Қазақстан Республикасының
Заңы
Азаматтық қорғау туралы
(2017.13.06. берілген өзгерістер мен толықтырулармен)
Осы редакция 2018 жылғы 24 мамырда енгізілген өзгерістеріне дейін қолданылды
Осы Заңға өзгерістер енгізу туралы:
ҚР 2017 жылғы 27 желтоқсандағы № 126-VІ Заңын қараңыз (ресми жарияланған күнінен кейін алты ай өткен соң қолданысқа енгізіледі)
Осы Заң азаматтық қорғау жөніндегі іс-шараларды жүргізу процесінде туындайтын қоғамдық қатынастарды реттейді әрі табиғи және техногендік сипаттағы төтенше жағдайлар мен олардың салдарларының алдын алуға және оларды жоюға, төтенше жағдай аймағындағы халыққа шұғыл медициналық және психологиялық көмек көрсетуге, өрт қауіпсіздігі мен өнеркәсіптік қауіпсіздікті қамтамасыз етуге бағытталған, сондай-ақ Қазақстан Республикасы азаматтық қорғанысының негізгі міндеттерін, құрылуы мен жұмыс iстеуінің ұйымдастырушылық қағидаттарын, мемлекеттік материалдық резервті қалыптастыруды, сақтауды және пайдалануды, авариялық-құтқару қызметтері мен құралымдарының ұйымдастырылуы мен қызметін айқындайды.
1-БӨЛІМ. ЖАЛПЫ ЕРЕЖЕЛЕР
1-тарау. НЕГІЗГІ ЕРЕЖЕЛЕР
1-бап. Осы Заңда пайдаланылатын негiзгi ұғымдар
Осы Заңда мынадай негізгі ұғымдар пайдаланылады:
1) авария - ғимараттардың, құрылыстардың және (немесе) техникалық құрылғылардың қирауы, бақыланбайтын жарылыс және (немесе) қауiптi заттардың шығарындысы;
2) авариялық-құтқару жұмыстары - адамдарды, материалдық және мәдени құндылықтарды іздеу және құтқару, төтенше жағдай аймағындағы халыққа шұғыл медициналық және психологиялық көмек көрсету, төтенше жағдай аймағында және әскери іс-қимылдар жүргізу кезінде қоршаған ортаны қорғау, оларға тән қауіпті факторлардың әсерін оқшаулау және басу немесе ең төменгі мүмкін болатын деңгейге дейін жеткізу жөніндегі іс-қимылдар;
3) авариялық-құтқару құралымы - авариялық-құтқару жұмыстары мен кезек күттірмейтін жұмыстарды жүргізуге арналған дербес немесе аттестатталған авариялық-құтқару қызметінің құрамына кіретін азаматтық қорғау күштерінің ұйымдық-құрылымдық бірлігі;
4) авариялық-құтқару қызметі - бірыңғай жүйеге функционалдық біріктірілген, төтенше жағдайлардың алдын алу және оларды жою жөніндегі міндеттерді шешуге арналған, азаматтық қорғаудың ұйымдық-біріктірілген басқару органдарының, авариялық-құтқару құралымдары мен құралдарының жиынтығы;
5) адамдар жаппай болатын объект - бір мезгілде жүз және одан көп адамның болуына есептелген сауда, қоғамдық тамақтану, тұрмыстық қызмет көрсету кәсіпорындарының, дене шынықтыру-сауықтыру, спорттық, мәдени-ағарту және ойын-сауық ұйымдарының, көңіл көтеру орындарының, барлық көлік түрлері вокзалдарының, ғибадат үйлерінің (құрылыстарының) ғимараты, құрылысы, үй-жайы, сондай-ақ бір мезгілде жиырма бес және одан көп адамның болуына есептелген денсаулық сақтау, білім беру ұйымдарының, қонақ үйлердің ғимараты, құрылысы;
6) азаматтық қорғаныс - Қазақстан Республикасының халқы мен аумағын қазіргі заманғы зақымдаушы құралдардың зақымдау (қирату) факторларының әсерінен, табиғи және техногендік сипаттағы төтенше жағдайлардан қорғау жөнінде бейбіт уақытта және соғыс уақытында жүргізілетін жалпымемлекеттік іс-шаралар кешенін іске асыруға арналған азаматтық қорғаудың мемлекеттік жүйесінің құрамдас бөлігі;
7) азаматтық қорғаныстың әскери бөлімдері - бейбіт уақытта және соғыс уақытында азаматтық қорғау іс-шараларын орындайтын, азаматтық қорғау саласындағы уәкілетті органның әскери бөлімдері;
8) азаматтық қорғаныстың қорғаныш құрылыстары қоры - азаматтық қорғаныс бойынша санаттарға жатқызылған ұйымдардың жұмыскерлері мен халықты қазіргі заманғы зақымдаушы құралдардың зақымдау (қирату) факторларының әсерінен, сондай-ақ төтенше жағдайлар кезінде қорғау үшін арнайы жабдықталған және соған арналған инженерлік құрылыстар жиынтығы;
9) азаматтық қорғаныстың қорғаныш құрылысы - халықты қазіргі заманғы зақымдаушы құралдардың зақымдау (қирату) факторларының әсерінен қорғау үшін арнайы жабдықталған және соған арналған инженерлік құрылыс;
10) азаматтық қорғау - өрт қауіпсіздігі мен өнеркәсіптік қауіпсіздікті қамтамасыз ету, мемлекеттік материалдық резервті қалыптастыру, сақтау және пайдалану жөніндегі іс-шараларды қамтитын, табиғи және техногендік сипаттағы төтенше жағдайлар мен олардың салдарларының алдын алуға және оларды жоюға, азаматтық қорғанысты ұйымдастыруға және жүргізуге, төтенше жағдай аймағындағы халыққа шұғыл медициналық және психологиялық көмек көрсетуге бағытталған, бейбіт уақытта және соғыс уақытында жүргізілетін жалпымемлекеттік іс-шаралар кешені;
11) азаматтық қорғаудың арнайы іс-шаралары - азаматтық қорғау қызметтерінің Қазақстан Республикасының халқын, объектілері мен аумағын төтенше жағдайлар мен әскери қақтығыстар кезінде немесе осы қақтығыстар салдарынан туындайтын қауіптерден қорғауға бағытталған, жұмыстарды инженерлік, радиациялық, химиялық, медициналық, өртке қарсы, көліктік, материалдық-техникалық, гидрометеорологиялық және өзге де қамтамасыз ету бойынша күні бұрын немесе жедел іс-қимыл жасауы;
12) азаматтық қорғаудың құлақтандыру жүйесі - халыққа және мемлекеттік органдарға адамдардың өмірі мен денсаулығына төнген қатер туралы, қалыптасқан жағдайда әрекет ету тәртібі туралы хабар беруді қамтамасыз ететін бағдарламалық және техникалық құралдар жиынтығы;
13) азаматтық қорғаудың мемлекеттік жүйесі - Қазақстан Республикасының халқын, объектілері мен аумағын төтенше жағдайлар мен әскери қақтығыстар кезінде немесе осы қақтығыстар салдарынан туындайтын қауіптерден қорғау жөніндегі жалпымемлекеттік іс-шаралар кешенін іске асыруға арналған, азаматтық қорғаудың басқару органдарының, күштері мен құралдарының жиынтығы;
14) азаматтық қорғау күштері - азаматтық қорғаныстың әскери бөлімдері, авариялық-құтқару қызметтері мен құралымдары, мемлекеттік және мемлекеттік емес өртке қарсы қызмет бөлімшелері, азаматтық қорғау құралымдары, азаматтық қорғау саласындағы уәкілетті органның авиациясы, жағдайды байқау, бақылау және болжау қызметтері;
15) азаматтық қорғау құралдары - халықты қорғау және азаматтық қорғау күштерін жарақтандыру үшін қолданылатын материалдық-техникалық мүлік;
16) азаматтық қорғау қызметі - азаматтық қорғаудың арнайы іс-шараларын орындауға арналған азаматтық қорғаудың басқару органдары мен күштерінің республикалық, облыстық, қалалық, аудандық жүйелері;
2014.29.09. № 239-V ҚР Заңымен 17) тармақша жаңа редакцияда (бұр.ред.қара)
17) азаматтық қорғау органдары - азаматтық қорғау саласындағы уәкілетті орган, оның ведомствосы, аумақтық бөлімшелері және оның ведомствосына ведомстволық бағынысты мемлекеттік мекемелер;
2014.29.09. № 239-V ҚР Заңымен 18) тармақша жаңа редакцияда (бұр.ред.қара)
18) азаматтық қорғау саласындағы мемлекеттік бақылау және қадағалау - өз құзыреті шегінде Қазақстан Республикасының азаматтық қорғау саласындағы заңнамасының талаптарын жеке және заңды тұлғалардың сақтауын қамтамасыз етуге бағытталған, азаматтық қорғау саласындағы және өнеркәсіптік қауіпсіздік саласындағы уәкілетті органдардың қызметі;
2014.29.09. № 239-V ҚР Заңымен 19) тармақша жаңа редакцияда (бұр.ред.қара)
19) азаматтық қорғау саласындағы уәкілетті орган (бұдан әрі - уәкілетті орган) - табиғи және техногендік сипаттағы төтенше жағдайлардың алдын алу және жою, халыққа шұғыл медициналық және психологиялық көмек көрсету, өрт қауіпсіздігін және Азаматтық қорғанысты ұйымдастыруды қамтамасыз ету бөлігінде азаматтық қорғау саласында басшылықты және салааралық үйлестіруді, мемлекеттік саясатты әзірлеуді және іске асыруды жүзеге асыратын орталық атқарушы орган;
2014.29.09. № 239-V ҚР Заңымен 19-1) тармақшамен толықтырылды
19-1) азаматтық қорғау саласындағы уәкілетті органның ведомствосы (бұдан әрі - ведомство) - табиғи және техногендік сипаттағы төтенше жағдайлардың алдын алу және жою, халыққа шұғыл медициналық және психологиялық көмек көрсету, өрт қауіпсіздігін қамтамасыз ету бөлігінде азаматтық қорғау саласында мемлекеттік саясатты іске асыруды және Азаматтық қорғанысты ұйымдастыруды жүзеге асыратын орталық атқарушы органның ведомствосы;
2014.29.12. № 269-V ҚР Заңымен 19-2) тармақшамен толықтырылды
19-2) аккредиттеу - сараптама ұйымының өрт қауіпсіздігі саласында аудит жүргізу жөніндегі жұмыстарды орындау құқықтылығын ведомствоның ресми тануы;
2014.29.12. № 269-V ҚР Заңымен 19-3) тармақшамен толықтырылды
19-3) аккредиттеу аттестаты - ведомство беретін, сараптама ұйымының өрт қауіпсіздігі саласында аудит жүргізу жөніндегі жұмыстарды орындау құқығын куәландыратын құжат;
20) «Баршаның назарына!» құлақтандыру сигналы - төтенше жағдайлар туындау қатері төнген немесе туындаған кезде халықтың назарын аудару үшін дабылдамалар немесе басқа да сигнал беру құралдары арқылы берілетін құлақтандырудың бірыңғай сигналы;
21) басқару пункттері - азаматтық қорғаудың басқару органдарын орналастыруға және олардың жұмысын қамтамасыз етуге арналған, техникалық құралдармен, тіршілікті қамтамасыз ету элементтерімен арнайы жабдықталған және жарақталған, мемлекеттік органдардың құрылыстары немесе көлік құралдары;
22) броньнан шығару - номенклатура өзгерген кезде, сондай-ақ кәдеге жарату (жою), төтенше жағдайлар мен олардың салдарларының алдын алу және оларды жою жөнiндегi шараларды қолдану, нарыққа реттеушілік ықпал ету, босқындарға көмек көрсету және гуманитарлық көмек көрсету үшін мемлекеттiк материалдық резервтен материалдық құндылықтарды шығару;
23) бірыңғай кезекшілік-диспетчерлік «112» қызметі - төтенше жағдайдың туындау алғышарттары немесе туындауы, өрт, адамдардың өміріне төнген қатер мен денсаулығына зиян келтіру қатері туралы және өз құзыреті шегінде шұғыл қызметтердің ден қою жөніндегі іс-қимылдарын кейіннен үйлестіре отырып шұғыл көмек шараларын қолдануды қажет ететін өзге де жағдайлар туралы жеке және заңды тұлғалардан келіп түсетін хабарламаларды қабылдау және өңдеу қызметі;
24) ерікті өрт сөндіруші - ерікті өрт сөндірушілер тізілімінде тіркелген, өрттердің алдын алу және (немесе) оларды сөндіру жөніндегі қызметке ерікті негізде тікелей қатысатын азамат;
25) жұмылдыру резервi - мемлекеттiк материалдық резервтiң құрамдас бөлiгi болып табылатын, жұмылдыру, соғыс жағдайы кезiнде және соғыс уақытында жұмылдыру тапсырысын орындау, төтенше жағдайлар мен олардың салдарларының алдын алу және оларды жою жөнiндегi шараларды қолдану, бейбіт уақытта гуманитарлық көмек көрсету үшiн қажеттi және жұмылдыру тапсырысы бар ұйымдар ағымдағы өндiрiстiк қызметте пайдаланбайтын шектеулi номенклатура бойынша материалдық құндылықтар запасы, сондай-ақ арнайы құралымдардың материалдық-техникалық құралдары;
26) зардап шегуші - табиғи немесе техногендік сипаттағы төтенше жағдай салдарынан зиян (нұқсан) келтірілген жеке тұлға;
27) зиян (нұқсан) келтіруші - әрекетінің (әрекетсіздігінің) салдарынан техногендік сипаттағы төтенше жағдай болған жеке немесе заңды тұлға;
28) кәсіби авариялық-құтқару қызметі - құтқарушылары штат негізінде жұмыс істейтін және біліктілік талаптарына сай келетін құралымнан немесе құралымдардан тұратын авариялық-құтқару қызметі;
29) кәсіби әскерилендірілген авариялық-құтқару қызметі - қауіпті өндірістік объектілерге қызмет көрсетуге және тау-кен құтқару, газдан құтқару, бұрқаққа қарсы жұмыстар жүргізуге арналған кәсіби авариялық-құтқару қызметі;
30) қазіргі заманғы зақымдаушы құралдар - зақымдаушы (қирату) факторлары адамдарды, жануарлар мен өсімдіктерді зақымдауға, объектілерді бүлдіруге немесе қиратуға, қайталама зақымдау факторларының пайда болуына есептелген, жаппай қырып-жою қаруын және қарапайым зақымдаушы құралдарды, оның ішінде зымырандық, авиациялық және атыс қаруын қамтитын құрылғылар мен құралдар;
31) қауіпті өндірістік объектінің өнеркәсіптік қауіпсіздік декларациясы - қауіпті өндірістік объект қауіптілігінің сипаты мен ауқымы, қауіпті өндірістік объектіні пайдалануға беру, оның жұмыс істеуі және оны пайдаланудан шығару кезеңдерінде өнеркәсіптік қауіпсіздікті қамтамасыз ету және қауіпті өндірістік факторлардың зиянды әсерінен халықты қорғау жөніндегі іс-шаралар көрсетілген құжат;
32) қауіпті өндірістік фактор - қауіпті өндірістік объектілердегі авариялар, оқыс оқиғалар кезінде туындайтын, жеке және заңды тұлғаларға, қоршаған ортаға зиян (нұқсан) келтіретін физикалық құбылыс;
2014.29.09. № 239-V ҚР Заңымен 32-1) тармақшамен толықтырылды
32-1) қауіпті техникалық құрылғылар:
қауіпті өнеркәсіптік объектілерде пайдаланылатын, қадағалауын өнеркәсіптік қауіпсіздік саласындағы уәкілетті орган жүзеге асыратын 0,07 мегаПаскальдан астам қысыммен немесе 115 Цельсий градустан асатын судың қайнау температурасы кезінде жұмыс істейтін техникалық құрылғылар, жүк көтергіш механизмдер, эскалаторлар, фуникулерлер, лифтілер;
бақылауын жергілікті атқарушы органдар жүзеге асыратын тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық объектілерінің 0,07 мегаПаскальдан астам қысыммен және (немесе) 115 Цельсий градустан асатын судың қайнау температурасы кезінде жұмыс істейтін бу және су жылыту қазандықтары (жылумен жабдықтау ұйымдары), 0,07 мегаПаскальдан астам қысыммен жұмыс істейтін түтіктер, жүк көтергіш механизмдер, эскалаторлар, аспалы жолдар, фуникулерлер, лифтілер;
33) құтқарушы - авариялық-құтқару жұмыстарын жүргізуге арнайы даярлықтан өткен және аттестатталған (қайта аттестатталған) жеке тұлға;
2014.29.09. № 239-V ҚР Заңымен 34) тармақша жаңа редакцияда (бұр.ред.қара)
34) материалдық құндылықтар - мемлекеттік материалдық резерв саласындағы уәкiлеттi органның алдына қойылған мiндеттердi қамтамасыз ету үшін қажетті, белгілі бір номенклатура мен сақтау көлеміндегі тауарлар;
35) материалдық құндылықтарды мемлекеттiк материалдық резервке қою - материалдық құндылықтарды сатып алу және (немесе) оларды мемлекеттiк материалдық резервтiң материалдық құндылықтарын сақтау пункттерiне тиеп жөнелту (жеткiзу);
36) материалдық құндылықтарды мемлекеттiк материалдық резервке салу (бұдан әрі - салу) - материалдық құндылықтарды мемлекеттiк материалдық резервте сақтау үшiн қабылдап алу;
37) материалдық құндылықтарды мемлекеттік материалдық резервтен шығару - материалдық құндылықтарды жаңарту, қарызға беру, броньнан шығару тәртібімен мемлекеттік материалдық резервтен алып қою;
38) мемлекеттік емес өртке қарсы қызмет - ұйымдардағы, елді мекендердегі және объектілердегі өрттердің алдын алу және сөндіру, өрт қауіпсіздігін қамтамасыз ету және авариялық-құтқару жұмыстарын жүргізу жөніндегі жұмыстарды жүргізу құқығына аттестаттаудан өткен заңды тұлғалар;
39) мемлекеттiк материалдық резерв (бұдан әрi - мемлекеттiк резерв) - жұмылдыру мұқтаждарына, төтенше жағдайлар мен олардың салдарларының алдын алу және оларды жою жөнiндегi шараларды қолдануға, нарыққа реттеушiлік ықпал етуге, босқындарға көмек көрсетуге және гуманитарлық көмек көрсетуге арналған материалдық құндылықтар запасы;
2014.29.09. № 239-V ҚР Заңымен 39-1) тармақшамен толықтырылды
39-1) мемлекеттік материалдық резерв саласындағы уәкілетті орган - атқарушылық және бақылау функцияларын, сондай-ақ мемлекеттік материалдық резервтің жүйесіне басшылықты жүзеге асыратын орталық атқарушы орган;
40) мемлекеттік материалдық резервтің материалдық құндылықтарының орнын ауыстыру - материалдық құндылықтарды тиеу мен түсiрудi қоса алғанда, материалдық құндылықтарды мемлекеттiк материалдық резервтiң материалдық құндылықтарын сақтайтын бiр пункттен екінші пунктке тасымалдау;
41) мемлекеттік өртке қарсы қызмет - өрттердің алдын алуды және оларды сөндіруді ұйымдастыруға, авариялық-құтқару жұмыстары мен кезек күттірмейтін жұмыстарды жүргізуге, өрт қауіпсіздігі саласында мемлекеттік бақылауды жүзеге асыруға және өрттерге байланысты қылмыстар туралы істер бойынша анықтау жүргізуге арналған облыстардағы, республикалық маңызы бар қалалардағы, астанадағы, аудандардағы, облыстық маңызы бар қалалардағы азаматтық қорғаудың басқару органдарының, күштері мен құралдарының жиынтығы;
42) мемлекеттік резерв жүйесінің ведомстволық бағынысты ұйымы - мемлекеттік резервтің материалдық құндылықтарын қалыптастыру мен сақтауды жүзеге асыратын заңды тұлға;
43) мемлекеттiк резервтен материалдық құндылықтарды қарызға беру - номенклатурасы мен сақтау көлемдеріне сәйкес мемлекеттік резервке кейіннен қайтара отырып, белгілі бір шарттармен мемлекеттік резервтен материалдық құндылықтарды шығару;
44) мемлекеттiк резервтi жаңарту - номенклатурасы мен сақтау көлемдеріне сәйкес материалдық құндылықтарды бiр мезгiлде немесе уақыт өткiзiп салған кезде оларды сақтаудың белгiленген мерзiмдерi өткенге дейiн мемлекеттiк резервтен материалдық құндылықтарды шығару;
45) мемлекеттік резервтің материалдық құндылықтарын сақтау нормативтері - мемлекеттік резервтің материалдық құндылықтарын күтіп-ұстау және сақтау шарттары жөніндегі техникалық талаптар;
46) мемлекеттiк резервтiң материалдық құндылықтарын сақтау пункттерi - мемлекеттiк резервтiң материалдық құндылықтарын сақтауды және сақтауға байланысты қызметтер көрсетудi шарт негiзiнде жүзеге асыратын заңды тұлғалар;
47) объект - азаматтық қорғау саласындағы талаптар белгіленген немесе белгіленуі тиіс, жеке немесе заңды тұлғалардың мүлкі, мемлекеттік мүлік, оның ішінде үйлер, ғимараттар, құрылыстар, технологиялық қондырғылар, жабдық, агрегаттар және өзге де мүлік;
48) оқыс оқиға - қауiптi өндiрiстiк объектiде қолданылатын техникалық құрылғылардың істен шығуы немесе зақымдануы, сондай-ақ қауіпті өндірістік объектіде технологиялық процесс режимінен ауытқу;
49) операция жүргізу - мемлекеттiк резервтiң материалдық құндылықтарын қою, сақтау және шығару;
50) өнеркәсiптiк қауiпсiздiк - жеке және заңды тұлғалардың, қоршаған ортаның қауiптi өндiрiстiк факторлардың зиянды әсерінен қорғалу жай-күйі;
2014.29.09. № 239-V ҚР Заңымен 51) тармақша жаңа редакцияда (бұр.ред.қара)
51) өнеркәсіптік қауіпсіздік саласындағы жұмыстарды жүргізу құқығына арналған аттестат - өнеркәсіптік қауіпсіздік саласындағы уәкілетті орган беретін, заңды тұлғаның өнеркәсіптік қауіпсіздік саласындағы жұмыстарды орындау құқығын куәландыратын құжат;
2014.29.09. № 239-V ҚР Заңымен 52) тармақша жаңа редакцияда (бұр.ред.қара)
52) өнеркәсіптік қауіпсіздік саласындағы жұмыстарды жүргізу құқығына заңды тұлғаларды аттестаттау - өнеркәсіптік қауіпсіздік саласындағы жұмыстарды орындауға заңды тұлғаның құқықтылығын өнеркәсіптік қауіпсіздік саласындағы уәкілетті органның ресми тануы;
2014.29.09. № 239-V ҚР Заңымен 52-1) және 52-2) тармақшалармен толықтырылды
52-1) өнеркәсіптік қауіпсіздік саласындағы уәкілетті орган - өнеркәсіптік қауіпсіздік саласында басшылықты және салааралық үйлестіруді, мемлекеттік саясатты әзірлеуді және іске асыруды жүзеге асыратын орталық атқарушы орган;
52-2) өнеркәсіптік қауіпсіздік саласындағы уәкілетті органның ведомствосы - өнеркәсіптік қауіпсіздік саласындағы мемлекеттік саясатты іске асыруды және бақылау, қадағалау функцияларын жүзеге асыратын орталық атқарушы органның ведомствосы;
53) өнеркәсіптік қауіпсіздік талаптары - өнеркәсіптік қауіпсіздікті қамтамасыз ету мақсатында Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген техникалық және (немесе) әлеуметтік сипаттағы арнайы шарттар;
54) өрт - адамдардың өмiрi мен денсаулығына қатер төндіретін, зиян келтiретiн, жеке және заңды тұлғаларға, қоғам мен мемлекет мүдделерiне материалдық нұқсан келтiретiн бақылаусыз жану;
55) өртке қарсы ерікті құралымдар - дала өрттерінің, сондай-ақ ұйымдар мен елді мекендердегі өрттердің алдын алу және оларды сөндіру жөніндегі іс-шараларды жүзеге асыру үшін құрылатын қоғамдық бірлестіктер;
56) өртке қарсы қызмет гарнизоны - мемлекеттік өртке қарсы қызметтің, мемлекеттік емес өртке қарсы қызметтердің және өртке қарсы ерікті құралымдардың облыстың, республикалық маңызы бар қаланың, астананың, ауданның, облыстық маңызы бар қаланың аумағында орналасқан басқару органдары мен бөлімшелерінің жиынтығы;
57) өрт қауiпсiздiгi - адамдардың, мүлiктiң, қоғам мен мемлекеттiң өpттердeн қорғалу жай-күйі;
2014.29.12. № 269-V ҚР Заңымен 57-1) тармақшамен толықтырылды
57-1) өрт қауіпсіздігі саласындағы аудит - объектілердің өрт қауіпсіздігі талаптарына сәйкестігін немесе сәйкессіздігін анықтау жөніндегі кәсіпкерлік қызмет;
58) өрт қауіпсіздігі талаптары - өрт қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында Қазақстан Республикасының заңнамасында белгiленген техникалық және (немесе) әлеуметтiк сипаттағы арнайы шарттар;
59) өрт қауiпсiздiгi шаралары - өрт қауiпсiздiгi талаптарын орындау жөніндегі іс-қимылдар;
60) өрт сөндіру депосы - өртке қарсы қызмет бөлімшесінің жеке құрамы мен байланыс пунктіне арналған қызметтік, қосалқы үй-жайларды қоса алғанда, өрт сөндіргіш және арнайы техниканы, өрт сөндіру-техникалық құрал-саймандарды орналастыруға, оларға техникалық қызмет көрсетуге арналған аумақтар, ғимараттар және құрылыстар;