152-бап. Құпиялылық
1. Ұлттық алдын алу тетігіне қатысушылар алдын ала бару барысында өздеріне белгілі болған адамның жеке өмірі туралы мәліметтерді осы адамның келісімінсіз жария етуге құқылы емес.
2. Ұлттық алдын алу тетігіне қатысушылардың алдын ала бару барысында өздеріне белгілі болған адамның жеке өмірі туралы мәліметтерді осы адамның келісімінсіз жария етуі Қазақстан Республикасының заңдарында белгіленген жауаптылыққа алып келеді.
153-бап. Уәкілетті мемлекеттік органдардың ұлттық алдын алу тетігіне қатысушылармен өзара іс-қимылы
1. Мемлекеттік органдар және олардың лауазымды адамдары ұлттық алдын алу тетігіне қатысушыларға олардың заңды қызметін жүзеге асыруына жәрдем көрсетеді.
Бірде-бір мемлекеттік орган немесе лауазымды адам азаптау және қатыгез, адамгершілікке жатпайтын немесе қадір-қасиетті қорлайтын басқа да қарым-қатынастар мен жазалау түрлерінің қолданылу фактілері туралы ұлттық алдын алу тетігінің қатысушыларына хабарлағаны үшін азаматтардың құқықтары мен бостандықтарын шектеуге құқылы емес.
Ұлттық алдын алу тетігіне қатысушылардың заңды қызметіне кедергі келтіретін лауазымды адамдар Қазақстан Республикасының заңдарында белгіленген жауаптылықта болады.
2. Уәкілетті мемлекеттік органдар ұлттық алдын алу тетігіне қатысушылардың жыл сайынғы жинақталған баяндамасын алған күннен бастап үш ай ішінде Қазақстан Республикасындағы Адам құқықтары жөніндегі уәкілге алынған баяндамаларды қарау нәтижелері бойынша қолданылған шаралар туралы жазбаша нысанда хабар береді.
3. Қазақстан Республикасындағы Адам құқықтары жөніндегі уәкілдің ұлттық алдын алу тетігіне қатысушылардың алдын ала бару нәтижелері бойынша есептері негізінде Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген тәртіппен уәкілетті мемлекеттік органдарға немесе лауазымды адамдарға адамның және азаматтың құқықтары мен бостандықтарын бұзған лауазымды адамға қатысты іс жүргізуді немесе әкімшілік құқық бұзушылық туралы істер бойынша іс жүргізуді не қылмыстық істі қозғау туралы өтінішхатпен (арызбен) жүгінуге құқығы бар.
13-тарау. МҮГЕДЕКТІГІ БАР АДАМДАРДЫ МЕМЛЕКЕТТІК ҚОЛДАУ
1-параграф. Жалпы ережелер
154-бап. Мүгедектігі бар адамдардың құқықтары және міндеттері
1. Қазақстан Республикасында мүгедектігі бар адамдар:
1) әлеуметтік қорғалуға, оның ішінде абилитациялауға, оңалтуға, қоғамға интеграциялануға;
2) мектепке дейінгі тәрбие алу мен оқу, білім алу үшін жағдайлармен қамтамасыз етілуге;
3) Қазақстан Республикасының заңнамасында айқындалатын тәртіппен тегін медициналық көмектің кепілдік берілген көлеміне және міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесінде медициналық көмекке;
4) арнаулы әлеуметтік көрсетілетін қызметтердің кепілдік берілген көлеміне;
5) кәсіптік даярлыққа және қайта даярлыққа, еңбек қабілетін қалпына келтіруге және жұмысқа орналасуға;
6) инфрақұрылым, ақпараттандыру объектілеріне, көлікке, ақпаратқа, ойын-сауық, мәдени-бұқаралық іс-шараларға, спорттық сайыстарға және мемлекеттік көрсетілетін қызметтерге қолжетімділіктің қамтамасыз етілуіне;
7) өзінің сайлау және сайлану құқығын жүзеге асыруға;
8) Қазақстан Республикасының тұрғын үй заңнамасына сәйкес тұрғын үйге;
9) мемлекеттік және өзге ұйымдарда, оның ішінде денсаулық сақтау, мәдениет, байланыс, көлік, қызмет көрсету саласындағы ұйымдарда бірінші кезекте қызмет көрсетілуге құқықтарын қоса алғанда, Қазақстан Республикасының Конституциясында, Қазақстан Республикасының басқа да заңнамалық актілерінде бекітілген әлеуметтік-экономикалық және жеке басының құқықтары мен бостандықтарына толығымен ие болады.
2. Мүгедектігі бар адам:
1) Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес, оның ішінде өзінің денсаулығының жай-күйі туралы толық және анық мәліметтерді беруге;
2) Қазақстан Республикасының денсаулық сақтау саласындағы заңнамасында айқындалатын тәртіппен профилактикалық медициналық қарап-тексеруден, скринингтік зерттеуден өтуге;
3) жеке бағдарламада ұсынылған іс-шараларды орындауға;
4) әлеуметтенуге және қоғамға интеграциялануға қатысуға міндетті.
155-бап. Медициналық-әлеуметтік сараптама
1. Адамның мүгедектігін, еңбекке қабілеттілігінен айырылу дәрежесін белгілеу уәкілетті мемлекеттік органның барып немесе сырттай медициналық-әлеуметтік сараптама жүргізуі арқылы жүзеге асырылады.
2. Дәрігерлік-консультативтік комиссия медициналық-әлеуметтік сараптамаға жіберуді денсаулық сақтау саласындағы уәкілетті орган айқындаған тәртіппен жүргізеді.
3. Медициналық-әлеуметтік сараптама уәкілетті мемлекеттік орган айқындаған тәртіппен куәландырылатын адамның клиникалық-функционалдық, әлеуметтік, кәсіптік және психологиялық деректерін сыныптауыш пен өлшемшарттарды пайдалана отырып талдау негізінде организмнің жай-күйін кешенді бағалау негізінде жүзеге асырылады.
4. Өтініш берушіге:
қолданылу мерзімі өтіп кеткен құжаттарды тапсырған кезде;
құжаттардың толық топтамасын ұсынбаған кезде;
медициналық-әлеуметтік сараптама бөліміне барып куәландыруға тұрақты тіркелмеген орны бойынша жүгінген кезде медициналық-әлеуметтік сараптама жүргізуден бас тартылады.
5. Медициналық-әлеуметтік сараптама жүргізу қорытындысы бойынша тыныс-тіршілік санаттарының бірінің шектелуіне алып келетін организм функцияларының тұрақты бұзылуы болмаған жағдайларда мүгедектік және (немесе) еңбекке қабілеттіліктен айырылу дәрежесі белгіленбейді.
6. Адамға мүгедектік және (немесе) еңбекке қабілеттілігінен айырылу дәрежесі белгіленген кезде оның себептері, мерзімдері, әлеуметтік қорғау шараларына деген қажеттілік анықталады, сондай-ақ жеке бағдарламаның әлеуметтік және кәсіби бөліктері әзірленеді.
7. Организм функцияларының бұзылу дәрежесіне, тыныс-тіршілігінің шектелуіне, оңалту болжамына және әлеуетіне қарай мынадай санаттар:
1) мүгедектікті анықтау кезінде адамға:
жеті жасқа дейін - 6 айға, 1 жылға, 2 жылға, 5 жылға немесе жеті жасқа дейін «мүгедектігі бар бала» санаты;
жеті жастан он сегіз жасқа дейін - 6 айға, 1 жылға, 2 жылға, 5 жылға немесе он сегіз жасқа дейін «бірінші топтағы мүгедектігі бар бала», «екінші топтағы мүгедектігі бар бала», «үшінші топтағы мүгедектігі бар бала» санаттары;
он сегіз жастан асқанда - 6 айға, 1 жылға, 2 жылға, 5 жылға немесе қайтадан куәландыру мерзімінсіз «мүгедектіктің бірінші тобы», «мүгедектіктің екінші тобы», «мүгедектіктің үшінші тобы» мүгедектік топтары;
2) міндетті әлеуметтік сақтандыру жүйесіне қатысушыға еңбекке қабілеттілігінен айырылуға алып келетін әлеуметтік тәуекел туындаған кезде - жалпы еңбекке қабілеттілігінен айырылу дәрежесі 30 пайыздан 100 пайызға дейінді қоса алғандағы мөлшерде 6 айға, 1 жылға, 2 жылға, 5 жылға, он сегіз жасқа толғанға дейін, міндетті әлеуметтік сақтандыру жүйесіне қатысушы осы Кодекстің 207-бабының 1-тармағында көзделген жасқа толғанға дейін белгіленеді.
Кезекті қайта куәландыру мерзімі бар мүгедектігі бар адамға жалпы еңбекке қабілеттілігінен айырылу дәрежесі белгіленген жағдайда жалпы еңбекке қабілеттілігінен айырылу дәрежесі осы әлеуметтік қауіп бойынша мүгедектік мерзімі аяқталғанға дейін белгіленеді;
3) еңбек (қызметтік) міндеттерін орындауға байланысты өндірістік жарақат алған және (немесе) кәсіптік ауруға шалдыққан жұмыскерге - кәсіптік еңбекке қабілеттілігінен айырылу дәрежесі 5 пайыздан 100 пайызға дейінді қоса алғанда 6 айға, 1 жылға, 2 жылға, 5 жылға немесе қайта куәландыру мерзімінсіз белгіленеді.
Кезекті қайта куәландыру мерзімі бар мүгедектігі бар адамға кәсіптік еңбекке қабілеттілігінен айырылу дәрежесі белгіленген жағдайда кәсіптік еңбекке қабілеттілігінен айырылу дәрежесі өндірістік жарақат және (немесе) кәсіптік ауру бойынша мүгедектік мерзімі аяқталғанға дейін белгіленеді.
8. Мүгедектіктің және (немесе) еңбекке қабілеттіліктен айырылу дәрежесінің мынадай себептері:
1) жалпы ауру;
2) жұмыста мертігу;
3) кәсіптік ауру;
4) бала кезінен мүгедектік;
5) жеті жасқа дейінгі балалардың мүгедектігі;
6) жеті жастан он сегіз жасқа дейінгі балалардың мүгедектігі;
7) тиісті қызмет саласындағы уәкілетті орган себеп-салдарлық байланысты белгілеген жағдайда қызметтік міндеттерін атқару кезінде, әскери қызмет өткеру кезінде, азаматтық немесе әскери мақсаттағы ядролық объектілердегі авариялардың зардабын жою кезінде не ядролық объектілердегі авариялық жағдайлар салдарынан алған, әскери қызмет міндеттерін (қызметтік міндеттерін) атқаруға байланысты емес жазатайым оқиғаның салдарынан болған жаралану, контузия, мертігу, ауру не әскери және қызметтік борышын орындауға байланысты емес ауру;
8) тиісті қызмет саласындағы уәкілетті орган себеп-салдарлық байланысты белгілеген жағдайда төтенше экологиялық жағдайлар, оның ішінде ядролық жарылыстар мен сынақтар кезіндегі радиациялық әсер етудің салдарынан және (немесе) олардың зардаптарынан болған мүгедектік айқындалады.
Осы тармақтың 7) және 8) тармақшаларындағы мүгедектік себептері себеп-салдарлық байланысты анықтаған уәкілетті органның келтірген тұжырымына қатаң сәйкестікпен шығарылады.
9. Еңбек (қызметтік) міндеттерін орындауға байланысты өндірістік жарақат алған және (немесе) кәсіптік ауруға шалдыққан жұмыскерлер үшін кәсіптік еңбекке қабілеттіліктен айырылу дәрежесінің мынадай себептері:
1) жұмыста мертігу;
2) кәсіптік ауру белгіленеді.
10. Мүгедектігі бар және (немесе) еңбекке қабілеттілігінен айырылған адамдар мүгедектіктің және еңбекке қабілеттілігінен айырылу дәрежесінің белгіленген мерзімдерін сақтай отырып, қайта куәландырудан өтеді.
11. Жүргізілген медициналық-әлеуметтік сараптама нәтижелерімен келіспеген жағдайда адам және (немесе) оның заңды өкілі уәкілетті мемлекеттік органға жүгінеді.
Медициналық-әлеуметтік сараптама бөлімдерінің шешімдеріне шағымдануды қарауды және медициналық-әлеуметтік сараптама мәселелері бойынша бақылауды Қазақстан Республикасының заңдарында белгіленген тәртіппен медициналық-әлеуметтік сараптаманың әдіснама және бақылау бөлімі жүзеге асырады.
12. Медициналық-әлеуметтік сараптаманың әдіснамасы және оны бақылау бөлімі медициналық-әлеуметтік сараптамаға анық емес құжаттарды ұсыну және (немесе) сараптама қорытындысын негізсіз шығару фактісі анықталған кезде хаттама ресімдейді, оның негізінде бақылау бойынша қайта куәландырылғанға және сараптама қорытындысы шығарылғанға дейін мүгедектікті және (немесе) еңбекке қабілеттілігінен айырылу дәрежесін белгілеуге байланысты төлемдер мен жәрдемақылар тоқтатыла тұрады.
13. Төтенше жағдай кезеңінде қайта куәландыру мерзімі төтенше жағдай енгізілгенге дейін бір айдан аспаған және төтенше жағдай кезінде басталған және көрсетілген мерзімде қайта куәландырудан өтпеген адамдар үшін мүгедектік, еңбекке қабілеттілігінен айырылу дәрежесінің және жеке бағдарламалардың мерзімдері төтенше жағдайдың қолданылу мерзіміне автоматты түрде ұзартылады.
Төтенше жағдай режимі қолданысының аяқталу айы толығымен есептеледі.
156-бап 2025 ж. 1 қаңтардан бастап қолданысқа енгізіледі
156-бап. Сырттай проактивті куәландыру ерекшеліктері
1. Сырттай проактивті форматта мүгедектік және еңбекке қабілеттіліктен айырылу дәрежесі белгіленген кезде уәкілетті мемлекеттік орган медициналық-әлеуметтік сараптама жүргізуге сараптамалық қызметтер көрсетуге келісімшарт негізінде медициналық-әлеуметтік сараптаманың тәуелсіз сарапшыларын тартады.
2. Медициналық-әлеуметтік сараптаманың тәуелсіз сарапшыларының тізілімін жүргізу тәртібін, сондай-ақ тізілімге енгізуді және одан шығаруды уәкілетті мемлекеттік орган айқындайды.
3. Медициналық-әлеуметтік сараптаманың тәуелсіз сарапшылары жұмысының нәтижелерін бағалау тәртібі мен өлшемшарттарын уәкілетті мемлекеттік орган айқындайды.
4. Медициналық-әлеуметтік сараптаманың тәуелсіз сарапшыларының қызметтеріне ақы төлеу тәртібін және медициналық-әлеуметтік сараптаманың тәуелсіз сарапшылары көрсететін қызметтерге тарифтерді уәкілетті мемлекеттік орган бекітеді.
5. Сырттай проактивті куәландыру уәкілетті мемлекеттік орган денсаулық сақтау саласындағы уәкілетті органмен бірлесіп айқындаған нозологиялық нысандар тізбесі бойынша жүргізіледі.
157-бап. Жеке бағдарлама
1. Жеке бағдарлама мүгедектік белгіленген мерзімге мүгедектігі бар адамдардың жеке қажеттіліктерін бағалау негізінде әзірленеді және ол уәкілетті мемлекеттік орган айқындаған тәртіппен организм функцияларын қалыптастыруға, дамытуға, қалпына келтіруге және (немесе) организмнің бұзылған және (немесе) жоғалған функцияларының орнын толтыруға бағытталған медициналық, әлеуметтік, кәсіптік шаралар кешенін қамтиды.
2. Жеке бағдарламада уәкілетті мемлекеттік орган айқындайтын тәртіппен мүгедектігі бар адамдарға берілетін техникалық көмекші (компенсаторлық) құралдардың, арнаулы жүріп-тұру құралдарының және көрсетілетін қызметтердің сыныптауышына сәйкес мүгедектігі бар адам мұқтаж техникалық көмекші (компенсаторлық) құралдардың, арнаулы жүріп-тұру құралдарының және көрсетілетін қызметтердің атаулары да қамтылады.
3. Мүгедектігі бар адамға жеке бағдарламаның іс-шаралары тауарлардың, көрсетілетін қызметтердің құнын өтеу үшін кепілдік берілген сома және арнаулы әлеуметтік көрсетілетін қызметтердің кепілдік берілген көлемі шегінде тегін және (немесе) өтеулі негізде көрсетіледі, оны төлеуге мүгедектігі бар адам немесе жұмыста мертігуіне немесе кәсіптік ауруға шалдығуына кінәлі жұмыс беруші қатысады.
2-параграф. Мүгедектігі бар адамдарды абилитациялау және оңалту
158-бап. Мүгедектігі бар адамдардың мамандандырылған ұйымдары
1. Мүгедектігі бар адамдардың мамандандырылған ұйымдары - мүгедектігі бар адамдардың қоғамдық бірлестіктері, сондай-ақ акцияларының жүз пайызы мүгедектігі бар адамдардың қоғамдық бірлестіктеріне тиесілі ұйымдар мынадай шарттарға сәйкес келген жағдайда, осындай бірлестіктер мен ұйымдар:
мүгедектігі бар адамдардың орташа жылдық саны жұмыскерлердің жалпы санының кемінде 51 пайызын құрайды;
мүгедектігі бар адамдарға еңбекақы төлеу шығыстары бір жылға еңбекақы төлеу бойынша жалпы шығыстардың кемінде 35 пайызын құрайды.
2. Орталық және жергілікті атқарушы органдар:
1) мүгедектігі бар адамдардың мүдделерін қозғайтын шешімдерді дайындау және қабылдау;
2) дене шынықтыру және спорт саласындағы уәкілетті органмен немесе облыстардың, республикалық маңызы бар қалалардың, астананың, аудандардың, облыстық маңызы бар қалалардың жергілікті атқарушы органдарымен бірлесіп спорттық іс-шаралар ұйымдастыру;
3) уәкілетті аумақтық мәдениет органдарымен бірлесіп, ағартушылық және мәдени іс-шараларды ұйымдастыру кезінде мүгедектігі бар адамдардың қоғамдық бірлестіктерімен және олардың уәкілетті өкілдерімен өзара іс-қимыл жасайды.
3. Мүгедектігі бар адамдардың қоғамдық бірлестіктеріне, сондай-ақ олардың ұйымдарына өздерінің меншігіндегі ғимараттар (құрылыстар, құрылысжайлар) салынған жер учаскелеріне меншік құқығын мемлекет меншігінен жеке меншікке беру Қазақстан Республикасының заңдарында көзделген жағдайларда өтеусіз жүзеге асырылады.
Мүгедектігі бар адамдардың қоғамдық бірлестіктерінің қызметі тоқтатылған немесе мүгедектігі бар адамдардың қоғамдық бірлестіктерінің, олардың ұйымдарының меншігінен жылжымайтын мүлік иеліктен шығарылған жағдайда, олардың меншік иелігіндегі жер учаскелері мемлекет меншігіне қайтарылуға жатады.
4. Мүгедектігі бар адамдардың қоғамдық бірлестіктері:
1) орталық және жергілікті атқарушы органдарға мүгедектігі бар адамдардың құқықтары мен заңды мүдделерін қорғауды қамтамасыз ету жөнінде ұсыныстар енгізу;
2) мүгедектігі бар адамдардың құқықтарын қамтамасыз ету және өмір сүру сапасын жақсарту жөніндегі мемлекеттік саясатты іске асыру тиімділігін бағалауға қатысу;
3) Қазақстан Республикасының әзірленіп жатқан нормативтік құқықтық актілеріне мүгедектігі бар адамдарды әлеуметтік қорғау мәселелері бойынша ұсыныстар енгізу жолымен мүгедектігі бар адамдарды әлеуметтік қорғау саласындағы мемлекеттік саясатты қалыптастыруға қатысуға құқылы.
159-бап. Мүгедектіктің алдын алу
1. Мүгедектіктің алдын алу ерте диагностикалауға, аурулардың ерте сатыда өршуінің және олардың салдарының алдын алуға, орын алған асқынуларды, ағзалар мен тіндердің зақымдануын бақылауға бағытталған медициналық және медициналық емес іс-шаралар кешенін, сондай-ақ денсаулықты қорғау, адамның өмір сүруінің экологиялық ортасын жақсарту, саламатты өмір салтын қалыптастыру, қауіпсіз еңбек жағдайларын қамтамасыз ету, өндірісте жарақаттанудың алдын алу, кәсіптік ауруларды азайту жөніндегі іс-шараларды қамтиды.
2. Мүгедектіктің алдын алуды Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес тиісті мемлекеттік органдар, жергілікті атқарушы органдар, ұйымдар мен жұмыс берушілер жүзеге асырады.
160-бап. Медициналық оңалту (абилитациялау)
1. Медициналық оңалтуды (абилитациялауды) медициналық жұмыскерлер клиникалық хаттамаларға, медициналық көмек көрсету стандарттары мен қағидаларына сәйкес жүзеге асырады.
Медициналық абилитация туа біткен функционалдық шектеулері бар балалар үш жасқа толғанға дейін жүргізіледі.
2. Медициналық ұйым медициналық көрсетілетін қызметтердің көлемін, оңалтуды (абилитациялауды) жүргізу түрлері мен мерзімін көрсете отырып, мүгедектігі бар адамдарды оңалтудың (абилитациялаудың) жеке бағдарламасының медициналық бөлігін әзірлейді, оны орындауды жүзеге асырады.
3. Мүгедектігі бар адамдар мен мүгедектігі бар балаларды санаторийлік-курорттық емдеумен қамтамасыз ету осы Кодекстің 169-бабында көзделген жағдайларды қоспағанда, уәкілетті мемлекеттік орган айқындаған тәртіппен әлеуметтік көрсетілетін қызметтер порталы арқылы жүзеге асырылады.
4. Осы баптың 5 және 6-тармақтарында көзделген жағдайларды қоспағанда, жұмыс берушінің кінәсінан жұмыста мертіккен немесе кәсіптік ауруға шалдыққан мүгедектігі бар адамға санаторийлік-курорттық емделуге шығыстарды Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес жұмыс беруші өтейді.
5. Жұмыс берушіге қатысты оны банкрот деп тану туралы сот шешімі заңды күшіне енген жағдайда жұмыс берушінің кінәсінан жұмыста мертіккен немесе кәсіптік ауруға шалдыққан мүгедектігі бар адамға санаторийлік-курорттық емдеу осы баптың 3-тармағына сәйкес беріледі.
6. Жұмыс беруші-дара кәсіпкердің қызметі тоқтатылған немесе заңды тұлға таратылған жағдайда, жұмыс берушінің кінәсінан жұмыста мертіккен немесе кәсіптік ауруға шалдыққан мүгедектігі бар адамға санаторийлік-курорттық емдеу осы баптың 3-тармағына сәйкес беріледі.
161-бап. Әлеуметтік абилитациялау және оңалту
1. Мүгедектігі бар адамдарды әлеуметтік абилитациялау және оңалту мыналарды:
1) техникалық көмекші (компенсаторлық) және арнаулы жүріп-тұру құралдарымен қамтамасыз етуді және оларды пайдалануға үйретуді;
2) арнаулы әлеуметтік көрсетілетін қызметтерді ұсынуды;
3) жүріп-тұруы қиын бірінші топтағы мүгедектігі бар адамдар үшін жеке көмекшінің қызметін ұсынуды;
4) есту қабілеті бойынша мүгедектігі бар адамға ымдау тілі маманының қызметтерін ұсынуды;
5) уәкілетті мемлекеттік орган айқындаған жеке бағдарламаға сәйкес әлеуметтік абилитациялау мен оңалтудың өзге де түрлерін қамтиды.
2. Мүгедектігі бар адамдарды әлеуметтік абилитациялау мен оңалтуды психологиялық-медициналық-педагогикалық консультацияларды, оңалту орталықтарын, психологиялық-педагогикалық түзету кабинеттерін қоса алғанда, әлеуметтік қорғау, денсаулық сақтау және білім беру саласында арнаулы әлеуметтік көрсетілетін қызметтер ұсынатын ұйымдар, сондай-ақ басқа да мамандандырылған ұйымдар жүзеге асырады.
162-бап. Мүгедектігі бар адамдарға протездік-ортопедиялық көмек, техникалық көмекші (компенсаторлық) құралдар мен арнаулы жүріп-тұру құралдарын беру
1. Мүгедектігі бар адамдар жеке бағдарламаға сәйкес техникалық көмекші (компенсаторлық) құралдардың, арнаулы жүріп-тұру құралдарының және мүгедектігі бар адамдарға көрсетілетін қызметтердің сыныптаушысына сәйкес есту протезі көмегімен, протездік-ортопедиялық көмек пен, техникалық көмекші (компенсаторлық) құралдар мен және арнаулы жүріп-тұру құралдарымен қамтамасыз етіледі.
2. Есту протезі көмегімен, протездік-ортопедиялық көмек пен, техникалық көмекші (компенсаторлық) құралдармен және арнаулы жүріп-тұру құралдарымен, оларды ауыстыру мерзімдерін қоса алғанда қамтамасыз ету осы Кодекстің 169-бабында көзделген жағдайларды қоспағанда, уәкілетті мемлекеттік орган айқындаған тәртіппен әлеуметтік көрсетілетін қызметтер порталы арқылы жүзеге асырылады.
3. Протездік-ортопедиялық көмек протездеу, мүгедектігі бар адамдарды жеке тапсырыстар бойынша дайындалатын протездік-ортопедиялық құралдармен қамтамасыз ету бойынша медициналық қызметтер көрсетуден, сондай-ақ оларды пайдалануды үйретуден тұрады.
Протездік-ортопедиялық көмекті көрсетуші дайындалатын протездік-ортопедиялық құралдың сипаттамасына байланысты стационарлық протездеу қажеттілігін айқындайды.
Есту протезі көмегі протездеу бойынша медициналық қызметтер көрсетуден, кохлеарлық импланттың сөйлеу процессорын ауыстыру және теңшеу бойынша қызметтер көрсетуден, сондай-ақ оларды пайдалануды үйретуден тұрады.
Стационарлық протездеуге және (немесе) протездеуге баруға байланысты шығыстарды төлеу уәкілетті мемлекеттік орган айқындаған тәртіппен жүзеге асырылады.
4. Жұмыс берушінің кінәсінан жұмыста мертіккен немесе кәсіптік ауру салдарынан мүгедектігі бар адамдар Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес жұмыс берушінің қаражаты есебінен жеке бағдарламаға сәйкес протездік-ортопедиялық көмекпен, техникалық көмекші (компенсаторлық) құралдармен және арнаулы жүріп-тұру құралдарымен қамтамасыз етіледі.
5. Жұмыс беруші-дара кәсіпкердің қызметі тоқтатылған немесе заңды тұлға таратылған, сондай-ақ оны банкрот деп тану туралы сот шешімі заңды күшіне енген жағдайларда жұмыс берушінің кінәсінан жұмыста мертіккен немесе кәсіптік ауруға шалдыққан мүгедектігі бар адамға протездік-ортопедиялық көмек, техникалық көмекші (компенсаторлық) құралдар және арнаулы жүріп-тұру құралдары осы баптың 1-тармағына сәйкес беріледі.
6. Техникалық көмекші (компенсаторлық) құралдар мен арнаулы жүріп-тұру құралдары Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес сертификаттау жүйесінің талаптарына сәйкестігі тұрғысынан міндетті түрде сертификаттауға жатады.
163-бап. Мүгедектігі бар адамдарға жеке көмекшінің және ымдау тілі маманының қызметтерін ұсыну
1. Мүгедектігі бар адамдарға жеке бағдарламаға сәйкес уәкілетті мемлекеттік орган айқындаған тәртіппен жеке көмекшінің және (немесе) ымдау тілі маманының қызметтері ұсынылады.
2. Жеке көмекшінің қызметтері жүріп-тұруы қиын, бірінші топтағы мүгедектігі бар адамдарға уәкілетті мемлекеттік орган айқындаған тәртіппен күніне сегіз сағаттан аспайтын есеппен ұсынылады.
Жүріп-тұруы қиын, бірінші топтағы мүгедектігі бар адам үшін жеке көмекшінің қызметтері оған күтім жасайтын адамға осы Кодекстің 187-бабында көзделген тәртіппен мемлекеттік жәрдемақы тағайындалған және төленген кезде ұсынылмайды.
Жеке көмекші қызметін Қазақстан Республикасының азаматтық заңнамасына сәйкес жасалған шарт негізінде жүзеге асырады.
Мыналар:
1) психикалық саулық саласында медициналық көмек көрсететін мамандандырылған ұйымдарда есепте тұрған;
2) медициналық қорытынды негізінде денсаулық жағдайы бойынша қызмет көрсетуге қарсы көрсетілімдері бар;
3) он сегіз жасқа толмаған;
4) жұмыспен қамтудың белсенді шаралары шеңберінде кәсіптік оқытудан өтпеген адам;
5) бірінші топтағы мүгедектігі бар адам үшін жеке көмекші оның жақын туысы болып табылатын жағдайды қоспағанда, осы Кодекстің 207-бабының 1-тармағында белгіленген зейнеткерлік жасқа толған;
6) заңда белгіленген тәртіппен өтелмеген немесе алынбаған соттылығы бар;
7) сот әрекетке қабілетсіз немесе әрекет қабілеті шектеулі деп таныған адам жеке көмекші бола алмайды.
3. Есту қабілеті бойынша мүгедектігі бар адамдар үшін ымдау тілі маманының қызметтері уәкілетті мемлекеттік орган айқындаған тәртіппен жылына алпыс сағаттан аспайтын есеппен ұсынылады.
4. Мүгедектігі бар адамдар жеке бағдарламаға сәйкес әлеуметтік көрсетілетін қызметтер порталы арқылы жеке көмекшіні және (немесе) ымдау тілі маманын таңдауды жүзеге асырады.
Жеке көмекшінің және ымдау тілі маманының қызметтеріне ақы төлеуді жергілікті атқарушы органдар кепілдік берілген сома шегінде жүргізеді.
164-бап. Мүгедектігі бар адамдарға әлеуметтік қорғау саласында арнаулы әлеуметтік көрсетілетін қызметтер ұсыну
1. Мүгедектігі бар адамдарға арнаулы әлеуметтік көрсетілетін қызметтер уәкілетті мемлекеттік орган айқындаған тәртіппен стационар, жартылай стационар жағдайларында және үйде көрсетіледі.