233-бап. Кең таралған пайдалы қазбаларды өндіруге арналған лицензияның мазмұны
1. Кең таралған пайдалы қазбаларды өндіруге арналған лицензияда, осы Кодекстің 31-бабында көрсетілген мәліметтер мен шарттардан басқа, жер қойнауын пайдаланудың мынадай шарттары қамтылуға тиіс:
1) Қазақстан Республикасының салық заңнамасында белгіленген мөлшерде және тәртіппен қол қою бонусын және жер учаскелерін пайдаланғаны үшін төлемақы (жалдау төлемін) төлеу туралы міндеттеме;
2) кең таралған пайдалы қазбаларды өндіру жөніндегі операцияларға жұмсалатын жыл сайынғы ең төмен шығыстардың мөлшері;
3) лицензияның шарттарын бұзғаны үшін оны қайтарып алудың негізі.
2. Кең таралған пайдалы қазбаларды өндіруге арналған лицензияның мерзімі қатарынан он жылдан аспайтын мерзімді құрайды.
234-бап. Кең таралған пайдалы қазбаларды өндіру учаскесі
1. Кең таралған пайдалы қазбаларды өндіру учаскесінің аумағы барлау нәтижелері бойынша айқындалады.
2. Кең таралған пайдалы қазбаларды өндіру учаскесінің төменгі шекарасы жер қойнауы учаскесінің жер бетіндегі ең төменгі нүктесінен отыз метрден төмен емес тереңдікте орналасады.
235-бап. Кең таралған пайдалы қазбаларды өндіру учаскесінде жұмсалатын жыл сайынғы ең төмен шығыстар
1. Кең таралған пайдалы қазбаларды өндіруге арналған лицензиясы бар жер қойнауын пайдаланушы осы бапта белгіленген өндіруге жұмсалатын жыл сайынғы ең төмен шығыстар туралы талаптарды сақтауға міндетті.
2. Кең таралған пайдалы қазбаларды өндіруге жұмсалатын жыл сайынғы ең төмен шығыстар жеке лицензия бойынша мынадай:
ауданы бес гектарға дейінгі аумақта өндіру кезінде 1160 еселенген айлық есептік көрсеткіш;
ауданы бестен сегізге дейінгі гектарды қоса алғандағы аумақта өндіру кезінде 2300 еселенген айлық есептік көрсеткіш;
ауданы сегіз гектардан асатын аумақта өндіру кезінде әрбір келесі гектар үшін қосымша 120 еселенген айлық есептік көрсеткіш мөлшерлерінде белгіленеді.
3. Осы баптың мақсаттары үшін жеке лицензия бойынша кең таралған пайдалы қазбаларды өндіруге жұмсалған шығыстарға жер қойнауын пайдаланушының жұмыстардың мынадай түрлеріне арналған шығыстары жатады:
1) кең таралған пайдалы қазбаларды алу жөніндегі аршу, бұрғылау-жару жұмыстары және басқа да жұмыстар;
2) өндірілген кең таралған пайдалы қазбаларды, жыныстарды, тау массаларын, топырақты және топырақтың беткі қабатын өндіру учаскесінің шегінде ауыстыру;
3) өндірілген кең таралған пайдалы қазбаларды үйінді жасау және (немесе) қоймаға жинап қою;
4) өндіру учаскесінде кеніш салу және инфрақұрылым құру жөніндегі барлық жұмыстар.
236-бап. Жер қойнауын пайдаланушының кең таралған пайдалы қазбаларды өндіру жөніндегі операцияларды жүргізу кезіндегі есептілігі
1. Жер қойнауын пайдаланушы кең таралған пайдалы қазбаларды өндіруге арналған лицензия бойынша мынадай мерзімдік есептер:
1) лицензиялық міндеттемелерді орындау туралы есеп;
2021.02.01. № 401-VI ҚР Заңымен 2) тармақша жаңа редакцияда (2021 ж. 1 наурыздан бастап қолданысқа енгізілді) (бұр.ред.қара)
2) өндіру учаскесінде барлау жүргізілген жағдайда - геологиялық есептер;
3) өндірілген кең таралған пайдалы қатты қазбалар туралы есеп ұсынуға міндетті.
2. Осы баптың 1-тармағының 1) тармақшасында көзделген есеп облыстың, республикалық маңызы бар қаланың, астананың жергілікті атқарушы органына пайдалы қатты қазбалар саласындағы уәкілетті орган айқындаған тәртіппен ұсынылады.
Осы баптың 1-тармағының 2) және 3) тармақшаларында көзделген есептер жер қойнауын зерттеу жөніндегі уәкілетті органның тиісті аумақтық бөлімшесіне жер қойнауын зерттеу жөніндегі уәкілетті орган айқындаған тәртіппен ұсынылады.
237-бап. Кең таралған пайдалы қазбаларды кәсіпкерлік қызметпен байланысты емес мақсаттар үшін өндірудің ерекшеліктері
1. Жер учаскелерінің меншік иелері және жер пайдаланушылар кәсіпкерлік қызметті жүзеге асырумен байланысты емес жеке, тұрмыстық және өзге де шаруашылық мұқтаждықтарын қанағаттандыру үшін өздеріне тиесілі жер учаскелерінің шекараларында кең таралған пайдалы қазбаларды алуға құқылы.
2. Осы бапқа сәйкес кең таралған пайдалы қазбаларды өндіру жарғыш заттарды, химиялық реагенттер мен улы заттарды қолданбай жүзеге асырылады.
3. Жер учаскесінің шекарасында орналасқан және жер учаскелерінің меншік иелері немесе жер пайдаланушылар кәсіпкерлік қызметті жүзеге асырумен байланысты емес жеке, тұрмыстық және өзге де шаруашылық мұқтаждықтарын қанағаттандыру үшін пайдаланатын кең таралған пайдалы қазбалар басқа тұлғаға иеліктен шығарылмайды.
4. Жер учаскелері меншік иелерінің және жер пайдаланушылардың осы бапқа сәйкес жер қойнауын пайдалануы жер қойнауын пайдалану жөніндегі операцияларға жатпайды және тегін болып табылады.
5. Жер учаскелері меншік иелерінің және жер пайдаланушылардың осы бапқа сәйкес жер қойнауын пайдалану құқығы тиісінше жер учаскесіне меншік құқығымен немесе жер пайдалану құқығымен бір мезгілде туындайды және тоқтатылады.
6. Осы бапқа сәйкес туындаған жер қойнауын пайдалану құқығы жер учаскесіне құқықтан бөлінбейді.
7. Осы бапқа сәйкес жер қойнауын пайдалану лицензиясы немесе келісімшарт негізінде жер қойнауын пайдаланатын тұлғалар үшін міндетті болып табылатын рұқсат алуды, есептілік пен өзге де құжаттар ұсынуды талап етпейді.
31-тарау. Пайдалы қатты қазбаларды барлау және өндіру үшін жер қойнауы учаскелерін түрлендіру
238-бап. Түрлендіру ұғымы және түрлері
1. Бір лицензия бойынша бір жер қойнауы учаскесін басқа лицензия бойынша басқа жер қойнауы учаскесіне (негізгі учаске) қосу тәсілімен немесе бір лицензия бойынша бір жер қойнауы учаскесінен басқа учаскені (бөлінген учаске) бөлу арқылы жүргізілетін аумақтық шекараларын өзгерту пайдалы қатты қазбаларды барлауға немесе өндіруге берілген жер қойнауы учаскелерін түрлендіру болып табылады.
2. Түрлендірілетін жер қойнауы учаскелерінің пайдаланушысы (пайдаланушылары) бір тұлға (тұлғалар) болып табылатын жағдайда жер қойнауы учаскелерін түрлендіруге жол беріледі.
3. Жер қойнауы учаскелерін түрлендіруді құзыретті орган жер қойнауын пайдаланушының өтініші бойынша өтініш берілген күннен бастап бір ай мерзімде жүргізеді.
239-бап. Жер қойнауы учаскелерін қосу
1. Жер қойнауы учаскелерін қосу пайдалы қатты қазбаларды өндірудің бір учаскесін басқа өндіру учаскесіне қосқан жағдайда жүргізіледі.
2. Бір өндіру учаскесін басқа өндіру учаскесіне қосу мынадай шарттар сақталған:
1) қосылатын өндіру учаскесінің негізгі өндіру учаскесімен аралас шекарасы болған;
2) негізгі және қосылатын өндіру учаскелеріне ұстап тұру мәртебесі толық немесе бір бөлігінде берілмеген;
3) қосылатын өндіру учаскесіне арналған лицензия негізгі учаске бойынша өндіруге арналған лицензиядан кейін берілген;
4) егер негізгі немесе қосылатын өндіру учаскесін өндіруге арналған лицензия бойынша жер қойнауын пайдалану құқығына кепілмен ауыртпалық салынған болса, кепіл ұстаушының қосылуға алдын ала келісімі болған;
5) негізгі және қосылатын өндіру учаскелерінің лицензиялары бойынша орындалмаған міндеттемелер болмаған кезде жүргізіледі.
3. Қосылған өндіру учаскесіне жүргізілген қосылу ескеріле отырып негізгі өндіру учаскесі лицензиясының күші қолданылады, ал қосылатын өндіру учаскесінің лицензиясы өз қолданысын тоқтатады. Өндіру учаскесін негізгі өндіру учаскесіне қосу негізгі учаскені өндіруге арналған лицензияға өзгерістер енгізумен ресімделеді.
240-бап. Жер қойнауы учаскесін бөліп шығару
1. Жер қойнауы учаскесін бөліп шығару мынадай:
1) барлауға арналған лицензия бойынша жер қойнауы учаскесінің бір бөлігі бөліп шығарылған;
2) өндіруге арналған лицензия бойынша жер қойнауы учаскесінің бір бөлігі бөліп шығарылған жағдайларда жүргізіледі.
2. Жер қойнауы учаскесін бөліп шығару мынадай шарттар сақталған:
1) бөліп шығару жүргізілетін жер қойнауы учаскесінің ұстап тұру мәртебесі болмаған;
2) егер бөліп шығару жүргізілетін жер қойнауы учаскесіне арналған лицензия бойынша жер қойнауын пайдалану құқығына кепілмен ауыртпалық салынса, кепіл ұстаушының бөліп шығаруға алдын ала келісімі болған;
3) бөліп шығару жүргізілетін жер қойнауы учаскесіне арналған лицензия бойынша орындалмаған міндеттемелер болмаған;
4) бөліп шығарылған учаскедегі жер қойнауын пайдалану жөніндегі операциялар түрі бөліп шығару жүргізілетін жер қойнауы учаскесіндегі жер қойнауын пайдалану жөніндегі операциялар түріне сәйкес келген кезде жүргізіледі.
3. Жер қойнауы учаскесін бөліп шығару бөліп шығарылатын жер қойнауы учаскесіне арналған лицензияға өзгерістер енгізумен және бөліп шығарылған жер қойнауы учаскесіне жеке лицензия берумен ресімделеді.
4. Бөліп шығарылған жер қойнауы учаскесі бойынша барлауға арналған лицензия мерзімі учаскенің бір бөлігін бөліп шығару жүргізілген жер қойнауы учаскесін барлауға арналған лицензияның қалған мерзіміне тең болады.
5. Бөліп шығарылған учаске бойынша өндіруге арналған лицензия мерзімі учаскенің бір бөлігін бөліп шығару жүргізілген жер қойнауы учаскесін өндіруге арналған лицензияның қалған мерзімінің ұзақтығымен айқындалады.
6. Жер қойнауы учаскелерін учаскені бөліп шығару арқылы түрлендіру осы Кодекстің 191 және 208-баптарында көзделген міндеттемелердің көлемін жер қойнауы учаскелерінің пайда болған аумақтарының көлемдеріне пропорционалды түрде өзгертуге және қайта есептеуге алып келеді.
241-бап. Жер қойнауы учаскесін түрлендіруге арналған өтініш
1. Жер қойнауы учаскесін түрлендіруге арналған өтініш құзыретті орган белгілеген нысан бойынша жасалады.
2. Өтініште мынадай мәліметтер қамтылуға тиіс:
1) түрлендіру тәсіліне нұсқау;
2) түрлендірілетін учаскелерді пайдаланатын жер қойнауын пайдаланушы туралы мәліметтер:
жеке тұлғалар үшін - өтініш иесінің тегі, аты және әкесінің аты (егер ол жеке басын куәландыратын құжатта көрсетілсе), тұрғылықты жері, азаматтығы, өтініш иесінің жеке басын куәландыратын құжаттар туралы мәліметтер, өтініш иесін салық төлеуші ретінде тіркеу туралы мәліметтер;
заңды тұлғалар үшін - өтініш иесінің толық атауы, оның орналасқан жері, заңды тұлға ретінде мемлекеттік тіркеу және салық органдарында тіркеу туралы мәліметтер, басшылары туралы мәліметтер;
3) лицензияларға және түрлендірілуге жататын жер қойнауы учаскелеріне нұсқау.
3. Өтініш қазақ және орыс тілдерінде беріледі.
4. Өтініш беру кезінде өтініш иесінің атынан әрекет ететін тұлғаның, егер мұндай тұлғаны өтініш иесі тағайындаған болса, өкілеттігін растайтын құжат өтінішке қоса беріледі.
Өтінішке қоса берілетін құжаттар қазақ және орыс тілдерінде жасалуы тиіс. Өтінішке қоса берілетін шет тілде жасалған құжаттардың көшірмелері дұрыстығын нотариус куәландырған қазақ және орыс тілдеріндегі аудармасымен ұсынылады.
5. Лицензиялық учаскелерді түрлендіру туралы мәселені құзыретті орган өтініш берілген күннен бастап күнтізбелік отыз күн ішінде мұндай түрлендірудің әрбір жағдайы үшін жеке-жеке қарайды.
6. Құзыретті органның жер қойнауы учаскелерін түрлендіруден бас тартуы уәжді болуға тиіс және оны Қазақстан Республикасының заңнамасында көзделген тәртіппен өтініш иесі бас тарту туралы хабарлама алған күннен бастап он бес жұмыс күні ішінде даулауы мүмкін.
32-тарау. Пайдалы қатты қазбаларды қайта өңдеу туралы келісім
2021.02.01. № 401-VI ҚР Заңымен 242-бап өзгертілді (2021 ж. 1 наурыздан бастап қолданысқа енгізілді) (бұр.ред.қара)
242-бап. Пайдалы қатты қазбаларды қайта өңдеу туралы келісім ұғымы
1. Пайдалы қатты қазбаларды қайта өңдеу туралы келісім шарт болып табылады, ол бойынша Қазақстан Республикасы пайдалы қатты қазбаларды өндіруге жер қойнауын пайдалану құқығын (құқықтарын) иеленушіге преференциялар беруге міндеттенеді, ал жер қойнауын пайдаланушы пайдалы қатты қазбаларды қайта өңдеу (қайта өңдеу туралы келісім) жобасына инвестициялар салуды өз тәуекеліне алып жүзеге асыруға міндеттенеді.
Пайдалы қатты қазбаларды қайта өңдеу бойынша жаңа өндірістер құруды, жұмыс істеп тұрғандарын кеңейтуді немесе жаңғыртуды көздейтін іс-шаралар кешені пайдалы қатты қазбаларды қайта өңдеу жобасы болып табылады.
2. Қазақстан Республикасының атынан қайта өңдеу туралы келісімді құзыретті орган жасасады.
Қайта өңдеу туралы келісім пайдалы қатты қазбаларды қайта өңдеу жобалары бойынша жасалуы мүмкін, олар бойынша жер қойнауын пайдаланушы инвестицияларының көлемі республикалық бюджет туралы заңда тиісті қаржы жылына белгіленген және келісім жасасу күніне қолданыста болатын айлық есептік көрсеткіштің кемінде 7000000 еселенген мөлшерін құрайды.
3. Қайта өңдеу туралы келісім жасасу пайдалы қатты қазбаларды өндіруге арналған лицензияны беру шарты болып табылмайды.
4. Пайдалы қатты қазбаларды қайта өңдеудің сол бір жобасы бойынша немесе өндірістік объект бойынша бір ғана қайта өңдеу туралы келісім жасалуы мүмкін.
2021.02.01. № 401-VI ҚР Заңымен 243-бап өзгертілді (2021 ж. 1 наурыздан бастап қолданысқа енгізілді) (бұр.ред.қара)
243-бап. Пайдалы қатты қазбаларды қайта өңдеу туралы келісімді жасасу тәртібі
1. Қайта өңдеу туралы келісім жасауға ниеті бар жер қойнауын пайдаланушы инвестициялар жөніндегі уәкілетті органға ол бекітетін нысан бойынша өтініш береді.
2. Өтінішке мыналар қоса беріледі:
1) жер қойнауын пайдаланушыны заңды тұлға ретінде мемлекеттік тіркеу (қайта тіркеу) туралы анықтама;
2) заңды тұлға жарғысының заңды тұлға басшысының қолымен және мөрімен (болған кезде) куәландырылған көшірмесі;
3) қайта өңдеу жобасының қаржылық-экономикалық моделі;
4) құзыретті орган белгілеген талаптарға сәйкес жасалған қайта өңдеу жобасының бизнес-жоспары;
5) пайдалы қатты қазбаларды қайта өңдеу туралы келісімнің жобасы.
3. Құзыретті орган өтінішті тіркейді және өтініш иесін келіссөздердің басталу күні туралы хабардар етеді, ол күн өтініш алынған күннен бастап бір айдан кеш болмайды.
4. Құзыретті орган тарапынан келіссөздерді жұмыс тобы жүргізеді. Жұмыс тобы туралы ереже мен оның құрамын құзыретті орган бекітеді.
5. Келіссөздер жүргізу мерзімі алты айдан аспайды. Келіссөздер қорытындысы хаттамамен ресімделеді.
6. Жер қойнауын пайдаланушы келіссөздерден және қайта өңдеу туралы келісім жасасудан, бұл туралы құзыретті органды жазбаша хабардар ете отырып кез келген уақытта бас тартуға құқылы.
7. Келіссөздер нәтижелері бойынша келісілген қайта өңдеу туралы келісім жобасы құқықтық және экономикалық сараптамалар ұйымдастыру үшін құзыретті органға ұсынылады.
Сараптама қорытындылары оң болған жағдайда, құзыретті орган қайта өңдеу туралы келісім жобасын Қазақстан Республикасының Үкіметіне бекітуге жібереді.
Сараптама қорытындылары теріс болған жағдайда, жер қойнауын пайдаланушы сараптамалар ескертулерін жою мақсатында қайта өңдеу туралы келісім жобасын пысықтайды.
Көрсетілген ескертулер жойылғаннан кейін сараптамалар қайта жүргізіледі.
8. Құқықтық сараптаманы Қазақстан Республикасының Әділет министрлігі қайта өңдеу туралы келісім жобасының Қазақстан Республикасы заңнамасының талаптарына сәйкестігі тұрғысынан жүргізеді.
Қайта өңдеу туралы келісім жобасына құқықтық сараптама жүргізу үшін құзыретті орган Қазақстан Республикасының Әділет министрлігіне мынадай құжаттарды ұсынады:
1) келіссөздер жүргізу нәтижелері бойынша келісілген, қазақ және орыс тілдеріндегі қайта өңдеу туралы келісім жобасы;
2) осы баптың 2-тармағының 1) және 2) тармақшаларында көрсетілген құжаттар;
3) қайта өңдеу туралы келісім шарттары бойынша келіссөздер қорытындылары туралы хаттаманың көшірмесі.
9. Экономикалық сараптаманы мемлекеттік жоспарлау саласындағы уәкілетті орган қайта өңдеу туралы келісім жасасудың экономикалық тиімділігін және орындылығын, қайта өңдеу жобасын іске асыру кезінде жер қойнауын пайдаланушының жоспарланатын салымдары мен шығындарының негізділігін, жобаны іске асырудың әлеуметтік маңыздылығын бағалау тұрғысынан жүргізеді.
Қайта өңдеу туралы келісім жобасына экономикалық сараптама жүргізу үшін құзыретті орган мемлекеттік жоспарлау саласындағы уәкілетті органға мынадай құжаттарды ұсынады:
1) келіссөздер жүргізу нәтижелері бойынша келісілген, қазақ және және орыс тілдеріндегі қайта өңдеу туралы келісім жобасы;
2) осы баптың 2-тармағының 3) және 4) тармақшаларында көрсетілген құжаттар;
3) қайта өңдеу туралы келісім шарттары бойынша келіссөздер қорытындылары туралы хаттаманың көшірмесі.
10. Осы бапта көзделген сараптамалар сараптама жүргізу үшін қажетті тиісті құжаттар алынған күннен бастап күнтізбелік отыз күн ішінде жүргізіледі.
11. Сараптамалардың оң қорытындыларын алған қайта өңдеу туралы келісім жобасы сараптама қорытындылары күнінен бастап бес жұмыс күні ішінде Қазақстан Республикасының Үкіметіне бекітуге жіберіледі.
12. Қайта өңдеу туралы келісімге құзыретті орган оның жобасын Қазақстан Республикасының Үкіметі бекіткен күннен бастап бес жұмыс күнінен кешіктірмей қол қоюға тиіс.
13. Қайта өңдеу туралы келісім барлық тараптар оған қол қойғаннан кейін жасалды деп есептеледі.
14. Қайта өңдеу туралы келісімді құзыретті орган қайта өңдеу туралы жасалған келісімдер тізілімінде есепке алуға тиіс.
244-бап. Пайдалы қатты қазбаларды қайта өңдеу туралы келісімнің мазмұны
1. Қайта өңдеу туралы келісімде мыналар қамтылуға тиіс:
1) келісім нысанасы;
2) жер қойнауын пайдаланушыда бар, пайдалы қатты қазбаларды өндіруге жер қойнауын пайдалану құқығын беруге негіз болған құжатқа нұсқау;
3) жер қойнауын пайдаланушының инвестициялық және әлеуметтік міндеттемелері;
4) Қазақстан Республикасының салық заңнамасына және Қазақстан Республикасының кәсіпкерлік саласындағы заңнамасына сәйкес берілген инвестициялық преференцияның (преференциялардың) түрі;
5) берілген инвестициялық преференцияны қолдану мерзімі;
6) келісімге сәйкес құрылған, кеңейтілген немесе жаңғыртылған өндірістік мүлікті пайдаланудан шығару, оны демонтаждау, кәдеге жарату және бүлінген жерді рекультивациялау бойынша міндеттемелер;
7) қайта өңдеу туралы келісім шарттарын бұзғаны үшін жауаптылық.
2. Қазақстан Республикасының заңнамасы қайта өңдеу туралы келісімге қолданылатын құқық болып табылады.
3. Қайта өңдеу туралы келісімде өндіруге арналған ең төмен шығыстар және жер қойнауын пайдаланушының оқытуды, Қазақстан Республикасындағы ғылыми-зерттеу және тәжірибелік-конструкторлық қызметті қаржыландыру бойынша міндеттемелері туралы осы Кодексте және пайдалы қатты қазбаларды өндіруге арналған лицензияда (лицензияларда) көзделген шарттардан өзге шарттар көзделуі мүмкін.
Көрсетілген шарттарды өзгерту немесе алып тастау қайта өңдеу туралы келісім жасасу күні лицензияны тиісінше қайта ресімдеуге алып келеді.
4. Қайта өңдеу туралы келісім тараптар айқындайтын басқа да ережелерді де қамтуы мүмкін.
5. Қайта өңдеу туралы келісім жер қойнауын пайдалану құқығын беру және тоқтату туралы ережені қамтымайды.
6. Қайта өңдеу туралы келісім мерзімі осындай келісімде көзделген өндіруге арналған лицензия мерзімінен аспайды. Егер келісім пайдалы қатты қазбаларды өндіруге арналған екі немесе одан көп лицензияға сілтеме жасаса, онда келісім мерзімі солардың біреуінің мерзімінің аяқталатын ең соңғы күні аяқталады.
Қайта өңдеу туралы келісімде көзделген пайдалы қатты қазбаларды өндіруге арналған лицензияның (барлық лицензиялардың) қолданылуын тоқтату осы келісімді тоқтатуға алып келеді.
7. Қайта өңдеу туралы келісім қазақ және орыс тілдерінде жасалуға тиіс. Тараптардың келісуі бойынша қайта өңдеу туралы келісімнің мәтіні өзге тілге де аударылуы мүмкін.
8. Қайта өңдеу туралы келісімді жасасу, орындау және тоқтату жөніндегі қатынастарға Қазақстан Республикасының азаматтық заңнамасы осы тарауда реттелмеген жағдайларда қолданылады.
245-бап. Пайдалы қатты қазбаларды қайта өңдеу туралы келісім бойынша инвестициялық преференциялар
1. Инвестициялық преференциялар пайдалы қатты қазбаларды өндіру жөніндегі операцияларды жүргізетін, Қазақстан Республикасында құрылған заңды тұлға болып табылатын жер қойнауын пайдаланушыға Қазақстан Республикасының кәсіпкерлік саласындағы заңнамасына сәйкес басым инвестициялық жобаға жататын, Қазақстан Республикасының аумағында пайдалы қатты қазбаларды қайта өңдеу жобасын іске асыруы кезінде беріледі.
2. Инвестициялық преференция жер қойнауын пайдаланушының әлеуметтік және инвестициялық міндеттемелерін, оның ішінде:
1) өндіру және (немесе) қайта өңдеу өндірістерінде Қазақстан Республикасының азаматтары үшін жұмыс орындарын ашу және сақтау жөніндегі;
2) қайта өңдеу өндірісін құру, кеңейту және (немесе) жаңғырту жөніндегі;
3) пайдалы қатты қазбаларды қайта өңдеу көлемі мен деңгейі жөніндегі;
4) Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес кәсіпкерлік қызмет субъектілері болып табылатын тұлғаларға шикізат ретінде ішкі нарықта өткізу үшін шығарылатын өнім көлемі жөніндегі;
5) ғылыми-техникалық саланың, қоршаған ортаны қорғау саласының және қолданбалы ғылым саласының мамандарын даярлау бойынша қазақстандық оқу орындарының бағдарламаларын қаржыландыру жөніндегі;
6) әлеуметтік және (немесе) мәдени мақсаттағы объектілерді салуды және (немесе) реконструкциялауды қаржыландыру жөніндегі міндеттемелерін көздеуі мүмкін өзара түсіністік қағидаттарында беріледі.
246-бап. Пайдалы қатты қазбаларды қайта өңдеу туралы келісімді тоқтату салдары
Жер қойнауын пайдаланушының пайдалы қатты қазбаларды өндіруге арналған ең төмен шығыстары бойынша міндеттемелерін және (немесе) өндіруге арналған лицензия бойынша оқытуды, ғылыми-зерттеу және тәжірибелік-конструкторлық қызметті қаржыландыру бойынша міндеттемелерді өзгертуді немесе алып тастауды көздейтін қайта өңдеу туралы келісімді тоқтату осы келісімді жасасқанға дейін қолданылған лицензияның шарттарын қолдануға алып келеді.
Қайта өңдеу туралы келісімді тоқтату берілген инвестициялық преференцияларды тоқтатуға да алып келеді.
247-бап. Пайдалы қатты қазбаларды қайта өңдеу туралы келісім бойынша құқықтар мен міндеттерді басқаға беру
1. Жер қойнауын пайдаланушының қайта өңдеу туралы келісім бойынша құқықтары мен міндеттерін көрсетілген келісім жасауға негіз болған лицензия бойынша жер қойнауын пайдалану құқығының тиісті ауысуынсыз басқаға беруіне тыйым салынады.
2. Қайта өңдеу туралы келісімді жасауға негіз болған лицензия бойынша жер қойнауын пайдалану құқығының ауысуы көрсетілген келісім бойынша құқықтар мен міндеттердің міндетті түрде басқаға берілуіне алып келеді.
248-бап. Пайдалы қатты қазбаларды қайта өңдеу туралы келісім бойынша құқықтарға ауыртпалық салу
1. Кепілді қоса алғанда, қайта өңдеу туралы келісім бойынша құқықтарға ауыртпалық салуға, көрсетілген келісімді жасасуға негіз болған лицензия бойынша жер қойнауын пайдалану құқығына ауыртпалық салынбай жол берілмейді.
2. Кепілді қоса алғанда, қайта өңдеу туралы келісімді жасауға негіз болған лицензия бойынша жер қойнауын пайдалану құқығына ауыртпалық салу осы келісім бойынша құқықтарға міндетті ауыртпалық салуға алып келеді.
Х БӨЛІМ. ЖЕР ҚОЙНАУЫ КЕҢІСТІГІН ПАЙДАЛАНУ, КЕН ІЗДЕУШІЛІК, ҚОРЫТЫНДЫ ЖӘНЕ ӨТПЕЛІ ЕРЕЖЕЛЕР
33-тарау. Жер қойнауы кеңістігін пайдалану жөніндегі операциялар
249-бап. Жер қойнауы кеңістігін пайдалануға арналған лицензия
Жер қойнауы кеңістігін пайдалануға арналған лицензия бойынша оны иеленушінің операциялардың мынадай кіші түрлерінің бірін жүргізу мақсатында жер қойнауы учаскесін пайдалануға айрықша құқығы бар:
2021.02.01. № 401-VI ҚР Заңымен 1) тармақша жаңа редакцияда (2021 ж. 1 наурыздан бастап қолданысқа енгізілді) (бұр.ред.қара)
1) мұнай мен газды, газ бен мұнай өнімдерін жерасты сақтау қоймаларын жер бетінен бес метр төмен тереңдікте орналастыру және пайдалану;
2) қатты, сұйық және радиоактивті қалдықтарды, зиянды улы заттарды сақтау немесе көму, сарқынды, өнеркәсіптік және техникалық суларды жер қойнауына ағызу (айдау) үшін жерасты орындарын (құрылысжайларын) орналастыру және (немесе) пайдалану;
3) жерасты сулары қорларын жасанды толтыру үшін жер қойнауына суды айдау, оның ішінде осы мақсаттарға арналған жерасты құрылысжайларын салу және (немесе) пайдалану;
4) тау-кен өндіру және (немесе) тау-кен байыту өндірістерінің техногендік минералдық түзілімдері орналастырылатын объектілерді орналастыру және (немесе) пайдалану.
250-бап. Жер қойнауы кеңістігін пайдалануға арналған аумақтар
1. Жер қойнауы кеңістігін пайдалануға арналған лицензия кең таралған пайдалы қазбалар болып табылмайтын пайдалы қазбалардың кен орны жоқ немесе пайдалы қазбалардың аз мөлшердегі ресурстары бар жер қойнауы учаскесін пайдалануға беріледі.