өзге де мақсаттарда кедендік декларациялауға жатады.
Уақытша әкелінген жеке пайдалануға арналған көлік құралдарының Еуразиялық экономикалық одақтың кедендік аумағында уақытша болуы мүмкін мерзім өткенге дейін декларант осы Кодексте белгіленген тәртіппен осындай көлік құралдарын кедендік рәсімдермен орналастыруға құқылы.
Уақытша әкелінген жеке пайдалануға арналған көлік құралдарының Еуразиялық экономикалық одақтың кедендік аумағында уақытша болуы мүмкін мерзімі өткеннен кейін мұндай көлік құралдары осы Кодексте белгіленген тәртіппен кедендік рәсімдермен орналастырылады не мұндай көлік құралдарына қатысты әкету, еркін айналымға шығару мақсатында немесе осы бапқа сәйкес өзге де мақсаттарда кедендік декларациялау жүзеге асырылады.
Уақытша әкелінген жеке пайдалануға арналған көлік құралдары Қазақстан Республикасының заңдарына сәйкес алып қойылған не оларға тыйым салынған жағдайда мұндай жеке пайдалануға арналған көлік құралдарына қатысты уақытша әкелу мерзімінің өтуі тоқтатыла тұрады.
Уақытша әкелінген жеке пайдалануға арналған көлік құралдарын алып қоюдың не оларға тыйым салудың күшін жою туралы шешім қабылданған жағдайда осындай жеке пайдалануға арналған көлік құралдарын алып қою не оларға тыйым салу осы баптың 9-тармағында көзделген уақытша әкелінген жеке пайдалануға арналған көлік құралдарын декларанттың Еуразиялық экономикалық одақтың кедендік аумағында беру шартын бұзумен байланысты болған жағдайларды қоспағанда, осындай жеке пайдалануға арналған көлік құралдарына қатысты уақытша әкелу мерзімінің өтуі мұндай шешім заңды күшіне енген күнінен бастап қайта басталады.
Оларға қатысты осы баптың 1 немесе 2-тармағында көзделген мерзім өткенге дейін осы тармақта көзделген әрекеттер жасалмаған уақытша әкелінген жеке пайдалануға арналған көлік құралдарын, мұндай кідіртуге дейін осы Кодекстің 351-бабы 2-тармағының 5) тармақшасында көрсетілген мән-жайлар басталған жағдайды қоспағанда, осы Кодекстің 52-тарауына сәйкес қызмет аймағында осындай көлік құралдары болатын кеден органы кідіртеді.
6. Уақытша әкелінген жеке пайдалануға арналған көлік құралдары, егер осы бапта өзгеше белгіленбесе, Еуразиялық экономикалық одақтың кедендік аумағында декларанттың іс жүзінде иелігінде және пайдалануында болуға тиіс.
Декларант уақытша әкелінген жеке пайдалануға арналған көлік құралдарын өзге тұлғаға, соның ішінде осындай көлік құралы меншік құқығымен тиесілі тұлғаға осы бапта белгіленген жағдайларда және шарттармен беруі мүмкін.
7. Егер осы баптың 2-тармағында көрсетілген уақытша әкелінген жеке пайдалануға арналған көлік құралдары:
1) осы Кодекстің 381 және 382-баптарына сәйкес Еуразиялық экономикалық одақтың кедендік аумағына жеке пайдалануға арналған көлік құралдарын кедендік баждарды, салықтарды төлеуден босатыла отырып әкелуге құқылы жеке тұлғаларға - осындай беру жүзеге асырылатын жеке тұлғалардың осындай жеке пайдалануға арналған көлік құралдарын Еуразиялық экономикалық одақтың кедендік аумағына уақытша әкелуі мақсатында кедендік декларациялау жүзеге асырылғаннан кейін;
2) осы тармақтың 1-тармақшасында көрсетілмеген тұлғаларға - мұндай беру жүзеге асырылатын жеке тұлғалардың осындай жеке пайдалануға арналған көлік құралдарын еркін айналымға шығаруы мақсатында кедендік декларациялау жүзеге асырылғаннан кейін берілсе, мұндай жеке пайдалануға арналған көлік құралдарын беруге рұқсат етіледі.
8. Кеден органының рұқсатынсыз және кедендік декларациялаусыз декларанттың жеке пайдалануға арналған мынадай көлік құралдарын:
1) уақытша әкелінген жеке пайдалануға арналған көлік құралдарын - техникалық қызмет көрсету, жөндеу (күрделі жөндеуді, жаңғыртуды қоспағанда) жүргізу және (немесе) сақтау үшін өзге тұлғаның иелік етуіне;
2) Еуразиялық экономикалық одаққа мүше мемлекеттің жеке тұлғасы уақытша әкелген жеке пайдалануға арналған көлік құралын - оның ата-анасына, балаларына, тіркелген некеде тұрған жұбайына (зайыбына);
3) шетелдік жеке тұлға уақытша әкелген жеке пайдалануға арналған көлік құралын - өзге шетелдік жеке тұлғаларға;
4) уақытша әкелінген жеке пайдалануға арналған су немесе әуе кемесін - кеменің техникалық құрылғысында көрсетілген тұлғалардың қатысуынсыз оны пайдалану болжанбайтын жағдайда осы көлік құралдарын пайдалану мақсатында басқару үшін су кемесінің капитанына, әуе кемесінің командиріне, экипаж мүшелеріне;
5) Еуразиялық экономикалық одақтың кедендік аумағының шегінен тыс жерде орналасқан Еуразиялық экономикалық одаққа мүше мемлекеттің дипломатиялық өкілдігіне және (немесе) консулдық мекемесіне, Еуразиялық экономикалық одаққа мүше мемлекеттің халықаралық ұйым жанындағы өкілдігіне тіркелген, Еуразиялық экономикалық одаққа мүше мемлекеттің осындай дипломатиялық өкілдігінде және (немесе) консулдық мекемесінде, Еуразиялық экономикалық одаққа мүше мемлекеттің халықаралық ұйым жанындағы өкілдігінде жұмыс істейтін жеке тұлға уақытша әкелген жеке пайдалануға арналған көлік құралын - Еуразиялық экономикалық одақтың кедендік аумағының шегінен тыс жерде орналасқанЕуразиялық экономикалық одаққа мүше мемлекеттің осындай дипломатиялық өкілдігіне және (немесе) консулдық мекемесіне, Еуразиялық экономикалық одаққа мүше мемлекеттің халықаралық ұйым жанындағы өкілдігінің өзге қызметкеріне беруіне рұқсат етіледі.
9. Кеден органының рұқсатымен және кедендік декларациялаусыз декларанттың мынадай көлік құралдарын:
1) шетелдік жеке тұлға уақытша әкелген жеке пайдалануға арналған көлік құралын - осы Кодекстің 354-бабына сәйкес кедендік баждарды, салықтарды төлеу бойынша міндеттің орындалуы қамтамасыз етілген жағдайда Еуразиялық экономикалық одаққа мүше мемлекеттің жеке тұлғасына;
2) уақытша әкелінген жеке пайдалануға арналған көлік құралын - егер осындай әкетуді декларанттың қайтыс болуы, ауыр науқастануы себебі бойынша немесе өзге де объективті себеп бойынша жүзеге асыру мүмкін болмаса, Еуразиялық экономикалық одақтың кедендік аумағынан жеке пайдалануға арналған осындай көлік құралын әкету үшін өзге де тұлғаға беруіне рұқсат етіледі.
10. Осы баптың 9-тармағының бірінші абзацында көрсетілген кеден органы рұқсатының нысанын және оны кеден органының беруі тәртібін Комиссия айқындайды.
11. Осы баптың 8 және 9-тармақтарында белгіленген жағдайларда, декларантты қоспағанда, уақытша әкелінген жеке пайдалануға арналған көлік құралы берілген жеке тұлғалар осындай көлік құралын Еуразиялық экономикалық одақтың кедендік аумағындағы өзге тұлғаларға беруге құқылы емес.