3. Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорында ерікті зейнетақы жарналарын есепке алуға арналған жеке зейнетақы шотын ашу қаржы нарығы мен қаржы ұйымдарын реттеу, бақылау және қадағалау жөніндегі уәкілетті органның нормативтік құқықтық актісінде айқындалған тәртіппен ерікті зейнетақы жарналарын аудару кезінде бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорына жеке тұлғадан өз пайдасына немесе үшінші тұлғаның пайдасына түскен бастапқы жарнаның негізінде жүзеге асырылады.
4. Ерікті зейнетақы жарналарының салымшысы (зейнетақы төлемдерін алушы) ерікті зейнетақы жарнасының сомасы келіп түскен күннен бастап ерікті зейнетақы жарналары есебінен зейнетақымен қамсыздандыру туралы шартқа қосылған болып есептеледі.
Бұл ретте ерікті зейнетақы жарналары есебінен зейнетақымен қамсыздандыру туралы шартқа қосылу үшін кәмелетке толмаған адамның заңды өкілінің келісімі талап етілмейді.
5. Депозиттерге міндетті кепілдік беруді жүзеге асыратын ұйым бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорына салымшының (алушының) кепілдік берілетін депозиті бойынша кепілді өтемнің талап етілмеген сомасын аударған жағдайда, ерікті зейнетақы жарналары есебінен зейнетақымен қамсыздандыру туралы шарт «Қазақстан Республикасының екінші деңгейдегі банктерінде орналастырылған депозиттерге міндетті кепілдік беру туралы» Қазақстан Республикасының Заңына сәйкес бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қоры мен депозиттерге міндетті кепілдік беруді жүзеге асыратын ұйым арасында жасалған келісімде белгіленген тәртіппен және мерзімдерде депозиттерге міндетті кепілдік беруді жүзеге асыратын ұйым ұсынған кепілдік берілетін депозиттер бойынша кепілді өтемнің талап етілмеген сомалары бар салымшылардың (алушылардың) тізімі негізінде жасалады.
6-тарау. ЕРІКТІ ЖИНАҚТАУШЫ ЗЕЙНЕТАҚЫ ҚОРЛАРЫ
42-бап. Ерікті жинақтаушы зейнетақы қорының қызметін ұйымдастыру
1. Ерікті жинақтаушы зейнетақы қоры акционерлік қоғам нысанында құрылады.
Ерікті жинақтаушы зейнетақы қоры қызметті қаржы нарығы мен қаржы ұйымдарын реттеу, бақылау және қадағалау жөніндегі уәкілетті орган берген ерікті зейнетақы жарналарын тарту құқығымен инвестициялық портфельді басқаруға арналған лицензия негізінде жүзеге асырады және қаржы нарығы мен қаржы ұйымдарын реттеу, бақылау мен қадағалау жөніндегі уәкілетті органның нормативтік құқықтық актісінде және ерікті зейнетақы жарналары есебінен зейнетақымен қамсыздандыру туралы шартта белгіленген тәртіппен және талаптарда ерікті зейнетақы жарналарын тартады.
2. Қазақстан Республикасының резидент-жеке тұлғалары, заңды тұлғалар ерікті жинақтаушы зейнетақы қорының құрылтайшылары және (немесе) акционерлері бола алады.
Ерікті жинақтаушы зейнетақы қоры басқа ерікті жинақтаушы зейнетақы қорының құрылтайшысы немесе акционері бола алмайды.
3. Ерікті жинақтаушы зейнетақы қорының атауы «ерікті жинақтаушы зейнетақы қоры» деген сөздерді қамтуға тиіс.
Ерікті жинақтаушы зейнетақы қорының атауында «ЕЖЗҚ» деген аббревиатура пайдаланылып, оның атауын қысқартуға жол беріледі.
Ерікті жинақтаушы зейнетақы қорын қоспағанда, заңды тұлғалардың өз атауында «ерікті жинақтаушы зейнетақы қоры» деген сөздерді қандай тілде болмасын, толық және қысқартылған түрінде пайдалануына тыйым салынады.
4. Ерікті жинақтаушы зейнетақы қорының қызметін жүзеге асыру қағидаларын қаржы нарығы мен қаржы ұйымдарын реттеу, бақылау және қадағалау жөніндегі уәкілетті орган бекітеді.
43-бап. Ерікті жинақтаушы зейнетақы қорларының құқықтары мен міндеттері
1. Ерікті жинақтаушы зейнетақы қорлары:
1) ерікті зейнетақы жарналарын тартуға;
2) өзінің қызметі үшін комиссиялық сыйақы алуға;
3) салымшының (алушының) жазбаша жүгінуі бойынша сотта зейнетақымен қамсыздандыруға байланысты мәселелер бойынша оның мүддесін Қазақстан Республикасының заңнамасында көзделген тәртіппен білдіруге;
4) меншікті мүлкін жалға беруге;
5) Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкімен жасалған активтерді инвестициялық басқаруға арналған шартқа сәйкес бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорының зейнетақы активтерін басқаруға;
6) қаржы нарығы мен қаржы ұйымдарын реттеу, бақылау және қадағалау жөніндегі уәкілетті орган беретін лицензия негізінде бағалы қағаздар нарығында номиналды ұстаушы ретінде клиенттердің шоттарын жүргізу құқығынсыз брокерлік және (немесе) дилерлік қызметті өзі дербес жүзеге асыруға;
7) ерікті жинақтаушы зейнетақы қорының ішкі құжатында айқындалған тәртіппен биометриялық сәйкестендіру рәсімі арқылы зейнетақы қызметтерін көрсетуге;
8) Қазақстан Республикасының заңнамасына және ерікті зейнетақы жарналары есебінен зейнетақымен қамсыздандыру туралы шарттың талаптарына сәйкес өзге де құқықтарды жүзеге асыруға құқылы.
2. Ерікті жинақтаушы зейнетақы қорлары:
1) алушыларға ерікті зейнетақы жарналары есебінен зейнетақымен қамсыздандыру туралы шартта белгіленген тәртіппен зейнетақы төлемдерін жүргізуге;
2) зейнетақы жинақтары мен төлемдерін жеке есепке алуды жүзеге асыруға;
3) салымшыға (алушыға) ерікті зейнетақы жарналары есебінен зейнетақымен қамсыздандыру туралы шартта көзделген тәртіппен оның зейнетақы жинақтарының жай-күйі туралы ақпарат беруге және осы Кодекстің 55-бабында көзделген ережелерді ескере отырып, оның зейнетақы жинақтары туралы ақпаратқа қол жеткізуінің электрондық және өзге де тәсілдерін қамтамасыз етуге міндетті.
Ерікті жинақтаушы зейнетақы қорының зейнетақы жинақтарының жай-күйі туралы ақпаратты беру тәсілі салымшымен (алушымен) келісу бойынша айқындалады;
4) салымшыларға (алушыларға), сондай-ақ ерікті жинақтаушы зейнетақы қорымен ерікті зейнетақы жарналары есебінен зейнетақымен қамсыздандыру туралы шарт жасасуға ниеттенген адамдарға жинақтаушы зейнетақы жүйесінің жұмыс істеуі және инвестициялық портфельді басқару жөніндегі қызмет мәселелері бойынша өтеусіз консультациялық қызметтер көрсетуге;
5) салымшының (алушының) зейнетақы жинақтарының жай-күйі туралы ақпараттың құпиялылығын қамтамасыз етуге;
6) Қазақстан Республикасының зейнетақымен қамсыздандыру саласындағы заңнамасын және ерікті зейнетақы жарналары есебінен зейнетақымен қамсыздандыру туралы шарттың талаптарын бұзғаны үшін Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес жауапты болуға;
7) осы Кодексте және қаржы нарығы мен қаржы ұйымдарын реттеу, бақылау мен қадағалау жөніндегі уәкілетті органның нормативтік құқықтық актісінде көзделген тәртіппен салымшының (алушының) зейнетақы жинақтарын басқа ерікті жинақтаушы зейнетақы қорына немесе бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорына немесе сақтандыру ұйымына аударуға;
8) қаржы нарығы мен қаржы ұйымдарын реттеу, бақылау және қадағалау жөніндегі уәкілетті орган белгілеген және Қазақстан Республикасының бухгалтерлік есеп пен қаржылық есептілік туралы заңнамасында белгіленген тәртіппен және мерзімдерде қаржылық есептілік пен аудиторлық есепті, қаржы нарығы мен қаржы ұйымдарын реттеу, бақылау және қадағалау жөніндегі уәкілетті орган айқындаған тәртіппен өзге де есептілік пен өзінің қызметі туралы ақпаратты бұқаралық ақпарат құралдарында жариялауға және өзінің интернет-ресурсында орналастыруға міндетті. Бұл ретте ерікті жинақтаушы зейнетақы қорына жарналар бойынша кірістерге берілетін кепілдіктер немесе уәделер қамтылған ақпаратты, сондай-ақ Қазақстан Республикасының заңнамасында тыйым салынған өзге де мәліметтерді жариялауға жол берілмейді;
9) Қазақстан Республикасының заңнамасына және ерікті зейнетақы жарналары есебінен зейнетақымен қамсыздандыру туралы шарттың талаптарына сай өзге де міндеттерді орындауға міндетті.
3. Салымшылардың құқықтары мен мүдделерін қорғау мақсатында ерікті жинақтаушы зейнетақы қорының:
1) салдарынан Қазақстан Республикасының заңнамасында немесе ерікті жинақтаушы зейнетақы қорының инвестициялық декларациясында белгіленген талаптар бұзылатын мәмілелерді жасасуына;
2) осы бапта белгіленген қызмет түрлерін қоспағанда, кәсіпкерлік қызметті жүзеге асыруына;
3) зейнетақы активтерін Қазақстан Республикасының заңнамасында көзделмеген мақсаттарға пайдалануына;
4) зейнетақы активтерін иеліктен өтеусіз шығару бойынша инвестициялық шешімдерді қабылдауына;
5) зейнетақы портфелін басқару жөніндегі қызметке байланысты емес өзінің міндеттемелерін немесе үшінші тұлғалардың міндеттемелерін орындауды қамтамасыз ету үшін зейнетақы активтерін пайдалануына;
6) өзіне тиесілі активтерді зейнетақы активтерінің құрамына сатуына (беруіне);
7) активтерді кредитке сатуына;
8) инвестициялық декларацияға сәйкес сауда-саттықты ұйымдастырушылардың сауда жүйелерінде қаржы құралдарымен мәмілелер жасасу жағдайларын қоспағанда, зейнетақы активтері есебінен қайтарылуға жататын ақшаны немесе өзге де мүлікті қарыз шарттарының талаптарымен алуына;
9) ерікті зейнетақы жарналары есебінен зейнетақымен қамсыздандыру туралы шартқа және ерікті жинақтаушы зейнетақы қорының инвестициялық декларациясына сәйкес шығыстарды өтеу және сыйақы алу жағдайларын қоспағанда, өзі басқаратын зейнетақы активтерін сатып алуына;
10) жарнамада және бұқаралық ақпарат құралдарында ерікті жинақтаушы зейнетақы қорының зейнетақы активтерінің бір жылға жетпейтін кезең ішіндегі кірістілігі туралы ақпаратты көрсетуіне;
11) зейнетақы активтерін және (немесе) меншікті активтерді кепілге беруіне;
12) акциялардан басқа, бағалы қағаздарды шығаруына;
13) ерікті жинақтаушы зейнетақы қорының борыштық бағалы қағаздарды сатып алуын қоспағанда, кез келген тәсілмен қарыз беруіне тыйым салынады.
4. Ерікті жинақтаушы зейнетақы қорларының қаржылық орнықтылығын және төлем қабілеттілігін қамтамасыз ету мақсатында сақталуы міндетті пруденциялық нормативтер белгіленеді. Пруденциялық нормативтердің тізбесі, олардың нормативтік мәндері, есептеу әдістемесі қаржы нарығы мен қаржы ұйымдарын реттеу, бақылау және қадағалау жөніндегі уәкілетті органның нормативтік құқықтық актілерінде белгіленеді.
Ерікті жинақтаушы зейнетақы қорларының пруденциялық нормативтерді орындауы туралы есептіліктің тізбесі, нысандары, оны Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкіне ұсыну мерзімдері мен тәртібі қаржы нарығы мен қаржы ұйымдарын реттеу, бақылау және қадағалау жөніндегі уәкілетті органмен келісу бойынша Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкінің нормативтік құқықтық актісінде белгіленеді.
44-бап. Ерікті жинақтаушы зейнетақы қорының зейнетақы қағидалары мен инвестициялық декларациясы
1. Ерікті жинақтаушы зейнетақы қорының зейнетақы қағидаларында:
1) ерікті зейнетақы жарналары есебінен зейнетақымен қамсыздандыру туралы шарттарды өзгерту және тоқтату тәртібі;
2) зейнетақы жарналары мен төлемдерін жүзеге асыру тәртібі мен шарттары;
3) ерікті жинақтаушы зейнетақы қорының салымшылар (алушылар) алдындағы міндеттемелері бойынша жауапкершілігі;
4) зейнетақы жинақтарының жай-күйі туралы хабарлау тәртібі;
5) салымшыларға (алушыларға) ерікті жинақтаушы зейнетақы қорының және кастодиан-банктің акционерлері туралы мәліметтер ұсыну;
6) ерікті жинақтаушы зейнетақы қоры мен салымшылар (алушылар) арасындағы құқықтық қатынастардың өзге де ерекшеліктері қамтылады.
2. Ерікті жинақтаушы зейнетақы қоры ерікті зейнетақы жарналарының есебінен зейнетақы активтерін инвестициялауды қаржы нарығы мен қаржы ұйымдарын реттеу, бақылау және қадағалау жөніндегі уәкілетті органның нормативтік құқықтық актісіне және инвестициялық декларацияға сәйкес өзі дербес жүзеге асырады.
3. Зейнетақы қағидаларын және ерікті жинақтаушы зейнетақы қорының инвестициялық декларациясын, сондай-ақ оларға өзгерістер мен толықтыруларды ерікті жинақтаушы зейнетақы қорының басқарушы органы бекітеді.
45-бап. Салымшы (алушы) ерікті жинақтаушы зейнетақы қорымен жасайтын ерікті зейнетақы жарналары есебінен зейнетақымен қамсыздандыру туралы шарт
Ерікті зейнетақы жарналары есебінен зейнетақымен қамсыздандыру туралы шарт ерікті жинақтаушы зейнетақы қоры мен салымшы (алушы) арасында ерікті зейнетақы жарналары есебінен зейнетақымен қамсыздандыру туралы үлгілік шартқа сәйкес жазбаша нысанда жасалады.
Ерікті зейнетақы жарналары есебінен зейнетақымен қамсыздандыру туралы шартты жасасу тәртібі және оның үлгілік нысаны қаржы нарығы мен қаржы ұйымдарын реттеу, бақылау және қадағалау жөніндегі уәкілетті органның нормативтік құқықтық актісінде белгіленеді.
46-бап. Ерікті жинақтаушы зейнетақы қорының зейнетақы активтерін кастодиан-банкте сақтау және есепке алу
1. Ерікті жинақтаушы зейнетақы қорының зейнетақы активтері кастодиандық шартқа сәйкес ерікті жинақтаушы зейнетақы қорымен үлестес емес кастодиан-банктің шоттарында сақталады және есепке алынады.
2. Кастодиандық шарт кастодиан-банк пен ерікті жинақтаушы зейнетақы қоры арасында жасалады.
3. Кастодиандық шарттың үлгілік нысанын қаржы нарығы мен қаржы ұйымдарын реттеу, бақылау және қадағалау жөніндегі уәкілетті орган әзірлейді және бекітеді.
4. Кастодиан-банк ерікті жинақтаушы зейнетақы қорының зейнетақы активтерінің нысаналы орналастырылуын бақылауды жүзеге асырады және қаржы нарығы мен қаржы ұйымдарын реттеу, бақылау және қадағалау жөніндегі уәкілетті органды, ерікті жинақтаушы зейнетақы қорын және мәміле қор биржасының сауда жүйесінде жасалса, қор биржасын жасалған мәміленің Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес келмейтіні туралы дереу хабардар етуге міндетті.
5. Кастодиан-банк зейнетақы активтерін шоғырландыру, оларды орналастыру, инвестициялық кіріс алу жөніндегі барлық операцияларды есепке алуды жүргізеді және ай сайын ерікті жинақтаушы зейнетақы қорына оның шоттарының жай-күйі туралы хабарлайды.
6. Ерікті жинақтаушы зейнетақы қорының бір кастодиан-банкi болуға тиіс.
7. Кастодиандық шарт ерікті жинақтаушы зейнетақы қоры атқарушы органының тиісті шешімі негізінде шартты бұзудың белгіленген күніне дейін күнтізбелік жиырма күн ішінде кастодиан-банкті хабардар ете отырып және зейнетақы активтерін жаңа кастодиан-банкке беру рәсімін аяқтай отырып, ерікті жинақтаушы зейнетақы қорының талабы бойынша біржақты тәртіппен бұзылады.
8. Жаңа кастодиан-банкпен кастодиандық шарт жасасқан кезден бастап күнтізбелік отыз күн ішінде ерікті жинақтаушы зейнетақы қоры бұл туралы екі баспасөз басылымында және өзінің интернет-ресурсында қазақ және орыс тілдерінде тиісті жарияланымдар жасау арқылы өзінің салымшылары мен агенттерін хабардар етеді.
9. Кастодиандық шарт бұзылған кезден бастап алты айға дейінгі мерзімге ерікті жинақтаушы зейнетақы қоры, бұрынғы және жаңа кастодиан-банктер арасында бұрынғы кастодиан-банктің оған келіп түсетін зейнетақы жарналарын жаңа кастодиан-банкке аударуы туралы тиісті шарт жасалады.
47-бап. Ерікті жинақтаушы зейнетақы қорын қайта ұйымдастыру
1. Ерікті жинақтаушы зейнетақы қорын қайта ұйымдастыру акционерлердің жалпы жиналысының шешімі бойынша, қаржы нарығы мен қаржы ұйымдарын реттеу, бақылау және қадағалау жөніндегі уәкілетті органның рұқсатымен қосылу нысанында жүзеге асырылады. Ерікті жинақтаушы зейнетақы қорын қайта ұйымдастыруды жүргізуге рұқсат беру шарттары мен тәртібі қаржы нарығы мен қаржы ұйымдарын реттеу, бақылау және қадағалау жөніндегі уәкілетті органның нормативтік құқықтық актілерінде белгіленеді.
Мемлекеттің, ұлттық әл-ауқат қорының және (немесе) уәкілетті органның қатысуымен ерікті жинақтаушы зейнетақы қорын қайта ұйымдастыруды жүргізу ерекшеліктері қаржы нарығы мен қаржы ұйымдарын реттеу, бақылау және қадағалау жөніндегі уәкілетті органның нормативтік құқықтық актісінде айқындалады.
2. Қайта ұйымдастырылған ерікті жинақтаушы зейнетақы қоры өзіне басқа ерікті жинақтаушы зейнетақы қорын қосып алған ерікті жинақтаушы зейнетақы қорының лицензиясы негізінде ерікті зейнетақы жарналарын тартуға және зейнетақы төлемдерін жүзеге асыруға құқылы.
3. Қосылатын ерікті жинақтаушы зейнетақы қорының ерікті зейнетақы жарналары есебінен зейнетақымен қамсыздандыру туралы шарттар бойынша зейнетақы активтері мен міндеттемелері қайта ұйымдастырылған ерікті жинақтаушы зейнетақы қорына қаржы нарығы мен қаржы ұйымдарын реттеу, бақылау және қадағалау жөніндегі уәкілетті органның нормативтік құқықтық актісінде белгіленген тәртіппен берілуге жатады.
48-бап. Ерікті жинақтаушы зейнетақы қорын қайта ұйымдастыруға рұқсат беруден бас тарту
Қаржы нарығы мен қаржы ұйымдарын реттеу, бақылау және қадағалау жөніндегі уәкілетті органның ерікті жинақтаушы зейнетақы қорын қайта ұйымдастыруға рұқсат беруден бас тартуы мынадай негіздердің кез келгені:
1) ұйғарылып отырған қайта ұйымдастырудың нәтижесінде салымшылардың (алушылардың) мүдделерінің бұзылуы;
2) ұйғарылып отырған қайта ұйымдастырудың нәтижесінде Қазақстан Республикасының бәсекелестікті қорғау саласындағы заңнамасы талаптарының бұзылуы;
3) қаржы нарығы мен қаржы ұйымдарын реттеу, бақылау және қадағалау жөніндегі уәкілетті органның қайта ұйымдастыруға рұқсатын алу үшін ұсынылған құжаттардың Қазақстан Республикасы заңнамасының талаптарына сәйкес келмеуі бойынша жүргізіледі.
49-бап. Ерікті жинақтаушы зейнетақы қорын тарату
1. Ерікті жинақтаушы зейнетақы қоры:
1) қаржы нарығы мен қаржы ұйымдарын реттеу, бақылау және қадағалау жөніндегі уәкілетті органның өзі белгілеген тәртіппен берген рұқсаты болған кезде ерікті жинақтаушы зейнетақы қорының акционерлері жалпы жиналысының шешімі бойынша;
2) Қазақстан Республикасының заңнамалық актілерінде көзделген жағдайларда соттың шешімі бойынша таратылады.
2. Ерікті түрде немесе мәжбүрлеп таратуды жүргізу, сондай-ақ ерікті зейнетақы жарналары есебінен зейнетақымен қамсыздандыру туралы шарттар бойынша зейнетақы активтері мен міндеттемелерін беру қағидалары қаржы нарығы мен қаржы ұйымдарын реттеу, бақылау және қадағалау жөніндегі уәкілетті органның нормативтік құқықтық актісімен бекітіледі.
50-бап. Ерікті жинақтаушы зейнетақы қорын ерікті түрде таратуға рұқсат беруден бас тарту
Қаржы нарығы мен қаржы ұйымдарын реттеу, бақылау және қадағалау жөніндегі уәкілетті органның ерікті жинақтаушы зейнетақы қорын ерікті түрде таратуға рұқсат беруден бас тартуы мынадай негіздердің кез келгені:
1) қаржы нарығы мен қаржы ұйымдарын реттеу, бақылау және қадағалау жөніндегі уәкілетті органның таратуға рұқсатын алу үшін ұсынылған құжаттардың Қазақстан Республикасы заңнамасының талаптарына сәйкес келмеуі;
2) лицензияланатын қызмет түрлері бойынша міндеттемелердің және қолданыстағы шарттардың болуы;
3) ерікті жинақтаушы зейнетақы қорының барлық кредиторларының талаптарын қанағаттандыру үшін қаражатының жеткіліксіздігі бойынша жүргізіледі.
51-бап. Ерікті зейнетақы жарналарын тарту құқығымен инвестициялық портфельді басқаруға арналған лицензияның қолданысын тоқтатудың ерекшеліктері
1. Ерікті зейнетақы жарналарын тарту құқығымен инвестициялық портфельді басқаруға арналған лицензиядан айырылған жағдайда, ерікті жинақтаушы зейнетақы қоры салымшылардың (алушылардың) ерікті зейнетақы жинақтарын қаржы нарығы мен қаржы ұйымдарын реттеу, бақылау және қадағалау жөніндегі уәкілетті органның нормативтік құқықтық актісінде белгіленген тәртіппен бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорына аударуды жүзеге асырады.
2. Ерікті зейнетақы жарналарын тарту құқығымен инвестициялық портфельді басқаруға арналған лицензияны ерікті түрде қайтару ерікті жинақтаушы зейнетақы қорының өтініші негізінде жүзеге асырылады және ерікті жинақтаушы зейнетақы қоры осы қызмет түрі бойынша барлық міндеттемелерін орындағаннан кейін ғана жүргізіледі.
3. Ерікті зейнетақы жарналарын тарту құқығымен инвестициялық портфельді басқаруға арналған лицензияны ерікті түрде қайтару, сондай-ақ ерікті зейнетақы жарналары есебінен зейнетақымен қамсыздандыру туралы шарттар бойынша зейнетақы активтері мен міндеттемелерді беру қағидалары қаржы нарығы мен қаржы ұйымдарын реттеу, бақылау және қадағалау жөніндегі уәкілетті органның нормативтік құқықтық актісінде айқындалады.
7-тарау. БІРЫҢҒАЙ ЖИНАҚТАУШЫ ЗЕЙНЕТАҚЫ
ҚОРЫНЫҢ ЖӘНЕ ЕРІКТІ ЖИНАҚТАУШЫ
ЗЕЙНЕТАҚЫ ҚОРЛАРЫНЫҢ ҚЫЗМЕТІН ЖҮЗЕГЕ АСЫРУ ТӘРТІБІ
52-бап. Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорының және ерікті жинақтаушы зейнетақы қорларының зейнетақы активтері
1. Міндетті зейнетақы жарналары, міндетті кәсіптік зейнетақы жарналары және ерікті зейнетақы жарналары есебінен қалыптастырылған зейнетақы активтері комиссиялық сыйақы шегеріле отырып, зейнетақы жарналарын, инвестициялық кірісті, өсiмпұл және залалдардың өтемі ретінде түскен қаражатты қамтиды.
2. Жеке және заңды тұлғалардың міндетті зейнетақы жарналары, міндетті кәсіптік зейнетақы жарналары және ерікті зейнетақы жарналары есебінен қалыптастырылған зейнетақы активтеріне деген құқықтары осы Кодексте көзделген заттық құқықтар қатарына жатады.
3. Міндетті зейнетақы жарналары салымшысының, өздері үшін міндетті кәсіптік зейнетақы жарналары аударылған жеке тұлғалардың, зейнетақы төлемдерін алушылардың, Мемлекеттік корпорацияның, бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорының, кастодиан-банктің және өзіне зейнетақы активтері осы Кодекстің 36-бабының 3-тармағына және 37-бабына сәйкес активтерді инвестициялық басқаруға арналған шарт негізінде берілген тұлғалардың борыштары бойынша міндетті зейнетақы жарналарына, міндетті кәсіптік зейнетақы жарналарына, өсімпұлдарға, зейнетақы активтеріне және зейнетақы жинақтарына тыйым салуға немесе өндіріп алуды қолдануға, оның ішінде санамаланған субъектілер таратылған және (немесе) банкрот болған жағдайларда, жол берілмейді.
4. Міндетті зейнетақы жарналары, міндетті кәсіптік зейнетақы жарналары және ерікті зейнетақы жарналары есебінен қалыптастырылған зейнетақы активтері тек қана:
1) тізбесін Қазақстан Республикасының Үкіметі бекітетін қаржы құралдарына орналастыруға;
2) осы Кодекстің 37-бабына сәйкес инвестициялық портфельді басқарушыға сенімгерлік басқаруға берілген зейнетақы активтері есебінен сатып алуға рұқсат етілген қаржы құралдарына орналастыруға;
3) Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес тұрғын үй жағдайларын жақсарту және (немесе) емделуге ақы төлеу мақсатында міндетті зейнетақы жарналары есебінен зейнетақы төлемдерін, оның ішінде біржолғы зейнетақы төлемдерін жүзеге асыруға;
4) зейнетақы жинақтарын осы Кодексте және қаржы нарығы мен қаржы ұйымдарын реттеу, бақылау және қадағалау жөніндегі уәкілетті органның нормативтік құқықтық актісінде көзделген тәртіппен зейнетақы аннуитеті шарты бойынша сақтандыру ұйымына ауыстыруға;
5) зейнетақы активтерін осы Кодекстің 37-бабына сәйкес инвестициялық портфельді басқарушыға сенімгерлік басқаруға беруге;
6) ерікті зейнетақы жарналары есебінен құралатын зейнетақы жинақтарын бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорынан ерікті жинақтаушы зейнетақы қорына, ерікті жинақтаушы зейнетақы қорынан бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорына, сондай-ақ бір ерікті жинақтаушы зейнетақы қорынан басқа ерікті жинақтаушы зейнетақы қорына ауыстыруға;
7) қате есепке жатқызылған зейнетақы жарналарын және өзге де қате есепке жатқызылған ақшаны қайтаруға;
8) осы Кодексте белгіленген жағдайларда және мөлшерде бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорына, ерікті жинақтаушы зейнетақы қорларына, Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкіне, инвестициялық портфельді басқарушыға комиссиялық сыйақы төлеуге;
9) «Қазақстан Республикасының екінші деңгейдегі банктерінде орналастырылған депозиттерге міндетті кепілдік беру туралы» Қазақстан Республикасының Заңына сәйкес ұсынылған депозиттерге міндетті кепілдік беруді жүзеге асыратын ұйымның хабарламасы негізінде өзі үшін ерікті зейнетақы жарналары аударылған жеке тұлғаның (зейнетақы төлемдерін алушының) жеке зейнетақы шотынан кепілді өтемнің талап етілмеген сомасын қайтаруға;
10) брокерлік комиссияларды, биржалық алымдарды және ұйымдастырылған және ұйымдастырылмаған бағалы қағаздар нарықтарында қаржы құралдарын сатып алуға немесе сатуға байланысты өзге де шығыстарды төлеуге пайдаланылады.
53-бап. Жұмыс берушінің міндетті зейнетақы жарналары есебінен қалыптастырылған зейнетақы активтері
1. Жұмыс берушінің міндетті зейнетақы жарналары есебінен қалыптастырылған зейнетақы активтері комиссиялық сыйақы шегеріле отырып, жұмыс берушінің міндетті зейнетақы жарналарын, инвестициялық кірісті, өсiмпұл және залалдардың өтемі ретінде түскен қаражатты қамтиды.