3. Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексінің 108-1 (бірінші бөлігінде), 109-1 (бірінші бөлігінде), 110 (бірінші бөлігінде), 115, 120 (бірінші бөлігінде), 121 (бірінші бөлігінде), 121-1, 126 (бірінші бөлігінде), 138, 139, 145, 148 (бірінші бөлігінде), 152 (үшінші бөлігінде), 153 (бірінші бөлігінде), 154, 155 (бірінші бөлігінде), 157 (бірінші бөлігінде), 158 (бірінші бөлігінде), 159, 187, 189 (бірінші және екінші бөліктерінде), 190 (бірінші бөлігінде), 195 (бірінші бөлігінде), 198 (екінші бөлігінде), 199 (екінші бөлігінде), 201 (бірінші бөлігінде), 202 (бірінші бөлігінде), 204, 205 (бірінші бөлігінде), 206 (бірінші бөлігінде), 207 (бірінші бөлігінде), 208 (бірінші бөлігінде), 209 (бірінші бөлігінде), 211 (бірінші бөлігінде), 223, (бірінші және екінші бөліктерінде), 248 (бірінші бөлігінде), 250, 251 (бірінші бөлігінде), 317 (бірінші бөлігінде), 319 (бірінші және екінші бөліктерінде), 321 (екінші бөлігінде), 345 (бірінші бөлігінде), 389 (бірінші бөлігінде)-баптарында, сондай-ақ, егер бұл соттың жұмысқа қайта орналастыру туралы шешімін орындамаумен байланысты болса, 152 (бірінші бөлігінде)-бапта көзделген қылмыстық құқық бұзушылықтар туралы iстер жекеше-жариялы айыптау iстері болып есептеледі. Осы істер бойынша іс жүргізу жәбiрленушiнiң шағымы бойынша ғана басталады және Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексiнiң 68-бабында көзделген жағдайларда ғана жәбiрленушiнiң күдіктімен, айыпталушымен, сотталушымен татуласуына орай тоқтатылуға жатады.
4. Прокурор жекеше және жекеше-жариялы айыптау ісі бойынша және іс-әрекет дәрменсіз немесе тәуелді күйдегі не басқа да себептермен өзіне тиесілі құқықтарды өз бетінше пайдалануға қабілетсіз адамның мүдделерін қозғаса, жәбірленушінің шағымы болмаған кезде не қоғамның немесе мемлекеттің мүдделері қозғалатын жекеше-жариялы айыптау ісі бойынша іс жүргізуді бастайды не жалғастырады.
5. Қылмыстық құқық бұзушылық туралы хабар Сотқа дейінгі тергеп-тексерулердің бірыңғай тізілімінде тіркелгеннен және кезек күттірмейтін тергеу әрекеттері жүргізілгеннен кейін жәбірленушінің шағымы болмаған кезде жекеше және жекеше-жариялы айыптау және қудалау істері бойынша іс жүргізу хабар тіркелген кезден бастап үш тәуліктен кешіктірмей осы Кодекстің 35-бабы бірінші бөлігінің 5) тармағында көзделген негіздер бойынша тоқтатылуға жатады.
6. Осы баптың екінші және үшінші бөліктерінде көрсетілгендерді қоспағанда, қылмыстық құқық бұзушылықтар туралы iстер жариялы айыптау iстерi болып есептеледі. Бұл iстер бойынша қылмыстық қудалау жәбiрленушiнiң шағым бергеніне-бермегеніне қарамастан жүзеге асырылады.
33-бап. Коммерциялық немесе өзге де ұйымның арызы бойынша қылмыстық жауаптылыққа тарту
1. Егер Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексiнiң 9-тарауында көзделген іс-әрекет коммерциялық ұйымның немесе мемлекеттiк кәсiпорын болып табылмайтын өзге де ұйымның мүдделерiне ғана зиян келтiрсе және басқа ұйымдардың мүдделерiне, сондай-ақ азаматтардың, қоғамның немесе мемлекеттiң мүдделерiне зиян келтiрмесе, қылмыстық жауаптылыққа тарту осы ұйым немесе уәкiлеттi орган басшысының, құрылтайшысының (қатысушысының) арызы немесе олардың келiсуi бойынша жүзеге асырылады.
2. 2021.02.07. № 62-VII ҚР Заңымен алып тасталды (бұр.ред.қара)
34-бап. Қылмыстық қудалауды жүзеге асырудың жалпы шарттары
1. Қылмыстық қудалау органы қылмыстық сот iсiн жүргiзу мiндеттерiн орындау мақсатында қылмыстық құқық бұзушылық белгiлерiн тапқан әрбiр жағдайда өз құзыретi шегiнде қылмыстық құқық бұзушылық оқиғасын белгiлеу, қылмыстық құқық бұзушылық жасауға кiнәлi адамдарды әшкерелеу, оларды жазалау үшін заңда көзделген барлық шараларды қолдануға, сол сияқты кiнәсiз адамды ақтау үшін шаралар қолдануға мiндеттi.
2. Қылмыстық қудалау органы жәбiрленушiнің сот төрелігіне қол жеткiзуiн қамтамасыз ету және қылмыстық құқық бұзушылықпен келтiрілген зиянды өтеткізу үшін шаралар қолдануға мiндеттi.
3. Қылмыстық қудалау органы қылмыстық процестегі өзiнiң өкiлеттiктерiн қандай да болсын органдар мен лауазымды адамдарға тәуелсiз және осы Кодекстiң талаптарына қатаң сәйкес түрде жүзеге асырады.
4. Қылмыстық iс бойынша объективтi тергеп-тексеру жүргiзуге кедергi келтiру мақсатында қылмыстық қудалау органына қандай да бір нысанда ықпал ету заңда белгiленген жауаптылыққа әкеп соғады.
5. Қылмыстық қудалау органының заңға сәйкес қойған талаптары барлық мемлекеттік органдардың, ұйымдардың, лауазымды адамдар мен азаматтардың орындауы үшін міндетті және олар белгілеген мерзімде, бірақ үш тәуліктен кешіктірілмей орындалуға тиіс. Күдіктіні ұстап алу, күзетпен ұстау туралы шешім қабылдау қажет болған жағдайда, қылмыстық қудалау органының талабы жиырма төрт сағат ішінде орындалуға тиіс. Көрсетілген талаптарды дәлелді себептерсіз орындамау заңда белгіленген жауаптылыққа әкеп соғады.
35-бап. Іс бойынша іс жүргізуді болғызбайтын мән-жайлар
1. Қылмыстық iс:
1) қылмыстық құқық бұзушылық оқиғасының болмауынан;
2) іс-әрекетте қылмыстық құқық бұзушылық құрамының болмауынан;
3) егер рақымшылық жасау актiсi жасалған іс-әрекет үшiн жаза қолдануды жойса, соның салдарынан;
4) қылмыстық жауаптылыққа тартудың ескіру мерзімінің өтуіне орай;
2021.02.07. № 62-VII ҚР Заңымен 5) тармақша өзгертілді (бұр.ред.қара)
5) осы Кодекстің 32-бабының төртінші бөлiгiнде көзделген жағдайларды қоспағанда, осы Кодекстiң 32-бабының екiншi және үшінші бөлiктерiнде көзделген қылмыстық құқық бұзушылықтар туралы істер бойынша жәбірленушінің шағымының болмауынан, сондай-ақ осы Кодекстің 32-бабының төртінші бөлiгiнде көзделген жағдайларды қоспағанда, осы Кодекстiң 32-бабының екiншi бөлiгiнде көзделген қылмыстық құқық бұзушылықтар туралы iстер бойынша жекеше айыптаушы айыптаудан бас тартқан кезде;
2022.05.11. № 157-VII ҚР Заңымен 6) тармақша өзгертілді (2023 ж. 1 қаңтардан бастап қолданысқа енгізілді) (бұр.ред.қара)
6) егер жасаған іс-әрекеті үшін қылмыстық жауаптылықтың күшін жоятын заң қолданысқа енгізілген болса не Қазақстан Республикасының Конституциялық Соты осы қылмыстық іс бойынша қолданылуға жататын, іс-әрекеттің қылмыстық құқық бұзушылық ретінде саралануы оған байланысты болатын заңды немесе өзге де нормативтік құқықтық актіні конституциялық емес деп таныған жағдайда;
7) егер адамға қатысты соттың нақ осы айыптау бойынша заңды күшiне енген үкiмi не соттың қылмыстық қудалаудың мүмкiн еместiгiн белгiлейтiн, күшi жойылмаған қаулысы бар болса;
8) егер адамға қатысты қылмыстық қудалау органының нақ осы күдік бойынша қылмыстық қудалауды тоқтату туралы күшi жойылмаған қаулысы бар болса;
9) iс бойынша іс жүргізу өзіне медициналық сипаттағы мәжбүрлеу шарасын қолдану үшiн қажет болған жағдайларды қоспағанда, егер қылмыстық заң тыйым салатын іс-әрекеттi есi дұрыс емес күйде жасаған адамға қатысты болса;
10) қылмыстық қудалаудан артықшылықтары немесе иммунитетi бар адамды қылмыстық жауаптылыққа тартуға уәкiлеттi органның немесе лауазымды адамның келiсiм беруден бас тартуына байланысты;
11) iс бойынша iс жүргiзу қайтыс болған адамды ақтау немесе iстi басқа адамдарға қатысты тергеп-тексеру, сондай-ақ заңсыз жолмен табылған мүлікті, тәркіленуге жататын, келтірілген зиянның өтелуін қамтамасыз ететін ақша қаражатын және өзге де құндылықтарды анықтау үшiн қажет болған жағдайларды қоспағанда, қайтыс болған адамға қатысты;
12) Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексiнiң ережелерiне байланысты қылмыстық жауаптылықтан босатылуға жататын адамға қатысты тоқтатылуға жатады.
2. Іс бойынша іс жүргізу қылмыстық құқық бұзушылық оқиғасының немесе қылмыстық құқық бұзушылық құрамының жоқтығы дәлелденген кезде де, егер қосымша дәлелдемелер жинау үшiн барлық мүмкiндiктер қолданылса, олардың болуы дәлелденбеген кезде де осы баптың бiрiншi бөлiгiнiң 1) және 2) тармақтарында көзделген негiздер бойынша тоқтатылады.
3. Іс бойынша іс жүргізу осы баптың бірінші бөлігінің 2) тармағында көзделген негіз бойынша және күдіктінің, айыпталушының немесе сотталушының зиян келтiруi құқыққа сыйымды болып табылған не күдікті, айыпталушы немесе сотталушы іс-әрекетті Қазақстан Республикасының Қылмыстық кодексiне сәйкес оны қылмыстық құқық бұзушылық деп тануды және қылмыстық жауаптылықты жоққа шығаратын мән-жайлар кезінде жасаған жағдайларда тоқтатылады.
2014.07.11. № 248-V ҚР Заңымен (бұр.ред.қара); 2019.27.12. № 292-VІ ҚР Заңымен (бұр.ред.қара) 4-бөлік өзгертілді
4. Егер арыз иесі қылмыстық құқық бұзушылық жасаған адам ретінде тікелей көрсететін адам (қорғалуға құқығы бар куә), күдікті, айыпталушы, сондай-ақ сотталушы немесе оның заңды өкілдері, ал осы баптың бірінші бөлігінің 11) тармағында көзделген жағдайларда, осы Кодекстің 66-бабының екінші бөлігінде санамаланған, адвокатпен қатар күдіктіні, айыпталушыны, сотталушыны қорғауды жүзеге асыру құқығы бар адамдар бұған қарсылық бiлдiрсе, қылмыстық істі осы баптың бiрiншi бөлiгiнiң 3), 4) және 11) тармақтарында көрсетiлген негiздер бойынша тоқтатуға жол берiлмейдi. Бұл жағдайда іс бойынша iс жүргiзу жалғастырылады және оған негiздер болған кезде адамды жазадан не қылмыстық жауаптылықтан босата отырып, айыптау үкiмiн шығару арқылы аяқталады.
Қылмыстық iстi осы баптың бiрiншi бөлiгiнiң 3), 4), 9), 10) және 11) тармақтарында көрсетiлген негiздер бойынша тоқтату туралы шешiм қабылдау үшiн жәбiрленушiнiң немесе оның өкілінің келiсiмi талап етiлмейдi.
Қылмыстық істі тоқтату сонымен бір мезгілде қылмыстық қудалауды тоқтатуға әкеп соғады.
5. Іс-әрекет жасалған кезде заңға сәйкес қылмыстық жауаптылық жүктеу мүмкін болатын жасқа толмаған адамға қатысты қылмыстық iстi тоқтату туралы шешiм осы баптың бiрiншi бөлiгiнiң 2) тармағында көрсетілген негiз бойынша қабылдануға жатады. Іс-әрекет жасалған кезде заңға сәйкес қылмыстық жауаптылық басталатын жасқа толса да, психикалық дамуы жағынан психикасының бұзылуына байланысты емес артта қалуы салдарынан өз әрекеттерiнiң (әрекетсiздiгiнiң) iс жүзiндегi сипаты мен қоғамдық қауiптiлiгiн толық түйсіне алмаған және оларды игере алмаған, кәмелетке толмаған адамға қатысты қылмыстық iстi тоқтату туралы шешiм де осы негiз бойынша қабылдануға жатады.
6. Қылмыстық қудалау органы қылмыстық қудалауды болғызбайтын мән-жайларды анықтағанда сотқа дейiнгi iс жүргiзудiң кез келген сатысында қылмыстық iстi тоқтату туралы қаулы шығарады.
Прокурор істі басты сот талқылауында қарау басталғанға дейін оны соттан кері қайтарып алуға және осы бапта көзделген негіздер бойынша тоқтатуға да құқылы. Прокурор істі соттан кері қайтарып алғаннан кейін оны тоқтату үшін ол бойынша жаңадан сотқа дейінгі іс жүргізу өткізуге және оны сотқа қайтадан жіберуге жол берілмейді.
7. Мемлекеттiк айыптаушы сотта қылмыстық қудалауды болғызбайтын мән-жайларды анықтағанда айыптаудан бас тарту туралы мәлiмдеуге мiндеттi. Мемлекеттiк айыптаушының айыптаудан бас тарту туралы мәлiмдемесi, егер жекеше айыптаушы айыптауды қолдауын жалғастырса, қылмыстық iстi қарауды жалғастыруға кедергi келтiрмейдi.
8. Сот қылмыстық қудалауды болғызбайтын мән-жайларды анықтағанда қылмыстық iстi тоқтату туралы мәселенi шешуге мiндеттi.
2023.03.01. № 188-VІІ ҚР Заңымен 9-бөлік өзгертілді (2023 ж. 7 наурыздан бастап қолданысқа енгізілді) (бұр.ред.қара)
9. Қылмыстық қудалау органдары және соттар қылмыстық іс тоқтатылған кезде, адамның әрекеттерінде әкімшілік немесе тәртіптік құқық бұзушылық белгілері болған кезде материалдарды әкімшілік немесе тәртіптік жауаптылыққа тарту туралы мәселені шешу үшін он тәулік ішінде уәкілетті органдарға (лауазымды адамдарға) жіберуге міндетті.
36-бап. Қылмыстық қудалауды жүзеге асырмауға мүмкiндiк беретiн мән-жайлар
2014.07.11. № 248-V ҚР Заңымен (бұр.ред.қара); 2023.12.07. № 23-VІІІ ҚР Заңымен (2023 ж. 24 шілдеден бастап қолданысқа енгізілді) (бұр.ред.қара) 1-бөлік өзгертілді
1. Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексiнiң 65-бабының бірінші бөлігінде, 66, 67, 67-1-баптарында, 68-бабының екінші, үшінші бөліктерінде, 83-бабының бірінші, үшінші бөліктерінде, сондай-ақ 441, 442, 444 - 448, 453-баптарының ескертпелерінде көзделген жағдайларда, қылмыстық қудалау органы, сот тиісті мән-жайлар болған кезде өз құзыреті шегінде адамды қылмыстық жауаптылықтан босата отырып, қылмыстық қудалауды тоқтатуға құқылы. Мұндай жағдайларда сот қылмыстық жауаптылықтан босата отырып, айыптау үкiмiн шығаруға да құқылы.
2. Мемлекеттiк айыптаушы сотта қылмыстық қудалауды жүзеге асырмауға мүмкiндiк беретiн мән-жайларды анықтағанда айыпталушыны қылмыстық қудалаудан бас тартатынын мәлiмдеуге құқылы. Мемлекеттiк айыптаушы мәлiмдеген қылмыстық қудалаудан бас тарту жекеше айыптаушының қылмыстық iс материалдарын пайдалана отырып, айыпталушыны қылмыстық қудалауды жалғастыруына кедергi келтiрмейдi.
2019.01.04. № 240-VІ ҚР Заңымен 3-бөлік өзгертілді (бұр.ред.қара)
3. Қылмыстық iс тоқтатылғанға дейiн күдіктіге, айыпталушыға, сотталушыға iстi тоқтатуға негiз, оның құқықтық салдары және істі осы негiз бойынша тоқтатуға қарсылық бiлдiру құқығы түсiндiрiлуге тиiс.
4. Қылмыстық iстi тоқтату туралы жәбірленуші және (немесе) оның өкілі хабардар етіледі, олар қаулыға осы Кодексте көзделген тәртіппен прокурорға не сотқа шағым жасауға құқылы.
2019.01.04. № 240-VІ ҚР Заңымен 5-бөлік өзгертілді (бұр.ред.қара)
5. Қылмыстық iстi осы баптың бiрiншi бөлiгiнде көрсетiлген негiздер бойынша тоқтатуға, егер күдікті, айыпталушы, сотталушы немесе жәбірленуші бұған қарсылық бiлдiрсе, жол берiлмейдi. Мұндай жағдайда iс бойынша iс жүргiзу әдеттегi тәртiппен жалғастырылады.
2014.07.11. № 248-V ҚР Заңымен 6-бөлікпен толықтырылды; 2019.27.12. № 292-VІ ҚР Заңымен 6-бөлік жаңа редакцияда (бұр.ред.қара)
6. Егер сот кеңесу бөлмесіне кеткенге дейін соттың депозитіне Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексінің 69-бабында көзделген кепіл енгізілген жағдайда, сот кепілгерлік белгілеп, адамды жазасын өтеуден босата отырып, айыптау үкімін шығаруға құқылы.
Сот іс бойынша басқа қорытынды шешім қабылдаған жағдайда, кепіл нысанасы кепіл енгізген адамға дереу қайтарылады. Кепіл нысанасы қайтарылған кезде, оның сақталуын қамтамасыз етуге жұмсалған сома кепіл берушіден өндіріп алынбайды. Кепіл нысанасын қабылдау, бағалау, сақтау, қайтару, өткізу, оған өндіріп алуды қолдану және оны мемлекет кірісіне айналдыру тәртібін Қазақстан Республикасының Үкіметі айқындайды.
Егер айыпталушы немесе жәбірленуші бұған қарсы болса, кепілгерлік белгілей отырып, адамды жазасын өтеуден босатуға жол берілмейді.
4-тарау. АҚТАУ. ҚЫЛМЫСТЫҚ ПРОЦЕСТІ ЖҮРГІЗЕТІН ОРГАННЫҢ ЗАҢСЫЗ ӘРЕКЕТТЕРІМЕН КЕЛТІРІЛГЕН ЗИЯНДЫ ӨТЕУ
37-бап. Күдікті, айыпталушы, сотталушы ретiнде тартылған адамды ақтау
1. Сот бойынша ақталған адам, сол сияқты өздеріне қатысты қылмыстық iстi осы Кодекстiң 35-бабы бiрiншi бөлiгiнiң 1), 2), 5), 6), 7) және 8) тармақтарында көзделген негiздер бойынша тоқтату туралы соттың, қылмыстық қудалау органының қаулысы шығарылған күдікті, айыпталушы, сотталушы ақталуға, яғни олардың құқықтары қалпына келтірілуге тиіс және оның Қазақстан Республикасының Конституциясында кепiлдiк берілген құқықтары мен бостандықтарын қандай да бiр шектеуге болмайды.
2. Сот, қылмыстық қудалау органы осы баптың бiрiншi бөлiгiнде көрсетiлген адамды ақтау және оған қылмыстық процестi жүргiзетін органның заңсыз әрекеттерiнiң салдарынан келтiрiлген зиянды өтеу бойынша заңда көзделген барлық шараларды қолдануға тиiс.
38-бап. Қылмыстық процестi жүргiзетiн органның заңсыз әрекеттерi салдарынан келтiрiлген зиянды өтеткізуге құқығы бар адамдар
1. Адамға заңсыз ұстап алудың, күзетпен ұстаудың, үйқамақтың, лауазымынан уақытша шеттетудiң, арнаулы медициналық ұйымға орналастырудың, соттаудың, медициналық сипаттағы мәжбүрлеу шараларын қолданудың салдарынан келтірілген зиян қылмыстық процестi жүргiзетін органның кiнәсi бар-жоғына қарамастан, толық көлемде республикалық бюджеттен өтеледi.
2017.21.12. № 118-VI ҚР Заңымен 2-бөлік өзгертілді (бұр.ред.қара)
2. Қылмыстық процестi жүргiзетін органның тиісті заңсыз әрекеттерi салдарынан келтiрiлген зиянды өтеткізуге:
1) осы Кодекстiң 37-бабының бiрiншi бөлiгiнде көрсетiлген адамдардың;
2) егер осы Кодекстiң 32-бабының төртінші бөлiгiнде көзделген мән-жайлардың жоқтығына қарамастан, қылмыстық қудалауды болғызбайтын мән-жайлар анықталған кезден бастап сотқа дейінгі тергеп-тексеру тоқтатылмаса, өздеріне қатысты қылмыстық іс осы Кодекстің 35-бабы бірінші бөлігінің 5) тармағында көзделген негіздер бойынша тоқтатылуға жататын адамдардың;
3) өздеріне қатысты қылмыстық iс осы Кодекстiң 35-бабы бiрiншi бөлiгiнiң 3) және 4) тармақтарында көзделген негiздер бойынша тоқтатылуға тиiс, бiрақ қылмыстық қудалауды болғызбайтын мән-жайлар анықталған кезден бастап тоқтатылмаған және мұндай адамдардың қылмыстық iстi тоқтатуға келiскенiне қарамастан, қылмыстық қудалау заңсыз жалғастырылған адамдардың;
4) жасаған іс-әрекетiнiң саралануы Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексiнiң оны жасағаны үшiн күдік келтiру немесе айыптау кезiнде осы Кодексте ұстап алуға немесе күзетпен ұстауға жол берiлмейтiн неғұрлым жеңіл қылмыстық құқық бұзушылық үшiн жауаптылықты көздейтiн бабына өзгертілген не осы бап бойынша неғұрлым жеңiл жаңа жаза тағайындалған немесе үкiмнен айыптау бөлiгi алып тасталған және осыған байланысты жазасы төмендетiлген жағдайларда, сол сияқты соттың медициналық сипаттағы мәжбүрлеу шараларын немесе мәжбүрлеп тәрбиелiк ықпал ету шараларын қолдану туралы заңсыз шешiмiнің күші жойылған жағдайда қамаққа алуға, бас бостандығынан айыруға сотталған, ұстап алынған немесе күзетпен ұсталған адамның құқығы бар. Қамаққа алудың немесе бас бостандығынан айырудың нақты өтелген мерзiмi Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексiнiң кiнәлi адам жасаған іс-әрекет жаңадан сараланған бабында көзделген қамаққа алу немесе бас бостандығынан айыру түрiндегi жазаның ең жоғары мөлшерiнен асатын бөлiгiнде заңсыз өтелген болып есептеледі;
2017.21.12. № 118-VI ҚР Заңымен 5) тармақша өзгертілді (бұр.ред.қара)
5) қылмыстық iс бойынша iс жүргiзу барысында заңды негiзсiз тиiстi мерзiмiнен артық күзетпен ұсталған, сол сияқты кез келген өзге де процестік мәжбүрлеу шараларына заңсыз ұшыраған адамның;
2017.21.12. № 118-VI ҚР Заңымен 6) тармақшамен толықтырылды
6) өзіне қатысты кейіннен сот тәртібімен заңсыз деп танылған жасырын тергеу әрекеттері жүргізілген адамның құқығы бар.
3. Азамат қайтыс болған жағдайда, зиянды өтеткiзу құқығы белгiленген тәртiппен - оның мұрагерлерiне, ал төленуi тоқтатыла тұрған зейнетақылар мен жәрдемақыларды алу бөлiгiнде - отбасының асыраушысынан айрылу жағдайы бойынша жәрдемақымен қамтамасыз етiлетiн адамдар тобына жататын мүшелерiне ауысады.
4. Егер сотқа дейінгі тергеп-тексеру және сот талқылауы барысында адамның ерiктi түрде өзiне өзi жала жабу жолымен ақиқатты анықтауға кедергi келтiргендiгi және сол арқылы осы баптың бiрiншi бөлiгiнде көрсетiлген салдарлардың басталуына ықпал еткендігі дәлелденсе, оған зиян өтелмеуге тиіс.
5. Осы баптың екiншi бөлiгiнiң 3) тармағында көрсетілген мән-жайлар болмаған кезде осы баптың қағидалары адамға қатысты қолданылған процестік мәжбүрлеу шараларының немесе шығарылған айыптау үкiмiнің күші рақымшылық жасау немесе кешiрiм жасау актiлерiнiң шығуына, ескіру мерзiмдерiнiң өтуiне, қылмыстық жауаптылықты жоятын немесе жазаны жеңілдететін заңның қабылдануына байланысты жойылған немесе олар өзгертiлген жағдайларға қолданылмайды.
6. Өзге мән-жайлар зиянды өтеткізуге негіз болып табылмайды.
39-бап. Зиянды өтеткiзу құқығы және талап қою мерзімдері
2019.27.12. № 292-VІ ҚР Заңымен 1-бөлік жаңа редакцияда (бұр.ред.қара)
1. Қылмыстық процестi жүргiзетін орган адамды толық немесе iшiнара ақтау туралы шешiм қабылдай отырып, оның зиянды өтету құқығын тануға тиiс. Ақтау үкiмiнiң немесе сотқа дейінгі тергеп-тексеруді тоқтату туралы, өзге де заңсыз шешiмдердiң күшiн жою немесе оларды өзгерту туралы қаулының көшiрмесi мүдделi тұлғаға табыс етіледі не пошта арқылы жiберiледi. Сонымен бір мезгілде оған зиянды өтеу туралы талаптар қою тәртібі мен мерзімдері түсiндiрiлген хабарлама жіберіледі. Залалды өтетуге құқығы бар қайтыс болған адамның мұрагерлерiнiң, туыстарының немесе асырауындағылардың тұрғылықты жері туралы мәлiметтер болмаған кезде, оларға хабарлама қылмыстық процестi жүргiзетін органға олар өтiнiш жасаған күннен бастап бес тәуліктен кешiктiрiлмей жіберіледі.
2. Осы Кодекстің 38-бабының екінші және үшінші бөліктерінде көрсетілген адамдардың мүліктік зиянды толық көлемде өтеткізуге, моральдық зиянның салдарын жойғызуға және еңбек, зейнетақы, тұрғынжай және өзге де құқықтарын қалпына келтіртуге құқығы бар. Соттың үкімі бойынша құрметті, әскери, арнаулы немесе өзге де атақтан, сыныптық шеннен, дипломатиялық дәрежеден, біліктілік сыныптан, сондай-ақ мемлекеттік наградалардан айырылған адамдардың атағы, сыныптық шені, дипломатиялық дәрежесі, біліктілік сыныбы қалпына келтіріліп, мемлекеттік наградалары қайтарып беріледі.
3. Қылмыстық процесті жүргізетін органның заңсыз әрекеттерімен келтірілген зиянды өтеткізу туралы талаптар осы тарауда көзделген тәртіппен құқықтарды қалпына келтіру тәртібі түсіндірілетін хабарлама алынған күннен бастап алты ай ішінде қойылуы мүмкін. Осы мерзім дәлелді себеппен өткізіп алынған жағдайда, оны мүдделі тұлғалардың арызы бойынша сот қалпына келтіруі мүмкін.
40-бап. Мүлiктiк зиянды өтеу
1. Осы Кодекстiң 38-бабының екiншi бөлiгiнде көрсетiлген адамдарға келтiрiлген мүлiктiк зиян:
1) олар айырылған жалақыны, зейнетақыны, жәрдемақыларды, өзге де қаражаттар мен табыстарды;
2) соттың үкiмi немесе өзге де шешiмi негiзiнде заңсыз тәркiленген немесе мемлекеттiң кiрiсiне айналдырылған мүлiктi;
3) соттың заңсыз үкiмiн орындау үшiн өндiрiп алынған айыппұлдарды; заңсыз әрекеттерге байланысты адам төлеген сот шығындары мен өзге де сомаларды;
4) заң көмегін көрсету үшiн адам төлеген сомаларды;
5) қылмыстық қудалау салдарынан шегілген өзге де шығыстарды өтеудi қамтиды.
2. Осы Кодекстiң 38-бабының екiншi бөлiгiнде көрсетiлген адамдарды күзетпен ұстауға, қамаққа алуды немесе бас бостандығынан айыруды өтеу орындарында ұстауға жұмсалған сомалар, бұл адамдарды қылмыстық қудалауға байланысты сот шығындары, сол сияқты олардың күзетпен ұсталуы, қамаққа алуды немесе бас бостандығынан айыруды өтеуi уақытында қандай да бiр жұмыстарды орындағаны үшiн алған жалақысы қылмыстық процестi жүргiзетін органның заңсыз әрекеттерiнiң салдарынан келтiрiлген зиянды өтеу төлемiне жататын сомадан шегеріле алмайды.
2014.07.11. № 248-V ҚР Заңымен 3-бөлік жаңа редакцияда (бұр.ред.қара)
3. Осы Кодекстiң 38-бабының екiншi және үшiншi бөлiктерiнде аталған адамдар осы Кодекстiң 39-бабының бiрiншi бөлiгiнде көрсетiлген құжаттардың көшiрмелерiн зиянды өтеу тәртiбi туралы хабарламамен бiрге алған кезде қылмыстық істі тоқтату туралы үкім шығарған, қаулы шығарған сотқа, не адамның тұрғылықты жері бойынша сотқа не сотқа дейiнгi тергеп-тексерудi тоқтату туралы қаулы шығарған органның орналасқан жері бойынша сотқа мүлiктiк зиянды өтеттіру туралы не өзге де заңсыз шешiмдердiң күшiн жою немесе оларды өзгерту туралы талаппен жүгiнуге құқылы. Егер жоғары тұрған сот қылмыстық iстi тоқтатса немесе үкiмдi өзгертсе, зиянды өтеу туралы талап үкiм шығарған сотқа жiберiледi. Кәмелетке толмаған адамның атынан зиянды өтеу туралы талапты оның заңды өкiлi мәлiмдеуге құқылы.
2014.07.11. № 248-V ҚР Заңымен (бұр.ред.қара); 2015.31.10. № 378-V ҚР Заңымен (2016 ж. 1 қаңтардан бастап қолданысқа енгiзiлдi) (бұр.ред.қара) 4-бөлік жаңа редакцияда
4. Судья арыз түскен күннен бастап бiр айдан кешiктiрмей қажет болған жағдайларда қаржы органдарынан және әлеуметтiк қорғау органдарынан есеп-қисап сұрата отырып, зиянның мөлшерiн айқындайды, содан кейiн инфляцияны ескере отырып, осы зиянды өтеу үшiн төлем жүргiзу туралы қаулы шығарады. Егер сот iстi апелляциялық немесе кассациялық тәртiппен қарау кезiнде тоқтатса, iстi бiрiншi сатыда қараған соттың судьясы көрсетiлген әрекеттердi сот талқылауын өткiзбестен жеке-дара жүргiзедi.