6) стратегиялық экологиялық бағалау жөніндегі есептердің қамту саласын айқындау туралы өтініштер мен қорытындылар;
7) стратегиялық экологиялық бағалау жөніндегі есептер;
8) Құжаттың әсеріне скринингті жүзеге асыру, стратегиялық экологиялық бағалау жөніндегі есептің қамту саласын айқындау кезінде, сондай-ақ стратегиялық экологиялық бағалау жөніндегі есептің және Құжат жобасының сапасын бағалау кезінде мүдделі мемлекеттік органдармен жүргізілген консультациялардың хаттамалары;
9) Құжаттарды іске асыру кезінде қоршаған ортаға елеулі әсер етудің мониторингі жөніндегі есептер;
10) қоғамдық тыңдаулар өткізу туралы хабарландырулар;
11) Құжаттардың жобалары және стратегиялық экологиялық бағалау жөніндегі есептер бойынша қоғамдық тыңдаулар өткізу хаттамалары;
12) мүдделі жұртшылықтың қоғамдық тыңдаулар барысында алынған ескертпелері мен ұсыныстарын қорыту қамтылған анықтамалар;
13) стратегиялық экологиялық бағалау шеңберінде жүргізілген трансшекаралық әсерді бағалау туралы ақпарат;
14) стратегиялық экологиялық бағалау жөніндегі есептердің сапасы туралы қорытындылар;
15) бекітілген Құжаттар;
16) стратегиялық экологиялық бағалау жүргізуге байланысты қоршаған ортаны қорғау саласындағы уәкілетті органға берілген өзге де құжаттар мен ақпарат қамтылады.
7. Әзірлеуші мемлекеттік орган осы баптың 6-тармағының 5) - 16) тармақшаларында көрсетілген стратегиялық экологиялық бағалау жөніндегі ақпаратты Мемлекеттік экологиялық ақпарат қорына беруге тиіс.
61-бап. Стратегиялық экологиялық бағалау барысында жүргізілетін трансшекаралық әсерді бағалау
1. Осы Кодекстің 80-бабы 1-тармағының 2) тармақшасында көзделген негіздер болған кезде, стратегиялық экологиялық бағалау барысында трансшекаралық әсерді бағалау жүргізіледі.
2. Трансшекаралық әсерді бағалау осы тараудың 4-параграфына және Қазақстан Республикасының халықаралық шарттарына сәйкес жүргізіледі.
62-бап. Стратегиялық экологиялық бағалауға жататын Құжаттардың ерекшеліктері
Стратегиялық экологиялық бағалауға жататын Құжат стратегиялық экологиялық бағалау жөніндегі есептің деректерін, мүдделі мемлекеттік органдар мен жұртшылықтың ескертпелері мен ұсыныстарын, оның ішінде қоғамдық тыңдаулардың нәтижелерін, ал трансшекаралық әсерді бағалау жүргізілген жағдайда - осындай бағалаудың нәтижелерін ескеруге тиіс.
63-бап. Құжаттардың қоршаған ортаға елеулі әсер етуінің мониторингі
1. Әзірлеуші мемлекеттік орган стратегиялық экологиялық бағалау жөніндегі есептің бір бөлігі болып табылатын мониторинг бағдарламасына сәйкес Құжаттың қоршаған ортаға елеулі әсер етуінің мониторингін жүргізуді қамтамасыз етуге жауапты болады.
2. Құжаттардың қоршаған ортаға елеулі әсер етуі мониторингінің мақсаттары:
1) Құжаттың қоршаған ортаға бұрын ескерілмеген елеулі қолайсыз әсер етуін уақтылы анықтау және оларды болғызбау және жою бойынша тиісті шаралар қабылдау мүмкіндігін қамтамасыз ету;
2) Құжатта мәлімделген қоршаған ортаға қолайлы әсер етуге қол жеткізу деңгейін бағалау;
3) Құжаттың Қазақстан Республикасының экология заңнамасының, оның ішінде қоршаған орта сапасының адамның өмірі мен денсаулығына әсер етуіне байланысты, халықаралық, ұлттық және жергілікті деңгейлерде белгіленген және осы Құжатқа қатысы бар міндеттеріне сәйкестігін қамтамасыз ету болып табылады.
3. Құжаттарды іске асыру нәтижесінде қоршаған ортаға елеулі әсер етудің мониторингін жүргізу тәртібі экологиялық бағалауды ұйымдастыру және жүргізу жөніндегі нұсқаулықта белгіленеді.
4. Құжатты әзірлеуші мемлекеттік орган мониторинг бағдарламасында белгіленген мерзім ішінде, жыл сайынғы негізде Құжаттарды іске асыру кезінде қоршаған ортаға елеулі әсер етудің мониторингі бойынша есепті дайындауды қамтамасыз етеді және оны қоршаған ортаны қорғау саласындағы уәкілетті органға ұсынады, сондай-ақ осы Кодекстің 60-бабының 5-тармағына және экологиялық бағалауды ұйымдастыру және жүргізу жөніндегі нұсқаулыққа сәйкес мүдделі жұртшылыққа осындай мониторинг нәтижелері туралы хабарлайды.
3-параграф. Қоршаған ортаға әсерді бағалау
64-бап. Қоршаған ортаға әсерді бағалау
1. Қоршаған ортаға әсерді бағалау деп өзіне осы Кодекстің 67-бабында көзделген сатыларда қамтитын белгіленіп отырған қызметті іске асыру кезінде қоршаған ортаға ықтимал елеулі әсер етуді тиісті зерттеулер негізінде анықтау, зерделеу, сипаттау және бағалау процесі түсініледі.
2. Осы Кодексте белгіленіп отырған қызмет деп жеке және заңды тұлғалардың өндірістік және өзге де объектілерді салуға және одан әрі пайдалануға, қоршаған ортаға өзгеше түрде, оның ішінде жер қойнауын пайдалану жөніндегі операцияларды жүргізу арқылы араласуға, сондай-ақ осындай қызметке елеулі өзгерістер енгізуге байланысты белгіленіп отырған қызметі түсініледі.
65-бап. Қоршаған ортаға әсерді бағалауды жүргізудің міндеттілігі
1. Қоршаған ортаға әсерді бағалау:
1) осы Кодекске 1-қосымшаның 1-бөлімінде санамаланған қызмет түрлері мен объектілер үшін, онда көрсетілген сандық шекті мәндер (олар болған кезде) ескеріле отырып;
2) егер осындай қызметке немесе осындай объектілерге қатысты қоршаған ортаға әсерге бағалау жүргізудің міндеттілігі белгіленіп отырған қызметтің әсеріне скрининг нәтижелері туралы қорытындыда белгіленсе, онда көрсетілген сандық шекті мәндерді (олар болған кезде) ескере отырып, осы Кодекске 1-қосымшаның 2-бөлімінде санамаланған қызмет түрлері мен объектілер үшін;
3) осы тармақтың 1) және 2) тармақшаларында көрсетілген, өздеріне қатысты бұрын қоршаған ортаға әсерін бағалау жүргізілген объектілердің қызмет түрлеріне және (немесе) қызметіне елеулі өзгерістер енгізілген кезде;
4) өздеріне қатысты бұрын белгіленіп отырған қызметтің әсеріне скрининг нәтижелері туралы қорытынды берілген, осы Кодекске 1-қосымшаның 2-бөлімінде санамаланған объектілердің қызмет түрлеріне және (немесе) қызметіне елеулі өзгерістер енгізілген кезде, осындай елеулі өзгерістердің қоршаған ортаға әсерін бағалауды жүргізудің міндеттілігі белгіленіп отырған қызметтің әсеріне скрининг нәтижелері туралы қорытындыда белгіленген жағдайларда, қоршаған ортаға әсерді бағалауды жүргізу қажеттігінің жоқтығы туралы тұжырыммен қоса, міндетті болып табылады.
2. Қоршаған ортаға әсерді бағалау немесе белгіленіп отырған қызметтің әсеріне скрининг жүргізу мақсаттары үшін қызметтің елеулі өзгерістері деп нәтижесінде:
1) өндіріс көлемі немесе қуаты артатын;
2) қызметте пайдаланылатын табиғи ресурстардың, отынның және (немесе) шикізаттың мөлшері ұлғаятын және (немесе) түрі өзгеретін;
3) қоршаған ортаға әсерді бағалау немесе белгіленіп отырған қызметтің әсеріне скрининг жүргізу кезінде бұрын ескерілмеген бұзылатын жерлердің алаңы ұлғаятын немесе жердің бұзылуына әкелетін;
4) нәтижесінде эмиссиялардың сандық және сапалық көрсеткіштері нашарлауы, осындай эмиссиялардың әсер ету аймағы өзгеруі және (немесе) түзілетін қалдықтардың көлемі артуы мүмкін технология, өндірістік процесті басқару өзгедей түрде елеулі өзгеретін кез келген өзгерістер түсініледі.
3. Қоршаған ортаға әсерді бағалау осы баптың 1-тармағында көрсетілмеген қызметтің түрлері мен объектілері үшін міндетті болып табылмайды және мұндай қызмет бастамашыларының немесе объектілер операторларының қалауы бойынша ерікті түрде жүргізілуі мүмкін.
4. Белгіленіп отырған қызмет немесе оның бір бөлігі, сондай-ақ оған өзгерістер, оның ішінде елеулі өзгерістер енгізу, егер оны жүзеге асыру немесе оған тиісті өзгерістер енгізу авариялық немесе төтенше жағдайдың алдын алуға, салдарларын жоюға немесе кетіруге, соғыс жағдайын енгізуге байланысты немесе Қазақстан Республикасының қорғанысын немесе ұлттық қауіпсіздігін қамтамасыз ету жөніндегі шұғыл шараларға байланысты қажет болса, қоршаған ортаға әсер етуін міндетті бағалауға жатпайды.
5. Егер қоршаған ортаға әсерді бағалауды жүргізу осы Кодекстің талаптарына сәйкес белгіленіп отырған қызмет үшін міндетті болып табылса, осындай бағалауды алдын ала жүргізбей, белгіленіп отырған қызметті іске асыруға, оның ішінде белгіленіп отырған қызметті жүзеге асыру үшін экологиялық рұқсат беруге тыйым салынады.
Белгіленіп отырған қызметтің бастамашысы осы Кодекстің 71-бабына сәйкес қоршаған ортаны қорғау саласындағы уәкілетті орган дайындаған қоршаған ортаға әсерді бағалаудың қамту саласын айқындау туралы қорытындының негізінде, Қазақстан Республикасының жер заңнамасында белгіленген тәртіппен белгіленіп отырған қызметті жүзеге асыру үшін жер учаскесін (жер учаскелерін) қоршаған ортаға әсер етуді міндетті бағалау жүргізу кезеңіне резервте қалдыру үшін өтініш жасауға құқылы.
Белгіленіп отырған қызмет үшінші тұлғалардың жеке меншігіндегі немесе жер пайдалануындағы жер учаскелерін пайдалануды болжайтын жағдайларда, бастамашының мұндай тұлғалармен қатынастары Қазақстан Республикасының азаматтық заңнамасында реттеледі.
66-бап. Қоршаған ортаға әсерді бағалау кезінде ескерілуге жататын әсер етудің түрлері мен объектілері
1. Қоршаған ортаға әсерді бағалау процесінде әсер етудің мынадай түрлері:
1) тікелей әсер ету - белгіленіп отырған қызметтің негізгі және ілеспе түрлері тікелей болатын әсер ету;
2) жанама әсер ету - қоршаған орта мен халықтың денсаулығына белгіленіп отырған қызметті жүзеге асыру салдарынан туындауы мүмкін жанама (қайталама) факторлардан туындайтын әсер ету;
3) кумулятивтік әсер ету - қоршаған ортадағы бұрынғы және қазір бар антропогендік немесе табиғи сипаттағы әсер етудің жиынтығынан, сондай-ақ белгіленіп отырған қызметті жүзеге асырумен ілесіп жүретін негізді түрде болжанатын болашақ әсер етуден туындайтын тұрақты түрде ұлғаятын жағымсыз өзгерістердің нәтижесінде туындауы мүмкін әсер ету ескерілуге тиіс.
2. Қоршаған ортаға әсерді бағалау процесінде мына объектілерге, оның ішінде олардың өзара байланысы мен өзара іс-қимылы кезінде:
1) атмосфералық ауаға;
2) жерүсті және жерасты суларына;
3) су айдындары түбінің бетіне;
4) ландшафтарға;
5) жер және топырақ жамылғысына;
6) өсімдіктер әлеміне;
7) жануарлар дүниесіне;
8) экологиялық жүйелердің және экожүйенің көрсетілетін қызметтерінің жай-күйіне;
9) биоәртүрлілікке;
10) халық денсаулығының жай-күйі мен өмір сүру жағдайына;
11) ерекше экологиялық, ғылыми, тарихи-мәдени және рекреациялық құндылықты білдіретін объектілерге әсерді бағалау жүргізіледі.
3. Белгіленіп отырған қызмет ерекше қорғалатын табиғи аумақтарға әсер ете аталатын жағдайларда, қоршаған ортаға әсерді бағалау процесінде тиісті табиғи кешендерге, оның ішінде ерекше қорғалатын табиғи аумақтардың жерлеріне, сондай-ақ осы жерлерде және басқа санаттардағы жерлерде орналасқан мемлекеттік табиғи-қорық қорының объектілеріне де әсерді бағалау жүргізіледі.
4. Қоршаған ортаға әсерді бағалау жүргізу кезінде антропогендік және табиғи сипаттағы төтенше жағдайлардың, қоршаған ортаның авариялық ластануының туындауынан пайда болуы мүмкін қоршаған ортаға басқа да әсер ету де бағалануға жатады, белгіленіп отырған қызметтің қоршаған ортаға зиянды әсер етуін болғызбау және азайту жөніндегі ықтимал шаралар мен әдістер, сондай-ақ өндірістік экологиялық мониторингтің қажетті көлемі айқындалады.
5. Қоршаған ортаға әсерді бағалау жүргізу процесінде қоршаған ортаға және халықтың денсаулығына әсер етудің теріс және оң әсерлері есепке алынуға жатады.
6. Қоршаған ортаға әсерді бағалау жүргізу процесінде парниктік газдардың шығарылуынан туындайтын әсер ету есепке алынуға жатпайды.
67-бап. Қоршаған ортаға әсерді бағалау сатылары
Қоршаған ортаға әсерді бағалау өзіне мынадай:
1) белгіленіп отырған қызметтің осы Кодекс талаптарына сәйкестігін айқындау, сондай-ақ осы Кодексте көзделген жағдайларда, белгіленіп отырған қызметтің әсеріне скрининг жүргізу мақсатында белгіленіп отырған қызмет туралы өтініштерді қарау;
2) қоршаған ортаға әсерді бағалаудың қамту саласын айқындау;
3) ықтимал әсер ету туралы есеп дайындау;
4) ықтимал әсер ету туралы есептің сапасын бағалау;
5) қоршаған ортаға әсерді бағалау нәтижелері бойынша қорытынды шығару және оны есепке алу;
6) егер осы Кодекске сәйкес жүргізілу қажеттігі айқындалса, белгіленіп отырған қызметті іске асырудың іс жүзіндегі әсер етуіне жобадан кейін талдау жасау сатыларын қамтиды.
68-бап. Белгіленіп отырған қызмет туралы өтініш
1. Осы Кодексте өзі үшін қоршаған ортаға әсер етуді міндетті бағалау немесе белгіленіп отырған қызметтің әсер етуіне міндетті скрининг белгіленіп отырған қызметті жүзеге асыруға ниет білдірген тұлға қоршаған ортаны қорғау саласындағы уәкілетті органға белгіленіп отырған қызмет туралы өтініш беруге міндетті, содан кейін осы тұлға тиісінше қоршаған ортаға әсерді бағалаудың немесе белгіленіп отырған қызметтің әсеріне скринингтің бастамашысы (бұдан әрі - бастамашы) болып танылады.
2. Белгіленіп отырған қызмет туралы өтініш электрондық нысанда беріледі және мынадай мәліметтерді қамтуға тиіс:
1) жеке тұлға үшін: тегі, аты, әкесінің аты (егер ол жеке басты куәландыратын құжатта көрсетілген болса), тұрғылықты жерінің мекенжайы, жеке сәйкестендіру нөмірі, телефоны, электрондық пошта мекенжайы;
2) заңды тұлға үшін: атауы, орналасқан жерінің мекенжайы, бизнес-сәйкестендіру нөмірі, бірінші басшы туралы деректер, телефоны, электрондық пошта мекенжайы;
3) белгіленіп отырған қызмет түрлерін жалпы сипаттау және оларды осы Кодекске 1-қосымшаға сәйкес сыныптау немесе осы Кодекстің 65-бабының 2-тармағына сәйкес осындай қызмет түрлеріне енгізілетін елеулі өзгерістерді сипаттау;
4) белгіленіп отырған қызметті жүзеге асырудың болжамды орны, орынды таңдау негіздемесі және басқа да орындарды таңдау мүмкіндіктері туралы мәліметтер;
5) объектінің қуатын (өнімділігін), оның болжамды мөлшерін, өнімнің сипаттамасын қоса алғанда, белгіленіп отырған қызметтің жалпы болжанатын техникалық сипаттамалары;
6) белгіленіп отырған қызмет үшін болжанатын техникалық және технологиялық шешімдерді қысқаша сипаттау;
7) белгіленіп отырған қызметті іске асыруды бастау мен оны аяқтаудың болжамды мерзімдері;
8) қызметті жүзеге асыруға қажетті ресурстар түрлерін, оның ішінде су ресурстарын, жер ресурстарын, топырақты, пайдалы қазбаларды, өсімдіктерді, шикізатты, энергияны олардың болжамды сандық және сапалық сипаттамаларын көрсете отырып, сипаттау;
9) белгіленіп отырған қызметті жүзеге асыру нәтижесінде түзілуі мүмкін қоршаған ортаға эмиссиялар мен қалдықтардың болжамды түрлерін, көлемдерін және сапалық сипаттамаларын сипаттау;
10) белгіленіп отырған қызметті жүзеге асыру үшін болуы болжамды түрде талап етілетін рұқсаттардың және осындай рұқсаттарды беру өз құзыретіне кіретін мемлекеттік органдардың тізбесі;
11) көрсетілген белгіленіп отырған қызметтің мақсаттарына қол жеткізудің ықтимал баламаларын және оны жүзеге асыру нұсқаларын (баламалы техникалық және технологиялық шешімдер пайдалануды және объектінің орналасқан жерлерін қоса алғанда) сипаттау;
12) белгіленіп отырған қызметті жүзеге асыру нәтижесінде қоршаған ортаға жағымсыз және оң әсер етудің ықтимал нысандарының сипаттамасы, олардың ықтималдығын, ұзақтығын, жиілігі мен қайтымдылығын ескере отырып, олардың сипаты мен күтілетін ауқымдары;
13) қоршаған ортаға трансшекаралық әсер етудің ықтимал нысандарының сипаттамасы, олардың ықтималдығын, ұзақтығын, жиілігі мен қайтымдылығын ескере отырып, олардың сипаты мен күтілетін ауқымдары;
14) өздерінің шегінде белгіленіп отырған қызметті жүзеге асыру болжанатын аумақтағы және (немесе) акваториядағы қоршаған орта құрамдастарының ағымдағы жай-күйін қысқаша сипаттау, сондай-ақ, егер бастамашыда мұндайлар бар болса, фондық зерттеулердің нәтижелері;
15) қоршаған ортаға қолайсыз әсер етудің ықтимал нысандарының алдын алу, оларды болдырмау және азайту бойынша, сондай-ақ оның салдарларын жою бойынша ұсынылатын шаралар.
3. Белгіленіп отырған қызмет туралы өтініш беру, белгіленіп отырған қызметтің әсеріне скрининг жүргізу немесе қоршаған ортаға әсерді бағалау мақсаттары үшін бастамашыда белгіленіп отырған қызметті жүзеге асыру үшін қажетті жер учаскесіне қатысты құқықтардың болуы талап етілмейді.
4. Егер белгіленіп отырған қызметті жүзеге асыру үшін экологиялық рұқсат алу талап етілетін жағдайда, бастамашы тиісті экологиялық рұқсат беру рәсімі шеңберінде белгіленіп отырған қызмет туралы өтініш беруге құқылы. Мұндай жағдайларда тиісті экологиялық рұқсат беруге өтінішті қарау мерзімі қоршаған ортаға әсерді бағалау жүргізу кезеңіне тоқтатыла тұрады.
5. Қоршаған ортаны қорғау саласындағы уәкілетті орган белгіленіп отырған қызмет туралы өтініш алынғаннан кейін екі жұмыс күні ішінде оны осы баптың 2-тармағында көрсетілген мәліметтердің болуы тұрғысынан тексереді және:
1) белгіленіп отырған қызмет туралы өтініште осы баптың 2-тармағына сәйкес міндетті бір немесе бірнеше деректеме болмаған жағдайда, бастамашыға кемшіліктерді жою және белгіленіп отырған қызмет туралы қайтадан өтініш беру қажеттігі туралы хабарлайды;
2) бастамашы осы баптың 2-тармағына сәйкес барлық қажетті мәлімет қамтылған, белгіленіп отырған қызмет туралы өтініш берген жағдайда, белгіленіп отырған қызмет туралы өтінішті ресми интернет-ресурста орналастырады және оның көшірмесін тиісті мүдделі мемлекеттік органдарға жібереді.
Мүдделі мемлекеттік органдар деп осы параграфта қоршаған ортаны қорғау саласындағы уәкілетті органның ведомстволары, денсаулық сақтау саласындағы уәкілетті орган, өз құзыретінің саласына белгіленіп отырған қызметтің құрамына кіретін қызметтің бір немесе бірнеше түрін реттеу, осындай қызмет түрлері үшін рұқсаттар беру немесе хабарламалар қабылдау жататын мемлекеттік органдар, сондай-ақ қатысы бар аумақтың шегінде толық немесе ішінара орналасқан әкімшілік-аумақтық бірліктердің жергілікті атқарушы органдары түсініледі.
Қатысы бар аумақ деп осы параграфта өзінің шегінде қоршаған орта мен халық белгіленіп отырған қызметтің елеулі әсер етуіне ұшырауы мүмкін аумақ түсініледі.
6. Тиісті әкімшілік-аумақтық бірліктердің жергілікті атқарушы органдары қоршаған ортаны қорғау саласындағы уәкілетті органнан белгіленіп отырған қызмет туралы өтініштің көшірмелерін алғаннан кейін екі жұмыс күні ішінде оны интернет-ресурстарға орналастырады.
7. Белгіленіп отырған қызмет туралы өтініш орналастырылған күнінен бастап, қатарынан күнтізбелік отыз күн ішінде қоршаған ортаны қорғау саласындағы уәкілетті органның және тиісті әкімшілік-аумақтық бірліктердің жергілікті атқарушы органдарының интернет-ресурстарында қол жетімді болуға тиіс.
Интернет-ресурста орналастырылған белгіленіп отырған қызмет туралы өтінішке белгіленіп отырған қызмет түрі, ескертпелер мен ұсыныстарды қабылдау жүзеге асырылатын пошталық мекенжай және электрондық мекенжайлар, сондай-ақ ескертпелер мен ұсыныстарды қабылдау аяқталатын күні көрсетіле отырып, белгіленіп отырған қызмет туралы өтінішке қатысты ескертпелер мен ұсыныстарды қабылдау туралы жұртшылық үшін ресми хабарлама қоса жүруге тиіс.
8. Тиісті әкімшілік-аумақтық бірліктердің жергілікті атқарушы органдары белгіленіп отырған қызмет туралы өтініш ресми интернет-ресурстарда орналастырылған күннен бастап үш жұмыс күнінен кешіктірмей, осы баптың 7-тармағының екінші бөлігінде көрсетілген ресми хабарды «Ақпаратқа қол жеткізу туралы» Қазақстан Республикасының Заңына сәйкес бұқаралық ақпарат құралдарының бірінде, сондай-ақ өзге де тәсілдермен таратуды қосымша ұйымдастырады.
9. Мүдделі мемлекеттік органдар мен жұртшылықтың белгіленіп отырған қызмет туралы өтінішке қатысты ескертпелері мен ұсыныстарын қабылдауды қоршаған ортаны қорғау саласындағы уәкілетті орган жүзеге асырады.
Мүдделі мемлекеттік органдар мен жұртшылық бастамашы қоршаған ортаны қорғау саласындағы уәкілетті органға белгіленіп отырған қызмет туралы өтініш берген күннен бастап отыз жұмыс күні ішінде белгіленіп отырған қызмет туралы өтінішке қатысты өз ескертпелері мен ұсыныстарын ұсынуға құқылы.
Қоршаған ортаны қорғау саласындағы уәкілетті орган мүдделі мемлекеттік органдар мен жұртшылықтың осы тармақтың екінші бөлігінде көрсетілген ескертпелер мен ұсыныстарды қабылдау мерзімі аяқталғаннан кейін алынған ескертпелері мен ұсыныстарын қарауға қабылдамайды.
10. Қоршаған ортаны қорғау саласындағы уәкілетті орган ескертпелер мен ұсыныстарды қабылдау мерзімі өткен күннен бастап екі жұмыс күні ішінде мүдделі мемлекеттік органдар мен жұртшылықтан қарауға қабылданған белгіленіп отырған қызмет туралы өтінішке барлық ескертпе мен ұсынысты ескертпелер мен ұсыныстардың жиынтық кестесі түрінде ресімделетін хаттамаға енгізеді, сондай-ақ сол мерзім ішінде мұндай хаттаманы ресми интернет-ресурста орналастырады және оның көшірмесін тиісті әкімшілік-аумақтық бірліктердің жергілікті атқарушы органдарына жібереді.
Тиісті әкімшілік-аумақтық бірліктердің жергілікті атқарушы органдары қоршаған ортаны қорғау саласындағы уәкілетті органнан осы тармақтың бірінші бөлігінде көрсетілген хаттамалардың көшірмесін алғаннан кейін екі жұмыс күні ішінде оны ресми интернет-ресурстарда орналастырады.
11. Трансшекаралық әсерді бағалауға бастама жасау үшін негіз болған кезде, қоршаған ортаны қорғау саласындағы уәкілетті орган осы Кодекстің 80-бабына сәйкес трансшекаралық әсерді бағалауға бастама жасайды.
69-бап. Белгіленіп отырған қызметтің әсеріне скрининг
1. Белгіленіп отырған қызметтің әсеріне скрининг осы Кодекстің 70-бабында белгіленген өлшемшарттар негізінде қоршаған ортаға әсерді бағалау жүргізудің қажет немесе қажет емес екенін айқындау мақсатында жүзеге асырылатын, белгіленіп отырған қызметті іске асыру кезінде қоршаған ортаға ықтимал елеулі әсер етуін анықтау процесін білдіреді.
2. Белгіленіп отырған қызметтің әсеріне скрининг жүргізу мақсатында белгіленіп отырған қызмет туралы өтініш беру:
1) осы Кодекске 1-қосымшаның 2-бөлімінде санамаланған белгіленіп отырған қызмет мен объектілер үшін, онда көрсетілген сандық шекті мәндерді (олар болған кезде) ескере отырып;
2) осы Кодекске 1-қосымшаның 2-бөлімінде санамаланған, өздеріне қатысты бұрын қоршаған ортаға әсеріне міндетті бағалауды жүргізу қажет емес екені туралы тұжырыммен қоса, белгіленіп отырған қызметтің әсеріне скрининг жүргізілген қызмет түрлеріне және (немесе) объектілердің қызметіне елеулі өзгерістер енгізу кезінде міндетті болып табылады.
Мұндай қызметті белгіленіп отырған қызметтің әсерлеріне скринингтен өтпей жүзеге асыруға тыйым салынады.
3. Белгіленіп отырған қызметтің әсеріне скринингті қоршаған ортаны қорғау саласындағы уәкілетті орган осы Кодекстің 68-бабының 5 - 11-тармақтарына, осы бапқа және экологиялық бағалауды ұйымдастыру және жүргізу жөніндегі нұсқаулыққа сәйкес ұйымдастырады.
4. Белгіленіп отырған қызметтің әсеріне скрининг жүргізу мерзімі белгіленіп отырған қызмет туралы өтініштің көшірмелері осы Кодекстің 68-бабы 5-тармағының 2) тармақшасына сәйкес қоршаған ортаны қорғау саласындағы уәкілетті органның интернет-ресурсында орналастырылған күннен бастап отыз жұмыс күнін құрайды.
5. Белгіленіп отырған қызметтің әсеріне скрининг жүргізу кезінде қоршаған ортаны қорғау саласындағы уәкілетті орган осы Кодекстің 68-бабының 10-тармағына сәйкес хаттамаға енгізілген барлық ескертпе мен ұсынысты назарға алады.
6. Қоршаған ортаны қорғау саласындағы уәкілетті орган осы баптың 4-тармағында көрсетілген мерзімнен кешіктірмей, белгіленіп отырған қызметтің әсеріне скринингтің нәтижелері туралы қорытынды шығарады және екі жұмыс күні ішінде оның көшірмелерін ресми интернет-ресурста кейіннен орналастыра отырып, оны бастамашыға және мүдделі мемлекеттік органдарға жібереді.
7. Белгіленіп отырған қызметтің әсеріне скринингтің нәтижелері туралы қорытындыда қоршаған ортаға әсер етуге міндетті бағалау жүргізу қажет немесе қажет емес екені туралы тұжырымдар және олардың уәжді негіздемесі қамтылуға тиіс.
8. Егер белгіленіп отырған қызметтің әсеріне скринингтің нәтижелері туралы қорытындыда қоршаған ортаға әсер етуге міндетті бағалау жүргізу қажет екені туралы тұжырым жасалса, қоршаған ортаны қорғау саласындағы уәкілетті орган скрининг нәтижелері туралы қорытындымен бірге бастамашыға осы Кодекстің 71-бабына сәйкес дайындалған қоршаған ортаға әсерді бағалаудың қамту саласын айқындау туралы қорытындыны жібереді.