289-бап. Уақытша әкету кедендік рәсімінің қолданылуын аяқтау
1. Уақытша әкету кедендік рәсімінің қолданылуы уақытша әкетудің мерзімі өткенге дейін уақытша әкетілген тауарларды осы Кодекспен көзделген тәртіпте және шарттарды кері импорттың кедендік рәсімімен орналастырумен аяқталады.
Егер кеден одағына мүше мемлекеттердің заңнамаларына сәйкес уақытша әкетілген тауарлар кеден одағының кедендік аумағына міндетті түрде қайта әкелінуге жатқан жағдайларды қоспағанда, уақытша әкету кедендік рәсімінің қолданылуы уақытша әкетудің мерзімі өткенге дейін оларды осы Кодекспен көзделген тәртіпте және шарттарды кеден органына іс жүзінде көрсетпестен, уақытша әкетілген тауарларды экспорттың, кедендік аумақтан тыс қайта өңдеу немесе уақытша әкетудің кедендік рәсімдерімен орналастырумен аяқталуы мүмкін.
2. Уақытша әкетілген тауарлар кері импорттың кедендік рәсімімен не өзге кеден рәсіммен бір немесе бірнеше партиялармен орналастырылуы мүмкін.
290-бап. Уақытша әкетудің кедендік рәсімімен орналастырылатын (орналастырылған) тауарларға қатысты әкету кедендік баждарын, салықтарды төлеу бойынша міндеттің туындауы мен тоқтатылуы және оларды төлеу мерзімі
1. Декларантта уақытша әкетудің кедендік рәсімімен орналастырылған тауарларға қатысты әкету кедендік баждарды төлеу бойынша міндет кеден органы кедендік декларацияны тіркеген кезінен бастап туындайды.
2. Декларантта уақытша әкетудің кедендік рәсімімен орналастырылатын (орналастырылған) тауарларға қатысты әкету кедендік баждарды төлеу бойынша міндет:
1) осы Кодекстің 289-бабының 1-тармағына сәйкес уақытша әкетудің кедендік рәсімін аяқтау кезінде;
2) осы Кодекстің 80-бабының 2-тармағында көрсетілген жағдайларда тоқтатылады.
3. Авария немесе еңсерілмейтін күш әсерінің салдарынан не тасымалдаудың (тасымал) және сақтаудың, пайдаланудың (қолданудың) қалыпты жағдайы кезіндегі табиғи кему нәтижесінде жойылуды (біржола жоғалуды) қоспағанда, осы Кодекстің 289-бабының 1-тармағына сәйкес уақытша әкетудің мерзімі өткенге дейін уақытша әкетудің кедендік рәсімі аяқталмаған кезде кеден органдары белгілеген уақытша әкету мерзімінің өткен күні әкету кедендік баждарын төлеу мерзімі болып саналады.
4. Әкету кедендік баждар тауарларды экспорттың кедендік рәсімімен орналастыру кезінде төленуге жататын, тауарларды уақытша әкетудің кедендік рәсімімен орналастыру үшін ұсынылған кедендік декларацияны кеден органы тіркеген күні есептелген әкету кедендік баждарының сомаларына сәйкес келетін көлемде төленуге жатады.
291-бап. Уақытша әкетілген тауарларды экспорттың кедендік рәсімімен орналастыру ерекшеліктері
1. Уақытша әкетілген тауарларды экспорттың кедендік рәсімімен орналастыру кезінде тауарлардың кедендік құны және (немесе) олардың табиғи көріністегі физикалық сипаттамалары (саны, массасы, көлемі немесе өзге де сипаттамалары), әкету кедендік баждардың ставкалары, кеден одағына мүше мемлекеттің заңнамасына сәйкес белгіленетін валюта бағамы тауарларды экспорттың кедендік рәсімімен орналастыру үшін ұсынылған кедендік декларацияны кеден органы тіркеген күніне айқындалады.
2. Тауарларды экспорттың кедендік рәсімімен орналастыру кезінде төленген әкету кедендік баждарының сомасынан, егер тауарларды уақытша әкетудің кедендік рәсімімен орналастыру үшін ұсынылған кедендік декларацияны кеден органы тіркеген күннен бастап осы сомаға қатысты мерзімін ұзарту берілгендей болса, кеден одағына мүше мемлекеттерінде заңнамаларымен белгіленген тәртіпте есептелген проценттер төленеді.
39-тарау. Кері импорттың кедендік рәсімі
292-бап. Кері импорт кедендік рәсімінің мазмұны
1. Кері импорт - кеден одағының кедендік аумағынан бұрын әкетілген тауарлар кедендік баждар, салықтар төленбестен және тарифтік емес реттеу шаралары қолданылмастан, осы Кодекстің 293-бабымен белгіленген мерзімдерде кеден одағының кедендік аумағына қайта әкетілетін кездегі кедендік рәсім.
2. Осы Кодекстің 253-бабының 3-тармағына сәйкес кеден одағының кедендік аумағынан әкетілген тауарларды қайта өңдеу өнімдері болып табылатын, осы Кодекстің 293-бабының 1-тармағының 4) тармақшасында көрсетілген тауарларды қоспағанда, кері импорттың кедендік рәсімімен орналастырылған тауарлар, кеден одағы тауарларының мәртебесін алады.
293-бап. Тауарларды кері импорттың кедендік рәсімімен орналастыру шарттары
1. Кері импорттың кедендік рәсімімен:
1) Егер бұл тауарлар кері импорттың кедендік рәсімімен оларды кеден одағының кедендік аумағынан әкету кезінде кедендік шекара арқылы өткізген күннен кейінгі күннен бастап үш жыл ішінде немесе осы баптың 2-тармағына сәйкес белгіленген өзге де мерзімде орналастырылса;
бұл тауарлар тасымалдаудың (тасудың), сақтаудың және (немесе) пайдаланудың (эксплуатация) қалыпты жағдайы кезіндегі табиғи тозу немесе табиғи кему салдарынан болған өзгерістерді қоспағанда, өзгеріссіз күйінде болса;
кеден органына осы Кодекстің 294-бабына сәйкес құжаттар ұсынылса, экспорттың кедендік рәсіммен орналастырылған не кедендік аумақта қайта өңдеудің кедендік рәсімімен орналастырылған тауарларды қайта өңдеу өнімдері болып табылатын және кері экспорттың кедендік рәсіміне сәйкес кеден одағының кедендік аумағынан әкетілген,
2) егер бұл тауарлар уақытша әкету мерзімі ішінде әкелінсе және тасымалдаудың (тасудың) және (немесе) пайдаланудың (эксплуатация) қалыпты жағдайы кезіндегі табиғи тозу немесе табиғи кему салдарынан болған өзгерістерді, сондай-ақ оларды уақытша әкетудің кедендік рәсіміне сәйкес пайдалану кезінде мұндай тауарларға қатысты жол берілетін өзгерістерді қоспағанда, олар кеден одағының кедендік аумағынан әкетілгендегі сол күйінде болса, уақытша әкетудің кедендік рәсімімен орналастырылған;
3) егер бұл тауарлар қайта өңдеу мерзімі ішінде әкелінсе және және тасымалдаудың (тасудың), сақтаудың және (немесе) пайдаланудың (эксплуатация) қалыпты жағдайы кезіндегі табиғи тозу немесе табиғи кему салдарынан болған өзгерістерді қоспағанда, олар кеден одағының кедендік аумағынан әкетілгендегі сол күйінде болса, кедендік аумақтан тыс қайта өңдеудің кедендік рәсімімен орналастырылған;
4) егер ақысыз (кепілді) жөндеу қайта өңдеудің мақсаты болса және оларды ішкі тұтыну үшін шығарудың кедендік рәсімімен шығару кезінде осы тауарларды ақысыз (кепілді) жөндеу себебі болып табылған ақаулықтың (ақаулықтардың) болуы ескерілген тауарларды қайта өңдеу өнімдерін қоспағанда, бұл тауарлар қайта өңдеу мерзімі ішінде кері импорттың кедендік рәсімімен орналастырылса, кедендік аумақтан тыс қайта өңдеудің кедендік рәсімімен орналастырылған тауарларды қайта өңдеу өнімдері болып табылатын, бұрын шығарылған тауарлар орналастырылуы мүмкін.
2. Тауарлардың жекелеген санаттарына қатысты Кеден одағы комиссиясының шешімімен осы баптың 1-тармағының 1) тармақшасында көрсетілген мерзімнен аспайтын мерзімдер белгілінуі мүмкін.
3. Кері импорт кезінде мұндай салықтардың сомасы және (немесе) проценттер тауарлардың кедендік аумақтан әкетілуімен байланысты төленбегенде не қайтарылғанда, салықтарды және (немесе) олардан проценттерді, сондай-ақ өзге де салықтардың, субсидиялардың сомасын және төленбеген не төлемдер, жеңілдіктер не тауарлардың кедендік аумақтан әкетілуімен байланысты өтеулер ретінде тікелей немесе жанама алынған өзге де соманы өтеу кеден одағына мүше мемлекеттердің заңнамаларымен белгіленген тәртіпте және шарттарда жүргізіледі.
Кері импорттау кезінде кедендік әкелу баждарының сомалары тауарларды кедендік аумақтан әкетуге байланысты төленбеген не қайтарылған жағдайда, мұндай баждарды өтеу кеден одағына мүше мемлекеттердің халықаралық шарттарына сәйкес жүргізіледі.
4. Осы баптың 1-тармағында көрсетілген, оған сәйкес тауарлар кеден одағының кедендік аумағынан әкетілген кедендік рәсімдердің бірінің декларанты болып табылатын тұлға кері импорт кедендік рәсімінің декларанты болып түсуі мүмкін.
Кеден одағының кеден заңнамасымен өзге тұлғаның кері импорт кедендік рәсімінің декларанты болып түсуі мүмкін болатын жағдайлар белгіленуі мүмкін.
5. Тауарлар кері импорттың кедендік рәсімімен олар осы баптың 1-тармағында көрсетілген кедендік рәсімдердің бірімен орналастырылған кеден одағына мүше мемлекетте орналастырылады.
294-бап. Тауарларды кері импорттың кедендік рәсімімен орналастыру үшін қажетті құжаттар мен мәліметтер
1. Тауарларды кері импорттың кедендік рәсімімен орналастыру үшін декларант кеден органына тауарларды кедендік аумақтан әкету жағдайлары туралы мәліметтерді, сондай-ақ егер тауарлармен мұндай операциялар кеден одағының кедендік аумағынан тысқары жерлерде жүргізілсе, тауарларды жөндеу бойынша операциялар туралы мәліметтерді ұсынады.
2. Осы баптың 1-тармағында көрсетілген мәліметтерді растау үшін декларант тауарларды әкету кезінде қабылданған кедендік декларацияны, оларды әкету кезінде тауарлардың кедендік шекарадан өткен күнін растайтын құжаттарды ұсынады.
295-бап. Әкету кедендік баждарын қайтару (есепке алу)
Егер көрсетілген тауарлар мұндай тауарларды экспорттың кедендік рәсімімен орналастырған күннен кейінгі күннен бастап алты айдан кешіктірілмей кері импорттың кедендік рәсімімен орналастырылса, кері импорттың кедендік рәсімімен орналастырылған, осы Кодекстің 293-бабының 1-тармағының 1) тармақшасында көрсетілген тауарларға қатысты әкету кедендік баждарының, салықтардың төленген сомасын қайтару (есепке алу) жүргізіледі.
40-тарау. Кері экспорттың кедендік рәсімі
296-бап. Кері экспорт кедендік рәсімінің мазмұны
Кері экспорт - кеден одағының кедендік аумағына бұрын әкелінген тауарлар не кедендік аумақта қайта өңдеудің кедендік рәсімімен орналастырылған тауарларды қайта өңдеу өнімдері әкелу кедендік баждарын, салықтарды төлеместен не (немесе) олардың төленген сомасын қайтара отырып және тарифтік емес реттеу шараларын қолданбастан осы аумақтан әкетілетін кездегі кедендік рәсім.
297-бап. Тауарларды кері экспорттың кедендік рәсімімен орналастыру шарттары
Кері экспорттың кедендік рәсімімен:
1) кедендік одағының кедендік аумағында орналасқан, соның ішінде тарифтік емес реттеу шараларын бұза отырып әкелінген тауарлар және кедендік аумақта қайта өңдеудің кедендік рәсімімен орналастырылған тауарларды қайта өңдеу өнімдері;
2) егер бұл тауарлар сыртқы экономикалық мәміле шарттарының орындалмау себебі бойынша, соның ішінде мөлшері, сапасы, сипаттамасы бойынша қайтарылса, мына талаптардың сақталуы шартымен:
тауарлар кері экспорттың кедендік рәсімімен ішкі тұтыну үшін шығарылған күннен кейінгі күннен бастап бір жыл ішінде орналастырылғанда;
кеден органына осы Кодекстің 299-бабына сәйкес құжаттар ұсынылғанда;
ақаулықтарды анықтау үшін тауарларды пайдалану қажет болған жағдайларды немесе тауарларды қайтаруға әкеп соққан өзге де жағдайларды қоспағанда, тауарлар кеден одағының кедендік аумағында пайдаланылмағанда және жөнделмегенде;
кеден органының сәйкестендіруі мүмкін болғанда, ішкі тұтыну үшін шығарудың кедендік рәсімімен орналастырылған тауарлар орналастырылуы мүмкін.
298-бап. Кері экспорттың кедендік рәсімімен орналастырылған тауарларды тасымалдау ерекшеліктері
Кері экспорттың кедендік рәсімімен орналастырылған тауарлар кеден одағының кедендік аумағынан осы Кодекстің 32-тарауына сәйкес әкетіледі.
299-бап. Бұрын ішкі тұтыну үшін шығарудың кедендік рәсімімен орналастырылған тауарларды кері экспорттың кедендік рәсімімен орналастыру үшін қажетті құжаттар мен мәліметтер
Бұрын ішкі тұтыну үшін шығарудың кедендік рәсімімен орналастырылған тауарларды кері экспорттың кедендік рәсімімен орналастыру үшін декларант кеден органына:
1) тауарларды кеден одағының кедендік аумағына әкелу жағдайлары туралы (сыртқы экономикалық мәмілелердің жасалуын растайтын құжаттардың негізінде);
2) сыртқы экономикалық мәміленің шарттарын орындамау туралы;
3) осы тауарларды ішкі тұтыну үшін шығарудың кедендік рәсімімен орналастыру туралы;
4) осы тауарларды ішкі тұтыну үшін шығарудың кедендік рәсімімен орналастырғаннан кейін пайдалану туралы мәліметтерді қамтитын құжаттарды ұсынады.
300-бап. Кері экспорттың кедендік рәсімімен орналастырылатын (орналастырылған) тауарларға қатысты кедендік баждарды, салықтарды төлеу бойынша міндеттің туындауы мен тоқтатылуы және оларды төлеу мерзімі
1. Декларантта кері экспорттың кедендік рәсімімен орналастырылған (орналастырылатын) шетелдік тауарларға қатысты әкелу кедендік баждарды, салықтарды төлеу бойынша міндет кеден органы кедендік декларацияны тіркеген кезінен бастап туындайды.
2. Декларантта кері экспорттың кедендік рәсімімен орналастырылған (орналастырылатын) шетелдік тауарларға қатысты әкелу кедендік баждарды, салықтарды төлеу бойынша міндет:
1) Кеден одағы комиссиясының шешімімен айқындалған тәртіпте кету жеріндегі кеден органы растаған шетелдік тауарларды кеден одағының кедендік аумағынан іс жүзінде әкету кезінде;
2) осы Кодекстің 80-бабының 2-тармағымен белгіленген жағдайларда тоқтатылады.
3. Авария немесе еңсерілмейтін күш әсерінің салдарынан не тасымалдаудың (тасымал) және сақтаудың қалыпты жағдайы кезіндегі табиғи кему нәтижесінде жойылуды (біржола жоғалуды) қоспағанда, кері экспорттың кедендік рәсімімен орналастырылған шетелдік тауарларды кеден одағының кедендік аумағынан әкетпеу кезінде тауарларды кері экспорттың кедендік рәсімімен орналастыру үшін берілген кедендік декларацияны кеден органы тіркеген күні әкелу кедендік баждарды, салықтарды төлеу мерзімі болып саналады.
4. Осы баптың 3-тармағымен белгіленген әкелу кедендік баждар, салықтар кедендік баждарды, салықтарды төлеу бойынша жеңілдіктерді ескерместен, шетелдік тауарларды ішкі тұтыну үшін шығарудың кедендік рәсімімен орналастыру кезінде төленуге жататын, тауарларды кері экспорттың кедендік рәсімімен орналастыру үшін берілген кедендік декларацияны кеден органы тіркеген күніне есептелген әкелу кедендік баждардың, салықтардың сомасына сәйкес келетін көлемде төленуге жатады.
Кедендік аумақта қайта өңдеудің кедендік рәсімімен орналастырылған тауарларды қайта өңдей өнімдеріне қатысты әкелу кедендік баждар, салықтар кедендік аумақта қайта өңдеудің кедендік рәсімімен орналастырылған және олардың шығарылым нормаларына сәйкес қайта өңдеу өнімдерін дайындау үшін пайдаланылған шетелдік тауарларға қатысты төленуге жататын кедендік баждардың, салықтардың сомасына сәйкес келетін көлемде төленуге жатады.
5. Осы баптың 2-тармағының 1) тармақшасына сәйкес әкелу кедендік баждарды, салықтарды төлеу бойынша міндет тоқтатылған кезде осы баптың 3-тармағына сәйкес төленген немесе өндіріп алынған әкелу кедендік баждар, салықтар осы Кодекске сәйкес белгіленген тәртіпте қайтарылуға жатады.
6. Кері экспорттың кедендік рәсімімен орналастырылған тауарларға қатысты әкелу кедендік баждар, салықтар төленуге жатпайды.
301-бап. Әкелу кедендік баждарының, салықтардың, сомасын қайтару (есепке алу)
Кері экспорттың кедендік рәсімімен орналастырылған және кеден одағының кедендік аумағынан іс жүзінде әкетілген, осы Кодекстің 297-бабының 1-тармағының 2) тармақшасында көрсетілген тауарларға қатысты осы Кодекстің 13-тарауына сәйкес төленген әкелу кедендік баждардың, салықтардың сомасын қайтару (есепке алу) жүргізіледі.
41-тарау. Бажсыз сауда кедендік рәсімі
302-бап. Бажсыз сауда кедендік рәсімінің мазмұны
Бажсыз сауда - тауарлар кеден одағының кедендік аумағынан кететін жеке тұлғаларға не шетелдік дипломатиялық өкілдіктерге, оларға теңестірілген халықаралық ұйымдардың өкілдіктеріне, консулдық мекемелерге, сондай-ақ дипломатиялық агенттерге, консулдық лауазымды адамдарға және олардың өздерімен бірге тұратын отбасы мүшелеріне кедендік баждар, салықтар төленбестен және тарифтік емес реттеу шаралары қолданылмастан, бажсыз сауда дүкендерінде бөлшек түрде сатылатын кездегі кедендік рәсім.
303-бап. Тауарларды бажсыз сауда кедендік рәсімімен орналастыру шарттары
1. Кеден одағының кедендік аумағына әкелуге, кеден одағының кедендік аумағынан тыс жерлерге әкетуге тыйым салынған, сондай-ақ кеден одағына мүше мемлекеттердің аумақтарында айналдыруға тыйым салынған тауарларды қоспағанда, бажсыз сауда кедендік рәсімімен кез келген тауарлар орналастырылуы мүмкін.
Кеден одағының комиссиясы бажсыз сауда кедендік рәсімімен орналастырылуға жатпайтын өзге тауарлардың тізбесін белгілеуі мүмкін.
2. Осы тауарлардың сатылуы жүзеге асырылатын бажсыз сауда дүкенінің иесі ғана бажсыз сауда кедендік рәсімімен орналастырылатын тауарлардың декларанты болып түсе алады.
3. Бажсыз сауда дүкенінің жұмыс істеуін қамтамасыз ету үшін пайдаланылатын тауарлар бажсыз сауда кедендік рәсімімен орналастырылуға жатпайды.
4. Кеден одағының тауарлары бажсыз сауда кедендік рәсімімен кедендік декларацияны беру жолымен орналастырылады.
304-бап. Бажсыз сауда дүкендері
1. Бажсыз сауда дүкендерінің жұмыс істеу тәртібі, оларды орналастыру, абаттандыру, жабдықтау талаптары, аталған дүкендерде тауарларды сату ережесі кеден одағына мүше мемлекеттердің заңнамасымен айқындалады.
2. Бажсыз сауда кедендік рәсімімен орналастырылған тауарларға қатысты есеп жүргізу және есептілік беру тәртібі кеден одағына мүше мемлекеттердің заңнамасымен айқындалады.
305-бап. Бажсыз сауда кедендік рәсімін аяқтау
1. Бажсыз сауда кедендік рәсімінің әрекеті осы кедендік рәсімімен орналастырылған тауарларды осы Кодекстің 302-бабында көрсетілген тұлғаларға бажсыз сауда дүкендерінде бөлшек түрде сатумен немесе осы Кодекске сәйкес өзге кедендік рәсімдермен орналастырумен аяқталады.
2. Бажсыз сауда дүкендерінің қызметін тоқтатқан жағдайда, бажсыз сауда кедендік рәсімімен орналастырылған тауарлар аталған дүкеннің қызметі тоқтатылған күнінен кейінгі күнінен бастап бір ай ішінде өзге кедендік рәсімімен орналастырылуға жатады.
Осы тармақтың 1-бөлігінде көрсетілген әрекеттер жасалмаған кезде осы Кодекстің 21-тарауына сәйкес кеден органдары тауарларды ұстайды.
306-бап. Бажсыз сауданың кеден рәсімімен орналастырылатын (орналастырылған) шетелдік тауарларға қатысты әкету кедендік баждарды төлеу бойынша міндеттің туындауы және тоқтатылуы және оларды төлеу мерзімі
1. Декларантта бажсыз сауда кедендік рәсімімен орналастырылатын шетелдік тауарларға қатысты әкелу кедендік баждарын, салықтарды төлеу бойынша міндет кеден органы кедендік декларацияны тіркеген кезінен бастап туындайды.
2. Декларантта бажсыз сауда кедендік рәсімімен орналастырылатын (орналастырылған) шетелдік тауарларға қатысты әкелу кедендік баждарын, салықтарды төлеу міндеті:
1) бұл тауарларды осы Кодекстің 302-бабында көрсетілген тұлғаларға сатқан кезде;
2) бұл тауарларды өзге кедендік рәсіммен орналастырған кезде;
3) осы Кодекстің 21-тарауына сәйкес кеден органдары тауарларды ұстаған кезде;
4) осы Кодекстің 80-бабының 2-тармағымен белгіленген жағдайларда тоқтатылады.
3. Әкелу кедендік баждарын, салықтарды төлеу мерзімі болып:
1) бажсыз сауда кедендік рәсімінің талаптары мен шарттарын бұза отырып, шетелдік тауарларды пайдалану және иелену кезінде - белгіленген талаптар мен шарттарды бұзатын әрекеттердің жасалған күні, ал егер бұл күн анықталмаса, - тауарларды бажсыз сауда кедендік рәсімімен орналастыру үшін берілген кедендік декларацияны кеден органы тіркеген күні;
авария немесе еңсерілмейтін күш әсерінің салдарынан жойылуды (біржола жоғалуды) не тасымалдаудың (тасымалдың) және сақтаудың қалыпты жағдайы кезіндегі табиғи кемуді қоспағанда, шетелдік тауарларды жоғалтқан жағдайда, - тауарларды жоғалтқан күні, ал егер бұл күн анықталмаса, -тауарларды бажсыз сауда кедендік рәсімімен орналастыру үшін берілген кедендік декларацияны кеден органы тіркеген күні саналады.
4. Осы баптың 3-тармағында белгіленген жағдайларда әкелу кедендік баждар, салықтар тарифтік артықшылықтарды және кедендік баждарды, салықтарды төлеу бойынша жеңілдіктерді ескерместен, тауарларды ішкі тұтыну үшін шығарудың кедендік рәсімімен орналастыру кезінде төленуге жататын, оған сәйкес тауарлар бажсыз сауда кедендік рәсімімен орналастырылған кедендік декларацияны кеден органы тіркеген күніне есептелген әкелу кедендік баждарының, салықтардың сомасына сәйкес келетін көлемде төленуге жатады.
42-тарау. Кедендік жою рәсімі
307-бап. Кедендік жою рәсімінің мазмұны
Жою - шетелдік тауарлар әкелу кедендік баждарын, салықтарды төлеместен және тарифтік емес реттеу шараларын қолданбастан кедендік бақылаумен жойылатын кездегі кедендік рәсім.
Тауарларды залалсыздандыру, толық жою немесе өзгеше олар ішінара немесе толық өзінің тұтыну және (немесе) өзге де қасиеттерін жоғалтатын және экономикалық тиімді тәсілмен бастапқы жай-күйіне келтіру мүмкін болмайтын жай-күйге келтіру тауарларды жою деп түсініледі.
Кедендік жою рәсімі апат немесе еңсерілмейтін күш әсерінің салдарынан жойылған, біржола жоғалған тауарларға қатысты қолданылуы да мүмкін.
308-бап. Тауарларды жоюдың кедендік рәсімімен орналастыру шарттары
1. Тауарларды кедендік жою рәсімімен орналастыруға кеден одағына мүше мемлекеттердің заңнамаларына сәйкес тиісті уәкілетті мемлекеттік орган беретін, онда жою тәсілі мен орны көрсетілетін жою мүмкіндігі туралы қорытынды негізінде жол беріледі.
Тауар апат немесе еңсерілмейтін күш әсерінің салдарынан біржола жоғалған жағдайда қорытынды талап етілмейді. Мұндай тауарларды жоюдың кедендік рәсімімен орналастыру үшін тауарларды апат немесе еңсерілмейтін күш әсерінің салдарынан біржола жоғалту фактілерін растайтын құжаттар ұсынылуы тиіс.
2. Кедендік жою рәсімімен мынадай санаттағы тауарлар орналастырылмайды:
1) мәдени, археологиялық, тарихи құндылықтар;
2) індеттер мен эпизоотиялардың және карантинді объектілердің таралуының жолын кесу мақсатында, оларды жою талап етілетін жағдайларды қоспағанда, кеден одағына мүше мемлекеттердің заңнамаларына және (немесе) халықаралық шарттарға сәйкес қорғалатын түрлерге жататын жануарлар мен өсімдіктер, олардың бөліктері мен дериваттары;
3) кепілдік қатынастар тоқтағанға дейін кепілдік зат ретінде кеден органдары қабылдаған тауарлар;
4) алынған немесе тыйым салынған тауарлар, оның ішінде кеден одағына мүше мемлекеттердің заңнамаларына сәйкес заттай дәлелдемелер болып табылатын тауарлар;
5) тізбесін Кеден одағының комиссиясы айқындайтын өзге де тауарлар.
3. Егер мұндай жою:
1) қоршаған ортаға зиян келтіруі немесе адам өмірі мен денсаулығы үшін қауіп төндіруі мүмкін болса;
2) олардың кәдімгі мақсатына сәйкес тауарларды тұтыну жолымен жүргізілсе;
3) кеден одағына мүше мемлекеттер үшін шығыстарға әкеп соқса, тауарларды жоюға жол берілмейді.
4. Тауарларды жоюдың кедендік рәсімі декларанттың есебінен жүргізіледі.
5. Тауарларды жою осы тауарларды іс жүзінде жою үшін қажетті уақыт, оларды жою тәсілі мен орны негізінде кеден органы белгілеген мерзімде жүргізіледі.
309-бап. Кедендік жою рәсімін қолданудың ерекшеліктері
1. Тауарларды жою тәртібі кеден одағына мүше мемлекеттердің заңнамаларымен айқындалады.
2. Тауарларды жою нәтижесінде қалыптасқан қалдықтар, оларды одан әрі пайдалану мүмкін болған кезде тиісті кедендік рәсімге орналастырылуы тиіс және әкелу кедендік баждары мен салықтарды өндіріп алу мақсаты үшін кеден одағының кедендік аумағына осы күйінде әкелінген шетелдік тауар ретінде қаралады.
Тауарларды жою нәтижесінде қалыптасқан қалдықтар кеден одағының кедендік аумағында оларды одан әрі коммерциялық пайдалану үшін жарамсыз күйде болған және экономикалық тиімді тәсілмен бастапқы қалпына келтіру мүмкін болмаған жағдайда, олар кеден одағының тауары ретінде қаралады.
43-тарау. Мемлекет пайдасына бас тарту кедендік рәсімі
310-бап. Мемлекет пайдасына бас тарту кедендік рәсімінің мазмұны
1. Мемлекет пайдасына бас тарту - шетелдік тауарлар кедендік төлемдерді төлеместен және тарифтік емес реттеу шараларын қолданбастан кеден одағына мүше мемлекеттердің меншігіне өтеусіз берілетін кедендік рәсім.
2. Мемлекет пайдасына бас тартудың кедендік рәсімімен орналастырылған тауарлар кеден одағы тауарының мәртебесін алады.
311-бап. Тауарларды мемлекет пайдасына бас тартудың кедендік рәсімімен орналастыру шарттары
1. Кеден одағының кедендік аумағына әкелуге тыйым салынған, сондай-ақ кеден одағына мүше мемлекеттердің аумағында айналымға тыйым салынған тауарларды қоспағанда, шетелдік тауарлар мемлекет пайдасына бас тартудың кедендік рәсімімен орналастырылуы мүмкін.
Кеден одағы комиссиясының шешімімен мемлекет пайдасына бас тартудың кедендік рәсімімен орналастыруға жатпайтын өзге тауарлардың тізбесі белгіленуі мүмкін.
2. Мемлекет пайдасына тауарлардан бас тарту тәртібі кеден одағына мүше мемлекеттердің заңнамаларымен айқындалады.
7-бөлім. ТАУАРЛАРДЫҢ ЖЕКЕЛЕГЕН САНАТТАРЫНА ҚАТЫСТЫ КЕДЕНДІК ШЕКАРА АРҚЫЛЫ ӨТКІЗУ ЖӘНЕ КЕДЕНДІК ОПЕРАЦИЯЛАРДЫ ЖАСАУ ЕРЕКШЕЛІКТЕРІ
44-тарау. Халықаралық почта жөнелтілімдерімен жіберілетін тауарларға қатысты
кедендік операцияларды жасау ерекшеліктері
312-бап. Халықаралық почта жөнелтілімдері
1. Халықаралық почта жөнелтілімдеріне посылкалар және Дүниежүзілік почта одағының актілеріне сәйкес почта алмасу объектілері болып табылатын жазбаша хат-хабарлар жөнелтілімдері жатады.
2. Халықаралық почта жөнелтілімдерін жіберу Дүниежүзілік почта одағының актілерімен көзделген құжаттармен қоса жіберілуге тиіс.
3. Халықаралық почта женелтілімдерін кеден органының рұқсатынсыз почта байланысы операторларының олардың алушыларына беруі не кеден одағының кедендік аумағынан тыс жерлерге жөнелтуі мүмкін емес
313-бап. Тауарларды халықаралық почта жөнелтілімдерімен жіберу ерекшеліктері
1. Халықаралық почта жөнелтілімдерімен:
1)кеден одағының кедендік аумағына әкелуге немесе осы аумақтан әкетуге тыйым салынған;
2) Дүниежүзілік почта одағының актілеріне сәйкес жіберуге тыйым салынған;
3) егер мұндай тауарлар Кеден одағы комиссиясының шешіміне сәйкес халықаралық почта жөнелтілімдерімен жіберілуге тыйым салынса, оларға қатысты шектеулер қолданылатын тауарларды жіберуге жол берілмейді:
2. Жеке тұлғалардың атына халықаралық почта жөнелтілімдерімен жіберілетін жеке пайдалануына арналған тауарларға қатысты, сондай-ақ Кеден одағы комиссиясының шешімімен айқындалған өзге жағдайларда тарифтік емес реттеу шаралары қолданылмайды.