9. Бағалаушыға, сарапшыға кандидаттардың біліктіліктерін растау үшін біліктілік емтиханын өткізу қағидаларын бағалау қызметі саласындағы уәкілетті орган бекітеді.
24-бап. Біліктілік комиссиясы
1. Біліктілік комиссиясы мамандандырылған орган болып табылады және «бағалаушы», «сарапшы» біліктіліктерін беру туралы куәліктерді алуға үміткер адамдарға біліктілік емтиханын өткізу үшін құрылады.
2. Біліктілік комиссиясы жеті мүшеден тұрады және бағалау қызметі саласындағы уәкілетті органның, үкіметтік емес ұйымдардың өкілдері және бағалаушылар палаталарының мүшелері қатарынан қалыптастырылады.
Бағалаушылар палаталары өкілдерінің саны біліктілік комиссиясы құрамының жалпы санының көпшілігін құрауға тиіс.
3. Біліктілік комиссиясының мүшелері екі жыл мерзімге сайланады.
4. Біліктілік комиссиясының төрағасы бағалаушылар - біліктілік комиссиясының мүшелері қатарынан сайланады.
Бір адам біліктілік комиссиясының төрағасы болып қатарынан екі рет сайлана алмайды.
5. Біліктілік комиссиясының қызмет тәртібін бағалаушылар палатасы белгілейді.
6. Біліктілік комиссиясының отырыстары қажеттілігіне қарай, бірақ алты айда бір реттен сиретпей өткізіледі.
25-бап. «Бағалаушы», «сарапшы» біліктіліктерін беру туралы куәліктерді тоқтата тұру, тоқтату, олардан айыру
2021.31.12. № 100-VII ҚР Заңымен 1-тармақ өзгертілді (2022 ж. 3 наурыздан бастап қолданысқа енгізілді) (бұр.ред.қара)
1. «Бағалаушы» біліктілігін беру туралы куәліктің қолданылуын тоқтата тұру мынадай жағдайларда:
1) өзінің қалауы бойынша;
2) бағалаушының қызметін бақылау немесе жеке және заңды тұлғалардың жүгінімдерін қарау нәтижелері бойынша бағалаушылар палатасының бастамасымен жүзеге асырылады.
Бұл ретте «бағалаушы» біліктілігін беру туралы куәліктің қолданылуын тоқтата тұру кезеңі «бағалаушы» біліктілігін беру туралы куәліктің қолданылуын тоқтата тұру мерзімі аяқталғаннан кейін оқу курсынан өте отырып, бағалаушылар палатасына осы шешімге шағымдану құқығынсыз үш жылды құрайды.
2. «Бағалаушы» біліктілігін беру туралы куәліктің қолданылуын тоқтату:
1) адам қайтыс болған;
2) адам соттың заңды күшіне енген шешімі бойынша әрекетке қабілетсіз немесе әрекет қабілеті шектеулі, қайтыс болған не хабарсыз кеткен деп танылған;
3) экономикалық қызмет саласындағы қылмыстық құқық бұзушылықтар үшін, сондай-ақ қасақана жасалған ауырлығы орташа қылмыстар, ауыр және аса ауыр қылмыстар үшін соттың айыптау үкімі заңды күшіне енген;
4) адамға медициналық сипаттағы мәжбүрлеу шараларын қолдану туралы сот шешімі заңды күшіне енген;
5) «бағалаушы» біліктілігін беру туралы куәліктен айырған жағдайларда жүзеге асырылады.
3. «Бағалаушы» біліктілігін беру туралы куәліктің қолданылуын тоқтату бағалаушылар палатасының алқалы басқару органының шешімімен жүзеге асырылады.
2021.31.12. № 100-VII ҚР Заңымен 4-тармақ өзгертілді (2022 ж. 3 наурыздан бастап қолданысқа енгізілді) (бұр.ред.қара)
4. Бағалаушылар палатасы «бағалаушы» біліктілігін беру туралы куәліктен айыруды:
1) бағалаушы Қазақстан Республикасының бағалау қызметі туралы заңнамасын бірнеше рет бұзған не мемлекеттің, жеке және (немесе) заңды тұлғалардың мүдделеріне нұқсан келтіруге әкеп соқтыра отырып, Қазақстан Республикасының заңнамасын бұзған;
2) осы баптың 1-тармағының 2) тармақшасында көрсетілген себеп жойылмаған;
3) «бағалаушы» біліктілігін беру туралы куәлікті беруге негіз болған құжаттарда бағалаушының анық емес ақпаратты немесе қасақана бұрмаланған мәліметтерді беру фактісі анықталған;
4) бағалау туралы анық емес есеп екі реттен көп жасалған жағдайларда жүзеге асырады.
«Бағалаушы» біліктілігін беру туралы куәліктен айырылған адамдар «бағалаушы» біліктілігін растауға «бағалаушы» біліктілігін беру туралы куәліктен айыру туралы шешім қабылданған күннен бастап бес жыл өткен соң жіберіледі.
«Бағалаушы» біліктілігін беру туралы куәліктен айыру туралы шешім қайта қабылданған кезде аталған адамдар «бағалаушы» біліктілігін растауға жіберілмейді.
«Бағалаушы» біліктілігін беру туралы куәліктен айыру туралы шешімге Қазақстан Республикасының заңдарына сәйкес сот тәртібімен шағым жасалуы мүмкін.
5. «Бағалаушы» біліктілігін беру туралы куәліктің қолданылуы тоқтатыла тұрған немесе тоқтатылған жағдайда, бағалаушылар палатасы куәліктің тоқтатылу күні мен уақытын көрсете отырып, бағалаушылар палатасы мүшелерінің тізіліміне тиісті ақпаратты енгізіп, оны палатаның интернет-ресурсында жариялайды.
6. «Сарапшы» біліктілігін беру туралы куәліктің қолданылуын тоқтату мынадай жағдайларда:
1) адам қайтыс болған;
2) адам соттың заңды күшіне енген шешімі бойынша әрекетке қабілетсіз немесе әрекет қабілеті шектеулі, қайтыс болған не хабарсыз кеткен деп танылған;
3) экономикалық қызмет саласындағы қылмыстық құқық бұзушылықтар үшін, сондай-ақ қасақана жасалған ауырлығы орташа қылмыстар, ауыр және аса ауыр қылмыстар үшін соттың айыптау үкімі заңды күшіне енген;
4) адамға медициналық сипаттағы мәжбүрлеу шараларын қолдану туралы сот шешімі заңды күшіне енген;
5) «сарапшы» біліктілігін беру туралы куәліктен айырған жағдайларда, бағалаушылар палатасының алқалы басқару органының шешімімен жүзеге асырылады.
«Сарапшы» біліктілігін беру туралы куәліктің қолданылуы тоқтатылған жағдайда, бағалаушылар палатасы куәліктің тоқтатылу күні мен уақытын көрсете отырып, сарапшылық кеңес мүшелерінің тізіліміне тиісті ақпаратты енгізіп, оны палатаның интернет-ресурсында жариялайды.
7. Бағалаушылар палатасы «сарапшы» біліктілігін беру туралы куәліктен айыруды:
1) сарапшы Қазақстан Республикасының бағалау қызметі туралы заңнамасын бірнеше рет бұзған не мемлекеттің, жеке және (немесе) заңды тұлғалардың мүдделеріне нұқсан келтіруге әкеп соқтыра отырып, Қазақстан Республикасының заңнамасын бұзған;
2) бағалау объектісінің бағалау туралы есепте көрсетілген нарықтық немесе өзге құны туралы негізсіз сараптамалық қорытынды жасалған;
3) «бағалаушы» біліктілігін беру туралы куәліктен айырған;
4) сарапшы бағалаушылар палатасының талаптарын бірнеше рет бұзған жағдайларда жүзеге асырады.
Бағалаушы «сарапшы» біліктілігін беру туралы куәліктен айыру туралы шешім қабылданғаннан кейін үш жылдан соң ғана «сарапшы» біліктілігін беру туралы куәлікті алуға құқылы.
5-тарау. ТАПСЫРЫС БЕРУШІНІҢ ҚҰҚЫҚТАРЫ МЕН МІНДЕТТЕРІ
26-бап Тапсырыс берушінің құқықтары
Тапсырыс берушінің:
1) бағалаушыдан не бағалаушы еңбек шартын жасасқан заңды тұлғадан Қазақстан Республикасы заңнамасының бағалау жүргiзуге қатысты талаптары туралы егжей-тегжейлі ақпаратты алуға;
2) бағалау туралы есеп негiзделетiн нормативтiк құқықтық актiлермен танысуға;
3) бағалаушыдан не бағалаушы еңбек шартын жасасқан заңды тұлғадан бағалау амалдары мен бағалау әдiстерi туралы қажеттi ақпаратты алуға;
4) бағалаушы не бағалаушы еңбек шартын жасасқан заңды тұлға бағалау жүргізу шартының талаптарын бұзған жағдайда, олар көрсететін қызметтерден бас тартуға;
5) осы Заңда және Қазақстан Республикасының өзге де заңдарында көзделген өзге құқықтарды жүзеге асыруға құқығы бар.
27-бап. Тапсырыс берушінiң мiндеттерi
Тапсырыс берушi:
1) бағалау жүргізу шартына сәйкес бағалауды уақтылы және сапалы жүргiзу үшiн бағалаушыға немесе бағалаушы еңбек шартын жасасқан заңды тұлғаға жағдай жасауға;
2) бағалаушыға немесе бағалаушы еңбек шартын жасасқан заңды тұлғаға бағалау жүргізу үшін қажетті құжаттаманы, толық және анық ақпаратты беруге, сондай-ақ қажетті түсіндірмелерді беруге, бағалаушының бағалау объектісіне кіруін қамтамасыз етуге;
3) егер бағалаудың анықтығына терiс әсерін тигізетін болса, бағалаушының қызметiне араласпауға;
4) бағалаушының немесе бағалаушы еңбек шартын жасасқан заңды тұлғаның талап етуі бойынша бағалау жүргiзуге қажеттi ақпаратты алу үшін өз атынан үшiншi тұлғаларға жазбаша сұрау салуды жiберуге;
5) осы Заңда және Қазақстан Республикасының өзге де заңдарында көзделген өзге міндеттерді орындауға мiндеттi.
28-бап. Дауларды қарау
Бағалауды жүзеге асыру кезінде бағалаушылар палатасы, бағалаушы, бағалаушы еңбек шартын жасасқан заңды тұлға, тапсырыс беруші немесе үшінші тұлғалар арасында туындайтын, оның ішінде бағалау туралы есептің сараптамасын жүргізу арқылы шешілмеген даулар сотта шешіледі.
6-тарау. БАҒАЛАУ ҚЫЗМЕТІН МЕМЛЕКЕТТІК РЕТТЕУ
2018.24.05. № 156-VI ҚР Заңымен 29-баптың тақырыбы өзгертілді (бұр.ред.қара)
29-бап. Бағалау қызметі саласындағы мемлекеттік бақылау
2018.24.05. № 156-VI ҚР Заңымен 1-тармақ өзгертілді (бұр.ред.қара)
1. Бағалау қызметі саласындағы уәкілетті орган бағалау қызметі саласындағы мемлекеттік бақылауды, бағалаушылар палаталарының Қазақстан Республикасының заңнамасын, бағалаушылар палатасының жарғысын және ол қабылдаған қағидалар мен стандарттарды сақтауын мемлекеттік бақылауды жүзеге асырады.
2018.24.05. № 156-VI ҚР Заңымен (бұр.ред.қара); 2024.06.04. № 71-VIII ҚР Заңымен (2024 ж. 8 маусымнан бастап қолданысқа енгізілді) (бұр.ред.қара) 2-тармақ өзгертілді
2. Бағалау қызметі саласында бағалаушылар палаталарының қызметін мемлекеттік бақылау Қазақстан Республикасының Кәсіпкерлік кодексіне сәйкес тексерулер және бақылау субъектісіне бару арқылы профилактикалық бақылау жүргізу жолымен жүзеге асырылады.
3. Бағалаушылар палатасының қызметіне тексеру жүргізу туралы шешімді бағалау қызметі саласындағы уәкілетті орган бағалаушылар палатасының, оның мүшелерінің Қазақстан Республикасы заңнамасының талаптарын, бағалаушылар палатасының жарғысын және ол қабылдаған қағидалар мен стандарттарды бұзғаны туралы жеке және заңды тұлғалардың арыздары, мемлекеттік органдардың, жергілікті өзін-өзі басқару органдарының, құқық қорғау органдарының жүгінімдері мен сұрау салулары негізінде қабылдайды.
4. Қазақстан Республикасының заңнамасын, бағалаушылар палатасының жарғысын және ол қабылдаған қағидалар мен стандарттарды бұзушылық анықталған жағдайда бағалау қызметі саласындағы уәкілетті орган бағалаушылар палатасына анықталған бұзушылықтарды жою туралы нұсқаманы жібереді.
Бұзушылықтар белгіленген мерзімде жойылмаған кезде бағалау қызметі саласындағы уәкілетті орган Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес шаралар қабылдайды.
Бағалау қызметі саласындағы уәкілетті орган бағалаушылар палатасын осы Заңның 16-бабының 6-тармағында көзделген негіздер бойынша кейіннен бағалаушылардың өзін-өзі реттейтін ұйымдары тізілімінен алып тастай отырып мәжбүрлеп тарату жөнінде сотқа жүгінеді.
30-бап. Бағалау қызметі саласындағы уәкілетті органның құзыреті
Бағалау қызметі саласындағы уәкілетті органның құзыретіне:
1) бағалау қызметі саласындағы мемлекеттік саясатты іске асыру;
2) бағалаушылар палатасының қызметін бақылау;
3) тармақша ресми жарияланған күнінен кейін үш ай өткен соң қолданысқа енгізілді
3) бағалаушылардың өзін-өзі реттейтін ұйымдарының тізілімін жүргізу;
2021.31.12. № 100-VII ҚР Заңымен 3-1) тармақшамен толықтырылды (2022 ж. 3 наурыздан бастап қолданысқа енгізілді)
3-1) жосықсыз бағалаушылардың тізілімін жүргізу;
4) бағалау қызметі саласындағы реттеушілік әсерге талдау жасау;
5) бағалау қызметі саласындағы оқытудың, кәсіптік қайта даярлаудың үлгілік бағдарламасын және сағаттар көлемін бекіту;
6) бағалаушылар палаталарының қағидалары мен стандарттарын келісу;
7) бағалаушылар палаталарының қызметі туралы ақпарат сұрату;
8) біліктілік комиссиясының құрамына өкілдерін жіберу;
9) бағалаушылар палатасын осы Заңда көзделген негіздер бойынша мәжбүрлеп тарату туралы талап қоюды сотқа беру;
10) бағалаушылардың іскерлік және кәсіптік әдебінің үлгілік кодексін және өз мүшелерінің осы Заңның, бағалаушылар палатасының стандарттары мен қағидаларының талаптарын бұзуына қатысты жүгінімдерді бағалаушылар палатасының қарауы кезінде қойылатын талаптарды бекіту;
11) 2021.31.12. № 100-VII ҚР Заңымен алып тасталды (2022 ж. 3 наурыздан бастап қолданысқа енгізілді) (бұр.ред.қара)
12) осы Заңда, Қазақстан Республикасының өзге де заңдарында, Қазақстан Республикасы Президентінің және Қазақстан Республикасы Үкіметінің актілерінде көзделген өзге де өкілеттіктерді жүзеге асыру жатады.
7-тарау. ҚОРЫТЫНДЫ ЖӘНЕ ӨТПЕЛІ ЕРЕЖЕЛЕР
31-бап. Қазақстан Республикасының бағалау қызметі туралы заңнамасын бұзғаны үшін жауаптылық
Қазақстан Республикасының бағалау қызметі туралы заңнамасын бұзған тұлғалар Қазақстан Республикасының заңдарына сәйкес жауапты болады.
32-бап. Өтпелі ережелер
1. Бағалаушылар палаталары осы Заң алғашқы ресми жарияланған күннен бастап үш ай өткен соң құрылуы мүмкін.
Бағалаушылар палатасы құрылған кезде бағалаушылар - бағалау қызметін жүзеге асыру құқығына арналған лицензиясы бар жеке тұлғалар оның мүшелері бола алады.
2. Бағалаушылар палатасы құрылған күннен бастап үш ай ішінде бағалаушылар палатасы біліктілік комиссиясын құрады.
3. Осы Заң қолданысқа енгізілгенге дейін атауларында «бағалаушылар палатасы», «Республикалық бағалаушылар палатасы» деген толық немесе толық емес сөз тіркестері пайдаланылып тіркелген заңды тұлғалар осы Заң қолданысқа енгізілген күннен бастап қайта ұйымдастырылуға немесе таратылуға жатады.
4. Бағалаушылар - бағалау қызметін жүзеге асыру құқығына арналған лицензиялары бар жеке тұлғалар осы Заң қолданысқа енгізілген күннен бастап бағалаушылар палатасында біліктілік емтиханынан өтпестен, «бағалаушы» біліктілігін беру туралы куәлікті алуға құқылы.
5. Осы Заң қолданысқа енгізілгенге дейін заңды тұлғаларға берілген және олар алған бағалау қызметін жүзеге асыруға арналған лицензиялар осы Заң қолданысқа енгізілген күннен бастап жарамсыз деп танылады.
33-бап. Осы Заңды қолданысқа енгізу тәртібі
1. Осы Заң, алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін үш ай өткен соң қолданысқа енгізілетін осы Заңның 30-бабының 3) тармақшасын қоспағанда, алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін алты ай өткен соң қолданысқа енгізіледі.
2. «Қазақстан Республикасындағы бағалау қызметі туралы» 2000 жылғы 30 қарашадағы Қазақстан Республикасы Заңының (Қазақстан Республикасы Парламентінің Жаршысы, 2000 ж., № 20, 381-құжат; 2001 ж., № 24, 338-құжат; 2003 ж., № 3, 19-құжат; № 10, 54-құжат; 2004 ж., № 23, 142-құжат; 2007 ж., № 2, 18-құжат; 2009 ж., № 23, 97-құжат; 2010 ж., № 5, 23-құжат; 2011 ж., № 3, 32-құжат; № 5, 43-құжат; № 6, 49-құжат; № 11, 102-құжат; 2012 ж., № 14, 95-құжат; № 15, 97-құжат; 2014 ж., № 1, 4-құжат; № 10, 52-құжат; № 19-I, 19-II, 96-құжат; № 23, 143-құжат; 2015 ж., № 20-ІV, 113-құжат; № 22-ІІ, 145-құжат; № 23-ІІ, 172-құжат) күші жойылды деп танылсын.
Қазақстан Республикасының
Президенті
Н. НАЗАРБАЕВ
Астана, Ақорда, 2018 жылғы қаңтардың 10-ы.
№ 133-VI