147-бап. Портта сүйретiп жүзу кезіндегі жауапкершiлiк
1. Портта сүйретiп жүзу сүйретуге алынған кеме немесе өзге де жүзбелi объект капитанының басқаруымен жүзеге асырылады.
Портта сүйретiп жүзу кезiнде сүйретiп жүзушi кемеге не ондағы адамдарға немесе мүлiкке келтiрiлген залал үшiн, егер залал өз кiнәсiнен келтiрiлмегенiн дәлелдей алмаса, сүйретуге алынған кеменiң немесе өзге де жүзбелi объектiнiң иесi жауапты болады.
2. Портта сүйретiп жүзу шартының тараптары жазбаша нысандағы келісіммен портта сүйретiп жүзудi басқару жөніндегі мiндеттi сүйретiп жүзушi кеменiң капитанына жүктеуге құқылы. Бұл жағдайда портта сүйретiп жүзу кезiнде сүйретуге алынған кемеге немесе өзге де жүзбелi объектiге не олардағы адамдарға немесе мүлікке келтiрiлген залал үшiн, егер залал өз кiнәсiнен келтiрiлмегенiн дәлелдей алмаса, сүйретiп жүзушi кеменiң иесi жауапты болады.
148-бап. Мұз қатқан жағдайда сүйретiп жүзу кезіндегі жауапкершiлiк
Мұз қатқан жағдайда сүйретіп жүзу кезiнде сүйретуге алынған кемеге немесе өзге де жүзбелi объектiге не олардағы адамдарға немесе мүлікке келтiрілген залал үшiн, егер залал сүйретiп жүзушi кеме иесiнiң кiнәсiнен келтiрiлгенi дәлелденбесе, ол жауапты болмайды.
15-тарау. Көлік экспедициясының, теңіз агенттігін
жүргізудің, теңіз делдалдығының шарттары
149-бап. Көлiк экспедициясының шарты
2010.28.12. № 369-IV ҚР Заңымен 1-тармақ өзгертілді (бұр. ред.қара); 2014.29.09. № 239-V ҚР Заңымен 1-тармақ жаңа редакцияда (бұр. ред.қара)
1. Көлiк экспедициясының шарты Қазақстан Республикасының Азаматтық кодексiне, осы Заңға және уәкілетті орган бекiткен Теңіз көлiгіндегi экспедиторлық қызметтi жүзеге асыру қағидаларына сәйкес жасалады.
2. Көлiк экспедициясының шарты бойынша бір тарап (экспедитор) сыйақы алып және екiншi тараптың (клиенттiң, жүктi жөнелтушiнiң немесе алушының) есебiнен экспедиция шартында белгiленген, жүк тасымалдауға байланысты қызметтердi орындауға немесе орындауды ұйымдастыруға, соның iшiнде клиенттiң атынан немесе өз атынан жүк тасымалдау шартын жасасуға мiндеттенедi.
150-бап. Теңiз агенттiгiн жүргiзу шарты
1. Теңiз агенттiгiн жүргiзу шарты теңiз агентi мен кеме иесi арасында жасалған көлiк экспедициясының шарты болып табылады.
2. Теңiз агенттiгiн жүргiзу шарты бойынша теңiз агентi сыйақы алып және кеме иесiнiң есебiнен жүк тасымалдауға байланысты, шартта белгiленген қызмет көрсетудi орындауға немесе орындауды ұйымдастыруға мiндеттенедi. Шартта белгiленген өкiлеттiктер шегiнде теңiз агентi өз атынан және кеме иесiнiң атынан:
1) кеменiң портқа келуiне, кеменiң портта болуына және кеменің порттан шығуына байланысты қажеттi iс-әрекеттердi орындайды;
2) кеменiң портта болуына байланысты төленуге тиiстi сомаларды төлейдi;
3) кеменi жабдықтауды және оған портта қызмет көрсетудi ұйымдастыруда кеме капитанына көмек көрсетедi;
4) жүктi теңiз арқылы тасымалдау шартын жасасады;
5) жүктiң құжаттарын ресiмдейдi;
6) жүктi теңiз арқылы тасымалдау шартынан туындайтын талаптар бойынша кеме иесiне тиесiлi соманы алады;
7) шартқа сәйкес өзге де iс-әрекеттердi жасайды.
3. Теңiз агентi кеме иесiнiң келісімiмен өзiне осындай әрекеттер жасауға уәкiлдiк берген екiншi тараптың пайдасына да заңдық және өзге де әрекеттердi жасауға құқылы.
4. Шартты орындау мақсатында теңiз агентi кеме иесiнің алдында теңiз субагентiнiң әрекеттерi үшiн жауапты болып қала отырып, басқа тұлғалармен теңiз агенттiгiн жүргiзу шарттарын жасасуға құқылы. Егер теңiз субагентi сенім бiлдiрудi беру негiзiнде әрекет етпесе ғана, теңiз субагентiнiң кеме иесi атынан үшiншi тұлғалармен мәмiлелер жасасуға құқылы емес.
5. Теңiз агентi:
1) кеме иесiнің мүдделерiн көздейтiн және теңiз агенттiгiн жүргiзу практикасына сәйкес қызметтi адал жүзеге асыруға;
2) өз өкiлеттiктерi шегiнде әрекет етуге;
3) кеме иесiне оның талап етуiмен тапсырмалардың орындалу барысы туралы барлық мәлiметтердi хабарлауға;
4) жасалған мәмiле бойынша алынғандардың бәрiн кiдiртпей кеме иесiне беруге;
5) қаражаттың жұмсалу есебiн жүргiзуге;
6) кеме иесiне тиiстi құжаттарды қоса тiркеп, тапсырмалардың орындалуы туралы, егер тапсырмалардың сипаты бойынша бұл талап етiлсе, есеп беруге мiндеттi.
6. Егер шартта өзгеше көзделмесе, кеме иесi:
1) кеме агентiне теңiз агенттiгiн жүргiзу шартына сәйкес әрекеттер жасауға жеткiлiктi қаражат беруге;
2) теңiз агентiне оның жұмсаған шығыстарын өтеуге;
3) егер теңiз агентi кеме иесiнiң атынан және өз өкiлеттiктерi шегiнде әрекет жасаса, теңiз агентi әрекеттерiнің салдары үшiн жауапты болуға;
4) теңiз агентiне теңiз агенттiгiн жүргiзу шартында белгiленген мөлшерде және тәртiппен сыйақы төлеуге;
5) теңiз агентiнің шартқа сәйкес орындағандарының бәрiн кiдiртпей қабылдауға мiндеттi.
7. Теңiз агенттiгiн жүргiзу шарты белгiсiз мерзiмге жасалған жағдайда, тараптардың әрқайсысы шартты бұзатындығы туралы екiншi тарапқа шарт бұзылғанға дейiн үш айдан кешiктiрмей хабарлап, мұндай шартты бұзуға құқылы.
151-бап. Теңiз делдалдығының шарты
1. Теңiз делдалдығының шарты бойынша, делдал (теңiз брокерi) сенім бiлдiрушiнiң тапсыруы бойынша оның атынан және соның есебiнен кемелердi сатып алу-сату, кемелердi жалдап алу, сүйретіп жүзу шарттарын, сондай-ақ теңiздегi сақтандыру шарттарын жасасқан кезде теңiз делдалдығының шартында белгiленген сыйақы үшiн делдалдық қызметтер көрсетуге мiндеттенедi.
2. Теңiз брокерi, егер тараптар оған уәкiлеттiк берсе, шарттар жасасқан кезде екi тараптың өкiлi болуға құқылы. Бұл орайда теңiз брокерi тараптардың әрқайсысына өзiнiң екiншi тарапқа да өкiлдiк жасайтынын хабарлауға және делдалдық қызметтердi көрсеткен кезде екi тараптың да мүдделерiн көздеп әрекет жасауға мiндеттi.
16-тарау. Жалпы авария
152-бап. Жалпы авария ұғымы және оны бөлу принциптерi
1. Теңiздегi ортақ iске жалпы қауiпсiздiк және мүлiктi жалпы қауiптен сақтау мақсатында жасалған теңiз арқылы тасымалдау ережелерiне сәйкес теңiздегi ортақ iс аяқталған күнi және сол жерде кеменің, жүктiң және жалдау ақысы құнына мөлшерлес етiп кеме, жүк және жалдау ақысы арасында бөлiнетiн зияндар және (немесе) шығыстар жалпы авария деп танылады.
Жалпы авария деп танылатын залалдарға:
1) құтқару жөніндегі шаралардың қолданылуы туғызған залалдар;
2) жүктiң, отынның, жабдықтау заттарының зақымдануы немесе жоғалуы, жалдау ақысының ысырабы туғызған залалдар;
3) кеменің, оның машиналарының немесе керек-жарақтарының зақымдануы туғызған залалдар жатады.
Жалпы авария деп танылатын шығыстарға:
1) кеменің паналайтын жерге кіруi туғызған шығыстар;
2) кеменi уақытша жөндеу туғызған шығыстар;
3) жалпы қауiпсiздiк үшiн кеменi кiдiрте тұру туғызған шығыстар;
4) кеменi жүзуге жарамсыз деп танудың немесе кеменің рейстi жалғастырудан бас тартуының салдарынан туған шығыстар;
5) құтқаруға жұмсалған шығыстар;
6) қоршаған ортаға нұқсан келтiрудi болғызбау жөніндегі шаралар туғызған шығыстар жатады.
Жалпы аварияға жатқызылған шығыстардың орнына жұмсалған кез келген қосымша шығыстар (алмастырушы шығыстар) жалпы авария деп танылады. Алмастырушы шығыстар теңiздегi ортақ iске қатысушылардың қайсыбіреуi алған үнемге қарамастан, жол берiлмеген шығыстар мөлшерiнде ғана өтеледi.
2. Осы баптың 1-тармағында аталған әрекеттердiң тiкелей салдары болып табылатын залалдар ғана жалпы авария деп танылады.
3. Тасымалдау ережелерiне сәйкес, жалпы авария кеме, жүк және жалдау ақысы арасында олардың теңiздегi ортақ iстiң аяқталған күнi мен орнындағы құнына мөлшерлес бөлiнедi.
4. Бір немесе бірнеше кеме басқа бір кеменi немесе басқа кемелердi сүйретiп не итеріп жүзген, олардың бәрi құтқару операциясына емес, коммерциялық қызметке қатысқан жағдайда да теңiздегi ортақ iс орын алады. Егер кеме басқа кемеден немесе басқа кемелерден жай бөлiнiп кету нәтижесiнде қауiпсiз жағдайда болса, басқа кемемен немесе басқа кемелермен бірге жалпы қауiпке ұшырамайды. Бөлiнiп кету жалпы авария актiсi болып табылатын жағдайда, теңiздегi ортақ iс жалғастырыла бередi.
153-бап. Кеменiң паналайтын орынға кіруi туғызған шығыстар
1. Жазатайым оқиғаның немесе жалпы қауiпсiздiк үшiн осындай кірудi немесе оралуды қажет еткен басқа бір төтенше мән-жайдың салдарынан кеменiң портқа немесе өзге де бір паналайтын жерге кіруi не кеменiң портқа немесе өзге де жүк тиеу орнына оралуына жұмсалған шығыстар жалпы авария деп танылады.
2. Кеменiң паналайтын орынға кіруiне немесе оның жүк тиеу орнына оралуына жұмсалған шығыстар жалпы авария деп танылатын жағдайда, оған кеменiң осындай орыннан жүк немесе жүктің бір бөлiгiн алып шығуына байланысты шығыстар да жатады.
3. Осы баптың 1-тармағында аталған мән-жайлар кезiнде кеменің паналайтын орынға кіруi немесе оның жүк тиеу орнына оралуы салдарынан рейстің ұзартылуына байланысты кеме экипажының мүшелерiне жалақы мен жабдықталым төлеуге, отын мен жабдықтау заттарына жұмсалған шығыстар жалпы авария деп танылады.
4. Осы баптың 1-3-тармақтарында белгiленген ережелер тиiсiнше кеменiң кiрген және оған жөндеу жүргiзу мүмкiн болмаған паналау орнынан басқа портқа немесе басқа жерге орын ауыстыруына жұмсалған шығыстарға қатысты, сондай-ақ кеменi уақытша жөндеуге, оның сүйретіп жүзуге алынуы мен рейстің ұзартылуына байланысты шығыстарға қатысты қолданылады.
154-бап. Кеменi уақытша жөндеу туғызған шығыстар
Жүк тиеу орнында, кеме кiрген орында немесе жалпы қауiпсiздiк үшiн кеме паналаған орында кемеге уақытша жүргiзiлген жөндеуге не жалпы авариялық құрбандықтар салдарынан болған зақымдарды жоюға жұмсалған шығыстар жалпы аварияға жатқызылады. Рейстi аяқтау үшiн қажеттi кездейсоқ зақымдарды уақытша жоюға жұмсалған шығыстар жалпы аварияға жатқызылып, егер мұндай зақымдарды жою жүргiзiлмеген болса, ол әлгi алдын алу шығыстарының мөлшерiнде ғана өтеледi.
155-бап. Жалпы қауіпсiздiк үшiн кемені кiдiртуден туындаған шығыстар
1. Жазатайым оқиғалар салдарынан әлдебір портта немесе орында кеменi кiдiртіп қоюдан туындаған, кеме экипажына жалақы және жабдықталым төлеуге жұмсалған шығыстар немесе жалпы қауiпсiздiк үшiн не осындай жазатайым оқиғалар немесе басқа да төтенше оқиғалар келтiрген зақымдарды жою үшiн жұмсалған басқа да төтенше шығыстар, егер мұндай жою рейстi қауiпсiз жалғастыру үшiн қажет болса, жалпы авария деп танылады. Жалпы аварияға жатқызылмаған зақымдарды жоюға жұмсалған шығыстарды қоспағанда, осындай кiдiрту кезiнде туындаған отынға, жабдықтау заттарына жұмсалған шығыстар мен порттың шығыстары жалпы аварияны бөлу тәртібімен өтеледi.
2. Осы баптың 1-тармағында белгiленген ережелер қайсыбір жазатайым оқиғаға немесе рейс кезiнде орын алған өзге де төтенше жағдайға байланысты емес зақымдарды жою салдарынан кеменi кiдiрту туғызған шығыстарға қолданылмайды. Тiптi зақымдарды жою рейстi қауiпсiз жалғастыру үшiн қажет болса да, мұндай шығыстар жалпы авария деп танылмайды.
156-бап. Кеменi жүзуге жарамсыз деп тану немесе кеменiң рейстi жалғастырудан бас тартуы салдарынан туындаған шығыстар
Кеме жүзуге жарамсыз деп танылған немесе кеме рейстi жалғастырудан бас тартқан жағдайда кеме жүзуге жарамсыз деп танылғанға немесе кеме рейстi жалғастырудан бас тартқанға дейiн не жүктi түсiру аяқталмаған жағдайда жүктi түсiру аяқталғанға дейiн (сақтауға, сақтандыруға, кеме экипажының жалақысына және оның жабдықталымына, отынға, жабдықтау заттарына, порт шығыстарына) жұмсалған шығыстар ғана жалпы аварияға жатқызылады.
157-бап. Құтқаруға жұмсалған шығыстар
1. Егер құтқару осы Заңның 152-бабының 1-тармағында аталған мақсатта жүзеге асырылса, теңiздегi ортақ iске қатысушы тараптар құтқаруға жұмсаған шығыстар, құтқару шарт негiзінде немесе өзге де түрде жүзеге асырылғанына қарамастан, жалпы авария деп танылады.
2. Осы баптың 1-тармағында аталған шығыстарда құтқару үшiн берiлетiн сыйақы қамтылады, оның мөлшерiн анықтаған кезде осы Заңның 183-бабы 1-тармағының 2) тармақшасында көзделген талаптар ескерiледi.
Құтқарушыға кеме иесi осы Заңның 184-бабының 4-тармағында көзделген мөлшерде төлейтiн арнаулы өтем жалпы авария деп танылмайды.
158-бап. Қоршаған ортаға залал келтiрудi болғызбау немесе азайту жөніндегі шаралардан туындаған шығыстар
Қоршаған ортаға залал келтiрудi болғызбау немесе азайту жөніндегі шаралардан туындаған шығыстар, егер олар мына жағдайлардың бірiнде немесе бәрiнде:
1) жалпы қауiпсiздiк мақсатында жүзеге асырылған операцияның бөлiгi ретiнде, бірақ оны теңiздегi ортақ iстен тыс тарап қолданған болып, сол тарапқа құтқарғаны үшiн сыйақыға құқық берiле қалған жағдайда;
2) осы Заңның 153-бабында аталған мән-жайлар кезiнде кеменi портқа кiргiзу не кеменi порттан немесе орыннан шығару жағдайында;
3) осы Заңның 153-бабында көзделген мән-жайлар кезiнде кеменi портта немесе орында кiдiрту жағдайында жасалса, жалпы аварияға жатқызылады. Кемеден ластаушы заттар ағуы немесе төгiлуi iс жүзiнде орын алған жағдайда, осыған байланысты қоршаған ортаға залал келтiрудi болғызбау немесе азайту жөніндегі қажеттi қосымша шаралардан туындаған шығыстар жалпы авария деп танылмайды;
4) жүктi түсiруге, қоймаға салуға немесе қайта тиеуге байланысты шығыстар, егер аталған операцияларға жұмсалған шығыстар жалпы авария деп танылса, жалпы аварияға жатқызылады.
159-бап. Құтқару жөнiнде шаралар қолданудан туындаған зияндар
Осы Заңның 152-бабында аталған белгiлер болған жағдайда, атап айтқанда:
1) жүктi кеме бортынан сыртқа лақтырғанда келтiрiлген зияндар, сондай-ақ жалпы қауiпсiздiк үшiн жасалған құрбандықтар салдарынан, атап айтқанда, жүктi лақтыру үшiн ашылған люктер немесе сол үшiн жасалған басқа да тесiктер арқылы трюмге судың кіру салдарынан кемеге немесе жүкке келтiрiлген зияндар;
2) кемедегi өрттi сөндiруге байланысты кемеге немесе жүкке келтiрiлген зияндар, соның ішінде кеменi сол мақсатпен жағаға шығарып тастау немесе жанып жатқан кеменi суға батыру iсiн жүргiзуден болған зияндар;
3) кеменің қайраңға өзi шыға алу-алмауына қарамастан, кеменi қайраңға әдейi отырғызу арқылы кемеге немесе жүкке келтiрiлген зияндар;
4) кеменi қайраңнан шығару кезiнде кеме двигателiнің басқа да машиналары мен қазандарының зақымдануынан кемеге келтiрiлген зияндар;
5) жүктi, отынды немесе жабдықтау заттарын кемеден лихтерлерге қайта тиеу арқылы қайраңда қалған кеменi жеңiлдетуге, лихтерлердi жалдауға және оларды кемеге қайта тиеуге жұмсалған төтенше шығыстар, сондай-ақ осының салдарынан келтiрiлген басқа да зияндар жалпы авария деп танылады.
160-бап. Жүктiң, отынның не жабдықтау заттарының зақымдануынан немесе жойылуынан, жалдау ақысының ысырабынан келтiрiлген зияндар
1. Егер аталған операцияларды жүзеге асыруға жұмсалған шығыстар жалпы авария деп танылған жағдайларда, жүктің, отынның не жабдықтау заттарының кемедегi орнынан ауыстырып қою, кемеден түсiру, кемеге қайта тиеу мен орналастыру нәтижесiнде, сондай-ақ оларды сақтау нәтижесiнде келтiрiлген зақымдануынан немесе жойылуынан болған шығындар, жалпы авария деп танылады.
2. Жүктiң жоғалуынан туындаған жалдау ақысының ысырабы, жүктiң жоғалуы жалпы аварияны бөлу тәртібімен өтелетiн жағдайларда, жалпы авария деп танылады. Бұл орайда кеме иесi алу мақсатында шығарып, бірақ құрбандық салдарынан жүзеге асырылмаған шығыстар жалдау ақысынан шығарып тасталады.
161-бап. Кеменiң, оның машиналарының немесе керек-жарақтарының зақымдануынан туындаған зияндар
1. Кеменiң, оның машиналарының немесе керек-жарақтарының зақымдануынан болған жалпы аварияны құрайтын зияндар зақымданған немесе жоғалған нәрсенi жөндеу, түзету немесе ауыстыру құны негiзге алына отырып анықталады. Бұл орайда осы Заңның 163-бабына сәйкес, «ескiнiң орнына жаңа үшiн» шегерiмi жасалады.
2. Кемеге жөндеу жүргiзiлмеген жағдайда, кеменің зақымдануынан болған зиян кеменiң зақымдану салдарынан кемiген құнына және кеме жөндеу құнынан аспайтын сметаға сәйкес сомамен анықталады.
162-бап. Жалпы авария деп танылмайтын зияндар (жеке авария)
1. Осы Заңның 152-бабының 1-тармағында белгiленген, жалпы авария белгiлерiне жатпайтын зияндар, сондай-ақ осы баптың 2-тармағында аталған зияндар жеке авария деп танылады. Мұндай зияндар кеме, жүк және жалдау ақысы арасында бөлiнбеуге тиiс және оларды зардап шеккендер көтередi немесе олардың келтiрiлгенi үшiн жауаптылар көтередi.
2. Осы Заңның 152-бабының 1-тармағында аталған белгiлерi болған күннiң өзінде де:
1) сауда мақсатында теңiзде жүзу ережелерi мен үрдiстерi бұзыла отырып, кемеде тасылып келе жатқан, борттан лақтырылып тасталған жүктің құны;
2) кемедегi өрттi сөндiруге байланысты түтiннiң немесе қызудың әсер етуi салдарынан келтiрiлген зияндар;
3) кеменiң теңiздегi қауiп салдарынан бұрын бұзылған немесе iс жүзiнде жойылған сынықтарын немесе бөлiктерiн шауып тастаудан келтiрiлген зияндар;
4) жүзiп келе жатқан кеме двигательдерiнiң жұмысын немесе двигательдерiнiң, басқа да машиналарының, қазандарының өзге де жұмысын тездетуден келтiрiлген зияндар;
5) рейс ұзақтығын ұлғайту салдарынан кемеге немесе жүкке келтiрiлген зияндар немесе ысыраптар (кiдiрiстен, бағаның өзгеруiнен болған және басқа зияндар) жалпы авария деп танылмайды.
163-бап. «Ескiнің орнына жаңа үшiн» шегерiмдер
1. Жасалған уақыты он бес жылдан аспайтын кеменi жөндеу кезiнде ескi материалдар немесе кеменiң бөлiктерi жаңаларымен ауыстырылған жағдайда, осы Заңның 161-бабына сәйкес жалпы аварияға жатқызылатын жөндеу құны, осы баптың 2-4-тармақтарында көзделген жағдайларды қоспағанда, жөндеу құнының үштен бір бөлiгiне кемiтiледi.
2. Соқтығысуға кемелердiң бірi кiнәлi болған жағдайда жалпы авария деп танылатын кеменiң уақытша жөндеу құнынан, сондай-ақ азық-түлiктiң, жабдықтау заттарының, зәкiрлердiң және зәкiр шынжырларының құнынан «ескiнің орнына жаңа үшін» шегерімдер жасалмайды.
3. Кеменi құрғақ докта, стапельде жөндеу және кеменің орнын ауыстыру қажеттiгi туғызатын шығыстар толығымен жалпы аварияға жатқызылады.
4. Мұның алдындағы корпусты бояу мен жабу жалпы авария актiсiне дейiнгi соңғы он екi айда орын алған жағдайда да кеменi жөндеу кезiнде оны тазалауға, бояуға және корпусын жабуға жұмсалған шығыстар елу процент мөлшерiнде жалпы авария деп танылады.
5. «Ескiнің орнына жаңа үшiн» шегерiмдердi қолдану үшiн кеменiң жасалған уақыты оны жасау аяқталған жылдың 31 желтоқсанынан бастап, жалпы авария актiсiнiң күнiне дейiн есептеледi. Кеменi оқшаулауға, оның құтқару және басқа шлюпкаларына, байланыс құралдарына, навигациялық аспаптары мен жабдықтарына, машиналары мен қазандарына қатысты олардың нақты жасалған уақыты есепке алынады.
164-бап. Диспаша және диспашерлер
Мүдделi тараптардың өтiнiшi бойынша жалпы аварияны анықтау диспашерлердің диспаша жасауына әкеп соғады.
165-бап. Диспаша жасағанда негiзге алынатын дәлелдемелер мен материалдар
1. Жалпы аварияны бөлудi талап ететiн тарап мәлiмделген зияндар шын мәнiнде жалпы авария деп танылуға тиiс екенiн дәлелдеуге мiндеттi.
2. Диспаша жасауда мүдделерi қозғалуы мүмкiн тұлға диспашерге теңiздегi ортақ iс аяқтағанға дейiн бір жыл iшiнде өтеудi талап ететiн ысыраптары немесе шығыстары туралы жазбаша нысанда өтiнiш бередi.
Мұндай өтiнiш берiлмеген немесе мұндай өтiнiш туралы сұрау салудан кейiн он екi ай iшiнде тұлға мәлiмделген талапты негiздеу мақсатында дәлелдемелердi не мүлiктiң құны туралы деректердi табыс етпеген жағдайда, диспашер өзiнде бар ақпарат негiзiнде диспаша жасауға құқылы. Бұл орайда диспашаға оның көрiнеу дұрыс болмауы негiзiнде ғана дау туғызылуы мүмкiн.
3. Диспаша жасалып жатқан кезде шешу үшiн арнаулы білімдер (кеме жүргiзу, кеме жасау, кемелердi жөндеу, кемелер мен жүктердi бағалау, сондай-ақ өзге де арнаулы білiмдер) талап етiлетiн мәселелер туындаған жағдайда, диспашер өзi тағайындаған сарапшыға тиiстi қорытынды дайындауды тапсыруға құқылы. Мұндай қорытындыны диспашер басқа дәлелдемелермен қатар бағалайды.
4. Диспаша жасаудың негiзiне алынған материалдар танысу үшiн ашық болуға тиiс және диспашер мүдделi тұлғалардың талап етуi бойынша оларға материалдар деректерiнiң куәландырылған көшiрмелерiн солардың есебiнен беруге мiндеттi.
166-бап. Диспаша жасау үшiн алым
Диспаша жасалғаны үшiн алым алынады, ол диспашаға енгiзiлiп, барлық мүдделi тұлғалардың арасында олардың жалпы аварияға қатысу үлесiне бара-бар бөлiнедi.
167-бап. Диспашаны түзету және оған дауласу
1. Диспашалар тiзiлiмiнде диспаша тiркелгеннен кейiн ондағы есептеулерден табылған қателердi диспашер өз бастамасымен немесе араларында жалпы авария бөлiнген тұлғалардың өтiнiшi бойынша диспашаға оның құрамдас бөлiгi болып табылатын қосымша (аддендум) жасау арқылы түзетуi мүмкiн.
2. Араларында жалпы авария бөлiнген тұлғалар диспаша немесе оған аддендум алынған күннен бастап алты ай iшiнде, бұл туралы диспашерге оған талап-арыздың көшiрмесiн жiберу арқылы мiндеттi түрде хабарлай отырып, диспашерге сотта дау айта алады.
3. Диспашер сотта диспаша туралы даудың қаралуына қатысуға және iстiң мәнi бойынша түсiнiктеме беруге құқылы немесе, егер талап етiлсе, міндеттi.
4. Диспаша туралы дауды қарайтын сот диспашаны күшiнде қалдыруы, оған өзгерістер енгізуi немесе оның күшiн жойып, диспашерге сот шешiмiне сәйкес жаңа диспаша жасауды тапсыруы мүмкiн.
168-бап. Диспашаның орындалуы
Осы Заңның 167-бабының 2-тармағында көзделген мерзiмде диспашаға дау айтылмаған немесе дау айтылып, бірақ сот күшiнде қалдырған жағдайда, ол бойынша өндiрiп алу Қазақстан Республикасының заңдарында белгiленген тәртiппен жүргiзiлуi мүмкiн.
17-тарау. Кемелер соқтығысқан жағдайда
зиянды өтеу
169-бап. Кемелердiң соқтығысуынан келтiрген зиян үшiн жауапкершiлiк
1. Кемелердiң соқтығысуынан келтiрген зиян Қазақстан Республикасының Азаматтық кодексiнде белгiленген тәртiппен өтеледi.
2. Кемелердiң соқтығысуы лоцманның кiнәсiнен, соның iшiнде мiндеттi лоцмандық алып өту кезiнде болған жағдайда жауапкершiлiк нақ сол тәртiппен анықталады.
3. Кемелердiң соқтығысуы екi немесе одан да көп тараптың кiнәсiнен болған жағдайда, келтiрiлген зиян үшiн жауапкершiлiк олардың әрқайсысы кiнәсiнiң деңгейiне мөлшерлес анықталады. Тараптардың әрқайсысы кiнәсiнің деңгейiн анықтау мүмкiн болмаған жағдайда, соқтығысудың мән-жайлары негiзге алына отырып, жауапкершiлiк олардың арасында тең бөлiнедi.
4. Кеме иелерi зардап шегушiлер немесе Қазақстан Республикасының азаматтық заңдарына сәйкес зиянды өтеттiруге құқығы бар адамдар алдында азаматтың өмiрi мен денсаулығына келтiрiлген зиян үшiн ортақ жауапкершiлiкте болады.
Келтiрiлген зиянды бірлесiп өтеген кеме иесi зардап шегушiге зиян келтiрушiлердің әрқайсысынан осы зиян келтiрушi кiнәсiнің деңгейiне сәйкес келетiн мөлшерде зардап шегушiге төленген өтем үлесiн талап етуге құқылы.
170-бап. Жауапкершiлiктi жоққа шығаратын мән-жайлар
1. Кемелердің соқтығысуы кездейсоқ соқтығысу, еңсерiлмейтiн күштiң салдарынан соқтығысу жағдайында зиян келтiрiлуiне тараптардың кiнәсi болмаған немесе соқтығысу себептерiн анықтау мүмкiн болмаған жағдайда тараптардың бірде-біреуiнiң зиянның өтелуiн талап етуге құқығы жоқ. Мұндай жағдайда тараптардың әрқайсысы өзi келтiрген зиянға тәуекел етедi.
2. Кемелер немесе олардың бірi соқтығысу кезiнде зәкiрде тұрған немесе өзге бір әдiспен бекітілген жағдайда да осы баптың 1-тармағында белгiленген ережелер қолданылады.
18-тарау. Қауіпті жүктерді тасымалдаудан және
теңіздің кемелерден аққан мұнаймен
ластануынан келтірілген залал үшін
жауапкершілік
171-бап. Кеме иесiнiң жауапкершiлiгi
1. Осы Заңның 175-бабында көзделген жағдайларды қоспағанда, кеме иесi қауiптi жүктi тасымалдау салдарынан және (немесе) теңiздiң кемеден аққан мұнаймен ластануынан оқыс жағдай туындаған кезден бастап зардап шегушi тұлғаға келтiрiлген зиян мен залал үшiн жауапты болады.
2. Мыналар:
1) қауiптi жүктің кемеде және кеме сыртында азаматтың өмiрi мен денсаулығына зиян келтiруi;
2) қауiптi жүктiң салдарынан мүлiктiң кемеде немесе кеме сыртында жоғалуы, кем шығуы немесе зақымдануы (бүлiнуi);
3) қауiптi жүк келтiрген, қалпына келтiру шараларына жұмсалатын шығыстармен шектелген қоршаған ортаның ластануынан болған залалдар, сондай-ақ осындай залал келтiрiлуi салдарынан қолдан шығып кеткен тиiмдiлiк;
4) ескерту шараларына жұмсалған шығыстар және кейiннен осындай шаралар келтiрген залал қауiптi жүктердi тасымалдауға байланысты залал болып табылады.
3. Мыналар:
1) мұнайдың ағуы немесе төгiлуi қай жерде болса да, кемеден мұнайдың ағуы немесе төгiлуi салдарынан болған кеме сыртындағы ластанудан келтiрiлген, қалпына келтiру шараларына жұмсалатын шығыстармен шектелген залал, сондай-ақ осындай залал келтiрiлуi салдарынан қолдан шығып кеткен тиiмдiлiк;
2) алдын алу шараларына жұмсалған шығыстар және кейiннен осындай шаралар келтiрген залал жүк немесе өз отыны ретiнде тасымалданатын кемеден аққан мұнайдың теңiздi ластауынан келтiрiлген залал болып табылады.