Қазақстан Республикасының
Заңы
Ойын бизнесі туралы
(2014.29.09. берілген өзгерістер мен толықтырулармен)
Осы редакция 2014 жылғы 29 желтоқсанда енгізілген өзгерістеріне дейін қолданылды
1-бап. Осы Заңда пайдаланылатын негізгі ұйымдар
2-бап. Қазақстан Республикасының ойын бизнесі туралы заңнамасы
3-бап. Осы Заңның қолданылу аясы
4-бап. Ойын бизнесі саласындағы қызметтің негізгі
5-бап. Ойын бизнесі саласындағы мемлекеттік реттеу
6-бап. Ойын бизнесі саласындағы қызмет түрлері
7-бап. Қазақстан Республикасы Үкіметінің құзыреті
8-бап. Уәкілетті органның және өзге де мемлекеттік органдардың құзыреті
9-бап. Ойын бизнесі саласындағы қызметті лицензиялау
10-бап. Ойын бизнесін ұйымдастырушыларға және ұтыстарға салық салу
11-бап. Ойын мекемелерінің орналасуы
12-бап. Ойын бизнесі саласындағы қызметті жүзеге асыруға қойылатын жалпы талаптар
13-бап. Ойын бизнесін ұйымдастырушыларға лицензия алу үшін қойылатын біліктілік талаптары
14-бап. Міндетті резервтер және банк кепілдігі
15-бап. Ойын мекемелеріне келудің тәртібі мен ерекшеліктері
16-бап. Қазақстан Республикасының ойын бизнесі туралы заңнамасын бұзғаны үшін жауаптылық
17-бап. Өтпелі және қорытынды ережелер
Түпнұсқада мазмұны жоқ
2009.04.05 № 157-IV ҚР Заңымен мәтінде «ойын мекемесін ұйымдастырушы», «ойын мекемесін ұйымдастырушыға», «ойын мекемесін ұйымдастырушының», «ойын мекемелерін ұйымдастырушылардың» деген сөздер тиісінше «ойын бизнесін ұйымдастырушы», «ойын бизнесін ұйымдастырушыға», «ойын бизнесін ұйымдастырушының», «ойын бизнесін ұйымдастырушылардың» деген сөздермен ауыстырылды (ресми жарияланғанынан кейін күнтізбелік жиырма бір күн өткен соң қолданысқа енгізілді) (бұр. ред. қара)
Осы Заң ойын бизнесі саласындағы қызметті жүзеге асыруға байланысты қоғамдық қатынастарды реттейді.
1-бап. Осы Заңда пайдаланылатын негізгі ұйымдар
Осы Заңда мынадай негізгі ұйымдар пайдаланылады:
1) аппараттық-бағдарламалық кешен - міндеттер кешенін орындауды автоматтандыруға мүмкіндік беретін және электрондық ақпараттық ресурстар мен ақпараттық жүйелердің жұмыс істеуін қамтамасыз ететін техникалық және бағдарламалық құралдар;
2009.04.05 № 157-IV ҚР Заңымен 2) тармақша өзгертілді (ресми жарияланғанынан кейін күнтізбелік жиырма бір күн өткен соң қолданысқа енгізілді) (бұр. ред. қара)
2) бәс тігу - қатысушылардың өз арасында не ойын бизнесін ұйымдастырушымен ұтыс көзделіп, олар қатыспайтын оқиғаның нәтижесіне жасалған, тәуекелге негізделген келісім;
3) букмекер кеңсесі - ойын бизнесін ұйымдастырушы мен қатысушылар арасында ерікті түрде бәс тігу жасалатын ойын мекемесі;
4) заңдастырылған белгілер - ойын мекемесінің кассалары арқылы сатылатын және құмар ойындарға қатысу үшін ойын мекемелерінде пайдаланылатын, қолма-қол ақшаны алмастыратын белгілі бір номиналдағы фишкалар, жетондар;
5) казино - құмар ойындарды ұйымдастыру және өткізу үшін ойын үстелдері пайдаланылатын ойын мекемесі;
6) казиноның немесе ойын автоматтары залының кассасы - ойын бизнесін ұйымдастырушы арнайы жабдықтаған, қолма-қол ақшаны заңдастырылған белгілерге және заңдастырылған белгілерді қолма-қол ақшаға ұсату (айырбастау) бойынша қызметтер көрсететін ойын мекемесіндегі орын;
2009.04.05 № 157-IV ҚР Заңымен 7) тармақша өзгертілді (ресми жарияланғанынан кейін күнтізбелік жиырма бір күн өткен соң қолданысқа енгізілді) (бұр. ред. қара)
7) құмар ойын - қатысушылардың өз арасында не ойын бизнесін ұйымдастырушымен ұтыс көзделіп, олар қатысатын оқиғаның нәтижесіне жасалған, тәуекелге негізделген келісім;
2009.04.05 № 157-IV ҚР Заңымен бап 7-1) тармақшамен толықтырылды (ресми жарияланғанынан кейін күнтізбелік жиырма бір күн өткен соң қолданысқа енгізілді)
7-1) құмар ойнына және (немесе) бәс тігуге қатысушы - құмар ойнына және (немесе) бәс тігуге қатысатын жеке тұлға;
2009.04.05 № 157-IV ҚР Заңымен 8) тармақша өзгертілді (ресми жарияланғанынан кейін күнтізбелік жиырма бір күн өткен соң қолданысқа енгізілді) (бұр. ред. қара)
8) міндетті резервтер - ойын бизнесін ұйымдастырушыға немесе өтінім берушіге меншік құқығында тиесілі, оның ішінде кредитке алынған және салымдарды алғаш талап ету бойынша (талап етуге дейінгі салым) және осы Заңда белгіленген талаптарға сәйкес олар пайдаланатын салымды беру шарттарымен банктік салым шарты негізінде Қазақстан Республикасының аумағындағы банктерде орналастырылатын ақша;
2009.04.05 № 157-IV ҚР Заңымен 9) тармақша жаңа редакцияда (ресми жарияланғанынан кейін күнтізбелік жиырма бір күн өткен соң қолданысқа енгізілді) (бұр. ред. қара)
9) ойын автоматы - ойын бизнесін ұйымдастырушының немесе оның қызметкерлерінің қатысуынсыз, ұтысы ойын жабдығы корпусының ішінде орналасқан құрылғымен кездейсоқ жағдайда айқындалатын, құмар ойындарын және (немесе) бәс тігуді өткізу үшін пайдаланылатын ойын жабдығы (механикалық, электрлі, электрондық немесе өзге де техникалық жабдық);;
10) ойын автоматтары залы - құмар ойындарды ұйымдастыру мен өткізу үшін ойын автоматтары ғана пайдаланылатын ойын мекемесі;
11) ойын бизнесі - құмар ойындарды және (немесе) бәс тігуді ұйымдастыруға және өткізуге байланысты кәсіпкерлік қызмет;
2009.04.05 № 157-IV ҚР Заңымен (ресми жарияланғанынан кейін күнтізбелік жиырма бір күн өткен соң қолданысқа енгізілді) (бұр. ред. қара); 2012.10.07. № 36-V ҚР Заңымен (бұр. ред. қара) 12) тармақша жаңа редакцияда
12) ойын бизнесiн ұйымдастырушы - Қазақстан Республикасының заңнамасында белгiленген талаптарға сәйкес құмар ойындарын және (немесе) бәс тiгудi ұйымдастыруды және өткiзудi жүзеге асыратын заңды тұлға;
2012.10.07. № 36-V ҚР Заңымен 13) тармақша жаңа редакцияда (бұр. ред. қара)
13) ойын бизнесi саласындағы уәкiлеттi орган (бұдан әрi - уәкiлеттi орган) - ойын бизнесi саласындағы мемлекеттiк саясатты iске асыруды және бақылауды жүзеге асыратын, Қазақстан Республикасының Үкiметi айқындайтын мемлекеттiк орган;
14) ойын жабдығы - құмар ойындар және (немесе) бәс тігу өткізуге арналған және пайдаланылатын құрылғылар немесе құралдар;
2012.10.07. № 36-V ҚР Заңымен 15) тармақша жаңа редакцияда (бұр. ред. қара)
15) ойын мекемесi - ұтыс алуды көздейтiн, осы Заңда белгіленген талаптарға сәйкес құмар ойындары және (немесе) бәс тiгу өтетiн ғимарат, үй-жай, құрылыс;
16) ойын үстелі - ойыншының (ойыншылардың) және казиноның бір өкілінің қатысумен құмар ойындар өткізуге арналған ойын жабдығы;
2009.04.05 № 157-IV ҚР Заңымен 17) тармақша өзгертілді (ресми жарияланғанынан кейін күнтізбелік жиырма бір күн өткен соң қолданысқа енгізілді) (бұр. ред. қара)
17) онлайн-казино - Қазақстан Республикасының аумағында орналасқан аппараттық-бағдарламалық кешенді пайдаланатын және құмар ойындарды нақты уақыт режимінде бір адам пайдалану режимінде де, бірнеше адам пайдалану режимінде де ұйымдастыру және өткізу мүмкіндігін іске асыратын және ұтыстарды алуды көздейтін ойын мекемесі;
2009.04.05 № 157-IV ҚР Заңымен бап 17-1) тармақшамен толықтырылды (ресми жарияланғанынан кейін күнтізбелік жиырма бір күн өткен соң қолданысқа енгізілді); 2012.10.07. № 36-V ҚР Заңымен 17-1) тармақша жаңа редакцияда (бұр. ред. қара)
17-1) өтiнiм берушi - Қазақстан Республикасында ойын бизнесі саласындағы қызметпен айналысу құқығына лицензия беру туралы уәкілетті органға өтініш білдірген заңды тұлға;
2009.04.05 № 157-IV ҚР Заңымен бап 17-2) тармақшамен толықтырылды (ресми жарияланғанынан кейін күнтізбелік жиырма бір күн өткен соң қолданысқа енгізілді)
17-2) ставка - құмар ойнына және (немесе) бәс тігуге қатысушы ойын бизнесін ұйымдастырушыға беретін және ойын бизнесін ұйымдастырушы белгілеген ережелерге сәйкес құмар ойынына және (немесе) бәс тігуге қатысудың негізгі шарты болып табылатын ақша сомасы;
18) тотализатор - ойын бизнесін ұйымдастырушының делдалдығы арқылы қатысушылардың арасында бәс тігу жасалатын ойын мекемесі;
2009.04.05 № 157-IV ҚР Заңымен 19) тармақша жаңа редакцияда (ресми жарияланғанынан кейін күнтізбелік жиырма бір күн өткен соң қолданысқа енгізілді) (бұр. ред. қара)
19) тотализатордың немесе букмекер кеңсесінің кассасы - аппараттық-бағдарламалық кешен арқылы ставкалар қабылдау (есепке алу) жүзеге асырылатын және ұтыстарды төлеу жүргізілетін орын;
2009.04.05 № 157-IV ҚР Заңымен бап 19-1) тармақшамен толықтырылды (ресми жарияланғанынан кейін күнтізбелік жиырма бір күн өткен соң қолданысқа енгізілді)
19-1) тотализатордың немесе букмекер кеңсесінің электрондық кассасы - ақпараттық-коммуникациялық желілерді пайдалана отырып, ставкалар қабылдау (есепке алу) жүзеге асырылатын және ұтыстарды төлеу жүргізілетін ақпараттық жүйе;
20) 2009.04.05 № 157-IV ҚР Заңымен алып тасталды (ресми жарияланғанынан кейін күнтізбелік жиырма бір күн өткен соң қолданысқа енгізілді) (бұр. ред. қара)
2009.04.05 № 157-IV ҚР Заңымен 21) тармақша жаңа редакцияда (ресми жарияланғанынан кейін күнтізбелік жиырма бір күн өткен соң қолданысқа енгізілді) (бұр. ред. қара)
21) ұтыс -құмар ойынының және (немесе) бәс тігудің нәтижесі шыққан кезде құмар ойынының және (немесе) бәс тігудің қатысушысына міндетті түрде төленуге немесе берілуге тиіс, ойын бизнесін ұйымдастырушы белгілеген ережелерде көзделген, ақша немесе өзге де мүлік түріндегі мүліктік пайда, соның ішінде мүліктік құқықтар.
2-бап. Қазақстан Республикасының ойын бизнесі туралы заңнамасы
1. Қазақстан Республикасының ойын бизнесі туралы заңнамасы Қазақстан Республикасының Конституциясына негізделеді және осы Заң мен Қазақстан Республикасының өзге де нормативтік құқықтық актілерінен тұрады.
2. Егер Қазақстан Республикасы ратификациялаған халықаралық шартта осы Заңдағыдан өзгеше ережелер белгіленсе, онда халықаралық шарттың ережелері қолданылады.
3-бап. Осы Заңның қолданылу аясы
1. Осы Заң:
1) ойын бизнесін ұйымдастырушылардың құқықтық жағдайы мен қызметінің ерекшеліктеріне байланысты;
2) ойынның өзін өткізу және (немесе) бәс тігу кезінде ойын бизнесін ұйымдастырушы мен құмар ойындарға және (немесе) бәс тігуге қатысушылар арасында туындайтын;
3) ойын бизнесін ұйымдастырушы мен уәкілетті органның арасында туындайтын құқықтық қатынастарды реттейді.
2009.04.05 № 157-IV ҚР Заңымен 2 тармақ өзгертілді (ресми жарияланғанынан кейін күнтізбелік жиырма бір күн өткен соң қолданысқа енгізілді) (бұр. ред. қара)
2. Осы Заңның күші лотереяларды ұйымдастыруға және өткізуге, сондай-ақ ойын автоматтарын пайдалана отырып, ұтыссыз қызметтер көрсетуге, спорттық іс-шараларды, оның ішінде боулинг (кегельбан), картинг, бильярд өткізуге байланысты қызметке қолданылмайды.
4-бап. Ойын бизнесі саласындағы қызметтің негізгі принциптері
Ойын бизнесі саласындағы қызметті жүзеге асырудың негізгі принциптері:
1) ойын бизнесіне қатысушылардың құқықтары мен заңды мүдделерін қорғауды;
2) ойын бизнесін ұйымдастырушылардың өз қызметін жүзеге асыру заңдылығын қамтамасыз ету болып табылады.
5-бап. Ойын бизнесі саласындағы мемлекеттік реттеу
2011.05.07. № 452-IV ҚР Заңымен 1-тармақ өзгертілді (ресми жарияланғанынан кейін үш ай өткен соң қолданысқа енгізілді) (бұр.ред.қара)
1. Қазақстан Республикасының ойын бизнесі саласындағы қызметті мемлекеттік реттеуді және бақылауды Қазақстан Республикасының Президенті, Қазақстан Республикасының Үкіметі, уәкілетті орган және өз құзыреті шегінде өзге де мемлекеттік органдар жүзеге асырады.
2. Ойын бизнесі саласындағы қызметті мемлекеттік реттеу нысандары:
1) ойын бизнесі саласындағы қызметті жүзеге асыру тәртібін айқындау;
2) Қазақстан Республикасында ойын бизнесі саласындағы қызметті лицензиялауды жүзеге асыру;
3) ойын бизнесі саласындағы қызметті мемлекеттік бақылауды жүзеге асыру болып табылады.
6-бап. Ойын бизнесі саласындағы қызмет түрлері
1. Қазақстан Республикасында ойын бизнесі саласындағы қызметтің мынадай түрлері жүзеге асырылады:
1) казино;
2) ойын автоматтары залы;
3) букмекер кеңсесі;
4) тотализатор.
2. Қазақстан Республикасының аумағында:
1) осы баптың 1-тармағында көзделмеген ойын бизнесі саласындағы қызмет түрлерін жүзеге асыруға;
2) онлайн-казино қызметіне;
2009.04.05 № 157-IV ҚР Заңымен 3) тармақша жаңа редакцияда (ресми жарияланғанынан кейін күнтізбелік жиырма бір күн өткен соң қолданысқа енгізілді) (бұр. ред. қара)
3) ақшадан басқа, өзге де мүлік түрінде ставкаларды қабылдауды көздейтін құмар ойындарын және (немесе) бәс тігуді ұйымдастыруға;
2009.04.05 № 157-IV ҚР Заңымен бап 4) тармақшамен толықтырылды (ресми жарияланғанынан кейін күнтізбелік жиырма бір күн өткен соң қолданысқа енгізілді)
4) осы Заңның 11-бабының 1-тармағында көзделген орындарды қоспағанда, ойын автоматтарын кәсіпкерлік мақсатта орнатуға және пайдалануға тыйым салынады.
2009.04.05 № 157-IV ҚР Заңымен 7-бап жаңа редакцияда (ресми жарияланғанынан кейін күнтізбелік жиырма бір күн өткен соң қолданысқа енгізілді) (бұр. ред. қара); 2011.05.07. № 452-IV ҚР Заңымен (ресми жарияланғанынан кейін үш ай өткен соң қолданысқа енгізілді) (бұр.ред.қара); 2014.29.09. № 239-V ҚР Заңымен (бұр.ред.қара) 7-бап өзгертілді
7-бап. Қазақстан Республикасы Үкіметінің құзыреті
Қазақстан Республикасының Үкіметі ойын бизнесі саласындағы мемлекеттік саясаттың негізгі бағыттарын әзірлейді, сондай-ақ өзіне Қазақстан Республикасының Конституциясымен, заңдарымен және Қазақстан Республикасы Президентінің актілерімен жүктелген өзге де функцияларды орындайды.
2009.28.08 № 192-IV ҚР Заңымен (ресми жарияланғанынан кейін алты ай өткен соң қолданысқа енгізілді) (бұр.ред.қара); 2010.19.03 № 258-IV ҚР Заңымен (бұр.ред.қара); 2010.15.07. № 337-ІV ҚР Заңымен (бұр.ред.қара) 8-бап өзгертілді
8-бап. Уәкілетті органның және өзге де мемлекеттік органдардың құзыреті
1. Уәкілетті орган:
1) ойын бизнесі саласындағы мемлекеттік саясатты іске асыруды жүзеге асырады;
2014.10.06. № 206-V ҚР Заңымен 2) тармақша өзгертілді (бұр.ред.қара)
2) ойын бизнесін ұйымдастырушылардың Қазақстан Республикасының ойын бизнесі туралы заңнамасын сақтауын, сондай-ақ Қазақстан Республикасының қылмыстық жолмен алынған кірістерді заңдастыруға (жылыстатуға) және терроризмді қаржыландыруға қарсы іс-қимыл туралы заңнамасын сақтауын бақылауды жүзеге асырады;
3) 2014.13.01. № 159-V ҚР Заңымен алып тасталды (бұр.ред.қара)
2011.05.07. № 452-IV ҚР Заңымен 4) тармақша өзгертілді (ресми жарияланғанынан кейін үш ай өткен соң қолданысқа енгізілді) (бұр.ред.қара); 2014.29.09. № 239-V ҚР Заңымен 4) тармақша жаңа редакцияда (бұр.ред.қара)
4) ойын бизнесін ұйымдастырушының осы Заңның 13-бабында белгіленген біліктілік талаптарына сәйкестігін растайтын құжаттардың тізбесі мен нысандарын әзірлейді және бекітеді;
5) Қазақстан Республикасында ойын бизнесі саласындағы қызметпен айналысу құқығына арналған лицензияны береді;
6) лицензиардың электрондық тізілімін жүргізеді;
2009.17.07. № 188-IV ҚР Заңымен 7) тармақшамен толықтырылды; 2011.06.01. № 378-IV ҚР Заңымен 7) тармақша өзгертілді (бұр.ред.қара); 2012.10.07. № 36-V ҚР Заңымен 7) тармақша жаңа редакцияда (бұр. ред. қара)
7) «Қазақстан Республикасындағы мемлекеттiк бақылау және қадағалау туралы» Қазақстан Республикасының Заңына сәйкес міндетті ведомстволық есептiлiктiң, тексеру парақтарының нысандарын, тәуекел дәрежесiн бағалау өлшемдерін, тексерулер жүргізудің жартыжылдық жоспарларын әзiрлейдi және бекiтедi;
2011.05.07. № 452-IV ҚР Заңымен 8) тармақшамен толықтырылды (ресми жарияланғанынан кейін үш ай өткен соң қолданысқа енгізілді)
8) осы Заңда, Қазақстан Республикасының өзге де заңдарында, Қазақстан Республикасы Президентінің және Қазақстан Республикасы Үкіметінің актілерінде көзделген өзге де өкілеттіктерді жүзеге асырады.
2. Өзге мемлекеттік органдар ойын бизнесі саласындағы қызметті мемлекеттік реттеуді Қазақстан Республикасының заңнамалық актілерінде белгіленген өз құзыреті шегінде жүзеге асырады.
9-бап. Ойын бизнесі саласындағы қызметті лицензиялау
2014.16.05. № 203-V ҚР Заңымен 1-тармақ жаңа редакцияда (бұр. ред. қара)
1. Ойын бизнесі саласындағы қызметті лицензиялау осы Заңға және Қазақстан Республикасының рұқсаттар және хабарламалар туралы заңнамасына сәйкес жүзеге асырылады.
2009.04.05 № 157-IV ҚР Заңымен 2-тармақ жаңа редакцияда (ресми жарияланғанынан кейін күнтізбелік жиырма бір күн өткен соң қолданысқа енгізілді) (бұр. ред. қара)
2. Ойын бизнесі саласындағы қызмет өтінім берушіге әрбір ойын мекемесіне он жыл мерзімге берілетін лицензиялардың негізінде жүзеге асырылады.
3. Лицензиялық алымның мөлшері, оны есептеу мен төлеудің тәртібі Қазақстан Республикасының салық заңнамасына сәйкес айқындалады.
2009.04.05 № 157-IV ҚР Заңымен бап 4 тармақпен толықтырылды (ресми жарияланғанынан кейін күнтізбелік жиырма бір күн өткен соң қолданысқа енгізілді) (бұр. ред. қара); 2010.15.07. № 337-ІV ҚР Заңымен 4-тармақ жаңа редакцияда (бұр.ред.қара)
4. Лицензиялар туралы деректер лицензиардың электрондық тізіліміне енгізіледі.
10-бап. Ойын бизнесін ұйымдастырушыларға және ұтыстарға салық салу
Ойын бизнесін ұйымдастырушыларға және ұтыстарға салық салу Қазақстан Республикасының салық заңнамасына сәйкес жүзеге асырылады.
11-бап. Ойын мекемелерінің орналасуы
1. Казино мен ойын автоматтары залдары Алматы облысында Қапшағай су қоймасының жағалауында және Ақмола облысының Щучье ауданында жергілікті атқарушы органдар айқындайтын аумақтар шегінде орналастырылуға жатады.
2. Осы баптың 1-тармағында аталған аумақтарды қоспағанда, казино мен ойын автоматтары залдарын Қазақстан Республикасының аумағында орналастыруға тыйым салынады.
2009.04.05 № 157-IV ҚР Заңымен 3-тармақ жаңа редакцияда (ресми жарияланғанынан кейін күнтізбелік жиырма бір күн өткен соң қолданысқа енгізілді) (бұр. ред. қара)
3. Ойын мекемелері, тотализатордың немесе букмекер кеңсесінің кассалары тұрғын үй қорына жатпайтын ғимараттарда ғана орналастырылуға тиіс. Оларды өнеркәсіп орындары мен олардың кешендерінің ғимараттарында және басқа да өндірістік, коммуналдық объектілерде және қойма объектілерінде, ғибадат ету ғимараттарында (құрылыстарында), мемлекеттік органдар мен мекемелердің, білім беру, денсаулық сақтау, мәдениет ұйымдарының, әуежайлардың, вокзалдардың ғимараттарында, қалалық және қала маңындағы қатынастағы қоғамдық көліктің барлық түрлерінің станциялары мен аялдамаларында орналастыруға тыйым салынады.
2011.09.11. № 490-ІV ҚР Заңымен 4-тармақпен толықтырылды
4. Көрінеу заңсыз ойын бизнесі орнын ашу не ойын бизнесін ұйымдастыру үшін ғимаратты, үй-жайды немесе құрылысты беруге, сондай-ақ көрінеу заңсыз ойын бизнесін жүзеге асыру (ұйымдастыру) үшін ойын жабдығын беруге тыйым салынады.
12-бап. Ойын бизнесі саласындағы қызметті жүзеге асыруға қойылатын жалпы талаптар
1. Бір казинода кемінде жиырма ойын үстелі орнатылуға тиіс.
2. Ойын автоматтары залында кемінде елу ойын автоматы орнатылуға тиіс.
2009.04.05 № 157-IV ҚР Заңымен 3-тармақ жаңа редакцияда (ресми жарияланғанынан кейін күнтізбелік жиырма бір күн өткен соң қолданысқа енгізілді) (бұр. ред. қара)
3. Әрбір ойын автоматы тиісті ойын жабдығына қатысты Қазақстан Республикасының техникалық реттеу туралы заңнамасында белгіленген талаптарға сай болуға тиіс.
2009.04.05 № 157-IV ҚР Заңымен (ресми жарияланғанынан кейін күнтізбелік жиырма бір күн өткен соң қолданысқа енгізілді) (бұр. ред. қара); 2010.26.11. № 356-IV ҚР Заңынмен (2011 жылғы 1 қаңтардан бастап қолданысқа енгізілді) (бұр.ред.қара) 4-тармақ өзгертілді
4. Ойын бизнесін ұйымдастырушы құмар ойындарға және (немесе) бәс тігуге қатысушыларға ұтыстарды төлеуді жеке басын куәландыратын құжатты көрсетуі негізінде, өткізілетін құмар ойындардың және (немесе) бәс тігудің ережелерінде көзделген мөлшерде және мерзімде, бірақ осы құмар ойынның және (немесе) бәс тігудің нәтижелері шығарылған сәттен бастап күнтізбелік үш күннен кешіктірмей жүргізеді.
5. Ойын автоматтарын немесе олардың бөліктерін казинодағы және ойын автоматтары залдарындағы қабырғаларға, терезе мен есіктің ойықтарына монтаждауға тыйым салынады.
6. Ойын автоматына технологиялық түрде салынған ұтыс проценті тоқсан проценттен төмен болмауға тиіс.
2009.04.05 № 157-IV ҚР Заңымен 7-тармақ өзгертілді (ресми жарияланғанынан кейін күнтізбелік жиырма бір күн өткен соң қолданысқа енгізілді) (бұр. ред. қара)
7. Ойын мекемелерінің кассалары мен ойын орындары жазылған ақпаратты кемінде жеті тәулік сақтауды қамтамасыз ететін және құмар ойнына және (немесе) бәс тігуге барлық қатысушылардың әрекеттерін тіркейтін бейне жазу жүйелерімен жабдықталуға тиіс.
2009.04.05 № 157-IV ҚР Заңымен 8-тармақ өзгертілді (ресми жарияланғанынан кейін күнтізбелік жиырма бір күн өткен соң қолданысқа енгізілді) (бұр. ред. қара)
8. Кассада немесе ойын бизнесін ұйымдастырушының шоттарында құмар ойынға және (немесе) бәс тігуге қатысушыға ұтысты төлеу үшін ақша жетіспеген жағдайда ойын бизнесін ұйымдастырушы осы Заңның 14-бабында белгіленген ережелерді ескере отырып, жетпеген сомаға міндетті резервтерді пайдалануы тиіс.
2009.04.05 № 157-IV ҚР Заңымен 9-тармақ жаңа редакцияда (ресми жарияланғанынан кейін күнтізбелік жиырма бір күн өткен соң қолданысқа енгізілді) (бұр. ред. қара)
9. Букмекер кеңсесінің немесе тотализатордың қызметін жүзеге асыратын ойын бизнесін ұйымдастырушы аппараттық-бағдарламалық кешен мен ойын жабдықтары арқылы жасалған ставкалардың жалпы сомасын қабылдауды, оның бірыңғай есебін жүргізуді, бәс тігуге қатысушылардың ставкаларын өңдеуді және ұтысты төлеуді жүзеге асыруға және қамтамасыз етуге міндетті.
2009.04.05 № 157-IV ҚР Заңымен 10-тармақ жаңа редакцияда (ресми жарияланғанынан кейін күнтізбелік жиырма бір күн өткен соң қолданысқа енгізілді) (бұр. ред. қара)
10. Букмекер кеңсесінің қызметін жүзеге асыратын ойын бизнесін ұйымдастырушы нәтижесіне бәс тігілетін оқиғаны өз бетінше айқындайды.
2009.04.05 № 157-IV ҚР Заңымен 11-тармақ өзгертілді (ресми жарияланғанынан кейін күнтізбелік жиырма бір күн өткен соң қолданысқа енгізілді) (бұр. ред. қара)
11. Тотализатор қызметін жүзеге асыратын ойын бизнесін ұйымдастырушы бәс тігуге қатысушылардың нәтижесіне өздері ставка жасаған оқиғаның дамуы мен аяқталуын қадағалауға мүмкіндік беретін ойын жабдығын орнатуға міндетті.
2009.04.05 № 157-IV ҚР Заңымен 12-тармақпен толықтырылды (ресми жарияланғанынан кейін күнтізбелік жиырма бір күн өткен соң қолданысқа енгізілді)
12. Букмекер кеңсесінің немесе тотализатордың қызметін жүзеге асыратын ойын бизнесін ұйымдастырушы ставкаларды тотализатордың немесе букмекер кеңсесінің тиісті кассалары және (немесе) тотализатордың немесе букмекер кеңсесінің электрондық кассалары арқылы қабылдайды.
2009.28.08 № 192-IV ҚР Заңымен 12-тармақпен толықтырылды (ресми жарияланғанынан кейін алты ай өткен соң қолданысқа енгізілді); 2014.10.06. № 206-V ҚР Заңымен 12-тармақ өзгертілді (бұр.ред.қара)
13. Ойын бизнесін ұйымдастырушылар Қазақстан Республикасының қылмыстық жолмен алынған кірістерді заңдастыруға (жылыстатуға) және терроризмді қаржыландыруға қарсы іс-қимыл туралы заңнамасында белгіленген талаптарды сақтауға міндетті.
2009.04.05 № 157-IV ҚР Заңымен 13- бап жаңа редакцияда (ресми жарияланғанынан кейін күнтізбелік жиырма бір күн өткен соң қолданысқа енгізілді) (бұр. ред. қара)
13-бап. Өтінім берушілерге лицензия алу үшін қойылатын біліктілік талаптары
1. Өтінім берушілерге лицензия алу үшін мынадай біліктілік талаптары қойылады:
1) ойын бизнесі саласындағы қызмет түрлерін жүзеге асыру үшін Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген санитариялық-эпидемиологиялық және өртке қарсы нормаларға сәйкес келетін меншік құқығындағы немесе өзге де заңды негіздегі ғимараттың (ғимарат, құрылыс, үй-жай бөлігінің) болуы;
2) меншік құқығындағы ойын жабдықтарының болуы;
3) Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген тәртіппен күзет қызметін жүзеге асыруға арналған лицензия алған жеке және заңды тұлғалармен шарттардың болуы;
4) ойын мекемесі жұмысының, ставкалар қабылдаудың және өткізілетін құмар ойындарының және (немесе) бәс тігудің мемлекеттік және орыс тілдерінде әзірленген ережелерінің болуы;
5) қолданылатын заңдастырылған белгілердің мемлекеттік және орыс тілдеріндегі үлгілері мен номинацияларының болуы;
6) өтінім берушіде осы Заңда айқындалатын әрбір ойын мекемесі үшін міндетті резервтер түрінде (тиісті қаржы жылына арналған республикалық бюджет туралы заңда белгіленген айлық есептік көрсеткішпен) ойын бизнесі саласында мынадай қызмет түрлерін жүзеге асыру үшін:
казино және ойын автоматтары залдарын - 25000 мөлшерінде;
букмекер кеңселерін - 20000 мөлшерінде;
тотализаторларды - 5000 мөлшерінде қамтамасыз етудің болуы.
2014.16.05. № 203-V ҚР Заңымен 2-тармақ жаңа редакцияда (бұр. ред. қара)
2. Өтініш беруші Қазақстан Республикасында ойын бизнесі саласындағы қызметпен айналысу құқығына әрбір лицензияны алу үшін уәкілетті органға (лицензиарға) өзінің осы Заңда белгіленген біліктілік талаптарына сәйкестігін растайтын құжаттарды табыс етеді.