26-бап. Өнімді тасымалдау жөніндегі қызметтерді ұсынуға арналған шартты жасасудан бас тарту негіздері
Магистральдық құбырдың меншік иесі не магистральдық құбырға өзге де заңды негізде иелік ететін тұлға немесе олардың атынан жөнелтушілерге өнімді тасымалдау жөніндегі қызметтерді көрсетуге уәкілеттік берілген оператор жөнелтушімен мынадай:
1) өнім техникалық регламенттердің және (немесе) ұлттық стандарттардың талаптарына сәйкес келмеген;
2) жөнелтуші меншік құқығында немесе өзге де заңды негізде өнімнің өзіне тиесілі екендігін растайтын құжаттарды ұсынбаған;
3) жөнелтуші ұсынатын өнім және магистральдық құбырмен тасымалданатын өнім магистральдық құбырдың меншік иесі не магистральдық құбырға өзге де заңды негізде иелік ететін тұлға белгілеген сапа мен басқа да сипаттамалар бойынша сәйкес келмеген;
4) жөнелтушіде немесе алушыда жеткізілетін өнімнің сапасы мен оны есепке алуды бақылау пункттері бар жеткізгі құбыр болмаған, сондай-ақ егер жеткізгі құбырдың техникалық жай-күйі өнімді қауіпсіз тасымалдау талаптарына жауап бермейтін жағдайда;
5) магистральдық құбырдың меншік иесі не магистральдық құбырға өзге де заңды негізде иелік ететін тұлға берген жеткізгі құбырды қосуға арналған техникалық талаптарды жөнелтуші орындамаған;
6) жөнелтуші магистральдық құбырды толтыру үшін өнімді беруден бас тартқан;
7) осы Заңда және Қазақстан Республикасының өзге де заңдарында көзделген жағдайларда, өнім тасымалдау жөніндегі қызметтерді ұсынуға арналған шартты жасасудан бас тартады.
27-бап. Өнімді тасымалдау жөніндегі қызметтерді ұсынуға арналған шарттың орындалуын біржақты тәртіппен тоқтата тұру және оны біржақты тәртіппен бұзу негіздері
1. Магистральдық құбырдың меншік иесі не магистральдық құбырға өзге де заңды негізде иелік ететін тұлға немесе олардың атынан жөнелтушілерге өнімді тасымалдау жөніндегі қызметтерді көрсететін оператор, егер:
1) жөнелтуші өнімді тасымалдау жөніндегі қызметтерді ұсынуға арналған шартта көзделген мөлшерде және мерзімде өнімнің тапсырылуын қамтамасыз етпесе;
2) жөнелтуші өнім сапасының өнімді тасымалдау жөніндегі қызметтерді ұсынуға арналған шартта белгіленген талаптарға сәйкестігін қамтамасыз етпесе;
3) жөнелтуші өнімді тасымалдау жөніндегі қызметтерді ұсынуға арналған шартта белгіленген өнімді тасымалдау жөніндегі қызметтерге ақы төлеу мерзімдері мен тәртібін бұзса;
4) жөнелтуші тасымалдау маршрутының соңындағы тапсыру пунктінде өнімді қабылдаудан бас тартса немесе магистральдық құбырлар жүйесінде бар ресурстарды өнімді тасымалдау жөніндегі қызметтерді ұсынуға арналған шарттың талаптарына сәйкес бөлмесе;
5) жөнелтуші өнімді тасымалдау жөніндегі қызметтерді ұсынуға арналған шартта көзделген ілеспе құжаттарды ұсынбаса;
6) жөнелтуші меншік құқығында немесе өзге де заңды негізде өнімнің өзіне тиесілі екендігін растайтын құжаттарды ұсынбаса;
7) еңсерілмейтін күш жағдаяттары және магистральдық құбырдың меншік иесіне не магистральдық құбырға өзге заңды негізде иелік ететін тұлғаға байланысты емес, өнімді магистральдық құбырмен қауіпсіз тасымалдауға кедергі келтіретін өзге де жағдайлар пайда болса;
8) магистральдық құбырда өнім тасымалдауды тоқтатуға әкелетін авария немесе оның туындау қатері пайда болса;
9) магистральдық құбырға техникалық қызмет көрсетуге, оны жөндеуге немесе реконструкциялауға байланысты өнім тасымалдауды тоқтатуға әкелетін жұмыстарды орындау қажеттілігі пайда болса;
10) өнімді магистральдық құбырмен тасымалдауды тоқтату немесе шектеу Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес мемлекеттік органдардың шешіміне негізделсе, өнімді тасымалдау жөніндегі қызметтерді ұсынуға арналған шарттың орындалуын біржақты тәртіппен тоқтата тұрады.
2. Магистральдық құбырдың меншік иесі не магистральдық құбырға өзге де заңды негізде иелік ететін тұлға өнімді тасымалдау жөніндегі қызметтерді ұсынуға арналған шарттың орындалуын бір жақты тәртіппен тоқтата тұрған кезде бұл туралы жөнелтушіні:
1) осы баптың 1-тармағының 8) және 10) тармақшаларында көзделген жағдайларда - осы оқиғалар туындаған сәттен бастап жиырма төрт сағат ішінде;
2) осы баптың 1-тармағының 9) тармақшасында көзделген жағдайда - жұмыстарды жүргізуді бастаудан күнтізбелік он күн бұрын хабардар етуге міндетті.
3. Осы баптың 1-тармағында көрсетілген себептер жойылған кезде өнімді тасымалдау жөніндегі қызметтерді ұсынуға арналған шартты орындау қайта басталады.
4. Жөнелтуші өнімді тасымалдау жөніндегі қызметтерді ұсынуға арналған шартты орындауды тоқтата тұру туралы шешім қабылдауға әкелген себептерді жоюдан бас тартқан жағдайда не тараптармен келісілген мерзімдерде осы себептерді жоймаған кезде, магистральдық құбырдың меншік иесі не магистральдық құбырға өзге де заңды негізде иелік ететін тұлға мұндай шартты біржақты тәртіппен бұзуға құқылы.
28-бап. Өнімді магистральдық құбырмен тасымалдау жөніндегі қызметтерге ақы төлеу
1. Өнімді магистральдық құбырмен тасымалдау жөніндегі қызметтерге ақы төлеу өнімді тасымалдау жөніндегі қызметтерді ұсынуға арналған шартқа сәйкес жүзеге асырылады.
2. Өнімді магистральдық құбырмен тасымалдау жөніндегі қызметтерге арналған тарифтер Қазақстан Республикасының табиғи монополиялар және реттелетін нарықтар туралы заңнамасына сәйкес белгіленеді.
29-бап. Өнім сапасы банкі
1. Магистральдық құбырдың меншік иесі не магистральдық құбырға өзге де заңды негізде иелік ететін тұлға өнім сапасы банкін қолдану қағидаларына сәйкес өнім сапасы банкін қолдана отырып, өнімді магистральдық мұнай құбырымен тасымалдау жөніндегі қызметтерді ұсына алады.
2. Өнім сапасы банкі магистральдық мұнай құбырының жекелеген маршруттарына немесе учаскелеріне қатысты өнімді магистральдық мұнай құбырының осы маршруттары немесе учаскелері бойынша тасымалдауды жүзеге асыратын барлық жөнелтушілердің келісімі ескеріле отырып, белгіленуі мүмкін.
3. Өнім сапасы банкі сапа банкіне барлық қатысушылар арасында көпжақты шарт жасалғаннан кейін енгізіледі.
7-тарау. ҚОРЫТЫНДЫ ЕРЕЖЕЛЕР
30-бап. Магистральдық құбыр саласындағы халықаралық ынтымақтастық
Магистральдық құбыр саласындағы халықаралық ынтымақтастық Қазақстан Республикасының заңнамасына және Қазақстан Республикасының халықаралық шарттарына сәйкес жүзеге асырылады.
31-бап. Қазақстан Республикасының магистральдық құбыр туралы заңнамасын бұзғаны үшін жауаптылық
Қазақстан Республикасының магистральдық құбыр туралы заңнамасын бұзу Қазақстан Республикасының заңдарында белгіленген жауаптылыққа әкеп соғады.
32-бап. Осы Заңды қолданысқа енгізу тәртібі
Осы Заң алғашқы ресми жарияланғанынан кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі.
Қазақстан Республикасының
Президенті
Н. НАЗАРБАЕВ
Астана, Ақорда, 2012 жылғы маусымның 20-ы.
№ 20-V