1) мемлекеттік функцияларды орындаумен сыйыспайтын қызметті жүзеге асыру;
2) жақын туыстарының, жұбайлары (зайыптары) мен жекжаттарының бірге қызмет (жұмыс) істеуіне жол бермеу;
3) мүліктік және мүліктік емес игіліктер мен артықшылықтар алу немесе табу мақсатында, ресми таратылуға жатпайтын қызметтік және өзге де ақпаратты пайдалану;
4) Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес қызметтік өкілеттіктерін орындауына байланысты сыйлықтар қабылдау бойынша сыбайлас жемқорлыққа қарсы шектеулерді қабылдайды.
2. Жекелеген мемлекеттік функцияларды орындау тәртібін реттейтін заңдарда сыбайлас жемқорлықтың алдын алуға бағытталған шектеулерді көздейтін басқа да құқықтық нормалар белгіленуі мүмкін.
3. Сыбайлас жемқорлыққа қарсы шектеулерді қабылдауға осы баптың 1-тармағында аталған адамдардың келісімін тиісті ұйымдардың персоналды басқару қызметтері (кадр қызметтері) жазбаша нысанда тіркейді.
4. Осы баптың 1-тармағында аталған адамдардың сыбайлас жемқорлыққа қарсы шектеулерді қабылдамауы лауазымға қабылдаудан бас тартуға не лауазымнан шығаруға (лауазымнан босатуға) әкеп соғады, оларды сақтамау, қылмыстық жазаланатын іс-әрекет және әкімшілік құқық бұзушылық белгілері болмаған жағдайда, олардың мемлекеттік қызметті немесе өзге де тиісті қызметті тоқтатуы үшін негіз болып табылады.
13-бап. Мемлекеттiк функцияларды орындаумен сыйыспайтын қызмет
2016.22.01. № 446-V ҚР Заңымен 1-тармақ өзгертілді (бұр.ред.қара)
1. Жауапты мемлекеттік лауазымды атқаратын адамдарға, мемлекеттік функцияларды орындауға уәкілеттік берілген адамдарға (өз қызметін тұрақты емес немесе басқа жұмыстан босатылған негізде жүзеге асыратын мәслихат депутаттарын қоспағанда), мемлекеттік функцияларды орындауға уәкілеттік берілген адамдарға теңестірілген адамдарға (Қазақстан Республикасының Президенттігіне, Қазақстан Республикасы Парламентінің немесе мәслихаттарының депутаттығына, аудандық маңызы бар қалалардың, кенттердің, ауылдардың, ауылдық округтердің әкімдігіне, сондай-ақ жергілікті өзін-өзі басқарудың сайланбалы органдарына мүшелікке кандидаттарды, квазимемлекеттік сектор субъектілерде қызметін жүзеге асыратын адамдарды қоспағанда), лауазымды адамдарға:
1) егер шаруашылық етуші субъектіні басқару немесе басқаруға қатысу Қазақстан Республикасының заңдарына сәйкес олардың лауазымдық міндеттеріне кірмейтін болса, шаруашылық етуші субъектіні басқаруға өз бетінше қатысуға, мүліктік немесе өзге де игіліктер алу мақсатында өздерінің қызметтік өкілеттіктерін құқыққа сыйымсыз пайдалану арқылы ұйымдардың немесе жеке тұлғалардың материалдық мүдделерін қанағаттандыруға жәрдемдесуге;
2) ашық және аралық инвестициялық пай қорларының пайларын, ұйымдастырылған бағалы қағаздар нарығында облигацияларды, ұйымдастырылған бағалы қағаздар нарығында коммерциялық ұйымдардың акцияларын (ұйымдардың дауыс беретін акцияларының жалпы санының бес пайызынан аспайтын көлемде жай акцияларды) сатып алуды және (немесе) өткізуді қоспағанда, кәсіпкерлік қызметпен айналысуға;
3) педагогтік, ғылыми және өзге де шығармашылық қызметті қоспағанда, ақы төленетін басқа да қызметпен айналысуға тыйым салынады.
2. Ұлттық әл-ауқат қорының тобына кіретін ұйымдарда басқарушылық функцияларын орындайтын адамдар Ұлттық әл-ауқат қорының тобына кіретін өзге де ұйымдардың басқару органдарында, байқау кеңестерінде, атқарушы органдарында ақы төленетін лауазымды атқаруға құқылы.
3. Осы баптың 1 және 2-тармақтарында аталған адамдар өздеріне меншік құқығымен тиесілі тұрғын үйді мүліктік жалдауға (жалға) беруге және осындай тапсырудан кіріс алуға құқылы.
4. Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкінің Төрағасы мен оның орынбасарларына инвестициялық қорлардың пайларын, облигацияларды, коммерциялық ұйымдардың акцияларын сатып алуға тыйым салынады.
Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкінің Төрағасы мен оның орынбасарлары лауазымға тағайындалған күнінен бастап күнтізбелік отыз күн ішінде лауазымға тағайындалғанға дейін сатып алынған, өздеріне тиесілі инвестициялық қорлар пайларын, облигацияларды және коммерциялық ұйымдардың акцияларын Қазақстан Республикасының заңдарында белгіленген тәртіппен сенімгерлік басқаруға беруге міндетті.
5. Осы баптың 1-тармағында аталған адамдар лауазымға кіріскен күннен бастап күнтізбелік отыз күн ішінде, осы адамдарға заңды түрде тиесілі ақшаны, облигацияларды, ашық және аралық инвестициялық пай қорларының пайларын, сондай-ақ мүліктік жалдауға берілген мүлікті қоспағанда, өздеріне тиесілі, пайдаланылуы кіріс алуға әкелетін мүлікті Қазақстан Республикасының заңдарында белгіленген тәртіппен, осы функцияларды орындау уақытында сенімгерлік басқаруға беруге міндетті.
6. Мүлікті сенімгерлік басқару шарты нотариаттық куәландыруға жатады.
7. Акцияларды сатып алған жағдайда, осы баптың 1-тармағында аталған адамдар Қазақстан Республикасының заңдарында белгіленген тәртіппен, сатып алған күннен бастап күнтізбелік отыз күн ішінде оларды сенімгерлік басқаруға беруге және жұмыс орны бойынша персоналды басқару қызметіне (кадр қызметіне) шартты нотариат куәландырғаннан кейін он жұмыс күні ішінде мүлікті сенімгерлік басқаруға арналған шарттың нотариаттық куәландырылған көшірмесін ұсынуға міндетті.
8. Жауапты мемлекеттік лауазымды атқаратын адамдардың, мемлекеттік функцияларды орындауға уәкілеттік берілген адамдардың және мемлекеттік функцияларды орындауға уәкілеттік берілген адамдарға теңестірілген адамдардың (Қазақстан Республикасының Президенттігіне, Қазақстан Республикасы Парламентінің немесе мәслихаттарының депутаттығына, аудандық маңызы бар қалалардың, кенттердің, ауылдардың, ауылдық округтердің әкімдігіне, сондай-ақ жергілікті өзін-өзі басқарудың сайланбалы органдарына мүшелікке кандидаттарды, квазимемлекеттік сектор субъектілерде қызметін жүзеге асыратын адамдарды қоспағанда) және лауазымды адамдардың осы баптың 4 және 6-тармақтарында көзделген міндеттемелерді орындамауы, олардың мемлекеттік қызметті немесе өзге де тиісті қызметті тоқтатуы үшін негіз болып табылады.
14-бап. Жақын туыстардың, ерлі-зайыптылардың немесе жекжаттардың бiрге қызмет (жұмыс) iстеуiне жол бермеу
1. Жауапты мемлекеттік лауазымды атқаратын адамдар, мемлекеттiк функцияларды орындауға уәкілеттік берілген адамдар және мемлекеттік функцияларды орындауға уәкілеттік берілген адамдарға теңестірілген адамдар (Қазақстан Республикасының Президенттігіне, Қазақстан Республикасы Парламентінің немесе мәслихаттарының депутаттығына, аудандық маңызы бар қалалардың, кенттердің, ауылдардың, ауылдық округтердің әкімдігіне, сондай-ақ жергілікті өзін-өзі басқарудың сайланбалы органдарына мүшелікке кандидаттарды қоспағанда), лауазымды адамдар өздерiнiң жақын туыстары және (немесе) жұбайы (зайыбы), сондай-ақ жекжаттары атқаратын лауазымдарға тiкелей бағынысты лауазымдарды атқара алмайды.
2. Осы баптың 1-тармағының талаптарын бұзатын адамдар, егер олар көрсетілген бұзушылық байқалған кезден бастап үш ай ішінде оны ерікті түрде жоймаса, осындай бағыныстылықты болғызбайтын лауазымға ауысуға тиіс, ал осындай ауысу мүмкін болмаған кезде осы қызметшілердің біреуі лауазымынан шығарылуға немесе көрсетілген функциялардан өзгедей босатылуға тиіс.
Ескертпе. Осы Заңда жақын туыстар деп ата-аналар (ата-анасы), балалары, асырап алушылар, асырып алынғандар, ата-анасы бір және ата-анасы бөлек аға-інілері мен апа-қарындас-сіңлілері, атасы, әжесі, немерелері, жекжаттар деп - жұбайының (зайыбының) аға-інілері, апа-қарындас-сіңлілері, ата-аналары мен балалары түсініледі.
15-бап. Мүдделер қақтығысы
1. Жауапты мемлекеттік лауазымды атқаратын адамдарға, мемлекеттік функцияларды орындауға уәкілеттік берілген адамдарға, мемлекеттік функцияларды орындауға уәкілеттік берілген адамдарға теңестірілген адамдарға, лауазымды адамдарға, егер мүдделер қақтығысы орын алған болса, лауазымдық міндеттерін жүзеге асыруға тыйым салынады.
2. Осы баптың 1-тармағында аталған адамдар мүдделер қақтығысын болғызбау және шешу бойынша шаралар қабылдауға тиіс.
3. Осы баптың 1-тармағында аталған адамдар тікелей басшысына не өздері жұмыс істейтін ұйымның басшылығына туындаған мүдделер қақтығысы туралы немесе оның туындау мүмкіндігі туралы, өздеріне бұл жөнінде мәлім болысымен жазбаша нысанда хабарлауға міндетті.
Тікелей басшысы не ұйымның басшылығы осы баптың 1-тармағында аталған адамдардың өтініштері бойынша немесе басқа да көздерден ақпарат алған кезде мүдделер қақтығысын болғызбау және реттеу бойынша мынадай шараларды уақтылы қабылдауға:
1) осы баптың 1-тармағында аталған адамдарды лауазымдық міндеттерін орындаудан шеттетуге және мүдделер қақтығысы туындаған немесе туындауы мүмкін мәселе бойынша лауазымдық міндеттерді орындауды басқа адамға тапсыруға;
2) лауазымдық міндеттерін өзгертуге;
3) мүдделер қақтығысын жою бойынша өзге де шаралар қабылдауға міндетті.
16-бап. Кәсіпкерлік саласындағы сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл шаралары
1. Кәсіпкерлік субъектілері өз қызметін жүзеге асыру кезінде сыбайлас жемқорлықтың алдын алу жөнінде, оның ішінде сыбайлас жемқорлық құқық бұзушылықтар жасауға ықпал ететін себептер мен жағдайларды барынша азайту бойынша:
1) шешімдер қабылдау рәсімдерінің есептілігін, бақылауда болуын және ашықтығын қамтамасыз ететін ұйымдық-құқықтық тетіктерді белгілеу;
2) адал бәсекелестік қағидаттарын сақтау;
3) мүдделер қақтығыстарын болғызбау;
4) іскерлік әдеп нормаларын қабылдау және сақтау;
5) сыбайлас жемқорлыққа қарсы мәдениетті қалыптастыру жөніндегі шараларды қабылдау;
6) сыбайлас жемқорлықтың алдын алу мәселелері бойынша мемлекеттік органдармен және өзге де ұйымдармен өзара іс-қимыл жасау арқылы шаралар қабылдайды.
2. Кәсіпкерлік субъектілері үшін сыбайлас жемқорлықтың алдын алу жөніндегі стандарттарды кәсіпкерлік субъектілерінің бірлестіктері (қауымдастықтары, одақтары) әзірлеуі және қабылдауы мүмкін.
17-бап. Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл туралы ұлттық баяндама
1. Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл туралы ұлттық баяндама - сыбайлас жемқорлықтың халықаралық және ұлттық деңгейлерде таралу жай-күйі мен үрдістерін талдау мен бағалау, сыбайлас жемқорлыққа қарсы саясатты қалыптастыру, іске асыру және жетілдіру жөніндегі ұсыныстар қамтылған құжат.
2. Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл жөніндегі уәкілетті орган жыл сайын Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл туралы ұлттық баяндаманы қалыптастырады және оны Қазақстан Республикасының Президентіне ұсынады.
3. Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл туралы ұлттық баяндама сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл мәселелері бойынша сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл жөніндегі уәкілетті орган жұмысының және мемлекеттік органдардың, жеке және заңды тұлғалардың қызметінің нәтижелері негізінде қалыптастырылады.
4. Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл туралы ұлттық баяндаманы дайындау, Қазақстан Республикасы Президентіне енгізу және жариялау тәртібін Қазақстан Республикасының Президенті бекітеді.
3-тарау. СЫБАЙЛАС ЖЕМҚОРЛЫҚҚА ҚАРСЫ ІС-ҚИМЫЛ СУБЪЕКТІЛЕРІ ЖӘНЕ ОЛАРДЫҢ ӨКІЛЕТТІКТЕРІ
18-бап. Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл субъектілері
Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл субъектілеріне:
1) сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл жөніндегі уәкілетті орган;
2) сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимылдың өзге де субъектілері: мемлекеттік органдар, квазимемлекеттік сектор субъектілері, қоғамдық бірлестіктер, сондай-ақ өзге де жеке және заңды тұлғалар жатады.
19-бап. Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет
1. Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет - сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл жөніндегі уәкілетті органның сыбайлас жемқорлық қылмыстар мен құқық бұзушылықтардың алдын алуға, анықтауға, жолын кесуге, ашуға және тергеп-тексеруге бағытталған қызметті жүзеге асыратын жедел-тергеу бөлімшелері.
2. Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызметтің қызметкерлері өздерінің қызметтік міндеттерін орындау кезінде «Құқық қорғау қызметі туралы» Қазақстан Республикасының Заңында және Қазақстан Республикасының өзге де заңнамалық актілерінде белгіленген өкілеттіктерге ие болады.
20-бап. Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл жөніндегі уәкілетті органның құзыреті
Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл жөніндегі уәкілетті орган мынадай функцияларды:
1) сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл саласындағы нормативтік құқықтық базаны жетілдіру жөнінде ұсыныстар әзірлеуді, сондай-ақ Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген тәртіппен өз құзыреті шегінде нормативтік-құқықтық актілер қабылдауды;
2) осы Заңға сәйкес, мемлекеттік органдар, ұйымдар және квазимемлекеттік сектор субъектілерінің қызметінде сыбайлас жемқорлық құқық бұзушылықтар жасауға ықпал ететін себептер мен жағдайларды анықтауды;
3) Қазақстан Республикасы Үкіметінің қарауына мемлекеттік органдар, ұйымдар және квазимемлекеттік сектор субъектілерінің қызметінде сыбайлас жемқорлықтың туындау себептері мен жағдайларын барынша азайту және жою жөнінде ұсынымдар енгізуді;
4) Қазақстан Республикасының Президентіне Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл туралы ұлттық баяндаманы жыл сайын ұсынуды;
5) сыбайлас жемқорлық тәуекелдерін сыртқы талдау нәтижелері бойынша шығарылған, сыбайлас жемқорлық құқық бұзушылықтар жасауға ықпал ететін себептер мен жағдайларды жою жөніндегі ұсынымдарды мемлекеттік органдардың, ұйымдардың, квазимемлекеттік сектор субъектілерінің орындауын мониторингтеуді;
6) сыбайлас жемқорлық қылмыстар туралы қылмыстық істер бойынша тәркіленген және қылмыстық жолмен алынған қаражатқа сатып алынған мүліктің өткізілуіне мониторингті жүзеге асырып, оны мемлекет кірісіне айналдыру туралы ақпаратты әдетте кейіннен жариялауды;
7) сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимылдың оң тәжірибесін зерделеуді және таратуды;
8) сыбайлас жемқорлыққа қарсы мәдениетті қалыптастыру саласында білім беру бағдарламаларын жетілдіру жөнінде ұсыныстар тұжырымдауды;
9) сыбайлас жемқорлыққа қарсы мәдениетті қалыптастыруға бағытталған, сыбайлас жемқорлыққа қарсы білім беру мен тәрбиелеу, ақпараттық және түсіндіру қызметі, мемлекеттік әлеуметтік тапсырысты орындау бойынша білім беру бағдарламаларын іске асыруда сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл субъектілеріне жәрдемдесуді және әдістемелік көмек көрсетуді;
10) сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл жөніндегі уәкілетті орган қызметінің негізгі бағыттары бойынша басқа да мемлекеттік органдармен, жеке және заңды тұлғалармен өзара іс-қимыл жасауды;
11) сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл мәселелері бойынша халықаралық шарттардың жобаларын дайындауға қатысуды, сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл мәселелері бойынша шет мемлекеттердің тиісті органдарымен өзара іс-қимыл жасауды, өз өкілеттіктері шегінде халықаралық ұйымдардың қызметіне қатысуды;
12) Қазақстан Республикасының заңдарымен, сондай-ақ Қазақстан Республикасы Президентінің актілерімен жүктелген өзге де функцияларды жүзеге асырады.
21-бап. Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл жөніндегі уәкілетті органның өкілеттіктері
1. Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл жөніндегі уәкілетті орган өзіне жүктелген функцияларды орындау кезінде:
1) мемлекеттік органдардан, ұйымдардан және лауазымды адамдардан Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген тәртіппен ақпарат пен материалдарды сұратады;
2) Қазақстан Республикасының сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл туралы заңнамасын бұзушылықтар анықталған жағдайда, оларды жою бойынша заңнамалық тәртіппен белгіленген шараларды қабылдайды;
3) сыбайлас жемқорлыққа қарсы мониторингті жүргізу тәртібін айқындайды;
4) Қазақстан Республикасының заңдарымен, сондай-ақ Қазақстан Республикасы Президентінің актілерімен жүктелген өзге де құқықтарды жүзеге асырады.
2. Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл жөніндегі уәкілетті органның сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызметі өз өкілеттіктері шегінде:
1) сыбайлас жемқорлық қылмыстар бойынша жедел-іздестіру және тергеу қызметінің практикасына, сотқа дейінгі тергеп-тексеруге, сондай-ақ әкімшілік құқық бұзушылық туралы істер бойынша іс жүргізуге талдау жүргізуге;
2) іс жүргізудегі қылмыстық істер бойынша шақырту бойынша келуден жалтарған адамдарды күштеп әкелуге;
3) Қазақстан Республикасының қылмыстық-процестік заңнамасына және (немесе) Қазақстан Республикасының әкімшілік құқық бұзушылық туралы заңнамасына сәйкес, құжаттарды, тауарларды, заттарды немесе өзге де мүлікті алып қоюға немесе алуды жүргізуге;
4) Қазақстан Республикасының заңнамасында көзделген тәртіппен уақытша ұстау изоляторларын, тергеу изоляторларын пайдалануға;
5) мемлекеттік органдарға, ұйымдарға және оларда басқарушылық функцияларды орындайтын адамдарға Қазақстан Республикасының қылмыстық-процестік заңнамасында белгіленген тәртіппен, мән-жайларды немесе заңды басқа да бұзушылықтарды жою жөнінде шаралар қабылдау туралы ұсынулар енгізуге;
6) әкімшілік құқық бұзушылық туралы хаттамалар жасауға, әкімшілік ұстауды қолдануға, сондай-ақ Қазақстан Республикасының Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінде көзделген басқа да шараларды қолдануға;
7) Қазақстан Республикасының заңнамасында көзделген жағдайларда, уәкілетті органдар мен лауазымды адамдардан ревизиялар, салықтық және басқа да тексерулер, аудит және бағалау жүргізуді талап етуге;
8) сыбайлас жемқорлық қылмыстарға және құқық бұзушылықтарға қарсы күрестің нысандары мен әдістерін жетілдіруге, жедел-іздестіру қызметінің стратегиясы мен тактикасын айқындауға, оның тиімділігін арттыру жөніндегі шараларды әзірлеуге және іске асыруға;
9) өзіне жүктелген міндеттерді шешуді қамтамасыз ететін ақпараттық жүйелерді Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес құруға және пайдалануға, сотқа дейінгі тергеп-тексеру барысында зерттеуді, заңнамада белгіленген тәртіппен әкімшілік құқық бұзушылық туралы істер бойынша іс жүргізуді ұйымдастыруға;
10) ұстап алынған және күзетпен ұсталатын адамдарды айдауылмен алып жүруге;
11) Қазақстан Республикасының заңдарымен, сондай-ақ Қазақстан Республикасы Президентінің актілерімен жүктелген өзге де өкілеттіктерді жүзеге асыруға құқылы.
22-бап. Мемлекеттік органдардың, ұйымдардың, квазимемлекеттік сектор субъектілері мен сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл жөніндегі лауазымды адамдардың өкілеттіктері
1. Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимылды өз құзыреті шегінде барлық мемлекеттік органдар, ұйымдар, квазимемлекеттік сектор субъектілері мен лауазымды адамдар жүргізуге міндетті.
2. Сыбайлас жемқорлық құқық бұзушылықтарды анықтауды, жолын кесуді, ашуды, тергеп-тексеруді және алдын алуды және оларды жасауға кінәлі адамдарды жауапқа тартуды өзі құзыреті шегінде прокуратура, ұлттық қауіпсіздік, ішкі істер, мемлекеттік кіріс, әскери полиция органдары, Қазақстан Республикасы Ұлттық қауіпсіздік комитетінің Шекара қызметі жүзеге асырады.
23-бап. Жұртшылықтың сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимылға қатысуы
Жеке тұлғалар, қоғамдық бірлестіктер және өзге де заңды тұлғалар сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл кезінде мынадай шаралар қолданады:
1) өздеріне мәлім болған сыбайлас жемқорлық құқық бұзушылық жасау фактілері туралы Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген тәртіппен хабарлайды;
2) сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл мәселелері бойынша заңнама мен құқық қолдану практикасын жетілдіру жөнінде ұсыныстар енгізеді;
3) сыбайлас жемқорлыққа қарсы мәдениетті қалыптастыруға қатысады;
4) сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимылдық басқа да субъектілерімен және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл жөніндегі уәкілетті органмен өзара іс-қимылды жүзеге асырады;
5) мемлекеттік органдардан сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл жөніндегі қызмет туралы ақпаратты Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген тәртіппен сұратады және алады;
6) сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл мәселелері бойынша зерттеулер, оның ішінде ғылыми және әлеуметтік зерттеулер жүргізеді;
7) бұқаралық ақпарат құралдарында түсіндіру жұмыстарын жүргізеді және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл мәселелері бойынша әлеуметтік маңызды іс-шаралар ұйымдастырады.
24-бап. Сыбайлас жемқорлық құқық бұзушылықтар туралы хабарлау
1. Сыбайлас жемқорлық құқық бұзушылық туралы ақпаратқа ие адам өзі қызметкері болып табылатын мемлекеттік органның не ұйымның басшылығына не сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл жөніндегі уәкілетті органға хабар береді.
2. Мемлекеттік органның, ұйымның басшылығы, сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл жөніндегі уәкілетті орган сыбайлас жемқорлық құқық бұзушылықтар туралы келіп түскен хабарлама бойынша заңға сәйкес шаралар қолдануға міндетті.
3. Сыбайлас жемқорлық құқық бұзушылық фактісі туралы хабарлаған немесе сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимылға өзгеше түрде жәрдем көрсететін адам мемлекет қорғауында болады және Қазақстан Республикасының Үкіметі белгілеген тәртіппен көтермеленеді.
Осы тармақтың ережелері сыбайлас жемқорлық құқық бұзушылық фактісі туралы көрінеу жалған ақпартты хабарлаған адамдарға қолданылмайды, олар заңға сәйкес жауапты болады.
4. Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимылға жәрдем көрсететін адам туралы ақпарат мемлекеттік құпия болып табылады және заңда белгіленген тәртіппен ұсынылады. Көрсетілген ақпаратты жария ету заңда белгіленген жауаптылыққа әкеп соғады.
4-тарау. СЫБАЙЛАС ЖЕМҚОРЛЫҚ ҚҰҚЫҚ БҰЗУШЫЛЫҚТАРДЫҢ САЛДАРЛАРЫН ЖОЮ
25-бап. Заңсыз алынған мүлікті немесе заңсыз көрсетілген қызметтердің құнын өндіріп алу (қайтару)
1. Сыбайлас жемқорлық құқық бұзушылықтар нәтижесінде заңсыз алынған мүлiктi өз еркiмен тапсырудан немесе мемлекетке оның құнын немесе заңсыз алынған көрсетілетін қызметтердің құнын төлеуден бас тартылған жағдайларда, оларды өндіріп алу прокурордың, мемлекеттік кіріс органдарының не осыған заңмен уәкiлеттiк берiлген басқа да мемлекеттiк органдар мен лауазымды адамдардың талап қоюы бойынша, заңды күшіне енген сот шешiмi негізінде жүзеге асырылады. Көрсетілген органдар сот шешiм шығарғанға дейiн құқық бұзушыға тиесiлi мүлiкті сақтау жөнінде шаралар қабылдайды.
2. Осы баптың 1-тармағында көрсетілген жағдайларда прокурор, мемлекеттік кіріс органдары не осыған заңмен уәкілеттік берілген басқа да мемлекеттік органдар мен лауазымды адамдар заңсыз алынған мүлікті мемлекет кірісіне айналдыру және (немесе) заңсыз алынған көрсетілетін қызметтердің құнын мемлекет кірісіне өндіріп алу туралы талап қоюымен заңда белгіленген мерзімдерде сотқа жүгінеді.
3. Егер жауапты мемлекеттік лауазымды атқаратын адамнан, мемлекеттік функцияларды орындауға уәкілеттік берілген адамнан және мемлекеттік функцияларды орындауға уәкілеттік берілген адамға теңестірілген адамнан және лауазымды адамнан жұмыстан шығару, тиісті функцияларды орындаудан өзгедей босату кезінде заңсыз алынған мүлік немесе заңсыз көрсетілген қызметтің құны өндіріліп алынбаса, осындай босату туралы шешім қабылдайтын лауазымды адам немесе орган кінәлі адамның тұрғылықты жері бойынша мемлекеттік кіріс органдарына құқыққа қайшы алынған кірістер туралы хабарлама жібереді.
4. Тапсырылған мүлікті қайтару, есепке алу, сақтау, бағалау және өткізу Қазақстан Республикасының Үкіметі белгілеген тәртіппен жүзеге асырылады.
26-бап. Сыбайлас жемқорлық құқық бұзушылықтар нәтижесінде жасалған мәмілелердің, шарттардың, актілердің және әрекеттердің жарамсыздығы
1. Сыбайлас жемқорлық құқық бұзушылықтар нәтижесінде жасалған мәмілелерді, шарттарды уәкілетті мемлекеттік органдардың, мүдделі тұлғалардың немесе прокурордың талап қоюы бойынша Қазақстан Республикасының заңында белгіленген тәртіппен сот жарамсыз деп таниды.
2. Сыбайлас жемқорлық құқық бұзушылықтар нәтижесінде актілерді қабылдау және әрекеттерді жасау тиісті актілердің күшін жоюға (қолданысын тоқтатуға) уәкілеттік берілген адамдардың не мүдделі тұлғалардың немесе прокурордың талап қоюы бойынша сот тәртібімен олардың күшін жою (жарамсыз деп тану) үшін негіз болып табылады.