148-бап. Қаржылық қамтамасыз ету ретінде кепілдікті қолдану
1. Оператор осы Кодекстің 147-бабының 1-тармағында көрсетілген өз міндеттемелерін Қазақстан Республикасының заңдарында белгіленген мерзімде орындамаған (тиісінше орындамаған) жағдайда, кепіл осы Кодекстің 147-бабының талаптарына сәйкес қаржылық қамтамасыз ету ретінде берілген кепілдікке орай Қазақстан Республикасының алдында осы Кодекске сәйкес айқындалатын ақша сомасы шегінде жауап беруге міндеттенеді.
2. Қазақстан Республикасының екінші деңгейдегі банкі, шетелдік банк не акциялары бағалы қағаздардың ұйымдастырылған нарығында айналыста болатын ұйым кепіл бола алады. Егер шетелдік банк немесе акциялары бағалы қағаздардың ұйымдастырылған нарығында айналыста болатын ұйым кепіл болса, мұндай кепілдер қоршаған ортаны қорғау саласындағы уәкілетті орган айқындайтын шетел валютасындағы ең төмен жеке кредиттік рейтинг жөніндегі шарттарға сәйкес келуге тиіс.
3. Банктің осы бапқа сәйкес берген кепілдік жөніндегі міндеттемесі I санаттағы объектіні пайдалану салдарларын жою аяқталғаннан кейін тоқтатылады.
4. Кепілдік қоршаған ортаны қорғау саласындағы уәкілетті орган бекітетін үлгілік нысанға сәйкес қазақ және орыс тілдерінде беріледі.
Шетелдік тұлға беретін кепілдік қазақ және орыс тілдеріне міндетті түрде аударыла отырып, шет тілінде жасалуы мүмкін, оның дұрыстығын нотариус куәландыруға тиіс.
5. Қоршаған ортаны қорғау саласындағы уәкілетті орган Қазақстан Республикасының азаматтық заңнамасына сәйкес жасалған кепілдік шартын қаржылық қамтамасыз ету ретінде қабылдайды.
Кепілдікті қабылдату үшін І санаттағы объектінің операторы қоршаған ортаны қорғау саласындағы уәкілетті органға кепілдік шартын қоса бере отырып, қоршаған ортаны қорғау саласындағы уәкілетті орган бекіткен нысан бойынша өтініш ұсынады.
Қоршаған ортаны қорғау саласындағы уәкілетті орган осы тармақтың екінші бөлігінде көрсетілген өтініш тіркелген күннен бастап үш жұмыс күнінен кешіктірмей, кепілдікті қаржылық қамтамасыз ету ретінде қабылдайды немесе сол мерзімде өтініш берушіні жазбаша немесе электрондық нысанда хабардар ете отырып оны қабылдаудан бас тартады.
6. Қоршаған ортаны қорғау саласындағы уәкілетті орган мына жағдайлардың бірінде:
1) ұсынылған кепілдік шарты Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген талаптарға сәйкес келмесе;
2) кепіл осы баптың 2-тармағының талаптарына сәйкес келмесе;
3) сот мұндай талапты Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес заңсыз деп таныған жағдайларды қоспағанда, кепіл бұрын қоршаған ортаны қорғау саласындағы уәкілетті органның тиесілі сомаларды төлеу туралы талабын орындамаса, қаржылық қамтамасыз ету ретінде кепілдікті қабылдаудан бас тартады.
149-бап. Қаржылық қамтамасыз ету ретіндегі банктік салым кепілін қолдану
1. І санаттағы объектінің операторы (кепіл беруші) осы Кодекстің 147-бабының 1-тармағында көрсетілген өз міндеттемелерін Қазақстан Республикасының заңдарында белгіленген мерзімде орындамаған (тиісінше орындамаған) жағдайда, Қазақстан Республикасының (кепіл ұстаушының) банктік салым кепіліне орай кепілге салынған банктік салымның сомасынан оператордың басқа кредиторлары алдында артықшылықты түрде қанағаттандыру алуға құқығы бар.
2. Осы бапқа сәйкес Қазақстан Республикасының екінші деңгейдегі банкінде орналастырылған банктік салым ғана кепіл нысанасы болуы мүмкін.
3. Салым теңгемен немесе шетел валютасымен енгізілуі мүмкін.
4. Қаржылық қамтамасыз ету болып табылатын банктік салымды қайта кепілге салуға тыйым салынады.
5. Заңды тұлға болып табылатын І санаттағы объект операторының банкроттығын қоса алғанда, ол таратылған жағдайда, кепіл ұстаушының талаптарын қанағаттандыру тәртібі Қазақстан Республикасының азаматтық заңнамасында реттеледі.
6. Қоршаған ортаны қорғау саласындағы уәкілетті орган банктік салым кепілінің шарты негізінде банктік салым кепілін қаржылық қамтамасыз ету ретінде қабылдайды.
Банктік салым кепілінің шартын жасасу үшін І санаттағы объектінің операторы қоршаған ортаны қорғау саласындағы уәкілетті органға банктік салым шартының көшірмесін және екінші деңгейдегі банктің банктік салымның бар-жоғы туралы анықтамасын қоса бере отырып, қоршаған ортаны қорғау саласындағы уәкілетті орган бекіткен нысан бойынша өтінішті ұсынады.
7. Банктік салым кепілінің шарты І санаттағы объектінің операторы және (немесе) кепіл беруші ретіндегі үшінші тұлға, кепіл ұстаушы ретіндегі қоршаған ортаны қорғау саласындағы уәкілетті орган мен екінші деңгейдегі банк арасында қоршаған ортаны қорғау саласындағы уәкілетті орган бекіткен, І санаттағы объектіні пайдалану салдарларын жою жөніндегі міндеттемелердің орындалуын қаржылық қамтамасыз ету ретінде банктік салым кепілінің үлгілік шартына сәйкес жасалады.
8. Банктік салым кепілінің шарты І санаттағы объект операторының банктік салым кепілі шартын жасасу туралы өтініші алынған күннен бастап он жұмыс күні ішінде жасалады.
9. Қоршаған ортаны қорғау саласындағы уәкілетті орган банктік салым кепілінің шарты жасалған күннен бастап үш жұмыс күнінен кешіктірмей, сол мерзімде өтініш берушіні жазбаша немесе электрондық нысанда хабардар ете отырып, осындай шартты қаржылық қамтамасыз ету ретінде қабылдайды.
150-бап. Қаржылық қамтамасыз ету ретіндегі мүлік кепілін қолдану
1. І санаттағы объектінің операторы (кепіл беруші) осы Кодекстің 147-бабының 1-тармағында көрсетілген өз міндеттемелерін Қазақстан Республикасының заңдарында белгіленген мерзімде орындамаған (тиісінше орындамаған) жағдайда, Қазақстан Республикасының (кепіл ұстаушы) мүлік кепіліне орай кепілге салынған мүлікке оператордың басқа кредиторлары алдында артықшылықпен өндіріп алуды қолдануға құқығы бар.
2. Заңды тұлға болып табылатын I санаттағы объект операторының банкроттығын қоса алғанда, ол таратылған жағдайда кепіл ұстаушының талаптарын қанағаттандыру тәртібі Қазақстан Республикасының азаматтық заңнамасында реттеледі.
3. Қоршаған ортаны қорғау саласындағы уәкілетті орган Қазақстан Республикасының азаматтық заңнамасына сәйкес жасалған мүлік кепілінің шарты негізінде мүлік кепілін қаржылық қамтамасыз ету ретінде қабылдайды.
Мүлік кепілінің шартын жасасу үшін І санаттағы объектінің операторы қоршаған ортаны қорғау саласындағы уәкілетті органға бағалаушының кепілге салынған мүліктің нарықтық құнын бағалау туралы есебін қоса бере отырып, қоршаған ортаны қорғау саласындағы уәкілетті орган бекіткен нысан бойынша өтінішті ұсынады.
4. Мүлік кепілінің шарты І санаттағы объектінің операторы және (немесе) кепіл беруші ретіндегі үшінші тұлға және кепіл ұстаушы ретіндегі қоршаған ортаны қорғау саласындағы уәкілетті орган арасында қоршаған ортаны қорғау саласындағы уәкілетті орган бекіткен үлгілік нысан бойынша жасалады.
Мүлік кепілінің шарты І санаттағы объект операторының мүлік кепілінің шартын жасасу туралы өтініші алынған күннен бастап он жұмыс күні ішінде жасалады.
Қазақстан Республикасының бағалау қызметі туралы заңнамасына сәйкес бағалаушы мен кепіл беруші арасындағы шарт бойынша жүргізілген бағалау туралы есепте айқындалған құн қаржылық қамтамасыз ету ретіндегі кепіл нысанасының нарықтық құны болып табылады.
Бағалаушының кепілге салынған мүліктің нарықтық құнын бағалау туралы есебі І санаттағы объектінің операторы қоршаған ортаны қорғау саласындағы уәкілетті органға мүлік кепілінің шартын жасасу туралы өтініш берген күнге дейін күнтізбелік он бес күннен ерте жасалмауға тиіс.
5. Мүлік кепілінің шарты кепілге берілетін мүлік жойылудан немесе бүлінуден сақтандырылған болып табылған жағдайда жасалады.
6. Мыналарды:
1) тiршiлiктi қамтамасыз ету объектiлерiн;
2) тыйым салынған мүлікті;
3) мемлекеттік органдар шектеу салған мүлікті;
4) үшінші тұлғалардың құқықтарымен ауыртпалық салынған мүлікті;
5) Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес азаматтық айналымнан алып қойылған мүлікті;
6) электр, жылу энергиясын және өзге де энергия түрлерін;
7) тез бүлінетін тауарларды;
8) осы Кодекстің 149-бабына сәйкес банк салымын кепілге салу жағдайларын қоспағанда, мүліктік құқықтарды;
9) Қазақстан Республикасының шегінен тыс жерлердегі мүлікті қоспағанда, кез келген мүлік қаржылық қамтамасыз ету ретіндегі мүлік кепілінің нысанасы болуы мүмкін.
7. Осы баптың 5 және 6-тармақтарында белгіленген шарттар сақталмаған кезде қоршаған ортаны қорғау саласындағы уәкілетті орган мүлік кепілінің шартын жасасу туралы өтінішті І санаттағы объектінің операторы қоршаған ортаны қорғау саласындағы уәкілетті органға берген күннен бастап он жұмыс күнінен кешіктірмей, мүлік кепілінің шартын жасасудан бас тартады.
Қоршаған ортаны қорғау саласындағы уәкілетті орган осындай шешім қабылданған күннен бастап бір жұмыс күнінен кешіктірмей, І санаттағы объектінің операторын мүлік кепілінің шартын жасасудан бас тарту туралы хабардар етеді.
8. Мүлікті кепілге салу кезінде, егер қоршаған ортаны қорғау саласындағы уәкілетті орган өзгеше шешім қабылдамаса, кепіл нысанасы кепіл берушіде қалады.
І санаттағы объектінің операторы І санаттағы объектіні пайдалану салдарларын жою бойынша, мүлік кепілінің шартымен қамтамасыз етілген міндеттемелерді орындағанға дейін кепіл беруші кепіл нысанасына билік етуге құқылы емес.
9. Мүлік кепілін ресімдеу Қазақстан Республикасының азаматтық заңнамасына сәйкес жүзеге асырылады.
151-бап. Қаржылық қамтамасыз ету ретіндегі сақтандыру шартын қолдану
1. Объектінің операторы І санаттағы объектіні пайдалану салдарларын жою жөніндегі өз міндеттемелерін қамтамасыз ету үшін сақтандыру ұйымымен сақтандыру шартын жасасуға құқылы, соған орай объект операторының І санаттағы объектіні пайдалану салдарларын жою жөніндегі міндеттемелерді Қазақстан Республикасының заңнамасында көзделген тәртіппен (сақтандыру жағдайы) орындамауы немесе тиісінше орындамауы Қазақстан Республикасының (пайда алушы) пайдасына сақтандыру сомасын төлеуге алып келеді.
2. Қоршаған ортаны қорғау саласындағы уәкілетті орган сақтандыру қызметін жүзеге асыру құқығына арналған лицензиясы бар сақтандыру ұйымдарымен жасалған шарттарды қаржылық қамтамасыз ету ретінде қабылдайды.
Осы баптың 1-тармағында көрсетілген сақтандыру шарты қаржы нарығын және қаржы ұйымдарын реттеу, бақылау және қадағалау жөніндегі уәкілетті органмен келісу бойынша қоршаған ортаны қорғау саласындағы уәкілетті орган бекіткен, І санаттағы объектіні пайдалану салдарларын жою жөніндегі міндеттемелердің орындалуын қаржылық қамтамасыз ету ретіндегі үлгілік сақтандыру шартына сәйкес жасалады.
І санаттағы объект операторының І санаттағы объектіні пайдалану салдарларын жою жөніндегі өз міндеттемелерін орындауға байланысты мүліктік мүддесі қаржылық қамтамасыз ету ретіндегі сақтандыру шартының объектісі болып табылады.
І санаттағы объектіні пайдалану салдарларын жою жөніндегі міндеттемелерді осы Кодексте белгіленген мерзімде орындамау немесе тиісінше орындамау фактісі қаржылық қамтамасыз ету ретіндегі сақтандыру шарты бойынша сақтандыру жағдайы болып танылады.
Сақтандыру шартын қабылдату үшін І санаттағы объектінің операторы қоршаған ортаны қорғау саласындағы уәкілетті органға сақтандыру шартын қоса бере отырып, қоршаған ортаны қорғау саласындағы уәкілетті орган бекіткен нысан бойынша өтінішті ұсынады.
Қоршаған ортаны қорғау саласындағы уәкілетті орган көрсетілген өтініш тіркелген күннен бастап үш жұмыс күнінен кешіктірмей, сақтандыру шартын қаржылық қамтамасыз ету ретінде қабылдайды немесе сол мерзімде өтініш берушіні жазбаша немесе электрондық түрде хабардар ете отырып, оны қабылдаудан бас тартады.
3. Қоршаған ортаны қорғау саласындағы уәкілетті орган мынадай жағдайлардың бірінде:
1) ұсынылған сақтандыру шарты І санаттағы объектіні пайдалану салдарларын жою жөніндегі міндеттемелерді орындауды қаржылық қамтамасыз ету ретіндегі үлгілік сақтандыру шартына сәйкес келмесе;
2) сот мұндай талапты Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес заңсыз деп таныған жағдайларды қоспағанда, қаржылық қамтамасыз ету ретінде ұсынылған сақтандыру шартын жасасқан сақтандыру ұйымы сақтандыру шартын қаржылық қамтамасыз ету ретінде қабылдау туралы өтініш тіркелген күн қоршаған ортаны қорғау саласындағы уәкілетті органның сақтандыру төлемі туралы талабын бұрын орындамаса, сақтандыру шартын қаржылық қамтамасыз ету ретінде қабылдаудан бас тартады.
4. Қоршаған ортаны қорғау саласындағы уәкілетті органның сақтандыру төлемі туралы талабы осындай талап алынған күннен бастап екі жұмыс күні ішінде сақтандыру ұйымының бұлжытпай және міндетті түрде орындауына жатады. Сақтандыру ұйымы көрсетілген талапты орындамаған немесе орындау мерзімдерін бұзған кезде, Қазақстан Республикасының заңдарында белгіленген жауаптылықта болады.
8-БӨЛІМ. ҚОРШАҒАН ОРТА МЕН ТАБИҒИ РЕСУРСТАРДЫҢ МЕМЛЕКЕТТІК МОНИТОРИНГІ
152-бап. Қоршаған орта мен табиғи ресурстар мониторингінің бірыңғай мемлекеттік жүйесі
1. Қоршаған орта мен табиғи ресурстар мониторингінің бірыңғай мемлекеттік жүйесі Қазақстан Республикасында жұмыс істеп тұрған мониторингтің қоршаған ортаны қорғау, табиғи ресурстарды қорғау, молықтыру және пайдалану, адамдардың өмірін және (немесе) денсаулығын табиғи және антропогендік ортаның зиянды факторларының әсерінен қорғау, сондай-ақ климат өзгеруінің әсер етуі мен климат өзгеруінің болжамды әсер етуі мәселелерін тікелей немесе жанама түрде қамтитын барлық жүйесін, кіші жүйесін және түрін біріктіретін, мемлекет қамтамасыз ететін көп мақсатты жүйені білдіреді.
2. Қоршаған орта мен табиғи ресурстар мониторингінің бірыңғай мемлекеттік жүйесі мынадай элементтерді қамтиды:
1) Қоршаған орта мен табиғи ресурстар мониторингінің бірыңғай мемлекеттік жүйесіне қатысушылар;
2) осы Кодекске сәйкес Қоршаған орта мен табиғи ресурстар мониторингінің бірыңғай мемлекеттік жүйесінің құрылымына енгізілген мониторингтің жүйелері, кіші жүйелері мен түрлері;
3) «Қазақстан Республикасының қоршаған орта мен табиғи ресурстардың жай-күйі туралы ұлттық деректер банкі» ақпараттық жүйесі.
3. Қоршаған орта мен табиғи ресурстар мониторингінің бірыңғай мемлекеттік жүйесінің міндеттері мыналар болып табылады:
1) қоршаған орта мен табиғи ресурстардың жай-күйін, оларда болып жатқан процестерді, құбылыстар мен өзгерістерді ұдайы байқау, мұндай өзгерістерді бағалау, болжау және бақылау;
2) қоршаған орта мен табиғи ресурстар мониторингінің деректерін жинау, жинақтау, сақтау, есепке алу, жүйелеу, жинақтап-қорыту, өңдеу және талдау;
3) Қоршаған орта мен табиғи ресурстар мониторингінің бірыңғай мемлекеттік жүйесіне қатысушылардың басқарушылық және шаруашылық шешімдер қабылдауы, сондай-ақ Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген құзыреттері шегінде функцияларды жүзеге асыруы мақсатында олардың арасында өзара іс-қимылды, үйлестіруді және ақпарат алмасуды қамтамасыз ету;
4) мемлекеттік органдарды, жеке және заңды тұлғаларды қоршаған ортаның, оның ішінде табиғи ортаның (оның құрамдастарының, табиғи және табиғи-антропогендік объектілердің, табиғи кешендердің, биоәртүрліліктің) және антропогендік ортаның жай-күйі туралы, сондай-ақ табиғи және антропогендік ортаның адамдардың өміріне және (немесе) денсаулығына және тұтас қоршаған ортаға ықпал ететін зиянды факторлары туралы анық және салыстырмалы ақпаратпен қамтамасыз ету.
4. Қоршаған орта мен табиғи ресурстар мониторингінің бірыңғай мемлекеттік жүйесінің жұмыс істеуі деректердің салыстырмалығын және ақпараттық ресурстардың үйлесімділігін қамтамасыз ететін бірыңғай ұйымдастырушылық, әдіснамалық, метрологиялық және ақпараттық тәсіл негізінде жүзеге асырылады.
5. Қазақстан Республикасының Үкіметі Қоршаған орта мен табиғи ресурстар мониторингінің бірыңғай мемлекеттік жүйесін ұйымдастыру және оның жұмыс істеу қағидаларын бекітеді, оларда мыналар қамтылуға тиіс:
1) Қоршаған орта мен табиғи ресурстар мониторингінің бірыңғай мемлекеттік жүйесінің деректерін жинауға, жинақтауға, сақтауға, есепке алуға, жүйелеуге, жинақтап-қорытуға, өңдеуге және талдауға қойылатын бірыңғай ұйымдастырушылық, әдіснамалық, метрологиялық және өзге де талаптар;
2) Қоршаған орта мен табиғи ресурстар мониторингінің бірыңғай мемлекеттік жүйесіне қатысушылар арасындағы өзара іс-қимыл және жұмыс процестерін үйлестіру тәртібі;
3) «Қазақстан Республикасының қоршаған орта мен табиғи ресурстардың жай-күйі туралы ұлттық деректер банкі» ақпараттық жүйесін қалыптастыру және оның жұмыс істеу тәртібі, оның құрылымы мен ақпарат көздері, сондай-ақ оған Қоршаған орта мен табиғи ресурстар мониторингінің бірыңғай мемлекеттік жүйесіне қатысушылардың және өзге де мемлекеттік органдардың, жеке және заңды тұлғалардың қол жеткізу қағидалары, деңгейлері, тәртібі мен шарттары.
6. Қоршаған орта мен табиғи ресурстар мониторингінің бірыңғай мемлекеттік жүйесіне қатысушылар арасындағы жұмыс процестерін үйлестіруді қоршаған ортаны қорғау саласындағы уәкілетті орган жүзеге асырады.
7. Қоршаған орта мен табиғи ресурстар мониторингінің бірыңғай мемлекеттік жүйесіне қатысушылар арасында, оның ішінде «Қазақстан Республикасының қоршаған орта мен табиғи ресурстар мониторингінің ұлттық деректер банкі» ақпараттық жүйесі шеңберінде ақпарат алмасу өтеусіз негізде жүзеге асырылады.
2022.21.12. № 167-VІІ ҚР Заңымен 8-тармақ өзгертілді (2023 ж. 2 қаңтардан бастап қолданысқа енгізілді) (бұр.ред.қара)
8. Қоршаған орта мен табиғи ресурстар мониторингінің бірыңғай мемлекеттік жүйесінің құрылымына енгізілген мониторингтің жүйелері, кіші жүйелері мен түрлері шеңберінде қоршаған орта мен табиғи ресурстардың жай-күйін байқау, оның ішінде Жерді қашықтан зондтау деректері пайдаланыла отырып жүргізіледі.
153-бап. Қоршаған орта мен табиғи ресурстар мониторингінің бірыңғай мемлекеттік жүйесіне қатысушылар
Қоршаған орта мен табиғи ресурстар мониторингінің бірыңғай мемлекеттік жүйесіне қатысушылар мыналар болып табылады:
1) қоршаған ортаны қорғау саласындағы уәкілетті орган;
2) арнаулы уәкілетті мемлекеттік органдар;
3) Қоршаған орта мен табиғи ресурстар мониторингінің бірыңғай мемлекеттік жүйесінің құрылымына енгізілген мониторинг түрлерін жүзеге асыруға уәкілеттік берілген ұйымдар;
4) осы Кодекске сәйкес өндірістік экологиялық бақылауды жүзеге асыруға міндетті жеке және заңды тұлғалар.
154-бап. Қоршаған орта мен табиғи ресурстар мониторингінің бірыңғай мемлекеттік жүйесінің құрылымы
1. Қоршаған орта мен табиғи ресурстар мониторингінің бірыңғай мемлекеттік жүйесі мынадай мониторинг жүйелерін қамтиды:
1) экологиялық мониторинг;
2) табиғи ресурстар мониторингі;
3) арнайы мониторинг;
4) метеорологиялық және гидрологиялық мониторинг;
5) қоршаған орта жай-күйінің мониторингі.
2. Қазақстан Республикасының Үкіметі бекітетін Қоршаған орта мен табиғи ресурстар мониторингінің бірыңғай мемлекеттік жүйесін ұйымдастыру және оның жұмыс істеу қағидаларында Қоршаған орта мен табиғи ресурстар мониторингінің бірыңғай мемлекеттік жүйесінің құрылымына мониторингтің қосымша жүйелері, кіші жүйелері мен түрлері енгізілуі мүмкін.
155-бап. Қазақстан Республикасының қоршаған орта мен табиғи ресурстардың жай-күйі туралы ұлттық деректер банкі
1. Деректерді жинақтау, сақтау, жүйелеу, интеграциялау және автоматтандырылған алмасуды қамтамасыз ету, Қоршаған орта мен табиғи ресурстар мониторингінің бірыңғай мемлекеттік жүйесіне қатысушылар арасындағы өзара іс-қимыл және жұмыс процестерін үйлестіру, сондай-ақ жеке және заңды тұлғалар үшін ақпаратқа қолжетімділік беруді автоматтандыру «Қазақстан Республикасының қоршаған орта мен табиғи ресурстардың жай-күйі туралы ұлттық деректер банкі» ақпараттық жүйесінің жұмыс істеуі арқылы жүзеге асырылады.
2. «Қазақстан Республикасының қоршаған орта мен табиғи ресурстардың жай-күйі туралы ұлттық деректер банкі» ақпараттық жүйесін құруды, оның жұмыс істеуін, жүргізілуі мен пайдаланылуын ұйымдастыруды, сондай-ақ осыған байланысты барлық жұмыс процесінің үйлестірілуін қамтамасыз етуді қоршаған ортаны қорғау саласындағы уәкілетті орган жүзеге асырады.
3. «Қазақстан Республикасының қоршаған орта мен табиғи ресурстардың жай-күйі туралы ұлттық деректер банкі» ақпараттық жүйесі:
1) Қоршаған орта мен табиғи ресурстар мониторингінің бірыңғай мемлекеттік жүйесінің құрылымына енгізілген мониторинг жүйелерінің, кіші жүйелері мен түрлерінің деректер банктері;
2) табиғи ресурстардың мемлекеттік кадастрлары;
3) қалдықтардың мемлекеттік кадастры;
4) мемлекеттік климат кадастры;
5) мемлекеттік көміртек кадастры;
6) озонды бұзатын заттарды тұтынудың мемлекеттік кадастры;
7) Қазақстан Республикасының ластағыштардың шығарылуы мен көшірілуінің тіркелімі;
8) экологиялық рұқсаттардың және қоршаған ортаға әсер ету туралы декларациялардың мемлекеттік тізілімі;
9) қалдықтарды басқару саласындағы кәсіпкерлік субъектілерінің тізілімі;
10) тарихи ластану объектілерінің мемлекеттік тізілімі деректерін интеграциялау мен автоматтандырылған алмасуды қамтамасыз етуге тиіс.
4. «Қазақстан Республикасының қоршаған орта мен табиғи ресурстардың жай-күйі туралы ұлттық деректер банкі» ақпараттық жүйесінің шеңберіндегі бағдарламалық құралдардың жүйесі деректерді бірыңғай әдістемелік негізде жинақтауды, сақтау мен өңдеуді жүзеге асыруға, оның әртүрлі деңгейлері, сондай-ақ Қоршаған орта мен табиғи ресурстар мониторингінің бірыңғай мемлекеттік жүйесінің құрылымына енгізілген мемлекеттік кадастрлар, тізілімдер, тіркелімдер, мониторинг жүйелерінің, кіші жүйелері мен түрлерінің деректер банктері арасында деректерді автоматтандырылған және тиімді алмасуды қамтамасыз етуге мүмкіндік береді.
5. Қоршаған орта мен табиғи ресурстар мониторингінің бірыңғай мемлекеттік жүйесіне қатысушылар «Қазақстан Республикасының қоршаған орта мен табиғи ресурстардың жай-күйі туралы ұлттық деректер банкі» ақпараттық жүйесінің шеңберінде өздері беретін деректердің анықтығы үшін Қазақстан Республикасының заңдарында көзделген жауаптылықта болады.
156-бап. Қазақстан Республикасының қоршаған орта мен табиғи ресурстардың жай-күйі туралы ұлттық деректер банкіне қол жеткізу шарттары
1. «Қазақстан Республикасының қоршаған орта мен табиғи ресурстардың жай-күйі туралы ұлттық деректер банкі» ақпараттық жүйесіне қол жеткізу мынадай:
1) қоршаған ортаны қорғау саласындағы уәкілетті органның, арнайы уәкілетті мемлекеттік органдардың және Қоршаған орта мен табиғи ресурстар мониторингінің бірыңғай мемлекеттік жүйесінің құрылымына енгізілген мониторинг түрлерін жүзеге асыруға уәкілеттік берілген ұйымдардың барлық ақпаратқа (алғашқы деректерге және ақпараттық өнімге) танысу, көшіру және қайта жаңғырту мүмкіндігі беріліп, шектеусіз қол жеткізуге құқығы болады;
2) жеке және заңды тұлғалардың мемлекеттік құпияларды, коммерциялық және заңмен қорғалатын өзге де құпияны құрайтын ақпаратты қоспағанда, барлық ақпараттық өнімге танысу, көшіру және қайта жаңғырту мүмкіндігі беріліп, шектеусіз қол жеткізуге құқығы болады деген шарттар сақтала отырып беріледі.
2. Бастапқы деректер деп мониторинг түрлерінің нәтижелері бойынша алынған және жинақтап-қорытуға, өңдеуге немесе талдауға ұшырамаған деректер түсініледі. Өндірістік мониторингтің өңделмеген деректері, оның ішінде қоршаған ортаға эмиссиялар мониторингінің автоматтандырылған жүйесінен алынған деректер бастапқы деректерге жатады.
3. Ақпараттық өнім деп алғашқы деректерді жинақтап-қорыту, өңдеу және талдау нәтижесі болып табылатын ақпарат түсініледі. Ақпараттық өнімге талдамалық есептер, анықтамалар, баяндамалар, мәтіндік мазмұндағы өзге де құжаттар, картографиялық ақпарат, статистикалық нысандар мен есептілік, өндірістік экологиялық бақылау жөніндегі есептілік, сондай-ақ біріктірілген (статистикалық) сипаттағы өзге де ақпарат жатады.
4. «Қазақстан Республикасының қоршаған орта мен табиғи ресурстардың жай-күйі туралы ұлттық деректер банкі» ақпараттық жүйесіне қол жеткізу өтеусіз негізде беріледі.
157-бап. Қоршаған орта мен табиғи ресурстар мониторингінің бірыңғай мемлекеттік жүйесінің деңгейлері
1. Қоршаған орта мен табиғи ресурстар мониторингінің бірыңғай мемлекеттік жүйесін жүргізу үш деңгейде жүзеге асырылады:
1) жергілікті деңгейде өндірістік мониторинг, қоғамдық мониторинг және жергілікті атқарушы органдар елді мекендердің нақты учаскелерінде, елді мекендерден тыс жерлерде, жерүсті және жерасты су объектілерінен тыс жерлерде, ерекше қорғалатын табиғи аумақтарда ұйымдастыратын мониторинг түрлері жүргізіледі;