Еуразиялық экономикалық одақтың кедендік аумағына бұрын әкелінген және ішкі тұтыну үшін шығару кедендік рәсімімен орналастырылған тауарлардың құрамына кіретін бөлшектерді, тораптарды, агрегаттарды ақаулы түрде кепілдік беріліп жөндеу үшін Еуразиялық экономикалық одақтың кедендік аумағынан әкеткен жағдайда, өздерінің сипаты, сапасы және техникалық сипаттамалары бойынша қайта өңдеу өнімдеріне сай келетін шетелдік тауарлар олардың ақаусыз болу және (немесе) тозу жай-күйі ескерілместен, балама шетелдік тауарлар ретінде қаралады.
2. Егер қайта өңдеу өнімдерін балама шетелдік тауарлармен ауыстыруға рұқсат етілетін болса, Еуразиялық экономикалық одақтың тауарлары Еуразиялық экономикалық одақтың кедендік аумағынан әкетілгенге дейін осы балама шетелдік тауарларды Еуразиялық экономикалық одақтың кедендік аумағына әкелуге жол беріледі.
3. Қайта өңдеу өнімдерін ауыстыратын тауарлар кедендік аумақтан тыс қайта өңдеу кедендік рәсіміне сәйкес жөндеуге арналған тауарларға қатысты бірдей не біртекті болып табылатын жағдайда, тауарларды жөндеу кезінде қайта өңдеу өнімдерін ауыстыруға жол беріледі. Бұл ретте тауарлардың ауыстырылатын бөліктері жаңа болуы да, бұрын қолданылған болуы да мүмкін.
4. Жөндеу алынған өнімге бастапқы өнімнің сипатынан елеулі түрде ерекшеленетін сипат беретін болса, тауарларды жөндеу кезінде қайта өңдеу өнімдерін ауыстыруға жол берілмейді.
5. Шарттың (келісімшарттың) тиісті ережелері және тауарларды жөндеуді жүзеге асыратын тұлғаның кепілдік берілген міндеттемелері тауарларды жөндеу кезінде қайта өңдеу өнімдерін ауыстыруға негіз болып табылады.
264-бап. Кедендік аумақтан тыс қайта өңдеу кедендік рәсімі қолданылуының аяқталуы және тоқтатылуы
1. Кедендік аумақтан тыс қайта өңдеу кедендік рәсімі қолданылуының белгіленген мерзімі өткенге дейін осы кедендік рәсімнің қолданылуы қайта өңдеу өнімдерін ішкі тұтыну үшін шығару кедендік рәсімімен, ал Еуразиялық экономикалық одақтың кедендік аумағынан өтеусіз (кепілдік беріп) жөндеу үшін әкетілген тауарлардың қайта өңдеу өнімдерін - осы тармақтың екінші бөлігінде көзделген жағдайды қоспағанда, кері импорт кедендік рәсімімен орналастыру арқылы аяқталады.
Кедендік аумақтан тыс қайта өңдеу кедендік рәсімінің қолданылуы, егер мұндай қайта өңдеу өнімдері ішкі тұтыну үшін шығару кедендік рәсіміне сәйкес шығару кезінде осы тауарларды өтеусіз (кепілдік беріп) жөндеу себебі болған кемшіліктің (кемшіліктердің) болуы ескерілген тауарларды қайта өңдеу өнімдері болып табылса, қайта өңдеу өнімдерін кері импорт кедендік рәсімімен орналастыру арқылы аяқталмайды.
2. Кедендік аумақтан тыс қайта өңдеу кедендік рәсімі қолданылуының белгіленген мерзімі өткенге дейін осы кедендік рәсімнің қолданылуы:
1) осы тармақтың 2) тармақшасында көрсетілген тауарларды қоспағанда, кедендік аумақтан тыс қайта өңдеу кедендік рәсімімен орналастырылған тауарларды экспорт кедендік рәсімімен немесе кері импорт кедендік рәсімімен орналастыру арқылы;
2) осы Кодекстің 256-бабы 3-тармағының 1) тармақшасында көрсетілген, кедендік аумақтан тыс қайта өңдеу кедендік рәсімімен орналастырылған тауарларды кері экспорт кедендік рәсімімен орналастыру арқылы;
3) Комиссия айқындайтын жағдайларда, шарттарда және тәртіппен қайта өңдеу өнімдерін экспорт кедендік рәсімімен орналастыру арқылы аяқталуы мүмкін.
3. Егер Қазақстан Республикасының заңнамасында кедендік аумақтан тыс қайта өңдеу кедендік рәсімімен орналастырылған тауарлар және (немесе) оларды қайта өңдеу өнімдері Қазақстан Республикасының аумағына міндетті түрде қайтарылуға жататыны белгіленсе, кедендік аумақтан тыс қайта өңдеу кедендік рәсімінің қолданылуы тауарларды экспорт кедендік рәсімімен орналастыру арқылы аяқталмайды.
4. Қайта өңдеу өнімдері бір немесе бірнеше партиямен кедендік рәсімдермен орналастырылуы мүмкін.
5. Кедендік аумақтан тыс қайта өңдеу кедендік рәсімінің белгіленген қолдану мерзімі өткен соң осы кедендік рәсімнің қолданылуы тоқтатылады.
6. Кедендік аумақтан тыс қайта өңдеу нәтижесінде пайда болған қалдықтар оларды кейіннен коммерциялық пайдалану үшін жарамсыз күйде қайта өңделетін жағдайды қоспағанда, өзге кедендік рәсіммен орналастыруға жатады. Бұл ретте қалдықтар деп тауарларды кедендік аумақтан тыс қайта өңдеу жөніндегі операцияларды жасау нәтижесінде пайда болған тауарлар деп түсініледі.
7. Кедендік аумақтан тыс қайта өңдеу кедендік рәсімімен орналастырылған, кедендік аумақтан тыс қайта өңдеу жөніндегі операцияларды жасау нәтижесінде қайтарымсыз жоғалған және кеден органдары Еуразиялық экономикалық одақтың кедендік аумағынан тыс тауарларды қайта өңдеу шарттары туралы құжатта көрсетілген құны мен саны шегінде өндірістік ысыраптар деп таныған Еуразиялық экономикалық одақтың тауарлары кедендік аумақтан тыс қайта өңдеу кедендік рәсімінің қолданылуы аяқталған кезде кедендік рәсімдермен орналастыруға жатпайды.
8. Қайта өңдеу жөніндегі операцияларды жасау нәтижесінде пайда болған тауарлардың қалдықтары шығу нормаларына сәйкес өзге де кедендік рәсіммен орналастырылуға жатады. Бұл ретте тауарлардың қалдықтары деп тауарларды қайта өңдеу жөніндегі операцияларды жасау кезінде пайдаланылмаған тауарлар түсініледі.
9. Кедендік аумақтан тыс қайта өңдеу кедендік рәсімімен тауарларды орналастырған тұлға бақылауды жүзеге асыратын кеден органына қайта өңдеу мерзімі аяқталған күннен бастап күнтізбелік отыз күн ішінде кедендік аумақтан тыс қайта өңдеу кедендік рәсімін қолдану туралы есепті ұсынуға міндетті.
Кедендік аумақтан тыс қайта өңдеу кедендік рәсімін қолдану туралы есептің нысанын уәкілетті орган бекітеді.
265-бап. Кедендік аумақтан тыс қайта өңдеу кедендік рәсімімен орналастырылатын (орналастырылған) Еуразиялық экономикалық одақтың тауарларына қатысты кедендік әкету баждарын төлеу жөніндегі міндеттің туындауы және тоқтатылуы, оларды төлеу мерзімі және есептеу
1. Кедендік аумақтан тыс қайта өңдеу кедендік рәсімімен орналастырылатын Еуразиялық экономикалық одақтың тауарларына қатысты кедендік әкету баждарын төлеу жөніндегі міндет декларантта тауарларға арналған декларацияны кеден органы тіркеген кезден бастап туындайды.
2. Кедендік аумақтан тыс қайта өңдеу кедендік рәсімімен орналастырылатын (орналастырылған) Еуразиялық экономикалық одақтың тауарларына қатысты кедендік әкету баждарын төлеу жөніндегі міндет декларантта мынадай мән-жайлар басталған кезде:
1) осы Кодекстің 264-бабына сәйкес кедендік аумақтан тыс қайта өңдеу кедендік рәсімінің қолданылуы аяқталғанда, оның ішінде осы баптың 4-тармағының 1) тармақшасында көрсетілген мән-жайлар басталғаннан кейін;
2) кедендік аумақтан тыс қайта өңдеу кедендік рәсімінің қолданылуы тоқтатылған тауарларды және (немесе) қолданылуы тоқтатылған осындай кедендік рәсімді қолдану шеңберінде Еуразиялық экономикалық одақтың кедендік аумағынан тыс қайта өңдеу жөніндегі операциялар нәтижесінде алынған (пайда болған) тауарларды осы Кодекстің 209-бабының 7-тармағына сәйкес кедендік рәсімдермен орналастырғанда;
3) кедендік әкету баждарын төлеу жөніндегі міндет орындалғанда және (немесе) олар осы баптың 5-тармағына сәйкес есептелген және төлеуге жататын мөлшерлерде өндіріп алынғанда;
4) тауарларға арналған декларацияны тіркеу кезінде туындаған кедендік әкету баждарын төлеу жөніндегі міндетке қатысты - кедендік аумақтан тыс қайта өңдеу кедендік рәсіміне сәйкес тауарларды шығарудан бас тартылғанда;
5) тауарларға арналған декларацияны тіркеу кезінде туындаған кедендік әкету баждарын төлеу жөніндегі міндетке қатысты - осы Кодекстің 184-бабына сәйкес тауарларға арналған декларация кері қайтарып алынғанда және (немесе) осы Кодекстің 192-бабы 5-тармағына сәйкес тауарлардың шығарылымы жойылғанда;
6) Қазақстан Республикасының заңдарына сәйкес тауарлар тәркіленгенде немесе мемлекет меншігіне айналдырылғанда;
7) кеден органы тауарларды осы Кодекстің 52-тарауына сәйкес кідірткенде;
8) қылмыстық құқық бұзушылық туралы хабарламаны тексеру барысында, қылмыстық іс немесе әкімшілік құқық бұзушылық туралы іс бойынша іс жүргізу барысында алып қойылған немесе тыйым салынған және егер бұрын осындай тауарларды шығару жүргізілмесе, оларды қайтару туралы шешім қабылданған тауарлар уақытша сақтауға қойылғанда немесе кедендік рәсімдердің бірімен орналастырылғанда тоқтатылады.
3. Кедендік аумақтан тыс қайта өңдеу кедендік рәсімімен орналастырылған Еуразиялық экономикалық одақтың тауарларына қатысты кедендік әкету баждарын төлеу жөніндегі міндет осы баптың 4-тармағында көрсетілген мән-жайлар басталған кезде орындауға жатады.
4. Мынадай мән-жайлар басталған кезде кедендік әкету баждарын төлеу мерзімі болып:
1) осы баптың 1-тармағында көрсетілген тауарлар кедендік аумақтан тыс қайта өңдеу кедендік рәсімінің қолданылуы аяқталғанға дейін жоғалған жағдайда - осы тауарлардың жоғалған күні, ал егер бұл күн анықталмаса, - кеден органы осындай тауарлардың жоғалу фактісін анықтаған күн;
2) осы Кодекстің 264-бабына сәйкес кедендік аумақтан тыс қайта өңдеу кедендік рәсімінің қолданылуы аяқталмаған жағдайда - кедендік аумақтан тыс қайта өңдеу кедендік рәсімінің қолданылу мерзімі өткен күн есептеледі.
5. Осы баптың 4-тармағында көрсетілген мән-жайлар басталған кезде кедендік әкету баждары кедендік аумақтан тыс қайта өңдеу кедендік рәсімімен орналастырылған Еуразиялық экономикалық одақтың тауарлары кедендік әкету баждарын төлеу жөніндегі жеңілдіктер қолданылмай, экспорт кедендік рәсімімен орналастырылғандай етіп төлеуге жатады.
Кедендік әкету баждарын есептеу үшін кедендік аумақтан тыс қайта өңдеу кедендік рәсімімен тауарларды орналастыру үшін берілген тауарларға арналған декларацияны кеден органы тіркеген күні қолданыста болатын кедендік әкету баждарының мөлшерлемелері қолданылады.
6. Кедендік әкету баждарын төлеу жөніндегі міндет орындалғаннан кейін және (немесе) олар өндіріп алынғаннан (толық немесе ішінара) кейін кедендік аумақтан тыс қайта өңдеу кедендік рәсімінің қолданылуы аяқталған не осы Кодекстің 209-бабының 7-тармағына сәйкес тауарлар осы Кодексте көзделген кедендік рәсімдермен орналастырылған не кеден органдары тауарларды осы Кодекстің 52-тарауына сәйкес кідірткен жағдайда, кедендік әкету баждарының осы бапқа сәйкес төленген және (немесе) өндіріп алынған сомасы осы Кодекстің 11-тарауына сәйкес есепке жатқызуға (қайтаруға) жатады.
266-бап. Ішкі тұтыну үшін шығару кедендік рәсімімен қайта өңдеу өнімдерін орналастырған кезде оларға қатысты кедендік әкелу баждарын, салықтарды есептеу және төлеу ерекшеліктері
1. Ішкі тұтыну үшін шығару кедендік рәсімімен қайта өңдеу өнімдерін орналастырған кезде кедендік әкелу баждары Еуразиялық экономикалық одақтың кедендік аумағынан тыс қайта өңдеу жөніндегі операциялардың құны негізге алынып есептеледі.
2. Еуразиялық экономикалық одақтың кедендік аумағынан тыс қайта өңдеу жөніндегі операциялардың құны мыналарға:
1) қайта өңдеу (жөндеу) жөніндегі операцияларға;
2) егер қайта өңдеу (жөндеу) процесінде пайдаланылған шетелдік тауарлар қайта өңдеу (жөндеу) жөніндегі операцияларға жұмсалатын шығыстарға қосылмаған болса, соларға арналған іс жүзінде шеккен шығыстардың жиынтығы ретінде айқындалады.
3. Егер Еуразиялық экономикалық одақтың кедендік аумағынан тыс тауарларды қайта өңдеу жөніндегі операциялардың қайта өңдеу өнімдерін кедендік декларациялау кезінде мәлімделген құны құжаттамамен расталмаса не ұсынылған құжаттар мұндай операциялардың құны туралы мәлімделген мәліметтерді растамаса, ол қайта өңдеу өнімдерінің кедендік құны мен кедендік аумақтан тыс қайта өңдеу кедендік рәсімімен орналастырылған тауарлар құнының айырмасы ретінде айқындалады.
4. Қайта өңдеу өнімдеріне кедендік әкелу баждарының өзіндік ерекшелігі бар мөлшерлемелері қолданылатын жағдайда, кедендік әкелу баждарының төлеуге жататын сомасы, егер қайта өңдеу өнімдері ішкі тұтыну үшін шығару кедендік рәсімімен орналастырылған болса, қайта өңдеу өнімдеріне қатысты өзіндік ерекшелігі бар мөлшерлеме бойынша есептелген кедендік әкелу баждарының сомасын Еуразиялық экономикалық одақтың кедендік аумағынан тыс қайта өңдеу жөніндегі операциялар құнының қайта өңдеу өнімдерінің кедендік құнына арақатынасына көбейту ретінде айқындалады.
2019.02.04. № 241-VІ ҚР Заңымен 5-тармақ жаңа редакцияда (бұр.ред.қара)
5. Қайта өңдеу өнімдерін ішкі тұтыну үшін шығару кедендік рәсімімен орналастыру кезінде салықтар мынадай тәртіппен есептеледі:
1) есептелуге жататын қосылған құн салығының сомасы тауарларды Еуразиялық экономикалық одақтың кедендік аумағынан тыс жерде қайта өңдеу жөніндегі операциялардың құны негізге алынып айқындалады.
Егер қайта өңдеу өнімдерін кедендік декларациялау кезінде мәлімделген тауарларды Еуразиялық экономикалық одақтың кедендік аумағынан тыс жерде қайта өңдеу жөніндегі операциялардың құны құжатпен расталмаған не ұсынылған құжаттар осындай операциялардың құны туралы мәлімделген мәліметтерді растамаған жағдайда, ол осы баптың 3-тармағына сәйкес айқындалады.
Еуразиялық экономикалық одақтың кедендік аумағынан тыс жерде қайта өңдеу жөніндегі операциялардың құны осы баптың 2-тармағына сәйкес айқындалады;
2) осы тармақшаның екінші бөлігінде көрсетілген жағдайды қоспағанда, акциз толық көлемде есептеледі.
Егер Еуразиялық экономикалық одақтың кедендік аумағынан әкетілген тауарларды жөндеу Еуразиялық экономикалық одақтың кедендік аумағынан тыс жерде қайта өңдеу жөніндегі операция болып табылған жағдайда, акциздер есептелмейді және төленбейді.
6. Егер осы баптың 7-тармағында өзгеше белгіленбесе, ішкі тұтыну үшін шығару кедендік рәсімімен қайта өңдеу өнімдерін орналастырған кезде кедендік әкелу баждары, салықтар осы баптың 1, 2, 3, 4 және 5-тармақтарына сәйкес есептелген кедендік әкелу баждарының, салықтардың сомасы мөлшерінде төлеуге жатады.
7. Осы Кодекстің 256-бабы 3-тармағының 1) тармақшасында көрсетілген шетелдік тауарларға қатысты Еуразиялық экономикалық одақтың кедендік аумағынан тыс қайта өңдеу жөніндегі операцияларды жасау нәтижесінде алынған қайта өңдеу өнімдерін ішкі тұтыну үшін шығару кедендік рәсімімен орналастыру кезінде осы Кодекстің 216-бабының 11-тармағына сәйкес осы шетелдік тауарларға қатысты кедендік әкелу баждарын, салықтарды төлеу мерзімі басталатын жағдайларды қоспағанда, осы баптың 1, 2, 3, 4 және 5-тармақтарына сәйкес есептелген кедендік әкелу баждары, салықтар төленбейді.
Осы Кодекстің 256-бабы 3-тармағының 1) тармақшасында көрсетілген шетелдік тауарларға қатысты Еуразиялық экономикалық одақтың кедендік аумағынан тыс қайта өңдеу жөніндегі операцияларды жасау нәтижесінде алынған қайта өңдеу өнімдеріне қатысты кедендік әкелу баждарын, салықтарды төлеу жөніндегі міндет осы шетелдік тауарларға қатысты кедендік әкелу баждарын, салықтарды төлеу жөніндегі міндет тоқтатылған кезде тоқтатылады.
267-бап. Еуразиялық экономикалық одақтың кедендік аумағынан тыс қайта өңдеу жөніндегі операцияларға ұшырамаған тауарларды және қайта өңдеу өнімдерін экспорт кедендік рәсімімен орналастырған кезде оларға қатысты кедендік әкету баждарын есептеу және төлеу ерекшеліктері
1. Еуразиялық экономикалық одақтың кедендік аумағынан тыс қайта өңдеу жөніндегі операцияларға ұшырамаған тауарларды экспорт кедендік рәсімімен орналастырған кезде кедендік әкету баждарын есептеу үшін кедендік аумақтан тыс қайта өңдеу кедендік рәсімімен тауарларды орналастыру үшін берілген тауарларға арналған декларацияны кеден органы тіркеген күні қолданыста болатын кедендік әкету баждарының мөлшерлемелері қолданылады.
Егер кедендік әкету баждарын есептеу үшін шетел валютасын Қазақстан Республикасының ұлттық валютасына қайта есептеуді жүргізу талап етілсе, мұндай қайта есептеу осы тармақтың бірінші бөлігінде көрсетілген күні қолданыста болатын валюта бағамы бойынша жүргізіледі.
2. Осы Кодекстің 264-бабы 2-тармағының 3) тармақшасына сәйкес белгіленген жағдайларда экспорт кедендік рәсімімен орналастырылатын қайта өңдеу өнімдеріне қатысты кедендік әкету баждарын, салықтарды есептеу және төлеу ерекшеліктерін Комиссия осындай жағдайлар анықталған кезде айқындайды.
28-тарау. ІШКІ ТҰТЫНУ ҮШІН ҚАЙТА ӨҢДЕУ КЕДЕНДІК РӘСІМІ
268-бап. Ішкі тұтыну үшін қайта өңдеу кедендік рәсімінің мазмұны және қолданылуы
1. Ішкі тұтыну үшін қайта өңдеу кедендік рәсімі шетелдік тауарларға қатысты қолданылатын кедендік рәсім болып табылады, оған сәйкес тауарларды осы кедендік рәсіммен орналастыру және оларды осындай кедендік рәсімге сәйкес пайдалану шарттары сақталған кезде осындай шетелдік тауарларға қатысты кедендік әкелу баждары төленбей, кейіннен ішкі тұтыну үшін шығару кедендік рәсімімен орналастыруға арналған оларды қайта өңдеу өнімдерін алу мақсатында осындай тауарлармен ішкі тұтыну үшін қайта өңдеу жөніндегі операциялар жасалады.
2. Ішкі тұтыну үшін қайта өңдеу кедендік рәсімімен орналастырылған тауарлар шетелдік тауарлар мәртебесін сақтайды, ал ішкі тұтыну үшін қайта өңдеу жөніндегі операциялар нәтижесінде алынған (пайда болған) тауарлар (қайта өңдеу өнімдері, қалдықтар және қалғандары) шетелдік тауарлар мәртебесіне ие болады.
3. Ішкі тұтыну үшін қайта өңдеу кедендік рәсімі Қазақстан Республикасының заңнамасында тізбесі айқындалатын тауарларға қатысты қолданылады.
269-бап. Ішкі тұтыну үшін қайта өңдеу кедендік рәсімімен тауарларды орналастыру және оларды осындай кедендік рәсімге сәйкес пайдалану шарттары
1. Мыналар:
1) Қазақстан Республикасының уәкілетті мемлекеттік органы берген және осы Кодекстің 273-бабында айқындалған мәліметтер қамтылатын, тауарларды ішкі тұтыну үшін қайта өңдеу шарттары туралы құжаттың болуы;
2) кеден органдарының ішкі тұтыну үшін қайта өңдеу кедендік рәсімімен орналастырылған шетелдік тауарларды оларды қайта өңдеу өнімдерінде сәйкестендіру мүмкіндігі;
3) егер ішкі тұтыну үшін қайта өңдеу кедендік рәсімімен тауарларды орналастыру күні тауарларды ішкі тұтыну үшін қайта өңдеу шарттары туралы құжатта қамтылатын қайта өңдеу өнімдерінің шығу нормалары ескеріле отырып, оларды Еуразиялық экономикалық одақтың кедендік аумағына әкелу кезінде олар ішкі тұтыну үшін шығару кедендік рәсімімен орналастырылатын болса, қайта өңдеу өнімдеріне қатысты есептелген кедендік әкелу баждарының сомалары осындай тауарлар ішкі тұтыну үшін шығару кедендік рәсімімен орналастырылатын болса, ішкі тұтыну үшін қайта өңдеу кедендік рәсімімен орналастырылатын тауарларға қатысты есептелген кедендік әкелу баждарының сомаларынан аз болса;
4) қайта өңдеу өнімдерін экономикалық тиімді тәсілмен бастапқы жай-күйіне дейін қалпына келтірудің мүмкін болмауы;
5) арнайы, демпингке қарсы, өтемақы баждарын төлеу;
6) егер салықтарды төлеу жөніндегі жеңілдіктер берілмесе, салықтарды төлеу;
7) арнайы, демпингке қарсы, өтемақы баждарына және (немесе) Одақ туралы шарттың 50-бабына сәйкес белгіленген өзге де баждарға қарағанда өзгеше түрде белгіленген ішкі нарықты қорғау шараларын сақтау;
8) осы Кодекстің 8-бабына сәйкес тыйым салулар мен шектеулерді сақтау ішкі тұтыну үшін қайта өңдеу кедендік рәсімімен тауарларды орналастыру шарттары болып табылады.
2. Мыналар:
1) ішкі тұтыну үшін қайта өңдеу кедендік рәсімінің белгіленген қолданылу мерзімін сақтау;
2) ішкі тұтыну үшін қайта өңдеу кедендік рәсімімен орналастырылған тауарлармен операциялар жасау кезінде осы Кодекстің 271-бабының ережелерін сақтау;
3) тауарларды ішкі тұтыну үшін қайта өңдеу шарттары туралы құжатта көрсетілген тұлғаларда ішкі тұтыну үшін қайта өңдеу кедендік рәсімімен орналастырылған тауарлардың болуы және осы тұлғалардың тауарларды қайта өңдеу жөніндегі операцияларды жасау үшін осындай тауарларды пайдалануы тауарларды ішкі тұтыну үшін қайта өңдеу кедендік рәсіміне сәйкес пайдалану шарттары болып табылады.
3. Осы тарауды қолдану мақсаттары үшін кеден органының шетелдік тауарларды қайта өңдеу өнімдерінде сәйкестендіруі деп қайта өңдеу өнімдерін алу мақсатында ішкі тұтыну үшін тауарларды қайта өңдеу жөніндегі операцияларға ішкі тұтыну үшін қайта өңдеу кедендік рәсімімен орналастырылған тауарлардың ұшырағанын осы Кодекстің 272-бабында айқындалған тәсілдердің біреуімен анықтау түсініледі.
270-бап. Ішкі тұтыну үшін қайта өңдеу кедендік рәсімінің қолданылу мерзімі
1. Ішкі тұтыну үшін қайта өңдеу кедендік рәсімінің қолданылу мерзімі тауарларды ішкі тұтыну үшін қайта өңдеу шарттары туралы құжатта айқындалған ішкі тұтыну үшін тауарларды қайта өңдеу мерзімі негізінде белгіленеді.
2. Ішкі тұтыну үшін қайта өңдеу кедендік рәсімінің белгіленген қолданылу мерзімі ішкі тұтыну үшін тауарларды қайта өңдеу мерзімін ұзарту кезінде тұлғаның өтініші бойынша ұзартылады.
3. Тауарларды ішкі тұтыну үшін қайта өңдеу мерзімін ұзарту кезінде ішкі тұтыну үшін қайта өңдеу кедендік рәсімінің қолданылу мерзімін ұзарту үшін декларант көрсетілген кедендік рәсімнің қолданылу мерзімінің аяқталуынан кешіктірмей, тауарларды ішкі тұтыну үшін қайта өңдеу кедендік рәсімімен орналастыру жүргізілген кеден органына осындай ұзартудың қажеттігі туралы өтінішті ұсынып, мұндай құжатта көрсетілген, тауарларды ішкі тұтыну үшін қайта өңдеу мерзімін ұзартуды растайтын уәкілетті мемлекеттік органның құжатын қоса береді.
Декларанттың тауарларды ішкі тұтыну үшін қайта өңдеу кедендік рәсімінің қолданылу мерзімін ұзарту туралы өтінішін кеден органы аталған өтініш кеден органында тіркелген күннен бастап он жұмыс күнінен кешіктірмей қарауға тиіс. Кеден органы өтінішті қарау нәтижелері бойынша тауарларды ішкі тұтыну үшін қайта өңдеу кедендік рәсімінің қолданылу мерзімін ұзарту не мұндай ұзартудан бас тарту туралы шешім қабылдайды.
Көрсетілген кезеңде тауарларды ішкі тұтыну үшін қайта өңдеу кедендік рәсімінің қолданылу мерзімінің өтуі тоқтатыла тұрады. Кеден органы тауарларды ішкі тұтыну үшін қайта өңдеу кедендік рәсімінің қолданылу мерзімін ұзарту туралы шешім қабылдаған жағдайда, көрсетілген мерзім осындай шешімді қабылдаған күнге қарамастан, алдыңғы мерзім аяқталған күннен бастап ұзартылады.
Декларант тауарларды ішкі тұтыну үшін қайта өңдеу шарттары туралы құжатта көрсетілген, тауарларды ішкі тұтыну үшін қайта өңдеу мерзімін ұзартуды растайтын уәкілетті мемлекеттік органның құжатын ұсынбаған жағдайда кеден органы ішкі тұтыну үшін қайта өңдеу кедендік рәсімінің қолданылу мерзімін ұзартудан бас тартады.
Көрсетілген жағдайда кеден органының лауазымды адамы кеден органының ішкі тұтыну үшін қайта өңдеу кедендік рәсімінің қолданылу мерзімін ұзартудан бас тарту туралы шешімін декларантқа жібереді.
Тауарларды ішкі тұтыну үшін қайта өңдеу кедендік рәсімімен орналастыруды жүргізген кеден органының лауазымды адамы тауарларды ішкі тұтыну үшін қайта өңдеу кедендік рәсімінің қолданылу мерзімін ұзартқан жағдайда, тауарларға арналған декларацияға тиісті өзгерістер енгізіліп, декларант осындай өзгерістердің енгізілгені туралы хабардар етіледі.
Ішкі тұтыну үшін қайта өңдеу кедендік рәсімінің қолданылу мерзімін ұзартудан бас тартылған жағдайда осындай кедендік рәсімнің қолданылуы осы Кодекстің 277-бабына сәйкес аяқталуға жатады.
271-бап. Ішкі тұтыну үшін қайта өңдеу жөніндегі операциялар
1. Ішкі тұтыну үшін қайта өңдеу жөніндегі операциялар:
1) тауарларды қайта өңдеуді немесе өңдеуді;
2) монтаждауды, жинауды, бөлшектеуді және шақтауды қоса алғанда, тауарларды дайындауды қамтиды.
2. Ішкі тұтыну үшін қайта өңдеу жөніндегі операцияларға:
1) тауарларды сатуға және тасымалдауға (тасуға) дайындау кезінде олардың сақталуын қамтамасыз ету жөніндегі операциялар, оның ішінде тауарлар өздерінің жеке-дара сипаттамаларын жоғалтпайтын тауарларды орау, өлшеп-орау және сұрыптау;
2) төл алу, құстарды, балықтарды қоса алғанда, жануарларды өсіру және бордақылау, сондай-ақ шаян тәріздестер мен моллюскілерді өсіру;
3) ағаштар мен өзге де өсімдіктерді өсіру;
4) ақпаратты, аудио- және бейнежазбаларды ақпарат жеткізгіштердің кез келген түріне көшіру және көбейту;
5) Комиссия айқындайтын өзге де операциялар жатпайды.
3. Ішкі тұтыну үшін қайта өңдеу жөніндегі операцияларды жасаған кезде Еуразиялық экономикалық одақтың тауарларын пайдалануға жол беріледі.